Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Талғат Кеңесбаев: Полигонды Олжастан бұрын мен айт...

20.02.2017 7040

Талғат Кеңесбаев: Полигонды Олжастан бұрын мен айтқанмын

Талғат Кеңесбаев: Полигонды Олжастан бұрын мен айтқанмын - adebiportal.kz

Жазушы Талғат Кеңесбаевпен сұхбаттастық. Жақында қырғыз тілінен кітабы шыққан болатын. Негізгі сұрағымыз сол төңіректе еді. Оның үстіне қазіргі әдеби процесс жайында пікір алмасқымыз келген. Сұхбат беруші кей кезде сұрақтан ауытқып, субъективті пікірін ортаға салды. «Содан жеңілдеп қаламын» - дейді өзі. Оның үстіне, «менің жеке пікірімді қалдыруыңды сұраймын», - деп бірнеше рет ескертті. Саяси-экономикалық көзқарастарын өзінің рұқсатымен қиып тастадық. Себебі, біз әдеби әңгімелердің жүгін ғана арқалаймыз.  
Талғат Кеңесбаев классик жазушы емес. Қатардағы қаламгерлердің бірі. Өзінің айтуы бойынша, «сәл талпынса көп жазушыны шаң қаптырады», - екен. «Нобель сыйлығын аламын» - дейді.
Сұхбат – жауынгер жанр. Тоталитарлық қоғам бұл жанрдан қай кезде де қорқып, тыйым салып отырған. Сұхбатта сұхбат берушінің мінезі, парасат-пайымы түгелімен көрініп тұрады. Жазушының шынайы бейнесі, образы осы сұхбатта көрінді ғой деп ойлаймын.  

2a60723387a4cce604c291fef93813b6.jpg


– 1988 жылы Алматыда жастар арасында өтетін «Жігер» фестивалінің проза номинациясы бойынша лауреаты атаныпсыз. Ол кездегі «Жігердің» лауреаты болу, әдеби ортаға мойындалумен бірдей ғой. Одан кейінгі қарқыныңыз не үшін бәсеңдеп қалды?

Мен өзімді жазушымын деп есептемеймін. Бірақ, бірінші кітабым шыққанша өте атаққұмар болдым. Оның алдында менің өмірімде үлкен бір соққы болды. 1988 жылы проза номинациясы бойынша «Жігер» фестивалінде «Француз әтірінің иісі» деген шығармам арқылы лауреат атандым. Негізінде ол фестивальге мені Тыныштықбек Әбдікәкімұлы өз ақшасына алып барған. «Бірге барайық, көрінейік», - деді. Поэзия бойынша Тыныштықбек орын ала алмай қалды да, маған ренжіді. «Сен бұл жүлдені сатып алдың, алаяқсың. Сенің кесіріңнен мен орын ала алмай қалдым», - деді. Содан жерлестеріміз, яғни Семейдің өсекшілері әңгімені іліп алып, ушықтырды. «Бұл екіжүзді, бәлен-түген», - деп мені біраз жерге апарып тастады. Алғашқы шығармашылық жолымда осы оқиға жүрегіме қатты тиді. Сосын «Бұдан былай ешқандай сайысқа қатыспаймын, аулақ жүремін», - деген шешімге келдім.  

Уақыт өте келе бес жыл баспаның сөресі мен цензурасында жатқан кітабым жарық көрді. Ол кезде мемлекеттік тапсырыс бойынша әр облыстың басшылары ұсынған кітаптар баспаға жіберілетін еді. Семейдегі бір ағам менің кітабымды 50 данамен шығаруға тапсырыс беріпті. Қандай правосы бар дейсің?

– «Француз әтірінің иісі» атты дебюттық шығармаңыздың жазылу тарихын айтып берсеңіз. Тақырыбы әдемі естіледі екен...

Тұрсын Жұртбай мені бір күні Мұхтар Мағауинге алып кірді. Оның алдында бір қызық жағдай болған. «Француз әтірінің иісі» деген шығарма өзінікі емес, оны Талғат Кеңесбаевқа Роллан Сейсенбаев жазып берген», - деген өсек шықты. Ол өсекті тойтару мүмкін емес еді. Өйткені, мен ол кезде бар-жоғы 24 жаста болдым. Қазақтың көрнекті ақыны, шоқтығы биік қаламгері Әбубәкір Қайран осы қауесеттен мені құтқарып қалды. Негізі қазақтың тілін ол сияқты білетін, көркем ойнататын ақындар некен-саяқ. Әбубәкір ағам ақын-жазушыларға, жалпы жұрттың алдына эфирге шығып, менің дебюттік шығармамның қалай жазылғанын айтып берді. «Француз әтірінің иісінің» алғашқы атауы «Қара таңбалы құс» еді. Оны Тұрсын Жұртбай өзгертті. Ол шығарманың жазылу тарихы қалай болды дейсің ғой?

Бір күні жұмыстарыммен Семейден Алматыға ұшуым керек болды. Арман қуып жүрген кезіміз болатын. Ол кезде Семейдің аэропорты қайнап жатқан өмір, құжынаған адамға толы еді. Мен ұшатын ұшақтың ұшу уақыты үш сағат кейінге шегерілді. Ауа райына байланысты тағы да үш сағатқа созылды. Сол маңда бір әйел өксіп-өксіп жылап отырды. Мен бардым да, «Сізге не болды?» - деп сұрадым. «Көзіме көрінбей кет, жоғал!», - деді маған. Содан не керек, әйелді жұбатып, ресторанға апарып шай бердім. Ол жылап, басынан өткен дүниені айтты. Маған керемет әсер етті. Алматыға таң ата бір-ақ ұштық. Қар деген жапалақтап, әдемі сурет салып жауып тұрды. Демалыс күні болатын. Әбубәкір ағам мен Күлзия апай түйенің өркешінен қуырдақ жасап, мені күтіп алды. Тамақ ішіп отырған кезде мен терең ойда отырдым. Ағам мән-жайды сұрап, менде бір мұң бар екенін сезді. Тамақ ішіп алғаннан кейін, «Мені мазаламаңыздар!», - деп мән-жайды түсіндіріп, Күлзия апайдың шәлісін беліме байлап алып, бір бөлмеге қамалып, күндіз-түні жазумен айналыстым. Оны ең бірінші Әбубәкір Қайран оқыды. Содан кейін Тұрсын Жұртбай ағама апардым. Ол кісі қуанып, «Мынаны өзің жаздың ба?» - деп жатыр. Содан үлкен марафон басталды. «Бұл шығарма өзінікі емес, біреу жазып берген» - деген ақпарат елді кезіп кетті. Арада бес жыл уақыт өткеннен кейін Мұхтар Мағауин әңгімемді «Жұлдыз» журналына жариялады. Алғашында Бекежан Тілегенов ағам бұл шығарманың журналға басылмайтынын айтқан болатын. «Мына үкімет тұрғанда бұны жариялау қиын, біраз жерлерін қысқарт» - деді.

Арада біраз уақыт өткеннен кейін қатаң системаның тоңы жіби бастады. «Жұлдыз» журналына Мұхтар Мағауин келді. Бағыма қарай Тұрсын аға мені тікелей Мұхтар Мағауиннің алдына алып кірді. Мұхаң өте жылы қабылдады. «Мен оқып шығайын, өзі шағын екен», - деді де сағатына қарап, «Сендер түскі үзілісте келіңдер, екеуіңе тамақ әперейін», - деп қалжыңдады. Мұхаң түсте «Қаламгер» кафесіне келді, сондай маңғаз. Тұрсын аға: «оқыдың ба?» - деп сұрауға бата алмайды, менің батылым онсыз да жетпейді. Ұлы Мұхаң біраз үнсіз отырып тамақтанды, менің «жегенім желім» болды. Шығарманың жазылғанына 5 жылдан асып кеткен. Мұхаң бізді кабинетіне апарып, тартпаны ашты да менің шығармамды көрсетті. Біраз жерін сызып, өзгерту енгізіпті. Анық байқадым. Маған ол кезде шығарманың жартысын алып тастаса да, бәрібір еді. «Бұні біз баспаға жалғыз жібере алмаймыз» - деді ол. Үстіме бір шелек тастай су құйып жібергендей болды. Сосын мен, «Тыныштықбектің өлеңдерін бірге басайық», - дедім. Жаным шығып барады. Бір жағынан артымнан ерген ана өсектен құтылу керек болды. Ол кісі терезеге қарап біраз ойланып тұрды да: «Біз былай қылайық, арнайы жастарға бір номер арнайық» - деді. Тұрсын Жұртбайға қарап: «Сен ана жолы осындай бір идеяны айтып едің», - деді. Тұрсын ағам балаша қуанып кетті. Содан кабинетке Тұрсынжан Шапайды шақыртып алып, мән-жайды түсіндірді. Тұрсынжан: «Бұл үлкен шешім болды», - деп қатты қуанды.

Сол жерде айт пен той басталып кетті. Жазушылар одағының ол кездегі жұмысы өте керемет еді. Бас-аяғы 2 сағаттың ішінде Тұрсын мен Тұрсынжан Шапай бүкіл жастардың шығармаларын жинап алды. 1990 жылғы атақты 5-номер жастардың шығармасымен жарқ ете қалды. Өзім шығатынымды білдім. Бірақ, құдайдан тіліеп жүрдім, Тыныштықбек шықса екен, - деп. Ол шықпай қалса тағы да өсекке қаламын ғой. Содан «Жұлдыз» журналына шығармаларымыз шыққан күні «Енді ешқашан сайысқа қатыспаймын», - деп Ертістің жағасында өзіме-өзім серт бердім. Арада 20 жыл өткеннен кейін Тыныштықбек: «Сол кезде Фариза апайға амандаспай өтіп кетіппін. Сайыста жүлдеден қағылуым содан болыпты. Сен кешір мені», -деді. Ол жолы «Жігер» фестивалін поэзия номинациясы бойынша бүгінде мемлекеттік сыйлықтың иегері Гүлнар Салықбай иеленді. Бұл әділ баға болғанын уақыттың өзі дәлелдеп берді. Амал қанша, қазір сол кезде тумаған балалар осы оқиғаға байланысты мені өсектеп жүр. Жақында бір отырыста бір келіншек: «Сен сол кезде Тыныштықбектің жолын кесіпсің, афериссің!», - деп бетіме бокал толы шарапты шашып жіберді. Әрине, көпшілік алдында бұл ыңғайсыз болды. Қатынмен қатын болам ба, үндемей кетіп қалдым. Қан қысымым 230-ға дейін көтерілді. Ертеңіне келіп жаңағы келіншек кешірім сұрады. Мен күлдім. «Сен ол кезде горшокта отырған баласың ғой, поэзия мен прозаны айырасың ба өзің, мұны қайдан естідің?», - дедім. «Семейдің айтыскер ақындары айтты», - деді ол. Осындай қызық оқиғалар болған. Мен бірақ Тыныштықбек ағамды кінәламаймын, мен білетін ақын ағам болса, ол ондай «қатын өсекті» өліп кетсе де айтпайды. Дегенмен менің отыз жылғы өсеке отыз ауыз жауап беруге құқығым бар шығар. Қазақ айтады ғой: «мешкей деген жаман ат», - деп. Арғы жағы түсінікті болар...

– Сізді Оралхан Бөкейдің мектебін көрген жазушы, - деп жатады. Ол кісі көркем шығармаларыңызды қалай бағалады?

Оралхан Бөкейдің қол астында бірнеше жыл қызмет атқардым. «Аққұс» деген республикалық қауымдастықтың Семей облысындағы бөлімшесін басқардым. Ол кісі өмірден өткенде қатты қайғырдым. Оралхан аға кеткеннен кейін 11 жыл жазу жаза алмай қалдым. Ештеңе жазбадым. Мен Оралхан аға туралы көп нәрсе айта аламын, бірақ ештеңе жаза алмаймын. Өмірімде осындай екі адам бар. Оның екіншісі – ақын әрі талантты режиссер Рүстем Есдәулет. Қалам ұстаған азаматтар біледі, еркіңнен тыс жазылмай қалатын тақырыптар болады. Рүстем ерекше құбылыс болатын. Екі облыс қосылып «Шығыс» атанған кезде ол өнер мен әдебиетке жаңа менталитет әкелді. Әттең, маңдайымызға сыймады ғой. Рүстем туралы әңгіме көп. Қазір де ептеп өзім жазып жүрмін. Ал, Оралхан ағаны еске алғанда бір үлкен өкініш ойға оралады. Ол кісі ұлы Айханды маған қатты тапсыратын. «Көзіңнің қиығын салып, бірге араласыңдар», - деп қайта-қайта айтатын. Қазір Айханмен байланыс жоқ. Соған іштей қиналамын.

Оралхан Бөкей маған: «Сен жазушы боласың, сенен бірдеңе шығады», - деп ешқашан айтқан емес. Үндемейтін. Бір күні Әнуарбек Әуелбеков, Талаптан Ахметжанов үшеуміз бильярд ойнап жүргенбіз, Оралхан аға келіп, «Жүр, әй бала, мыналар байдың балалары. Сенің қарның ашып жүрген шығар. Тамақ ішейік», - деп күлді. Сөйтсем өзінің оңаша әңгімесі бар екен. Дастархан басында маған: «Сен келесі номерге бір әңгімеңді дайында. Мен алғысөз жазайын», - деді. Өзің білесің, мен қандай өсектің колониясынан шықтым. Сосын мен: «Аға, сіздің жаныңызда жүріп, әдейі жаздырғандай боламын ғой», - дедім. «Өй, оттапсың. Ел айта береді. Сөзді қусаң сөз шығады, сиырды қусаң боқ шығады», - деп ұрсып-ұрсып, жеп отқан тамағына қасығын тарс лақтырып кетіп қалды. Қатты ренжіді.

Оралхан өмірінің соңында жұмыс бабымен Семейге келді. Терещенко бастаған 50 лауазымды адамның арасында болды. Мен күтіп алдым. «Аға, сүйінші, үшінші қызым туды!», - деп алдында телефонмен айтқам. Түсе салысымен: «Кішкентай қалай?», - деп сұрады. Мен: «Енді қызыл шақа, бүгін ауруханадан шығарып әкелдік», - деп жатырмын. Менің әкем жарықтықты «кәрі жезде» дейтін. Қонақүйге келіп орналасқаннан кейін Оралхан аға айтты: «Терещенко банкет береді екен, мен ол банкетке бармаймын, Талғаттың үйіне барам», - деді. Жолдан гүл алып, шоколадын алып біздің үйге келдік. Түнімен әңгімелесіп отырдық. Содан әкеме: «Кәрі жезде сіз рұқсат етіңіз, мен мына жаман ұлыңды биылғы күзде Алматыға көшіріп аламын», - деді. Әкем: «Өй, ол үлкен Алматыда қалай тұрады. Үй-күйі жоқ қой», - деді. «Біздің редакция Ленин көшесінің бойынан екі бөлмелі бір үй, үш бөлмелі бір үй алатын болды. Соның біреуін ұлыңызға беремін. Өз жаныма алып, тәрбиелеймін. Маған сеніңіз», - деді. Әкей біраз қиналып: «Енді ойланайық», - деп еді: «Немене ойланатыны бар, емшек еміп отырған бала емес, отыздан асқан жігіт, жібер!», - деді Орағаң. Әкеме кішкене батылдау сөйледі. Одан кейін көп ұзамай алыс сапарға аттанып кетті. Қазір ойлаймын, егерде Оралхан ағам болса қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмаушы ма еді. Солай армандаймын. Ол кісінің қазақ әдебиеті мен мәдениетіне, драматургиясына беретіні көп болатын. Оралхан Бөкей тірі болса мүлде басқа әдебиет болар ма еді, кім білсін?

– Жазушылар одағынан өз еркіңізбен кетіп қалғаныңызды бәрі біледі екен. Қара шаңырақтан не мақсатпен кеттіңіз, әлде өзгелерден солай ерекшеленгіңіз келді ме?

Әдеби орта мен бәсекелестіктен аулақ жүрем деген принципті берік ұстанып жүрген кезім еді. Бір күні Павлодар институтының ашылу салтанатына еліміздің түкпір-түкпірінен бір топ ақын-жазушылар келді. Олардың арасында Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин бар еді. Мен жалпы ол кісіні қорғансыз адам деп бағалаймын. Біреу айтуы мүмкін: «Ол саясаткер, қолында билігі бар», - деп. Мен саған айтайын, менің бағам бойынша оның қолында түкте жоқ. Сол кездесуде Нұрлан Оразалин мені одаққа өз қолымен өткізді. Мен қажетті құжаттардың бірде-біреуін толтырған емеспін. Өтініш те жазылған жоқ. Бірақ, сол кезде Нұрлан ағайға риза болдым. Бірде қызық болды. Үлкен республикадан келген ақын-жазушылар Қарауылға екі автобус болып жиынға баратын болды. Ойымда ештеңе жоқ, таңертен барсам: «Одақтың тізімінде жоқсың!», - деп мені автобустан түсіріп тастады. Қаным басыма шапты. Тізімді Өскеменнің әкімшілігінен келген бір жас жігіт оқып тұр. Ана жақта жазушылар: «Ей, мынау біздің Талғат қой, сен жындысың ба?», - дейді. Анау бой бермеді. Такси ұстадым да арттарынан әдейі бардым. Көпшілікке ештеңе білдірген жоқпын, бірақ қаным қайнап кетті.

Содан жазушылармен іле Алматыға барып, Нұрлан ағайдың кабинетіне кірдім. «Аға, мынауыңыз әділетсіздік қой. Жетім қозыдай қылып, жұрттың көзінше мені автобустан түсіріп кеткені несі?», - дедім. «Ойбай анау болыпты, мынау болыпты. Кім оны істеп жүрген? Қырам-жоям», - деп ақталып жатты. Содан бір күні жұмыстарыммен аяңдап Өскеменге барған едім. Ішкі саясатқа кіріп: «Сендердің өткендегі істерің не?», - десем, олар: «Алматыдан Нұрлан Оразалиннен сені тізімге кіргізбесін деген хат келді», - деді. «Ол оппозиционер, бәріміздің атымызға кір келтіреді», - деп жазыпты. Екі көзім атыздай болды. Сол күні Өскеменнен Алматыға ұшып кеттім. Бірақ, Нұрлан Оразалин қабылдамай қойды. Маңында жүрген жігіттер арқылы сәлемімді жеткіздім. Бірінші күні, екінші күні қабылдамады. Содан Семейге қайтып кеттім. Оны Семейдегілер естіп, әңгімені одан сайын қоздыртып, теледидар мен газетке кезек-кезек сұхбаттан сұхбат берді. «Бұл алқаш, нашақор», - деген жала жабылды. Менің бір ашулансам тоқтамайтын әдетім бар. КТК каналының офисіне кіріп: «Ей бұларың не сендердің?», - деп журналисті құлақшекеден отырғыздым. Содан милицияның наряды келді. Олар мені таниды екен. Ақыры екі жақ мәмілеге келіп, мен оларға интерьвю беретін болдым. Сосын: «Мені керек қылмаған одақтан шығамын», - дедім. Басқа амал жоқ. Не өлінің, не тірінің тізімінде болмаса адам өзін қалай сезінеді. Алматыға барып Жазушылар одағынан шығу туралы арыз жазып, Нұрлан Оразалинге бір данасын, заңгеріне бір данасын тастап кеттім. Сосын күттім. Пендешілік қой енді. Ашу қайтқаннан кейін: «Бұл кісі мені қайтадан шақырады, әңгімелесеміз», - деп ойладым. Содан не болды дейсіз ғой. Алматыдан күніне он звонок келді. Ұлықбек Есдәулетов қоңырау шалып менің «ит терімді басыма қаптады». Неше түрлі ауыр-ауыр сөздер айтты. Негізі менің ағам ғой. «Ұлаға, артық кеттің ғой!», - демін. «Сен артық кеттің», - дейді. «Ана арызыңды ал», - дейді. Бірақ, Ұлықбектің маған ұрысуға правосы бар. Содан құрметті төраға итін-құсын салды ғой. Өзі жарты сағатқа қабылдаса, мен бәрін түсіндіріп айтып берер едім. Нұрлан ағайдың ойында бар болса, онда: «Сіз басқарып отырған Жазушылар одағынан шығамын», - деген текст бар. Егер ертең одақты ол басқармайтын болса мен қайтып барамын.

Оның алдында бір Нұрлан Оразалинге қатты өкпелеп қалдым. Сөзімді тұспалдамай, ашық айтайын. Нұрлан Мәукенұлы деген қазақтың талантты ақыны болды. Сол Семейде жатқан жерімнен звандап, шұғыл Алматыға шақыртты. Барсам, Нұрлан досым: «Талғат сен маған көмектес. Біз дайындалайық, Нұрлан Оразалин шақырып, маған сені одаққа хатшы қыламын деді», - дегені.  

Мен қуанып кеттім. Содан екеуміз жұмысымызды бейресми бастап, одаққа келген құрметті қонақтарымызды санаторийге апарып, күтіп алып жүрдік. Алматының көшесінде жүрген елдің бәрін суардық. Бізге ешкім ештеңе айтпаса да, өзімізше дауыс жинап жүрміз. Сайлау басталды. Сөйтсе Нұрлан Оразалин автоматты түрде Нұрлан Мәукенұлының кандидаттығын жойып, орнына Талаптан Ахметжановты қойды. Сол жолы қатты ренжідім. Нұрлан Оразалинді сол кезде көрсем, айтатынымды айтып кететін едім. Нұрлан Мәукенұлы жібермеді, ол өмірден өткеннен кейін жүрегім мұз боп қалды. Соның бәрі жиналып менің одақтан кетуіме себеп болды. Бір белгілі ақын мен әйелі сыртымнан күліпті: «Талғат Кеңесбаевтың қолынан түк келмесе де, Жазушылар одағынан шығып, шулатып айды аспаннан бір-ақ шығарды», - деп. Ол – надан түсінік. Сол кезде Нұрлан Оразалин мені 5 минутқа қабылдай салған кезде бәрі басқаша болар ма еді. Одақтан шығу мақтаныш емес, оның іргетасын Ілияс Жансүгіров қалап кеткен. Мен ол одақтың былық-шылығынан қаштым. Қазір Еуразия жазушылар одағының мүшесімін.

«Алаш» сыйлығына ұсынылған кездерім болды. Және оны алуға да мүмкіндігім болған. Бір күні Райхан Мәженова деген шығармашылықтың жанашыр адамына хабарласып едім, ол кісі: «Сағат Әшімбаевтың үйіндегі апайың қатар түсіп жатыр», - деді. «Ойбай-ау, апайдан ұят болады ғой», - деп кандидатурамды алып тастадым. Ол кісі біле ме, білмей ме оны білмеймін. Бірақ, Райхан анық біледі. Расында апайдың еңбегін былай қойғанда, Сағат Әшімбаев деген есімді бәріміз сыйлауымыз керек. Және ол кісі «Алаш» сыйлығы түгіл, «Мемлекеттік сыйлыққа» және Халықаралық сыйлықтарға лайықты адам деп бағалаймын.

– Жазушы қоғамның мұңын бірінші болып көреді ғой. Туған жеріңіз Семейде болған полигон қаншалықты жүрегіңізді ауыртты? Көркем шығармаларыңызда полигонның қасіретін жаза алдыңыз ба?

Невада Семей басталмай тұрып, Семей полигоны туралы ең бірінші мен айтқанмын. Онда мен Жазушылар одағының еркесі болып жүретінмін. Сайын Мұратбеков, Қалихан Ысқақ, Әкім Тарази сияқты ағалар мені қатты еркелетті. Бір күні Әкім аға маған: «Әй бала, жүр саған тамақ алып берейін. Қазір сенің жетім ағаң келеді», - деді. Жетім ағам – Қалихан Ысқақ екен. Содан үшеуміз біраз әңгімелестік. «Еліңде не жаңалық?», - деді. «Әкім аға, үйдің жанына келіп ақбөкендер қырылып жатыр. Полигонның әсерінен болды», - дедім. «Сен осыны жазып, айтсаңшы. Біз тұрғанда еш нәрседен қорықпа», - деді. Содан 1889 жылы жыл қорытындысында мен қолымды көтеріп, ортаға шығып полигон туралы ащы шындықты жайып салдым. Медеу Сәрсеке деген жазушы өмір бойы Семейдегі Жазушылар одағының бөлімшесін басқарды, бірақ ши басын сындырған жоқ. Оны сынадым. Үкімет бар, КГБ бар. «Әй дә, Кеңесбаевты құрту керек»-деп екпіндеп бастады. Менің ең бір кешірмейтін нәрсем, Медеу Сәрсеке кабинетіне шақырып алып «Сенің Семейде ақбөкен қырылған деп айтып жүргенің өтірік. Мен «Нивамен» барып бүкіл Дегелең даласын екі күн араладым. Бірде бір өліп жатқан ақбөкеннің өлексесін көрмедім. Бәлен-түген», - деп мені сілкіледі.

Өте қиын жағдайға тап болдым. Бәрін көрдік. Өтті-кетті. Қазір Медеу Сәрсеке полигон туралы үлкен-үлкен кітаптар жазып жүр. Шүкір, онысы мені мойындағаны деп есептеймін. Қанша ренжісем де Медеу ағайдың еңбекшілдігін, совет дәуірінде Қаныш Сәтбаев үшін әділетсіздік көріп, соған қарамастан Мәскеуден «ЖЗЛ» сериясы бойынша кітап шығарды. Енді тәуелсіздік тұсында бұл кісінің еңбегін елеп «Мемлекеттік сыйлықты» беруге болады ғой.

Өзім полигонның арасында өскендіктен, ол туралы көп әңгіме айтып бере аламын. Ертеректе 1984 жылы «Қара шеңгел» деген повесть жазғанмын. Содан әкем жарықтық: «Балам, осыны жарияламай-ақ қойшы», - деп алды да, отқа өртеп жіберді. Бірақ, екінші данасы, үшінші данасы бар. Елімнің трагедиясын жазып, керек жоқ па, - деп те ойлап қоямын. Менің Ике деген атам Шәкәрім Құдайбердіұлымен туған құда болған. Сол кісі Алашордаға демеушілік жасап отырған екен. Сол үшін ол кісіні Совет үкіметі қудалап, Қытайға қашып кеткен. Ұстазым Қайым Мұхамедханов «Саған сол туралы материалдар берейін, сен жазшы», - деді. Мен бала кезімде әкемді тыңдамай өстім. Менің өмірге келуімнің өзі үлкен трагедия. Полигонның кесірінен менің алдымдағы 4 ағам шетінеп кеткен. Сол үшін атам мені ерке қылып өсірді. Ике атам туралы біраз деректер жинап жүрген кезімде әкем: «Сен бұл тақырыпқа барма. Қыз-қырқыныңды жазып жүре бер. Мына үкімет түбіңе жетеді. Мен сенен айырылғым келмейді», - деп өтінгеннен кейін ол туралы жазудан бас тарттым.

Мені ауылда «Жынды бала» деп атады. «Жынды» деген атаққа қалай ие болдың, - дейсің ғой? Ауылдағы әкемнің құрдасы Тоқай деген ағам Қарабас деген жерде маған мылтық атуды үйретті. Содан мен мерген бала атандым. Сондай мықты ататын едім. Біздің ауылда әр жұма сайын таңертегі тоғызға он бес минут қалған кезде полигонның вертолеті келіп, жарылыс жасайды. Оны өздері «Черная пятница» деп айтады. Бір күні жер қатты сілкінді, бүкіл жылқылар қозғалды. Столбының басындағы қарлығаштар бір сәтте жерге құлап түсті. Мысықтар оларды тістеп алып, қашып жүр. Газдың иісі алып кетті. Ел полигонға лағынет айтып жатты. Келесі жұма күні «мелькашка» мылтықты оқтап алып, жарылыс жасайтындарды тосып отырдым. Содан вертолетті тарсылдатып аттым. Тәп-тәуір атушы едім, вертолет құламай қалды (күлді). Атқаннан кейін ауылдың кісілері жүгіріп келіп, қолымдағыны атылмаған бір мылтыққа ауыстырып алды. Содан солдаттар қаумалап келіп біздің үйді қоршады. Мені ұстап алып, құлақшекеден отырғызды. Ауылдың кісілері жылап, мені құтқарып қалды. Мектепте оқитын кезім ғой.

– Өзіңізден кейінгі қаламгерлердің аяқ-алысына көңіліңіз тола ма?

Қазір жастар әдебиеті өсіп келе жатыр. Бір ағамыз жас ақындарға «Цунами» деп көпшік қойыпты. Цунами деген не екенін білесің бе? Ол бүкіл даладағы нәжісті, жаман заттарды әкеліп бір қаланы жойып жібереді. Есі дұрыс адам цунамиге теңей ме? Абай атамыз айтқан, «толқын» деген сөз де әдемі ғой. Оны әсерлеп, өзі елпілдеп тұрған балаға «цунами» бол деудің не керегі бар? Адамды мақтап-мақтап ағаш атқа теріс міңгізіп құртуға болады. «Цунами» дегеніңіздің атының өзі жаманшылықты шақырып тұр. Оны қасиетті қазақ әдебиетіне әкеліп теңеуге болмайды. Бұл ұлтына жаны ашитын адамның сөзі емес. Есі дұрыс адам бұл сөзіме дау айтпас. Жөн-жосықсыз мақтау қауіпті дерт. Қазір бәрі модернизм деп шулап кетті. Түсініксіз тілде жазу белең алды. Арты не боларын ешкім білмейді.  

– Жазушы ретінде қандай жетістікке қол жеткіземін деп ойлайсыз?

Өзің көріп отырсың, менің қолым инсульт алғаннан кейін қалам ұстауға жарамай қалды. Мен жазу жазар алдында халықтың арасына базарға барып бес-алты сағат ойланып, әрлі-берлі жүре беремін. Адамдармен сөйлесемін. Әбден дайын болған соң үйге қайтамын. Содан кейін үйдегі жұбайыма ауызша айтып отырамын, ол кісі жазады. Қазір өз атымды жазатын дәрежеден де қалып қойдым.

Менің тағдырыма ылғи бірінші болу жазылған. Полигонды Олжас Сүлейменовтан бұрын мен айтқанмын. Мүмкін біреу күлер, бірақ шындығы осы. Нобель сыйлығын да ақын-жазушылардың арасынан бірінші болып мен аламын. Ол 70-ке келген кезімде болуы мүмкін. Әлі уақыт бар. Жақсылап дайындаламын.

Сонда қай шығармаңыз үшін аласыз?

Бір шығарманы шимайлап жүргеніме 17 жыл болды. Бірақ, айына 2-3 бетін жыртып отырамын. Абай атамның аруағы қолдаса, Нобель сыйлығын аламын. Бірақ ол шығарманың басында Талғат Кеңесбаев деген автор болмайды. Бәлкім Таймас деп қоярмын. Егер Нобель сыйлығын алып жатсам, өзіме велосипед сатып аламын.

– Сізді кім ұсынады? Оның үстіне Жазушылар одағынан шығып кеттіңіз...

Мені ұйғыр диаспорасы ұсынатын шығар деп ойлаймын. Солардан бір жақсылық келетінін сеземін. Олар біраз әңгімемді аударды. Бір күні базар аралап жүргенмін. Өрік сатып тұрған ұйғырдың шалы менен көзін алмай, қарап тұрды.

-  Шал не болды, сізге қарызбын ба? - дедім.

-  Сізді қайдан көрдім?-дейді.

-  Теледидардан көрген шығарсың дедім әзіл-шыңы аралас.

-  А, дұрыс айтасың деді.

-  Сенің «Ұйғыр авази» журналына «Қолшатырсыз жігіт» деген әңгімең шықты ғой. Суретіңді сол жерден көргем, - деді.

Ұйғыр халқының әдебиетті жақсы көретінін сонда білдім. Одан кейін тағы бір күні әнші Еркін Шүкіман екеуміз кафеге барып тамақтандық. Мақтаныш болмасын. Ұйғырдың үлкен әйелі лағман дайындап жатыр екен. Еркін орысшаны таза сөйлейді. Әлгі әйелге: «Мынау классик жазушы», - деп мені мақтай жөнелді. Тамақ ішіп болып, қолымды жуып тұрсам ана әйел артымнан жетіп келіп, менің шыққан әңгімелерімді мазмұндап айтып берді. Шынымды айтсам сол ұйғырлардан дәметіп қалдым. Нобельге ұсынса, солар ұсынады деп ойлаймын. Қазақтардан қайыр жоқ. Бұл сөзімді оқымақ түгіл, біреу сыртынан естісе, «мынау жынды ма», - деп айтатын шығар. Анау жолы осы қазаққа ренжимін деп өліп қала жаздадым. Дәулеткерей Кәпұлы деген талантты бауырым маған түннің ішінде қоңырау шалып: «Талаптан Ахметжановты өлтірген сенсің», - деп жала жапты. Он екі күн орнымнан тұра алмай қалдым. Дәулеткерейдің сөйтіп неге айтқанын мен түсінбедім. Есімді жинап, екі аптадан кейін мән-жайды білейін деп хабарласқанымда: «Сен Ұлықбек Есдәулетке тиістің. Онда нең бар», - деп әңгімені басқа арнаға бұрып жіберді. Бірақ, Дәулеткерейді жаманшылыққа қимаймын.

– Жуырда қырғыз тіліне кітабыңыз аударылып, тұсауын кесіп келдіңіз. Қырғыздың қазіргі әдеби процесі қалай жүріп жатыр екен?

Дәурен Қуат деген қаламгер бар. Мен ауырып жатқан кезімде көңілімді сұрап үйге келді. Жұбайымнан менің жазғандарымның барлығын сұрап алып, Қырғызстандағы Айдарбек Сарманбек деген аудармашыға звандап, мән-жайды түсіндірді. Содан ол менің шығармамды аударып, қырғыз тілінде шығарды. Қырғызстанға баруымның авторы Даурен Қуат болды. Қазір енді түрік, татар, әзірбайжан тілдерінде кітаптарым шығайын деп жатыр. Қырғыздар шығармады «шоң-шоң» деп қояды. Байғазы деп қолыма 200 кітап берді.

Қырғыздың әдебиеті бізге қарағанда көш ілгері. Олар топқа құрылмайды. Біз сияқты руға бөлінбейді. Ұлттық дүние жасайды. Олар әдебиетті талқылаған кезде бірін-бірі шайнап жейді. Өз көзіммен көргенімді айтып отырмын. Қазір шыққаннан кейін бір-бірімен атыса ма, шабыса ма, -деп ойлап қаласың. Жоқ, сыртқа шыққан соң дос. Оларда өз-өздерін өтірік мақтатып, сыйлыққа ұмтылу деген жоқ. Оларға ең бастысы ұлттық әдебиет керек.

– Кітап оқуға уақытыңыз бар ма? Қазір қандай қаламгерлерді оқып жүрсіз?

Мұхтар Әуезов, Оралхан Бөкей, Рахымжан Отарбаев сынды қаламгерлерді жиі оқимын. Әлем әдебиетін оқымаймын. Оның маған түкке керегі жоқ. Маған кезінде Оралхан Бөкей: «Сенің тілің өте жұтаң, сондықтан қазақтың фольклорын оқы», - деп айтқан. Мен сол кісінің айтқанын орындамай жүрмін. Маған Толстойды оқығанша, Бейімбетті оқығаным жақсы әсер етеді. Маған түсінікті. Сайын Мұратбековтің «Қылау» деген әңгімесін оқысаң, Антон Чеховтың бес томдығын оқығың келмей қалады. Мен оқырман емеспін, жазушымын. Сосын көпіртіп сөйлейтін адамдарды жек көремін. Мінбеге шығып алып Толстой, Шиллер, Гете, Хэмингуей деп бөседі. Ол – дарынсыз адамдардың қаруы. Бейімбеттің «Қара шелегінің» қасында олардың шығармасы түкке тұрмайды. Қазақ әдебиетінің өзі қазір еуропалық әдебиет болып кетті. Бізге фольклорды оқу керек. Білімді көтеретін иық болады, көтермейтін иық болады. Өмірден өткен Таласбек Әсемқұловтың иығы кең еді, сұмдық білімді болатын. Әттең, марқұмның «Мемлекеттік сыйлықты» алмай қалғаны қынжылтады.

– Әдебиетті неден құтқару керек?

Әдебиетті шоудан құтқару керек. Өйткені, шоу бар жерде атақ-даңқ, ақша болады. Дақпырт болады. Дақпырттың түбі не болатынын білесің. Әрине, өнердің басқа саласына шоу керек. Әдебиет сабырлықты ұнатады. Әуезов «Кінәмшіл бойжеткенді» жазған кезде шоу болды деп ойлаймын. Одан кейін Мұхаң «Абай жолы» мен «Қараш-қараш оқиғасын» жазды. Мүлдем басқа арнаға бұрылып кетті.

– Ертеректе жазылған, бірақ жарыққа шықпай қалған шығармаларыңыз бар ма? Бар болса, не үшін шықпай жүр?

Ақын Есенқұл Жақыппен көп араласа алмадым. Әбубәкір Қайран мені Ұзынағашқа ертіп апарды. Бір жұмадай сол үйде атқа мініп, тау-тасты аралап, жүрдік. Сонда өзінің анасының басқа ұлт екенін көзіммен көрдім. Осы туралы «Сары ала қаздың көз жасы» деген әңгіме жаздым. Сол жазбамды Алматыға келе жатып, автобуста ұмытып кетіппін. Енді қай жерден шығады екен, - деп күтіп жүрмін.  

– Жазушы ретінде қоғамнан қандай құрмет көрдіңіз? Осы күні жазушының жағдайын ойлайтын адамдар бар ма?

Мен 11 жыл үйде жұмыссыз отырдым. 11 жылда республиканың түкпір-түкпіріне тегін бардым. Ол Семейдің жігіттерінің арқасы. Семейдің мәрт жігіттері мені қатты қолдады. Сонда олардың маған қойған бір-ақ талабы болды. Менің әдебиеттен кетпеуім еді. Отбасым Астанада болды да, 3 жыл Семейде жалғыз тұрдым. Бір күн үйден тамақ істеп көрмеппін. Барлық шығынымды солар көтерді. Семейлік жігіттердің алақанында болдым. Мен өзімді әзірге жазушы сезінбеймін. Енді бес жылдан кейін аман болсам, жазушы болатын шығармын.

Семейдің жігіттері салып берген Ертістің жағасында үлкен саяжайым болды. Соның ішінде үлкен кітапханам бар еді. Астанаға кетерде Семейдің жастарына кітаптарымды сыйлыққа беріп кеттім.

Ауырғаннан бері марқұм атамның айтып кеткен өсиетін көп ойлаймын. «Балам жақсының жолын кеспе, одан жаманның жолы ұзармайды», -деп еді...  


Әңгімеңізге көп рахмет!



Сұхбаттасқан Бағлан Оразалы



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар