Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Омар Жәлелұлы: «Абай жолын» оқыма деу - кәсіби жаз...

16.02.2017 12915

Омар Жәлелұлы: «Абай жолын» оқыма деу - кәсіби жазушыға лайық пікір емес

Омар Жәлелұлы: «Абай жолын» оқыма деу - кәсіби жазушыға лайық пікір емес - adebiportal.kz

Кеше Ұлттық академиялық кітапханада филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақ әдебиеті кафедрасының доцентіОмар Жәлелұлының «Харекет» атты монографиялық еңбегінің жарыққа шығуына орай оқырман қауыммен кездесу кеші болып өтті. Кездесуге Астана қаласының жоғарғы оқу орындары мен колледж студенттері, жоғарғы сынып оқушылары, оқырмандар және БАҚ өкілдері қатысты. Кеш барысында Абайдың «Адам бол, мал тап» қағидасы төңірегінде әңгіме өрбіп, оқырмандардың сауалдарына жауап берілді. Кездесу соңында Омар Жәлелұлын аз-кем әңгімеге тартқан едік.

7fc1ab7f63719c16b1c639f5230aef8a.jpg

Омар Жәлелұлы

c57c3d1808d7e70126672536ed2ba880.jpg

- Омар ағай, Абай әлеміне тереңдеп жүрген ғалымдардың бірісіз ғой.Қазір қаламгерлердің арасында «Абай жолын» оқудың қажеттігі жоғы немесе ықшамдап берілуі туралы жиі айтылып кетті. Осы пікірірге сіздің көзқарасыңыз қандай?

- «Абай жолын» оқымау деген, меніңше, қате көзқарас, бұл кәсіби жазушының айтатын сөзі емес. «Абай жолын» оқымағанда, нені оқисыз?! «Абай жолы» - біртұтас дәуірді қамтитын шығарма, ондай шығарма, өкінішке қарай, бізде әлі жазылған жоқ. Жазушылық шеберлік жайлы айтпағанның өзінде, Мұхтар Омарханұлының тіл байлығы, тіл мәдениетінің өзі неге тұрады?! Өзің оқымағаныңмен қоймай, әдебиет әлеміне қадам басқан, қазақты тануға ұмтылған жастарды айнытпау керек сияқты.

- Оқырман Абайдан «Абай жолына» өту керек пе, әлде «Абай жолынан» Абайға ма?

- Біз Абайды тек қана Өзі арқылы, нақтырақ айтқанда, өз Сөзі арқылы ғана тани аламыз. Сондықтан, әлбетте, Абайды түпнұсқада оқу бірінші кезекте тұрады. Сайып келгенде Абайдың екі томдығы – Абайдың өзі ғой: тірі Абай! «Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған». Ал «Абай жолы» - көркем шығарма! Бұны ұмытпауымыз керек. Бұл романда сол дәуірдің суреті көркем бейнеленгенмен, әсте деректі дүние деп қабылдауға болмайды. «Абай жолының» кейбір көркемдік шешімдеріне советтік соцреализм әдісінің «салқыны» тигенін еш уақытта жадымыздан шығармауымыз керек.

- Біз «Махаббатсыз дүние - бос...» дегенді оқып өстік. Абай қолжазбасында «Махаббатсыз - дүниедос» делінген дейді. Соңғы болжам қандай дерекке негізделген?

- «Махаббатсыз дүние - бос» деген - бос сөз, өйткені дүние ешқашан бос болмайды: махаббатыңыз болмаса киім кимейсіз бе, тамақ ішпейсіз бе... Адамға қатысы бар нәрсенің бәрін «дүние» деп атайды. Ал «махабатсыз дүниедос» - қалыптасқан ұғым, қазақта бұрыннан бар түсінік. М.О. Әуезов жалпы редакциясын басқарған Алматы, «Жазушы» баспасынан шыққан 1957 жылғы Абай шығармаларының екі томдығында «махаббатсыз дүниедос» деп дұрыс берілген. Одан кейінгі шыққан басылымдардың бәрінде дерлік «махаббатсыз дүниедос» деп берілген. Тіпті мәселе онда да емес, мәселе қазақ әдебиетіндегі қалыптасқан, Абайдан да бұрын бар таным-түсінікте жатыр. Мысалы XVIII ғасырда өмір сүрген Шал ақын былай дейді:

Дүние деген шолақ депті,

Жан денеге қонақ депті.

Ахирет деген бір киім,

Алып қайтарың сол-ақ депті.

Дүние деген осы,

Ешкімнің емес досы.

Болар еді досы,

Аумаса егер қосы.

Байқап отырсыздар, Шал ақын адамға дүние неліктен дос бола алмайтынын соқырға таяқ ұстатқандай қылып айтып тұр ғой. Адамның фәни жалғандағы сапары аяқталғанда, онымен бірге қабірге дейін үш нәрсе еріп келеді екен: әйел, бала-шағасы, мал-мүлкі және иманы. Әйел, бала-шағасы және мал-мүлкі қабірдің бер жағында қалып, ары қарай, мәңгілік сапарында серік болып иманы ғана өтеді екен. Пенденің сеніп жүрген, жақсы көрген Дүниесі (әйел-бала-шаға, мал-мүлік) ары қарай өтуге жарамай, орта жолда пендені тастап кетеді, жолдастыққа жарамай қалады. Бұл оқиғаны Шал ақын бейнелі түрде қатты желден ауып, пана болудан қалған қосқа теңейді. Қорыта айтқанда пенденің алдында дилемма тұрады: Не дүниемен дос болу, не Шын иесімен, Алламен дос болу. «Бір қынға екі пышақ сыймайтыны секілді, бір көңілге екі тілек сыймайды» (Мәшһүр Жүсіп). Сондықтан Абай:

Дүниеге дос ахиретке бірдей болмас,

Екеуі тап бірдей боп орныға алмас.

Дүниеге ынтық, махшарға амалсыздың,

Иманын түгел деуге аузым бармас, - дейді.

- «Харекет» біраз жылғы еңбегіңіздің жиынтығы екені айтылып жатыр. Кітаптың оқырманға беретін бір артықшылығы мен өзіңіз білетін бір кемшілігіне тоқталсаңыз?

- «Харекеттің» бір артықшылығы – санаға қозғау салуында, бір кемшілігі – кейбір ұғымдар қабылдауға ауырлау ма деп ойлаймын.

- Қазір не жазып жүрсіз?

- Қазір «қазақ әйеліне» және «жақсы» ұғымына арналған кітапты дайындау үстіндеміз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар