Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Сандуғаш Серікқызы: Білдіртпеген боп өзімді алдайын...

23.05.2017 2484

Сандуғаш Серікқызы: Білдіртпеген боп өзімді алдайын...

«Адам сезімін жан-жақты зерттейтін құдірет болса, ол тек – поэзия» деген екен Мұқағали. Шындығында, өлең жазылмаса, жазылған өлең оқылмаса, іштегі сезімді басқаша қалай бейнелей алар едік?..

"Әдебиет порталы" поэзия әлеміне қанат қағып жатқан жастардың не жазып жүргенін әрдайым назарда ұстайды. Сол үрдісіміз бойынша сіздерді тағы бір жас өркенмен таныстыруды жөн көрдік.

Бүгін біз өзінің жүрегіне тығылып жазған өлеңі өзгелердің де көңіл пернесін дөп басып жүрген жас ақын Сандуғаш Серікқызының өлеңдеріне әдеби шолу жасамақпыз.

Жалпы, тілдегі дәстүрлі бейнелеуіш құралдардың қатарында автордың шығармашылық стиль табиғатын тануда негіз болатын ерекше мәнді бір заңдылық бар. Ол – окказионал сөз қолданысы. Г.Мұратова окказионал сөздердің ерекшеліктері туралы: «Окказионализмдердің мағынасы контекспен тығыз бірлікте, әрі үнемі экспрессивті бояу-реңкте болады. Сыртқы формасына, жасалу тәсіліне қарай тіл нормасына жанаспай жасалады» деп түсіндіреді. Талдауымыздың басын бұл әдеби терминмен бастауымыздың да өзіндік себебі бар. Өйткені, біз сөз еткелі отырған жас ақын да бізге таныс, халықтың жадына сіңген сөздер мен сөз тіркестерден гөрі, өзінің жеке қолданысындағы сөздерді, яғни окказионал сөз қолданыстарын жиі пайдаланған. Бұл – оның басты ерекшелігінің бірі деуге болады.

Мысалы:

Қайғымның умаждап әр талын,

Қойнына жатса да түнетіп Аспан

Мың кінә артамын?!

Өткеннің...

бүтіндей күн жұтқан Мұңын

Қақалып, тастайды түн құсып.

"Көктемнің тамбаса Ой тамшылары
шылқытып, есіме менің.
Реніштің тұтанбай Сайтан шырағы,
... ех, кешірер едім!"

Қала ояу,
Мен – әлсіз, бұлақ қайғының
Таң атып, үні қарлыққан...

Көз тұмарымдай өмір сүр, Жаным!
Моншақ боп Көзден үзілмей...

Есті, Жарқыным!

Жапырақ мұңның дыбысын.

Бұл шумақтардағы қайғының әр талын умаждау, өткеннің мұңын бүтіндей жұту, түннің қақалуы, ой тамшылары, реніштің Сайтандай шырағы, көз тұмарымдай тіркестері ақынның өз қолтаңбасын байқатады.

Жалпы, жеке авторлық сөз қолданыстары шығармашылықпен дүниеге келеді, сондықтан да оны алдын ала білу мүмкін емес және көркем шығарманың құпиялығының бір себебі осы. Оқырманның бұл құпияны түсінуі де шығармашылық процесс. Шығармада кездескен окказионализмдердің бірінің мазмұны түсінікті болса, бірінің мағынасы терең болуы мүмкін. Кейде оқырман автордың ойын түсініп, кейде тіпті автордан да терең ойға қалуы мүмкін. Бұл – әр адамның кез келген нәрсені әрқалай қабылдайтындығының, түсінетіндігінің дәлелі.

Сандуғаштың өлеңдеріндегі тағы бір ерекшелік эпитеттерді орынды қолана білгендігі. Жалпы эпитеттер көркем әдебиетте ерекше рөл атқарады. Бұл туралы А.Байтұрсынұлының келесі сөзін келтіруімізге болады: «Бір нәрсені көптен айырып, көзге көбірек түсерлік етіп айтуынсыз келгенде, ол нәрсенің атына айқын көрсеткендей сөзді қосып айтамыз».

Мысалы:

кінәлі – бейкүнә Көктем

Мейлі, жайсын аңқау құлашын...

Қадірсіз...

Қисынсыз...

Күн өтіп бастан.

Бәрінде әлемнің – жасанды Қайғы.

Түндегі...

Қалыпты тыныштықтардан

Тіл қатарҮнсіздік жар салып.

Лирикалық шығармаларда, әсіресе табиғат көрінісін беруде көп қолданылатын тағы бір көркемдеуіш құрал – кейіптеу. Кейіптеу – жаратылыстың жансыз нәрселерін жанды нәрседей етіп, жандылардың істейтін амалдарын істеткізіп суреттеу» екендігін еске алсақ, ақынның бір өлеңінде табиғат құбылыстары жанданып, адамға тән қозғалыстарды жасап, бейнелі күйге енеді:

...Күз үрлеп,

ағаштар таранды бұрым,

Саудырай түсіп Шаштары...

Сіміріп түннің қараңғылығын,

Тілініп жатыр Аспаны!

Жас ақынның шығармашылығын ерекшелеп, даралап тұратын, өзіндік нақышынің бірі – оксюморондар мен антонимдер. Ақынның олардың шебер пайдаланатыны соншалық, өлең өзіңе беймаза күй кештіреді.

«Періште болып жыладым бүгін,

Пенделік еткен Кінəммен»,

«Тәубесі аздау, құлшылығы көп»,

«Тозағым болған жұмақ түндерді»,

«Әр Қайғы соңы – қуаныш...» деген тармақтарды оқығанда, жақсылық пен жамандық, ізгілік пен зұлымдықсыз тоқтап қалатын тіршіліктің бұрын соңды көрмеген кескіні келеді көз алдыңызға. «Ең шулы кеуденің тыныштығында», " Мен сенің қардай мұз жүрегіңе, Қар гүлі болып өсемін" деп жүрегімен сөйлейтін Сандуғаштың Мұз жүрекке Қар гүлі болғысы келетіні – жылынып бара жатқан ғаламда жүректері суып кеткен барша адамды құшақтап тұрғандай.

Тағы бір байқағанымыз, ақынның түсінігінше, ақындардың өз әлемі бар. Бұл туралы ойы бірнеше өлеңде көрініс табады:

Бәрінде әлемнің – жасанды Қайғы,

Қайтейін...

нағызы – Ақында!

Көктің де, Көптің де басы ауырмайды

Әлі ұйықтап жатыр ма?!

Ерте бойжетіп ап, кеш білді өлі ес,

Түнді кезіп, күнде түнеуді...

Күтеді Сыр қызы ешкімді де емес –

(өз әлемінен)

Біреуді!

Түн түсінбеген соң,

Көңілсіз – дала,

Ұғар жан таппай аһ ұрды...

Мен ұғыну үшін тек үнсіз ғана,

Сүйгім келеді Ақынды...

...Тек өлеңмен ғана өбеді демім,

Оқылған сөздің үні – Мұң...

Өртеніп өлгім келеді менің,

Өртенбеген соң, Тірімін!

Жаз демесе де,

Жазамын бүгін –

Жазылмас дертім үшін де!

Естіңдер Ақынның азалы үнін

Жаңғырған Өлең ішінде...

Алайда, сыршыл болғанымен, ақын өлеңдері оқырманын мұңға батырса да, ол – тәтті мұң, ой салса да, терең ой, ақын өлеңінде өзінің қайғысын айтса да, қайырылмайды, жабырқаса да, жыламайды. Оқырманын күйбең тіршіліктің мазасыз күйінен тап-таза сезім әлеміне жетелейді. Өз оймызды ақын өлеңінің керемет жолымен аяқтағымыз келеді:

Ал менің жалғыз сенген Үмітім,

Әр Қайғы соңы – қуаныш...

Ақын өлеңдері оқырманын жігерлендіріп, оған ерекше көңіл сыйлайтындығына сенімдіміз. Кез-келген шығармашылық адамының негізгі мақсаты – Құдайды іздеу жолында еңбектену болса, Сандуғаш та жас болса да сол жолда екенін аңғаруға болады Ал жас ақынның өлеңдері жайлы ақын Гүлнар Шәмшиева мен жас ақынның замандасы Нұртас Тұрғанбекұлының пікірін де назарларыңызға ұсынамыз.

Сандуғаштың өлеңдерінде өзіндік стиль бар...

Гүлнар Шәмшиева: Сандуғаш – жас та болса парасат көзі ашылған ақын! Мұндай сирек дарындар туа біткен талантпен және илләһи ілімнің арқасында көтеріледі. Бақытты ақын. Болашағы зор! Мен оның өзін көрмедім, бірақ поэзиясына қарап, рухы биік жан екенін танып отырмын! Ерекше стилі бар.

" Мен сенің қардай мұз жүрегіңе

Қар гүлі болып өсемін"

... Немесе;" көзтұмарымдай өмір сүр, жаным,

Моншақ боп, көзден үзілмей!",– дейді.

... Тамаша! Әр өлеңі ойлы мұңды және тың теңеулер көп.

"Әзірейілмен қауышкан күні

Расул Алламмен өлсем ғой!"....

Бұлай жазу – иманы орныққан, жаны даму үстіндегі ақынның қолынан келсе керек. Жан тереңдігі көрінеді өлеңдерінде! Елге ғибрат беретін, үлгі болатын осындай қыздар қазағымда көбейе берсін! Бұл - мақтау емес поэзиясын оқып, баға бергенім!

Жақсы өлең жан тазалығынан туса керек...

Нұртас Тұрғанбекұлы: Ғаламның мөлдірі – өлең, нәзігі – ақын жүрегі. Жас ақын өлеңдері сыр шертеді, жанның сыры... Аласұрып, байыз таппайтын жастықтың ойы кезеді өлеңді.
Қайғымның умаждап әр талын,
Қойнына жатса да түнетіп
Аспан
Мың кінә артамын?!

Тәңірден келген тылсым ақындық болса, әр ақынның күйіндей:
Бәрінде әлемнің - жасанды Қайғы,
Қайтейін...
нағызы - Ақында!
Өлеңінде өмір сүріп, ғаламдағы жұлдызды да бірге қайғыртады:
...ағады Жұлдыздар...
Ағады...
Ақ бұлтқа шекесін ұрып!
Жалғыздығым үшін күйеді.

Жас ақын қыз өлеңдерінде жұмбақ ой, бірақ нәзік сезім шертіледі, өршілдікпен астасқан нәзіктік әсемдікке ұласқандай үйлесім тауыпты. Ақын қыздың Аспаны, айы, күні, түні, көктемі, ғаламы... ақын Жанна Елеусіздің ғаламындай. Өмірдің әр сәтін жүрегінен өткізіп, оны өлеңге айналдыра білу – жанның тазалығынан ғана туатын дүние болса керек. Сондықтан да
Өртеніп өлгім келеді менің,
Өртенбеген соң тірімін!
- дейді, ақынның ішкі дауысы. Бұған біз түгілі әлем іштей келісетін сияқты. Қаламына қасиет тұндырып, сыршыл өлеңдерімен өз оқырмандарын таба бергей!

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА:


Аты-жөні: Сандуғаш Серікқызы
Туған жылы: 02.02.97ж
Туған жері: Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Ш.Қожаманов ауылы
Оқу орыны: ҚазҰУ
Факультеті: Филология жəне əлем тілдері факультеті

* * *

Мен үшін
кінәлі – бейкүнә Көктем
Мейлі, жайсын аңқау құлашын...
Кірпіктерінен де ұйқыға кеткен
Мін іздеп тұрасың?!

Қадірсіз...
Қисынсыз...
Күн өтіп бастан,
Қайғымның умаждап әр талын,
Қойнына жатса да түнетіп Аспан
Мың кінә артамын?!

Бәрінде әлемнің – жасанды Қайғы,
Қайтейін...
нағызы – Ақында!
Көктің де, Көптің де басы ауырмайды
Әлі ұйықтап жатыр ма?!

Ерте бойжетіп ап, кеш білді өлі ес
Түнді кезіп, күнде түнеуді...
Күтеді Сыр қызы ешкімді де емес –
(өз әлемінен)
Біреуді!

* * *

Біздерге
...көкте – Күн
...жерде – Топырақ
Қарусыз, кең құшақ қарауыл.
Оларсыз:
қу тақыр Пенде тоқырап,
қирайды қала – Бұл!

О, Қала!
Есіне!
Көзілме бірақ!
Қимаған бір мезет Ұйқыңды.
Тарқатсын Бойжеткен өзіңде жылап,
қиялын – сиқырлы...

Өткеннің...
бүтіндей күн жұтқан Мұңын
Қақалып, тастайды түн құсып.
Қыз үні жаңғырар жым-жырт таң –

Бүгін,
сүйгенше гүлді шық:

"Көктемнің тамбаса Ой тамшылары
шылқытып, есіме менің.
Реніштің тұтанбай Сайтан шырағы,
... ех, кешірер едім!"

Қала ояу,
Мен – әлсіз, бұлақ қайғының
Таң атып, үні қарлыққан...
Көктемнің күндізін Ұнатпайтыным –
Сондықтан!

* * *

Жаңылып барамын, күрсініп естен,
Таба алмай түйір бойдан мін.
Мен тең жарымында Тіршілік кешсем
Сіз ойланбаған ойлардың...

Серік қып үмітке төзімді əрдайым,
Болмай-ақ қойдым Күлшеқыз!
Мен Білдіртпеген боп өзімді алдайын
Сіз Білмегенсіп жүрсеңіз...

Үйренген көңіл күндер, нөсерге
Үйрене алмады мұны түк!
Мен əлі ұнатып үлгермесем де,
Сіз үлгеріпсіз ұмытып...

Туылмай жатып-ақ шетінеді жүз,
"Біз" жайлы қанша текті өлең,
Қарсы айырылса да Көкірегіңіз
Өлеңмен сүйген боп келем?!
(ал іштей, шыным, жек көрем)

Сөзім мен сезімім отыр ұштасып
Күнəдан бүгін таза кім?
Мен көрінбеу үшін өтірік ғашық
Өтірік өлең жазамын!..

түсініп көріңіз енді...

* * *

Тағы кеш...
Тыңдар шақ түннің дүрсілін,
Тілінен тілсіздің үн ұрлап...
Ғаламда – сезбеген күллің тылсымын
ойларым қыдырмақ...

Көз жасындай Айдың сорғалап тамған –
Жаны жұмбақтау бір Қыз бар...
Сол әр тамшыларды қорғамақ болған –
ағады Жұлдыздар...

Ағады...
Ақ бұлтқа шекесін ұрып!
Жалғыздығым үшін күйеді.
Сезімімнің жырын неге сіміріп
өзгерді жиі өңі?!

Түндегі...
Қалыпты тыныштықтардан
Тіл қатарҮнсіздік жар салып,
– Сыр шертіп жанармен, ұғыстық, Қарғам,
білістік қаншалық?!

Жалғызға
...дауыс – Шу
...түнек – Қара түн,
Жатпайды құрғырың жанды ұғып.
Үнсіздік – үн емес!
Жүрек жаратын
Ең ұлы Жаңғырық!

Түн түсінбеген соң,
Көңілсіз – дала,
Ұғар жан таппай аһ ұрды...
Мен ұғыну үшін тек үнсіз ғана,
Сүйгім келеді Ақынды...

* * *

...Күз үрлеп,
ағаштар таранды бұрым,
Саудырай түсіп Шаштары...
Сіміріп түннің қараңғылығын,
Тілініп жатыр Аспаны!

Ол – Қыздың үні ғой...
Есті, Жарқыным!
Жапырақ мұңның дыбысын.
Алқымды ауыртқан өксік әр түнім,
Кім үшін, жүрек тынысым?!

Мен – Сүюді білгем!
Білмеппін бірақ,
Қуаныш – қайғы боларын...
Жанарда жасым, жүрек тұнжырап,
Өртенбеген соң, Тоңамын!

...Тек өлеңмен ғана өбеді демім,
Оқылған сөздің үні – Мұң...
Өртеніп өлгім келеді менің,
Өртенбеген соң, Тірімін!

Ұйқысыздығымен келген ұры түн,
Дамылдама еш!
Кұрақ ұш!
Ал менің жалғыз сенген Үмітім
Әр Қайғы соңы – қуаныш...

Тау түймедағынан Сіз аялаған
Үнсіз "С...." деп үзілдім...
Мен – жапырағымын Сіз аямаған
Он сегізінші Күзімнің...

* * *

"Жаз" демеңіздерші!
Жазылады əлі...
Қар гүлі өссе гүлзарға,
Тағдыры лайланған қазына бары –
Жаңбыры сіңген құмдарда.

"Аспандай көгілдір Көзіңмен суар,
Лас емес, ол Гүл тап-таза!
Бұл, бəлкім, бейкүнə сезімнен шығар...
Қап-қара ойлар қаптаса.

Сен сақташы тек, көңіл сырларын,
Сенімнің аппақ жүзіндей.
Көз тұмарымдай өмір сүр, Жаным!
Моншақ боп Көзден үзілмей...

Суытып салдық Күзді де, міне...
Суынған солай кешегім,
Мен сенің қардай Мұз жүрегіңе
Қар гүлі болып өсемін!.."

Жаз демесе де,
Жазамын бүгін –
Жазылмас дертім үшін де!
Естіңдер Ақынның азалы үнін
Жаңғырған Өлең ішінде...

тек "Жаз" демеңіздерші...

* * *

Көктемде бір гүл жоқ
Қар гүлі дейтін...
Жаңбырың оған жат, тіптен!
Теңіз жанарында жан жібімейтін
Үзіліп жатыр Пəктікпен...

Ақ күлтелері паң Алатаудай,
Жаутаң қағады,
Көріңіз!
Жанына жаты паналата алмай,
Қаргүлі – Өлі...
Өлі – Күз...

Алдында арымның, Тəңірі куə!
Беріктігіме серт еткем...
Көктемнің көңілсіз Сəуірі куə!
Көзінің жасы мөлт еткен...

Мен солай...
Рас!
Жұбатқым келді
Өзімді жəне Құрбыны,
Тозағым болған жұмақ түндерді
Ұмыту үшін бір күні.

Жұбана алмадым...
Жасырдым бірақ,
Сағынышымды – Көзіңнен...
Масайған ессіз ғасыр құлдырап,
Жеңілгем тағы Өзімнен...

Жазғырғам мезгілді...
Мың күмəн – ішім,
Қыз жанын ұқпас, сірə, бақ...
Көктемді – қимаған бір қуанышын,
Қанша Қыз қалды кінәлап?!

* * *

Таң шығын бояп күмісті Нұрға
Ол кетті...
Мен қалғам көрінбей,
Ең шулы кеуденің Тыныштығында
Ең ұзын шаштарым өрілмей...

Тəңірдің есімі күнəнің күлін
Ұшырды көкке Дұғаммен.
Періште болып жыладым бүгін -
Пенделік еткен Кінəммен:

"Фəни дүниенің қалашамына
Жаға алмай Аюб (с.ғ.с) сабырын,
Сыймаған əлемім алақаныма
Алақаныңда, Тəңірім!

Тірі жандарды тіршілігіжоқ
Əл- Басиру білер əмме шын!
Тəубесі аздау, құлшылығы көп,
Əл-Ғафуру кешсін Пендесін!"

Жұпары аңқиды Пейіш гүлінің
Аяттарында Құранның -
Күбір де күбір...
Мейіз шырынын
Сіміріп жатқан шығармын...

Естіледі Азанның алыста-а-ан үні,
Ішімнен тындым...
Ол - СЕН ғой!
Əзірейіліммен қауышқан күні
"Расул Алламмен" өлсем ғой...

Шіркін...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: поэзия, жас, ақын
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар