Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Жәлел Қуандықұлының өлеңіндегі жетістік пен кемшіл...

07.04.2017 6352

Жәлел Қуандықұлының өлеңіндегі жетістік пен кемшілік

Жәлел Қуандықұлының өлеңіндегі жетістік пен кемшілік - adebiportal.kz

Жәлел Қуандықұлының өлеңдерін оқып отырып, ойды құбылтып берудің бірнеше призмасына қанық боласың. Ақын ең бастысы өлеңді шынайы жазады. Тіпті жасанды жазылған өлеңдерінің өзінен шынайы болуға деген талпыныс аңғарылып тұрады.

Сәтсіз жазылған кейбір өлеңдерді тапқырлық пен танымдылыққа құрылған бір ғана жол ақтап алуы мүмкін. Қуандық ақынның өлеңдерінде осындай ұтымды тіркестер көптеп кездеседі. Осының өзі оның ойлы ақын екенін меңзейді.

Мысалы, ақынның «Мезгілсіз жауған қар» деген өлеңіндегі:

Ақ қар, сені неліктен ерек сүйдім?

Сенен алдым тәттісін керек күйдің.

Сен секілді оқыстан жауа салып,

Тынсам деп өрекпимін, - деген шумағы ұтымды шыққан. Бұл шумақта ақынның өлеңге деген анты, оқырман алдындағы жауапкершілігі, өз қабілетін игерсем деген талпынысы байқалады. «Ақ қар сынды оқыстан жауа салып» - деген тіркестегі «ақ қар» ұғымы ақынның өлеңін, шығармашылығын білдіреді. Бұндай идеяны кезінде ақиық ақын Мұқағали Мақатаев:

Асығу керек,

Асығу керек,

Асығу керек, асығу!

Алдыңда - биік асуың.

Асығу керек, жылдамдығындай сәуленің,

Артыңа тастап найзағайлардың жасынын!, - деп әсерлі жеткізіп еді...

Жәлелдің бір өлеңіндегі «Ұлым мені қызғанады өлеңнен» деген тіркесі маған қатты ұнады. Бұл сөздің шынайылығы соншалық, бұған шығармашылық адамының бәрі қосылуы мүмкін. Қарапайым өмірдің шындығынан поэтикалық көрініс жасау – таптырмас тәсіл. Ондайға қабілеті бар ақынның тынысы кең. Бірақ, маған осы өлеңдегі бір шумақ сәтсіз, шала-жансар көрінді. Ақын өлеңде шығармашылық процес кезіндегі үйіндегі ахуалды, кішкентай ұлының өлең жазуға кедергі келтіретінін әдемі суреттеп келеді де:

Қылықтары алпамсадай алып қып,

Ұлым менің неткен батыр, жарықтық…

Махамбетті жатқа соғып отырып,

Ұйықтап кетед(і) талықсып, - дейді. Өлең басталысымен өмірдің шындығы туралы сыр ақтарып келеді де, осы шумаққа келгенде бастапқы бағытынан жаңылады. «Қылықтары алпамсадай алып қып» - деген тіркес екіұшты, өз миссиясын толық орындай алмай тұр. Әрине, бұл жерде әкесі баласының қылығына тамсанып, оны «алып қып» суреттеп тұрғанын түсінеміз. Бірақ, біріншіден бұл тіркес ұйқасы жағынан өлеңнің критериіне жауап бере алмайды. Ауызекі, айтыс өнеріне жақын. Екіншіден, идеясы да бұлыңғыр. Қазақ өзінің баласына ешқашан таңғалмайды, сырттай сұқтанбайды. Осы шумақтың басы қалай шалыс кетті, аяғына дейін тілдік, логикалық қателікке ұрынған. «Ұлым менің неткен батыр, жарықтық…», - деген екінші жолы таза ұйқас қуалап жазылған. Және өлең басталғанда ақын суреттеген бала әлі тілі шықпаған, кішкентай бүлдіршін болып елестеген. Өлеңдегі баланың қылығы оқырманға сондай ұғым қалыптастырады. Осы шумаққа келгенде баланың жасы күрт өзгереді. Махамбетті жатқа оқып кетеді. Бұл таза ақынның қиялы. Бастапқыда шынын айтып отыр деп, сеніп отырғанбыз. Бұндай логикалық қателіктерге жол бермеген дұрыс шығар. Жақсы өлеңдегі осы бір шумақты алып тастаса жарасар еді. Одан ештеңе өзгермейді. Қайта өлеңнің әлсіз тұсы азаяды. Жәлел осындай осал шумақ жазып келіп:

Қанша жылдам зуласаң да бөкен күн,

Сырға толы суретіңнен от емдім.

«Отаным» – деп ұрандап жүр біреулер,

Ал мен кейде өз ұяма бөтенмін..., - деп төбемізден тас түскендей ойға қалдырады. Қайтадан ашылып, шын сырын ақтарады. Өмірдің шындығын дөп басып, батыл айтады...

Жалпы Жәлелдің әр өлеңін осылай талдап, ақ қарасын ажырата беруге болады. Бұның өзі ақын үшін үлкен жетістік. Себебі, оның шығармашылығы айтуға, талдауға тұрады. Бұл дегеніміз – өлеңінде өмір бар, динамика бар деген сөз.

Ақынның таңдаулы өлеңдерін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Қуандық Жәлелдің поэзиясы туралы Тыныштықбек ағасы мен Асылбек Жаңбырбай замандасы төмендегідей пікір білдірген еді.

Бағлан Оразалы

Жәлелдің көсеу деген өлеңі қатты ұнады

Жәлел Қуандықұлы деген азаматтың алты өлеңі менің қолыма кездейсоқ түсе қалды. Шынымды айтайын, ондай Ақынның барын білмей келген екем. "Ондай Ақын" деп отырғаным, Жәлел азаматымыз шынында да Ақын болып шықты. Онысын мен оның алты өлеңін бір деммен оқып шыққанда, бірден аңғардым. Маған әсіресе, "Көсеу" деген өлеңі қатты ұнады. Тіпті, "Көсеу" деген тақырыбына дейін. Мәнісіне үңілейік.

Көсеу. Кәдімгі көсеу. Шоқ көсейсің, "Біреудің қолымен от көсейсің"... Былай қарасаң, оның несі өлең? Яғни, көсеу жайындағы Ойларыңның көркем де көсем өлеңге айналуы мүмкін емес! Солай ма? Жоқ, олай емес екен! Жәлелдің "Көсеу"-ін оқып отырып, мен өз Ойымнан өзім ұялып қалдым. Әне, таланттың тамашалығы, тапқырлығы! Енді, содан бір-екі мысал.

Қараша ауыл.

Қара ошақта, зорыға,

Анам жүрді, қос білегін түрініп.

Сексеуілдің қыжынаған шоғына,

Отырушы ем жылынып.

Қыжынаған шоқ! Оны ауылдың кез келген адамы біледі. Бірақ, сол шоқтың "қыжынаған" образын білмейді. Ал, "қыжынаған" деген сөзді естігенде, Күн көзіндегі қызыл-жасыл алапат тұтанымдар көзге елестейді! Ғажап па? Ғажап! Ең бастысы, Ақын шоқтың аса бір жұмбақтана жайнаған керім сәтін дәл бейнелеу үшін, "қыжынаған" деген сөзді өзі ойлап тауып отыр!...

Армандасаң, дәл осында арманда,

Сарын қосып алабұртқан сарынға.

Анам отты көсеп-көсеп қалғанда,

Жарықтық шоқ ұласатын жалынға.

Осы жолдардағы "алабұртпа сарынға сарын қосып армандау" ше? Иә, ауыл адамдары от басында солайша армандайды. Бірақ, "алабұртпа сарынға сарын қосып" армандап отырғандарын өздері аңғармайды да.

Жұмбақтанып таң-ғажайып атырап,..

Көп білуге құмар едім Тегімнен.

Қара көсеу құдіретін бақылап,

Таң қалатын едім мен.

Содан бері өтті талай мұнар-жыл.

Көсеу сыры кетпей қойды санамнан.

Өмір мені сан қиянда сынап жүр.

Бәрі - арман.

Иә, Анасы білек түріне көсеп-көсеп жіберер қыжынаған шоқтың алаулы жалынға айналғанына таңырқаған бала-көңілдің де "қыжынаған өз шоқтары" бар еді. Көңілінің сондағы құпиядай "қыжынақ шоқтарын көсеу-уақыт көсеген сайын", баланың да Ес қуаты ересен жалындап, Ақынға тән Парасат Отына айнала бастайды! Жоғарыдағы екі шумақтан сондай сұрапыл сурет көрініс береді.

Кеңдік маған қанмен келген сый екен.

Адамдығым - Анам сүтін өтеуде.

Бір ұққаным – ауыл жетпей жүр екен

Шоқ кеудемді көсеуге...

Туған Жер мен Туған Шешесін, туған Ауылы мен шоғы тылсым қыжынаған туған Ошағын аңсайтын әр қазақтың санасында сағымдана жайқалған Сағыныш табиғатын Жәлел Ақын осылай әсем бейнелеп береді!

Қош. Енді бізге не қалды? Бізге – Жәлел Қуандықұлы деген Ақынға ағалық ақ бата беру ғана қалды! Өлең әлеміне енген Жәлелге Тәңірім өзі жар болсын!

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы

Жәлелдің кейбір өлеңіне қызғанып қарадым

Бүгінгі таңдағы қазақ поэзиясында отыздан ассаң да жас ақын деп атай беретін болыпты. Әдебиет жаспен өлшенбейді десек те, Алланың досы Мұхаммедке (с.ғ.с.) пайғамбарлық қонғаны секілді, ақынның да толысатын уақыты «қамал бұзар» қырық жас секілді. Адамға кемелденетін, қалыптасатын соңғы мүмкіндік те сол кезде беріледі дейді. Жас шамасына келетін болсақ, ақын Жәлел Қуандықұлы екеуміз қатарласпыз, отыздан асып барамыз. Былтыр оның тұңғыш жыр жинағы «Құмдауыттың» шыққанын білемін. Енді сондағы бір топ өлеңдеріне аз-кем ой-пікірімді білдіре кетейін.

«Мен білмеймін, кім дейтінін мендейді,

Менің мұңым көп жараны емдейді...»

Осылай басталатын бұл өлеңде нағыз ақынның бейнесі суреттелген. Дәлірек айтқанда, автордың автопортреті.

«Жұрт әйтеуір ақын дейді мендейді,

Менің жырым көп жараны емдейді...» – деп бастап,

«Белестерге бастап барад жол-қамым,

Құлдыраңдап Құлагерше жортамын.

Соқпағымнан жаңылғаным түк емес,

Жүрегімді кірлетуден қорқамын...» – деп аяқтағанда да болатын еді.

«Құмдауыт» өлеңінде туған жерге деген ақынның ыстық ықыласы жатыр. «Адам топырағына тартып туады» дегенді ескерсек, Жəлелдің:

«Еркіндік - өлең деген,

Құм мінез қасиетім», – деуі тегін емес. Алыстағы аңсарына деген арзуын əдемі жеткізе білген. Тек «Сыр шертіп мөлтек, ізгі» демей, «Сыр шертіп ертек түзгі» деп бала күнгі қиялды бейнелеп өткенде ұйқасы да келісіп тұрар еді деп ойлаймын.

«Көсеу» атты өлеңіндегі шоқтың қыжынауы маған да бала кезден таныс сурет, сондай етене ыстық көрініс. Бірақ мен бұл туралы əлі жаза алмай келемін. Сол үшін Жəлелге тек қызығып қана, жырын тамсана қайта-қайта оқи бердім. Ал «Бəрі - арман» деген жолды қысқа қайырған сияқты көрінеді. «Өткен күннің бəрі – арман» деп жазар едім өз басым.

«Лəззат» деген өлеңі аты айтып тұрғандай махаббат лирикасынан сыр шертеді. Жыр қағаны Жұматайдың əсері анық байқалады. «Ғалам құбыжық еркелігіңсіз» дегені дөрекілеу естіледі. Мысалы, «Ғазалсыз ғалам – еркелігіңсіз» деп жұмсақтау, тігісін жатқызып жеткізуі керек сияқты. Сонда ғана ғашықтың сөзі «тілге жеңіл, жүрекке жылы» тиген болар еді.

«Қоңыр əулие. Үш тілек» – жақсы өлең. Соңғы шумақтағы «Анамның тіліменен жазарымды дегенге тоқталсақ, бұл орайда Тыныштықбек Əбдікəкімұлының мына бір сөзі еске түседі: «Біз Ата Тілімізді, Аталы Сөзімізді топастықтың «хирургиялық столы» арқылы «Ана Тілі» қылып та жібердік!» Меніңше, бұл жерде ананы кемсіту жоқ. Мағжанның өзі «Нұрлы жұлдыз, бабам тiлi, сен қалдың!» деп жырлаған. Ойланған жөн!

«Acау ойлар босап кетіп көгеннен...» деп басталатын өлең де ерекше ұнады. Ол енді өзімнің де басымнан ара-тұра өтетін жағдай. Ал «Жапырақтар өлмейді», «Мезгілсіз жауған қар», «Сурет» атты өлеңдері тіршілік тынысы мен ақын жанының тамаша үйлесімінен туған көркем дүниелер. Былайғы уақытта елеусіз қалатын жайттарға жан бітіп, содан көкейге ой салып, табиғат тілінде сыр айтып тұр.

Мен «Құмдауыт» кітабын толықтай оқып шыққан жоқпын. Сыншылар тарапынан сын айтыла жатар. Ал айтылған ой-пікірім өзгеге ұнасын-ұнамасын, ол өз сөзім болып қала бермек. «Теңіздің дəмі тамшыдан» дегендей, осы оншақты өлеңінен ақынның алысқа шабатын көкмойнақ аттай арыны сезіледі. Тек шабыс пен шабыт тілеймін. Осы екеуі бойына қатар бітсе, əлі талай өндіріп жазатынына сенемін. Оған Жəлел бауырымның мүмкіндігі де, қабілеті де жеткілікті. Талантты талант деп мойындау да керек!

Асылбек Жаңбырбай

Жәлел Қуандықұлы – 1986 жылы 10 қаңтарда Қарақалпақстан автономиялық республикасы, Беруний ауданы, Алғабас өлкесінде туған. Қарағанды Мемлекеттік Университеті филилогия факультетінің түлегі. Жас ақын. Өлеңдері бірнеше ұжымдық жинақтарға енді. Мерзімді баспасөзде тұрақты жарияланып жүр. Қалық қаһарманы Жұмабек Тәшенов атындағы «Жылдың үздік ақыны» сыйлығының иегері (2015 ж). «Құмдауыт» жыр кітабының авторы.

Жәлел Қуандықұлы: Ұлым мені қызғанады өлеңнен

***

Мен білмеймін, кім дейтінін мендейді,

Менің мұңым көп жараны емдейді.

Адамдардың жамандығын көрсем де,

Жақсылықтан үміт үзгім келмейді.

Аспан маған шуақ-нұрын төгеді,

Ал Жер-Анам табанымды өбеді...

Өзге ғалам маған қабақ түйсе де,

Мен бәріне құшақ жайғым келеді.

Досым-дағы, дұшпаным да жоқ менің,

Қыс тоңдырса, жылытады Көктемім.

Арысам да, азған жоқпын Арымнан,

Көктесем мен пейіліммен көктедім.

Қаламыма қайғы оралып сұм ерен,

Қаншама рет түйсігіме түнеген...

Парағыма төгіледі еріксіз,

Маңдайыма Тағдыр жазған тірі өлең.

Белестерге бастап барад(ы) нұр таңым,

Құлдыраңдап Құлагерше жортамын.

Соқпағымнан жаңылмасым белгілі,

Жүрегімді кірлетуден қорқамын...

Мен білмеймін, кім дейтінін мендейді.

Менің мұңым көп жараны емдейді...

ҚҰМДАУЫТ

Құмдауыт қыраттарым,

Жаныңнан жырақтадым.

Татымы таңдайымда,

Су ішкен бұлақтарым.

Тербетіп сыйың есті,

Санама құйын көшті.

Шөлдетпес – әуіріңе,

Табаным күйіп өсті.

Сыр шертіп мөлтек, ізгі,

Мейірің ер жеткізді.

Адырлар күйін тартып,

Жүректі селт еткізді.

Көркіңе асық едім,

Көрмесем тасып едім.

Ләйләдай келбетіңе,

Мәжнүндей ғашық едім...

Кеудеме берік өлшем,

Серпілмес сенім ең сен.

Толқушы ең желмен бірге

Теңіздей, мені көрсең.

Басқызбас жардың басын,

Өзіңдей бар мұңдасым.

Жаныңды күзетуде

Сексеуіл тағдырласым.

Жайсаңым қырқасы кең,

Анам һәм сырласым ең.

Ең алғаш сезім жайлы

Бауырыңа жыр жазып ем...

Уысымнан таси кетіп,

Ойың жоқ бас иетін.

Еркіндік – өлең деген,

Құм мінез қасиетім...

Жетелер шыңға бүтін,

Ақ көрпе Құмдауытым.

Дамылсыз сен дегенде,

Жүйткиді Жыр-дәуітім!

Елтіген ғазалға сан,

Сырыңды аз аңдасам.

Кеш, соңғы Мәжнүн жырды

Құмыңа жаза алмасам..

КӨСЕУ

Қараша ауыл...

Қара ошақта зорыға,

Анам жүрді қос білегін түрініп.

Сексеуілдің қыжынаған шоғына

Отырушы ем жылынып.

Армандасаң, дәл осында арманда,

Сарын қосып алабұртқан сарынға.

Анам отты көсеп-көсеп қалғанда,

Жарықтық шоқ ұласатын жалынға.

Жұмбақтанып таңғажайып атырап...

Көп білуге құмар едім Тегімнен.

Қара көсеу құдіретін бақылап,

Таң қалатын едім мен.

Содан бері өтті талай мұнар жыл,

Көсеу сыры кетпей қойды санамнан.

Өмір мені сан қиянда сынап жүр,

Бәрі – арман.

Кеңдік маған қанмен келген сый екен,

Адамдығым – анам сүтін өтеуде.

Бір ұққаным – ауыл жетпей жүр екен

Шоқ кеудемді көсеуге...

ЛӘЗЗАТ

Ләйләдай лағыл лебізге лайық,

Балапандайын бейкүнә бейнең.

Күлкіңнен артық ем іздеу — айып,

Тұншыға қалса керқұла кеудем.

Әлем әспеті әлі де әрсіз,

Сендік сиқырды сезіне алмаса.

Кереметтердің бәрі де нәрсіз,

Мейірімді сендей кезі болмаса.

Затыңдай зарсыз, Зайдалық зердең,

Бақытқа лайық қиялдай керім.

Өмірге тағы айналып келсем,

Ешкімді сендей сүйе алмас едім.

Заман заман ба заңдылықтарсыз?

Шегінсе шындық, шертеді мұң күз.

Ажарсыз дер ем паң қылық қар қыз,

Ғалам құбыжық еркелігіңсіз.

Ақын ақын ба арбаса арын?

Сезім сезім бе бір жылытпаса?

Өмір өмір ме далбасаларын

Тізгілей бермей, сырып тастаса?

Тағдыр тағдыр ма, тар жол торламай?

Шабыт — шабыт қой, шапса қайда да.

Жәлел Жәлел ме, бір жыр арнамай,

Жұматай жүз жыр жазса Ләйләға...

ҚОҢЫР ӘУЛИЕ. ҮШ ТІЛЕК

Құлшындырып Құранның сүрелері,

Жасыбай көл кеудеме жыр егеді.

Құран оқып болды да шырақшы ата:

«Бір-бірлеп кір,

Үш тілек тіле», – деді.

Атамекен!

Бөледің сонша нұрға,

Тарих жатыр ашылмай қанша қырда.

Бабамның рухы сіңген жұмағымды,

Жаппар Ием,

Ешкімге олжа қылма!

Азат күнім!

Өзіңсің – мәңгі тілек,

Қазақ бүгін сен жайлы әнді білед(і).

Досқа таба, дұшпанға күлкі қылмай,

Елдігімді мәңгілік ет!

Соқтығысып сан түрлі күбір мида,

Халқым үшін бар біткен тұғыр пида.

Анамның тіліменен жазарымды,

Жазып қалдыратындай ғұмыр сыйла!

***

Acау ойлар босап кетіп көгеннен,

Мына әлемге сыймай әлі келем мен.

Менің жазу үстелімді жағалап,

Ұлым мені қызғанады өлеңнен.

Мен отырам қабағымды нұр шылап,

Балам болса бір кіреді, бір шығад(ы).

Қаламымды бақылайды таңырқап,

Қойғысы кеп бір сұрақ…

Қылықтары алпамсадай алып қып,

Ұлым менің неткен батыр, жарықтық…

Махамбетті жатқа соғып отырып,

Ұйықтап кетед(і) талықсып.

Ал, сұрағын қоймай жатып түсінгем,

Балалық-ай сондай жұмбақ пішін бе ең?!

Сұрағына жауап жазып отырам,

Күбір-күбір ішімнен.

Қабағыма ұя салған жасымнан,

Адырна бұлт, өлең нөсер асынған.

Парағыма төпеп-төпеп тынады,

Оған дейін басылман.

Қанша жылдам зуласаң да бөкен күн,

Сырға толы суретіңнен от емдім.

«Отаным» – деп ұрандап жүр біреулер,

Ал мен кейде өз ұяма бөтенмін...

Ұйқысынан оянып ап, арайлы,

Шолып шығып, шаттық толы маңайды.

Қабағымнан маңып бара жататын,

Сол бұлттарға ұзақ-ұзақ қарайды...

ЖАПЫРАҚТАР ӨЛМЕЙДІ

Тәпсірлеумен ғұмырлы күн, айды бек,

Жапырақтар өлмейді, құлайды тек.

Жайрап жатып тамырын қымтайды да,

Мама ағаштың саулығын сұрайды кеп.

Нәзік жүрек жайнап кіл жақсылықтан,

Сондай тағдыр әуелден Һақ бұйыртқан.

Адамзатқа сыбдырмен айтары көп,

Үлкен үміт күтеді жас шыбықтан.

Сақтанғанда «Жел» дейтін дүлей күштен,

Күз келгенде, ызғырық үдей түскен.

Олар сонда тәубе айтып болмысына,

Құламауды алысқа тілейді іштен.

Кәрі қыс кеп, шыңылтыр құрық бекіп,

Шымшылайды денесін ырықты етіп.

Ал көктемде қайтадан бүр жарады,

Қармен бірге тамырға сіңіп кетіп.

Ақ көрпесін тағы да кермек пе ерте?

Аяз қысты мезгілсіз, жендеттерше,

Табиғаттың ең адал перзенттері,

Қош болыңдар!

Көктемде кездескенше...

МЕЗГІЛСІЗ ЖАУҒАН ҚАР

Бір әлемге теңгеріп бір ұлпаны,

Көктемеде қар жауды бүгін тағы.

Көңілімнің төрінен жалт-жұлт етіп,

Бір сәуле жымыңдады.

Ағаш-ару... алқынып құлын жаны,

Ызғар желмен теңселе ыңылдады.

Діріл қағып еріксіз ырғалады

Нәп-нәзік бұрымдары.

Ақ қар, сені неліктен ерек сүйдім?

Сенен алдым тәттісін керек күйдің.

Сен секілді оқыстан жауа салып,

Тынсам деп өрекпимін.

Мезгілсіз кеп ұрладың түн ұйқымды,

Күмбір-күмбір кеудеме күйің тұнды.

Қоштасқалы келдің бе көктеміңмен,

Өз ғашығын қимаған сұлу сынды?

Батпан ойлар еңсемді жанышқанда,

Қиялыммен самғаймын алыстарға.

Мәңгілік ғұмыр жайлы жыр оқимын,

Мәңгілікте мезгілсіз қауышқанда...

СУРЕТ

Мойыныма артқанында Тәңір жүк,

Сол бір жүктен табатындай жаным құт.

Ақша бұлттар оранғандай жалынға,

Көкжиектен Күн көрінді тамылжып.

Құстың бәрі көтеріп Күн шашбауын,

Иесіне арнап жатты жақсы әнін.

Ескі зауыт мұржалары үр желмен

Желпіп тұрды мақпал бұйра шаштарын.

Күн уылжып жанып тұрды жанудай,

Осы жайттан сөнер сәтін табуда Ай.

Күн-айнаға телміреді мұржалар

Қолайнаға шаш түзеген арудай.

Таң шапағы аймалаумен бетімді,

Жан дүниемнің көп кірбіңін кетірді.

Толқын шашты сұлу тектес мұржаның

Зеңгір аспан қолшатыры секілді.

Тылсым сурет өн бойымда тасытты от,

Тыпыршыдым жазғанына нәсіп көп.

Қолшатырлы сол арудың тамсанып,

Қарай бердім қылығына ғашық боп.

...мұнан асқан бақыт жоқ...

Әзірлеген Бағлан Оразалы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар