Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Есенғали Раушанов: «Өлеңді туған анаңдай қадірлеу ...

24.03.2017 7879

Есенғали Раушанов: «Өлеңді туған анаңдай қадірлеу керек»

Есенғали Раушанов: «Өлеңді туған анаңдай қадірлеу керек» - adebiportal.kz

Асылы, адам шамасы келетiн, өресi жететiн iспен айналысуы керек. Өлеңде бүгiнгi прозадағыдай, бүгiнгi журналистикадағыдай, не заманауи әдебиеттанудағыдай орта тұс деген болмайды. Өлең не бар, не жоқ. Осы екеуiнiң бiреуi.

***

 

«Пайғамбарлық пен ақындық бұйырған бастан еркекке» деп жырлағанмын. Сол ойымда қаламын. Жалпы әлемде 124 мың пайғамбар  бар делiнедi. Ал, «Құран Кәрiмде» 21 пайғамбардың аты бар. Сол пайғамбарлардың iшiнде бiр әйелдiң аты жоқ. Әйтсе де олар да анадан туылған. Ақындықты қимай отырған жоқпын. Ақындық – азапты жол. Басыңа мың батпан жүк артып аласың. Оған нәзiкжандының шыдамы жете бермейдi. Мынаны түсiнiп алған жөн. Қазақта ақын деген ұғым бар, өлеңшi деген ұғым бар. Өлеңдi екiнiң бiрi жазады. Түйе мiнген қазақтың өлең айтпайтыны жоқ. Бiрақ ол ақын болу деген сөз емес қой.
 

 

***

 

Бақытсыз болу деген қорқыныш емес. Ақын бақытты болудан қорқу керек шығар, бәлкім...

 

 

***

 

Өлең деген 30-ға дейін жазылады. Сосын сирексиді. Жас кезде жазған жақсы. Одан да маңыздысы – жас кезде оқыған жөн. «Аз жаздым» деп емес, «аз оқыдым» деп өкіну керек.

 

 

***

 

Мен алдыңғы буын ақсақалдардан бiр жақсы қасиет жұқтырдым. Ол қандай қасиет десеңiз қалам мен ақ қағазға адалдықты, әдебиетке адал қызмет етудi үйрендiм. Қазақ деген халыққа адал қызмет етудiң жолында атақ, ақша, мансап дегеннiң түкке тұрғысыз екендiгiн сол абыз ақсақалдар өз iстерiмен дәлелдеп кеттi. 

 

 

***

 

Дүниеде ең жаман адамдар – әдебиетке қатысы бар адамдар. Өсек те, өтірік те, абыройсыздық та, нысапсыздық та соларда. Әдебиетке келу деген – о баста бір албасты күйеуге тиіп, содан құтыла алмай жүрген әйелдің күйі сияқты. 

 

 

***
 

Ақындық, өлең дегеннің өзі – сондай пəкиза, таза дүние. Оған ақша араласса құриды.

 

***
 

Біраз есесі кеткен, ұтылыңқыраған, басшылары өтірік айтатын, ел билеген адамдарының адалдықтан гөрі, арамдығы басым жерлерден болашақ жақсы əдебиетшілер көп шығады.

 

***
 

Бүгінгі мегаполистерден елдің қамын ойлайтын, ұлттық дəстүрлерді білетін ұлт ақындары шығады деп ойламаймын. Ақындықты ұлттың ар-намысы, ұлттың ұяты деп білетін болсақ, ол негізінен сол ауылдық жерлерден шығады.



***
 

Ескі мен жаңа əсте бірікпей жататын болуы керек. Үйлесіп кеткен нəрсені көре алмай келемін. Ақындық дегеннің өзі сол үйлесімділікті іздеп өту шығар.

 


***
 

Жаңашылдық дегенді біз техникалық, өлеңнің сыртқы формасындағы іздену деп қарайтын болсақ, ол туралы əңгіме етудің өзі түкке керегі жоқ.



***
 

Қаптаған, көз алдыңнан бытырай ұшып жатқан мың-миллиондаған құстардың ішінде бір ғана, жалғыз ғана алтын қанаттысы болады да, соны ұстап алсаң, өлең деген сол. Өкінішке орай, алтын қанатты құс кездесе бермейді.


 

***

 

«Римдiк Антонийдiң он жыры» атты топтама тұтас бiр кiтаптың жүгiн көтерiп тұрғандай. Өмiр-бақи өлең жазып, өмiр-бақи том-том кi­таптар шығарып, бiрақ осындай он өлең жаза алмай кеткен бақытсыз ақындар қаншама. Өмірде де, өлеңде де жолы болмаған бейшара адамдар кездеседі. Оларды аяу керек.


 

***
 

Көркемдік талапқа жауап беретін дүниелер аз. Халтурщиктердің, әлбетте, қай-қайсысы да жақсы емес. Ең қиыны – әйел халтурщиктер. Не деп тоқтатуды, қалай қойдыруды білмей дал боласың. Мысық төбелескен сияқты. Жақындап абырой таппайсың. Сырттан бақылап қана тұрасың. 



***
 

Кез-келген ақын өлсе, бүгінгі шенеуніктерден сүйегі ауыр болады деп есептеймін. Маған сеніңіз, кез-келген қаламгер халықты қарапайым шенеуніктен артық сүйеді. Кез-келген ақын шенеуніктен бір кітап болса да артық оқиды. 



***

 

Әдебиетiмiзде дүниеге келер уа­қытын күтiп жатқан нешеме нышандар бар. Зерттелмей жатқан образдар қаншама, мына кезең өткен соң (бұл кезең ерте ме, кеш пе, өтерi анық) айтылатын сөздер қаншама?! Бiз сол кезде «тоқырау кезеңi ақындарына» қайта ораламыз. Неге жазды, не жазды, неге жазбай кеттi – бәрi қайтадан сараланатын болады. Сондай зерттелмей келе жатқан нысанның бiрi – қазақ жырындағы Әже образы. 
 

 

***

 

Біз артымыздан ерген жастарға дұрыс тәрбие бере алмадық. Қазіргі жастардың кілең вариация жасаумен әуестеніп кеткені де содан. Поэзияда жаңалық жоқ. Сен қолтаңба туралы айтып отырсың, қолтаңба қайдан болады, жаңалықтың өзі жоқ! Өзі болмайтын себебі, біз оларды салғаннан мақтадық. «Қандай керемет, не деген ғажап!» деп, сайттан сайт қоймай, газеттен газет қоймай, мақтаумен болдық. Ешқайсысы сыналған жоқ. Нәтижесінде, әдеби өлімге пара-пар жағдайға тап келіп отырмыз. Мен пессимист емеспін, бірақ, әдебиеттің қазіргі ахуалы оптимистік ойға жетелемейді. Әдебиеттің қазіргі ахуалы деген не сөз? Ол қоғамның қазіргі ахуалы деген сөз.  Ал ол ахуал маған кереметтей бір оптимистік болжамдар, байламдар жасауға мүмкіндік беріп отырған жоқ. 

 

***

 

Қоғам өзгермесе, ештеңе де өзгермейді. Қоғамның өзгеруін асыға күтіп жүрген екі адам болса, соның біреуімін. Көктемді күткен секілді. Құстардың оралуын асығып күткенсіз бе, күтсеңіз сіз мені түсінесіз. Осыған дейін мұны көп айтпай келдім. Ендігі жерде ашық айтамын. Жастардың арасында халтурщиктер көп. Арсыздық басым. Кісі мақтау, есеппен өлең  арнау сұмдық. Менің білетінім бір нәрсе – 1991 жылдан бері әдебиетте жаңалық болған жоқ. Жастар арасында бұрынғы жазылған нәрселердің түрлі вариациялары жасалды. Ұйқасты біледі, техниканы меңгерді. Ғабең айтқандай, қазақ өлеңі өзі ұйқасуға сұранып тұрады. Оңай жымдасады. Сол бойынша қазір жазып жатыр. 

 

***

 

Өлеңді туған анаңдай қадірлеу керек. Оны көп азамат тоқалындай пайдаланып жүр.1991 жылдан бері пайда болған дерт бұл. Менің бір таңғалатыным, «менікі дұрыс болмады-ау» деген түсінік жоқ бізде. Халықтан кешірім сұрау жоқ. «Ондай-ондай болады ғой» деген түсінікпен өмір сүріп жатырмыз. Қоғам өзгерісті күтіп тұр. Қоғам іріп-шіріп, иісі шығып, мүңкіп тұрған қоғам. Ол өзгермей, ештеңе өзгермейді. 

 

***

 

Бай-бағланға, биліктегілерге арнау жазу деген өз алдына, аға-апаларымыздың одан басқа да Құдай сүймейтін қылықтары көп болды. Арнаушылар жас ақындарда да көп. Әкесіне арнамаған өлеңді пайдасы тигендерге арнайды. Бірақ, жыланды үш кессе де, кесірткелік қауқары бар дейді. Кез-келген ақын өлсе, бүгінгі шенеуніктерден сүйегі ауыр болады деп есептеймін. Маған сеніңіз, кез келген қаламгер халықты қарапайым шенеуніктен артық сүйеді. Кез-келген ақын шенеуніктен бір кітап болса да артық оқиды. Бүгінгі идеология ақын-жазушыларды күстаналаумен келеді. Ондағы мақсат айқын – елге көп сүйкімдінің керегі жоқ. Бірақ, бұл тарихта талай рет болған нәрселер.

 

***

 

Александр Блок  бірде Маяковскийдің музейде өткен кешіне барады. Сонда музейге адам сыймай кеткен екен. Таңғалады. Кейін өзі кеш жасайды. Бес-ақ адам келеді. Оның үшеуі әйел. Окололитературные дамы дегендер болады, ақылы аздау, ажары дұрыстау, өлеңді жақсы көретін әйелдер. Жалпы, өлеңді сүйетін әйелдерден қорқу керек. Мұны маған Тоқаш айтқан. Аулақ  болғайсың деп. Бірақ, Блок ештеңе демей, сол жерде бір сағаттай өлең оқыған. Ал біздің Мұхаңдар зал толмаса, қоңылтақсып тұрады. Зал неге толып отыруға тиіс деген сұрақ қаншалықты заңды болса, неге зал толмайды деп сұрау да орынды. Менің білетінім: Поэзия деген – шоу емес! 

 

***
 

Интеллектуалды поэзия деген поэзияның сүйкімдісі емес. Әрі-беріден соң, ол скучная поэзия. Екінің бірі оқи алмайды. Шахановты оқырманы, дұрысы тыңдарманы көп ақын дедік қой. Ал бұл оқырманы ең аз, тыңдарманы одан да аз поэзия. Бірақ, ол – поэзия!..

 

***
 

Ақын өзін уағыздауы керек. Ол үшін өзін уағыздауға лайықты тұлға болу керек. Өйткені поэзияны адам жасайды ғой. Ақындық – Жаратушы алдындағы үлкен борыш!

 

(Ақынның әр жылғы мақалалары мен сұқбаттарынан)

 

 

Әзірлеген: Асылбек Жаңбырбай


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар