Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Серік Ақсұңқарұлы: Қош бол, facebook-тегі «поэзия фестивалі»!

10.04.2015 258

Серік Ақсұңқарұлы: Қош бол, facebook-тегі «поэзия фестивалі»!

серик аксункар.jpg


Facebook-ті ашып қалсаң, күн сайын – «поэзия фестивалі!». «Түйеге мінсе – төрт ауыз, атқа мінсе – алты ауыз өлең айтатын графоман, халтурщиктердің күні туды! Көпшілігі өлең техникасын да меңгермеген... Бәрі дерлік 60-ыншы жылдардағы Қадыр, Жұмекен, Мұқағали, Сағи, Фариза жырларының көлеңкесінде қалып қойған! Бірін-бірі «гений», «ұлы», «талант» дейді... Мұндай марапатты көзі тірісінде қазақ жырының босағадағы басын төрге шығарған, қайран Қасым да естімеген-ді!

Жапондардың интеллектуалдық деңгейінің биіктеп кеткені сонша, олар бір-біріне кітап сыйласа, бір-екі шумақ өлең жазып бере береді екен. Өлең болғанда қандай! Еуропалық поэзия мәдениетін тұла бойына сіңірген өзгеше өлең! Бірақ сол өресі биік жапондар да өздерін ақынмын деп ойламайды!
Исі қазақ та той-думан, алқалы отырыста бір-біріне өлең айтып, айтыса да береді. Өлеңді суырып салады! Бірақ өздерін ақынмын демеген. Неге? Махамбет, Жамбыл, Біржан сал, Ақан серілеріне тәнті боп, Абайына әулиедей бас иген!

Ал, мына «поэзия фестиваліне» қатысушыларға бәрібір; бұларда «әулие, әмбие» деген жоқ; оларға «Жамбыл – сталиншіл жырау», «Қасым – ескірген», «Мұқағали – ішкіш», «Олжас – орысшыл оңбаған»; өздері ғана – ақын, ұлтшыл-патриот, данышпан! Тіпті, біреуі қызды-қыздымен Ұлықбек Есдәулеттің «Түсіме енеді, Жылқының кісінегені!» деген өлеңін ұрлап алыпты! Бізден қанша ұрлап жатыр?! Құдай біледі...
Масқара!

...«Рымғали, әлі жассың. Осы әдебиеттану ғылымына жолама. Сатқын ғылым екен. Сен жақсы бір ой айтасың, оны біреу малданып кетеді. Артыңа із қалдырмайды», – депті Темірғали Нұртазин аспирант Рымғали Нұрғалиевке жан баласына айтпаған бір сырын айтып...
...Құдайдың жөні осы әдебиет дегеннің өзінен аулақ жүр­ген-ау деймін. Қазір оның маңайында неше түрлі сандалған сайқымазақ жүр; «Ғылым таппай, – мақтанған, Орын таппай, – баптанған Өсекші, Өтірікші, Мақтаншақ, Сабырсыз, Арсыз, Еріншек, Көрсеқызар жалмауыз, Алты бақан алауыз, Сатқын, Пәлеқор, Арызқой – Көзінен бас­қа ойы жоқ, Адамның надан әуресі» (бәрі Абайдың сөзі) қап­тап жүр! Кеуделері – аяқ қаптай! «Өзі –шошқа, бас­қаны ит деп ойлардың» (тағы да – Абай) кері! Елдің бәрін өзіндей надан көреді... Осылар, осындай оңбаған «типтер» дарынсыз жазарманнан талантты да, – қанатты, санатты оқырманның мың есе артық екенін түйсіне алмай-ақ, түсіне алмай-ақ қойды! Тарихтың тағылымы осы еді ғой? Абай мен Пушкинді, Шекспир мен Гетені түсініп, түйсініп оқудың өзі кісілік емес пе еді?!

facebook-тің алдында қазақ отыр.
Қазақ отыр...
Бір-бірін қажап отыр!
«Алты бақан-алауыз» – Абай айтқан,
Көрсеқызар,
Жалмауыз,
Мазақ – отыр!
Есер-ғасыр мұның да есін алды.
Бір-бірінен алмаған өші бар-ды:
Патриархалдық-феодалдық ғұрпыменен,
Ғаламторға қалай тез көшіп алды?!
Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Боқта өлген түйесі еске түссе,
Боздап жүрген ботаға өш келеді!
Ғаламтордың алдында ғалам отыр.
Бетте – ұят жоқ.
Денесі – қара қотыр!
Алла –аспанда, 
Ал, Абай – жер астында.
...Сайтан бізге «Шоқ! Шоқ!» деп,
Қарап отыр...

Ұлы математик Джон Форбс Нэш Младший (Нобель сыйлығының лауреаты), алқалы топта әңгіме айтса, ылғи математика, физика туралы емес, поззия, махаб­бат­тың киесі хақында ой толғайды екен. Қазақтың аса көрнекті математигі Асқар Жұмаділдаевтің Абайды тү­сінуі, Абайға тұшынуы қандай! Математиканың күрделі есептерін шығару үшін логикалық ойлау қа­бі­леті ғана емес, алаулаған асқақ махаббат сезімі керек көрінеді. «Алланың хикметі – махаббат, ғаділет, сезім» (Абай) екенін сезбейтін сарбаздар қолына қалам алса, ел-жұртының миын қалай ашытатынын осы facebook-тен көріп отырмыз!

Социологияда «орташа шаруа» деген ұғым бар. Әде­биетте «орташа жазушы» деген ұғым ­бол­мауы ­кере­к еді. Бірақ бізде бар сол ұғым...
Қазақ шәйірлері ормандай орыспен салыстырғанда өресіздеу, өлермендеу болып тұр. Әрбір ауылдың бір-бір «Бұқар жырауы», әрбір облыстың бір-бір «Мұқағалиы, Жұ­мекені мен Фаризасы» бар! Орыста мұн­дай жоқ ­қой!
Орыс – Орман – Ана Ақынын ұзақ толғатып, айлап-жылдап емес, араға ғасыр салып, әзер туады! Біздің­ қа­зақ ­­­күн сайын, жыл сайын түсік тастай береді; «түйеге мінгені – төрт ауыз, атқа мінгені – алты ауыз өлең айтып», «Біз – ақын елміз!», – деп, мақтанып, масайрайды!
Абайдан кейін, есі дұрыс ұлт бұлай есірмесе керек-ті!


Поэзия–Моцарт пен Сальеридің айқасы! 

«Тууы да – ән, Моцарттың құруы да – ән, 
Татып көрсең ол ішкен бір уынан. 
Сальери – дарынсыздар тайпасының 
Ең итжанды, ең надан руынан. 

Мына өмірден Моцарттың кеткені ме, 
Күндіз-түні қызмет етпеді ме? 
Сальеридің жасы не, кәрісі не, 
Сальери­дің шені не, шекпені не?! 

Мені де бір көріңдер адамша ұғып, 
Ақ пен қара біткен жоқ әлі аршылып. 
Мен Моцартқа үргем жоқ, кіжінгем жоқ, 
Мен Моцарттан көргем жоқ жаманш­ылық... 

Нұрлы мұңмен ежелгі жолдастаймын, 
туа қоймас басыма болмастай күн. 
Моцарт туған ауданға басымды иіп, 
Моцарт түскен ауылды қорғаштаймын!», – дейді қазақ жырының қайталанбас бір тұлғасы Жұматай Жақып­баев. Ала қағазға телміріп, Алашына бір сөз айтқысы келетін жас қалам, осы өлеңді жазу үстелінің алдына іліп қоюы керек! Әйтпесе, Әдебиет дейтін Қасиетті ғимараттың есігі түгілі, тесігінен сығаламауы керек!


Осында бір сүмелек жүр! Шатып-бұтып бірдеңе жазады. Әліне қарамай, әдебиет хақындағы әңгімеге араласады! Әдебиет – Әулиелер мекені! Төрде адамзаттан асып туған Гомер, Толстой, Пушкин, Абай, Мағжан, Қасым, Бернс, Арагон, т.б. отырғанда бұл жер­де не бар оған?! Құнанбай саңқылдаған тұста қайдағы бір құл-құтан сөйлеуші ме еді?! Әдебиет те сондай– киелі жер еді ғой?! Ақын– адамзаттың алабө­тен бір құбылыстарының бірі һәм бірегейі; ол алаөкпе біреулердің желік ойынан туа салмайды; асыл атаның белі мен ару ананың құрсағынан, туған топырағының қасиеті мен ел-жұртының қасіретінен туады! Абайдың әкесі–Құнанбай! Мырқымбай емес! «Өлеңші» қауым–өлермендер туралы әңгіме басқа, олардың түп-тұқиянында бір кінәрат болуы мүмкін...

Немістің ұшқыр ойлы философы Фр. Ницщенің базар­дағы шыбындар туралы айтқаны бар еді. «Нәжіс­ханадан кейінгі лас жер–базар!» – деген.


Әдебиет базар емес еді ғой?
Дүниеге қайта айналып келсем, осы әдебиеттің маңына да жоламас едім!
Бірақ болары – болды. Көреміз де–көнеміз! Әдебиетті ұсақ-түйек пенделер жасамайды, – алыптар жасаған ғой!
Дегенмен, Темағаң (Темірғали Нұртазин) қалай ғажап айтқан?!


...Уа, Қасым, аға, кешір мені!

Facebook – Қазақ Поэзиясының қас жауына айналып барады! Қазақ осы facebook-тің алдында отыра берсе, күндердің күні қара өлеңнің қара табыты осы жерден шыға­тын ­болады! Оған бір кезде қызыл-қырғын империяның да тісі батпаған-ды.

Бүгіннен бастап, мен facebook-ке өлең салмаймын! Қаптаған қалың халтурщик өздерімен-өздері жарысып, масайрай берсін... Мақтана берсін, шаттана берсін! Менің орныма егер егіндерін еге берсін, – қараорман қазақты менен гөрі құнарлы рухани молшылыққа кенелтер болса...
Қош бол, facebook-тегі «поэзия фестивалі»!


Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ





КӨКБӨРІНІҢ АЗАБЫ НЕМЕСЕ АЛАБАЙДЫҢ МАЗАҒЫ

 

Қазақ халқы бiр мақтанса - ана тiлiмен мақтана алатын шығар. Бiздiң тiлiмiз - өлең ғой! Сондықтан титтей болсын ана тiлiнiң нәрiн татқан әр қазақ - буыннан сөз, сөзден тiркес, тiркестен шумақтарды өре бередi...

 Бiз әндi де тыңдағанды жақсы көремiз. Жақсы ән тыңдасақ деймiз. әншiнiң де екi түрi бар (жалпылап айтсақ) : көше әншiсi және кәсiби әншi. Екеуiңе де құдай дауыс берген. Кәсiби әншi көшеде ән айтпайды. Киелi сахнаға шығу үшiн көшедегi қыдырыстан бас тартып, талантын шыңдайды: алдыңғы толқынға қарап бой түзейдi, шет елдерге қарап ой түзейдi, iзденедi, машықтанады - ақырында өз стилiн тауып, халық алдына жарқ етiп шығады. Мақтау мен марапаттар шындалған сайын көбейе түседi.... Көше әншiсi қайда қалды?! Көшеде жүрген әншi сахнадан тыңдаған әннiң стилiн, мақамын, тiптi дауысын аса асқан "талантпен" көшiрiп алады. Көшiрiп алып көшедегi қыздарға ән арнайды, достарына жыр арнайды. Сөйтiп сол көшенiң сәнiне айналады. Бәрi солай қалса жақсы ғой. Бiр күнi бiреу сол көше әншiсiне келiп "әй анау сахнада жүрген әншiден (кәсiби әншi) қай жерiн кем?! Оған келген атақ саған да бұйыруы керек қой?!" дей салады... Кейде "Таудай талант бергенше, бармақтай бақ бер" деп өзiн-өзi жұбататындар бар. Ал кейде көше әншiлерi сол "бейшара" қалпын пайдаланып, "дүние деген теңсiздiк" лозунгымен кәсiби әншiлердiң сыртынан сөз айта бастайды... "Ол орындаған әндi мен де орындай аламын, онда бар дауыс менде де бар" дейдi... өмiр бойы сол жалған "сенiмдермен" өтедi... Ақырында сұйығы кетiп, тас қалады... Стилiн мен болмысын қалыптастыра бiлген, сахнаға кәсiби деңгейде шыққан әншi тарихта қалады. Оның айтқан әндерiн көшеде жүрген балалар да уiлдете салып, иттер де үрген болады, көше әншiлерi де айтқан болады....

 Сол сияқты қазақта көше ақындары мен кәсiби ақындар да бар. Тек көше ақындары интернетке көшкен. Интернетке көшiп, қолдарына билiк жеткендей күн кеше бастады... Бiрақ баяғы үрдiс әлi өз күшiн жоймады: Кәсiби ақын көшеде қалмай iздендi, күнi мен түнiн кiтапханаларда өткiзiп, өз стилiн, өз болмысын iздеу саяхатына белiн бекем буып шықты... Ақыры тапты! Дәл сол сәттi аңдып отырған жүздеген көше ақындары кәсiби ақынның поэзиясын қайталамақшы болады. Ақынның өлеңi - өлең болып қалды да, қалғанын бала да былдырлап айтты, ит те бiрдеңе ғып үрген болды... Ал ақырында уақыт пен шындық кiмнiң кiм екенiн дәлелдеп бердi!

 Жақында Серiк Ақсұңқарұлы ағам ФБ- тағы "поэзия фестивалi"-мен қош айтысқанын жазған екен. Ақынның бiр қателiгi болса - әлемнiң теңсiздiгiне, өмiрдiң жалғандығына төзе алмауы, салқын қанды қарай алмауы... Десек те қоғамға шындықты айтады... Айтылған шындықтың бағасы да ауыр - ол ақынның жараланған жүрегi! Ақсұңқарұлы интернетке өлеңдерiн салмаған күнi - ақынның поэзиясы бәрiбiр сол биiгiнде қалады! Оны оқырмандары сағынып кiтаптан да оқиды, интернетке өздерi салып, бiр-бiрiмен өздерi бөлiседi. Ал баяғы көшенiң жүз ақыны - екi жүз көзi бадырайған күйi аңдып жүрiп, өлермендiкпен ауырып өткен күннiң өзiнде - Ақсұңқарұлының "бола алмаған копиялары" болып қалады! өйткенi тереңдiк жоқ! Оқырман мен тобырды шатастырған көше ақындары бұрын да болмады дейсiз бе?! Олар әр заманда болды! Бiрақ уақыт оларды өз заманында ғана қалдырып, мәңгiлiкке тек Абай, Шәкәрiм, Мағжан, Мұқағалилердi қолынан жетектеп алып кеттi!!!

 "Я памятник себе воздвиг нерукотворный..." - ГОРАЦИЙ, ДЕРЖАВИН, ПУШКИНнен кейiн бұл өлеңдi жазуға ендi Серiк ағамның да правосы бар! Мен сiзден осы өлеңдi күтемiн! Басқалары сосын қайталап көрсiн...


Ақерке АСАН



Ақерке хат


Рахмет, жаным! Әлеуметтік желідегі әдебиетке біздің ел әлі де әзір емес екенін көрсетіп алды. Бұл біздің рулық-патриархалдық деңгейден аса алмай жатқандығымыздың бір нышаны-ау деймін. Орыстарда немесе басқа өрелі елдерде жағдайдың бұған, мүлде, керағар екені менен гөрі сол жұрттың жуан ортасында жүрген саған белгілі ғой. Ресейде екінің бірі, егіздің сыңары біздікінше шатпақтап "өлең", шалықтап "роман" жаза бермейді. Пушкин мен Достоевский, Гоголь мен Вознесенскиді туған жұртқа әдебиет деген қашан да қасиетті болған! Бұл---культ. Ал,мына facebook-тегі «поэзия фестиваліне» қатысушырарға бәрі бір; бұларда «әулие, әмбие» деген жоқ;"-деп айттым ғой? Барлық індет осыдан,--ұлттың жаманынан жиіркеніп, жақсысына жан-тәнімен тәнті бола алмауында жатыр! Испанның ұлы ойшылы Хосе Ортеги-и-Гасеттің "Востание масс" деген шығырмасы қолыңа түсті ме? Сонда ол ТОБЫРЛЫҚ МӘДЕНИЕТ --тің бәрін жалмауыздай жалмайтынын 20-шы ғасырдың басында-ақ аңғарып, айқай салған-ды. "Тобрлық мәдениет" деген пәлекет капитализмнің түсігі! Қазақтың жазу-сызу болмаған кездегі эпосы мен жыраулар поэзиясына; қара өлеңіне қарашы! Не деген ғажап! Образ --қандай; тіл жұпары; өлеңдік өрнегі --қандай! Сол кездегі айтыс пен бүгінгі айтыстың арасы да- жер мен көктей! Facebook-тегі "поэзия фестивалы " да уақытша нәрсе, ендеше! Соны елден бұрын, қырандай қиядан шалып түсінгеніңе рахмет! Уәде-Құдайдың аты, "Ескерткішті -(Я памятник себе воздвиг нерукотворный...") жазатын күн де туар. Жаза қалсам, оны Саған, сен сияқты соңымнан дауылдатып келе жатқан қанатты да, талантты буынға арнар едім! Амандықта жүздескенше, ҚҰЛЫНЫМ!


Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ



Бұл - солардың базары!


Ақерке, кейбірінің, тіпті, көбінің көзі төртеу екенін ұмытпа! өлерменнің көзі шекесіне шығып тұрады, ал шекеге шыққан көз ешқашан екеу бола алмайды! Бірақ екі жүз көзі бадырайып, мейлі, төрт жүз көзі адырайып қараса да олар Серіктің не сенің көргеніңді көре алмай, тас-соқыр қалпында өмірден өтеді! Орталықтан тым шет жатқан біздің Маңғыстауда да әлгіндей "романистер" мен шалдуар шайырсымақтар тым көбейіп тұр. «Тарихшылардан» аяқ алып жүре алмайсың! Бұл, жалпы, осы уақыттың дерті ғой. Құндылықтар алмасар тұста осылай болған, бірақ адам, ұлт санасы, тіпті, баяғы тұрпайы социология дәуірінде де мұншалықты құлдыраған емес еді! Мұның өзі алда келер жақсылықтың нышаны секілді сезіледі. Өйткені, "бір жамандықтың екі жақсылығы болмай ма?!" Ал Серік ағама айтарым, мына шешіміңізді құптаймын! Қасым мен оның бөлесіне бала-бажыр бәдіктердің арасында орын жоқ екені бесенеден белгілі ғой. Олардың "ит-базары" мен "тышқан-көкпарларын" өздеріне қалдырайық. Қанша "базаршылар" дейсің пақырлар. Кемді күн бой жасап жатыр-дағы!... "Бір базарда ақсақ қой бұл болған". Бұл - солардың базары!.. Сол базар!


Светқали Нұржан




qasym.kz

Біздің Telegram-парақшамызға. жазылыңыздар!

Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар