Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Бүгін – Дүниежүзілік поэзия күні!

29.03.2015 430

Бүгін – Дүниежүзілік поэзия күні!

                               Поэзия абстаркция.jpg

Бүгін  Дүниежүзілік поэзия күні! ЮНЕСКО Бас конференциясының 1999 жылдың 30-шы сессиясында наурыздың 21-де Дүниежүзілік поэзия күнін атап өту туралы шешім қабылданды. Дүниежүзілік Поэзия күні тұңғыш рет ЮНЕСКО-ның штаб пәтері орналасқан Парижде атап өтілді. 
Поэзия – қасиетті ұғым. Поэзия – сезім патшалығы. Сол патшалықтың қақпасынан ақындар ғана еркін кіріп, оның гүлденіп, дамуына барын салады. Поэзия – адамның ішкі сезімінің тіл жетпес тылсымында жатқан жан әлемі, адам мен құдіреттің арасын жалғап, қуыс кеңістікті толтырып тұратын қасиет. Поэзияны тудыратын сезім, сезімнің иесі – ақын. Ал, әлем поэзиясының ішінде қазақ поэзиясының алар орны өте ерекше. Кезінде дана Абай:

«Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы» 

деп жырлаған болатын. Сол сөз патшасы қазақпен бірге қуанышта да, қайғыда да бірге жасап келеді. «Әдебиет порталы» поэзия күні мерекесіне орай назарларыңызға Facebook әлеуметтік желісіндегі ең танымал 10 ақынның жырларын ұсынады.


263992_469894949709974_531248929_n.jpg
Күзгі көрініс

Қалқаман Сарин

Көңілді қоңыр салқын саз жүдетіп,
Көз жетті кеткеніне жаздың өтіп.
Құлайды жапырақтар құба талдан,
Күрең күз құдіретіне тағзым етіп.

Кеші еді солқылдаған күздің суық,
Не шара, жасыл жаздан үздірсе үміт?
Базары тарқап кеткен бақ ішінде
Күтіп тұр әлдекімді Қыз күрсініп.

Жас талдың аптыққан жел есін алды,
Құрғырдың қылығы жоқ еш ұнамды.
Жылаған жапырақтың жетім күйі,
Әп сәтте көңіліме көшіп алды.

Арқаның өңменімнен өтті желі,
Күдерін қайтқан құстан көк те үзеді,
Бозбауыр бота бұлттар боздап тұрып,
Бораған қыстан хабар жеткізеді.

Бәлкім бұл кездесу ме тұңғыш, әппақ,
Бақтағы қыз да сабыр тұрды сақтап.
...Бір жігіт сұр көшеге көрік беріп,
Келеді қызыл-жасыл гүл құшақтап.

Елемей қырды гүлсіз, күнді нұрсыз,
Кешікпей кездесті олар.
...Тұрмын үнсіз.
Батырған мені мұңға қоңыр Күз бен 
Жігіттің қолындағы гүл ғұмырсыз.


382266_507973609238558_1447328406_n.jpg
Ажырасу туралы баллада

Алмас Темірбай

Жасқа толып жүрегі, жаны жасып, 
Безді ме екен басынан бағы қашып?!
Бауырына басатын жан қалмапты, 
Ауылына келгенде ажырасып... 

Елге қайтпай, қалада жүріп көрді, 
Кешірер деп үй-іші үміттенді. 
Қыз боп шыққан үйіне кеше ғана, 
Келіншек боп сопайып кіріп келді... 

Ол өкінді, ауылға бекер келіп, 
Жұрт күлетін сияқты мекерленіп. 
Жүре алмады еркінсіп, күле алмады, 
Туған үйі кеткен бе бөтен болып?! 

Қашқан жандай адасып ормандағы, 
Бұрылатын бір жаққа жол қалмады. 
Еркелетпес әкесі баяғыдай,
Анасы да айналып-толғанбады. 

«Ұрысса да, ұрса да күйеу бала... 
Болу керек күйеуің - біреу ғана!» 
Ашуланып, ашынып сөйлеп жатыр, 
Өз қызына жамандық тілей ме ана?! 

Хал сұрауға келіпті құрбылары, 
Мас сияқты, ішкен бе, жынды бәрі. 
Сериалдан көргенін қосып айтып, 
Сегіз қатын сыртынан жыр қылады. 

Осы қызды мақтайтын ел әуелі, 
Ар-намысы бәрінен жоғары еді. 
Болғаны ма ең сорлы бейшарасы, 
Қызы еді ғой ауылдың ең әдемі?! 

Жұрттың сөзі жүйкесін қажалады, 
Жек көргендей о, неге жазалады?! 
Ішіп алған жездесі жұбатқан боп, 
Жамбасынан сипалап, мазалады... 

Осы ма енді көретін күні мәңгі?! 
Бір ажалдан ол бүгін тірі қалды. 
Күшігінен өсірген «Алабайы», 
Көйлегінің етегін жұлып алды! 

Адамдар-ай, о, неткен қатал бәрі, 
Қатты болып кеткен бе апам дағы?! 
Өлейін деп ойлады бүгін түнде, 
Төсегінде дөңбекшіп жата алмады... 

Жын басқандай, әуреге түсті жаны, 
Қара бұлттай жан-жақтан қысты бәрі. 
Атын атап ауылдың жігіттері-ай, 
Терезенің түбінен ысқырады... 

Төсегіне біреу кеп күбірлей ме? 
«Шай ішейік, тұра ғой, күнім?!» - дей ме? 
Жігіттердің жаңағы ысқырғаны, 
Үйіндегі шәйнектің үніндей ме? 

Сандырақтап атырды-ау таңды мына, 
Тәубе деді ол сосын тағдырына. 
...Ояна сап күйеуін сүйіп алды, 
Түсі екен ғой осының барлығы да... 


20-30-sda-e1334292338917.jpg
Өксітіп, өкіндіріп

Рахат Әбдірахманов

Өзектен өрлігімді өктем етіп, 
Көргенім осы еді ғой көкке бекіп. 
Ең асыл адамымды Сүйемін мен, 
Өксітіп. Өкіндіріп. Өкпелетіп. 

Хат беріп жібермедің неге түннен, 
Кешірсең 
Кешіксем де, келетін бе ем?! 
Сендік мұң- менің күнәм. Түн куәсі... 
Жыр оқып берем енді не бетіммен?! 

Қысты қойш... 
Келеді ғой күліп көктем, 
Әр күні шуағымен үміт төккен. 
Жүремін өзімді өзім іздеп күнде, 
Күйбеңнің көшесіне сіңіп кеткен. 

Таңыма тәубе етпесем, бағыма сын, 
Өмірдің өлең дедім мағынасын. 
Шөлдеген кездеріңді, 
Тұңғиыққа 
тұншығып бара жатып сағынасың. 

Бүгінгі сезім жалын, кешегі де от, 
Кей кезде кезбе алаудың кеселі көп. 
Тиер ме ед таңдайыңа тылсымға еру, 
Жазылсам маңдайыңа бес елі боп….. 

Өзектен өрлігімді өктем етіп, 
Көргенім осы еді ғой көкке бекіп. 
Ең асыл адамымды Сүйемін мен, 
Өксітіп. 
Өкіндіріп. 
Өкпелетіп....


R6hqbsHGfDE.jpg
Сені ешкімге бермеймін

Ақберен Елгезек

Сені ешкімге бермеймін!
Сұрамасын! 
Сұрамасын, жанымның мұнарасын!
Маған сені Тәңірдің өзі берген,
Пейіште періштелер жылағасын! 

Мен сені көкте Күнге қызғанамын!
Сезіле ме жүректің мұздағаны?
Мына опасыз дүниеде күнәсі жоқ, 
Тәңірдің сүйіктісі біз ғанамыз!

Мен сені сүюден жалықпаймын, 
Қанатсыз-ақ қасында қалықтаймын!
Сен қасымда болғанда жұмақтаймын, 
Сен жоғалсаң, алаулы тамұқтаймын!

Мен сені сағынудан азап шегем, 
Азап шегем.. 
Бұл азап ғажап неге?!
Кеудемдегі жалынмен салыстырсаң, 
Аяз болып көрінер тозақ деген!

Біреу менің көзімнен байқар күзді... 
Мен сені ұмытуға қауқарсызбын!
Имандылық заңдарын бұзған бұлар, 
Жүзі күйген пенде деп айтар бізді..! 

Айта берсін!
Құлағыма ол сөзді іле алмаймын, 
Себебі мен сезімсіз жүре алмаймын. 
Өзгелерсіз күн кешсем, өкінбеймін, 
Ал, өзіңсіз өмірді сүре алмаймын!


fb6ff4ddafd0a8d2bc52d64ebce6d352.jpg
Хат

Ықылас Ожайұлы

Кеудеңдегі мамырлаған дүрсілден,
Менің тайқы маңдайыма нұр сіңген.
Жан дүнием жап-жасыл боп бүрлеген,
Жанарыңның исінен.
 
Қаңтарымның қара шашын тарқатып,
Сені сүйдім сәуіріңнен от алып,
Сүйдім сосын, он сегіз мың ғаламды,
Омырауыма қотарып.
 
Жанарымнан жасыл бояу ағылып,
Құлын мүше, құс үніңді сағынып.
Бозамық таң бозарғанда көз ілем,
Кірпігіңді жамылып.
 
Алыстасың... арамызда күн өткен,
Сағыныстық сары түсті жүрекпен,
Сенің хатың – тағдырымның пейіші,
Періштесін дүреткен.
 
Сенің хатың талып жеткен қанатын,
Салқындатып қарашығыма малатын.
Жан дүнием жазуыңдағы жұпарға,
Сыбызғысын шалатын.
 
Хатың келді...
Дәтім шыдап айталман,
Өзегіне өкініштен  зар толған,
Жазуынан жан әлемі қорланып,
Жанарынан қан тамған.
 
Боз жусаны бүрлегенде жанымның,
Қалқам, неге қанатымды қайырдың?
Қасіретімді кертіп жаздым сол түні
Қабығына қайыңның.
 
Қаңбақ шалдай қаңғытқан соң сынақ күн,
Өн бойымды өлең етіп жылаттым.
Көңілімдегі қыл қобыздың бір талын,
Көз жасыма тұтаттым.
 
Солай жаным, сол қабырғам тұсында,
Мен қысылдым, сол қызыл ет қысылса.
Кісенделіп, беу, періштем,  сен тұрдың,
Кірпігімнің ұшында.
 
Тайқы маңдай ғаріп басты сенделтіп,
Жастығыма жазықсыз жас жерлетіп.
Кетсең-дағы есіміңді келемін,
Ерінімде тербетіп.   


1920391_795275530522327_3840259779268455291_n.jpg
Ұмыт мені

Бауыржан Қарағызұлы

Ұмыт мені...
ойлама,
өшір мені есіңнен,
Өлсін ойлар,
өлсін сөз,
өлсін Өмір есірген.
Менің досым – «Өкініш» – Сенің ессіз ғашығың,
Енді Мен де мыңдаған ғасырлардың жасымын.
Қан аралас жаспын – Мен, өтінемін жолама,
Менің сорлы сезімім қаңғып өлсін далада!
Өлсін дала қамығып,
Өлсін қала қағынып,
Мен де өлейін дұғамда.
Өлсін қазір Уақыт, ұмыт, ұмыт барлығын,
Өлсін түндер көміліп, өлсін шөлдеп зарлы күн!
Аңсар сөзін ұқпадың, Мен адастым жоқ шара,
Кінә тақпа Тағдырға, сосын, Мені ақтама.
Өткен ғұмыр – хақ Тағдыр, келер күндер Еркіңде,
Мен Еркіңде өртендім, Сен айныма сертіңде,
Өлді.
Бітті.
Жоғалды.
Сөнді үміт – қайғылы ой,
Ұмыт мені, ұйықта,
Әлди,
әлди,
әлди-ай,
Кекіліңнің әр талын гүлмен тарап берейін,
Кірпігіңді, жан сөзім, жырмен санап берейін,
Қайырындай Сәлемнің, мейіріндей Тілектің,
Көздеріңнен сүйейін ерінімен жүректің...
Ұмыт мені, болды енді мүлде, мүлде ойлама,
Бірге өткізген тәтті түн – Сенің Түсің жай ғана,
Ғұмырымды өрнектеп ақ махаббат билеген,
Бірге өткізген сәтті күн – Менің Түсім жай ғана...

0ffcae40355dbbe5db07b5b3da230354.jpg
Көз жасы

Ерлан Жүніс
 
Кінәмшіл сезімдер кешірткен кезімнің
Бұлты ауып барады басымнан.
Мен биік тұруды үйрендім,
Өзімнің
Бір тамшы жасымнан.
Бала-аңсар сағымы ойнаған даланың төсінде,
Кезінде көктемгі жаңбырдың,
Алғашқы көз жасым тамғаны есімде -
Бр тамшы уыты тағдырдың.
О, сонда сезсемші,
Өтемін
Қаншалық азапты боларын төлеудің:
Әлемнің өзгеріп кетерін,
Өзгеріп кетерін өлеңнің!
Бұл дүние тым басқа болатын,
Жас ыршып түскенше жанардан,
Сол бір жас - қара түн,
Ақ нұрдан жаралған,
Тырс етті...
Қара жер дір етті!..
Топырақ болмысы өзгерді:
Өзгертті ол гүлдерді, құстарды,
жүректі...
Сөз де енді
Білсемші келмесін қалпына бұрынғы,
Ауытқып кетерін ғасырдан!
...Үйрендім мен солай биікте тұруды
Көзімнің бір тамшы жасынан.
Содан соң...
Таулар да жылаған,
Дала да жылаған,
Ешкім де болмады себебін сұраған,
Себебін білмеді бір адам.
Олар да өзгерген,
Өзгерген өлеңмен...
...Бір тамшы жас тамып кетпеуін көздерден,
Күзетіп келем мен
О, сол бір тұманды жылдардан!
Кешсем де басқа мұң,
Мен енді жоқтаман жылдарды ұрланған,
Мені енді жылата көрмеші, Аспаным!..


babash.jpg
Ей менің ең бақытсыз кейіпкерім

Бақытгүл Бабаш

Жанымның жырға ғана жиып кенін,
Халімді ешкім ұқпас кейіптемін.
Өлең деп өміріме ендің неге,
Е-ей менің ең бақытсыз кейіпкерім!

Дауасы табылмаған дертім қалың,
Бейуақта кезігіп қап еркімді алдың.
Ұмыттым «Енді ғашық болмаймын»,- деп,
Жазылған жүрегімде сертім барын.

Арбалдым жанарыңа, алдым-тұман,
Көңілде жауабы жоқ қалды күмән:
Мен асып кете алмадым маңдайымнан,
Сен қашып кете алмадың тағдырыңнан.

Жалғанның жүзі толы ақық нұрға,
Арманды күл қып бітті уақыт мынау.
Өлең деп өміріме ендің неге,
Ей, менің ең бақытсыз бақыттым-ау!


1560563_527533400706059_1695220051071485121_n.jpg
Бәрiмiз нүктемiз түбiнде

Құралай Омар

Бәрiмiз нүктемiз түбiнде.
Бақытты сұраймыз бүгiнге.
Керек пе?!
Жалғанның қызығын, байлығын
Ол жаққа апара алмаймыз, түгiн де –
Қабiрге қойылған ең соңғы гүлiн де.
Жаныммен аттанар тек қана өлеңiм,
Жазылған мөп-мөлдiр тамшының үнiнде.
Сұрақшы тiзгенде қатемдi,
Жыр оқып беремiн,
Перiште түсiнер жүректiң тiлiнде.
Жұмаққа жол алып жырларым, жаным да.
Дос қылған адамын, құсын да, аңын да,
Мен сосын оянам пейiштiң таңында.
Алланың қардай ақ сенiмiн арқалап,
Әзiрге жүрмiн-ау сол сәттiң қамында.
Күндерiм жоғалды, таң ұмыт, кеш ұмыт.
Қол бұлғап алыста неше арман, неше үмiт
Жетелеп жүрiп-ақ есейттi, өсiрiп.
Құдайын ұмытқан жандарды
Адам деп түсiнiп,
Пенде деп кешiрiп,
Қаламға құйылған Тәңiрдiң жолдарын
Кей-кейде отырам қағазға көшiрiп.


1414745547_l.jpg
Қар жауып тұр

Айжан Табаракқызы

Қар жауып тұр...
Жұтаңдығын жасырмаққа қаланың,
Ал менің ше?..
Мендегі ескі жараның,
Бүгін тағы батқандығын жаныма,
Ұқпады ешкім... жалғыз кетіп барамын...

Білу ауыр саған ол жан бөтенін,
Қаншама жыл қайғыны үнсіз көтердім...
Алғаш рет, гүлге.., сосын... сізге де...
Селт етпедім...
Білмейм, неге екенін...

Гүлді аядым жазығы жоқ сыйланған,
Сізді аядым күлген болып... қиналған.
Сосын... сосын... жүрегімді аядым,
Жоқ бақыттың баянына иланған...

Қоңыр бақ-ау, жанымдай боп жүдеген,
Бірдеңе ғып мен де өмір сүрер ем
Жүрегімді ертіп келіп тұрмын ғой,
Қайда көктем, біз Тəңірден тілеген?

Өткенімді таптап келіп тұрмын мен,
Өткенімді жоқтап келіп тұрмын мен.
...Тым қорғансыз екенімді еске сап,
Өмір бұлай жылатарын кім білген...

- Гүлді қойшы... Гүл ғой ертең солады...
- Сізді қойшы... ((адастырар жол əлі))
- Бүгін қай күн?..
- Наурыздың сегізі...
- Бəрі жақсы болады! 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар