Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Дәулеткерей Кәпұлы. Ақыт – алашшыл идея жаршысы

15.04.2015 369

Дәулеткерей Кәпұлы. Ақыт – алашшыл идея жаршысы

Ақыт қажы.jpg


Ақыт қазақ жері, қазақтың байтақ аумағының шығыс аймағы қос империяның тартысына түскен, атамекен Алтай айдаһар мен аюдың азуына шайналған қанды заманда ХІХ, ХХ ғасырлар тоғысында өмір сүрген ақын.


Қай халықтың болсын дарынды, талантты туған ұлдары өзі туып-өскен ұлтының, өзі өмір сүрген кезеңінің саяси, мәдени, экономикалық және әлеуметтік жағдайынан тысқары тұра алмайды. Егер ол қаламгер болса, егер ол қас талант болса, онда ол, сол өзі өмір сүрген дәуірдің бет-бейесін бедерлеп тасқа басып, өшпестей шегелеп кетеді. Бұл зиялыларға, зиялылыққа тән қасиет болса керек. Бірақ та халықтың әр тобының кәсібі мен нәсібіне қарай зиялылары болады. Қазір біздік ұғымда тек билік иелері, елдің тұтқасын ұстағандар немесе ақын-жзушылар ғана зиялы болу керек деген жаңсақ пікір бар. Бұл мүлдемге дұрыс емес. Зиялы деп кәсіби білімі өте жоғары, ұлт-ұлысын жанындай сүйетін, иманына берік, тіл мен ділін ардақтайтын, сын сағатта, басына іс түскенде де елін-жерін сатпайтын, табанды адамды айтамыз. Осы өлшемге салғанда да біз Ақыт қажының нақ зиялы, алашшыл адам екенігіне көзіміз жете түседі. Ақыт қажыны алашшыл һәм алашшыл идея жаршысы дегенде біз нені айтып, нені меңзеп отырмыз. Әуелі «алашшыл» дегеніміз не, соған тоқталып өтелік. Біз алашшыл дегенде ХХ ғасырдың басқы ширегіндегі қазақ жерінде пайда болған «Алаш Орда» өкілдері – қазақ халқының бір туар ұлдары Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Біржақыт Дулатұлы қатарлы көсемдердің салған жолы, көтерген идеясын қуаттаушы, солардың ізбасары деп отырғамыз жоқ. Жалпы қазақтық, бірлік, біртұтастық идеясын насихаттап, соған халқын үндеп, соған өзінің көркем ойы мен кестелі тілін қалай пайдаланғаны тұрғысынан айтып отырмыз. Демек, алашшыл дегеніміз шын зиялылық болмақ. Осы тұрғыдан келгенде аталған алаш көсемдерін Ақыт қажы білмесе де, оларды көрмесе се, ақыл-кеңес алмаса да солардың ой-арманымен астасатын идеялы өлең-жырлары аз емес кендігі қайран қалдырады. Бұл тақырып Ақыт шығармаларының өзегі, негізгі арқауы болған. Сондықтан да ол еш уақытта жалғандыққа бой алдырып, айналасындағы қоғамда болып жатқан оқиғаларды айналып өтпеген, дер кезінде, дәл уақытында қаз-қалпында, ақиқатты айналдырмай, көркем тілмен нақты жеткізіп, көзге көрсетіп отырған. Тіпті ол шындықты өлең-жырға қосып баяндап қана қоймай, жол көрсетіп, көсемдік танытады.


Ақыт ақын алашшылдығын қазақ әдебиетіндегі милләтшілдік құбылыспен қатар қойып, тіпті оның шет елдердегі, қазақ диаспорасы мен ирриденттері әдебиетіндегі заңды жалғасы деп көруге болады. Профессор Дихан Қамзабекұлы «Алаш және әдебиет» атты кітабында Ресей бодандығындағы елдердің әдебиетіндегі милләтшілдік – қарапайым адамдық құқын іздеп шарқ ұрған жандардың көңіл-күйі, жаны, сезімі болатын дейді [11,156]. Адамдық құқықты іздеу, яғни бодан халқына бостандық, алашқа азаттық іздеу болса керек. Ақыт осыны дөп басып, әуелі қандай қоғамда өмір сүріп отырғанын танып, соны бірінші кезекке қояды да астарламай, ашық айтады:


Батысты қоршап орыс тұр,

Сыртымда қалқа – тор басы.

Ғарып Ақыт мекені –

Өр Алтайдың өр басы.

Айналаң тегіс қоршалды,

Заманың қалай, қазағым,

Жығыла ма осымен

Алаштың тіккен ордасы?!

«Айналасы тегіс қоршалған», қоршалғанда жай қоршалмаған, елдің ертеңгі күнін күл ететін, бодандық бұғау машинасымен қоршалғандығын, одан құтыла аласың ба деген өксік, қайғы-зарын төгеді. Еркіндігі еш кеткен, ел-жері езгіге түскен жұртының ертеңгі күні не болады деп күйінеді. Ол тек Алтай қазақтарының, осы Ата таудың арғы-бергі бетін мекен етіп отырған алаштың бір шоғырының ғана күнін күйттеп қоймайды, ол «Алаштың тіккен ордасы жығыла ма?» деп жалпы жұрттық, жалпы қазақтың болашағына алаңдайды. Жанын, арына айырбастаған қазақтың ақыны үшін милләтшілдікті ар үшінгі арпалыс көреді. «Кетеуі кетіп, сегіздің жетеуі солған» тар заманнан шығар жол, қапас жүрегіне мысқалдай жарық, болымсыз үміт сәулесін іздеп жанұшырады.


Қай қонысқа барайық,

Заман тілін табайық.

Береке кетіп ел тозды

Боламыз қандай халайық? [8,60].

Бұл ақынның қоныс іздеп қопаңдағанша, «заманның тілін табайық» деп жалмап, жұтып, жер бетінен жойып жібермек болып жұлына кіріскен алпауыттардан құтылу жолын бірге қарастырайық деген жан айқайы.


Орыс, шүршіт тіресіп,

Біріне-бірі сіресіп.

Ақыры қандай болады,

Кетерсің кімге ілесіп?!

Айналасын қоршағандардың кім екенін де жасқанбай, жасырмай айтып салады. Бар пәленің басы алып империялар арасындағы бітіспес тартыс екенін, ал олардың қазақ даласы үшін бір-біріне есе жібермей сіресіп, тіресіп тұрғанын тап басып көрсетеді. Ақыт сөзін тарихшы көзімен дәлелдеуге әбден болады. Осы тұстағы қоғам халін тарихшы Н.Мұқаметханұлы былай деп жазды. «Алтай аймағындағы қазақтарға Чин патшалығы тарапынан түскен алым-салықтың ауырлығына қарамастан, Алтайдағы қазақ қауымында феодалдық қатынастар үдей түсті. Оның басты көрінісін қазақ үстем таптарының халықты қанауының ауырлауынан байқауға болады» ?[10,167]. Таң патшалығы болсын, Чин патшалығы болсын бәрібір қара халықты қанаушы басқыншы екені даусыз, Ақ, қызыл болып атауын өзгерткен Ресей империясының баяғы бір сыңары. Мінеки, бір жағынан басқыншы, отаршы елдердің, екінші жағынан өз халқының ішінен шыққан қанаушы топтың қысымына ұшырап қасырет шеккен жұртының азапты тағдыры – ақынды ақын еткен. Д.Қамзабекұлы Шәкәрім қажыға ел қамын сөйлеткен, Алаш қозғалысына тілеуқор еткен – иманы мен пәктігі деген жолдары Ұлы Шәкәрім мен әйгілі Ақыт қажыны қатар қойып сөйлеп отырғандай әсер қалдырады! [11,157].


Ақыт бүкіл ғұмыры қазақ жерінің толықтай отарланып, оның күншығыстағы шекарасы Алтай үшін аю, айдаһар болып арысқа түсіп жатқан қан майданды кешіп өтті. Ел іргесі екіге бөлініп, одан үшке бөлініп қасиетті қара мекеннің шағылған қара қазандай қақырауы көреген ақынның көкірегін қарс айырып, ақын жүрегіне ауыр салмақ салды. Ол бірден ұлт азаттық күрескерлік жолға түсті. Міне сондықтан да, Ақыт шығармаларының бас тақырыбы – тұтас жердің тулақтай туралып, асыл Алтай ат үстінен алдаспанның жүзіне ілініп, отқа оранып, алып империялардың тілгілеуіне түскен қаны сорғалаған қазақтың сорлы тағдыры иеленеді. Ел жерден, жер елден айырылған зар заманның улы запыраны үстемдік алады. Сонда ол сонау ортағасырлық Қазтуғанмен қайғылас болады.


Заманың келді қырланып,

Боранды бұлттай сұрланып.


Қара бұлтты құйындай үйірген қоғамның қақ ортасында тұрып найзағайдай жарқылдап, қазақ боп жеке ел болып тұруды армандайды.


Адамшылық қылсақ деп,

Ардақталып тұрсақ деп.

Томағадай халықпыз,

Енді жеке тұрсақ деп,

Қазақ деген ат алып.


Ол тек Алтай қазақтарына ғана емес, бүкіл алты алаш баласына ұран тастайды. Ел мен жердің қайғылы тағдырын қабырғасы қайыса, омыртқасы майыса жырлағанда орта ғасырдың «кеудесі тола жыр, көмейі күмбірлеген жыраулары» Қазтуған, Асан-Қайғылармен үндесіп, қазақ қамын жеген жоқтаушы, «арыстан жүректі» Шалкиізше күркіреп, зар заман ақындары Дулат, Шортанбай болып күңіреніп, мұңдағы Махамбетпен бірдей аласұрып,

Біз жайынбыз, өзге ояу,

Несіне мәз боп жырғалық.

Уақыт – өтсе табылмас,

Құйрығы жылпың бір балық.

Ұйықтасаң өзге не қылмақ,

Ояналық шыңдалып.

Тісін қайрап қытай тұр,

Мықтымыз деп бұлданып…

Береке қылып бас құрап,

Адамшылық құралық…

Ұйықтап жатқан зілді бас,

Ал басыңа тиді тас,–

деп ХХ ғасыр басындағы Ахмет, Мағжан, Міржақыптармен біте қайнасып кетеді.


Ақыт тұңғыш туындыларынан бастап ғұмырының соңына дейін қазақ өмірінің шындығын жетесіне жеткізе жырлаған, отаршылдардың тарттырған сазайын қаламының қанын сорғалата отырып жазған:

Мұны жаздым жарандар,

Иісі қазақ затына.

дегеніндей, бүкіл қазақты бөле жармай тең көрген, жалпы ұлттық алашшыл иеяны жырлаудан танбаған ақын.


Мұхтар Әуезов «Әдебиет тарихы» атты еңбегінің «Зар заман ақындары» тарауында «зар заман дәуірі қазақ әдебиетінің тарихында жаңағыдай кезең асқан дәуір болғандықтан, қазақтың жазба әдебиеті осылардан бастап әлеумет халін ұғып, ел қамын жоқтауға кіріседі. Өлең, бұрынғыша қызық, сауық сияқты ермек емес, қауым қызметін атқара бастайды. Елдің саяси пірі мен тілек, мақсат мұң, зар сияқты сезімдерінің басын қосып, жаңадан ой негізін, салт санасын құрай бастайды. Бұл уақытқа дейін болмаған әлеуметшілдік сарыны, азаматтық нысанасы шығады» дейді [7,194-195]. Осы тұрғыдан келгенде Ақыт ақын да бірыңғай дінді наихаттау, діни тақыптарға молынан ден қойып, шығыстық дастандарды жаңартып жырлап қана қойған жоқ, жалын атқан жиырма бес жасында заманын танып, бағыт-бағдары қосарланып өлең -жырларынан Әуезов айтып отырған зар заман ақындарына тән жаңашылдық пайда болып, жылдан жылға оның қарасы көбейіп, қамтыған тақырыбының әлеуметтік салмағы арта түседі. Бұл жерде мынаны айта кету абзал. ХІХ ғасырдың бір шоғыр ақындары өмір кешкен қоғамға академик, әдебиет зерттеушісі, ғалым Әуезов «зар заман» деп ат қойып, ал оның ақындарын «зар заман ақындары» деп жүз жылдан кейін айдарлап, анықтап отырса, Ақыттың артықшылығы ол өзі өмір сүрген қоғамды – ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басын «зар заман» деп атап жырлап отыр. Ақыт ақын дәл осындай тақырыптағы толғауын жиырма алты жасында, Алтайдың Қобда бетінде жүргенде Өр Алтайдағы еліне жолдаған хат ретінде ұзақ толғайды. Бұл 1894 жылға сәйкес келеді. Ақыт «Зар заман» толғауын «Сөздің басы – кеңес» деп бастайды. Бұқар атаң «Сөз анасы – сәлем», данышпан Абай «Өлең – сөздің патшасы» дейді. Демек, ақындардың қай-қайсысы да алдымен сөздің қолданысына, пайдалану мақсатына қарай атқаратын қызметін алдымен анықтап, даралап алады. Ақыт та сөйтеді. Сонан соң барып ақын өзіне қарай бұрылып, өзіне міндет жүктейді:

Құлақ салсын жарандар,

Заманның сырын қозғашы!–

деп зор талап қояды да, өзінің кім екенін де, жай заманның емес, «тар заманның ғарыбы» деп таныстырып алып көсіле заулай жөнеледі.

Ей, зар заман, зар заман,

Зарлатып өткен тар заман!

Байқап тұрсам адам жоқ,

Шын ақылды ойлаған [8,43].


Ақыттың өз заманын осынша ғұламалықпен кәсіби зерттеуші қисыншыдай қиюын келтіріп нақты анықтама беріп кеткендігінен зар заман ақындарының өлең-жырларына ғылыми талдау жасаған тұста ұлы Әуезов әрине хабарсыз болды. Әйтпегенде мұндай құбылысқа ғалымның атүсті қарауы, көзге ілмей кетуі мүмкін емес еді. Мұның өзінде де саясаттың, сақтықтың салқыны болды дегеннен басқа уәж айта алмаймыз. Ақыт аталмыш толғаудың әр бір тараушаларында «зар заман» атауын жиі-жиі қайталап оған ерекше екпін түсіре жырлайды. Мысалы: «заманның сырын қозғашы», «тар заманның ғарыбы», «ей, зар заман, зар заман», «заманың обыр болған соң», «зар заман запы қылған жан», «зар заманның тұсында», «заманның жайын мен айтсам», «азған соң заман не шара». Осындай заманда «санасы бар жақсының жүрегі толған шер» болмай қайтеді? Ақын «ханға ғадылдық, жанға теңдік» сұрай отырып, «зар замандағы» қоғамның бар келбетін айшықтап шынайылықпен еш бүкпесіз ашып көрсетеді. Ақыт үшін қазақ пен алаш бір ұғым. Қазақты айтқаны алашты айтқаны, алашты жырлағаны қазақты жырлағаны. Ақыт дәулетті екен деп байға, билікті екен деп ұлыққа, кедей екен деп жарлыға тартпай қара қылды қақ жарып қоғамның әлеуметтік-саяси жағдайын әділ де, өткір сынайды. Сонымен қатар халық арасында «халықпен бірге тілегі, ел үшін соққан жүрегі, бойында қасиеті, ойында ақылы бар» ер жігіттер, мықты, білімді, көреген азаматтар бар екенін, олар «шешілмеген шиені шешетін киелі» екенін де қалыс қалдырмайды. Ақыт пайымдауынша «зар заманның» биі әділетсіз, билігі қорқау, бұдан сақтанбаса, оның алдын алмаса, асқындырса, ақыры «ақыр заман», «арманы – адасып ұшқан құс», соңы «заман ақырына» алып келер кесапат екенін ащына айтады. Айтып қана қоймай одан аман шығатын жолдарын да көрсетеді. Ақыттың «Зар заман» толғауы оның қайраткерлігін, нағыз ұлт болашағы үшін жаралған идеолог-күрескер екенін көрсеткен тартымды әрі тағылымды туындыларының бірі. Тума талант, табиғи дарынды ақындықтың алып шыңына көтерген қуатты күш – осы зар заман. Заманын жүрек-қазанында запырандай қайнатқан ақын, қазақтың қайғысынан, алаштың арман-мүддесінен, жырым-жырымы шығып жыртылған жұртының тағдырынан от алды. Соған өзі өртенді. Өзі көргенін өзге көрмегендей күй кешті. Сондықтанда қоғам бедерін жаттан да, ел билеген жақсыдан да жасқанбай, асырып-әспеттемей, жасырып-жаппай, астарлап айтып, тұспалдап сөйлеп, жанамалап жатпайды, біреуі болмаса біреуі ренжіп қалады-ау деп те ойламайды, барды-барынша бірақ, адамгершілік шеңберінде халқына деген шын жанашырлық танытады. Сол жанашырлықтың өзі адамгершіліктен, туған ұлтына деген мейірім шапағатынан туындайды. «Басқаға мейірім, ықылас, табыну, махаббат сезімдері әркімнің өз жүрегінен жауқазын болып гүлдемесе, өз топырағынан өсіп-өнбесе, шынайы асқақ қалпына жете алмайды. Ақындық – адамгершіліктің бау бақшасы. Ақын өзгені сүю арқылы өзін, өзін сүю арқылы өзгені дәріптейтін нәзік жан. Ал адамгершілік талай ғасырларға созылған мәдениеттің жемісі. Ақын әлгі екі сезімнің тепе-теңдігін сақтайтын рухани сарапкер» [9,6-7]. Бұл – профессор Бақытжан Майтановтың тұжырымы. Сондай сарапкер – Ақыт ақын. Оның рухани қорегі де халқының мұңы мен қайғысы. Ақыттың тұла бойы тұнған дала даналығы. Ақыт өлең-жырларында алаштың арман аңсары тыңдаушысының сана-сезімінде бірде сыбызғы сарындай болып сарнаса, енді бірде құйма құлақ түбінен қоңыр үнді қобыздай боздап көкейге қонады. Оның өтімділік қасиеті де алаштың удай ащы тағдыры мен қазақтың қасыретті күйінен нәр алып, сусындағандығында. Соған өз тағдыры әкеліп теліп байлап отыр. Өміріне, ғұмырлық баянына тірек етті. Әйтпегенде ол қанша талант болса да одан жаужүрек, жасампаз, зарлы ақын шықпас еді. Ақын тағдыры халқымен біте қайнасып, бурадай шайнасқанда ғана халық жүрегіне бойлайды.


Ақыт ақынның ұлтшыл жаңашылдығы, әлеуметшілдігі бір күнде көктен өзінен өзі түсе қалған жоқ, ол да сол Әуезовтің зар заманы мен онан арғы замандардан бері жалғасып келе жатқан арман-мақсаттың, елін, жерін анталаған ауыртпалықтан қалай құтқарсам деген шарқ ұрулардан туған мүддеден бастау алып жатыр. Сөйтіп, Ақыт алашшылдығы өзінің нәрін арыдан тартып, терең шыңыраудан суаттайды, солардың үзілмейтін, жалғас жұлын тұтасындай болып өнеді. Тағы да Әуезовке жүгінеміз: «Абылай заманында зар заман ақыны екі алуан болған. Мұның бірі, елге келер күннің жұмбағын шешіп беріп, үлгі-өсиет сөйлейтін, болжап айтқан қария; екіншісі толғау айтқан жырау» .[7,196]. Ал, Ақыт болса һәм қария болып жұртына өсиет-өнеге, насихат бір айтса, заманының ауанын жырлап және толғап, екі тізгінді бірдей қолға ұстайды. Сөйтіп ол өз заманының ақылгөй данасы, бас алқа айтар абызы, ақылшы кемеңгері бір болса, екінші жағынан заманын сынап, қоғамын қорытып, қорытындылай білген қырағы толғаушысы болды. Бұрынғы діндарлығы мен қатар ендігі ділмарлығын қабат алып жүреді. Басқаның ауа жайылып жеткен мәдениетін әспеттей отырып, өзінің өзегіне біткен, мәңгілік, өле-өлгенше өзімен бірге жасасатын, кейінгі ұрпаққа мұра болып ұласатын мәдениеті – ұлттық мұратына түбегейлі бет түзейді. Ол мұрат қазақ тағдыры, алаш арманы. Оның ой-өрісі Алтай аймағы, өзінің туып-өскен өлкесімен шектелмейді, тұйықталып, тарылып қалмайды. Ауқымын арыдан, қазақ сахарасының арғы түпкі шекарасымен орап, бөле-жармай, бүкіл алашты тұтас қамтып сөйлейді.

Жақсы болса ұлығың...

Еділ менен Жайықтай [5,32].


Ақыт үшін Еділ мен Ертіс – егіз, елі – ортақ. Осы ортақ мекенге көзін тіккен көк мылтықтылардың да ішкі-сыртқы күшінен мәлімет беріп, алысар жауының әл-қуатын қандай жыр жырламасын ара-арасында ескертіп айтып отырады. Мысалы «Абиятта» бүй дейді:

Шерігі көп хан бар ма,

Еженханның санындай.

Жіңішкерген іс бар ма

Россияның заңындай,– [5,34]

деп қытай әскерлерінің санын бір аңғартса, орыстың ісінің қылдай құйтырқылығын еске салып, ескертіп отырады.


Ақыт заманы – қытай отаршыларының Шыңжан өлкесін түгелімен қамтып, табанында жаншып әбден айқұлақтанып асқынған заман, империалистік езгісі мен оған қарcы бағытталған жергілікті халықтың жалтақсыз тура көтерілген ұлт азаттық күресі арасында өртенген дәуір. Өзі айтқандай: «Сенделіп тұр қайран ел,//Дұшпаны алып жан-жақты» [5,30].


Жан-жақты білімді, жан-жақтың жағдайынан хабары бар Ақыт халқына, жұртына қажеті боларын дер кезінде жақсысы болса үлгі етіп, жаманы болса жирендіріп отырады. «Әуелі адамзатқа өнер мақтан» деген өлеңінде, «естілді мұңғыл жұрты жеткендігі, //күн санап алға басып кеткендігі» мұңғұлдардың береке-бірліктің арқасында азаттықққа қолы жеткендігін:

Мұңғұлға неше миллион алман салған,

Қытайдың қайда қалды өктемдігі...

Қытайдың мұңғұл шықты зорлығынан,

Құтылды өнер тауып қорлығынан,– [6,69-70]. деп өз халқын да күрес жолына үндейді. Бұл өлеңді ақын Моңғолияда халық төңкерісі жеңіске жетіп, қытайдан бір жолата қол үзіп, өзін тәуелсіз мемлекет деп жариялап, жаңа астанасын бекіткеннен кейінгі жылдарда жазған сияқты. Өлеңдегі «Жаңа заң Ұланбатыр есігі ашық» деген жолдар ақынның айналасындағы көрші елдерде болып жатқан саяси -әлеуметтік оқиғалардан да толық мағлұматы барына дәйек болса керек.


ХХ ғасырдың отызыншы жылдарында Шыңжан халқы «аттың табанында қалып» быт-шыт босып, шілдей бытырап, бодандық отында бидайдай қуырылды. Дау жоқ осындай кезеңде үстем ұлттың аз санды кіші ұлтқа көрсетер зорлық-зомбылығы күшейіп, қоқаң-лоқысы көбейіп, кезі-келгенде сұраусыз атып-шауып ойына келгенін істеп, ойран салатыны тарихтан белгілі жай. Оның үстіне бір ғана отаршыл емес бір-екеуі бірігіп, бүйіріңнен қысып, қабырғаңды қақыратып, мұнда жер иесі, ел иесі халық барын ескермей, сыртыңнан тон пішіп, қара шаңырағыңды ортасына түсіріп, қара мекеніңді қақ жарып, жон арқасынан жондата айырып жатыр. Сондай алақұйын уақытта, зар заманда жергілікті халықты басқарған сымақ болып отырған билік басындағы ұлықтардың, ел ішіндегі пысықайлардың да өктеп биліктің сойылын соғып, өз жұртын аяусыз қанайтыны да белгілі. Міне, осының бәрін көзімен көріп, қолымен ұстап отырған ұлтшыл ақын, алашшыл ақын толғанбай, тебіренбей тұра алсын ба?! Әрине, тұра алмайды. Отаршылардың оның туған халқына қаратып атқан оғы оның қақ жүрегіне қадалады, оның өзегін өртейді, содан өршіл, рухшыл өлең туады, қайраны таусылғанда бозторғайдай шырылдайды, ботадай боздайды. Ақыт әуелі бір тұтас, туыс-тағдырлас жұртының, бүтін елдің енді екі жарылып, қасиетті отанының қара жер айырылғандай Қытай, Ресей күшімен екі тарап болып бөлінгеніне өкінеді.

Бұлғын, Шіңгіл екі өзен,

Арада бар бір кезең.

Екі жік болды бөлініп,

Бірі– мұңғұл, бірі – Ежен.

Қайран жұртым, қайран ел,

Көбірек тиген пайдаң ел.

Екі тарап болар ма,

Табылар мұндай қайдан ел,–

деп туған халқының тағдыры үшін қам жеп, көкірегі қарс айырылады. Ежен деп сол кездегі қытай билігін атап отыр, Ақыт.


Қазақ басына күн туған, тағдыры талапайға түсіп тарылған, ел мен жерге егесінен иелік кетіп, күштілер күжірейіп, жон арқасын жоса қып қасқайта таспа тілген сұмпайы сұмдықтар мен зұлымдықтар оның шығармашылдығына да, шыңдалуына да әсер етпей қойған жоқ. Ақыт ақын зерттеушілерінің бірі профессор Зұфар Сейтжанұлы өзінің оқу құралы ретінде жазған «Ақыт ақын» атты зерттеу еңбегінде Ақыттың алашшылдығын: «Ақыт өз кезіндегі қазақ қоғамының шындығын мейлінше жете сезініп, бодандық бұғауының тақсыретін терең тебіреніспен жырлаған ұлы ақын. Көптеген өлең толғауларында ел мен жер тағдырын, дербестік, тәуелсіздікті өзіндік өрнекпен бейнеледі. Өркениетті ел болудың шарттары не, ол жолдағы кедергі мен кесел қайсы? Ақыт осыны ашады, тұйықтан шығар жолды көрсетеді»,– деп анықтайды. Профессор З.Сейтжанұлы Ақыт ақын өмір сүрген қоғамды жалқы қазақ қоғамынан бөле жарып қарамайды, «қазақ қоғамы» атты бір атауға сыйдырады. Демек, оның жырлаушы-ақыны да жалпы қазаққа ортақ тұлға екенін ашып айтып отырады.


Ақыттың алашшылдың айқын ашатын жырларының шоқтысы – «Жәнібек батыр» дастаны. Онда қазақ халқының мыңдаған жылдық тарихындағы аса қасыретті кезеңнің бірі болған ХҮІІІ ғасырдың қанды жылдарының тақсыреті жырланады. Елінің бостандығы, жерінің азаттығы үшін алтын жанын қиып, халқының ар-намысын Абылай ханның ақ туының астында қорғаған ерлердің бірі Ер Жәнібек бейнесі бейнеленеді. Ал дастанда Хан Абылай қаһарман қолбасшы ғана емес, батырларының басын қосып, бір мақсатқа жұмылдыра білетін, алғыр да іскер басшы екені, батырлар мен сарбаздарының майдан алаңында, жауына қарсы күресте көрсеткен ерліктерін дер кезінде ізін суытпай дұрыс та әділ бағалай алатын кемел ойлы кемеңгер, көреген жан ретінде айшықты сипатталып отырады. Атап өтер тағы бір жай ақын Абылай ханның рөлі арқылы елдің бірлігін сақтаудың маңыздылығы, ол ел билеген, ел тұтқасын ұстаған басшының қара халқымен қоянқолтық келіп, барлық күш-жігерді сарқа пайдалана алғанда ғана жүзеге асатынын, онсыз тәуелсіздіктің қолға түспейтінін, ел басқаның езгісінен құтылмайтындығын ерекше сезімталдықпен суреттейді.Ақыт бүкіл ғұмырын қара басының қамы емес, қазақ халқының еркіндік-бостандығы, баянды бақыты мен жерінің дін амандығы үшін сарп етіп, халқының туын жықпай асқақтата алаулатып, алаш үшін жан-тәнін пида еткен Ер Жәнібекті бүгінгі ұрпаққа, келер болашаққа асырып-жасырмай шынайылықпен таныстыруды мақсұт тұтқан. Ол мұратына Ақыт ақын жеткен. Абылай хан дәуірінің тарихи шындығынан шықпай, асыра дәріптемей, өзінің дербестігі үшін күрескен қазақ халқының қаһармандық бейнесін тарихтың сом кірпіштерінен хас шебер соққандай етіп жасап шыққан.


Ақыт ақын «Алаш» атауының қазақ халқын біріктіруші күші, халықтың рух белгісі, атам заманнан жалғасқан тылсымға толы әл-қуат, айбынды да айдарлы өрлігінің асқақ белгісі деп дөп басты. Ақыттың алашшылдың бүтін қазақтың алашшылдығымен тамырласып жатады. «Айтыс» атты поэмасында Сұлтанмахмұт Торайғыров Дала ақыны атынан:

Мен қазақ, қазапын деп мақтанамын,

Ұранға алаш деген атты аламын.

Сүйгенім – қазақ өмірі, өзім – қазақ,

Мен, неге қазақтықтан сақтанамын,–

деп шалқыта, өр рухмен, асқақтата, аспандата жырласа, тағы да сол Сұлтанмахмұт «Алаш ұранында»:

Алаш деген ел үшін,

Сарыарқаның жері үшін,

Бостандық берген ер үшін,

Төгілсін біздің қанымыз,

Аялмасын жанымыз!


Найзағай жарқылындай отты, даланың дауылындай дауылпаз, өктем дауыс, көкбөрінің үніндей көк жүзіне сызыла созылған бірақ, зор тебіреніс. Енді оның Ақыт ақынмен қалай үндесетіне жоғарыдағы мысалдарымен салыстыра қараңыз:

Ал оның алашшыл рухы мен алашшыл жырлары мәңгі жайнап, жарқырап тұра бермек.


Дәулеткерей Кәпұлы

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия

Ұлттық университетінің PD докторанты



Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Ақыт қажы. Қажыбаян (Қисса, дастан, назым). Құрастырған.К.Жаңжұңұлы. –Өлгий, 1991.—124б.

2. Қалиасқарұлы.Қ. Халық ақындары. - Өлгий, 1972.—354б.

3. Сейтжанұлы.З. Ақыт ақын. Оқу құралы.– Алматы: Қазақ универ, 2002.—124б.

4. Замана жыршылары. (Құрастырған: Қ.Қабидаш,Қ.Соян). -- Өлгий, 1989.—368 б.

5. Ақыт Үлімжіұлы: жыр, толғау, дастандар. Құраст: Ж.Кәкей, Қ.Қабидаш.– Өлгий,– 1994.– 176 бет.

6. Ақыт. «Әуелі адамзатқа өнер мақтан» //Шұғыла.№4, 1973.–68-70

7. Әуезов.М. Әдебиет тарихы: .–Алматы:–Ана тілі, 1991.–240 бет.

8.Үлімжіұлы.А. Жиһаншаһ: Өлеңдер мен дастандар. –Алматы: Атажұрт.–2007.–248 бет.

9. Майтанов.Б. Жүректегі жауқазын. //Көкшетау. 11.11.2010. №45.

10.Мұқаметханұлы.Н. Қытайдағы қазақтардың қоғамдық тарихы (1860-1920).– Алматы: ҚАЗАқпарат, 2000.–336бет.

11.Қамзабекұлы.Д. Алаш және әдебиет. –Астана: Фолиант,2002.–474бет.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар