Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Жұлдыз Тойбек: Кеудеме көкала үйрек келіп қонса

20.04.2017 603

Жұлдыз Тойбек: Кеудеме көкала үйрек келіп қонса

ДАУЫС

Елтаңбамын –

Киіз үй туырлықпын,

Кеңестің кертартпа

Уын жұттым.

Арайлы Азат елдің белгісі боп,

Төбеме Тәуелсіздік туын тіктім!

Әнұранмын –

Асқақтаған ұлы Рухпын!

Туған жерді тербеген ұлылықпын.

Ұлы дала дауысын мойындаған,

Ел таныған Еуразия құрылықпын!

Көк байрақпын –

Ашық аспан тыныштықпын!

Төрінде желбіреген ырыс-құттың.

Күнді іліп, Қыран құс қанатына,

Қара бұлтты қақ жарып, тіліп шықтым!

ЭЛЕГИЯ

Әйнектің ар жағында Күз жылайды,

Әйнектің бер жағында Қыз жылайды.

Жап-жасыл жапырағын шашып алып,

Қос тағдыр мұңға батып, тұнжырайды.

Жүйткиді ала бұлттар аласұрып,

Жіберген қыз шат күнін таң асырып.

Аспан – әлем, түтігіп төніп қарар,

Ақша бұлт кеткен екен қайда асығып?!

Көкке ұшып қыз байғұстың бал қиялы,

Құста кетті тастай сап бар ұяны.

Желкілдеген желегі желге ұшқан

Бұтақта қара қарға жарбияды.

ҚАЗАҚ ӘЙЕЛІ

Қазақ әйелі – жаралған-ау асылдан,

Тектілігін сақтап келген ғасырдан.

Баласы үшін құрбан етіп өздерін,

Ерлерінің жамандығын жасырған.

Қазақ əйелі – қай дауылдан тосылар,

Ала қапты арқалаған – осылар

Боталарын қастарына жетектеп,

Тар жолдарда көш бастаған осы – нар

Азаматқа бергісіз жан – арыстай,

Ақыл қосқан қиын шақта қалыспай

Гүлдей нәзік жанға тікен қадалса,

Ашуланып, атылады – барыстай!

Ұрпағы үшін үзілмейтін күдері,

Қазақ əйелі – ұлтымыздың тірегі!

Шуағынан нəзіктінің нəр алып,

Лүпілдеген ер-азамат жүрегі

Қазақ əйелі – намысшыл да қайратты,

Тәуекелге талай басын байлапты

Қолда, Алла, əйелдерін Қазақтың,

Құлатпайтын қолындағы байрақты!

МОЙЫН

Ер-азамат шаңырақтың иесі,

Жаулықтының арқа сүйер киесі.

Азаматтың бүлдіргені білінбес,

ал әйелге жұға қалар күйесі.

Ер-азамат шаңыраққа мұрагер,

Ұл туды ма? –

Деп алдымен сұрар ел.

Қызды қойшы,

жат-жұрттыққа жаралған,

Деп елеусіз қала берер қына бел

Ер-азамат отбасының тірегі,

Асырайды білімі мен білегі.

Қалтарыста тағы қалыс қалады,

Әйел атты босағаның жүрегі.

Ер-азамат отбасының айбары,

Ол бар кезде бала-шаға жайдары.

Сыңары жоқ нәзіктінің сәні жоқ,

Үйір болар қайдағы мен жайдағы.

Әйел – мойын,

ер-азамат бас болар,

Деп біреуі ақыл айтып, жар салар.

Мейлі, мейлі бәріне де келістік,

Дұрыс сөздер көкейіңе дөп қонар.

Бірақ бір сөз оралады ойыма,

Нәзіктілер,

нәзікпіз деп мойыма.

Мойын қайда бұрылса,

бас сонда,

Екендігін ер-азамат мойында!

АҚЫННЫҢ ҮЙІ

Ақынның үйі, қарағым бұл – ақынның үйі,

Қалдырдым мен кітабымды шашылған күйі.

Қағаз деп оны қоқысқа лақтыра көрме,

Парақтары ашылып, оқылсын жиі!

Білмейсің ғой сен – не екенін ақынның күйі,

Фəнидің көп қой, оларға тосыннан сыйы

Ақын ғой, ол өмірін жырымен өлшейтін,

Дүние жинауға ешқашан жетпейтін миы!

СЕЗІМ

Шалғайда еді – тұрағың,

Жеттің бе, мені емдеуге.

Тарасын жылы шуағың,

Қыса түс, ыстық кеудеңе

Жанарыңнан тұнған мұң,

Сезімді көрдім жылт еткен

Сындырам деп қорқамын,

Алдында сенің мүлт кетсем

Көздерің жылы, тұңғиық,

Қарайсың жиі ұрлана

Жүрекке үнсіз сыр құйып,

Жымия күлдің нұрлана

Арқаның самалындай боп,

Желпідің майда – келбеттім,

Домбыраның шанағындай боп,

Келтіріп күйді – тербеттің!

БАСҚА БАУДЫҢ ӨРІГІ

Не боп кетті мына менің өмірім,

кір шалды ма ақ көйлектің өңірін.

Ілкі сәттің қызуына беріліп,

Таттың ба сен,

Басқа баудың өрігін.

Содан, бәлкім,

Ләззат алып ерідің.

Соны аңсай ма оңашада ерінің.

Жел сезімнің жетегінде жүргенде,

үркіп кетіп жүрмесін өз –

Елігің!

КИЕ ҚОНҒАН

Болған соң Қарқаралы, Қаракесек,

Тастайын сөздерімді кесек-кесек.

Киелі топырақтың қызғалдағы ем,

Қояйын шабытымды көсеп-көсеп.

Бұл жерде Қазыбектей бабам туған,

Мәдиім Түндіктіге бетін жуған.

Тәттімбеттің күйімен тербетіліп,

Мақпал қыз асыр салып көбелек қуған.

Жүрсек те тіршіліктің әлегімен,

Кеудемді тырмалайды әлі өлең.

Еркелеп Өсібайдың бауырында,

Өскенбіз Жүсекеңнің әуенімен.

Тербелем Балқантаудың гүлі болып,

Төгемін өр Қасымның жыры болып.

Шаршы топтың алдына шыққан кезде,

Сөйлеймін Қазыбек бабам үні болып.

Кеудемді бала кезден шабыт қысқан,

Бақытымды тапқанмын – өлең құстан.

Дүр ақын Кемпірбайдың ұрпағымын,

Кеудесінен көкала үйрек ұшып шыққан.

Сөйлеген сөздерімнің жалғаны жоқ,

Нар ақыннан айтар сөздің қалғаны жоқ.

Кеудеме көкала үйрек келіп қонса,

Шіркін-ай, бұл Жұлдыздың арманы жоқ!

КӨК АЛМА, ҚЫЗЫЛ АЛМА

Көк алма, қызыл алма, алма,алма,

Тіл үйірер, шекер ме əлде бал ма?!

Дəмі кетер тістелеп, тастай берсең,

Көзің тоймай, ауызыңа бəрін салма!

Алманың бəрі бірдей көрген жанға,

Ішінен ең тəттісін тауып, таңда

Қызығам деп құрт түскен қызылына,

Қолдағы көк алмадан қапы қалма!

ҚАЙЫҚТАР КҮНДЕ КЕЛМЕЙДІ

Өмір – теңіз бетінде,

Жүзбес әркім балықтай.

Өкпек желдің өтінде,

Бағыңды тап, жалықпай!

Тумаса да, барқыт күн,

Уақыт емші – емдейді.

Тәуекел деп тас жұтқын,

Қайықтар күнде келмейді!

Желкенін көтер, желбірет,

Ауыздықта асау толқынды!

Өмірді сүйсең, елжіреп,

Сыйлайды бақыт мол күнді!

ЖАЗЫЛМАҒАН ЖЫРЫМДЫ ЖЕТЕККЕ АЛМА

Уақыт-емші, сен, мені емдемедің,

Еншім кетіп барады сенде менің.

Аласұрып барасың

қайда асығып,

Періште емес – сен-дағы

пенде ме едің?!

Бәйгеге жаңа шапқан аттай тыңдай,

Уақыт – тұлпар,

барасың аялдамай.

Жазылмаған жырымды өтінемін,

Қалдырып кет, өзіңмен жетекке алмай.

Уақыт – әділ төреші,

ақ, қараға

Өзімді алдап, өзгеден бақ табам ба?!

Өлең сөзді орнектеп өре алмасам,

Билігінен уақыттың ақталам ба?!

Келеді жыр маржанын жинап тергім,

Өткен күнде белгі жоқ дейтіндер кім?!

Жыр тауына өрлесе өлеңдерім,

Келер күнге қалдырған менің белгім.

ТАБА АЛМАДЫМ ЕМІМДІ

Түсінбедім, түртті ме әлде шайтаным,

Өкпелетіп тағы сені қайтардым.

Артық кеткен қылығымнан қысылып,

Қабағымды басты қалың қайта мұң.

Білем бәрін, ұнаттың сен жүрекпен,

Сәттерің көп шуағыңмен гүл еккен.

Күйіп-жанып, сезім сырын шертсең де,

Кезім жоқ-ау жаным қалап, дір еткен.

Өзің бәлкім, дұрыс тауып теңіңді,

Байқамайсың менің артық-кемімді.

Аласұрып жанға дәру іздеген,

Таба алмадым, бірақ сенен емімді!

ЖЫРЫМ ҚАЛДЫ...

Жырым қалды туысқанның табанында,

Жырым қалды жетім бала қабағында.

Қарашаны қара өгіздей сүйреймін деп,

Қайнамаппын қара өлеңнің қазанында.

Жырым қалды сәбидің бесігінде,

Жырым қалды жат босаға есігінде.

Жүргенде тіршіліктің тоқпағымен,

Қаланбаппын өлең-кірпіш кетігіне.

Жырым қалды сүйгенімнің құшағында,

Жырым қалды налыған құса-мұңда.

Қадірін қара сөздің кештеу ұғып,

Жырым қалды туылмай құрсағымда.

АНА ТІЛІМ

Қазақ тілде – қазағымның қаны бар,

Қазақ тілде – қазағымның жаны бар!

Адам түгілі, айналаңа қарасаң,

Өз тілінде дыбыстайды жануар!,

АҚПАН

Ақ жаймаға оранып,

Жер – Ана жатыр тыныстап.

Көрінбейді көзге жол анық,

Тұр боранның жыны ұстап.

Кетсе егер ұйып пәк әлем,

Кенеттен тағы долданар.

Соға түс әзір – қап, бәлем,

Көктем кеп сені қолға алар.

Ыза боп жерден уыстап,

Лақтырдым қарды жентектеп.

Ығысу қайда – жылыстап,

Құтыра соқты жел тентек.

БҰРЫМ

Қыз көрсем, қолаң шашы жалпылдаған,

Көңілім пәсең тартып, салқындаған.

Өріміндей қамшының өріп қойған,

Қос бұрымым бұрынғы жақын маған.

Бұрымым, қымбат еді, нарқың маған,

Суға жусам бұлағымның жарқыраған.

"Бұрымыңнан бір сипауға бола ма?",-деп,

Қиылып, бозбалалар лапылдаған.

Қиған соң бұрымымды қайшыменен,

Жастық шақ бұрылмастан қашты менен.

Іздесем, сол бұрымды сағынышпен,

Шаштары жалбыраған жасты көрем...

Жұлдыз Тойбек

Халықаралық «Мәдениет майталманы» медалінің иегері

Теги: Әдебиет, Ақын, Поэзия
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар

Ең көп талқыланғандар