Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Толымбек Әбдірайым: Бұралаң жол

12.09.2018 1412

Толымбек Әбдірайым: Бұралаң жол

Әңгіме

«Анығында, Алла адам баласына қылдай қиянат жасамайды,

тек адамдар өздеріне-өздері қиянат жасайды».

(Құран Кәрім. Жүніс сүресі, 44-аят)

***

Өмір жолы - темір жол.

Қарап отырса, тайқы тағдыры темір жолмен кіндіктес екен...

- Раз, два, три! Раз, два, три!

Кішкентайынан қалыптасқан дағды бойынша көзін сығырайта ашып, бір жағынан жып-жылы төсекті де қимай, тұрсам ба, тұрмасам ба деп ойланыңқырап жатқан ақсары баланы орыс мақамындағы ащы дауыс кереуеттен жұлып алғандай.

Терезенің желкөзі ашық, тыстағы барлық дыбыс ап-анық естіледі.

-Раз, два, три! Раз, два, три!

Жылдам киініп тысқа атып шыққан. Күн тұсау бойы көтеріліпті. Темір жолдың арғы жағындағы тоғай ішінен бозторғайлардың әсем үнді әуездері жетіп тұр. Мамырдың мақпал шуағы төңіректі түрлендіріп жібергендей; күн жексенбі болғасын ба, он бес үйлі шағын разъездегі таң атар-атпастан қайнап жүре беретін тіршілік ырғағы саябырлағандай бүгін. Күн шықпастан сиырларын сауып, малдарын табынға қосқан әйелдер жағы «бір демалайыншы» деп көз шырымдарын алуға жантайған ба, көрінбейді; тыныштық ұйып қалғандай тым-тырыс.

Есінеп-құсынап, сәл-пәл дене қимылдарын жасаған Жанайдардың құлағы тағы елең етті.

- Раз, два, три-и...

«Бұ кім, елді дүрліктіріп жүрген?!». Дүкеннің арғы жағы шағын алаңқай болатын. Дауыс сол тұстан естіледі. Жүгіріп жетсе кокардасы қоқырайған әскери киімді сыптығырдай біреу қара жолдың шаңын көтеріп, ілгерінді-кейінді аттап-бұттап марш жасап жүр. Қос қолын жамбасына таңып тастағандай, қозғалмайды.

- Раз, два, три-и!..

Ауылдың бар балалары әскеридің соңында. Ентігіп жеткен Жанайдар аң-таң. Сөйтсе, қара шал.

- Стой Асылбаев! – деді қара шал өзіне-өзі бұйрық беріп.

Өзі солдат болып тұра қалды.

- Докладывай! Сегодня какой праздник? За что народ собрался-сь?!.

Асылбаев қара кремді шылқыта жағып жылтыратып қойған керзі етіктерінің бастарын бір-біріне сарт-сұрт соғып, иегін көтеріңкірей кірпік қақпастан қатты да қалды.

- Што ж... ты молчиш!.. Докладывай солдат, - деді қара шал.

- Товарищ командир, сегодня праздник! Девятый май! Жеңіс күні...

- Молчать! Давай снова... по русский...

- День победі товарищ командир!

- Маладес рядобой Асылбаев! За што тебе благодарность обьявляю-сь!

- Ура-а-а-а!

Қозғалмай тұрған «солдат» шұғыл оңға бұрылды да, аяқтарын жоғары-төмен, жоғары-төмен көтере қара жерді дүңкілдете басып, адымдап бара жатты...

Бұл қара шал – жынды Мәміш болатын.

***

1933 жылдың қаңтар айы үсті-үстіне төпелей жауған қалың қарымен, қақаған күндерімен жадында қалдың қара шалдың.

Жазмыштан озмыш жоқ деген, сол!

Қалай ұмытар, қарғыс атқыр сол түнді!

Ай-хой, өмір-ай!

Жүзағаш темір жол бекетінің жол мастері Мәміш Асылбайұлы үйінен шыққанда жаяу борасын тіпті құтырып кетті. Арсы-гүрсі мінез танытқан табиғат қаһарына шындап мінгендей. «Мына боранның бет алысы қиын, - деп ойлады қара тонын қаусырынып, малақайын милықтата киген жігіт аттаған сайын адымын аштырмай өңменінен өтіп бара жатқан ызғарлы желден секем алып. – Не де болса станция бастығына жолығайын...»

Дәл осы кезде Жүзағашқа тақап қалған жүк пойызының артқы вагондары бұлғалақтап рельстен шығып кеткені. Боранның ысқырған үніне тепловоздың боздаған гудогі қосылып құлақты жарып жіберердей; жер дірілдеді ме, әлде қатты жел гуілінен бе, айнала төңірек алағай да бұлағай.

Басқару пультіндегі станция бастығы, теміржол формасындағы қара жігіт Сыпатайдың зәресі ұшті.

- Крушение! Аударылды! – деді апалақтап.

Көз қаласындағы диспетчер де телефон құлағын жаңғыртып айқайлап бақты.

Алай-түлей бораннан ештеңе көрінбесе де, пойыз аударылған жаққа асыға адымдаған Мәміш те станция басындағы кеңсеге тақап қалған еді. Екеуі қарсы ұшырасты.

- Қайда барасың? – деді оңған шүберектей боп-боз Сыпатайды тоқтатып.

- Естіген жоқсың ба?!

- Нені?

- Пойыз аударылды!

- Қашан?!

- Тап, әкеңнің ауызын! Мынадай боранда жас қатыныңның қасында жатсаң, нені білуші едің сен?! Айтшы, а?!

- Кезекшілік сіздікі емес пе?!

- Болса, қайт дейсің? Осы тұрған жеріңде жерге қағып жіберейін бе?!

- Қаққызып қояды деген.

- Тілің шыққан екен сілімтік!

- Сиыр сипағанды, жаман сыйлағанды білмейді. Сыпатай аға, Сыпатай аға дегенге! Бүгінгі кезекшілік сіздікі, станция басындағы учаскеге сіз жауаптысыз.

- А-а, мына, мен-н... жауапты екенмін ғой!

Ашу-ызадан булығып-түтіккен станция бастығы қолындағы отыздық темір кілтпен Мәмішті қақ шекеден періп жіберді. Басы шыңылдап, көзі қарауытып бара жатқаны еміс-еміс есінде.

Сағатқа жетпей Тоғай станциясынан келген НКВД қызметкерлері, станция бастығының мәліметі бойынша, Мәміш өзін кінәлі сезінгендіктен басын темір бөткеге қасақана соғып, жынданып кеткенін қаттап-шоттап қағазға түсірді де, қолына кісен салып алып кетті.

Кейіннен белгілі болды: Мәміштің өзін-өзі арандатып, миы шайқалғаны қылмыстан құтқармайтынын мойнына қойып, жас келіншегі мен шиеттей егіз қызын зар еңіретіп 25 жылға соттап, Итжеккенге асырып жіберді.

***

Өмір жолы – темір жол.

Иә, тайғақ тағдыры осы теміржолмен байланысты екен!

Осы темір жолдағы АПАТТАН ғұмыр бойы азап шекті! АПАТ, АПАТТЫ, бұралаң жол болды қара шалға! Араға жиырма бес жыл салып, қайыра келді сол жолға!

***

Отызыншы жылдары іргетасы қаланған Аякөз қаласына жеті шақырым жердегі № 22 теміржол бекетіне алпысты алқымдаған қара шалдың пайда болғанына жылдан аса қойған жоқ. Он екі айда бір айналып келетін қасиетті Рамазан айында Семей мен Тоғай темір жол бекеті арасындағы елді мекендерді шабан жылжитын, пошта таситын пойызбен аралап, құдайы қонақпын деп қона жатып, жарапазан айтатын. Дауысы қандай әуезді һәм мұңды!

Өзіне ұсақ балалар үйірсек. Қалтасындағы тәтті-дәмділері мен қант-кәмпитті жалғыз талы қалғанша үлестіріп, қара домалақтардың қуанғанына риза көңілмен сақ-сақ күліп рахаттана қарап тұратын. Содан соң негізгі жұмысына кірісіп, ауызашар дастарханы жайылған үйдің табалдырығын аттайтын.

Үйің-үйің үй екен,

Үйің іші кең екен.

Саба көркі бие екен,

Сандық көркі түйе екен,

Қарағай найза қаптаған,

Басына темір саптаған,

Сабын сырмен сырлатқан,

Ұшы болат қырлатқан,

Жауға білеп сайлатқан,

Белдеуге бедеу байлатқан,

Қайсы жанның үйі екен?

Адыр-адыр таулардан,

Айғыр мініп мен келдім,

Ауыздығы бой бермей,

Сіздің үйге кез келдім.

Бұжыр-бұжыр таулардан,

Бұқа мініп мен келдім.

Мұрындығы бой бермей,

Сіздің үйге кез келдім...

Қара өлең мақамындағы жарапазан сөздерін термелете төгіп-төгіп алатын да, арасында арқасы ұстап, шабыттанып тоқтаған үйдің адамдарының аты-жөнін қосып өлеңдетіп те жіберетін. Ендігі бір мәурітте өзінің бастан өткерген тар жол тайғақ кешулі тағдырын толғайтын!

- И-й, бейшара-ай!

- Жетім екен-ау!

- Қайтсін енді! – десіп ауыз ашарға жиылған көптің арасындағы көңілдері бос кемпірлер мен әйелдер көздеріне жас алысатын да, жанқалталарындағы азды-көпті теңге-тиындарын өлеңші мейман шалдың алақанына қыстыратын.

Келесі сәтте қызды-қыздымен отырып, атақты Шашубай Қошқарбайұлының жалпақ елге мағұлым өлеңін аңырататын. «Бұл, өзім шығарған ән» дейтін ол еш шімірікпестен.

Баласы Асылбайдың Мәмішбаймын,

Болсам да малға кедей, әнге баймын.

Күніне жүзді беріп, мыңды алсам да,

Қалтамның түбі тесік, байымаймын е-е-е-е-й! – дейтін қалтасын аударып-төңкеріп.

Әуелеген әсем әнге еліткен жұрт Шашубайдың өлеңін түгендеп қайтсін, ерекше ықылас-пейілмен үндемей ұйып тыңдайтын. Енді бірде мейман шал:

Ақ қайың жалған-ай,

Кештім сайран-ай.

Халқымның ортасында,

Жүрмін жайнап-ай-й-й! – деп, қайырмасын әуелете-асқақтатып көтергенде мейірім тұнған көздері боталап, жасаурап кететін.

Бір қызығы, қара шал осы әнді айтып бола салысымен орнынан лып түрегеліп жинала бастайтын. Үй иесінің, манадан бері өршіл өлең мен әсем әнге еліткен жұрттың отыра тұрыңыз, тағы бір ән айтыңыз дегеніне қарамастан кетіп отыратын.

Қашан да Жалғыз жаратушыны аузынан тастамайтын панасыз қара шал отыз күн оразада темір жол бойындағы елді-мекендерді аралап, сол кездегі ақшаға шаққанда жеңіл машинаның ширек құнына пара-пар бір жарым – екі мыңдай ақша жинап, сол қаражатын келесі оразаға дейін жеткізетін үнемдеп.

Жылдағыдай Рамазан айында әдеттегідей ел аралап, жарапазан айтып № 22 темір жол бекетіндегі дүкенші Айткәрімнің үйіне тоқтайды ғой. Өздері бір мың тоғыз жүз алпыс екінші жылы Қытай елінен қоныс аударған, топты бала-шағалы момын отбасына қара шал ұнайды.

***

Ертеңгілік шайларын ішіп болып қалғанда отағасы Айткәрім:

- Енді қайда жол тарттыңыз? – деді.

- Қайдасы қалай!.. Кетемін де...

- Немен дегенім ғой... Пошта пойызы келетін уақыт әлі ерте...

- Пәлі-і! Сол да сөз бе екен?! – Қара шал ақжарыла шалқалай күліп алды да, пышақ кесті тиыла қалды. Күлкісі қызық екен, қызық болғанда, қулық-сұмдықтан ада, риясыз таза күлкі. – Көшкенталың мына тұрған жер емес пе? Қазір-ақ жетіп барамын! Бір жағынан денсаулығыма пайда, екіншіден даланы сағындым-м! Айналайын қазағымның даласындай дархан, мейірбан не бар десейші! Алла тағала ата-бабаларымыздың кең қолтық, көнбіс, батыр, ержүректігіне орай кең байтақ жерді нәсіп еткен! Жиырма бес жылым елден жырақта, сонау Воркутада, орыс орманының ортасында, қапаста өтті ғой! Жә, оны қайтемін көңірсітіп.

Әй, Мәміш! Кетпек болсаң зымыра!

Мейман шал орнынан тұра бергенде отағасы:

- Отыра тұрыңызшы, - деді жалынғандай.

- Ал отырдым.

- Бәйбішем екеуміз ақылдасып. Егер қарсы болмасаңыз, сізді біздің үйде алып қалмақшы едік.

Мейман шал ебіл-дебіл еңіреп қоя берсін! Ерлі-зайыптылар сасып қалды. Бір кезде көзінің жасын сүртіп:

- Басы істемейтін, ауысқан шал деп ойларсыңдар! Жылағаным, қуанғаннан! Түрмеден босағалы бұлайша емен-жарқын қарсы алып, оң қабақ танытқан жандарды аз ұшыраттым. Оның өзінде жарапазан айтып, шәй ішкенше ғана. Одан соң қарамды батырып, жылдамырақ кеткенімді қалап тұрады.

Мүсіркемеңдер! Қайтесіңдер жынды сүрейді! Мен ел адақтап, қаңғып үйренген адаммын! Ертең-ақ айнып шыға келесіңдер!

- Кешіріңіз, - деді қожайынның әйелі, - Кешіріңіз, біз адам танысақ, сіз... есі ауысқан кісіге ұқсамайсыз! Құдай үшін қалыңыз! Тұрыңыз біздің үйде! Шын ниетіміз. Тым құрығанда қыстап шығыңыз!

Қара шал ойланып қалды.

Сонау-сонау ит арқасы қияндағы түрмеден босағалы бесінші жыл. Содан бергі тұрағы – вокзал. Күндіз көбінесе базар маңында қайыр сұрап, күнделікті нанын айырып жүреді де, кеш бата үйреншікті орны, баяғыда-а Түрксиб салынған жылдары тұрғызылған станция басындағы сары үй-вокзалға кеп түнейді. Кейінгі жылдары қала ортасындағы бес қабатты кірпіш үйдің жертөлесін мекендеп, кәдімгідей үйреніп қалған болатын. Бір күні өңкей маскүнем орыстар келді де, қорғансыз қара шалды ұрып-соғып, қуып жіберді. Қайыра вокзал маңын торуылдаған. Биылғы Рамазан айы аяқталған соң, үлкен шаһар ғой, Алматыға кететін шығармын деп жүргенінде мына ерлі-зайыптылардың үйде тұр деген ұсынысына жөпелдемеде қуанып қалғанымен, шуақты күндерге күдікпен қарап үйренген әдетімен шын ба, өтірік пе деп, ойы он саққа пышырап, таразы басына түскенде миының әңкі-тәңкісі шыққанын қараңыз. «Азды-көпті жинаған тиын-тебенімді ұйықтап жатқанымда сыпырып алып, ертеңінде әйда жоғал деп артымнан бір тепсе ше?! Сорлаған сонда болар?!».

- Сенбей отырсыз-ау, бізге?! – Отағасы мейман шалдың ойын оқығандай.

- Сенбей отырғаным рас.

- Ұнатпасаңыз, несі бар, кетесіз де қаласыз! Ешкім зорлап ұстамайды, - деді Айткәрім.

- Жарайды, - деді мейман шал. – Он күн байқайын!.. Арғы жағын Алла білер. Келісіп алайық! Біріншіден, қол қусырып бос жатпаймын. Олай етсем арамтамақ атанам. Қорадағы малдарыңды қараймын! Жем-шөбін саламын, суғарамын, астын тазалаймын. Екіншіден, ақ төсек пен жұмсақ төсеніш керек жоқ! Анау кіре берістегі бөлмені қиыңдар. Жаман әдетім – күн ара бір жарты қызыл арақ ішемін! Өзімнің ақшама! Жанжал, төбелес шығарады деп күдіктенбеңдер! Келістік пе?!

***

Сүмбіле айы. Күн екінтіге тақаса да ыстық қайтпаған. Қара шалдың Айткәрімге еріп шөп шабудан келген беті. Келе сала белуарына дейін шешініп, есік алдындағы құдықтан су әкеліп жуынып алды. Енді терлеп-тепшіп шәй ішіп отыр.

Кіре берісте шағын бодамы бар томашадай бөлмеге ие болғалы өзін айрықша бақытты сезінеді. Айткәрім мал қораға айналдырмақшы болғанда, тұрайын деп сұрап алған. Екінші айға кетті, өзімен-өзі. Айткәрімнің әйелі Махмуда бұл бөлек шыққан соң біраз ыдыс-аяқ, шәугім-шәйнек берген. Бөлменің бұрышына тақтайдан кереует жасап алды.

Шәйін ішіп болып, демалуға жантая беріп еді, дәлізден аяқ тықыры естіліп біреудің енгенін байқады. Артынша:

- Ассалаумағалейкум! – деген баланың даусы естілді.

Терезелері тұмшаланаған алакөлеңке бөлмеде кім екенін ажырату қиын.

- Уағалейкумассалам! Қай баласың?!

- Аманханның ұлы Мақсатпын.

- Төрге оз, - деді Мәміш

- Ата, маған осы жер де жетеді.

- Наннан үлкен емессің, кел ауыз ти.

- Шаруамды айтайын. Алматы жақтан көмір тиеген состав келе жатыр. Содан түсіреміз. Сіз де жүріңіз!

- Түсіргені қалай?

- Ылғи осылай етеміз.

- Рұқсатты кім берді?

- Ол жағын біле қоймадым-м.

- Е-е, оларың көпе-көрінеу ұрлық емес пе?!

- Ой, ата, темір жол бойындағылардың бәрінің кәсібі осы! Көрші үйдегі Нұржанның атасы: «өкімет теңіз, оны жемеген доңыз» деп отырады әуелім.

- Әй, оңбағандар-ай!

- Әне-е, келіп тоқтады! Мен кеттім, ата!

Көмір тиеген жүк пойызы жылдамдығын азайтып, темір дөңгелектері ән сала ысқырып, бір кезде салдыр-гүлдір тоқтай қалды. Шалбарланған, аяқтарына керзі етіктерін киген әйелдер мен ұсақ балалар вагондардың төбесіне өрмелеп шығысты да, жып-жылтыр, кесек-кесек көмірлерді жерге лақтыра бастады. Әбден көздері үйренгендіктен бе, тепловоз машинисі мен көмекшісі назар аударған жоқ.

- Атставит! – деді айқай салған қара шал. – Атставит!..

Дауыс шыққан жаққа жалт қараған әйелдер, е-е жынды шал ма дегендей көз тастады да қойды.

- Әи-й, қатындар! – деді бір кезде Мәміш шал. – Тоқтатыңдар ұрлықты!

Қара шалдың айқайын ешкім елер емес!

Жасыл бағдаршам жанып, пойыз орнынан қозғалғанда ғана жанұшырып жерге секіріп-секіріп түсіп жатты.

Қара шал әлі айқайлап тұр:

- Сталин тірі болса ғой, бәріңді тізіп қойып атып тастар еді! Бұл ұрлық! Тапа-тал түстегі қылмыс!.. Оңбайды-ау, бұл адамдар! Не жетпейді, а?!. Ит басына іркіт төгілген заманда!..

***

Күннің соңғы шапағы сөніп, сам жамыраған.

Арқасында тығыз буылған бір құшақ отыны бар қара шал ілбіп келеді. Ара-кідік тоқтап, жүгін жерге түсіріп тыныс алады. Қайта жүреді, қайта тқтайды. Тау бөктеріндегі қалың тоғай арасындағы шіріп құлаған ағаштарға күніне неше дүркін қатынайды. Есік алдындағы тамызық-отыны тау болып үйіліп жатса да, таси береді – таси береді. Қыс қатты болса жетпей қалады деп ойлайды-ау, сірә!

Жібі түзу жап-жақсы әңгіме айтып отырып, аяқ астынан дөйдалаға лағып кететіні болмаса, шыншыл, адал екендігіне разьезд тұрғындары үйренген. Әсіресе жас қыздарға көзін жиі тігетін Мәміштің ауыштығы ұстай ма, әлде қызығып кете ме, оңтайына келгенде тып-тығыз омырауларын бас салып, бақыртып-шақыртып жүретіндіктен қара шалдан қашық жүреді бойжеткендер.

Тоғызыншы мамыр ол үшін айтулы мереке! Разьездегі дүкеннен темекі алуға келген солдаттардан сатып алған әскери киімдерін киіп, ары-бері адымдап, ән айтып, алақайлап мәз болып қалады! Өзге уақытта ешкіммен шаруасы жоқ момақан, жұп-жуас.

Тағы бір қасиеті – тіршілігіне тас түйін. Отын-суы мен ішетін тамағын молынан жиып қояды. Сұқ саусақтың жуандығындай ұзындығы бірінен-бірі арта беретін он шақты имек басты темір құралдары бар. Көбінесе оңтүстік жақтан бос қайтқан составтардан көмірдің ұсақ қалдықтарын ерінбей-жалықпай тереді. Оны кіре берістегі дәліздің бұрышына, бергі жағына тақтай шегелеп ұқыпты жинап қойған. Ол қоры да бес-алты қыстық. Ал, күзде кәртөп қазу аяқталған соң, масақ теріп он шақты қап тасып алады. Сөйтіп, қысқа сақадай-сай әзірленген қара шалдың мұртын балта шаппайды. Разьездегі бақша егіп, жеміс-жидек екпейтін әйелдер қара шалдан шелектеп кәртөп сұрап алып, уақытында қайтармай қан қақсатып жүргені.

***

Қара шал кейде ұлдарды жинап алып, әңгіме айтады.

Бүгін де сол дағдысымен қияқ мұртын ширатып ортада отыр.

- Ата, түрмедегі өміріңізді айтыңызшы? – деді қашан да сауал қойғыш Жақсыбай.

- Түрме дейсің бе?! – Мәміш шал біраз уақыт үн-түнсіз отырды да: - Түрменің не қызығы бар дейсіңдер қарақтарым! Қас дұшпаныма да тілемеймін! – деді мұңайып.

- Сонда да айтыңызшы? – дейді жарыса жалынған балалар.

- Тергеу біткенше Семейдің түрмесінде жаттым. Күнде ұру, күнде төбелес. Қойған сұрағына дұрыс жауап қайтарсаң да бәрібір тепкінің астына алады. Көрсетпеген қорлықтары жоқ. Статьям 58-дің 1-і. Отанын сатқан деген. Қасақана пойыз аударып, Отанымды сатыппын. Қисынға жата ма бұл?! Содан бір күні бізді вагонға тиеді. Ылғи 25 жылға сотталғандар. Арамызда ұрылар, кісі өлтіріп айдалғандар да бар. Воркута деген қалаға апарды. Ол жерде кім жоқ дейсің? Совет одағының түкпір-түкпірінен жиналғандар. Украинадан, Белорусиядан келген поляктар да жатыр. Бендерліктер дейді. Әлгі Ұлы Отан соғысы кезінде полиция, басқарма болғандар. Жазаға кесілгендер мұндай көп болар ма?! Барған жылы 22-ме, 23-пе шахта аштық. Бір шахтамен екінші шахтаның арасы төрт-бес шақырым. Әуелде бір линия болатын. Анау Орал тауын тесіп өттік қой, содан екінші линия жасадық! Ол жердің көмірі тамызық сияқты! Сіріңкемен тұтатсаң лаулап жанып жүре береді! Көмір тиелген эшелон-эшелон составтарды зауытқа жөнелтеміз. Баяғыда-а, Николай заманында, орыстарға Англия, Америка сат депті ғой! Сатпапты сонда. Отыздағы орда бұзар шағым. Жұмысты апырып-жапырып істеймін. Соны байқап, қырық кісіге бригадир етіп қойды. Біреуге жұмыс істету үшін өзің де істеуің керек. Кешке дейін бөрене көтергеннен менің де иығым жара болады, олардың да иықтары жара болады! Адам өлмеген соң бәріне көнеді екен! Сібір емес пе, қыста апталап боран соғады. Шахтаның бастығы басын шайқайды. Ұлты латыш, ол да адам емес пе?! Асылбаев, сен бостандықта жүрсең үш мәрте батыр атағын берер едім дейді. Бас инженеріміз кәріс пе, орыс па, ол да жақсы көреді мені.

Әй-әй, сендер мені алдап, бар шындықты біліп алмақсыңдар ғой! Айтуға болмайды! Косударственный тайны ол! Жұмған аузымызды ашпаймыз деп расписка бергенбіз!..

Қабағы түсіп, тұнжырай қалған қара шал қапелімде көздері шоқтай жайнап, шек-сілесі қатып күлді!

- Түрмедегі орыстың мәтүшке қатындары во, мынадай! – деді бас бармағын көрсетіп. – Біреуімен әмпей-жәмпей боламын деп, үш тәулік карсерге қамалған болатынмын!

- Карсер деген не? – деді Ерман деген қара бала.

- Төбеден су тамшылайтын сыз бөлме.

- Сұмдық қой!

- Фашизм!

- Қатыгездік!

- Тура кинодағыдай әңгімелейді екенсіз! – десті тым-тырыс тыңдаған ұлдар.

- Мәміш ата, сіздің түрмеге дейін, жас кезіңізде әйеліңіз, бала-шағаңыз бар ма еді?!

- Әйелім, егіз қызым болған.

- Олар қайда?

- Ит біліпті. Аманхан айтады, егіз қызым мына Көз қаласында, военный городокта орысқа тиіпті. Әйелім де сонда, мыж-мыж кемпір болыпты бейшара-а!

- Бармайсыз ба, жолықпайсыз ба? – деп қалды балалардың бірі.

- Әй-әй! Не дейт мына ұл?! Ишь ты какой?! Жә, бүгінге осы да жетер! Және менің... менің жеке басымда нелерің бар, ә?!

Үлкен кісінің ұтымды уәжіне ешкім жауап қайтара алмады.

Қара шал әңгімесін ары жалғады. Бұл жолы тұтанып, қайраттанып сөйледі:

- Осының бәрі сайқал саясаттан! Совет өкіметінің әділетсіздігінен! Имансыздықтан! Әсілі, құдайсыз қоғам көп тұрмайды! Құлайды ұзамай! Сендер баласыңдар ғой!.. Тірі болсаңдар көресіңдер! Ал мен көре алмаймын!

- Оныңыз қате! – деді Жақсыбай шәңк етіп. – Коммунистік партия ешқашан құламайды! Сіз өйтіп совет саясатына қарсы шықпаңыз, ата!..

Осы кезде:

- Жанайдар бар ма араларыңда? – деген дауыс шықты. Қызық әңгіме үзіліп қалды.

***

- Е-е-ей, балалар! Ана тамашаны қараңдар!

Ұлдар жағы «шойқара» атап кеткен дөңгелек көзді, үрлеген қарындай домалаңдаған Нұржан, құдды әкесі тойдан оралғандай анадайдан айқайлап, аяғы-аяғына тимей жанұшырып келеді. Өзі жалаң аяқ, жалаң бас. Айға жуық тамшы тамбай аңқасы кеуіп жатқан айдау қара жолдың борпылдақ сары топырағы шойекеңнің соңында әуе айналып жерге түсер тымырсық ауада буылтықтана будақ-будақ көтеріледі-ай.

Түскі шайларын ішіп болысымен түстіктегі Аякөз өзеніне түсіп келуге жиналған бір топ бала үдірейісіп, тоқтай-тоқтай қалысқан.

- Осы-ақ жау шаптылап жүреді екен қай қашан! – деді топ ішіндегі ересектеу Ерман жақтырмаған пішін танытып.

- Оның рас, - деді ұзынтұра шикіл сары Жанасыл Ерманның сөзін қостап.

- Мына жүгірісі мен айқайы тегін емес!.. – Бесінші сыныпты кілең беске бітірген, бос уақытында кітаптан бас алмайтын Жақсыбай жаңалық ашқандай әрбір сөзін нықтап-нықтап жеткізді.

- Е-е-ей, балалар! Шын айтам! Бір өтірігі жоқ!

Шойқара ентігін баса алмай сөздерін үзіп-үзіп шығарады.

- Қасқыр көрдің бе? – деді ұлдардың бірі шыдай алмай.

- Тұра тұрсаңдаршы! – Шойекең мұрнын бір тартып, шып-шып терлеген маңдайын түймесі салынбаған алды ашық жейдесінің етегімен сүртіп қойды. Қызықты естуге құмартқан ұлдарды әуестік билеп, тағаттары таусылып, шыдамсыздана бастаған.

- Немене соншама бәлсініп, - деді өзі де, сөзі де шапшаң Ниетқали шыжбалақтап.

- Дұрыс айтасың, - деді Жанасыл да тыпыршып, - осының ертегісін естиміз деп ерте күнді кеш қылмайық балалар! Жүріңдер, кеттік өзенге!

- Қазір айтам, - деді осы кезде Шойқара ұлдардың алдына шығып. - Әлгінде кер атты ан-о-о-у ауылдың шетіне апарып арқандап келе жатсам, Мәміш жынды бар емес пе, кәдуілгі Мәміш әпендені, қолдарын артына қайырып, екі солдат жаяу айдап бара жатыр.

- Қашан?

- Қай жаққа қарай?!

- Бейшара-ай!

- Жүріңдер, ата-аналарымызға хабарлайық, - деп үрейлері ұшқан ұлдар ауылға беттеді.

***

Арада үш күн өткен. Кешқұрым. Аякөз қаласы жақтағы жолмен қара шал келе жатты. Қысы-жазы аяғынан тастамайтын керзі етігін шешіп, қолына ұстаған. Шалбарының балағы тізесіне дейін түрілген. Жалаң аяғымен борпылдақ топырақты рахаттана басады. Көздері шүңірейіп, жағына пышақ жанығандай жүдеу.

Ауылдың шетіне іліге бере сақ-сақ күліп алды да:

Ақ қайың жалған-ай,

Кештім сайран-ай.

Халқымның ортасында,

Жүрмін жайнап-ай-й-й-й! – деп әуелетіп-асқақтатып жіберді-ай дауысын.

Мал жайлап жүрген разьезд тұрғындары істеп жатқан шаруаларын қоя тұрып, мойындарын бұрып, қара шалдың әніне құлақ түрді.

- Пай-пай, әуелеген дауысын-ай!

- Жеткен екен-ау!

- Қайтсін-ай, қораш та болса, өз үйі өлең төсегі ғой! – десіп жатыр.

Қара шал қоржын тамның алдындағы ағаш сәкіге жайғасып, көздерінен пора-пора жас ағып, бордай езіліп, үн-түнсіз ұз-а-а-қ отырды-ай...

Кенет жолаушылар пойызы құлақ жарар гудогын боздатып, № 22 бекетке тоқтамастан қара жерді тарс-тұрс солқылдата ағып өте шықты. Дөңгелектер тарсылы біртін-біртін бәсеңдеп, құмығып естілмей кетті.

Күніге көріп жүрсе де, дәл бір қимасын қарсы алып, шығарып салған жандай орнынан тұрды да, қараша тамына беттеді. Құлағында пойыз дөңгелектерінің тарсылы.

***

Иә, өмір жолы – темір жол қара шалдың.

Тайғақ тағдыры осы болат жолмен егіз екен! Ертең бақиға озғанда да, темір жолға тақау орнығар мәңгілік мекені.

«Япыр-ай! Жазмыш дегеніміз осы ма, сонда?!.»

***

Он бес үйлі шағын разьезде кеш жататын да, құлқын сәріден тұратын да біреу бар. Ол – Мәміш шал. Жалғызілікті болған соң әрнені ойлап түн баласы дөңбекшіп дұрыс ұйықтай алмай жүр. Бұл заман не болып барады, япыр-ау?! Заманға жабамыз-ау, сол заманды жасап жатқан адамдардың өздері емес пе ар-ұяттан безген?! Әлі де аяқ басқанымды аңдып, сөзімді тыңдап жүрген біреудің болғаны ғой! Аузыма уақап едім, қалай-қалай тісімнен шығып кеткен?!

- Компартияны сайқал қатынға, жер шарындағы үлкен империя, мызғымайтын Совет одағын Құдайсыз қоғамға теңепсіз! – деді қауіпсіздік комитетінің қызметкері шілтиген сары орыс.

- Кімге айтыппын! – Таң-тосын қара шал есіне ештеңе түсіре алмады.

- Мә-ә, саған ендеше! – Оқыс тиген қатты соққыдан оңбай ұшып түсті қара шал. – Мә-ә, са-ға-ан!

Ішке тепкілегені соншалық, есінен танып қалыпты. Бір кезде қараңғы бөлмеде жатыр. Соққы бастан тиген-ау, оң жақ шекесіндегі жараға қан ұйыпты. Жер тіреп тұра берді де, бүйірін ұстап отыра кетті. Іш құрылысында бірнәрсе үзіліп кеткендей.

***

Қараңғы түн...

Жел соғады уілдеп...

Ай жарығы терезеден түсіп тұр...

Күндегі уақытынан кеш жатқанымен ұйқысы келер емес, кірпігі айқасар емес. Көңілсіз ойлар қаумалап, көзі бақырайып ары жатты, бері жатты. Тақа болмағасын төсектен тұрып, құбылаға қарап, тізерлеп қос қолын жайған.

- Е-ей, өмір-ай! – деді жөткірініп. Сөйтті де, жарапазан айтқандай термелете жөнелген:

Кімге мұңым шағайын,

Қайдан сая табайын.

Айтып-айтпай не керек,

Шер тарқатып алайын!

Кім тыңдар тірі жетімді,

Сарқып біттім төзімді.

Өзіме де обал жоқ,

Аузымды енді бағайын!

Рахман Рахым, бір Алла,

Кешіре алсаң, кеш мені!..

Ке-ш-ш!...

Көздерін тарс жұмып, ай нұры себездеген алаң-құлаң бөлмеде өзімен-өзі күбірлеген қара шалдың жүрегі шым-шым шымырлап, бұған дейін басынан өткермеген, білмеген, сезбеген... нұр-сәулеге елітіп... елжіреп... ұйып бара жатты.

Астана қаласы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Бұралаң, әңгіме, жол, Толымбек, әдебиет, Әбдірайым
(1)

Пікірлер

Төкен Әлжантегі

21.04.2017 08:48
Әдемі әңгіме. Тотияйын тағдырға не шара. Өз заманының құрбандығына айналған Мәміштер қаншама. Соларға ескерткіш болар шығарма екен.
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар