Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Заман Төлеуов. Өмірдің мәні

21.04.2017 503

Заман Төлеуов. Өмірдің мәні

- Ақсақал, сіздікі қызық екен? Құдды кинодағыдай «тут помню, тут не помню»...

- Қарағым, маған не қыл дейсің?! Жасың сексеннен асса, есесіне басың жарылып жатса, өзің не дер едің? Білмеймін, ешкімді көргем жоқ!.. – Қарт қатты ыңырси, бетін теріс бұрды. Басын ораған дәкеден қанның сіңбесі торкөзденіп көрінеді.

- Науқасты қинамаңыз... – деп, қастарында тұрған дәрігер қабақ шытып, сөзге араласты.

- Жарайды, есіңізге түсіп жатса, хабарын берерсіз. Тез айығып кетіңіз... Сізді бір ауыз сөзге бола ма?

Дәрігер мен заң адамы иық жанастыра сыбырласып, сыртқа бет алды. Ақсақалдың қасында жатқан екі-үш адам аналар шығып кеткен соң, өзара наразылық таныта бастады.

- Үлкен адамды бекер қинағанша өздері іздемей ме!

- Кім екенін білсе айтар еді ғой. Осылардың қылмыс ашты дегенін естіген емеспін!

- Әншейін, көз қылып сұрайды да жұмыс істеген сыңай танытып...

Үлкен адам теріс бұрған бетін ел жаққа қаратып:

- Артық сөздің қажеті қанша? Менің көріп тұрған бұл өмірдегі жалғыз құқайым осы емес. Сыбағамды алып жатырмын! Ол үшін ешкімнің басы ауырмасын! – деді де қайта теріс қарады.

Ақсақалға жандары ашып, бүйір бұрған көршілері бір-біріне аңтарыла қарасты. Осыдан соң бұл орта екі жарылып, шал өз жағына жалғыз қисайса, қалғандары бір жаққа ойысты. Қандағы қазақтық қала ма, ел-жұрт сұрасып, ауруханадағылар бір-бірімен жарқылдаса туыстасып жатса, Есенбек қарт ешкімге іш жылытпады. Жүруге жараған кезде елден оқшау барып, өзімен-өзі күбірлесіп, жеке отырады. Ал соңдарынан тамақ әкелініп, барлығы соны мәре-сәре болып бөліп жеуге кіріскен кезде де, қария қыбыр етпестен төсегінде теріс қарап жата берді. Бастапқыда ортаға шақырып, үлкен кісі ғой деп талай қолпаштады-ақ. Бірақ, қария өз бетінен міз бақпады. Айтқан қос ауыз сөзі: «Ешкімге қарыздар болғым келмейді. Маған қазынаның да тамағы жеткілікті». Ол кісіге біреу тамақ әкелмек түгілі, заң адамынан өзге ешкім іздеп келмеген-ді. Туған-туыстары жоқ жалғыз адам болғаны да деп топшылады, төңірегіндегілер.

Аксинья Павловна Есенбектен бір мүшел үлкен-тұғын. Тау бөктеріндегі Мыңбұлақ ауылында қазақ, орыс, татары бар бір дүйім жұрт тұрды. Мектебі, сауда дүкені, кеңсесі мен қамбасы бар шағын ұжымшар орталығы. Есенбек өзінен он жас кіші қарындасын айтпағанда, бір үйдің жалғызы және бас білмейтін еркесі болып өсті. Оның жігіттігі оянған шақта Аксинья бір байдан шыққан, соңында ерткен кішкентай қызы бар, ауыздың суын құртатындай толықсыған әппақ келіншек еді. Айдарынан жел есіп, соқтығуға қара таппай, ауылға симай жүрген Есенбекке, Аксинья көп тәжікелеспей құлай салды. Бұл сұмдық дүйім жұртқа тарап, орыс пен қазақ арасында құдалық орнағанның орнына от шығып кете жаздап, араздық сызат салды. «Тең теңімен, тезек қабымен» деген адами қағидаға жат пікір қалыптасып, «бұзылған қатынды» үйде қамаса, жігітке ата-анасы мен туыстары жабылып, қыздай әйел әперді.

- Үх, Үх-х!.. – деп ауыр күрсінген қария аударылып, бетін елге бере жатты.

Көзінің суағарынан жылғаша сорғалаған ылғалдың табы байқалады.

Оның жылап жатқаны яки көзінен кәріліктің сорасы ағып жатқаны беймәлім еді. Тек, күңірене күрсінгеніне қарағанда оны бір ескі уайым жеп жатқан тәрізді. Адам ұлғайған шақта: оны жаңа бейнеттен гөрі, бітеу жара секілді - қабынысы тереңдегі алыс қайғы көбірек айналдырады ма екен...

Карта соғып өзді-өзі болып отырған көршілері оқыс дауыстан селт етіп, қарияға жапырыла қарады. Сосын арасындағы көңілшегі шыдамай сұрады.

- Ата, бір жеріңіз ауырып тұр ма?

Үлкен адам басын сәл көтерді де бұларды алғаш көрген адамша бар ынтасын сала қарап, ләм-мим деместен тағы да «Үх!» деді де сылқ жата кетті. Еті азып, арбиған саусақтарымен жүрек тұсын уқалап, тісін шықырлатты. Соңғы күндері ұстара тимеген сақал-мұрты - қан-сөлсіз қуарған алжа-алжа бетін ескі селеудей қаулай жауыпты.

... - Сұмдық-ай, сұмдық! Ойбай, аттан! Бұндайды кім көрген!!!

Мынадай ащы айғайды естіген көрші-қолаң лезде жинала қалды. Екі-үш адам мал қамайтын жапаның түкпірлеу қалтарысында бүк түсіп отырған жас әйелді қолтықтап, ашыққа шығарды. Оның шашы қобырап, екі көзі ұзақ жылаудан көнектей болып іскен, тұзақталған кендір жіпті ұстаған қолы қарысып, ақыл-есі де өз орнынан ауытқыған сыңайланды.

- Құдай бек сақтады! Көретін жарығы бар екен. Сиырдың бас жібін іздеп санымды сабалап жүргенде - асылғалы жатқан жерінен үстінен түскенім! Астапыралла, астапыралла!..

- Жіпті іздетіп тұрған мына қыздың періштесі ғой!..

- Соны айтам да... Құдды, сиырды күнде өзім байлайтындай аяқ-асты іздей қалғаным. Білдірді маған, құдіреті күшті құдайым, бірдеңені!..

«Күйеуі ұрып өлтіріпті» деп құбылып жеткен жаман хабардан қыз төркіні балта-сойылын арқаланып, жауға аттанғандай дүрлігіп, түтіге жетті. Ел арасында «хабар» ретінде жүретін өсек-аяңға май құйған сайын түрленіп, құлпыра түссе, мынадай жаманатты хабарды қате тарату адамдыққа жатпас, сірә. Жиналған жұрт кімнен не естігенін зерттеп, ақыры осындағы «сымсыз телепон» атанған маймақ кемпірді айыпты деп тапты. Ол ешкімнен сөзден жеңіліп көрмеген қарағым еді.

- Асылып өлдісі не, ұрып өлтірдісі не, бәрібір емес пе! Егер енесі бас жіп іздемесе, қызыңның сүйегіне жолығып, қара сорпасын ішіп отырар едің, әдіремқалғыр! Маған шапшығанша аманында алып кет балаңды, ана итке қор қылмай! Күйеу бала деп жүргенің қара күйік, оны ана орыстың сар қатыны өзіне ғана еркек етіп, арақпен дуалап тастаған, баяғыда!.. Сенбесеңдер әне қара!

Маймақ қатын қолын шошайтқан жаққа елдің бәрі ошарыла қарады. Аяқтарын анда бір, мында бір басып, бір қолымен көзін көлегейлеп:

- Бауырым-ай! Жан-жарым-ай! – деп масаң дауыспен барқырап, Есенбек келе жатты...

- Ата, жамбасыңызға дәрі салайын, – деген мейірбике келіншекке ол жақтырмай қарап: - Менің өмірім соншалықты кімге қымбат бола қалды? Өкіметтің дәрісін шығындап!..– деді.

- О не дегеніңіз, ата?! – деп сасқалақтаған мейірбике түсінік іздегендей өзге науқастарға сауалдана жалтақтады.

- Қарындас, ол кісінің сөзіне көңіл аудармаңыз. Сондай мінезі қызық адам екен.

- Иә, мен аспаннан түскен адаммын! Сендер ғана осы жердікісіңдер.

Үх, қайран Аксинушкам, сен өліп қалмағанда мен осы күйге түспес едім!..

Дәріні шала-пұла салған мейірбике расында жер бетінде кезіге бермейтін әлдекімді жолықтырғандай екіұдай жағдайда ізін суытты.

... Есенбек пен Аксинья Павловна адам ғұмырын ұзартып, тіпті жасартатын не түрлі шипа шырындарды өздері жасап, ішіп жүрді. Жағдайлары әбден түзелген шақта қымбат эликсирлерді шет елдерден де жаздырып ала бастады. Ақсиньяның анасы шөп дәрілерді қатты танитын және дуа, дұға оқып ем-дом жасай алатын балгер-оқымысты адам болған. Анасының қасиеті осы қызына да дарыды. Алғаш тиген күйеуі өзге қызға өлердей ғашық болып жүрген жерінен - оны арақпен дуалап, өзіне қаратып алды. Әп-әдемі қыз туғызып, одан арыға жетпеді. Аксиньяның дуасы кері әсер беріп, ол мүлдем арақтың соңына түсіп кетті. Әрі-сәрі боп жүргенде, себебі бұған көз салғандардың көбісі ақ сазандай санын ғана бағалайтын секілді көрінді. Және олар еш дуасыз-ақ жөңкіле қатынқұмар және шексіз арақ ішушілер еді. Ал күш-қайраты тасыған, желөкпелігі мен иланғыштығында шек жоқ Есенбекті Аксинья жазбай таныды. Ол оны өзі қартайып, көзі жұмылғанша адал серігі етуді қалады және солай ете алды да.

Көзді ашып жұмғанша елу жылда өте шықты. Ортақ балалары болмады. Аксиньяның қызы бой жетер жетпестен тұрмыс-қызметтері бар нағашыларын сағалап, жақсы оқу бітіріп, қаладан әйелжанды, жайлы бай тапты. Алқып-шалқыған ол - ара-тұра араға жылдар салып болмаса, шешесін және оның (қыздың айтуынша) «жындысын» көруге емешегі үзіліп тұрғаны шамалы болатын-ды. Аксинья бірнеше қабат бала көтерді деген сөз бар. «Қазақтан бала тапсаң өлтіреміз!» деп Аксиньяның жүрісін тоқтатпақ болған аға-бауырлары бұған қатты кіжінетін-ді. Соның салдарынан кезінде: жаңа туған екі шаранасын малдың көңіне көміпті деген қауесет те ел арасына тарап кеткен-ді. Құдайдың бұларға бала бермегені де соның кәрі шығар және отырса опақ, тұрса сопақ деп төңірегіне күн көрсетпейтін Есенбекке де баланы қор қылғысы келмегендей.

... Үстілеріне көгілдір жамылғы жабынған ер мен әйел кірді. Карта ойнап отырғандар бұл екеуіне үдірейісе көз тастады. Әйел адам сәлемдескен соң, сыпайы дауыспен:

- Ошағанов Есенбек деген кісі осы палатада жата ма? – деп сұрады.

Аналар жабыла бас шұлғып, ол іздеген пәлеңіз әне жатыр дегендей сескеніспен ым жасасты да ермектеріне қайта оралды. Ер адам есік көзінде состиып тұрып қалды. Қолында түйіншегі бар әйел - теріс қарап жатқан қарттың тұсына таяп барып:

- Аға, қалыңыз қалай? Жер-көкті шарлап әрең таптық қой! – деп жыламсырап, шалдың ту сыртынан алақанымен аялай сипады.

- Иә! Керек едім мен!.. Сендерге менің өлгенім ғана керек. Менің өмір бойы қан-термен жиғаныма, ие боп қалу - бәріңнің көксегендерің!

Көзіне іркілген жасты қол орамалымен сүрткілеген әйел - мына сөзді бөгде жұрт естіді-ау дегендей қымсынып, артына жалтақтады. Бетін бері бұрмай қырсығып жатқан кісіге қарсы уәж білдіріп, ештеңе демеді. Бәріне келіскен, үмітсіз кейіпте өз сөзін жалғады.

- Таза іш киімдер мен тамақ әкелдім. Суытпай ішіп алыңыздар.

Бәріңізге жетеді. Бұдан былай күнделікті келіп тұрамыз. Сауыққан соң ешқайда бармайсыз, үйге алып кетем... Бұ дүниедегі менің жалғыз туысым – аға, өзің ғанасың ғой! Өткен өмір өтті. Енді, елге таба қылып, мені жылатпашы!..

- Ағасы далада қаңғып өліпті деген атақ - сүйекке таңба деп өзің үшін

шошып отырсың ба? Маған жандарың ашымай-ақ қойсын! Селопанға орап көме салыңдар, маған бәрібір қай бейітте жатсам да... Сендер көмбесеңдер өлген итті де сасымасын деп орға тастайды. Сондай бір қайырымды кездесер!..

Жігерлері құм болған екі кісі - бастарын көтеріп ешкімге қарай алмай, әкелгендерін тастап, сыртқа беттеді. Мынадай қаныпезерлікті күтпеген палатадағы науқастар да жағаларын ұстап, солардың ізін ала қоса сырғыды. Аулаға шығып, ұзап бара жатқан екеудің соңынан аянышпен көз салып, өзді-өзі дабырласа бастады.

- Астапыралла! Мынадай адамды ешуақытта жолықтырмаппын!

- Бұл адам емес қой, құбыжық!

- Монстр! – деп ішіндегі орысқұлдау біреуі шырт түкірді.

... Есенбектің құрдастары ол жоқта үйіне баса көктеп барып, сар қатынды адам құрлы көрмей, неше түрлі сайқымазақ жасап кететін-ді. Төріне іліп қойған орыстың құдайларына Есенбектің де шоқынып жатқан жерінен үстінен түстік деп сырттай масқаралады. Бұл қаңқу құлағына жеткен Есенбек әдемі дүміккен бір күні тақтай құдайларды балталап отқа жағып жіберді. Аксинья соның барлығына төзді. Қыңқ еткен жоқ. Есенбек есі жиылғанда сар қатынның алдында құрдай жорғалап, қойнынан қуаныш тауып, өртеп жіберген құдайлардың орнына жер астынан болса да тауып, жаңасын әкелді. Тек, ендігәрі көрнеу жерге ілмей, бүркеп қоюын өтінді. Қазақтың қалжыңы жаман екенін Аксинья да түсінген-ді.

Есенбек ұжымшарда соңғы біраз жыл пошта тартты. Оның алдында табиғи зеректігінің арқасында есепші болды, «кәпирәт» ұстады. Содан жер қоритын «ақыранға» түсті. Арақ пен шатақ-шалыс мінезінің кесірінен құлдырай келіп, жалқау қара атты қамшылаған сайын боқтанып, шалғай малшылар отарына осылай хат-хабар, газет-жорнал тасу ғана сеніп тапсырылған-ды.

Табиғи мінез демекші, оның бойында тазалыққа деген аса бір құрмет бар еді. Жығылып-сүрініп жүрсе де киімінің бір жеріне кір қондырмайтын. Тегі Есенбекке келе-келе сар қатыннан басқа ештеңе де жоламайтын секілденді. Тұрмыстары ортадан төмен. Құрала бастаса араққа айырбастап, «жан жолдастарымен» басына су құя салады. Қысқасы, есік алдында үзік-үзік шынжырға байланған қара иттен өзге қара жоқ-тын. Есенбектің жылдан-жылға тұрпаты да бөтенденіп, тілі мен іш дүниясы доңызданып, қазақтық нышаннан айырыла бастады. Ағайын-туған дегеннің қадірі ұмытылып, дастарханына бір жарты қоймаса дау шығарып, жан туысы болса да жауға айналды. Сөйте-сөйте Есенбек той-томалаққа шақырылудан қалды. Өлім-жітімсіз өмір бар ма, ондай қайғы-қасірет те оны елең еткізбеді. Жас кезіндегі есерсоқтығы жарасымды екен, енді өзі секілді ел ес жиып, ақыл айтар жасқа келгендегі қылығы еш қисынға қиыспады. Бұл – қазақтың әдемі маңырасты ақ қойы, шошқаша қорсылдап кеткенмен бірдей көрініс еді.

Қарындасының үйіне анда-санда бас сұғып тұрады. Тауықтың жемі түгесілді деп екі шелек бидай сұрап алып, жолай соның бірін - бір жарты қызылға айырбастайды. Сосын қанатын жайып көшеге симай, құтырған бураша жынын шашып, жас-кәрі демей тиісуге кіріседі. Жастардан таяқ жеп, үлкендерден сөз естіді. «Әкес-шешесі жақсы кісілер еді мынау қайдан шыққан әумесір!?» деп ауыл жұрты қайран қалысты.

... Есенбекті көшеде жатқан жерінен біреу жаны ашып, «Жедел жәрдем» шақырды. Ауруханаға алып келгенде оның басы жарылғаны анықталып, жергілікті ішкі істер бөлімінің кезекшісіне хабар түсірілді. Жарақаттан ғана есі айырылды дейін десе - аузынан арақ мүңкіп, ылғыған мас екені де көрініп тұр. Есін жиған соң, соңғы бірер жыл ұдайы ішкен жаман арақтың уыты ақылынан алжастырып, екі-үш күн арпалысты. Білекке салған инені жұлып тастап, көзіне көрінген, көрінбегеннің барлығымен алысып, аузынан ақ ит кіріп, қара ит шықты. Ұйықтатып, тыншытатын дәрінің күшімен психиатр қарауында жеке палатада үш-төрт күн байлаулы жатты. Аң кейпіне еніп, хайуанша астына жіберді.

Иә, осыдан екі-үш жыл бұрын ғана ханға сәлем бермейтін Есенбекті осы десе сірә, жан баласы сене қоймас-тын. Соноу тоқырау жылдары қарындасының үйіне әдеттегідей басы ауырып келе қалған-ды. Құмыра түбіндегі бір кесе арақты қарындасы тез құтылу үшін өзі ұстатты. Ішкені сол еді ағасы жүрегін ұстап, көгеріп-сазарып серейді де қалды. Дәрігерлік көмек дер кезінде көрсетіліп, жанын құдай сақтады. Сол бір кесе арақ қырық жылғы дуаны лезде қайтарып, татпайтын адам болып шыға келді...

Алатаудың бөктерін мекендеген дүйім ел жау тигендей босып кеткен. Үйдің орындары төбешік-төбешік болып, мал жемейтін қау шөптің отанына айналған. Елдің тұқымын тұздай қылу үшін - оның мектебін жабу керек екен. Балаларының келешегіне балта шабылған жұрт сабылып, етектегі іріленген елді мекендердің бірінен пана тауып жатты. Бұл өткен ғасырдың елу-алпысыншы жылдары еді.

Ауылдағы екі бөлмелі ізбөшкесін сатып, ақ сазан Аксиньясымен егіндік пен шабындықты қоритын күзетші боп, сол тып-типыл атажұртқа қайта оралды. Ұжымшар салған жалғыз үйден өзге ол жерде қарайған шатыр жоқ-тын. Жазды күні: сапырылысқан ел болса, қысқа қарай ұлыған қасқыр ғана көрші болды. Бастапқыда таяу маңдағы заставадан ұрғашы тай сатып алды. Саудамен шұғылданып жатқан, ауылдағы қарындасы мен күйеу баласы: жәшік-жәшік арақ пен шай-қантты үзбей жеткізіп тұрды. Қазынаның қыруар малы жайлау шығады. Одан етек ауады. Осы екі арада сол қалың мал Мыңбыұлаққа да біраз дамылдап өтетін-ді. Жас кезіндегі «кәпирәт» ұстаған тәжірибесі іске асып, айырбас қайнады. Басында бес жартыға бір қой болса, келе-келе үшеу, одан бас түзетілсе болды деп кей қойшылар бір жартыға бір қойды тастай салды. Бір жаздың ішінде қорадан қора тұрғызып, ауласы малға толды. Басы басталмасын деңіз, төрт-бес жылдың аралығында Есенбек те оның тұрмысы да адам танымастай өзгерді. Әкесі өте еңбекқор, жақсы адам болды деп ел жағымды пікір айтушы еді. Соның ұшқыны бұған да дарыған сынды. Жарықтық Кеңес өкіметі кеңшілікті еді ғой. Жем-шөптен таршылық көрмеді. Қажетті тауарлармен қамтамасыз етіп жатқан ауылдағы туыстары, аяқ-асты адам болып кеткен ағаларын арқа тұтып, мақтана айтатын болды. Жазға салым қосқан тайынша-торпақтары бағылып: бірі келесі жылға соғым жасалып, енді бірі пұл болып сатылып, екі жақта қоңданды. Бастапқыда еңбек ақысына Есенбек сойылған соғымның бір қолын еншілесе, жүре-жүре жартысына ауыз салды. Сатқан малдың ақшасын кейін береммен жүріп, артынан көзін шұқып алса да мойындамайтынды шығарды. Сонымен жылдар жылжып өте берді. Ауылдағы ағайындары: ұяты оянып, кезі келгенде малдарын қайтарар деген үмітпен жүріп жатты. Есенбектің жұтқыншағы ішке ойнап, бұрын болмаған аш көздік туып, құлағының түбінен бір әзәзілдің: «Пайдаң әлі аз, әлі аз!» деген толассыз сыбыры ұлғая түсті. Сонымен қатар тым қатершіл, қарайған нәрсенің бәрі оған күдік тудырды. Кіріп-шыққанның қойны-қоншын аңдыды. «Бәрінің қолында желім бар, бірнәрсені жабыстыра кетеді!» деп жан баласына сенуден қалды. Үйді айтпағанда қора-кілетке қара құлыптар саусылдай тағылды. Бір уыс шор кілтті тек өзі ғана ұстап, мойнына асып жүрді. Бір қорасына кірсе оны жауып барып, екіншісін ашты...

Есенбек те ешуақытта болмаған мынадай шаруақорлық пен ысырапсыздық Аксиньяны да қатты таңырқатты. Әу баста ол іштей қуанып жүрді. Бірақ ол қуанышы ұзаққа бармады. Есенбек тізгінді өз қолына мықтап ұстады. Аксинья күндердің күні шүйкедей кемпірге айналып, өзіне бекітілген бұрышқа қамалды. Сол бұрышта жатып, кейін көз жұмды. Орағыта кетсек: ол теп-тегін өлген жоқ, Есенбектің өмір ағысын елге білдірмей бастапқы арнасына қайта аударып үлгірді. Ол бір ғажабы қазаққа елу жыл қатын болғанына қарамастан - іші сайрап тұрса да тілінен бір ауыз қазақ сөзі суырылмады. Онсыз да безбүйректеу Есенбекті мүлдем дінсіз етіп, бауыр, туыс деген ұғымды мағынасыз етті. «Біздің байлығымызды көре алмайды, бер-бер дегеннен басқаны білмейді» деп үгіттеп, егер беріп жатса менің туыстарымды жат санайсың деп санасып, тіпті бірге туған жалғыз қарындасының отбасына теріс қаратты. Тоқырау жылдары етектегі ел қиналып жатыр дегенді естігенде Аксиньяның оқуының тереңдігін дәлелдегендей Есенбек: «Ауылдағылар кебек жеп, пәленшесін сорып жатыр!» деп тоқтықтан кекірік атқаны - соның айғағы еді. Сөйте-сөйте өзінен өзгенің барлығы адам емес көрініп, жақсы-жаманның бәрімен өшікті. Ірі қара мен қой етінен жеріп, көркейдің етіне көшті. Әке-шешесі түгілі ата-бабасы көрмеген бақ-дәулет бұның басына қонып, осы кеңшілік заманның шегі жоқтай көрінді.

Мыңбұлақтың етегі 99 жылға заңды түрде бекітіліп, осы Есенбектің жеке дара мал жайылымы мен шабындығына айналды. Сылдырай аққан сұлу бұлақтың бойынан тосалаған көлде қаз-үйрек қайыса жүзіп, қау-қау шөптің арасына ұя салып жұмыртқалаған, соңдарынан балапан ерткен сансыз тауық мен-мұндалап қыт-қыттады. Күн елең-алаңда ешкі-қойлары қорасынан мамырлай басып, өріске бет алды. Малмен бірге: түрі мен қасиеті өзгеше күрке құстары да жайылысқа шықты. «Жол ауыруы» бар, қырық шақты қара соңына бақташы түсті. Қайда жайылып, қайда шыбындағысы келсе өзі білетін бір үйір жылқы - бас айғырының соңынан ерді. Соноу іңірде ғана бұлар түгенделіп, қораланып болғанша бірталай абыр-сабыр болады да қайта тыншиды.

Күн бата тырқылдатып бір-жар сағатқа моторды қосады. Тамақтанып болған оны сөндіртеді.

- Әке-шешеміз осымен-ақ күн көріп, бізді асырап жеткізген. – деп

Есенбек керәсінін тексертіп, пілте шамды жақтырады. Шиқылдатып радиоқабылдағышты қосады. «Шалқар» бағдарламасын таба алмай әлекке түсіп, ақыры шаршайды. Былдыр-былдыр бөтен тіл, не болмаса «Шыңжаңнан сөйлеп тұрмыз, терістіктен он балл жел тұрады...» деп қытай қазақтары сайрап қоя береді. Есенбек тамағын қырнап алып, өзінің ерліктерін айтуға кіріседі. Ол осы ауылдағы ең алғаш «кәпирәт» ұстаған мықтының бірі болғаны, жеті класс қана білім алса да талай біргәдір, ушетшік, бұғалтірден сауатты екені, ол сабамаған еркек қалмағаны, қысқасы Мыңбұлақ ауылының асыраушысы болдым деп жасқанбай-ақ кеуде соғады. Оған Аксинья да қолындағы жалшысы да бір ауыз қарсы уәж айтпайды. Сонымен талықсып барып ұйқыға жығылады. Келесі түнде осы әңгіме айна қатесіз қайта қайталанады. Тек, ол жолы сәл-пәл өзгерту енгізіліп, Есенбектің бозөкпе, арамтамақ ағайындары мен жалғыз қарындасының отбасы оңбай сыбағасын алады.

Ауыл көңінен сәл жырақтау еңселі төбе бар. Сол биікте уақыты бітіп, тыныштық тапқан сүйектер жатыр. Ертеректе ағаш қоршаулары бар еді, келе-келе оларын мал құлатып шіріп, болар-болмас үйінділерге айналған-ды. Сол бейіт жұрнақтарының арасында Есенбектің әке-шешесі де орын тепкен. Есенбек ауыздығымен алысқан қара айғырына мініп, уақытылы-уақытылы өз жер үлесін адақтап шығады. Сонымен қатар іргелес жатқан шаруа жұртқа да соғып, оларға ақыл айтып, «Есеке, сіз кереметсіз!» деген сөзді естігенше әбігерін алып, әрең құтылтады. Сондай бір ойдалақ кезінде ол қарсы бетке айғырды тік салып, орғып төбесіне шықты да атын ойнатып тұрып:

- Әке, жынды-жынды деген балаң елден озды! Мұртымды балта шаппайтын дәулетке кенелдім! Өмір-бақи көрінгеннің есік алдын сыпырумен өткен өзіңнен озып, талай жұртты шаң қаптырдым! Ел өздерін асырай алмай жатқанда шаруама құл ұстадым, кешегі белсендің қолыма су құюға жарамай қалды. Қара айғырды қамшысыз ойнатып тұрған ұлыңа қарасай!.. Баршылық дегеннің не екенін білмей өткен шешем екеуің жетпеген шың басына мен көтерілдім. Қара маған, өздерің татпаған қызыққа ең құрмағанда әруақтарыңның сілекейі шұбырсын! – деп жұмыр жерді жайлаған тірі пенделердің үстінен шырт еткізіп бір түкірді.

Есенбек қарындасының үйіне келгенде - оны екі аяғын жерге тигізбей кеткенше бастарына көтеріп жүреді. Кердең-кердең басып, жұмсақ мамықты жастанып, еседі, еседі-ау кеп... Жатарда, ертең қала түсіп, су жаңа автокөлік сатып алып, күйеу баласына сыйламақшы боп уәделесіп, алысқан қолдарын мәз-мәйрам жиендері куәланып, бөліседі. Таң атар атпастан, алаңсыз ұйқыда жатқан елдің мазасын алып, кетемге салады. Түндегі бәрген уәде - кіші дәрет сындырғанмен бірдей боп, тіпті есіне де түспейді. Баяғыда біреу айтыпты-мыс: «Берсем уәде өзімдікі, алсам да өзімдікі» деп. Соның кері келді. Тағы бір айналып соққанда ол - екі беті шімірікпей, сол әңгімесін қайта бастайды. Бұл жолы оның еспесіне ешкім құлақ түрмеді. Есенбекке оның қажеті де шамалы. Ол өзінің соншалықты ауқатты болып кеткеніне мастанып, бұларды тең санамай кекірейді. Елге қарызға ақша бергенін айтып, «Аяқ-қолдары сау, алақан жаяды» деп сөкті. Күйеу баласы көлігіне жаңа доңғалақтар алмақ болып, азын-аулақ тиын-тебен сұрап еді: «Беріп кәпір болғанша, бермей кәпір бол!» деген бар, саған бір жол ақша берсем, менің жолымды аңдисыңда отырасың, сондықтан бермеймін!» дегені. Бұл сөз күйеу баласының жүрегіне садақ көдеше қадалып, ендігәрі өліп бара жатсам да саған жалынышты болмаспын дегендей - ауыр өкпе көкірегінен өшпестей орын тепті.

- Шіркіннің жүрісін-ай, көлде жүзген аққудай! – деп баяғыда екі-үш ай

бұған «қатын» болған орта жастағы әйел адамды көріп Есенбек әлдеқандай бола қалды. Ана кісі алғашқыда не дерін білмей аңтарылды да сосын: - Көзің жаңа ашылды ма? Қыздай-ақ саған тиіп едім, төсіме қолың тимесе де есік көрген атандырдың! Сар қатының естісе екі аяғыңды бір етікке тығар! – деп шымши сөйледі.

- Хал-жағдайларың қалай? Менің ұлым қалай, қайда өзі?

- Құдайға шүкір, ел қатарлымыз... Бәрі аман, бірі қалада, бірі далада.

- Он баланы асырау да оңайға түспеген шығар?

- Құдайдың берген әркімге өз ырыздығы бар ғой. Бірін-бірі сүйреп өсіп-жетіп келеді. Өзің қалайсың? Байып кетіп, несиеге ақша беретін бопты деп жүр елдің аузы...

- Көре алмаған соң айта береді. Өзіңе ақша керек болса, пайызсыз-ақ бере салам. Жаман-жақсылы аз уақыт маған қатын болғаныңды қалай ұмытам! Хи-хи...

- Мен саған қатын болған жоқпын. Сенің еркектік күшіңді сар қатын матап тастап, күнде мас боп келіп, қасымда ештеңе жасай алмай өкіретінсің!

- Қойшы-ей, шынымен бір де бір ретте ме?

- Бір рет болсақ, мен намысқа күйіп асылуға жүгірмес едім!

- Қап! Ана қара қасқа сендей әдеміні қыздай иемденген екен ғой! Бәсе, неғып сені алақанында ұстап өліп-өшеді десем!?

- Солай Есенбек. Айтуға ұмытып бара жатыр екем, үлкенімді ендігәрі

ұлым деп айтпа! Ол сенің балаң емес, өзінің әкесінің ұлы. Ұят болады!

Қапелімде сөз таба алмай қалған Есенбек, қипалақтап, ыржаң-ыржаң күлгенсіді. Сосын:

- Менің-ақ балам болып жүре берсін, дүниемді аяйсың ба? – деп бар байлығын соған арта салатын адамдай - жарылқаушы кейіпке еніп, маңғазданды.

Әйел адам тапа-тал түсте көше ортасында бөтен еркекпен шүйіркелесіп тұрғанды әбес санап, ананың тағы бір мылжыңдарына құлақ аспастан жөніне бет алды. «Мықты болсаң сол кезде қайда қалдың?» дегендей ішінен бір қыжыл дыз еткендей болды да сап тиылды.

Есенбек есеңгіреген адамша жан-жағына бей-жай қарады да үйіне тартты. Олар өткен жылы таудағы мал-жан, үй-жайын түгел сатып, ауылдан там алған-ды. Аксинья Павловна екеуі бай-бақуатты тұрмыс кешіп жатқан жағдайы бар. Отқа жанбайтын алпамсадай темір жәшіктің ішінде тағы төрт-бес темір қорап, оның ішінде номиналдық құны бойынша қатталып, қырқ қайта саналып салынған теңге мен американың доллары. Қарыз сұрап күніне неше адам келіп-кетіп жатады. Біреуіне берсе, екіншісінің жігерін құм ғып, баяғысын есіне түсіріп, соңына ит қосқандай қорлап жібереді. Қораптарды шығарып, кезек-кезек қақпағын ашып, ішіндегі ақшаларды қолына алып иіскеп, елдің сілкейін шұбыртқанды жаны сүйді...

Аксинья Павловнаны арулап жерледі. Қалаға өзі барып табытын, басына қоятын кресі мен шарбақ темірді әкелді. Есенбекті бұл кезде арақ аса жеңе қоймаған-ды. Кемпірі кеткен соң жалғыз қалды. Содан бастап оны ішкіштер үйірсектеп, қатын болам деуші әйелдер де жанынан табыла берді. Аз ба көп пе соңғы үш-төрт жылда алты әйел Есенбектің қатыны атанып үлгірді. Есі кірген кезде темір жәшіктегі ақша салған қораптарды түкпір-түкпірге жасырып жатты. Уақыт өте қайсысын қайда тыққанын ұмытты. Артынан аңдып жүріп, бөгде жұрт малданды. Соңғы алған қатынын заңды түрде некеге отырғызтып, мені өлгенше бағып-қағасың деп ауызша келісіммен үйін соның атына жазып берді. О байғұс көнді-ақ. Бірақ Есенбектің түсінігі басқаша екен. Әлгіндей шаралардан соң бұл әйел оның құлақ кесті күңіне айналған секілді. Қараң еткеннен қызғанып, бір ауыз қарсы сөзге жұдырық ала жүгіріп, ақыры ол әйел «Бүйткен байы да байлығы да құрсын!» деп әрең қашып құтылды.

Сол қатынын іздеп қала түскен-ді. Сақалына қарамай көшеде арақтың күшімен есіріп келе жатқан бұны - әлдекімдер соққыға жығып, қалтасындағы қалған-құтқан тиын-тебенді сыпырып кеткен еді. Алты қатын бір-бір тал ала жіптен ала кетті десек Есенбектің жиғаны да сарқылатын уақыты болды. Жалғыз зейнетақысына қарады. Кезінде қатындарынан тыққан қораптарды іздеп көрді. Бақшаны қайта қазып шықты. Ол жоқта отынын ұрлап жүргендер бір қорапты соның арасынан тауып алып, «Тапқан тапқандікі, мал баққандікі» дегендей үн-түнсіз сіңірді. Себебі иесіне берем деп бір пәлеге қалуы да мүмкін, қалған ақшаларымды да осылар ұрлады деп қандыауыз шалдың жала жаппасына кім кепіл?

Кезінде дуа-дұғасымен әмірі жүрген Аксинья да Есенбектің тегеуіріне дес бере алмай, өкіметтің берген азды-көп зейнетақысынан қағылған-ды. Соңғы жылдары қолына ақша ұстамай өтті. Алда-жалда ағайын-туғандарын сағалап ел қыдыра қалса, базарлыққа деп ала шыққан ақшасын «Есенбек ұрсады» деп шып-шырғасын шығармай қайта алып келуші еді. Сараңдық пен дүниеқоңыздық бұны да меңдеді. Қызығын көрмеген қаржыға сырттай мастанып, Аксинья өзін іштей ханым сезіне бастаған-ды. Бірақ кесе көлденең жолыққан бір дерт оны алып тынды. Жасарту мен ғұмыр ұзарту талпыныстары нәтиже бермеді. Өтерінің алдында халін сұрап келген ағайындары мен көрші-қолаңдарына сұқтана қарап, олардың қуатын өзіне сіңіргісі келгендей ішін тарта жұтынғаны, төңірегіндегі боқ-дүниені қалай қиып тастап кетем дегендей жан арпалысы адам шошытарлық еді...

Есенбек мүлдем естен айырылды. Екі-күннің бірінде қарындасына келіп:

- Кілтімді жоғалтып алдым! – деп тұрғаны.

- Сол үйіңді жауып осында келсеңші, бір адамдық орын табылады!

- Ешкімге масыл болмаймын! Маған ақша бер, зәмөк алуға.

- Зейнетақың қайда? Мен де соған қарап отырмын. Ақша жоқ!

- Бәріңді асырап жеткізген мен едім! Жоқ-жоқ деп жерге қарап қал!

- Қырық зәмөк алдың, ел құмырадан үй сап жатса, сіз құлыптан үй салатын уақыт болды!

Анау жылдары аттан жығылып аяғын сындырған-ды. Сондағы қиыс біткен тобығы жасы ұлғайған шағында қайта асқынып, ақсақ адамша қиралаңдатып қойды. Соған қарамастан екі үй арасына күндігіне үш-төрт қатынайды. Әзірде тамақ ішіп кетсе, онысын ұмытып қалып «Ішім жалап барады! Жейтін бірдеңе бар ма?» деп жалаңдап, қайта келіп тұрғаны. Бәрінен қиыны елден арақ сұрап ішетіні. «Жүз, екі жүз теңге берші» деп таныс-таныс еместерді ығыр қылды.

Есенбек аяқ-асты жоқ боп кетті. Ішінде бағалы ештеңесі болмасада үйі, қора-қопсысы, қақпасына дейін құлыптаулы. Баяғыда бір үлкен адам осы сияқты үйінен шығып кетіп, содан үшті-күйлі қайта оралмаған-ды. Бұл да соның кері болды. Іздемеген жер қалмады. Ешкім көрмеген. Бұл жаз ортасында болған еді. Қара күз келіп, жасыл желек жамылған табиғат аршыла бастады.

- Адамның бас сүйегі мен қабырға, омыртқа жіліктері қалың шөп арасында шашылып жатыр! Ит-құс жеп кеткен малдың қаңқасы сияқты! – деп біреу ауыл әкімдігіне барып айтады. Содан заң орындарына хабар салып, арнайы адамдар келіп тексерді. «Таяу арада жоғалған кісі бар ма?» деген орынды сұрақ та туындады.

Есенбектің қарындасы барып сүйекті көру түгілі, бұл хабарды естігеннен жүрегі қысылып, жүре алмады. Оның орнына күйеуі кетті.

- Осы жерде әлдебір жағдайда өлген адамға ұқсайды. Сосын қаңғыған иттер жеп кеткен. Жейдесі мен трикосының жұрнақтары қалыпты. Зорлықпен өлмеген сияқты. Қалтасында бес жүз теңгесі сақталыпты. Танитын біреу бар ма?

- Мен танимын. Бұл менің Есенбек деген қайынағам. Үш ай болған із-түзсіз жоқ боп кеткеніне.

- Оны қалай таныдыңыз?

- Киімінен. Соңғы рет осы киімдерімен келген. Өлердегі сөзін айтқан соң, ұсақ табылмай амалсыз мына бес жүз теңгені өзім бергенмін.

Заң орындарымен екі арадағы біраз әуре-сарсаңнан соң, целофан түйіншекке салынған сүйекті - қазақ зираты маңынан шұқыр қазып, көмді. Қырқын өткізер алдында басына темірден шарбақ орнатты. Ежелден қалыптасқан салт-дәстүр бойынша жылдығын өткеріп және үш жыл бойы шек беріліп, құран оқылған сайын ата-анасымен қатар оның да аты аталды. Жиған-тергені қызыл итке жем болып, өзі көзі тірісінде қор тірлікке жолыққан бейбаққа өкпе сақтап, даттауға да дәт бармады...

Теги: Төлеуов, Заман, ұрпақ, өмір
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар