Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Нұрлан Қами. Айна (Интерактивті әңгіме)

20.04.2017 759

Нұрлан Қами. Айна (Интерактивті әңгіме)

Қазақта екі аяқты, бір басты, логикалық тұрғыдан ойлана алатын саналы тіршілік иесінің үш түрлі атауы бар. Адам – сөзіне де, ісіне де берік, арман-мақсаты биік, сезімі терең, ақылы кемел, ой-өрісі кең, адал да әділ. Кісі – кім екенін тап басып айту қиын, жақсы болуы да, жаман болуы да ықтимал, кейде өзін зорайтып көрсетуге құмар. Пенде – жақсылығынан жамандығы басым, күйкі тірлікпен күн кешкен, арамдық пен залымдыққа бейім, құлқын мен нәпсінің құлы, қиянат пен қылмысқа барудан жиренбейді.

Сұрақ: Ал, сен кімсің?

Жауабы: Өзің кімсің?!

1. Өткен шақ

Біздің үйде айна көп. Бәлкім барлық үйде солай шығар, жұрттың үйінде не бар, не жоғына назар салып, сұқтанатын әдетім жоқ, әйтеуір біздің үйге келе қалсаңыз, алдымен сізді кіре берісте қарсы алдыңызда тұрған киім ілетін шкафтың екі есігіне бірдей орнатылған қос айнадағы өз бейнеңіз қарсы алады. Үсті-басыңызды бір шолып өтесіз, сырт киіміңізді шешіп жатып тағы қарайсыз, қарағыңыз келмесе де бәрібір айнадағы бейнеңіз өзіңізді көріп тұрады. Көзіңізді қысып сәлемдесесіз де одан әрі дәлізге өтесіз, онда кісі бойынан биік тағы бір айна тұр, залда трюмо, балалардың бөлмесіндегі шарайна бір қабырғаның тең жартысын алып жатыр, оның алдында балаларым музыканы бәсеңдетіп қойып (шешесі екеуміз үйде жүргенде ғана, біз жоқта дауысын барынша шығарып қояды, бірер рет ұрысқанбыз, бірақ баланың аты бала, бір құлағынан кірсе, екіншісінен шығып кетеді, қашанғы қақсай бересің, мейлі, көршілерден сөз естіп қалмасаңдар болды деп ақыры өзіміз тынышталамыз) ырғаң-ырғаң билеп жүреді, жас емес пе, билей берсін. Жатын бөлмеде әйелімнің бет-аузын бояп, сәнденетін айнасы және бар. Ең пайдалысы - жуынатын бөлмедегі қолжуғыштың үстінде тұрған айна, онсыз жуынып-қырыну мұң болар еді. Жуынарсың-ау, бірақ, айнасыз қалай қырынарсың?

Баяғыда, үйленген кезімізде бірер жыл пәтер жалдап тұрғанбыз, алғашқы тапқан баспанамыз жайсыздау болды, тіптен, пәтер деген аты ғана, бір кемпірдің тап-тар жертөлесі, аласалығы соншалық, мойнымды созсам басым төбесіне тіреледі, үйді жылытатын пеш осында, бұрын отын сақтапты, кейін біз сияқты өз жерінде өгейлік көріп, тентіреп жүрген бейбақтардың панасыздығынан пайда табу үшін отынды ауладағы жаппаның астына жинап, пеш тұрған кіре берісті жарты кірпіштен өрілген қабырғамен далдалап, ішін әктеп, төргі бөлмеге екі адамдық ескі кереует, бір үстел мен екі орындық қойып, еденіне тозығы жеткен алаша төсеген, сөйтіп кешегі мал қамауға жарамайтын жаман жертөле тұрғын үй болып шыға келіпті. Барар жер, басар тауың болмағасын қайтесің, іштегі қыжылды білдірмеуге тырысып, лаждайтын баспана табылғанына шүкіршілік етіп, өтірік-шынды рахметімізді жаудырып, кіріп алдық. Келіншегімнің көңілін аулау үшін орыстардың «Сүйгеніңнің қасында тар лашықтың өзі жұмақтай көрінеді» - деген мақалын қайталап қойып, тұра бердік.

Кіре берістің пешке қарсы қабырғасына шүмегін түртсең суы сорғалап қоя беретін қолжуғыш орнатқан, астында биік орындық, оның үстіне шылапшын қойған, кір суы толып кетсе ауланың бұрышындағы құдыққа апарып төгеміз. Қолжуғыштың үстіне ағаш жақтаулы айна бекітіліпті, патша заманынан қалған (анығын білмеймін, сөздің реті келгесін айтқаным ғой) ескі айна, қарайып кеткен бе, бозарып кеткен бе, жалпы сұлбамды шырамытқанмен, кейде өзімді-өзім танымай қаламын. Кәрілік деген сол, адам түгіл айна да қартаяды екен, қанша үңілсем де аузы-мұрнымды ажыратқанмен, бетімдегі түгімді көре алмай, иегімді сипалап тұрып қырынамын. Кейде бетімнің әр жерін тіліп аламын, бұған өзімнің олақтығым кінәлі екенін біліп тұрсам да бәрібір айнаға кіжінемін, қожайынның сараңдығына өкпе айтып, сыртынан сыбап аламын. Айызым қанбайды, әрине, қайтерсің, көзінше күңкілдеуге шама жоқ, қыстың көзі қырауда қуып шықса қайда барамыз?

Сөйтіп жүріп жаттық, мен жұмыс істеймін, ол әлі студент, кеңес өкіметінің бір жақсысы – сабақ үлгерімің ортадан жоғары болса стипендия төлейді, бізге айлық берген күні келіншегім де стипендиясын алады, қарық боп қаламыз, пәтерақыны төлеп, бірер күндік азық-түлігімізді әкеліп, ауысып жатса оны-мұны киім-кешек аламыз, ол кезде қазіргідей молшылық емес, таңдайтын киім де жоқ, қонымдысы табылғанына, оны алуға ақшаң жеткеніне шүкірлік етіп жүре бересің. Сондай бір қуанышты күні айлығым қалтама сыймай, өз бағам өзімнің алдымда еселей арта түсіп, басқаларға төбесінен қарап, екі автобус ауыстырып мінетін жұмысымнан такси жалдап үйге келсем әйелім көзі күлімдеп, жайнаңдап отыр. Сөйтсем, ұзындығы екі, ені бір қарыс айна сатып алыпты. Енді оны ілетін орын тапсақ кәне! Қабырғада қағулы тұрған шеге де жоқ, өзіміз қаға салуға қожайыннан батпай, ақыры үстелдің шетіне, қабырғаға сүйеп қойдық. Қырынған кезде қолжуғыштың қақпағын бері жылжытып, жоғарғы жағын ескі айнаға сүйеп қисайта жатқызамын, астыңғы шеті қақпаққа тіреледі. Бұрынғыдай иегімді тіліп алмайтын болдым, қырынған сайын әйеліме риза болып, іштей рахмет айтып қоямын, көзінше мақтамаймын, әрине, әйтпесе бәлсініп кетуі мүмкін.

Айнаның жыры мұнымен біткен жоқ, көктем келіп, күн жылынған соң қожайын әйелге жалынып жүріп қолжуғышты аулаға көшіргенмін. Кемпір бұлданып жүріп әрең көнді, бізді жарылқап тастағандай бұтқа толып жүр. Әйтпесе жертөленің ауасы тар, іші бықсып кетеді, тыныс алу қиын. Орындықты шылапшынымен қосып жуан қарағаштың түбіне апарып қойдым, қолжуғышты діңіне байлап бекіттім, айнамызды ағаштың бұтағына қыстырмақ болғам, ағашты жаралайсың деп кемпір ойбайлап қоя берді, сосын әйелім қол орамалын ұзыншалап кесіп, арасына мақта салып, төрт жағынан әдіптеп тігіп берді. Содан кейін ғана ағашқа қауіп төнбейтініне көзі жетіп, рұқсат етті. Бұл кезде әйелімнің аяғы ауыр, өзі диплом жұмысын жазып жатыр, мен де қолымнан келгенше көңіліне қарап, ренжітіп алмауға тырысып бәйек болып жүрмін.

Бір күні жұмыстан келсем келіншегім мұңайып отыр, көзі бақырайып кеткен.

- Ау, не болды саған?

- Бұл үйден көшейік, - дейді бірдеңе бүлдіріп қойған баладай жапақтай қарап.

- Қайда көшеміз?

- Басқа пәтер іздейік, студенттер үйлеріне қайтып жатыр, босаған шығар.

- Өзім де соны ойлап жүргенмін, тәуірлеу пәтер табу керек. Алдағы демалыста іздеп шығамын. Бірақ, неге дәл бүгін айтып отырсың? Әлде кемпір ұрысты ма?

- Жоқ. Әшейін...

Көзін төмен салып сәл отырды да өксіп қоя берді. Енді өзім қорқа бастадым. Мынау тегін емес, қарадан-қарап неге жылайды? Бірдеңе болған ғой!

- Жаным-ау, айтсаңшы, не болды? Неге жыладың?

- Айна сынып қалды...

- Қалай? Өзің сындырып алдың ба?

- Жоқ. Жел ұшырып құлатты.

- Соған да жылайсың ба! Шыныңды айт, кемпір неге сындырдың деп ұрысқан шығар?

- Ұрысқан жоқ. Білмей қалды. Сынығын жинап лақтырып тастадым.

- Әлде менен қорықтың ба? Айнаны ғана емес, дүниенің бәрін шағып тастасаң да сөйлемеймін ғой саған!

- Білемін. Бірақ...

- Не бірақ?

- Екеуміз үй болғаннан бері алған алғашқы дүниеміз еді, қимай тұрмын...

- Сол да дүние болып па! Қой, қапаланба, ондай айнаның талайын аламыз әлі! Бірдеңе болып қалды ма деп зәрем ұшып кетті ғой! Сынған айнаға бола жылай ма екен!

- Жай, көңілім босап кетті. Болды, енді жыламаймын. Бірақ, бұл үйден көшейік.

- Көшеміз, жаным. Міндетті түрде көшеміз.

Сөйтіп келесі жексенбіде басқа пәтерге көштік. Содан не керек, пәтерден пәтерге көшіп жүріп, үш баланы қалай өмірге әкелгенімізді өзіміз де білмей қалыппыз. Әке-шешенің, ата-әженің тәрбиесін көріп, ұлағатын тыңдап өскен адамбыз, кітап оқыдық, халқымыздың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі бойымызға қапысыз сіңген, мәдениетті, білімді, білікті азаматпыз, жақсы мен жаманды ажырата аламыз деп ойлаймыз, біздің білуімізше, махаббаттың негізі – мейірім, сол махаббаттың қызуы басылмай тұрғанда, жүректегі жалын мен көкіректегі мейірім мол кезде бойға біткен баланың дені сау, жүйкесі берік, көкірегі ашық болады. Тек қара басыңның қамын ойлай бермей, өзгеге деген пейілің түзу болсын, өзегіңді жарып шыққан перзентің сонда ғана атаның емес, адамның баласы болмақ. Құдайға шүкір, қиындықтың бәрі артта қалды, біреуден ілгері, біреуден кейін тіршілік етіп жатырмыз, балалар да өсті, үлкендері студент, кішісі мектеп бітіргелі жүр, аман болса жаман болмас деп үміттенеміз. Еліміз тыныш, аспанымыз ашық, соған шүкіршілік етеміз. Дегенмен, кейде көкірекке күдік ұялайтын сәттер де бар. Әсіресе, айнаға қарасам... Ал, оған күніне қанша рет қарайтынымызды кім есептепті.

Айнасы несі деп таңданбай-ақ қойыңыз, әңгіменің өзін де солай атап, содан бастағаным бекер емес. Адам жас кезінде әсершіл бола ма, әлде өзім тым сезімталмын ба, баяғыда келіншегім айнаны сындырып алдым деп жылағаннан бері мен үшін айна – күнделікті тұтынатын қарапайым бұйым емес, адам өмірінде өзіндік орын алатын, әлдебір жұмбақ қасиеті, тіптен киесі бар тылсым сырлы нәрсе боп көрінеді. Басқаша ойлап қалмаңыз, жансыз айна тұрмақ, қаншама ғұлама немесе кемеңгер болса да өлі-тірі пенделердің бірде-бірін пір тұтып көрген емеспін, жаңа ғасыр басталар алдында ниет етіп, иман келтіріп, содан бері бес уақыт намазымды қаза қылмай, Алла – бір, пайғамбар – хақ деп жүрген, ата-бабамыз ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан Имам ағзам Әбу Ханифа мазғабындағы мұсылманмын.

Мәселе мынада: айнаға қарасам – оңы сол боп ауысып шыға келген өз келбетімді ғана көріп қоймаймын, көңілге жас, көзге егде көрінетін дидарымның артынан бұқпантайлап, бой тасалауға тырысып, бірақ, сонда да ап-анық байқалып тұрған сансыз сұрақ белгісі анталап қоя береді. Қазандай болмаса да кішігірім қауғаға жетеғабыл басым да, қарасынан ағы көп, мерзімінен бұрын селдірей бастаған шашым да, көзім мен құлағым да, аузым мен мұрным да сұрақ белгісіне айналып кететін сияқты.

Бас. Өзгенің емес, өзімнің басым. Он сегіз мың ғаламды жаратқан, қалған он жеті мың тоғыз жүз тоқсан тоғызын білмеймін, әйтеуір нақ осы ғалам туралы ұғым-түсінікті миымызға сыйғызып, ақылымыз жететіндей еткен, құдіреті шексіз Алла тағала кейде шақшадай, кейде шарадай осы басты не үшін берді екен? Не үшін екені белгілі емес пе – ойлану үшін. Ал, ойлан. Ойланбай жүре алмаймыз, таңның атуынан күннің батуына дейін, одан қалса ұйықтап жатып түсіңде де ойланасың, одан артық не керек саған? Жә, қоя тұр, оны айтып тұрған жоқпын, есі дұрыс адамның бәрі ойланады, бірақ, нақты адам ретінде мына Мен не ойлауым керек, қандай сұраққа жауап беріп, қай мәселені шешпекпін, қай істі қолға алып, ненің үдесінен шығуға тиіспін? Көзіме қарап тесіреймей, соны айтшы? Айтпаймын, өзің ойлан, өзің тап, мен сенің айнадағы бейнең ғанамын, бізді солай жаратқан, біз тек сұрақ қоямыз, жауабын сендер бересіңдер. Сендерің кім? Нақты болмыстағы біздің ақыл-есі түзу, сезімі толық, түйсігі терең, саналы түп-нұсқамыз – адамдар. Жалпы адамдарды қайтесің, менің бейнем екенің рас қой, демек маған айтуыңа болатын шығар? Айтпаймын дедім ғой, мен саған сұрақ қойып тұрмын, сол қандай сұрақ, жауабы не – бәрін өзің тауып, өзің шешуге тиіссің.

Жауапкершілік атаулыдан ат-тонымызды ала қашып, жалтарып кетуге үйреніп қалғанбыз, айнадағы бейнемнің бұл сөзі ақылға сыймастай өрескел, орынсыз көрініп, шоршып түстім.

Әй, мені кім деп тұрсың өзің?! Әкім-қара емеспін, бір нәрсені шешіп тастайтындай құзіретім жоқ, жүрегімді сығып, сыздықтаған қаныммен жазған шығармаларым қалың оқырманға жете бермейтін елеусіздеу жазушымын, менің қолымнан не келеді? Мынауың қызық екен, не сұрағыңды қоймайсың, қойылмаған сұрақтың жауабын тап деп тағы қинайсың, мен де ақымақ емеспін, бір-екі сұрақ болса ойланып көрер едім, байқауымша, сұрақтарың бірінен-бірі туындап, Алдаркөсенің әләулайындай созыла беретін түрі бар, оның бәріне жауапты қайдан таппақпын? Ең болмаса соны айтшы? Не деген кещесің өзің, осымен үшінші рет қайталап тұрмын – мен саған ештеңе айтпаймын, сұрағым да, оның жауабы да қанша көп, қанша қиын болса да соның бәрі өзіңе байланысты, өзіңе қатысты, әлгінде ғана басқаларда шаруам жоқ дегенсің, оларда менің де жұмысым жоқ, ақылың тасып жатқандай-ақ бас бергеніңе рахмет деп Құдайға шүкіршілік етіп тұрғаның қайда, енді не болып қалды, ойлан деп едім, от басқан тайлақтай ордаңдап, тапырақтай жөнелдің. Әлде бұл өмірдегі барша сұрақтың жауабын түгел тауып қойдың ба? Бұл өмір дегенде сенің өміріңді айтып тұрмын. Ойлан әлі де. Төрт құбылаң түгел, жағаң жайлауда, көңілің тоқ, ішкенің артыңда, ішпегенің алдыңда ма? Олай болса неге кейде түнімен дөңбекшіп, ыңыранып, иесінен таяқ жеген иттей ұлып, қыңсылап шығасың? Қазақ атаң «Ұйқың тыныш болсын» деген ақ батаны не үшін беретін еді? Мүмкін кейбір сұрақтың жауабын таппай, бәлкім тапқың келмей, тіптен сол сұрақты қоймай-ақ өмір сүріп жүре бергің келетін шығар. Байқа, қиямет-қайым болғанда адамның әр мүшесі өзіне қарсы куәгерлік етеді дейді, мүмкін сол кезде берер жауабыңды осы бастан сайлап қойғаның дұрыс болар? Әйтпесе, жаңа ғана өзімдікі деп иемденіп тұрған шақша басың сын сағаты соққанда өзіңе қарсы шығып, айып-күнәңді бетіңе басып, қылмыс-қиянатыңды тапжылтпастан дәлелдеп берер куәгер болса қайтпексің? Қалай ақталмақсың? Ең болмаса соны ойлашы.

Мына сөзінің жаны бар сияқты. Бірақ, бұл сұрақтарға шынымен ойланып алып жауап бермесе болмайды-ау, сірә. Осының бәрін айтып тұрған айнадағы бейнем емес, өзімнің ар-ұятым деп түсінейік, оның алдында не жазып қалып едім? Не бүлдіріппін? Ұрлық қылған жоқпын, арамнан жеген емеспін, ешкімге қиянат жасап көрмеппін... Тоқта, тоқта!.. Әй-әй-әй... Қой енді. Доғар осымен! Асықпай ойланып, айтар сөзіңді мұқият жұптап ал. Әйтпесе, кім біледі...

Көз. Бір кездері қиядағыны қырандай шалар қайран ғана көзім-ай, сенің қандай арызың бар? Нұрың тая қоймағанмен, қуатың бәсеңдеген бе, бұрынғыдай бет қаратпас жалының байқалмайтын болыпты. Сен не дейсің, қай қылығымды бетіме басасың, қай ұрлығымды жария етпексің? Әдетте аса қымбат нәрсе туралы айтқанда «көзіңнің қарашығындай сақта» дейді, сақтап келемін ғой сені, қандай өкпең бар? «Өсірген сылап-сипап он саусағым, кәнеки тап бергенде ап бергенің» - деп Шернияз ақын да пұшайман болған, қияметтің қыл көпірінде шынымен ұятқа қалдырар ма екенсің? Басымның қойған сұрақтарына жауап іздеп, ішкі қоямды ақтармай тұрып әуелі сені тексеріп алайын, шыныңды айтшы, жасырмашы ештеңе! Осы күнге дейін тек қана тазалық пен жақсылық қана көріп келе жатқан жоқсың ба? Лас жерге қадам баспаймын, қорғансызды жәбірлеген озбырдың арсыздықпен жасаған қиянатына куә болған емессің, осы сөзім рас қой? Әлде... кейбір жәйттерді ұмытып қалдым ба? Олай болса, есіме салып қой, күнәмді өтеуге тырысайын, Алла тағаланың мейірімі мол, нығыметі шексіз, мүмкін кешіріп қалар. Тек соның не екенін атап айтып берші? Әлде ондай кездерде екі көзді тарс жұмып, түк көрмедім деп өте шықтым ба? Әйтеуір «Шыққыр көзім мұны да көрді-ау!» - деп қарғап-сілеген емеспін сені, осы сөзім рас қой, келісетін шығарсың?

«...Бабында ғана семірген, қос тізесін кемірген,

Бір арғымақ-арманым арам өлді кермеде.

Көрмедің соны сен неге?

Көріп тұрып әлде сен көзіңді жұма қалдың ба,

Ұяттан құлап кетпедің Жер менен менің алдымда!» - дейді Әбубәкір Қайран. Ей, Әбіш дос, осы өлеңді өз аузыңнан алғаш естігелі ширек ғасырдан асыпты, ол кезде аузымыз буулы болатын, меңіреу заманның сөз ұқпас, ұқпақ түгіл сол сөзіңді айттырмайтын, айта қалсаң соңыңнан ит қосып қуалайтын дүлейлерінен түңіліп, Аспан әлеміне арнаған арызың еді бұл. Сенен көрі аңғалдау болды ма, әлде Сенім деген қасиетті ұғымның биігінен көрінер азамат қалмады дегенге иланғысы келмеді ме, бәлкім өзінің «билеуші тап» мәртебесіне ие болып тұрғанын малданған шығар, әйтеуір Ақсұңқар Серік-жұмысшының:

«Сәуірбек аға, ғафу ет сұрағаныма,

Шынымен арғымақтардың да жылағаны ма?!» - деген күйінішті сұрағы біраз жыл бәріміздің аузымыздан түспей жүрген. Жауап жоқ, әрине. Не дегенмен, соның бәрі артта қалды, барша халықты бақытқа жеткіземіз деп жалған ұран салып, іс жүзінде бәрімізді құл қылып ұстаған, санамызға кісен салып, адымымызды аштырмаған сұрқай кезеңнен де өттік, тәуелсіздік алып, қолымыз аузымызға жетті, болып жатқан, толып жатқан келеңсіздіктердің бәрі уақытша қиындық, жүре келе түзеліп кетер деген үмітпен жаңа ғасырға ендік. Жаңа заманда жаңа серпіліс, жаңа мақсат, жаңа мүдде болса керек еді, қазіргі жағдайымыз қалай? Сондықтан, келесі тарауымызды баршамыздың болашаққа деген үмітімізді еселей түскен жаңа ғасырдан бастайық та оған дейінгінің бәрін өткен шақтың үлесіне қалдырайық.

2. Осы шақ

Сонымен, жаңа ғасырды осы шақ деп алсақ, оның да он жылы өте шығыпты. Ата-бабаларымыздың мойнына бұршақ салып тілеген арманына Алланың әмірімен біздің ұрпақ қол жеткізді, көңіліміз орнықты ма? Айтшы, Әбіш, қазіргі аспан қазақтың қасиетті жері мен сол жердің сөлі мен нәрін бойына сіңіріп өскен, әр сөзі шындыққа суарылған ақынының алдында ұяттан көзін жұмбайтын болды ма екен? Әлде бұл заманның сұрқылтайлары да бұрынғы бабаларынан, апа-жезде, нағашы-жиендерінен кем түспей ме? Еліміз өркендеп, күн санап гүлдене түсуде, болашаққа сапар барысында жол-жөнекей жолыққан қиындықтарға қыңбастан алға қарай қарыштай қадам басып келеміз, көйлегіміз көк, қарнымыз тоқ, уайым-қайғы жоқ. Ал, мен айнаға қарап, көз тіктеуге жүрексінемін. Неге?

Осы орайда ескерте кетейін, қымбатты ағайын, бұл – эссе де, публицистика да емес, көркем әңгіме. «Тым тәуір бастап келе жатыр еді, кенеттен журналистикаға ойысып кеткені несі!» - деген сияқты наразылықтарыңыз болса ірке тұрыңыздар, құрметті сыншылар мен міншілер, әңгіменің атауына, оның астындағы жақшаға тағы бір көз жүгірте салыңыздар; бәлкім қарапайым оқырман да абдырап қалған шығар, сәл сабыр етіп, аяғына дейін оқып шығыңыз, көркем шығарманың мұндай да пішіні болады, тосын нәрсенің бәрінен үрке бермеңіз, өмірден де, сол өмірді көркем бейнелейтін өнер туындыларынан да талай жаңалықты көріп, естіп, біліп, танып, қанып жүрсіз, бір әңгіменің тұрпаты өзгешелеу көрінгеніне таңдана қоймассыз деп үміттенемін.

Ғайса пайғамбар (ғ.с.) мүриттерімен бірге келе жатып, жерлеу рәсімінің үстінен түскенде: «Өлілер өліктерін жерлеп жатыр» - деген екен. Ал, мен үшін жер басып жүрген азаматтар да, өзі өлсе де сөзі мен ісі өлмейтін, рухы адамзатпен бірге жасай беретін ардагерлер де бірдей, олардың арасында еш айырмашылық жоқ, көркем шығармада тарихта болған адамдар өз қалпында жүре беретінін білесіз, ендеше тірі адам неге жүрмеске? Болмайды, менің атымды алып таста деп талап қойып жатса амал жоқ, әйтпесе автордың құқығына қол сұқпаңыз, ағайын.

«...Есекті көрдім тұлпардан озып бәйге алған...» - дейді Маралтай ақын. Бұл өлеңді де өткен шаққа қоса салуға болар еді, жазылған мезгілі сол уақыт. Немесе «Есек пен тұлпар жарысушы ма еді, не айтып тұрсың, «Есек мінген сартта көп» деуші еді, бәлкім солардан көрген шығарсың, біз текті халықпыз, аулақ жүр, ата-бабамыз аттың үстінде туып, аттың үстінде өскен, жылқы - халқымыздың жеті қазынасының бірі, ал, есек – арам мақұлық, оны жарысқа қоспақ түгіл тақым артуға арланамыз, өйтіп бәлеңді жаппа!» - деп өтірік түсінбегенсіп, жалған намыстың шартылдақ шыбыртқысын үйіріп, өзіне тиісуге яки ақындардың қиялы жүйрік болады, олардың айтқанының бәріне илана берме деп ақылгөйсуге болар еді, бірақ ақындар өтірік айтпайды ғой... Мен сізді үгіттеп тұрған жоқпын, ағайын, сену-сенбеу өз еркіңізде, өзіңіз білесіз, дұрысы, патша көңіліңіз біледі. Одан да дұрысы – қазір не көп, бәйге көп, ірілі-ұсақты, ауылдық, аудандық, қалалық, республикалық, тіптен рулық деңгейде өткізіліп жатқан неше түрлі бәйгелер мен тендерлерге кімдер қатысып, кімдер жеңімпаз атанғанына сәл-пәл назар аударып көріңіз. «Өтірік пен шынның арасы төрт-ақ елі» дейтін қазақтың «Өз құлағыммен естідім!» - деп ант-су ішетіні бар. Осы екі сөздің екеуін де қостаймын, өйткені, сол жарысты көрдім де, естідім де. Сонымен...

Құлақ. «Естіген құлақта жазық жоқ», екі-үш-төрт күнге ме, бір аптаға ма созылған республикалық ән бәйгесі өткізілгенін көк жәшікке қараудан жалықпайтын ағайын ұмыта қоймаған шығар, қай жылы, қай айы екені есімде қалмапты, бірақ, ғасырымыздың алғашқы он жылының соңына таман сондай жарыстың болғаны анық. Осы орайда жамбасы жерге тигеніне жүз жылдан асса да біріміз түсініп, енді біріміз түсінгенсіп жүріп аузымыздан тастамайтын, есімі исі қазақтың жадынан ешқашан өшпейтін қасиетті қара шал - Абай атамызды тағы бір еске алайық.

«Құлақтан кіріп бойды алар,

Әсем ән мен тәтті күй.

Көңілге түрлі ой салар,

Әнді сүйсең менше сүй!» - дейді абыз ақын. Дәл Абайдай ма, жоқ па – ол жағын бір Құдайдың өзі біледі, бірақ, әнді бәріміз де сүйеміз. Қазақ рухының мәңгілік өзегі - күй туралы әңгіме жоқ, өйткені, жарыстың өзі ән жарысы болатын. Ән бәйгесі. Музыкалық білімім болмағандықтан кәсіби тұрғыдан баға бере алмаймын, бірақ, ән атаулының бәрі жалпы халыққа арналады, мен де халықтың бір өкілімін, сол жолы өзім куә болған сорақылыққа сенер-сенбесімді білмей амалым құрығаны еске түссе әлі күнге дейін ішім удай ашиды: ықылым заманнан бері айтылып келе жатқан, шығарған авторларының есімі ұмытылса да өзі ұмытылмай, құлағымыздың құрышын қандырып жүрген халық әндерінің қазіргі жалғасы – Тұрсынжан Шапайдың «бабымен ғана семірген» бір емес, бірнеше тұлпары бәйгеден озып келген есектердің шаңына көміліп қала берді. Бүйтерін білгенде көзімнің де, құлағымның да обалына қалмай, сол жарысты қарамай-ақ қоятын едім, қайдан білейін. Алайда, қас тұлпардың шабысында мін жоқ, әуезді әнге шөліркеген жанымыздың сусынын қандыра шырқалып жүр, әлі де шырқала береді, ал, жеңімпаз есектер бәйге алған күннің ертесіне-ақ арам қатты.

Ауыз. Алланың атын айтатын ақ-адал аузымды былапыт сөзбен былғамаймын, ешкімді ғайбаттамаймын, жаңа ғасырға мұсылман боп енгенім өзіңе аян, өткен шақта білместікпен айтылған лас-қоқыс сөздерді шексіз мейірімді Алла тағала кешіре жатар, осы шақта қандай кінә тағасың маған? Әәә... Түсіндім... Асылық. Күпірлік. Мақтан сөз... Осылардың өзін де айтпауға тырысып жүрмін ғой, не дейсің енді?! Тырысу мен орындау екі басқа ма? Әрине. Білемін. Жоқ, уәде ете алмаймын, өйткені Уәде – Алланың бір есімі, орындай алмасам күнәһар боламын, ер адамның сөзі мен ісі де уәденің орнына жүреді, ал, мұсылман үшін бұл міндетті нәрсе. Қайтейін енді, Адаммын деп өзімді де, өзгені де сендірмек болып, көкірек керіп, іштей масаттанып, бірақ соны ешкімге білдіртпеуге тырысып, кішіпейілдік танытқансып, кісілік көрсетіп, сыпайы-сынық жүруге қанша ұмтылғаныммен, пендешіліктен арылу қиын болып тұр. Мүмкін емес деп айтпаймын, өйткені, әулиелер болған ғой, қазір де болуға тиіс, бұған күмәнім жоқ, бірақ, бізге ондай ізгі тірліктің ауылы жеткізбейін деп тұрған сияқты. Абай хакімнің айтқаны қайда дейсің бе? Қай айтқаны? Әәә... «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз...» Ұқсағанмен бола алмағасын қиын екен, еліктеу-солықтау деген жастан баяғыда өтіп кеттік, қисық ағаш түзелмейді емес пе. Тезге салса түзеле ме? Тезге салу үшін ағашты кесу керек, ал, мен әзірше аман-есен жүре тұрсам деп ойлап едім. Солай, Ауыз-еке, сен де жазғырайын дедің бе енді! Қой, өйтіп қинама, қиямет-қайымға дейін әлі де уақыт бар шығар, оңалармыз, қатемізді түзерміз, кемшілікті жөндерміз, Әзірейіл періштеден хабар ала қоймаған боларсың? Асықпа. Әр нәрсенің өз уақыты бар.

Уақыт демекші, жалпы, осы құбылыстың сырын түсіну қиын, ағайын. Салыстырмалы түрде алғанда, осы шақтың өзі мәңгілікке созылуы мүмкін. Мысалы, бұл әңгімені мен осы шақта жазып отырмын, сіз оны он жылдан кейін оқысаңыз да, мың жылдан кейін оқысаңыз да (Құдайым күпіршіліктен сақтасын! Сізден өтініш: «Дәмесінің зорын қара!» - деп мысқылдай көрмеңіз, мен тек мысал үшін айтып отырмын) осы шақта оқисыз, бәлкім пікіріңізді айтарсыз, сынарсыз, күлерсіз, мазақ қыларсыз, «Бейшара-ай!» - деп аяныш білдіруіңіз де мүмкін. Бұл – біз үшін келер шақ болады. Енді солай қарай ойысайық.

3. Келер шақ

Бұл тарауды бастау үшін осы шақтың бастапқы кезеңіне қайта оралуға тура келеді. Жалындаған жиырма бес пен орда бұзар отыздың кезінде достарым көп сияқты еді, қырықтың қырқасына шыққан соң қатары сұйылып, селдірей бастады. Сол санаулы-ақ қалған достарымның бірі де бірегейі Әбіш ақын - Әбубәкір Қайран екеуміз осыдан төрт-бес жыл бұрын өткен-кеткенді, болашақ-келешекті, алдағы тірлікті әңгімелеп отырып, бойда қуат, жүректе жалын барда қасиетті бабамыз – халқымыздың соңғы ханы Кенесарының тұлғасын біреуміз жырмен, екіншіміз қара сөзбен сомдайық деп бекінгенбіз. Шығармашылықтың ләззаты мен қуанышы бір бөлек те, азабы мен қиындығы тағы бөлек. Екеумізге де ауыр тиді. Әбіш қанша қиналса да сертінде тұрды, сол кездің өзінде-ақ бастаған дастанын төрт жылдың жүзі болды дегенде тәмамдап, ақыры былтыр күзде оқуға берді, биыл жалпақ жұртқа ұсынып отыр. Ал, мен үш жыл ізденіп, керек деген деректерді таптым-ау деп шамалаған соң үстел басында үш ай бойы тапжылмастан отырып, үш ауыз сөз жаза алмадым. «Болса шіркін өмірі өлеңіндей, болса шіркін өлеңі қиялындай!» - деп Иран-Ғайып ағамыз бекер айтпапты. Көкірек толып тұр, тиегін ағытсаң болды, ағылып-төгіліп құйыла қалатын сияқты, бірақ, көңілдегі көркем ойдың қағазға (компьютердің экранына) түскенде әрі қашып, басы құралмай-ақ қойды. Пәлен рет бастадым, сонша мәрте өшіруге тура келді. Қай қырынан келсем де ішін алдырмайды, тереңіне бойлатпайды, не деген күрделі тұлға! Бәз біреулер сияқты жылтыр сөзбен жылмитып, шындыққа ұқсатып, бізде қайбір ойлы оқырман бар еді, талғамы да төмен, оған осы да жетеді деп шикілеу шығармамен алдарқата салуға арым жібермеді, өйткені, әдебиет – шынымен ардың ісі. Ақыры, прозалық шығарма жаза алмай, пьесамен шектелуіме тура келді. Бұған қарап пьеса жазу оңай екен деп қалмаңыз, оның жүгі тіптен ауыр, бірақ, менің қолайыма жаққаны сол болды, бір жағынан, Хан Кененің аруағы да оқырманның емес, көрерменнің назар аударғанын қалаған шығар, кім біледі. Алайда, әшейінде пьеса жазбайсыңдар деп жазушы қауымын кінәлап шыға келетін режиссер ағайындар оны қолға алуға құлшыныс танытпай тұр. Өздері білсін, олардың самарқаулығына Кене бабам да, мен де өкпелей қоймаспыз. Сабақты ине сәтімен, орайы келген күні көрерменмен жүздесе жатар.

Енді мәселенің өзіне көшейік. Мәселе не еді? Мәселе осы әңгіменің келешегімізге, келер шаққа арналған үшінші бөлімі еді ғой. Қысқасы, арғы-бергі тарихымызға көз жүгірте келіп, өз пайымымша, дәл Кенесарыдай тағдыры күрделі тұлға болмаған шығар деп түйіндедім. Бұл тұрғыдан оған тек арғы бабасы, шынтуайттап келгенде, бәріміздің түп атамыз, елімізді ел қылып, жерімізге үш ғасыр бойы арам пиғылды дұшпанның қадам аттамауын қамдап берген Шыңғыс қағанның тағдыры ғана шендесіп қалар, бірақ, ол - алға қойған мақсатына жетіп, қол созған арманының ең бастысы орындалған адам. (Шартты түрде ғана, адамның арманы ешқашан таусылмақ емес). Ал, келер ұрпақтың жүрегіне кез-келген сәтте алапат жалынға айналар ұшқын тастап кету үшін жанын шүберекке түйіп, қас жауына қасқайып қарсы шапқан, төніп келген ажалды тайсалмай қарсы алған Хан Кененің басты арманы өзі өмірден озғаннан кейін бір жарым ғасыр өткен соң ғана орындалды. Басты арманы! Ал, басқа арманы қандай еді? Елім, жұртым, халқым деп жүрген әр азамат сәт сайын осы сұраққа жауап іздеп, тауып, тапқан жауабын нақты іске айналдырып, сол қарекетінің салмағы мен салдарын, нәтижесін сараптап, арттағы бабалар мен алдағы ұрпақтың ризашылығына бөленетіндей амалдарды қолға алса, атамыздың біраз арманы орындалып, аруағы риза болмас па! Өзіміз де келешекке бір табан жақындай түсер едік. «Өлі риза болмай тірі байымайды» - деген бабаларымыз «Малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» - деп серт берген. Мал байлығын күйттейміз деп жүріп жан байлығын, ар байлығын, рух байлығын, иман байлығын ұмытып кетпейік, ағайын, осыған абай болайық. Ойланайық. Әрекет етейік. Бәйгеге есек қосуды доғарып, тұлпарымызды баптайық, арғымақтардың жыламауын қамдастырайық, әділіне бағайық. Келер ұрпаққа аманаттап табыстар келелі істерді қолға алайық, бұра тартып бұлталақтауды қояйық. Айнадағы бейнемізге ғана емес, әзәзілдің өзі мен Әзірейіл-Жебірейілге де қипақтамай, күмілжімей тура қарай алатындай болайық. Сен де, мен де, ол да осындай азаматтардың қатарынан табылармыз деп сенемін. Бәрі біздің қолымызда, ел де, жер де, келешек те, болашақ та біздікі. Өйткені, біз – халықпыз. Қазақ халқымыз!

Келер шақ – осы, құрметті ағайын. Бұл ұран емес. Нық сенім. Таза шындық. Егер күдік-күмәнің оянып жатса - айнаға қара. Сыртыңа емес, ішіңе үңіл. «Әлгінде ғана «Сіз» деп сызылып тұр еді, енді неғып «Сенге» көше қалған?» - деп шенеме мені, өйткені, біз жақын тартқан адамымызға сен деп сөйлейтін халықпыз. Ал, менің сенен артық қандай жақыным бар, алаш баласы? Айтшы?

Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар

Ең көп талқыланғандар