Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Ардақ Нұрғазы. Тарихы жоқ халықтар...

21.04.2017 5871

Ардақ Нұрғазы. Тарихы жоқ халықтар

Ардақ Нұрғазы. Тарихы жоқ халықтар - adebiportal.kz

(Америкалық үндістердің киелі кітабы «Жаралмыш» туралы сөз)

Америка құрлығын ашқан Х. Колумб қуанышпен еліне оралғанда, діннің қасаң қағидаларына тістей қатқан дінбасылар, төрткүл дүниені Құдай жаратқан тұрса, біз білмейтін қайдағы жаңа құрлық, сіздің көзіңізді көлегейлеп, Құдай алдында өтірік айтып тұр деп, Патшаға Колумбты жаниды. Үнемі төре–қожалар мен дінбасылардың илеуінен шықпайтын Патша Колумбты шақырып, əдейі масқараламақ болып, оның алдына бір жұмыртқа қойыпты да «Колумб, естуімше жаңа жер тауыпсың, осы рас па? Біз оған сенбейміз, мына жұмыртқа ешқашан да үстелге тік тұрмайды, сенің сөзің де соған ұқсайды, табанынан тік тұрмайды», – деп қарқылдап күліпті. Сонда Колумб: «Тақсыр, жаңа жердің бар екені шындық, оны мына жұмыртқа да дəлелдейді», - деп алдында тұрған жұмыртқаны үстелдің үстіне бір ұрып, түбін түсіріпті де, тігінен тұрғыза қойыпты. Сондағы Колумб ашқан жаңа жер бүгінде Америка құрлығы деп аталады. Дегенмен, XVI ғасырда Америка құрлығы Еуропалықтар үшін жаңа жер саналса да, сонда жасап жатқан ежелгі тұрғындар үшін ол ешқандай бір жаңа құрлық емес, қайта əрбір мысқал топырағына дейін өздерінің кіндік қаны тамған, замандар бойында жасап келе жатқан Атажұрты есептелетін. Бұл да əлгі үстелде тік тұрған жұмыртқаға ұқсас ақиқат еді.

Бірақ, ақиқаттың тік тұрмайтын кезі болады, айталық, əлсіздердің ақиқаты тік тұрмайды, мұны тарих дəлелдеген. Америка құрлығындағы сол үндістер Голливудтың Батыс өңірдің ашылуын суреттейтін кинофильмдерінде көп ұшырайды. Олар қашанда қауырсын тағып, ат құлағында ойнап, қорғасын оқтан баудай түседі, олардың ерлігі тек Диснейдің картонфильмдерінде ғана кездеседі. Олардың тарихы да өздерінің өлімге қарсы шапқан көзсіз ерліктерінің нəтижесіне ұқсас қанға боялған. Еуропалықтар ол топыраққа аяқ басудан ілгері, онда жасап жатқан үндістердің саны ондаған миллион болған екен. Ақ нəсілділердің қоныстануы мен ірге кеңейтуінде, үндістердің етек-жеңі жиыла бастайды, тек, 1800-1820 жылдарда Солтүстік Америкадағы 8 миллион үндістің саны шұғыл құлдырап, 200 мың адамға түсіп қалған. Мұны біз оқыған тарих «ақ нəсілділердің жергілікті халықтарды аяусыз қырғындауы» деп айтады. (XX ғасырдың 20-30 жылдарында қазақтар да осылай, əдейілеп қолдан ұйымдастырылған қырғынға ұшырағаны бүгін анықталып келеді, десе де, ол тарихты өз орнына қойып жатқан пенде жоқ) мұны сол дəуірдегі адамзатқа қарсы жүргізілген «нəсілдік тазалау» деуге болады.

Бүгінгі ғылым əлемдегі жеті жұмбақтың бірі деп отырған сол майялардың мəдениетін жоюда Испандық монах ерекше рөл ойнаған. Одан «Юкатандағы жағдайдан мəлімет” деген естелік қалыпты. Ол жаңа құрлықтың байырғы тұрғындарының тарихы мен тағдырына қатысты кітаптарды өртеп жоғалтқанда ғана, оларды мүлде ауыздықтауға болады деп қараған. Бүгінгі майя, сию тілдері сондағы өрттен аман қалған мұра, мұра болғанда да, ең соңғы мұра. Мұндай тарихы мен мəдениеті өшіп, өздері жоғалып кеткен халықтар аз емес. Кезінде Орталық Азияны жайлаған хазарлар солай күй кешкен. Олардан тіпті тілі де қалмаған (маған кейде бүгінгі біздің — қазақтардың халі хазарларға қатты ұқсайтын сияқтанады) себебі, хазарлар ең алдымен сенімі мен еркін өзгелерге беріп қойған, одан соң, тарихы мен мəдениеті өздеріне қажетсіз, басы артық дүниеге айналып қалған, əне содан тіпті ғылымда бүгін «Хазар тілі» деген тіл де жоқ. Мəдениет, тарих, тіл үшеуінің ортасында сиқырлы байланыс бар, ол халықтардың халық болып тұруының негізі, олар бір-біріне жақыннан əсер етеді, əр қандай халық тарихтағы көшін доғарарында өзінің төл тарихынан көз жазады, төл тарихы болмаған жерде мəдениетке орын болмайды, мəдениеттің қорғандық рөлі де, тілге болған сүйеуіштілігі де ілесе жоғалады. Мұны майялар мəдениеті растап отыр. Бұл күнде зəулім-зəулім мұнаралар, ою-өрнектер, иероглифтер басылған сарайлар қалса да, майялардың тарихы жұртқа белгісіз. Ғылым майялардың қалай жасап, қалай тіршілік еткенін, оларда қандай мəдениеттің болғанын анық айтып бере алмайды. Əлгі монахтың қолымен қойылған өрт майялар мен мəдениетін қосылмастай етіп айырып кеткен (бұған майялардың мемлекет жүйесіндегі кемшіліктің тіке қатысы бар). Бүгінгі майялардың ұрпағы өз тарихынан бейхабар, сондықтан да олар өздерінің жұмбақ мəдениетіне көз сүзіп, түс көргендей, таңырқап қарайды. Мəдениет жарата алған халықта өзіне тəн қайрат-жігер болады, ол халықтың тар жол, тайғақ кешуден өткен тарихында қалыптасады, онда өз мəдениетіне қорған болатын ерекше қасиеттер сақталған. Міне бұл ұлттық сана-сезім, ар-намыс. Еуропалықтар бұл жағын жақсы білген. Олар жаңа топыраққа қадам басқаннан бастап, жергілікті халықтың тарихын үзіп, мəдениетін ойрандап, олардың рухани тұтастығын бұзу үшін қолынан келгеннің бəрін істеген. Олар бұл мақсаттарына жеткен де. Тарихы белгісіз халықтан мəдениет жөнінде сөз ашуға болмайды, ал мəдениетсіз халық қашанда «жабайы» есептеледі. Сондықтан да, үндістер қашанда қауырсын таққан «ұлттық киімдерімен» жалаңаш-жалпы, улап-шулаған күйде көрінеді. Олар солай суреттелуге тиіс те, бұл барыс ұзаққа созылған əрі қасіретті барыс. Немесе əлділердің əлсіздер тарихын жазу барысы.

Жаңаша жыл санаудың 946 жылы орыс кінəзі Святослав 8 күнде хазарлардың Волга өзені бойындағы астанасын күл-талқан етіп, бірнеше ғасыр арабтармен, гректермен, орыстармен үзеңгі соғыстырған халықты тарих бетінен өшіре салды. Хазарлар туралы кейінгі жазбаларда бұл соғыстан бұрын-ақ, хазарлардың өз тарихының осылай аяқталатынына көз жеткізген деп жазады. Соғыс басталардан аз бұрын, Хазар қағаны түс көреді, онысын өзінің маңындағы төре-қожалары да, бақсы-балгерлері де шешіп бере алмайды. Содан Қаған «егер кімде-кім осы түсімді шешіп берсе, мен қуатты еліммен сол адамның дініне кіремін» деп жарлық шашады. Кейін айтылуынша, сол пəрменге сай, түс жоруға ислам дінінен, еврей дінінен, христан дінінен үш адам келіп таласқа түседі. Бұл тартыста олардың қайсысының жеңгені турасында дерек қалмаған, бірақ бір ғана нəрсе анық, осы таластан соң, көп ұзамай-ақ хазарлар тарих сахнасынан түсіп кеткен. Зерттеушілер ол жөнінде бұлай деп түсінік айтады: бірінші, хазарлар өздерінің замандар бойында ұстанып келген дінін ауыстырған. Екінші, дінін ауыстырған соң, мəдениеті дəрменсізденген, халық өздерін «Хазармыз» деп айтудан бас тартқан (осындайда «қазақпын» дегісі келмейтін, қазақша сөйлегісі жоқ қандастар есіңе келеді), соғыста да жеңілген. Мен сербиялық Пауич жазған «Хазар сөздігі» романын оқыған сайын, тарих қатпарынан қылаңдаған хазарлар мен майялардың арпалысқан жан айғайын естігендей боламын. Маған ол біреуі жат қолымен тұншықтырылған, енді біреуі өз қолымен өзін тұншықтырған жанның айғайы сияқтанады. Тарихты əділ дегеннен гөрі, қатыгез деген дұрысырақ. Мен оның қолындағы жұмырытқаны тік тұрған күйінде емес, быт-шыт болған күйінде елестетемін.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар