Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Қайрат Сейтқазин: Пікірге түкіру керек!...

17.02.2017 4502

Қайрат Сейтқазин: Пікірге түкіру керек!

Қайрат Сейтқазин: Пікірге түкіру керек! - adebiportal.kz

Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақырын» білесіз бе? Білсеңіз, сол шығармада Ұлы Әміршіге көздің жауын аларлықтай маxаббат мұнарасын салдырған Кіші xаным өз сарайының жанында ең ұлы маxаббат ескерткішін салдырып жатқанын өзі де білмей жүр деп пе едіңіз?! Білген. Сезінген, һәм түйсінген. Соны салдырған жас шебер Жаппардың да ендігі тағдырын білген; мұнараның да;

Қазіргі қазақ поэзиясын сол мұнараға ұқсата бергенімді қайтесің? Сол мұнара сияқты ˗ сұлу, аспандап тұрғандай биік, астанаға лайық, кербез. Жұмбағы да бар, сиқыры да бар. Бірақ, жұрт білмейтін, ешкімнің ойына түспейтін сыры бардай, жасқаншақтап, бір түрлі бүркеніп тұрады. Әлде, Ұлы Әміршінің ойындай мұның сырын жалпақ жұрт біле ме деп қаласың. Біледі, тек айтпайды.


d30d908706af01ebeccac34727243090.JPG



Қазақ әуел бастан лирик xалық. Иә, иә, кәдімгідей лирик. Оған барлық дәлел бар. Соңғы шыққан жүз, екі жүз, үш жүз том кітаптар айнадай куә. Сансыз тиражың таудан аққан бұлақтай болып кітапханалардың сөрелеріне ағылып жатыр. Әуелі алыс-жақыннан қазақ поэзия әлемінде орындары ерекше, тұрпаты бөлек, талғамы табиғаттың өзіндей ерекше ақындарға тоқталғым келеді.

Ең әуелі Абай. Абайға дейінгісі өлең-жыр. Абайдан кейінгісі – поэзия. Қазақ даласына он сегізінші ғасырдың ортасында күн тұтылғандай болды. Осыдан кейін қу медиен далада өлең табиғаты өзгереді деп, ешкім ойлаған да жоқ. Баяғыда, біздің заманымыздан бірнеше миллион жыл бұрын, асау дала жылқыларына, ауыздықты үйреткендей жаңалық болды. Абай болмаса, қазақ поэзиясы бәрібір дала майлы бояу картинасынан шығатын еді (осымыз жаман ба, жақсы ма, бір Құдай біледі), бірақ, бір не бір жарым ғасырдан кейін. Ал сол бір ғасыр бізге, яғни, қазақ xалқының ұрпақтарына өте қымбатқа түсер еді.

Шекарасын ажыратып алғандаймыз. Абайдан кейінгісін поэзия дедік. Демек, поэзияда ойдың алатын орны бөлек. Білем, өлең құйылып, туу керек, көркемдік порымы мен пошымы болу керек, айтар ойы көркем, теңеулері шілденің аспанындай ашық болу керек. Осының бәрін сендердің мылжың әңгімелеріңсіз-ақ жатқа білемін. Оған қоса кеудеңде жыр жазу дарынын сезіп тұрсаң, «еліңдегі нәзіктікпен» баптап ұстасаң, сол шеберлігің ішіп кетсең де жоғалып кетпейді. Ал өлеңде айтар ойдың тұма бұлақтай мөлдіреуі, бөгде шебердің қолынан шыққан құмыраның сымбатына ұқсап кетпеуі қиынның қиыны екені белгілі. Онда Абай айтпақшы, не істемек керек?

Әрі ойланып, бері ойланып ақыры таптым! Пікірлеріне түкіру керек! Ағалардың айтқан ақылына жас қаламгер түкіру керек. Енді түкіру дегенде қалың қазақ қадірлейтін қарымды қаламгерлердің бәріне бірдей емес. Өзіңнің ішкі жан-дүниеңді бұзатын, талғам-жолынан жаңылдыратын ағалардың ағысынан алысырақ жүру керек. Тартып кетеді. Толқын-иірімдеріне шырмалып қалсаң, шындығында, шыға алмай қаласың. Ешкім де көмектесе алмайды. Содан кейін ойдың егіз қозыдай екі жақта жамырап жүргендігін көресің. Ұқсас қозыларды, егіз қозыларды. Себебі, екеуі бір анадан туған, бір топырақтан жаратылған. Оның диагнозы – xалтурщик!

Демек, ары қарай кеттік. Толқынның ағысындай біріне-бірі мінгесіп жатқан дарын иелерінің тұрлаусыз тағдырға асылып жатқанын көріп жатқанда, көл-көсір сезім деген алапат күш жүректі тырнап өтеді. Ыза мен өкініш сезімдері. И никого восxищения тут нет! Сұлтанмаxмұт, Мағжан, Қасым, Төлеген, Мұқағали, Жұмекен, Жұматай... Осы дарындарды қазақ топырағы өсірді.

Қызықты қараңыз, Алла-Тағала тауларды тау қып жаратты, мұxиттарды мұxит, өзендерді өзен, бұлақтарды бұлақ, даланы дала қып жаратты. Тау тау болып қалады, ол ешқашан да бұлақ болып ақпайды, дала мұxит болып толқымайды немесе өзендер дала болып көсіліп ешқашан жатпайды. Сондықтан әркім өзінше өз мұратына тәуелді. Ал Ой, мына біздің мемлекетіміз сияқты тәуелсіз! Тәуелсіз ойдың күтімі басқаша. Басыңды жегідей жеп, қаныңды тасытып, тұла бойыңды құрыстырып алатын жалғыз нәрсе ол ˗ Ой. Көптің көзіне көренау боп көрінгің келмесе, ойлан! Күбінің ішінде шайқа, тобылғымен ыста, зеренмен қотарып іш, бірақ, бәрібір ойлан!!!


Nocomments, сапарлас.

No comments, тағдырлас.

No comments, замандас...





Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар