Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Ардақ Нұрғазыұлы: Орыс поэзиясының Паганиниі (К.Б...

15.05.2017 4313

Ардақ Нұрғазыұлы: Орыс поэзиясының Паганиниі (К.Бальмонт поэзиясы туралы)

Ардақ Нұрғазыұлы:  Орыс поэзиясының Паганиниі (К.Бальмонт поэзиясы туралы) - adebiportal.kz

Орыс поэзиясында «күміс дәуір әдебиетін» қалыптастырған ақындарға соқпастан бұрын, ең әуелі бір есімді ескеру керек. Ол – ақындығын М.Цветаева жоғары бағалаған; О.Мандельштам жақтырмай жел жағына шыққан, З.Н.Гиппиустың қызғанышын тудырып, «жек көремін!» дегізген; «біреудің аспандағы асылы, біреудің жұртта қалған жасығы» болған, орыс ақыны Константин Бальмонт (1867–1942).

«Мен бес жасымда әйелге ғашық болдым; тоғыз жасымда шын махабаттың не екенін сездім; он төрт жасымда жастықтың балын таттым; он жеті жасымда жұрттың бәрі бақыт құшағында деп білдім әрі оған имандай сендім де; жиырма бір жасымда өзімді өлтірмекке қол салдым», - деп жазады К.Бальмонт өзі жайлы өмірбаянында («Жаңа орақтың астында» 1923, Берлин). Оның өзіне қол салғаны шындық еді. 1889 жылы әйелімен арада ұзаққа созылған мазасыз керістен кейін, ол ашық тұрған терезеден өзін сыртқа бір-ақ лақтырған. Бес қабат биіктен төмен құлап келе жатқан осы бір қас қағым сәт оның өмірін өзгеше тұрғыдан белгілеп кеткендей.

Осы сәтте орыс поэзиясындағы символизмнің туын ұстаған ақын өзі ұзақ іздегенін ақыры тапқан сыңайлы. Мұндай тосын қадам К.Бальмонттың өмірінде бір бұл емес, сан мәрте қайталанады. Бойында ағылшын қаны бар ақсүйек отбасында дүниеге келген ақын балалық шағынан бастап-ақ қызу қанды, өркөкірек, еркіндік сүйгіш мінезімен өз ортасын талай шулатқан. Әлденеше рет мектептен қуылып, «жөні түзу тәрбие» де көрмеген. 1887 жылы студенттерді төңкеріске үгіттегені үшін Мәскеу университетінен шығып қалған.

Дегенмен он алты тілді еркін меңгерген К.Бальмонттың жолы мұнымен кесілмепті. Қайта 1894 жылы жарық көрген «Солтүстіктің аспаны» жыр жинағынан бастап ол өз дәуіріндегі орыс поэзиясының тізгін-шылбырын қолына алған. Түр-түсінен «ақындық иіс» аңқып тұратын К.Бальмонт мінбеге көтеріліп, кербез, асқақ үнмен тебірене өлең оқығанда былайғы жұрт ду қол шапалақтап, тәнті болып, есі кете ширығады екен. К.Бальмонттың бойындағы ерекше бір қасиет – оның әйел затын өзіне бірден баурап алатыны деп жазады замандастары (биіктен құлап, бір аяғын сүйрете басқанына қарамастан) оған кез келген әйел заты ғашық болып қалады екен. Бұл туралы жұрт арасында көптеген аңызға тұрарлық қаңқулар да тараған.

Еуропаны, Азияны, Африканы, Амриканы, қала берді Австралияны түгел аралаған ақын 30-ға тарта жыр жинақ пен эссенің, орыс поэзиясында орны төмендемейтін ондаған аударма еңбектердің авторы (К.Бальмонт Еуропаның сол тұстағы белді ақындарының шығармаларын түгелге жуық аударыпты). 1900-1905 жылдар К.Бальмонттың өнердегі толысқан шағына тура келеді. Осы жылдарда ақын «Өртке оранған сарай» (1900), «Біз күнге ұқсаймыз» (1903), «Тек қана махаббат» (1905) сияқты жыр кітаптарын берген. К.Бальмонттың жасампаздығында «Күн» деген сөз ерекше мағына ұстайды (ақынның «Біз күнге ұқсаймыз» жинағының алғашқы бетінде біздің Бабамыз Анағарыстың «Мен дүниеге күнді көру үшін келгенмін» деген сөзі жазылыпты). Одан қалса ақын «бір сәт...» деген сөзді көп қолданады екен. «Шуақ пен жылу керек пе?... кет ары! Мен тек өрт болып қана жанамын», -деп жазады ақын бір өлеңінде. Мұндағы ойды символистер былай деп қорытады: «ақын бір күннің 24 сағатында да шабытпен өмір сүруі, жұрт алдында өрттей лаулауы тиіс... мәңгілік жану жұртты елең еткізу үшін емес, қайта сондай құдіреттің өзінде бар екенін көрсету үшін. Ақын жігері мен рухын жырға құрбандықтай арнауы тиіс».

Өлеңнен музыка іздеуді символистердің кәнігі дәстүрі деуге болады. Франция символистерінің өкілі Поль Верлен:

- Мәңгіліктің тетігі әуенде, сондықтан жолды қарыстап өлшеудің қажеті жоқ. Ет пен сүйектен жаралған денеден гөрі, мен көзге көрінбейтін тұлғаға тәнтімін. Тілдің тізгінін тарта берме, дегенмен сөзің де дәмсіз болып кетпесін... осы әуен жалғаса берсін, бойыңнан жыр тасқыны төгілсін. Сонда, махаббат пен жаңа бір кеңістік алдыңнан жарқ етіп ашылады» дейді («Поэзия туралы»). К.Бальмонт осы дәстүрді орыс әдебиетінде жалғастырушы. Ол кезінде: «мені қатып семген тілдік ортадан бұрын құйқылжыған музыка әлдеқайда өзіне тартады. Мен барынша соның кеңістігіне кіруге ұмтыламын», - деген. Поэзиядағы музыкалық француз ерекшелігінде өмірге келгенімен К.Бальмонт оны орыс үлгісіне тамаша айналдырған. Жұрт оны содан да «орыс поэзиясының Паганиниі» деп атаған. «Күміс дәуір әдебиетін» қалыптастырған ақындардың ішінде К.Бальмонтты өнеге тұтып, одан аларын алмаған ақын кемде кем. К.Бальмонттың мен ұнататын бір өлеңі былай басталады:

Өткен мен болашақты жалғаған жіп,

Мен оны епті сауақтарымен тынымсыз есемін.

Келер шаққа осылай

Күреспен, еңбекпен,

мұңайып мүлгумен қызмет етемін...

Ақын Ақ патша кезінде билікке жақпай, жиі-жиі саяси қудалау көрсе, Қазан төңкерісінен кейін Ресейден мүлде кеткен. Өмірінің соңын Францияда өткізіп, сонда қайтыс болған.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар