25 мамыр 2018
Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Жазушы Жәди Шәкенұлының ұрлығы

13.04.2015 230

Жазушы Жәди Шәкенұлының ұрлығы

Жәди Шәкенұлының «Қаралы көш» атты тарихи романын оқып шықтым. Бір емес, үш қайтара оқыдым. Бұл романды осынша ынтамен қайта-қайта оқуыма басты себеп ­- Елісхан батыр. Елісхан батыр туралы біз естімеген, біз оқымаған тың дерек іздеген едім. Өкінішке орай ондай өзгеше деген тарихи дүние көре алмадым. Тіпті таңғалғаным сонша, бұл роман ізденіспен емес, қайта басқа біреудің қаламының қанын тамыза отырып, қиналыспен жазған рухты шығармасын, жұлмалай жеткізгенін көргенде, қан жүрегім қатты ауырды.


Бұл «роман» Сағатхан Таңқайұлының 1999 жылы Қытайдағы Күйтің ауданындағы «Іле халық баспасынан» жарық көрген «Қасым батыр» атты тарихи роман мен 2002 жылы Үрімжі қаласы «Шинжаң халық баспасынан» жарық көрген «Сар жұлдыз» атты романнан көшіріліп нақтырақ айтсақ ұрланып алынған нұсқа екені бірден тайға таңба басқандай анық көрініп тұр. Себебі, менің сүйікті жазушым Сағатхан Таңқайұлының «Қасым батыр» романын 3 сыныптан бастап оқыған менің бойтұмарыма айналған кітап болатын. Осы романды оқып бала жүрегім талай қан жылап қайғырған еді. Сондықтан болар қазақтың тарихының терең қатпарында қалған әр батырдың ерлігін қызыға оқып, марқайа еске алатынмын. Бұл күнгі ұлтшыл, айбынды рухты, қазақ азаматтарына бас иіп, құрмет көрсетуім де сол батырға деген тағызымымнан қалған қасиет болар.

Сары жұлдыз

"Сары жұлдыз" кітабы


Жәди Шәкеннің Елісхан батырды жазғаны дұрыс-ақ, бірақ басқаның жазып кеткен ізімкен жазып құнын түсіргенше неге Алтай бетінде әлі күнге дейін ақталуды қойып, айтуға тиым салынып келген Жанымхан Тілеубайұлы мен Қызырбек туралы неге жазбаған?! Әрине олар туралы тарихи дерек іздеп, бір ізге салып жазғанша, дайын тұрған асқа тік қасық болайын дегені айтпаса да түсінікті.


Әліп ауылының қанды қырғынынан бастап, Елісхан батырдың Үндістан жеріне жетіп қаза болуына дейін Сағатқан Таңқайұлының сарынымен жазып шыққан. Тек Жәди Шәкенұлының «Қаралы көш» романдағы бірден-бір тың дерек елі үшін қан кешкен Қасым батырды сатқын етіп көрсетуі. Қасым батырдың сатқын емес, елі үшін күрескен ер екенін жазушылар жазбаса да халқы оны бұрыннан біледі. Қас батырды қас жауға айналдарғанына таңмын. Онысы несі екен?! Әлде жаңа дерек таппаған соң, өзінің бас кейпкерін артық қылудың бір жолы осы дегені ме?! Ол аз десеңіз қарт тарихты бұрмалап өне бойыңды селт еткізер тағы бір «жаңалығы» бар. Ол батырдың таусылмайтын көз жасы, әрине батырда адам ғой елі, ет-бауыр жақындары көз алдында қан бөгіп жатқанда жыламаған адамды жынды дерсіз. Бірақ бұрын соңды батырлардың көз жасы дегенді тарихтан оқып көрген адам емеспін. Көрсем көзім шықсын. Қалың оқырмандар үшін де, тарих үшінде бұл да бір үлкен «жаңалық» дер едім. Өйткені тарихта тек «Қас батырдың жүрегі қан жылады» деп кездеседі. Романдағы мына бір үзіндіге қараңыз: «Жауын жайратып, тоналған малдың бір бөлімін қайтарып келе жатқан көңілді топтың ішінен біреуі Елісханнан:

- Кегің қайтқан шығар - деп еді, ол қабағын ашпаған күйі:

-Жоқ, өзегім әлі қанға толып тұр...» («Қаралы көш» 43-бет). Бұл Әліп ауылын қырып кеткен, жаудың соңғы бір тобын өлтіріп қайтқан батырлардың тобы еді. Қараңыз көңілді топ дейді. неғылған көңілділік? Ия, тойдан қайтқан топтың көрінісі еткенін түсіне алмадым. Бір ауыл қызыл қанның астында қалды, жауының бесеуін өлтіріп мәз болатындай бұл топтағылар есерсоқ па деп те ойлайсыз.

"Дүркіретіп той жасаймын. Абайды да шақырамын. Зайып айтқанын істеді. Кешегі күн Қасымды іздеп келіп елге тыныштық бермеген Абайдың шеріктері тойға келгенді қойып, бұл маңға аяқ басуға жүрексінді.» Мынаған қарап мына қазақ елі неден үркіп көшіп барады деп, ойланасыз. Жазушы қатты тебіреніп отырып не жазғанын білмей де қалған-ау деймін. Термешілей берсек бұндай қате көп. Оданда жазушының: «Қаламгер әр түрлі болған мен, тарих - біреу, әдебиет – біреу» деген қағидамен өзінің емес-ау, өзгенің «Ішек-қарынындағы» қазынасын ақтарып, өзінің «Ішек-қарынна» салып, көшіріп алғанын салыстыру үшін сіздерге екеуін қатар беріп отырмын.


«Сары жұлдыз» романнан көшірілген немесе ұрланған деректер

«Қаралы көш» романдағы бірінші тарау «Қырғын» дағы оқиғалар толығымен көшірілген.


««Жығылғанға жұдырық» дегендей. Әліптің Дихуаға кеткен хабарын естіген Қожанияз өз жасақтарын бастап келіп, Мори жағынан Сөрілікке қарай асатын қара кезеңде оның жолын тосып жатыпты. Құралды жасақтың үстінен түскен жолаушыларды Қожанияз қолы тарпа бас салады.» ( «Қаралы көш» 15 -бет)

«...Бірақ артындағы ел ерін жау қолына беріп қойғандай намыстанып, бұдан қатты алаңдады. Саудагер Сарттың мақсаты көтеріліс емес, өз құлқынын толтырып ұпайын түгендеу ғой. Жегенді жек көрсе байқап көрейік десіп, Қожанияздың аулына «бір мың қой, жүздей жылқы айдап әкеліп берді. Бадырақ көз, мен саған тиіспейін, сен маған тиіспе» деп Әліпті зорға босатты. Соның өзінде Қожаниязжағы барғандардың ат көлігін түгел сыпырып алып, Әліпті биеге жайдақ мінгізіп, қорлағандай қып қоя берген. («Қаралы көш» 16 -бет)

«Әліп үкірдай былтыр жаздай Қожанияз батырдың қолында ұсталып қалғанын білетінмін. Ол кезде Сөрілікті жайлап отырушы едік.

- Ойбай, Үкірдайды Қожанияз дейтін Құмылдың шығысындығы Шопулдан шыққан көтерілісші ұйғыр батырлары байлап тастапты - деп естігенде, ала жаздай ішкеніміз ас болмады. («Сар жұлдыз» 10-бет) «Олай емес екен, бес жүз ат, мың қой көмек береді екен, сол себепті Әліпті босатып қоя береді дейді» («Сары жұлдыз» 23-бет)

«Құралды таудың ұсақ үңгірлерінің біріне жасырып, түйелерді біріне қайрмақтай бастаған сол еді, қалың жыңғылдың арасында жайлақ таймен шауып келе жатқан баласн Шәріпханның төбесі көрінді. Атынан түсіп, тайдың тізгінін ұстады.Домалай түскен Шаріпхан ботадай боздап, әкесін бас салып, күпісінің өңірне тұмсығын тығып, сөзін айта алмай өксіп-өксіп кемсеңдейді.

- Балам не болды? Неден қорықтың?

Әліп оң алақанын жердің борбас топырағына ұрып, баланың жүрегін аптады.

-Айтшы не болды?

-Жау...Жау...

-Қайдағы жау?

-Ауылды жау басып қалды. Әке, тез қашып кетіңізші.

-Ол қандай жау?

-Қытайдың сарала шерігі.Түстері тым суық. Бүкіл ауылды қоршап алып, тірі жанды тырп еткізбей отыр.

- Сізді тез келсін деп шақырып жатыр. Бармаңыз оларға.

- Балам, қорықпа келгендердің арасында біз танитын адам бар ма екен?

- Сіз танитын «Тамыр қытай» дейтін біреу бар екен.

- Жу Сына ма?

-Иа, иа, соның дәл өзі...»

« - Әке, ол жақсы адам емес. Жауды сол бастап келген сияқты.Бәрін көрсетіп жүр. Оған сенбеңіз. Барсаңыз өлтіреді.

Мен бармасам ауылдағыларға зәбір тигізіп жүрер.»

« - Әке, тілімді алыңызшы, бармаңызшы, кетінізші.

Шәріп еңіреп жіберді.Көзінен мөлдір тамшылар бірін-бірі қуалай домалап жатты.»

« - Балам, түйелерге ие бол. Бірер жаман жағдай бола қалса,Елісхан ағаңды табарсың. («Қаралы көш» 18, 20 бет)

«...Сары жазықта бытырай жайылып, шылша тозып жүрген түйелерін жиыстырып жүрген... Әліп ауыл жағына байсал қимыл мен көз тастап еді, тор құнанға жайлақ мінген бір бала өзіне қарай тұйғынша ұшып келеді екен.

...Таяғанда тани кетті.

- Ой, мынау біздің «Шәріп қой» деді.

...Бала қасына жетті. Ентіге тіл қатты .

- Әке, ауылды жау басып қалды. Сізді шақырып кел деп мені жіберді.

-Жау, ол не қылған жау?

-Білмеймін түсі суық, үй-үйдің бәрін аралап тінтіп жүр, ауыл сыртындағы дөңдерді айнала қоршап алды.

-Мені қайтпекші секілді.

-Тез шақырып кел сөйлесеміз дейді...Сіз дереу қашып кетіңіз, мен таба алмадым деп қайта барайын.

- Олардың ішінде танитындар болды ма?

-Бар, ана жылғы сіз тор атты тарту ететін көк шытты шал бар. Әлгі астық акелетін ...

Барайын мен, қорықпа сен мына түйелерді жинастыр, үйге айдап кел.

-Бармаңыз, өлтіреді, әке деймін, әке...деп жылап жібеді.( «Сары жұлдыз»33,35 - бет).»

« Әліптің аулына жау тигенде бұл аулдың Елісхан мен Қожақын бастаған ер азаматы мал отарымен бірге Қаптық тауына кеткен.( «Сары жұлдыз» 37- бет).»

«Қаптықтан қайтқан сайдың тасындай қалың батырлар дүркірей желе жортып келеді. Алда Қожақын мен Елісхан қатарласып, аттарының тізгінін еркін қоя берген.(«Қаралы көш»34- бет).»

«-Мына кәпірлердің ниеті жаман екен, имандарыңды айт,- деді, Бәйбішесі мен кіші әйеліне. Сол кезде кіші әйелі сарыала кездікті адамдардың арт жағынан кимге орап Әліптің қолына тигізді. Кимнің арасында алтын бар екен деп алғашында сәл абайсыз қалған жаулар пышақты көргенде, кіші әйелін атып қалды. Әліп жалма-жән екі адамға пышақ салып үлгіргеннен кейін өзіде жан үзді. Мылтықтың дауысы шыққан соң әр үйді қоршаған әскерлер кез-келген адамдарды атып, балаларға оқ шығармай найзалап қырып жүр. Жер әлем дірілдеп, адамдардың шыңғырған дауысына шыдамағандай еді. Найза салған адамдар тез арада жан үзе қоймай, жаны шықпай қиналған кейбір әйелдер:

«Атып кет, атып кет» деп жалынады. Кейбіреуі неше арқан бойы жерге ішек-қарынын сүйретіп жүгіріп барып өлді. Бірталай үйлерге өрт қойлды.(«Сары жұлдыз» 35, 36,37 бет)»

«Әліп оттың басындағы құманды жұлып алып, өзіне төніп келе жатқан бірінші әскерді құлақ-шекеден періп жіберді.Бүкіл ауылды құрсаулап тұрған жендеттер әміршінің үнімен қырғынды бастап кетті...Тосын қарсылықты байқаған Чың Пишу киіз үйдің есігін түріп тапаншасын басып-басып жіберді.

...Қашып бара жатқан баланың басы домалап түсті...тағы бір кемпірдің ішегі шұбатылып жығылып жатыр...үйдегілердің көбін қылыштап шауып, найза түйреп өлтіріп...Өртенген үйлерден...қара қошкыл түтін будақтады.(«Қаралы көш»21,32,33,34 бет)»

«-Шонжының көмір кенінен қайттық, кем дегенде үш жуздей жауды өлтірдік. Жау бастығы Шин Шысай бізге жеткіз бей,Үрімжі жеріне өтіп кетпті,- деді Қожақын.(«Сары жұлдыз» 54-бет)»

«-Көмірліктегі қытайлардан біздің мал мен дүние мүлікті танығандар бар екен... Өз қылмыстары өзіне аян болған әлсіз жаудың болмашы қарсылығын елең құрлы көрмей, барымташы қытайларды қызыл қанға бояды. («Қаралы көш»43- бет)»


Қасым батыр кітабы

Суретте "Қасым батыр" романы



"Қасым батыр" романнан көшіріліп алынған оқиғалар


Жәди Шәкенұлының «Қаралы көш» романындағы екінші тарауы «Тайталас» бастап, соңғы тарау «Жат босаға» дейін толығымен көшірілген.


«Шың Дубаннан Абайға телегірама келген. Онда Құдабай Қасымды бізге өз қолымен тапсырып берсін...Соңғы айтарым, ендігі жерде тас босағада табысып жүрмейік -деді Қасым. («Қаралы көш» 101- бет)»

«...Дутың сізге жұмсады.Ол кісі сізге үш қайтара сәлем айтты...Бірінші айтатыным:Тілді алса елге көшіп келсін, тіл алмаса өзі білсін; Екінші айтатыным: Қолында Қасым дейтін бейсауат адам бар екен, соны бізге ұстап берсін...-Жә, Құдабай батыр: "Қош!»Алла бұйрса мен барған жерде кездесіп қаламыз? - деп жылы жүзбен күле қарады.(«Қасым батыр»121- бет)»

«Зайптың қорасының шетіне жетім қос тігіліп, Қасымдар түнде сол қоста болып, күндіз ауылдың желкесіндегі жыныс орманға сіңіп кетіп, бір талай күндерді өткізді...Күндіз Зайыптың бәйбішесі қостың алдына барып, арқан, жіп есіп, шүйке жасап, ешкінің жүнін түтіп деген дей қыл-қыбыр жұмыстарын істеп отыратынды тапты.(«Қасым батыр»160 -бет)»

«- Қасым қашып қайда барушы еді, ол бір барса Зайып тәйжінкіне барған болу керек. Зайыптың үйінің қора жағынан бір қос пайда болыпты дейді.Күндіз кемпірі қостың алдында жіп иіріп отырады екен.Сол қос тегін емес.(«Қаралы көш»106- бет)»

«Абай Зайып ауылына кешқұрым келіп түсті. Малдың батасына ұсталған қойдың қап-қара екенін көрген Абай не дерін білмей жалтақтай беріп еді, Зайып:

-Қара қойы несі деп ойламаңыздар.Біздің босағамыздың баяғыдан келк жатқан ырым солай, жақсы көрген қонаққа көмірдей қара қойға бата жасатқызамыз,- дей салды.(«Қаралы көш»107- бет)»

«...Ақылшылыққа Құрман тәйжі, Қамыза залың, Шәмши, Әнуәр қатарлыларды ертіп жирмадан астам шеріктің қорғауында Абай дутың Зайып тәйжінің ауылына түсті.

...Күн батып мал қораланды.Тағы бір жігіт есіктен тайншадай қара қойды сүйреп әкеп кіргізді.

-Аумин, кәне? -деді ол қол жайып.

-Болды, жаңа тай да жетеді,- деді Абай неге екені белгісіз.

-жоқ, дутың, сіздердей ұлықтардың біреуіне-бірден мал атап сойса да артық емес.Тартынбай бата беріңіз,- деді Зайып тәйжі.

...Абай енді «Қара малға бата жасамаймын»демекші болғанда, одан бұрын Зайып тәйжі түсінік берді.

-Айтпақшы, біздің өз бабаларымыздан тартып, көмірдей қара малды бақытқа, жақсылық жолына рымдайтын адетіміз болушы еді, ақсарбас қойдың орына біз қара қойды уәкілдік етеміз. Бұл қалайша қара қой әкелді деп қалмаңыз, мұның өзіндік мәні бар.(«Қасым батыр»167,168 -бет)»

« Қойшы, «түс түлкінің боғы, ойламайыншы» деген сайын албастыдай жабыса түседі. Тағы бір жағынан бағана аттанар да, Зәйіптің көзінен қан көрінгендей болды. Оның екі көзі қанталап, Абайдың өңменен өткендей сезілді.

-Мен түнде жаман түс көрдім.Әрі сендер тәңертең Зайыптың көзін байқадыңдар ма құрып кеткір жаман түс екеуі бірігіп қобалжытып тұрғаны...

-Жоқ, жігіттер, сақ болыңдар бізге бір шатақ кезігеді.Өздерің білесіңдер, менің досымнан дұшпаным көп. Маған бір қастық бола ма Мен атымды, киімімді ауыстырып алайын.(«Қасым батыр»169 - бет)»

«-Әкеліңіз, дутың, ат пен киіміңізді құмылға жеткенше мен киіп алайын да, әншейін дутың болып барайын.

-Хе, хе...- деп Қымызбай, күле сөйлеп, аттан қарғып түсті.

Қымызбай құла жорғаны ойнатып, алдыға түсті...Өкпе тұстан мылтық «Тарыс» ете түсті. Алда кетіп бара жатқан қаражал құла ат ойнап шыға келді. Қымызбай Абай көзіне қисайып бара жатқандай елестейді.(«Қасым батыр»170-172 бет)»

«Жамбылдың мәжіліс залында Абай айбар шегіп топты мәнсаптыны бидайдай қурып отыр:

-Өңшең тоңмойындар, надансыңдар оларыңмен қоймай, біріңді-бірің құтыртқан...Сендер менің қанымды ішпексіңдер маған жаусыңдар Қасымға мылтық беріп құтыртқандарың қайсың Ішінараларың Қасыммен байланыстарың бар.(«Қасым батыр»178,179 - бет)»

«...Абай қызара сөйлеп отырған дәл осы сәтте жин залының есігі Сарт етіп ашылып, үріккен ешкідей тасыраңдап Жамал дейтін ұйғыр кіріп келді. Көзі едірейіп, екі иығынан демалады. Абай оған «Не болда?»дегенше, Жамал:

- Шаққан, дутың, Шаққан - деді қолын есікке шошайтып.

- Не болды, не?

- Қасым батыр, әйелін алып қашты! Жаңағана кетті! дереу қуса ұстауға болады! -деді бажалақтап.

- Сен не бітірген адамсың? - деп ақырды дутың. («Қасым батыр»180 - бет)».

«-Жамалахұн бар ма? - деген дауыс бәрінің назарын аударды.

-Бар, бар, - деп Шайханадан жүгіріп шықты Жамал.

-Қасым келді деп дереу сақшыға хабарла. Олай етпесең кеселім тиеді. Біз кеттік! - деп Қасым тебініп жүріп кетті.

-Уәй, уәй!...тоқтаң, тоқтаң...деп екі қолы ербеңдеп қасымның соңынан жүгірді. («Қасым батыр»183,184 -бет)»

«Түнде жаман түс көрдім. Оның үстіне Зайыптың қылығы маған жақпады...Тәңертең аттандырып жатып : «Қош бол інім!» деген де көздерінен қан толып, қып-қызыл болып тұрғандай көрінді. Сақтықта қорлық жоқ. Атым мен киімімді біреуіңе ауыстырып алайыншы,- деді. Дене - тұрқы Абайға жақындау келетін Қымызбай деген жігіт жағатсудың орайы осы деп білсе керек:

-А, дутың,...Алаңдасаңыз атыңызға мен мініп, киіміңізді мен киіп алайын. Сіз үшін өлсем арманым жоқ,- деп жалбырақтады...Топ ирелеңдеген ұзын сайдың аузына таяп қалғанда кенет «Шаңқ» еткен мылтық дауысы шығып, Қымызбай мұрттай ұшты.

...Таң ата сақшылар мен ел адамдарын сирағынан суырып алды:

-Өңкей тоғышарлар, жау иегіміздің астында жүрсе де көрмейміз. Қасымды құтылдырып жіберген де, оған қару беріп құтқарғанда өздеріңсіңдер,-деп байбалам салды.

Жұрт әңкі-тәңкі болып отырғанда жин залының есігі «Шарық» етіп ашылды, өңі қан сөлсіз қураған жамал дейтін ұйғыр кіріп келді.

- Қасым, Қасым келді. Қасым келіп...-деп біреу қылқындырып тұрғандай тұтыға тіл қатты.

...Абай көзі алақандай болып кетті.

-Не, не дейсің? Оттап тұрған қасымың не?

-Қасым келді. Қасым келді, әне, әне, қуыңдар. Қатын баласын алып қашып барады.

-Қортық неме. Не деп көкіп тұрсың? Қасым келді дейсің бе? Қатыны мен баласын алып қашқанда сен айға бата жасап отырдың ба?

-Ойбай, тақсыр не болғанын менде білмей қалдым. Атқа мінген біреу шақырып тұр деген соң сыртқа шықсам, бір атты қазақ тұр...тани алмай жақындай беріп едім,...

-Қасымның әйелі мен баласы қашып бара жатыр,-деді.

- Ойбай, тоқтаңдар, тоқтаңдар!Сақшы шақырыңдар,...

-Ей, ақымақ.Оданда сақшы мекемесіне жүгір, әйтпесе басыңа пәле тауып аласың. Абайға менен сәлем айт, мен Қасыммын! - деді.(«Қаралы көш»108-109 бет)»

«Бүгін Зайыптың ауылындағы жиын-тойға өзіне қарасты ауылдыр тегіс жиналды.Өйткені Зайып ауылына әмір түсіріп, Қасымның басына үй, бауырына қазан асып берді...Тойға сырт ауылдан бірде - бәр адам шақырылған жоқ.Той үстінде айып жиналған жұртқа мынадай келелі ой айтты:

«Бүгін алдымен осы отырған халайыққа көп алғыс айтам. Әуелі Қасымның құрметіне, онан соң менің беделіме жиналысып, жұдырықтай жұмылып тілеуді жақсы атқардыңыздар.Тілеуге тілеу қосыла берсін!Бұл сіздерге айтар бірінші тілегім!Екінші айтарым,-деді ол сөзін салмақтай,- Базарқұлдың баласы мен уақтың баласы, заман бұзылуға айналды. Абай келгелі азғана елден береке кетті. Біреуге біреу аңдушы болды. Сендер не ойлап жүр екенсіңдер, менен ұйқы қашты. Осы ара бізге мекен болмайтын сияқты. Түбі шабындыға ұшыраймыз ба деп тіксінем. Сол үшін ертеңнен бастап қоныс аударайық! Маған ілесетіндер бір жаққа, ілеспейтіндер бір жаққа шығыңдар, зор жоқ». Жиналыстың мәнін енді ұққан топ аз тым тырыс болды.

... «Қосыламыз, кетейік. Басымызға қауып төніп болды», «Тәуекел Аллаға!» десіп құптап жатты.Зайып жігіттерге көгенде байлаулы тұрған ақсарбас қойды әкел! - деп бұйырды.Ақсарбас сойылып, барлығы бармақтарын қанға матырып, құран ұстап ант ішті.

«Бұл құпиялықты мәңгі ауыздан шығармаймыз.Басшымыз Зайыптың айтқанына бағынамыз!» деген серттер айтылып дұға жатталды.(«Қасым батыр»185,186,- бет)»

«Мына бейбіт ел, бейбіт күнді енді қайтып көре аламыз ба, жоқ па. Сен келіп ортамызды толтырдың. Қанатыма қанат жалғанды. Дүркіретіп той жасаймын. Абайды да шақырамын.

Зайып айтқанын істеді. Кешегі күн Қасымды іздеп келіп елге тыныштық бермеген Абайдың шеріктері тойға келгенді қойып, бұл маңға аяқ басуға жүрексінді.

Қасымның басына алты қанат ақ үй көтерген Зайып:

-Бұл менің отау шығарған тойым ғана емес, елмен жермен қоштасуым. Қара қойдың қанына қол матырып, Шың Шысай зұлыммен қарсыласып өтетініме жасаған антым!-деді.(«Қаралы көш»111- бет)»

«Осыдан кейін Қасым Әйембет бастаған елдің алдына күні бұрын шалғыншы жіберген. Әйембкт пен Нұрғали оларды қуана қарсы алды.

Әйембеттің елі сол көшкеннен Өмір тауына барғанд, соңынан жер қайсқан қалың көш қуып жетті. Бұлар Солтаншәріп, Салақиттан, Құсайын тәйжі қатарлы билерді елі, Сабырбай бастаған Жәдік аулы, бұдан сырт Қабырбай, Қамыза залың, Қайсбай балуан, Сыдық шаңя, Қошут, Ілияз, Сымағұл,Колбай, Деле зәңгі, Омар үкірдай, Беки, Кәби, Мосжан қатарлы қасқа мен жайсаңдардың ауылдары болатын. Қасым осы арада олармен амандасып, Көшке көш қосылып, жер қайысқан қалың мал, қалың ауыл құмырсқаның илеуіндей қожынады.(«Қасым батыр» 247- бет)»

«...Өмір тауына жеткенде бір - бірімен тоғысып, алды-артына қарайлауға әзер мұршасы келді.

Олардың алдынан Қасым, Қожақын бастаған Елісхан тобының батырлары шықты. Ел ағаларына сәлемдесіп, хал-жағдайын білгеннен кейін бір топ жігіт елдің бас- аяғына шапқылап, келген көштерді түгендей бастады.

-Алдымен келген ауыл уақ Әйембеттікі екен...Одан кейін шахабай Нұрғали үкірдайдікі...найман Құсайын тәйжінікі...жәдік Сабырбай залың...тасбике Жәнәбілдер мен Мейрамхан ауылдары...молқы Салақиттан мен Әбілқайыр ауылдары...қарақас Зиядан...есеғасы Маржан...ителі Солтаншәріп тәйжі. (« Қаралы көш»142 -бет)»

«Көп өтпей Абай шабармандарын жіберіп «Келер жұма күні керей билері Шаңгезінің аузындағы Нұрғали үкірдайдікіне жиналсын, Баркөлден көңке барады. Көңкемен алдырып, сайлауға қатынастырамыз»деп құлақтандырды. Шабармандар қайтып екі күн өткен соң, айту бойынша Нұрғалидікіне қырықтай адам жиналды. Кешке жуық бұлардың үстіне сақшыдан құлтай болат Ауғанбай келді. Отырғандардың барлығы ауғанбайдың аузын бағып қалды.

-Абай дутың сіздердің толық жиналған-жиналмағандықтарыңызды біліп келуге мені жіберді. Толық жиналса екі көңке келіп ертең ауданға алып жүрмекші...

-Жинның мақсаты не екен? Білдің бе? -деді билердің бірі.

-Қайдан білейін, бізғой әдеттегі атып кел мен шауып келге дайын тұратын шабарманбыз. Ұлықтардың ішкі ісіне араласпаймыз.Қайта ел басы болып отырған өздеріңіз білмесеңіздер, - деп еді...Далада бірге шыққан Ауғанбайды Нұрғали үкірдай қасына оңаша шақырды.

-Қарағым осы мәжілістің шын сырын бүкпей айтшы?-деді ол үлкен күдікпен.

-Баркөл елінің шығысқа ауғанын үкімет әлгі отырған сары қарындардан көріп отыр...Қасымның үндеу хатының кеселі бәріңізді шарпыды. Сол қағазды сіздер қолдан - қолға өткізіп, тұмардай сақтап, ұйымдасып, қашқалы жатыр дейтін күдік күшейді.Сондықтан сайлау тұрмақ түкте жоқ. Осы рет ауданға шақырылғанның бәрін қолға алмақшы. Обалдарыңызға қалмайын деп, естіген сұмдықты жеткізгелі келдім. Енді жөнін өздерің табыңыздар! - деді өңі сұрланып.

Нұрғали түнеріп Ауғанбайдың қолын қысты да:

-Азаматтығыңа Алла разы болсын, қарағым! Сен болмасаң өлген екенбіз ғой!...- деді дауысы дірілдеп.

-Жоқ, әліде қауып күшті, тез шара табыңыздар!

-Жақсылығыңды ахрет алдына дейін ұмытпаспыз.

-Е, ағайын шипамыз бітті. Ертең түнде қолға алады екен бәрімізді. Кәне қайтеміз, халайық! - деді зор дауыспен.

-Не дейді? Бұл қалай?

-Нұрғали Ауғанбай айтқандарды ашық айтты.

-Тәуекел Аллаға!Не болсада тосқаннан басқа іләж жоқ - деді Әйембет...

-Не Ауғанбайдың өтірігін шығарайық, не сұрқия Абайдан келген керді көрейік. Әр біреу жасауылдарыңызды жиып сақадай сайланыңыздар.Мен қарауыл жасақтарымды жолдың аузына жасырайын.Күндіз келсе, бізге хауыптың барлығы.

-Дұрыс. Әйекеңнің ақылы орынды. Біз қарадай үрейленіп, секем алдырмайық. Жау болса ең әуелі келтіріп көрейік,- деді Нұрғали үкірдай.

...Келеді деген күні үш жерден торуыл қойды...Таңға таяғанда қараңдаған қалың әскер сайды өрлеп шыға келді. Өңшең атты шерік, сай ішін тасырлатып өрлеп барады...қаннен-кәпарсыз аңдушылардың тұстарынан өте бергенде...Шеріктер кенет атылған мылтықтан қатты шошып, қараңғыда қабандай өкіріп тырым-тырақай зытты...

билер:

-Енді қайттік?

-Қайтушы едік, Елісхан, Қасым, Зайыптардың елінің артынан кетейік. Не көрсекте бірге болайық! Осы отырған қырық би өзіңе қарасты еліңді баста! («Қасым батыр»232,233,234,235- бет).»

«Көп өтпей Абайдың шабармандары: «Елбасылары келесі жұма күні Нұрғали үкірдайдың үйіне жиналсын. Ауданнан көңке барып, оларды Баркөлдегі құрылтайға қатыстырады» деп хабарлады...Ел асыға күткен уағдалы күн де келіп жетті. Нұрғалидың үйіне барын киіп, бақан таянған ел шонжарларынан қырықтай адам жиналды...Аудан жамбылының сақшысы Ауғанбай келіп түсті.

-Ой, мынау-өзіміздің құлтайболат баламыз екенғой. Шырағым, тыныштық па, не жаңалық бар? -деп бір қария сөз бастап еді, онсыз да әрең отырған жұрт Ауғанбайдың аузына қарады.

-Абай дутың сіздердің жиналған-жиналмағандарыңызды біліп кел деп мені арнайы жіберді. Толық жиналған болса «Екі көңке жіберем, дайын отырсын» дейді.

-Қарағым, сонда сол жиның немене екен?...

- Біреуіңізге бала, біреуіңізге іні болғаныммен үкіметтің барып кел, шауып келімен жан сақтап жүргенімді білерсіздер. Не дейін, бәріңізде көп жасаған, талайды көрген, елге тұтқа болып жүрген адамдарсыз. Өздеріңізге салса, қалай ойлар едіңіздер?...Сыртқа шыққан орайда оны оңашалаған Нұрғали:

-Қарағым, мынау бейуақты жамылып тұрып имандай сырыңды айтшы, жиналыстың сыры, сірә, не өзі? -деп қадала сұрады.

...Үкімет мансап - мәртебе үлестіргелі жатыр дегенге сенетін бала болдыңыздар ма?! Ертең екі машина жіберіп, Осы отырған бәріңізді тұтқындайды...Қасым жағынан таратылған Елісхан мен Зайыптың хатының бір нұсқасын өз адамдарыңыз Абайға апарып берген. Оның қолындағы тізімде сол хатты оқыған, елді бастайды-ау деген бәріңізде барсыздар...Қан қарыздарыңыз менің мойнымда кетпесін деп, айтып аманатымнан құтылайын деп келдім. Ендігісін өздеріңіз шешіңіздер...

-Алда ғана қарғама - ай, арамызалар алдап орға жықпақ болған екенгой. Алла разы болсын,...Сен болмасаң қапияда қан жұтқандай екенбіз-ау,- деді булыға сөйлеп.

-Сақ болыңыздар не де болса тез қимылдаңыздар,-деді Адубай.

...Нұрғали үйге асығыс кірді :

-Құритын болдық, әлгі Абай сұм бізге тұзақ құрып отыр екен.

-Не дейді мынау?

Нұрғали Ауғанбайдан естігендерін түгел айтып берді.

- Сонда ауғанбай сенімді ме? Осының өзі шырға болып жүрмесін...

...Егер тағы бір мәрте сынап көрейік десеңдер, дереу жасақ жинаңдар...Баркөл жаққа күзет қойылсын. Екі машина өзіғана келсе оның жөні бір басқа. Егер қалаң шерікпен келсе немесе түнделете келіп басып қаламыз десе, онысында көрейік .

Әйембеттің сөзін қостаған Нұрғали:

-Рас, үрейленіп үрке жөнелсек, әлсіздігіміз болар...Барлығы осыған келісті...Жау келеді-ау деген жақтан үш жерден қарауыл күзет қойылды...Ақыры асыға күткен сәт те келді. Таң қараңғысын жамылған қалың шерік сайды өрлеп шұбырып жылжып келе жатты...Енді қимылдамасақ кеш болады!...Аспаннан жай түскеннен жамырай атылған мылтық үнінен шеріктердің тоз-топалаңы шықты...

-Абай сұмырайдан жақсылық күтіп жүрген біз қандай ақымақ едік. Қайран Елісхан, қайран Зайып, осының бәрін ерте сезген екенғой. Кеттік солардың соңынан. Осында отыз-қырық ауылдың иесі отырсыңдар.Әркім өз көшін бастасын.(«Қаралы көш»137,138,139,140,141- бет)»

«...Сіләм бар бірнеше жігітті ертіп аңга шықты...Қасым бастап дәлдеп оқтың астына алды. Мергендер іле-шала жеткенде тоғыз қодас жамсап қалды. Бұлар қодастарды сойып жатқанда,Сіләм Қасымның иығынан қағып қалып:

-Аю! Аю! Әне!...-деді елеңдеп.

-Қане?

- Әне тастың арасынан бері еңкейіп, ешкі талдың ішіне кіріп кетті.

-Ой, үшеу екен. Сайға қарай құлдады.

-Көрдім,-деді Қасым сәл қадалып тұрып,- екеуі қонжық, біреуі өгіздей сабалақ аю екен.

-Аттарды оқыс қылатын болды.Мен барайын.Сендер қодастарды бауыздап, ішін жара беріңдер,-деп Қасым мылтығын иығына салды да, еңкейе жөнелді.

...Қасым әлде қашан сай тағанына түсіп, иір-қиыр тұмсықтарды айналып аюға жетті. Аттар арқанды үзе алмай, айнала осқырынып жанталасады. Аттардың бергі жағында сары аюды алқымынан алып тіресіп қалыпты...Аю аузын арандай ашып, Қасымды талап жатқан сияқты. Азаматтар сүріне-қабынып Қасымның қасына жетіп үлгіргенде, ол аюды алып ұрган екен. Жерге нығарлай екі қолы қарысып қалыпты. Аюдың төрт аяғы тыпырлағаны болмаса, кеуде жағын тау басып қалғандай қозғалта алар емес. Жігіттер жапа-тармағай жабылып аюдың аузына оқтаудай ырғайдан кергіш салып қайыс шылбырмен ноқталап тастаған.

-Болды. Бәрінен осы олжа маған. Ма Буфаңға айтқан сертім бар еді. сауғаға ұсынайын,- деп аюдың шылбырын қолына алды...Қасым бар жігіттер аюды тұқыржылатып ауылға қарай алып жүрді...Ауылдан алысырақ жерге апарып, үлкен тасқа байлап тастады...Қасым кеше Жушуәндағы Зайдрахұн дейтін сартқа хабар берді. «Арба әкелсін, Ма Буфаңға апарамын» депті. Құдай бұйырып,сары аюды Ма Буфаңға тарту етсе, талай шалыңға ие боласыңдар әлі!... Зайдрахұ екі жігіттен ат арба жіберген екен, аюды арбаға басып алды да, қасында Сіләм бар бір топ жігітті ертіп, Қасым Ма Буфаңға тартып кетті. («Қасым батыр» 263, 264, 265- бет" )»

«Қошқарбел аталатын бір дарасында аю бар екенін біліп соның соңына түсті. Қасына бірнеше мықты жігіт ертіп, аюдың көмген жемтігін аңдып, айтарға оңай болғанмен, алып қаюан оңайлыққа бой бере қойсын ба. Сол қолын тұтастай қыл арқан орған қолын жұмсап қапсыра құшақтап алыса кетеді.Тырнағын денесіне дарытпай ту сыртынан құшақтап, жерге алып ұрады. Арқан дайындап тұрған жігіттердің бірі шалмалап, бірі аузына ағаш кергішті көлделеңдей тығып, жабыла жағаласады.Шай қайнатым уақытқа жеткізбей байлап алады. Байлаған аюды кескектеп жетектесе жетекшіл болады екен. Тапа-тал түсте Шиншиң қаласына алып келді. Өмірі мұндайды көрмеген дүңгендердің бәрі дүркіреп көшеге қарай дүрлігіп, қазақтардың мына тамашасына қайран қалып, таңдай қағысты.(«Қаралы көш» 182- бет )»

«Елісхан Пулүйжаң жіберген елшінің жанындағы дұңше қазақтан жаудың көп, уытты, түрінің жамандығын ұқты.

-Ниеті тым жаман қасарыссаңыздар бекер қырыласыздар, Елдің обалына қалмаңыздар!- деді ол шын ашынып.

"Елісхан өзі де жау жағдайын барлап отырған бұл сөзге келісіп: - Азаматтар! Қазірше оқ шығармаңдар! Ең абзалы мен келісімге барайын. Оларға керегі мен. Сонда ел аман қалады, -деп басқа сөзге көнбей жау шебіне қарай жалғыз аттанады. Осының алдында Холықтармен болған сұрапыл атыста Омар үкірдай оққа ұшқан. Оның қазасын бала-шағасына естіртуге бірнеше адам аттанбақ болып тұрған, Енді міне уағдалы жерге көште, қуғыншы әскерде келіп, үш жақ бір жерде тоғысты. Елісхан кетісімен Омардың көшін ел қаптап түсіріп, басын буып қос тігіп, сүйкеті арулап жерледі.

Әккі жау Елісханды ымыралассаң тиспейміз деп аламалап тұрып, қойшы батыр, Ілияз сынды басқада ауыл басыларын «Келісім»бар деп шақырып алып, бәрін тырып еткізбей көзірлеп тастады. Олардың қолды болғанын көштің алды- арты түгел хабар тапты.Жұрт онан арман күйзеліп, бастарына ақыр заманның қара түні орнағандай болды.

Пулүйжаң таңға жақын бұйрық беріп, елді үш үлкен топқа бөліп, бір-біріне қоспай, байланыс үзіп, алды-артын әскермен орап өктем күшпен айдайды. Күндіз-түні тыным таппаған ат-көлік, адамнан дәрмен кетіп қарыс жерге қадам басу мұңға түсті. Келе жатып шөге кеткен түйелерге әскерлер найза шаншып алады. Жануарлар найза кіргенде «Баж»етіп атып тұрады...Арада неше күн үрдіс қудаланып «Садым»дейтін жерге жеткенде, жүк шешіп үй тігуге ешкімнің шамасы келмеді....

-Бүгін осында жақсылап тынығамыз. Қарауылдағы әскерлер сақтықты күшейтсін! Ауысып тұрсын! - деп бұйрық берді Пулүйжаң қол астындағыларға.

Кеі сары шатырға өзіғана орналасты. Оның жол бойы ойлаған арам ойы бар еді. Сол ойын бүгін іске асырмақшы. Жатар алдында ол : - Түнде бізге бірнеше сұлу келіншек керек. Бір түн бізбен бірге болады. Егер кім бұйрық атқармаса, табанда атып тастаңдар! - деп тапсырды. Азып - тозып келе жатқан елге бұл хабар атқан оқтан да қиын тиді. Азаматтар намыстанып кетті. Көпке бас алқа болатын Елісханның қол-аяғы байланып, ортаңғы шатырда аңдуда жатыр. Маңына адам жолатар емес. Қойшы мен Ыдырыш, Ілияздар да бір-бір шатырда байлаулы. Жаңағы сұмдық хабарды естігендер, тарығып Қожақынға келді. Қожақын қорлауға шыдамай долданып алыпты.

-Құдай бізді осыншалық қорлатқаны несі?-деп жанарынан өшпенділік жалыны ұшқындады,- Пулүйжаңға әйелді қойып бір тал шашын да ұстатпаймыз, - деп еріндері дірілдеп,ол қамшысын алып, атына таман жақындады...хабаршы жігіт алдын тосып:

-Қожа аға, жаудың ниеті өте жаман, ашумен барып, бекер арандалып өлмеңіз, - деді.

-Шақыр Сабырбай залың, Сауытпай, Бекилерді ақылдасайық! - деп ол қайта басылды. Әлгі жігіт ымырт жамыла айтылған адамдарды ертіп келді.

-Естідік, мына дүнгенің мұсылман емес, нағыз лағынет, кәпірдің өзі екен! - деді келгендер. Қожақын:

-Қайтпексіңдер? Әйелдерді қолдан бересіздер ме, жоқ, әлде жағаласып өлесіздер ме? - деді түтек болып.

-Иә,- деді Сабырбай залың салмақпен, - ең бастысы Елісханды құтқару.Тәуекел Аллаға! Айқасып өлейік!

...Пулүйжаң елдің қолындағы қару-жарақ, оқ -дәрілерді сыпырып алған. Жалғыз Қожақынның етігінің қоншына жасырып қалған жан құралы бар еді. Соны суырып алып:

-Дүңгенің қалаған әйелін береміз деп «Түн болсын, ел жатсын»деген сылтаумен уақытты өткізіп түн ортасына дейін оларды талықтыра тұру керек. Сағидолла, Көкилер және Ілияз, Сауыттар жігіттерді ұйымдастырып, барша жұртқа ұқтырсын. Барлығыда өтірік ұйқтаған болып, дүнгендерді бейғамсытып түн ортасы ауа бергенде, еңкейген кәрі, еңбектеген жасқа дейін қолдарына бақан, сойыл алып бір-ақ аттансын. Оғандейін әркім өзі имандарын айтып, жаназаларын шығартып алу керке. Егер мақсатымызға жете алмасақ, мына айнала қоршаған көк бөрте әскер бір-ақ турайды.

Сонымен әр рудың басшылары өзіне қарасты халқын ұйымдастырып, бірнеше пысық жігіттерден әйелдерді шақыртып, ел басына төнген хатерді толық түсіндіргеннен кейін оларды әдемілеп киндіріп, айла-тәсілді құлағына құйды. « Басқа түссе баспақшыл»дегендей, басына күн туған әйелдер де мықтап бекінді. « Құдай салса құл көнді»бұл недеген қорлық еді-ау! - десіп күңіренді жігіттер.

-Сендер бара салып дүңгендердің қалжағына көне кетпеңдер. «Ел жатсын, ұят болады»деген сылтауды көбейтып, уақытты өткізе тұрыңдар. Межелі уақытта біз шатырды жығамыз да сыртынан тоқпақтаймыз. Сол кезде сендер есікке қарай ұмтылыңдар...Шатырға қарай бірнеше әйелді алып бара жатқанда кектенбеген адам болмады. Сырттың бәрі күзет. Түн ортасы болғанда белдеріне ақ шүперек байлап, бірнеше топқа бөлініп шықты. Онысы қараңғыда өздерін-өзі танымай жазым қып алмаудың белгісі еді... Жігіттер өз жаназаларын өздері шығарысып, қараңғы түнде шатырға қарай баспалап жүрді...Тұтқиыл айғай-шу көтерілді де кетті.

-Мұхамет! Мұхамет!

-Абақ! Абақ!

-Жәнібек! Жәнібек!

Осы дауыстан ұйқыда жатқандар шошып оянысып, ес- ақылдары жиналмай қайнаған кектің қанды сойлдары, шатырларды жалып-жалап еткізіп, жүн сабаған тулақша, бітірлатып жапырып тастады.Шатырдың астынды өкіріп-бақырған адамдардың үні аздан соң ыңырсып барып басеңдеп жатты.

Елісханды екі жігіт аман-есен құтқарып шықты.Бағанағы бірнеше әйелдер де аман-есен қашып құтылды...Он шақты шатырда Пулүйжаң ішінде жүздей шерік өлтірді. Жоғарғы жаққа тігілген шатырларды жайғауға шыққандар бірден батылдық ете алмағандықтан шеріктердің көбін уысынан шығарып алыпты.

Абыр-сабыр қанды қырғын аяқтағанша, шығыстан балық бауыр таңда сөгілді. Біреуді-біреу ұғып болар емес. Адамдарды түгендегенде Қойшы батыр, Мамыр, Ғаппас үш адамның өлгендігі мәлім болды. Аңғалбай мен Мінән ауыр жаралы болыпты. Жоғары қашқан әскердің ішінде орынбасар командир Сар Ұяң аман кетіпті. Енді олардың жаралы қасқырдай қайта тап беретіні шүбәсіз. Содан қорыққан ел «Қайта шапқан жау жаман»десіп, алды-артына қарауға мұрса таппай, мал-мүліктерін тастап, кешегі келген ізімен қайта қашты ...

Айтып-айтпай Сар Ұяң бастаған әскерлер, былай барып, ес жиып, қаруларын сайлап, Пулүйжаңды құтқару үшін күн көтеріліп қалғанда түндегі қонған жерге қайта келді. Бырақ олар жұрт сипап қалды. Далада шашылған жүкті, шатырдың астында топ-топ болып қырылған әскерді көрді. Пу Лұйңжаңның өлексесін кимненғана зорға таныды. Бет-аузын қан жоуып, басы жарылып, миы шашылып қалған екен.

Елісхан бастаған ел күн-түн демей тибет үстірті арқылы шекарадан өтіп, Индыстанға қарай тартты. Жол ортада Сабырбай, Көки бастаған ел ілеспей қалды. Оның бір себебі: Сар Ұяң бастаған жауды осалдықпен жіберіп алды десіп, мұны бірінен-бірі көрісіп, ақыры жаудан түскен дүрбіге таласып, кіразмасқа мүйіздесіп тынғандығы болды. Түптеп келгенде Сабырбай туған жерді қимай ол ойын Көкейге айтқанда. Көкейдің құптай кетіп:

-Онда Қотан деген жерде Есдәулет Тұңғышпайдың елі бар, соған барайық.

Елісханды үгіттеп еді, ол алған бетінен қайтпай:

-Айтқаным айтқан. Өлсемде өлігімді көрсетпеймін. Бұл жақта керек десе сүйегімді де көрден қазып тастайды мына жаулар. Маған ерем деп тағыда азап тартпаңдар. Сендерді зорламаймын,- деді.

-Онда біз осы арадан айрылысамыз. Ренжімей рұхсатыңды бер,- деді.

-Аллаға аманат! - деді Елісхан олардың қолдарын қатты қысып,...

Сонымен екі ауыл жыласып айрылысып, бірі батысқа, бірі оң түстікке тартты. Содан тағы бір неше көш жылжығанда Зайып тәйжі де Елісханға ілесе алмайтындығын айтып, өзі барып кездесті.Бұрынғыдай емес кәрлік қусырып қолына таяқ ұстап, еңкейіп қалыпты.

-Қарағым, Елісхан, мен осы Тибет үстіртінде аз күн аялдай тұрайын. Арт жақтан Қасым, Қамыза, Солтаншарптың елі бар. Соларға жіберген хабаршым келген жоқ. Құдай бұйрса бізде көп кешікпей артыңнан жетеміз. Құдайға аманат еліңді бастап жүре бер. Мен разылығымды бердім,-деді дауысы қалтырап.

-Аға, барлығымыз ту бастап «Өлсек бір шұңқырда, тірі болсақ бір төбеде болайық» деген сөзіміз бар. Енді бір-бірден сытылып қалып жатырсыздар. Бырақ мен тоқтамаймын.

-Қарғам, өкпең жөн ғой. Осы тұста мен қатты науқаспын. Қанша дәм-тұзым бар көзім жетпейді. Сендерге оралғы болмайын. Ажалым жетіп өліп қалсам құсыман саған қосылсын. ренжімей рұхсатыңды бер...(«Қасым батыр 284,285,286,287,288,289,290,291 бет»)»

«Елісхандар ауылға қарай еңкейгенде олардың бейбіт бітімінен хабар тауып отырған Хан Жиңбау, Сау Юан тобы алдарынан шықты...Елісханның қолынан арнайы қағаз алған Атшыбай мен Мұқаділ оққа ұшқан Баймолданың ағасы Сағидолла бастаған бір топты ертіп алып, Құсымандарды тауып, қос шаhидті жерлеп қайтты...Әскер үй біткенді тінтіп қару-жарақ атаулыны жинауға кірісті. Елді үш топқа бөліп, келген іздерімен кері айдады. Шашауы шыққандарды малша қайырып, қамшының астына алды...Қалың шерік жабыла келіп Елісхан, Құсыман, Ыдырыш, Қойшы төртеуін тарпа бас салып, байлап тастады.

Бірнеше күн үрдіс жылжып Сәдімге қарай еңкейген көш Номығын асуынан асып Зұңжия шекарасына келіп түсті. Хан Жиңбау өз тұтқыны болған Елісхан, Қойшы, Ыдырыш үшеуін негіз еткен ауылдарды...Үш жүз әскермен қоршады. Сау Юанның қарауындағы Сабырбай ауылын бик жал құмға, бұлардан оқшаулау Ілияз ауылын да қырық-елу әскер қоршап жатты.

Хан Жиңбау қорғаушы шеріктерінің бірі қол-аяғы кісенделген Елісханға бір жапырақ қағаз әкеліп берді. Қағазды ашып қараса: «Алдан, Сәния, Батима, Мүбила, Күлай...» деген он екі қыз-келіншектің аты жазылыпты.

-Бұлар біздің бастықтарға керек. Хан пулуйжаңның тапсырмасы. Өз адамдарыңа бұйрық беріп, бүгін кештен қалдырмай әкелдіріп берсін дейді.

...Елісхан ас ішкен болып, Шәмшиге күбірлей сөйлеп отырды.

-Өте сақ болыңдар.«Жауды аяған жаралы болады»дегендей, аянып қалмаңдар...Жігіттер топ-топқа бөлінсін. Әр топтың өз басшысы мен шабатын шатырлары белгіленіп берілсін. Елдің алды ұйқыға кіре қозғалсын...Қыз келіншектерді бірден жібермей, әр түрлі сылтаулармен кешіктіріп, соларды бетке ұстаған жігіттер іле-шала басып кіріп, сұмырайларды тарпа бас салсын...

Шәмши қайта оралғанда қас қарайып қалған еді. Қожақынның үйіне Сабырбай, Аңғалбай, Сағидолла, Көки, Беги, Рақи молда, Сүлеймен, Әбілхан, Сауытбай...бастаған көп адам жиналды.

Қожақынның көздері оттай жайнап:

-Бүгән не өлетін күніміз, не тірілетін күніміз...

- Өлсек те күресіп өлсек, өкінішсіз боламыз...Нар тәуекел, жеңіс біздікі!Жұрттың сенімін көрген Қожақынның кеудесі кекке толып, өзінің жасырып жүрген маузерін алып шықты.... Қанша рет қару жинаса да, түйенің шомына жасырып сақтағанмын. Бүгін ес қататын болды. Басқаларыңыз кетпен, күрек, балта, шоқпар, сойыл дегендей түгел қаруланыңыздар!...

Топ алдына шыққан Рақи молда ұзақ күңіренді:

...-Алдымен бәрлеріңізге жаназа шығарамын, бұл жауымызбен өліспей-беріспейтініміздің белгісі. Адал өлімнің белгісі болсын!Алланың ақиқаты үшін күресіп өлетініміздің белгісі болсын!

Сандақтар ақтарылып, ақ сәлдебоз, басқада ақ кездемелер жыртылып, мойындары мен жеңдеріне байланды. Бір жағы ақтығы болса, екіншіден қараңғыда жау жасақтары парықталып, өз адамдарын арандамау үшін таққан белгісі еді....Шал-шауқан, кемпір-кешектер мен ат ұстауға жарайтын ересек балалар бастаған топ ....Осы кезде сырттан:

-Жәнібек, Жәнібек! Мұхамед, ұр, аяма! Өлтір! - деген ащы айқай, өр дауыстар ұрандап көтеріліп, айнала жер сілкінгендей тітіретіп жіберді.

Қазақ қолы шатырларға лап қойған еді. Қыз-келіншектер де жанталаса қимылдап, қойындарына тыққан бәкі-пышақтары мен шатырлардың бауын қиып жатты. Шатырлар жұмарланып астындағыларды аямай соққылап жатыр.

...Жәнтекей жігіттері Хан Жиңбау тобындағы үш жүз әскердің тоз-топалаңын шығарып, көбін жайратып салды...Бырақ жаудың алынбаған әлі екі тобы бар. Олардың бірі Сабырбай ауылы болса, екінші Ілияз ауылы...Бырақ Сабырбай ауылындағы Сау Юан тобы алынбапты...

Осы кезде Шығыс жиектен суға шомылған сұлудай жарқырап жаңа туған аппақ айдың шекесі көрінді... Хан Жиңбаудың өлгенін жерге жарық түскенде ғана білген Сау Юан алды-артын түгендеп қайта шапты...

Сабырбайдың өңі көлеңкеде көмескіленіп көрінеді.Үні қарлығыңқы шықты:

...-Араларыңда жүрген бір кәрімін.Көшке ілесе алмай, бір тастың қуысында қалып қойсам, артық-ауысымыз болса кешірерсің, қарағым,- деп күйзеле тіл қатты. Елісхан әкесіндей де емес, әкесінен де үлкен осы бір қарттың ақ сақалын сыйлап, алдын кесе көлденең өтпейтін.Жантекейлер жағы қызғанып:

-Осы ретте сары ұяңмен тамырлығы себепті жауды аяп, бәрімізді жаралы еткен-жәдіктер жағы. Сабырбай Сар Ұяңды алған болса, жауды түгел қыратын едік. Бұлардың сатқындығы болмағанда, қатын-бала қырғыннан аман қалар еді.Онымен қоймай, Құсыман Ілияздың дүрбісіне: " Ілияздың ауылын шауып алмай, тынбаймын!" деп қарғанып еді...Ақыры Ілияздың ауылын қырғызып тыныш болды.

...-Сабырбай, өзінің тарамыстанған саусақтарын ып-ыстық алақаны мен аялай қысқан Елісханнан қолын босатқысы келмеді.

-Аман бол, қарағым, аман бол. Алла жолыңды оңғарсын!- деп сөзінің соңын айта алмай қылғынып қалды...

Осындай ауыр күндердің бірінде Елісхан Зайып тәйжінің әл үстінде жатқанын естіді.

-Әтдеген-ай, ел сыйлаған дана қарияның бірі еді.(«Қаралы көш»239,240,241,244,247,248,250,260,263,267 269, 271,307-бет)»



P.S.

Міне бұның бәрі Жәди Шәкенұлының «Қаралы көш» романыдағы ең негізгі оқиғалар қысқартып салыстырылып талданды. Негізі бұл роман бүкіл болмысы көшірме негізінде жазылған деп айта аламын. Бұл шындыққа бүкіл оқырман көз жеткізу үшін Қытайда жарық көрген Сағатқан Таңқайұлының «Қасым батыр», «Сары жұлдыз» романдарды төтешеден (Ахмет Байтұрсынов әліпбиінен) аударылуы керек.


Көпеева Айжамал


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар