Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Сұраған Рахметұлы: Бара жатырмыз һәм келе жатырмыз...

22.10.2017 5437

Сұраған Рахметұлы: Бара жатырмыз һәм келе жатырмыз...

Сұраған Рахметұлы: Бара жатырмыз һәм келе жатырмыз... - adebiportal.kz

Кішкентай ғана желдеткіштен далаға қарай үңілеміз?! Шіркін кеңістік. Сол дәуірдегі кеңістіктің тұнба самалы. Өлеңнің үнін сүйреген өкпек желдің өтінде тұрып өлең туралы ойлайсың!

Өрімі өңірден өтіп өмір сүріп жатқан ұлы поэзия даңғылында келе жатқан, дара келе жатқан қандай ақын бар? Заманы тұншықтыра алмаған кімім бар? Уақыттық алдамшы марапатқа бой тасалай тұрмағанымыз көп пе?! Социалистік реализм өмір сүрген дәуірде де осы сұрақтың дауға ұласқан тұстары көп емес. Мысалы, сонау 50-жылдарда түрен көтерген ақын Чехиялық Милан Күндердің (Milan Kundera) өлеңдері дүниежүзінде шу көтергені бар. Оның алғашқы жыр жинағы – «Аманат». Пышақтың қырындай ғана жұқа жинақ – күллі дүниені сілкілеп оятты.

«Аманат» - авангардизмнің шеңберінде қалмаған шығарма. Бүкіл Еуропа түгелдей ұлы көсем туралы, партиялық өмір туралы қызарып, бозарып қақсанып жатқан кезеңде басқадан өңге көзқарас таныту оңай да шаруа емес еді. Ол, «саяси дәме мен идеология араласқан поэзия көп болса қоғамның күйреуін жеделдетеді» деген қорытындыға дейін барды. Ол, поэзияны «жер әлемнің тынысы» деп ерекше әспеттеуді де ұмытпаған жан... Көкірекке келіп кептеліп қалған ойлары өлең боп тамшылай бастағандай тұста ғалам поэзиясын көгерткен ақын. Көп ұзамай-ақ Төлеген Айбергеновтың «Аманаты» (1975) жарық көргеннен кейін поэзия әлемінде басқа да кескіннің болатындығын рухани бодандықтағы қазақ жастары түсінген болуы мүмкін.

Жапонияның жазушысы бүгіндері әлемде қисапсыз оқырманы бар Харуки Мураками үрген иттің «сөзімен», «менің үргім келмейді, бірақ үрмесіме тағы болмайды» дейтіні тәрізді поэзия туралы тағы да тіл қатуға туралап келеміз: Got very litte time.

* * *

Рухани өмірдің бір жағы – дағдарыс, екінші жағы үдеріспен ұласып барады. Бұрынғы ұстаным жоқ, оның сұлбасы ғана бар. Бізді адастырып жүрген де сол ескі сұлба, сорап. Көп жылғы қасаң идеология күйреген сәттен бастап ізденіс, сұраныс, таңданыс етек алды. Жаппай үрку, қорқу, күмәндану үстіндегі ХХ ғасыр толқып жатты. Әлде тұтас жаңару құбылысын толғата қабылдау жолындамыз?.. Білмейміз... Қисыннан қыңыр кету, шет қону жағы да көрінеді?..

Себеп, ХХ ғасырда емес, себеп – ғасыр жаңалығында. Біз білетін пәлсафа жым болды. Ел білмейтін идеализм аумағындағы теңселіс пен тербеліс заңдылығы - модернизм бағытын ұстанатын санқилы ағымдарға жол ашты. Философиялық кілт (код) әуелі поэзия әлемінен көріне жөнелді! Өріле жосыған өлең жолдарында аса қуатты негіздемелер мен зерделенген қисындардың іздері сайрап жатты. Бұрын-соңды біз жүрмеген жаңа сүрлеу. Өкініштісі біздің заман ниет пен ұсынысты қиып тастаған еді.

Ми қабатындағы сан жылғы өңездерден құтылу жолында біз ұлы тәуелсіздіктің арқасында соны әсердің дәмін шұғыл тата бастадық. Әуелі сана пайымдағы қарапайым азаттықтың болуын қаладық, көрдік те. Зәуде зәремізді алатын «құбыжықтар» Зигмунд Фрейд, Франц Кафкалардың құбылысты «түсін» жоритын халге де ептеп келе жатырмыз?! Мысалы, ұлы тәуелсіздік, рухани бостан болу, санамызда қордаланып қалған шалықтан арылу, ал, содан кейін ғана дербес ойлау арқылы түгел әлем жасаудың қамына шапшаң кірістік. Шығармашылық еркіндік пен сана азаттығы мінеки осы. Еркін ойлану, бәсекелестік, өркен мен өсу жолындағы қияссыз, риясыз жоспар мен долбар түзелді. Ең бергісі - неменеге сілейіп, нендей затқа тіреліп тұрмыз дегенді білдік, сездік. Біз әдебиеттің өлшемін тек дүрсін долбармен ғана өлшейді екенбіз. Кейін қалудан гөрі теріс кетудің қиын зардабын ұқтық. Хаосизм «ғазауатымен» жеке бастың метафизикалық тұрағының сәйкес келетін тұспалын танымағандықтан ұлтшыл азатшылдары ұлы ағартушылар Мағжандарды құрбандыққа шалуды «дұрыс» деп көрдік. Жүйенің күйесін бетімізге жақтық. Азаматтық азаттықсыздық, жігерсіздік құртты.

Содан ХХ ғасыр бізді кейін ысырды, ысырмады кейін теуіп жіберді. Осы кезден мүмкін жеңіліске үйреніп көндіккен болармыз. Өз өмірін мәңгілік шегініс пен жеңіліс деп түсінетін біздің осы күйден жаратқан да жалыққан шығар?! Трагедиямен бетпе-бет келе алмайтын көнбістікті көбік әдебиетке жамадық. Біздің әдебиетте (Мағауинге дейін) «Мен» болмады. Біз ешкімге беймәлім мүйісте өмір сүрген жоқпыз, тек қызыл желідегі идеологияға ғана байлаулы едік. Көсеммен бірге көрсоқыр болуды көруді емес сығалатпауды ұстанған жынды қисын бәрін бұзған.

Жалаң бояу, көзбояушылық (conformist) долбарлап көрсету, алқын-жұлқын еліктеу, күштеуден кеңістікке қарай көзқарас еркіндігіне ойысуға экспрессионизм даңғылы ашылды. Өң мен түстің аражігіндегі нәзік түренді үркіндетпей өрнектейтін нақыш (naturalizm), одан кейінгі сұлба сюрреализм, өлі мен тірінің жұлынтұтасында шебер ойнай алатын экцистенциализм жімі алдымызда жосылып жатты.

Бұл өткен ширектегі ой тәуелсіздігі – бізге жеткізілген. Айналып өтетін жол жоқ. «Изм»-ді дерт ретінде түсінуге болмайды екен?! «Изм» - әдебиеттегі майдандардың алаңы. Иә... Қоғам оны біреуден қарызға сұрап әкелмейді. Ол, ізденіс пен сұраныстың, дамудың нақты көрінісі, себеп салдары. Қоғам қандай үлгіні таңдайды – соған сәйкес «измі» қалыптасады. Мінеки. Бір ғана үлгіні таңдап, басқаны қырқып тастауға әрекет жасаған Мао, әйгілі «Тұман»-ды келтірген өмірге. Мұндағы Бей Дао, Ман Кө, Дуо Дуо, Шү Тин, Гу Чен қатарлы гиганттар бүгіндері әлемдік санатта. Күн сайын өршеленіп естіледі. Ендеше Омарғазы мектебі немесе «Омарғазизм» орын ала бастаса ол - шартты құбылыс емес пе? Оқырман элиталық тектілікке қарай аунап барады. Қалайда бір үлгі, баяғы сарыннан жалыққан оларға шектеу жоқ. Егер шектеу, тыйым салуға «күш қолданар» болса - қазақ әдебиет әлемі тағы тұйыққа тіреледі. Әдебиет теориясының таптауырын көпірі бүлінгелі өте көп бола қойған жоқ. Оны бұзатын күш қоғамдық руханияттағы күшті өзгерістер әсерінен болуы заңдылық. Қазақ әлеміндегі әдеби құндылықтар һәм құбылыстар көптің рухани өсімімен өзектеседі. Айталық түрлі ерекшеліктер мен әдебиет ортасынан шығатын мінездер өзара сәйкестікке бір жүйеге келеді, тіреледі.

Көркем, кесек ойлаудың кемелі сол сәттен басталуы мүмкін. Бұлай ойлаудың үрдісі бізде жоқ демеймін. Жетеді. Қазақ поэзия құдіретіндегі образдық кескіндер мен абстракция деген ұғым әлдеқашан қалыптасқан. Бірақ, Кеңестік сарындағы халықтық дүниетаным философия мен осызаманауи еркін өлеңдердегі иірімдерде үлкен айырма бар. Біз көнерген әдебиеттегі ғажайып жыраулардан мың жыл артта қалғанбыз. Поэзиядағы бүгінгі «майдандастарда» өре бар, биіктік жоқ. Өткен жыраулардың зау биігін бағындыру ұлы мақсат болып отыр. Бүгінгі жеткен ғылыми жаңалықтар жай ғана табыстар. Әлемтану қисыны бойынша бабалар жырындағы өлшем бізге әлі жүздеген жылдан кейін кездесуі мүмкін. Ішкі ұлы құпия мұнар, сыртқы әлпеті шектеулі көрінетін ғаламды тану әрекеттеріне Аристотель, Сократтардан кейін ешкім батып бара алмаса керек. Махамбет жырларын сарқыншақ қисынмен (теория) немесе жалғанға лайықтап сараптау – оны ойыншық ету болмақ. Ал, Асанқайғы (ХҮ ғ.) биігі төменде тұрған жоқ.

Қазақ поэзиясының ішкі ағысы қаншалықты күшті екеніне біздің өзіміздің миымыз жете бермейді. ХҮІ ғ. Доспанбеттен кейінгі аяни дүниесі бар қазақ «өз рухани деңгейін көтере алатын тұғырнамасы жоқ, тұма өнер турасында сезігі қалмаған» деуге мүлдемге болмайды.

Поэзия – ғаламның анық-қанығын түгендейтін құбылыс екен. Ол, өмірдің ұқсас бір бөлігі. Хаһи. Уақыт пен кеңістікті сезінудің кілті. Сан түрлі ағысы бар адамзаттық ағза. Оқырман мен тыңдарманды үйіріп әкете алатын сиқырлы құбылыс. Ғаламдық санаттағы зерткерлер Р.Уэлик (Rene Wellek), О.Уоррен (Austin Warren) байқаған құбылыс бізде де болды. Ол, ақын Тұмағам (Тұманбай Молдағалиев) еді. ...Көзімді жұмсам да көрем сені

Еседі арманның қоңыр желі

Куә бол, Алатау арманыма

Куә бол, Көк терек көлеңкелі.

Куә бол, Жұлдыз

Куә бол, айым

Куә бол, Алатауым...

Поэзия түріндегі – символ. «Қызыл түрмедегі» жер мен ғарышаралық кеңістегі ақынның шыңы осы. Ой - сананың нәзік қылын шертетін тылсым шеберліктен туған өнім. Танымның қуатымен тас зынданды талқандап жарып шыққан өсім. Акмеизм, тіптен футуризм алаңында ойлап, болжамаған жерден жамырап шыға келетін әлемдік – символ. Болмысты еш нәрсеге ұқсамайтын шеберлікпен зерлеп айта алатын ақындық кие осы болса керек?!

Социалистік реализмшіл жатырқауық мінезді икемдеп, жөнге келтіру оңай емес әрине. Дейтұрғанмен еркін ойлауға шідер, тұсамыс салуға болмайтын кезге келдік емес пе? Ақын, жазушы жаңалық ашса - оған түртпек емес, қолдау керек. Текті оқырман оқшау ойға еркін құрылған дәлме-дәл шығармаға мұқтаж. Биліктің ықпалымен еркін ойдың өңін бұзу, жолын бөгеу, дойыр содырларға сабату, жалтырауық салып тапсырыспен арандатуды бүгінгі әлемдік ақыл, ой мақұл көрмейді. Ғаламдық ақыл ойдың бастау көзіне Асанга да, «желмая мініп жер шалған» Асанқайғы да, А.Бергсон, Ницще, Фрейд, Юнг-лер де лайық болуы әбден мүмкін. Қазтуған (ХҮ ғ.), Доспанбет (ХҮІ ғ.) те «...белгілі биік көк сеңгір, басынан қарға ұшырмас!...». Шал ақынның һәм ұлы Абай, ғұлама Шоқанның жолдары қазақ әлемін солай қарай бастап жүрген-ді...

Әсіребатысшылдық (conformist) - оған көзсіз еліктеушілік те бізге жолықпаған емес. Азия әлемінің кеңістігі, түземдік көшпелілердің өзіндік ерекшелігі ұшан-теңіз көп, таусылмас қазына да. Біз игере алмайтын кеңістік, шексіздік те! Батыстан алуға болатын үлгі болғанда ешқашан маңына жолауға болмайтын сүлгі де жетеді?! Бұл жағын сараптаған кезде реализм мен модернизмнің өзара қарама- қайшы өн бойынан өзгеше бірдеңелер табам деудің өзі екіұшты жағдайға жетелейді. Ұлттық, дәстүрлі этномәдени, ғұрыпты әдебиеттің өзінің ішкі қайталанбас сыр-сипатының бүлінуі де, оны ешбір ағымның бұзып өтуі де, әлемдік әдебиеттен тыс дамуы да мүмкін емес. Сол тұрғыда әлемдік үрдісте ізін қалдырған символизм, акмеизм, футуризм, имажинизм, кубизм, дадаизм, сюрреализм, неосюрреализм, постимпрессионизм қатарлы ағымдарды «кәпірлік» деп жиіркенудің өзі біртүрлі күлкілі! Біздегі сонау әр жылдары түрмеге айдалған қара өлеңдердің, өртелген «Аз и Я»-ның (Олжас Сүлейменовтың) ішкі иірімінің өзіне бір шөксең қайта тұруың неғайбыл емес пе еді? Тұма натурализм шоқтары жайнап жататын-ды. Біз сол рухпен жылынған жұртпыз. Қазақ поэзиясы қайта өрлеу кезеңінде де тыңнан түрен салған жаңашылдар аз емес.

...Жұмекен Нәжімеденов, Өтежан Нұрғалиев, Есенғали Раушанов, Мұрат Шаймаран, Иранғайып, Ұлықбек Есдәулетов, Гүлнәр Салықбайлар сентиментализм мен неосюрреализмде... Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Мейірхан Ақдәулетұлы имажинизм һәм пантеизм ауласынан алыстамай табылатынына сенесіз бе?!

Сонау ҚХР-дағы Шәкуртінің қос қайрағы Ерлан Нұрдыхан, Қуаныш Дәлейлер, батыстағы Светқали Нұржандар өз алдына мектеп қалыптастыратын мүмкіндікте емес пе? Ерлан Жүніс, Ұларбек Дәлей, Ақберен Елгезек, Азамат Тасқара, Ықылас Ожай, Дәулеткерей Кәп, Бекзат Смадияр, Әрбибек Дауыл, Ербол Алшынбай, Қайсар Қауымбек секілді екіайрық ағыстағы жаңашылдар да бар. Бұларға, барлық жас ақындарға жетерлік көп мүмкіндікті Тәуелсіздік берді де. Жетпейтіні – ғылыми негіздегі сараптамалық әдебиеттану, теория. Әсіребатыстық емес әлеми таза ілім, Азияға кіріге алмай жүрген саф елес... Әзірге қиыны осы. Қадыр Мырза Әли айтқандай: «...Қазақ ақын, жазушыларының өзі өз алдына бір галерия!». Сол галерияны «шаң басқан архивтерге...» қамауға болмайтын кез. Поэзияда жақсы және жайсыз өлең деген атүсті баға болмауы керек. Кезінде Жорж Бернард Шоу (1856-1950) 1925 жылы Нобель сыйлығын алғаннан кейін өз туындыларын «Жағымды және жағымсыз...» деп екіге бөлген. Соңыра ол, жағымсыз «Пигмалион» пьесасымен-ақ әлемді «жайратып» салған. Жас ақындар ПЕН клубқа жиналғысы келеді. Рас. Жаңарту кезін бастан кешіріп жатқан өліара тұстағылар үшін басқосар тағы да бірер орын қажет-ақ. Болып жатқан экономикалық дағдарыс жазушы қауымын – іштегілер мен тыстағылар деп екіге жіктеуі ғажап емес. Неден қорқамыз? Қазақ қоғамының даму тегершігі өте қарқынды айналуда. Дамудың шарықтауы мен дағдарыстың тереңдеуі арасындағы шығармашылық топтың да арқасына түсетін жүк те жеңіл болмайды. Жуырдағы Есенғали Раушанов қашанғыдан бұрынғы сентименталистік бағытты әкелді?.. Дұрыс па, емес пе? Ендеше баяғы «Қара бауыр қасқалдақты...» (1995 «Жалын») оқы да тыңдаңыз?!

Қара бауыр қасқалдақ, қай жаққа ұштың пыр-пырлап?

Сазың қалды сәбидің еңбегіндей былқылдап.

Қара бауыр қасқалдақ, қасқалдағым кері қайт,

Сиреп кеткен тоғайға, қамықпа деп көңіл айт!

Ұя қалса иесіз, айдын үшін сол қайғы,

Қаңғып келген шүрегей көлдің сәні болмайды.

Өз босағаң бұл жердің, тауы, белі, төбесі,

Босағасын басқаға тастай ма екен, о несі?

Қасқалдағым кері қайт!...

Сезім мен көкіректің мұңға байланған ағыл-тегіл күйі, оның ішкі алаң-асыр дыбысы осылай орын алады. Бұдан артық анықтама беруге менің күшім жете бермейтініне кешу өтінем!

Қатыгез қоғамның бет-бейнесін тырнап күресуге, жұртты хаһи шындыққа шынықтыруға жол ашуға, Сұлтанмахмұтша «Оян, оян!» деп үн көтеруге, «...қараңғылықтың төріне – Күн болмағанда кім болам...» деп жаппай ағартушылыққа жұмылдыруға шақыру сентименталистік оқшаулық емей не?

Оқырманды ойдан, ойға жетелеу, ішкі тәтті күйзеліс күйлеріне қозғау салу, домбыраның құлақ күйіндей нәзік ыңылы мен әуеннен әуенге алмасып тіптен елестен анық мазмұндар іздеуге дейін оқырманды дуалайтын сиқырлық модернизмде толы. Келісесіз бе, жоқ па, өзіңіздің еркіңіз.

Ең бастысы - оқырманның өзін тануына жол ашатын жағын да елемеуге болмайтындай. Поэзия әлемі барлық оқырманға бірдей тең дозамен әсер ете алмайтындығын тек автордан ғана іздеушілікпен айналысар болсақ ол бос әуре. Патша мейірлі оқырманның күрделі көзқарасы, оның ынтасы, тұтыну, сіңіру қуаты, рухани ішкі жандүниесінің кеңістігі әрқалай болуы заңдылық. Сюрреализм, неосюрреализм тағы басқа ағымдар оқырманға өлең шайнап беретін ет мәшинесі емес!

«Қара түн маған қара көз берді,

Қара түрен ақ шуақ боп өзгерді» - бұл Қытай ақыны Гү Ченнің өлеңі. «қатарластар» деген атпен әйгілі болған өлең. Аян мен сәуе, галлюционация (hallucination) немесе елес, әйтеуір бір құпиялықтың мәні бар астарлы ырғақ.

Маңғаз көркемдік, тігісі бей астар, әсіре бояу (abstract)-лы неосюрреализм нышаны бар мән. Ал, Тыныштықбектің «Галлюционациясы» тіпті бөлек. Есенғалида «Түс» деген өлең бар. «Қара түнде қызыл шоқ барады ағып...» деген жолдары есте қалған. Иә, солай.

...Тайғақ кешіп, тау кездім.

Тас та бардым.

Не де болса бір жолды бастап алдым.

Бірдеңе айтқан боламын,

бірақ даусым,

Дауысы боп шығады басқа адамның.

Қара қошқыл қабарған далам өңі,

Қайда кеткен бұл маңның тамам елі.

...Бұл нағылған ұзақ түс,

Бітпей қойды-ау,

Түу, тезірек оянсам жарар еді?!

Бұл өлең ұзақ өлең болуы мүмкін. Бірақ, шытырман (absurd). Жеңіл қарасаң сайқымазақ кескіндер секілді, үңіле қарасаң тым басқа өң беретін сүлдер. Оны оқу үшін үшінші көз қажет болады.

Осы заманғы поэзия қазақ әлеміне әлемдік тынысты ұсынды. Ендеше әлемдік тыныспен өмір кешу үшін әлемдік түренді таңдау керек. Жас ақындар, күшті идеалды оқырмандар қалыптасып келеді. Тәуелсіздіктің игілігімен келген әлемдік үдерістен адасып қалмау – басты мақсат. «...Адаммен бірге ақыл да көмілді бірге қабырға, Болашақ бұғып жатты жалаңаштанған тамырға...» Олжас аға солай деген... Иә, солай...

* * *

Өнер – уақыттан тыс өмір сүретін құбылыс. Мәңгілік таным, мәңгілік ұғым. Адамзаттың ғұмырындағы шешімін таппаған сан алуан жағдаятқа себін тигізе алатын рухани жадыны жаңғыртушы қасиет өнер һәм әдебиетте. Өткен сәттердің айна-қатесіз сұлбасын қайта жаңғырту, ұмыттырмау жан мен жадыраралық толқын-өмір.

Николай Васильевич Гоголь бірде «Нева даңғылы»-нда ғалами тосын ойларды қозғап өтті. Петербургтегі даңғылға құштар жандардың легі ешқандай мақсатсыз қаңғылестенуден емес еді. Мұндағы бейберекетсіздік, еркіндік, уақыт өткізу, ләйім көздер мен тімтінген көздердің түйісетін жеріне келушілерді таңғаларлық дәнеңе күтпейтін, алайда зардапты тауқыметтен сәл құтылып, тыныштану үшін баруы да ғажап емес-ті?!

Гогольдің шеберлігі мен қиялындағы шексіздікті бүгінгі деңгеймен өлшеуге де біржақты кесіп, пішуге де келмейтініндей адамның танымындағы күртік дүниенің айшықтарына беталды баға берудің өзі біз жасайтын шаруа еместей.

«Нева даңғылындағы» Пискарев пен Пироговтің бір оқиғасынан бастау алатын сұлбаның соңынан «сайтан» жетегіндегі сойқан суретшінің басынан өткерген сәтін қандай да оқшау оқиғалармен теңгеріп көруге тырысыңыз. Өң мен түстің арасындағы арпалыс, есін кетірген ойдан құтылу үшін сыза бастаған кескіндер. Соңынан түскен есірткі... тағдыр тәлкегіне түскен жезөкшені құтқара алмайтынын білген сүгіретшінің өзін-өзі өлтіруі!!!

Адамның ішкі жандүниесіне үңілу үшін ең бастысы – сол бір кездейсоқ істің өрбуіне деген сезімнің пайда болуын байқау керек пе?! Жазушының қаламының ұшы қалай бұрылса да бір хаһи сенімге қарай бұрылатынын білеміз бе? «Нева даңғылын» кезінде Ғали Орманов ептеп аударған болу керек... Шайтани өмір аралас даңғылдың алдамшы көрінісін дәл мұндай мазмұнмен бере алған жазушы болса ол - Гоголь.

Құмырсқаның илеуіне қарап тұрғанда құжынаған сансыз жанкешті өмірдің үстінен түсерсіз. Мүмкін Мұхтар Мағауин дәл осы жағдайдан ой өрбіте келе – «Құмырсқа қырғынды» астарлай жеткізуді ойлаған шығар. Кезінде біз немістің ұлы жазушысы Лион Фойхтвангердің «Наданның тапқырлығы» атты шығармаға үңіле қарағанымыз бар. Мүмкін арзан бірдеңенің ұшығын табуға құлшынған сәтіміз де сол шақ.

Француздың ойшылы Жан Жак Руссоның өмірмен өзектей өрілген роман әуелі біз секілді басының дымы кебе-құрғақтарға жұға қоймаған да болуы мүмкін. Шығарманы оқу күрделі еді. «Қандай бір істі бастай жөнелу қиын...» дейтін афоризмге сүріндік. Оңай өте алмадық т.с.с. Себебі біз, «Дүниеғайыпты» жазған Рақымжан Отарбаевтың «Бас»-ынан қорқатын елміз?!

Жан Жактың өмірлік қағидаты – «...Өркениет ғаламды тас-талқан етті. Жоқшылық пен тапшылықтан рухани жұтаңдықтан құтылар жол іздесеңіз, қарапайым тірлік кеш, табиғатқа қарай оралу қажет...». Осынау еш күрделі емес қисынның тізгінінде жүрген бұрынғы Патша сарайының күзетінде әмірлік қызметте болған Жирарден граф өз баласы Фернандамен бірге табиғат аясына қарай беттейді. Кешікпей Жирард Жан Жактың бір шығармасы «Жаңа Холейзе»-де көрінетін жерұйықты жасап та үлгереді. Жан Жак кейін осы жерұйыққа көшіп келіп қоныстанады.

Мінеки біз бұл жерде неміс жазушысы Лион Фойхтвангердің нағыз өрмеші «өрмекші» екенін көреміз?! Ол әуелі өзі – «адам туада еркін бола тұра әманда шынжырдан босай алмайды...» деген әйгілі пайымды ойын қадайды. «Бір молланың соңынан қырық шайтан ереді» деген қазақы тәмсілді біз де қосайық. Жан Жактің әйеліне және қайын енені арбаушы Николас деген зымиянның ендігі түпкі ойы – ұлы ойшылдың еңбектерін баспасөз компанияларына сату еді. Ол осы жолда Жактың бәйбішесі Терезаға «қырындай бастайды». Оны сезген Фернандоның жай-күйі шығарма желісінде сәтті таңбаланған. Ақымақ әйел, хайуани үдедегі атқосшының әккілігін жазушы; «...Француздың ең әйгілі әндігері осыларды өзіне серік етті...» деп қынжылады.

Мұндағы хайуанилықтың тағы бір айғағы – Жан Жак Руссоның әйеліне Фернандоның қырындауы. Данышпанның құпияларын ашып көру үшінгі «ойын тәсілі» қайын ене Левессердің де оның қызы Терезаның да сенімін иектеп ашыналағанын көреміз. Фернандо Жан Жактың ешқандай әсірелемей жазған «Мінәжат» атты еңбегіне құпия түрде танысады. Шығармадағы баяндалатын бояусыз ақиқаттардың шытырманына сіңген жас «оқырман» Фернандоның көз құртын қоздырып, сілекейін шұбыртады.

Жазушының жандүниесінің жасырыны жаратқан Құдайдың жарлығынан да кем түспейтін құдіретті еді. Жан Жакты жан жағынан қарайтын жасырын мазмұндардың сырын ашатын «кілттің» қарапайымдығы мен күрделілігіне қана алмай ынтыға түсесің?!

Дүниедегі барлық ақиқаттың бетін тырналап ашуға әрекет етудің бір көрінісін сезінеміз десек те болады. Бұны осымен доғарайық. Тағы да сол Францияның жазушысы Жан Поль Сартр да бір сәткі ілкінді ғұмыры мен болмысының ақиқи жағын көппен бөлісуге ұмтылған. Сол Сартрдың «Сөзі» 1964 жылы Нобель сыйлығын да алған. Адамның өмірінде кездесуі мүмкін емес зұлмат ызғарлы тағдырдың «бетін ашу» үшін жазушының өзі де сондай зілді, суық қатыгездікпен өсуі керек секілді?!

Әдебиеттегі батыстық әсіре Еуролық ауро мен Азиялық үлгінің аражігін жымдастыруға құлшынып отырған жоқпыз. ЕуроАзия екі құрлық, екі әлем. Әдебиет үшін де солай. Бүкілазиялық өзіндік кескін мен келбетті ептеп қана бірін екіншісімен сәл айырмашылықта түйсіну үшін бізге нәзік икемділік қажет. Европалық, батыстық ерекшелік пен Азиялық еркін астарлы ой сарындарын біз өзара үндестіру деп атауға болатындай. Сол үшін бізге Сартрлар қажет! Қазақ әдебиеті әлемдік биікке жету үшін ежелгі көшпелі рухқа сәйкес, тіпті мүлдем басқаша тылсым құпиялы ішкі желіні көрсету керек. Ішкі пернені... Әрине ол – ПанАзияизм пернесі, Асқар Сүлейменов, Таласбек Әсемқұлов, Айгүл Кемелбай, Тұрсынжан Шапайдағы астарлы (apologos) қиысымдар. Кезінде Жүсіпбек Аймауытов Ги де Мопассан (Guyde Maupassant)-ның «Алқасын» ақтара бастағаннан кейін өмірге «Ақбілекті» келтірген!!!

Қазақтың даласын, байтағын көрмеген сезінбеген әсіре қалалық өркениет құлдарына біз қай «ерекшелігімізді» ұсынамыз. Ендеше әзірге сол ерекше «үн белгі» (символ) Мұхтар Мағауин, Төлен Әбдіктерден көрініп тұрған жоқ па?!

ХХ ғасыр әдебиетінің кескіні батыстық үлгіні «үлгі» тұтуға дейін тұтанды. Мұны әлем әдебиетшілері белгілі құбылыс ретінде ұғындырып келеді. Рухани әлем социалистік реализмнің қызыл армиясының қызметін біз жақта жақсы атқарды. Содан болар біз басқа біреулердің ақыл-ойына құлдық ұрдық.

Азияда Қытай империясы Маоның қағидатымен аса күрделі өнер жасауға дейін барды. Бірақ, Мао «Тұманға» құрық сала алмады. Маодан Мо Янға дейінгі аралықта Азияның кеңістігіндегі әдеби үлгі тек «майдан» қасіреті ретінде көрініс тапқан-ды. Ендеше әдебиеттің сыртқы түрі егіз қозыдай болғанымен ішкі жағы әлемтапырақ, алақұйын күйде болғанын көрдік. Иә, Мағауин «Аласапыран» аясында аласапыранмен жүріп «Қобыз сарынын» берді. Төлен Әбдік – «Айтылмаған ақиқат» пен «Парасат майданында» «Тозақ оттарында жымыңдады».

Кейбір романдардан көрінетін ішкі жарыстардан адамзаттың болмысқа қарай аялдап, аяңдауы деп байқауға болады. Аяңдау дегенімізді баяулау деген ұғыммен жалпы шатыстыруға болмайды. Аяңдау дегеніміз – жылдам жүруге қарсы ұғым емес. Соңғы романдардағы бір нәзік дүниелер – адамның асығуы мен сабыр сақтауында жатыр-мыс. Автобус соңғы аялдамаға дейін барлық жерге аялдайды. Соған ұқсас жазушы да өз алдындағы аялдамаларға еппен, аяңмен жетуі керек пе?..

Бүгінгі қоғам – жазушы деген хайуаннан дүрлігіп үркіп жүруді күтпейді. Тіптен биліктің жұмсақ креслосына жантайып жатып суыт жазылған дүмбілез шығармаға олар кідіріп «отырмайды». Роман – қоғамның ішкі тынысы шығатын жерінде көктейтін өніс. Роман – адамның ішкі қозғалысы мен тән меншігіне қатысты ағыстың көрінісі. Сол үшін оны құбылыстың құбылысын ашатын «кілт» деуге болады.

Бірақ, роман жанрына қатысты бүгінгі теория (қисын) мүлдемге өзгеріп кетті. Оқырмандардың өзі керемет кіді талаптар қоятын болды. Сарапшылардан да биік?!

Роман. Бұл үшін бас қатыру керек пе?! Иә дейміз бе, жоқ па? Жапонияның Кэнзибур ОЭ-нің стилін айту, қайталау керек пе? «Бүгінгілердің ойыншығы» атты еңбегіне Нобель сыйлығы берілген-ді. Бұл жазушы өте көп жерді аралаған кезбе. «Аралап талай жердің дәмін таттым...» Үкілі Ыбырай осылай деген. Қазақтың сайын даласына жүзіп жүрген түрлі иірімдерден аңыз бен ой сүзген Айтматов та тез танылған-ды. Түземінің сафтығы оның көкірегіне аса тұнық шуақ енгізді. «Хрущевтің баласы» жөйттердің көмегімен төрлеген кезінде «Қазақ көпірмен» өтіпті. Алайда Аймауытұлы секілділерге мұндай бақыт бұйырмапты...

2016.11.12

Сұраған Рахметұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар