Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Гүлзат Шойбекова: Өмір сүру ережесі

04.05.2017 2073

Гүлзат Шойбекова: Өмір сүру ережесі

Бүгін қадір түні. Жер бетінің бүкіл иманды жандары жанына ризық, тәніне саулық және жеке басына ұзақ ғұмыр тілеп мінәжат етпекші. Ал мен Алладан өмір сүру азабынан құтқаруын сұрап құлшылық жасамақшымын. Бұрын-соңды жылылықтың не екенін сезбей келген мен бейбақ жаным тәнімнен бөлініп, көкке самғап бара жатқанда ғана ойлау құлдығынан азат етіліп мәңгілік тыныштық табармын. Сонда ғана мен бір секунд та болса шын бақыттың не екенін сезініп өтермін...

... Мен күні бойы «қадір түніне» дайындалдым. Көрші-қолаңдар кіріп қалса менің ойымнан сезіктенбей, дастарханымнан дәм татып кету үшін базарға барып анау-мынаулар әкеліп қойдым. Сонан соң ақ ниет, ізгі тілек күтетін адамдарша жуынып-шайынып, бөлмемді қасиетті шөптермен аластап, түннің ертерек келуін күттім. Ойша бүкіл туған-туыс, жора-жолдастарыммен, мынау жап-жарық әлеммен қоштастым. Маған ең ауыры адамдардан гөрі анау алаулап ұясына қонып бара жатқан күннің шапағатымен қоштасу сәті болды. Ертең мына жап-жарық әлемді, қыбырлаған тіршілікті көре алмаймын-ау деген ой келгенде қимастық пен сағыныш сезімі қоса қабаттасып, көріп қана емес, тұла бойыңмен, жан-тәніңмен барынша сезініп қалғың келеді екен. Көптен дайындалғандықтан ба, бұл сезімдер қас қарая сейіліп, мінәжатыма шындап кірісе бастадым. Адамдар мені жақсы түні өмірден өтіпті деп ойлауы үшін қадір түнін асыға күткен едім. Осы түні бар зейін, ынта-жігерімді сала періштелерден менің жанымды алып кетуін өтінем. Мінәжатым қабыл болмаған жағдайда өткір зат, орамды жіпсіз-ақ бүкіл анатомияны ақтарып жүріп тапқан айламды қолданам. Маған керегі өмір сүру азабынан құтылу және мені іздейтін адамдар арасында «өз ажалынан өліпті» деген ой қалдыру...

Қараңғылық қоюланып, түн жарымынан ауғанмен жүзімді терезе жақтауынан түскен көше жарығына қаратып, күбірлеп мінәжатымды оқып әлі отырмын. Ажал түгілі тірі тышқан да менің есігімді қақпады. Бірте-бірте көше шамдары да сөніп, көліктердің дыбыстары да сейілді. Бөлме ішінде меңіреу тыныштық пен көзге түртсе көргісіз қараңғылық. Көрде де осы қараңғылық шығар деп ойладым ішімнен. Мінәжатымды тағы бір қайталап өтейін, болмаса құпия айламды қолданам. Кенет мен ту сыртымнан соққан лепті байқадым. «Шынымен-ақ келгені ме» деп ойлап үлгергенімше әлгі жылы леп жақындай түсіп, менің тас төбемді әлдебір адамның оң қолының алақаны жауып тұрды. Қорқыныштан менің жүрегім аузыма тығылып, бір сәт демсіз қалдым.

– Сенің мінәжатың қабыл болмайды! – деді әлден соң жеті қат көктен, әлде жеті қат жер астынан шыққаны белгісіз күңіренген зор Дауыс.

Мен есімді жия алмай ұзақ отырдым. Тұла бойымды билеген үрейден бүкіл денем дірілдеп тұрды. Менің «неге» деп сұрауға да, тіпті қозғалуға да шамам келмеді. Төбемдегі алақаннан бірте-бірте бүкіл денеме жылу тарап, қорқынышым сейіле бастады.

– ...Сіз кімсіз, – дедім ұзақ үнсіздіктен соң тілге келіп. Дауыс иесі жауап орнына:

– Мен саған үш сұрақ қоямын, – деп төтесінен сөз бастады. – Егер арыңмен шын жауап берсең, қалағаныңды тіле, орындалады. Шындықпен жауап бере алмасаң өмір бойы осылай екі дүниенің ортасында өтесің. Сонымен бірінші сұрақ – «Өмірде кімге обал, кімге сауап жасадың?!».

Мен қапелімде не айтарымды білмей, мүдіріп қалдым. Артыма бұрылмақшы едім, зор алақан мойнымды бұрғызбай, отырған бетіме қайта түзеп қойды... Жүрек түбімде жататын бір адамға жасаған қиянатым әлі күнге есімнен кетпесе де, оны түзеуге талпынбаған едім. Талпынбақ түгілі есіме түсе қалса өзімнен өзім қашқалақтап, басқа нәрселерге көңілімді аударып, ойымнан шығаруға әрекеттенетінмін. Осыларды ойлап үлгерген мен өзім сияқты Дауыс иесін де алдауға тырысып:

– Ешкімге обал жасамадым, адамдардың бәріне сауап жасадым, – дедім шімірікпестен.

– Өтірік сөйлеме! – деген зор дауыспен бірге тура маңдайымнан әлдебір таяқтың ұшы сарт етті.

Соққының күштілігі сонша, алып қуатты ток ұрғандай жалп ете құладым да, артынша тағы да бір қаһарына ілігіп қалармын деген күдікпен бойымды билеген үрейді жеңіп, орныма қайта түзеліп отырдым. Осы сәт мен Дауыс иесінің қасында өзімнің мүлдем дәрменсіз екендігімді мойындап, бар шындығымды айтуға бекіндім:

– Ме-е-ен, мен... – деп ары қарай айта алмадым, - өзіңіз де біліп тұрсыз ғой!

– Иә, сен! Ойыңды ірікпе, сен маған шындығыңды, тек қана шындығыңды және де оны өз аузыңмен айтуға тиістісің!

– Мен бала күннен бірге өскен досымды жа-а-сы жи-ыр-маға келгенде жылатып кеттім. Оның менен басқа сенетін де, арқа сүйейтін де ешкімі жоқ болатын. Соны біле тұра екеуміз бірігіп жасаған қылмысты оның мойнына артып, әке-шешемнің арқасында аман қалдым...

Мен тірі пендеге ашпаған шындығымды суыртпақтай бастадым.

– Ол жетім өскен ұл еді, – деді Дауыс иесі сөзін нығыздап. – Оның көз жасы сенің мойныңда тұр. Екінші сұрақ: қалаға келгенде қасыңда бір қыз болатын, оны қайда жібердің?!

– Оның өзіме деген теріс пиғылдарын байқап қалдым, сондықтан менен бөлек тұрғанын қаладым.

– Дұрыс істегенсің, ол саған ешқашан адал дос болған емес.

– Үшінші сұрақ: Анаңмен неге тіл табыса алмайсың?!

Мен үшін сұрақтардың ең ауыры осы болды. Жұрт алдымен тауық пайда болды ма, жоқ әлде жұмыртқа пайда болды ма деп бас қатырып жүрсе, мен бейбақ анасы баласын артық жақсы көреді ме, жоқ әлде баласы анасын артық жақсы көреді ме деп бас қатырып келетінмін.

– Кешіріңіз, –дедім мен әлден соң, – әлі күнге сан қайтара ойлансам да осы жайлы мен бір тұжырымға келе алмадым. Қаншама рет бір-бірімізді түсінісуге тырысқанмен еш нәтиже шықпайды. Түсініспек түгілі бір-бірімізді ешқашан жақсы көре де алмадық.

– Жарайды, бұл жайында соңынан түсіндіріп беремін, ал, енді не тілейсің?

Мен мүдіріп қалдым. Өзің ажал алдында отырғанда ертеңгі күннен не үміт күтеріңді де білмейді екенсің. Ұзақ үнсіздіктен соң мен тілге келіп:

– Төбемдегі алақаныңызды алсаңыз болмас па, өте ауыр екен, – дедім.

– Жоқ, алақанымды алсам бойыңды қайта қорқыныш билеп, шын сөзіңді айта алмай қаласың, – деді ол саусақтарын төбеме одан бетер батыра түсіп. – Менің алақанымнан сенің денеңе жылу тарады. Сен оны сезіне алдың, ал басқа адамдар «жылылықтың да салмағы бар» екенін түсіне ме?! Ал, енді сауалдарыңды қоймаймысың.

– Мен теріс қарап отырып сізбен қалай сұхбаттасбақшымын. – Оның жүзін көргім келетіндігін көлденең тарттым.

– Қайда қарап отырсаң да менің жүзімді көре алмайсың, – деді ол сөзін нығыздап. – Одан да сұрақтарыңды қой, әйтпесе таң атып кетеді.

Мен қаншама жыл көкейіме кептелген сауал-ойларымды бүкпесіз ақтаруға тырыстым:

– Кейде маған математика, физика сияқты белгілі анықтамадан тұратын Өмірдің де өзіндік формуласы бар секілді. Сіз маған өмір сүру ережесін үйретпес пе екенсіз?

– Міне, сенің менімен тілдесердегі басты тілегің осы болатын. Өлім емес, Өмір туралы болатын.

Мен өз ойымды аяғына дейін жеткізуге асығып Дауыс иесінің сөзін бөліп жібердім:

– Мысалы, мен кіммен сөйлессем де өзімнің теңдігімді, тепе-теңдігімді таба алмаған едім – біреу жоғары, біреу төмен; біреу білімді, біреу надан; біреу өтірікші, біреу қатыгез; солай-солай кете береді. ... Таразыдағы затты өлшегенде бірде жетпей, бірде асып кетіп, ең соңында ғана теңеседі емес пе. Дәл осылай менің де өмірімнің соңына таман...

– Жоқ! – деді менің сөзімді кілт үзген Дауыс иесінің үні қатқылдау шығып. – Сен олай шатаспа. Өміріңнің соңына жетпек түгілі әлі жартысын да сүрген жоқсың.

– Менің айтайын дегенім... – оның сөзін қайта бөле бергенімде ол менен де жылдамдық танытып, сөзін жалғап кетті.

– Тепе-теңдігімді таптым демекшісің ғой. Есіңде болсын, адам адаммен дүниеге келген сәтте және дүниеден өткен сәтте, яғни Өмір мен Өлімнің өткелінде ғана теңеседі. Ал, осы екеуінің аралығы сендер үшін жарыс. Бір-біріңнен озуға тырысасыңдар. Сондығымен де сендерге өмір қызықты.

– Ал, маған өмір сүру неге соншалықты қызықсыз?

– Адам баласы өлім бар екенін жиірек сезінген сайын жақсы істер істеуге тырысады және басқа адамдардың жүрегінде де жақсы адам болып орын алып қалғысы келеді. Неліктен қылмыстың бәрін жастар жасайды?! Неліктен жасы елу-алпыстан асқан кісілердің қылмыс істеуі сирек?

– ...

Менің жауап қайтара алмасымды білген соң:

– Өйткені, – деп ол сөзін қайта жалғап кетті. Адам жасы жер ортадан асқасын өлім бар екенін көбірек сезінеді, жанымен Құдайға жақындай түседі. Сондықтан жақсы адам болып қалуға тырысады. Ал, жастар жастық жалын, қызбалықпен отқа да, суға да түсуге дайын. Жаны мәрт, қылмыс түгілі ажалдың өзін ақ жүректермен қарсы алады. Сенікі де сол мырзалығың.

– Жоқ, менікі мырзалық емес, басқаша. Мен бұл іске тура екі жылдай дайындалдым. Менің шынында да өлгім келеді. Күйбең-күйбең берекесіз тірліктен, қадымымды бастырмайтын сәтсіздіктерден, жан-дүниемді кеулеп бара жатқан шатасқан ойлардан ада, тып-тыныш әлемде қалғым келеді.

– Рас, сенің жаның тыныштықты қалайды. Ешкім мазамды алмаса екен дейсің, сондықтан да сен өз тыныштығыңды бұзбас үшін өзге адамдарға жақсы болса екен деп ойлайсың. Әрбір адам осылай ойлайды. Ал сенің өлгім келеді дегенің өтірік. Кез-келген адам өлсем екен деп отырған соңғы сәттерде де тағы да өмір сүре түссем екен деп ойлайды.

Мен олай ойламадым.

– Ендеше, неге өзіңе өлім тілеп отырып терезеден түскен жарықтан көз алмадың?

– ...

Мен жауап қатпақ түгілі қол-аяғым дірілдеп ойша дайындап отырған сауалдарымнан да шатасып қалдым. Егер Дауыс иесі сөзін қайта жалғап кетпегенде менің қанша отырарым да белгісіз еді.

– Неге сен өзге адамдарға «өз ажалынан өлген» деген ой қалдырып кеткің келді? – Дауыс иесі мені қайта сауалдың астына ала бастады.

– Шынында ешкім мені мазаламаса екен дейтінім секілді өзім де ешкімнің мазасын алмауға тырысамын. Сондықтан да өлгеннен кейін мені іздейтін адамдар бар болса «өзін-өзі не үшін өлтірді, оған не себеп болды екен» деп бастарын қатырмас үшін осылай істесем дедім.

– Жоқ, сенің түпкі ойың басқаларға мықты болып көрінгің келді. Түкке тұрғысыз сәтсіздіктерден үлкен қиыншылықтар шығарып алатын жаныңның боркемік, күйреуіктігін жасырып «өліп кетті, әйтпегенде біраз іс тындырар еді» деген ой тастап кеткің келді. Боркемік болмасаң айтшы, сен неге қолға алған істеріңді аяғына дейін апармайсың? Неге сен қағаз бетіне салған өрнектеріңді болмашы сындарға бола жыртып тастай бересің?

– Ешкімнің ойына келмеген суреттер салғым келеді.

– Ешкімнің ойына келмеген «Тіршілікке қарсы тіршілік» картинасын салдың ғой, оны неге жырттың?

– Оны да сіздің түсімдегі дауысыңыз арқылы салғанмын. Мен ешкімнің айтуынсыз өздігімнен еңбек етіп, оны көпшілікке мойындатқым келеді.

– Сен не, жер бетіндегі бүкіл тіршілік иелерінің өмірі көк әлемімен байланысты екенін білмеуші ме едің? Адамдардың білімі жетпеген ойларына мен түс арқылы бағыт-бағдар беремін, оны шын ақылды адамдар өмірінде дамытып, жетістікке жетіп жатады, ал сен сияқты ақымақтар өздігімнен еңбек еткім келеді дейді. Түсің де сенің өміріңнің бір бөлшегі. Көктен қол үзген сайын сендердің өмірлерің күрделене түседі. Сендердің тірі кездеріңде де, өлген соң да жер беті мен көктен байланыстарың үзіліп қалмайды. Көк жерге, жер көкке тәуелді. Сен қанша қасарыссаң да үйлесімді жарытылыстан қашып кете алмайсың.

– Расында мен өз мүмкіндігімді пайдалана білмейтін адаммын. Оны айтасыз менің картиналарымды ұрлап, өз атынан сатып, күнін көріп жүрген адаммен де кім екенін біле тұра күресе алмадым. Күреспек түгілі менің туындыларымды көрмесіне іліп, шімірікпестен сол шығарма жайында әңгімелеп тұрған суретшіні көргенде мен өз-өзімнен ұялып, көрме залынан атып шықтым. Ал сол адам бірнеше күннен кейін әлдебір шаруаларына көмек сұрап келгенде жас балаша алдына түсіп ала жүгірдім. Осы қасиеттерімді жек көре тұра мен осылай істеймін. Неге?

– Адам баласын жаратқанда Алла-тағала оны дене мүшесінің артық-кемсіз өлшеулі жаратқанындай адамға тән қасиеттердің бәрін әрбір жанға теңдей бөліп береді. Оны әркім қажетінше пайдаланады. Демек, саған адамдарға қайырымдылық жасау көбірек ұнайды, соны сен керегіңше молынан пайдаланасың, ал жек көрем дегенің өзіңнің «мендік» көңіліңді алдарқату. Адам негізі бірін-бірі және өзін-өзі алдаумен өмір сүреді. Жақсы көруді – Махаббат деп ат қойғандарың сияқты, алдаудың әдемі аты сендерше – Үміт.

– Осы сезімдерді мен жоғалтып алған сияқтымын. Жан дүнием жер бетінде жалғыз өмір сүріп жатқандай құлазиды да жүреді.

– Адам баласы негізі мыңмен бірге жүрсе де жалғызсырайды. Ол жаратылысының жалғыздығы. Сонымен бірге жеке басы үшін өмір сүреді. Шындап келгенде жеке басының мұқтаждығын қанағаттандыру үшін. Мысалы, адам ғибадатының ең абзалы – адамның көңілін көтеру, яғни басқаға қуаныш сыйлау арқылы өзін қуанту. Дәлірек айтсақ, өзін қуанту үшін өзгені қуантады.

– Ал, адамдар өз жаратылыс қалпын қалап тұрса да көпшілік арасында сүйкімді, мәдениетті болып көрінгісі келеді. Неге?

– Оның сырын білгің келсе мен саған бір-ақ мысал келтірейін. Көп адамдар доңызды жек көреді. Себебі – лас, көзіне көрінгеннің бәрін жейді, тіпті өз торайын да жеп қояды, өз тезегіне аунайды дейді. Ал, тауықты жақсы көреді. Неге? Шындап келгенде тауық доңыздан да лас. Ол да өз балапанын жеп қояды. Ол тіпті адамның тезегін де жейді, ал тауықтың тезегін жеген мал сол заматында өледі. Доңыздың сүйкімдіздігі – қолапайсыз жаратылысымен қоса ебедейсіз жүріс-тұрысы, қомағайлығымен қоса қорылдап ұйықтайтындығы. Ал тауықтың сүйкімділігі – әдемі жүріс-тұрысы, қалғып қана ұйықтап, шұқып қана жейтіндігінде. Тауықтың сол мәдениеттілігі адам тезегін жейтін әдепсіздігін де жуып жібереді. Қоғамдағы адамдарды да дәл осы доңыз бен тауық сияқты елестете беріңдер.

Дауыс иесінің әрбір сөзі менің санамда шатасқан ойлардың түйінін бір-бірлеп шешіп келе жатқандықтан тілдесуіміздің басындағы басқа арнаға бұрылып кеткен ойларымның да жауабын білгім келіп, жарты жолдан қайта сұрақ қойдым.

– Сөзіміздің басындағы менің ойларым аяқсыз қалып еді, тепе-теңдік жайындағы, соны айтып өтейікші. Меніңше, таразының екі басы теңескенде, тауар алынады да, салмақ өлшейтін тас орнында қалады. Тіршілік үшін адамды тауар деп алсақ, сол тауар таразыдан түседі, яғни адам өледі, сонда «салмақ өлшейтін тас» орнында не қалады? Адамның жалпы сүріп өткен өмірі ме? Бітірген ісі ме? Адамдарға жасаған жақсылығы ма?

– Төртіншісін ұмытып кеттің – өсірген ұрпағы. Осы төрт бірліктің қосындысы қалады және о дүниелік өмірдегі жарқын жолың да төрт бірлікке байланысты. Ал, Адам өмірінің тарызысы оның – Ары. Ар-ұяты жоғары адам жақсылық пен игілікті істі көп жасайды. Сендердің жер бетінде жасаған жақсы да, жаман істеріңнің алғашқы соты - өз Арың. Сонан соң Алланың сотында қаралады. Сендер осы ар, ұят, намыстың атасы Адамгершілік екенін түсіне тұрып, неге түсінбегенсисіңдер? Адамгершілік ұғымы адам баласына ғана берілген ұлы теңеу ғой. Мысалы, иткершілік, мысықкершілік деген ұғымдар жоқ. Сендер хайуанмен ұқсастықтарың мен айырмашылықтарыңның не екенін ұмытып кете бересіңдер. Адамдар арасында Адамгершілік сезімі асқақ айтылады. Ендеше, әрбір адам оны табандарыңда таптамай, жүректеріңнің түбінде бетін жауып сақтап қоймай, бет-пердесінің орнына ұстау керек.

– Адамдар арасында неге жақсы қасиеттерге қарағанда жаман қасиеттер көп.

– Екеуі теңдей. Сенің тепе-теңдік жайында шатасатының да осы жер. Адамдар тек өздері жақсы мен жаманды айыра алмай шаршайды. Мысалы, олардың қатарында Өлім де бар?

– Сіздерше Өлім де жақсы қасиет пе?

– Өлім жаман болса айтшы, осыдан жеті жыл бұрын операция үстелінде уақытша өлу кезінде не сезіндің?

– Аппақ шардың ішінде ауасыз кеңістіктегі ғарышкерлердей аударылып-төңкеріліп жеп-жеңіл өзімнің ұшып жүргенімді көрдім.

– Әлденәрселерді ойлай алдың ба?

– Жоқ, ешнәрсе есімде болмады, тек шардың ішінен шығып, сол рахат сезіммен шексіз кеңістікте ұшқым келді.

– Міне, нағыз өлім кезінде адам жаны сол шексіз де, шетсіз кеңістікке көтеріледі. Өлуге асықпау керек. Онсыз да адам баласына берілген өмір өлшеулі. Онсыз да адам өлу үшін өмірге келеді. Өмір бар жерде өлім де бар. Ал өз-өзіне қол салған адамның жаны жер бетінен биікке көтеріле алмайды. Ол өз қиналысымен бірге жер бетіндегі бейкүнә жандардың да аяғына оралып, қырсығын тигізеді. Өліммен ойнауға болмайды. Сендердің түсініктеріңше өлім жаманшылық, ал жаманшылық жақсылыққа қарағанда адам бойын тез жаулайды. Адамның өмірге келуі қаншалықты қиын болса, өмірден өтуі соншалықты оңай. Мысалы, ана құрсағындағы өлі денеге Алла-тағала төрт ай дегенде жан бітірсе, денеден жанды ажыратуға сендердің уақыт өлшемдерің бойынша бар болғаны бірнеше секунд қана кетеді. Алла-тағаланың ғаламды жаратудағы ең үлкен қиналысы адамға жан бітіру еді. Адам-Атаның денесіне ұлы музыканың құдіретімен ғана жанды елітіп енгізді. Сендердің жандарыңның қиялға жақындығы да сондықтан. Музыканы жек көретін адамның болмайтындығына да осы қал себеп.

Адам баласы негізі періштелердің ықпалымен дүниеге келеді. Періштелер тілінде олар түсінеді. Періштелерден алыстаған сайын періште-сезімнен де алыстайды. Ақыл кіре олар адами болмысқа, яғни пенделік, күнәһарлық болмысқа енеді. Адам ақылды болған сайын ақымақ істерді көп істейді...

Осы сөздерден соң Дауыс иесі үнсіз қалды. Қарсы сұрақ қойғым келіп оқталдым да, ойын бөліп жіберермін деген күдікпен тіл қатпадым. Оның үстіне Дауыс иесінің Адам баласы деп басталған әрбір сөзі қараңғы түнде көрінген жарық сәулесіндей мені ынтықтыра түсті. Ол байсалды қоңыр дауысымен сөзін қайта жалғап кетті.

– Адам баласына үш өмір беріледі. Ананың құрсағы, бұ дүние және о дүние. Осы үш өмірдің бір-біріне ауысу сатысы адам санасынан тыс Алланың әмірімен жүзеге асырылады. Ал, әрбір өмір сүрген кезеңдер ниет-пиғылына, жақсылық-жамандығына байланысты жылжып отырады. Адамның ана құрсағындағы және о дүниедегі өмірі – періште өмірлер, ал жер бетіндегі ғұмыры – пенделік өмір. Адам Алла-тағаланың ұлы шығармасы. Адам егін еккенде белгілі бір уақыттан соң оның жемісін күтеді емес пе. Сол сияқты Алла-тағала да Адамды топырақтан жаратып, оны сол топырақтан ғана нәр алатын етіп жер бетіне жіберді. Ал Алла-тағаланың Адамдардан күтетін жемісі – оның жаны. Жанның құны көкке қайтып оралғанда оның тазалығымен өлшенеді. Жан қаншалықты таза болса, соншалықты биіктікке көтеріледі. Ал жанның тазалығы жер бетінде істеген жақсылығынан нәр алады.

– Мен кейде осы өмірімде өзімнің емес, өзге біреудің азабын арқалап жүргендей болам. Рас, бір адамға жасаған қиянатыммен бірге осыдан он жеті жыл бұрын аса мұқтаждықпен бір көршімнің бес теңгесін ұрлаған едім. Егер мен осы екі қылмысым үшін ғана жазамды тартып келе жатсам, онда халықтың ақысын жеп байығандардың, бейбіт елге соғыс ашып, бейкүнә жандардың қанын төккендердің жеке басы түгілі оның отанының да жер бетінде күлі қалмас еді ғой.

– Адам жер бетінде жасаған күнәсі, өзгеге жасаған қиянаты мен обалының азабын өзі тартады. Ал егер алдындағы ата-бабасы ауыр күнәға батып, оны көзінің тірісінде өтей алмай кетсе, онда олардың тауқыметі кейінгі ұрпағына қосылады және ол азапты да көтере алатын адамына береді. Ал, сенің азапты өмірің анаңның құрсағында-ақ басталды. Сен анаңның құрсағында пайда болысымен іле-шала анаңның әкесі мен екі бірдей бауыры бірінен соң бірі қайтыс болды. Олардың қазасына қатты қайғырған анаң сенің дүниеге келуіңді жаманшылыққа жорыды. Үш бірдей жақынымнан айырған бала жалмауыз, қатыгез, әйтеуір бір жамандығы көп адам болады деп ойлап, сені өмірге әкелуден бас тартты. Сені түсіру үшін небір айла-тәсілдердің бәрін қолданды. Сен анаңның құрсағында жатып анаңмен қарсыластың. Екеуің екі өмірде жүріп бір-біріңді жек көрдіңдер. Сен жарық дүниені көруге ынтызар болдың, ал анаң сені жарық дүниеге әкелмеуге тырысып бақты. Анаңның қарсылығын жеңіп, сенің өмірге келуің әкеңнің ақ ниетінің жемісі еді. Әкең сенің өмірге келуіңді жан-жүрегімен құдайдан тілеп жүріп күтті. Адамның тіршілігі анасының құрсағынан бастау алады. Ата-анасының қалауынсыз, ата-анасының қарсылығымен дүниеге келген бала ертеңгі күні ата-анасына да, қоғамына да жақсылық әкелуі қиын. Бұл дүниеге келгеннен кейін жасайтын қарсылығын бала ана құрсағында-ақ сезініп туады. Балам жақсы болып өссе екен, кейінгі ұрпағым ел азаматы болса екен деп ойлайтын әрбір ата-ана ана құрсағында жатқан баласын аялап дүниеге әкелгені дұрыс.

– Қазірде мені бұрынғыдай таңның атысы да қуантпайды. Мен үшін күн мен түннің айырмасы да қалмай барады. Шеберханама кіріп шаң басқан картиналарыммен ғана сырласам, адам баласының бәрі менің қас жауларым сияқты.

– Сенің қазіргі жалғыз серігің шатасқан ойларың. Сен өмірден адасқалы қаш-шан... Оны сезініп өзіңді-өзің іздегелі де көп жылдың жүзі болды. Сен өзіңді-өзің іздеймін деп жүріп онан бетер шатастың. Кезінде адамдардан оқшауланып өзіңе-өзің құрған шекараның күндердің күнінде алынбас тас қамалға айналып кетерін сезбедің.

– Мен расында қажыдым, мүлдем қажыдым. Жан-жағымдағы адам-аңдардан, жалғандықтан, денесіндегі тыртығын жасырып әдемі көйлек киген қоғамнан, бәрінен-бәрінен жерідім. Айтыңызшы, сонда маған қайда барып өмір сүру керек?

– Дүниеге келдің екен кіндігіңді кесіп, анаңның ақ төсіне ауыздандыратын да бөлек адам. Дүниеден өттің екен ақ кебінге орап, топыраққа табыстайтын да бөлек адам – өзің емессің. Адам адамға өмірдің кез-келген сәтінде кіріптар. Адамдардың арасына орал. Қастықты адамдардан тапсаң, достықты да адамдардан ізде!

– Бұған дейін айналамнан адал адам таппағам, бұдан кейін де табарыма күмәндімін.

– Адал адам?! Адал адам іздесең оның арамдық жақтарын да қоса табасың. Бала анасының арам қанынан пайда болады, ол өмірге келген соң қалай адал болмақшы?! Алла-тағала о баста тазалықпен жаратқанмен осы арам жолды адамдар өз жазасына қарай қалап алды. Сондықтан олар ақырзаман болғанша тазара алмайды. Егер адамды таза қаннан жаратса, онда олар Адам емес, періште болар еді. Адамды періште емес пенде етіп әдейі жаратты. Адам пенделігімен бақытты!

– Сонда Адам қашан тазармақшы, яғни ақырзаман қашан болады?

– Адам баласы жерге түскелі өзіне жүктелген сынақтың үштен бірінен де өткен жоқ. Олар Алла-тағаланың Адам мен ғаламды жаратудағы бүкіл құпиясын меңгеріп, оны өз араларында ғылыми дәлелдеп, өз қолдарымен жасай алғанда ғана түгел көк әлеміне қайтады. ... Адамдар өмір сүрген сайын ғұмырын жеп тауысқаны сияқты ғылымды меңгерген сайын ақырзаманға да асығады.

– Сонда біздер ғылым мен техникадан, білімділік пен өркениеттен бас тартуымыз керек пе?

– Жоқ, бас тарта алмайсыңдар. Өйткені Алла-тағала о баста сендердің саналарыңа нұр құйғанда ақырзаманға асығуды, яғни тазару уақытысына ұмтылу сәулесін де жасырын саналарына сіңірген.

– Жарайды, ұмтылыс сәулесі жасырын дейік, ал жасырын емес, адам үшін ұлы сезімдер саналатын қуаныш, сағыныш, жақсы көру, ар-намыс, адамгершілік сезімдерін неге көзге көрінбейтін етіп жаратты?

– Көзге көрінбегенмен адамдарға оны сезіне алу қабілетін берді. Айналып келгенде бұлардың барлығының бір-ақ атауы бар. Ол – жылылық. Жақсы көрмесең ол адамды қуанта да, сағына да алмайсың. Адамгершілігі болмаса, ол адамда ар да, ұят та жоқ.

Адамға бүкіл ғалам мен табиғатты пайдаланудың еркіндігімен бірге көзге көрінетін, көрінбейтін болмыс еркіндігін де берді. Сендер тек көзбен көріп, қолмен ұстай алатын нәрселерді ғана игіліктеріңе жаратудасыңдар. Көзге көрінетін болмыс пен көзге көрінбейтін болмысты қатар алып жүргенде ғана сендердің өмірлерің жеңілдейді.

– Бүкіл ғалам түгілі біздер адам жаны мен жарытылысының құпиясын да меңгеріп біткен жоқпыз ғой. Сонда ғаламды қашан игермекпіз?

– Сендер адам мүмкіндігінің шексіздігін біле тұрып, оның алғашқы сатысында ғана жүрсіңдер. Алла-тағала сендерді жаратып, он сегіз мың ғаламмен бірге жер бетіндегі барша тіршілікті сендердің игіліктеріңе берді. Сендердің саналарыңды дамыту үшін барша жаратылыс жайында жұмбақ жасырды. Сендердің еңбектеріңді жеңілдету үшін ғалам мен табиғатты қалай пайдалану керектігін де, адамға өмір сүрудің ережесін де бұдан қаншама мың жылдай бұрын алдарыңа жайып салған. Адам баласына мұнан артық еркіншілік болмақ емес. Адамға ең бірінші адам болып дүниеге келе алғандығының қадірін білу керек. Сонан соң бір-біріңнің қадіріңді білулерің керек.

Осы сөздерді айтқаннан соң Дауыс иесі үнсіз қалды. Мен оның сөздерінің қайта жалғасуын қалап ынтыға түстім. Кенет ол:

– Таң қылауланып келеді. Мен кетуім керек, – деді беймаза.

– Тұра тұрыңызшы, – дедім мен қимастықпен, – менің санамды қайта ашып, жаныма нұр құйған Сіз кімсіз?

– ...

– Мен сіздің жүзіңізді ең болмаса бір рет те көре алмағаным ба?

– Сен менің дауысымды естігенмен түсіңде де көре алмайтынсың, демек өңіңде де көрмейсің! – Бұл жолғы дауыс әлгіндегіден қатқылдау шықты. Мен тіксініп қалдым. Әлден соң:

– Дауысыңызды естігеніме ғана қанағат тұтайын, – дедім амалсыз, –түсіме жиірек енсеңіз екен...

– Мен саған енді ешқашан келмеймін. Керісінше, сен маған келетін боласың! – деді зор Дауыс нық сеніммен.

Осыдан соң Дауыс иесі тас төбеме қойған алақанын алып, жылы лебімен бірге менен алыстай берді. Мен терезе жақтауынан қылауытқан бозала таңнан көз алмаған күйі оның есікке жақындағанын сезініп отырмын. Кенет есік тұтқасы сырт еткендей болды да бір сәт те болса оның бейнесін көріп қалармын деген ниетпен жалма-жан артыма бұрылдым. Мен есік орнында адам бойынан да биік боз тұманнан басқа ештеңе көрмедім. Тұман сейіліп, есіктің сұлбасы әбден айқындалғанша көз алмадым. Әлден уақыттан соң барып терезеге қарағам. Бозамық таң сейіліп, айнала айқындалып келеді екен.

Ассалаумағалейкум, Жарық Күн!

Ассалаумағалейкум, Адамдар!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Шойбекова, прозасы, Қазақ, Әдебиет
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар