Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ШЕТЕЛ ӘДЕБИЕТІ
Ардақ Нұрғазы: Польша, Чехия елдерінің қазіргі әде...

25.05.2017 4972

Ардақ Нұрғазы: Польша, Чехия елдерінің қазіргі әдебиеті қай деңгейде?

Ардақ Нұрғазы: Польша, Чехия елдерінің қазіргі әдебиеті қай деңгейде? - adebiportal.kz

Бүгінгі қанатын кең жайған Еуроодақта да қазақ əдебиетімен тағдырлас əдебиет бар. Олар – кешегі Кеңес Одағының ықпалында болған Польша, Чехия елдерінің əдебиеті.

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанан кейін, «коммунистік лагерь елдері» деп аталған осы мемлекеттердің Кеңес Одағының орнында шаңырақ көтерген Ресей, Беларусь, Украина, Молдовадан басқасы бүгінде Еуроодаққа мүше. «Мұндай қадам жасауға ең əуелі осы елдердің əдебиеті негіз қалады», - десек артық айтқандық емес. Өйткені, осы саяси талғамның астарында ғасырлардан ғасырларға ұласып, ширығып жеткен мемлекеттік мүдде мен ұлттық құндылықтар тұр. Оны бірнеше ғасыр бойы орыс отаршылдығына ұшыраған осы елдердің қайтпайтын қайсар əдебиеті құламайтын қуатты күш етіп тұлғалап шыққан.

Өткен бір ғасырда Польша əдебиетінен төрт қаламгер әдебиет бойынша Нобель сыйлығының иегері атанды. Оның алдыңғы екеуі – жазушы, соңғы екеуі – ақын. Жазушылардың қаламы поляктардың он ғасырға созылған тарихын кермек тілмен кестелеп берсе, ақындар өз ұлтының өткен бір ғасырдағы биік ұлттық рухын жоғары деңгейде көрсеткен. Жасампаздықтары да, ұстанған өмір жолдары да ұқсамағанына қарамастан жазушыларда, ақындар да бəрі бір адамдай өз ұлтының рухани тарихын жазған.

Милледі жыл санаудың 965 жылы біртұтас ел болып қалыптасқаннан бастап бүгінге дейін Орталық Еуропадағы осы ел өзгелердің сан ғасырлық басқыншылығы мен бодандауын бастан кешірген. Арғы тарихын айтпағанда, бергі XVI ғасырдан бастап поляктарды батыста Пруссия, шығыста Ресей басып-жаншиды. 1722, 1793, 1795 жылдары Польшаны Ресей, Пруссия жəне Австрия империялары бөліп-бөліп өздеріне қосып алса, мұндай қастандық 1939 жылы, Кеңес Одағы мен фашистік Германия елдерінің ортасында жасалған «КСРО-Германия: достық келісім-шарты» арқылы тағы бір рет жасалды. Осы келісімнің жасырын тармақтарында орыстар мен немістер Польшаны тағы да бөліп алуға келіскен. Ал бұндай ұлттың ұжданына өшпес таңба болған тарих поляк халықының санасынан бір сəтте шыққан емес. Польшалық əйгілі философ Шебиовтың: «Поляктардың санасында орыстарға деген ерекше бір «шамкөстік» бар, поляктың басым көп классик шығармалары мен романтикалық жырларының бəрі дерлік орыс басқыншылығына деген өшпенділіктен қайнап шыққан», - дейтіні тегін емес.

1905 жылы Швеция əдебиет академиясы Генрих Сенкевичке (1846–1916) Нобель əдебиет сыйлығын бергенде: «Тарихи романдар жазу жағында жеткен жетістіктері, сондай-ақ эпосқа ұқсаған эпикалық шығармалар берген ерен баяндау шеберлігі үшін», - деп бағалаған.

1871 жылы ақ патша үкіметі өз шеңгеліндегі Польшаның Варшава университетінің атын өзгертіп, «Империя университеті» деп атауға жарлық шығарған. Мұндай қорлау сипатындағы шешімге қарсы шыққан студенттердің ішінде келешектің үлкен жазушысы Генрих Сенкевич те болған. Ол өз қарсылығын сонда сабаққа шықпау, емтиханға қатынаспау, ғылыми атақ алудан бас тарту жолымен көрсетіпті, соңынан университеттегі оқуын тастап кеткен. Оның алғашқы «От пен қылыш», «Тасқын», «Пан Володыевский» романдары болсын, кейін жазған «Крестшілдер» романдары болсын, бəрі де поляктардың ұлттық тəуелсіздік күресін арқау етіп, асқақ ұлттық рухты жырлаған.

и

1924 жылы Швеция əдебиет академиясы Владислав Станислав Реймонтке Нобель сыйлығын бергенде: «Оның ұлтының эпосына айналған шығармасы «Мұжықтар» үшін», - деп баға берді. Ауылдағы шіркеу музыкантының отбасында дүниеге келген бұл жазушының шешесі мен нағашылары 1863 жылғы поляктардың Ресей империясына қарсы көтерілісіне қатынасқан жандар болған. Осындай отбасында есейіп ержеткен келешек жазушының орта мектеп оқып жүргенде, орыс тілінде сөйлеуден бас тартып, поляк тілінде сөйлегені үшін мектептен қудаланғаны бар.

Оның бірнеше жүз кейіпкер аралас-құралас жүретін «Мұжықтар» (көп томды) романы XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы поляктардың шынайы хал-жағдайын кең ауқымда суреттеген кесек шығарма болған. Польшаның осы екі жазушысының шығармашылығы есіңе еріксізден кешегі М.Əуезов пен І.Есенберлинді, бүгінгі М.Мағауинді салады.

«Абай жолы» романымен XIX ғасырдың соңындағы қазақ халықының хал-жағдайын тасқа басқандай етіп суреттеп кеткен М.Əуезов те, қазақтың тəуелсіздік үшін жан аянбай күрескен он ғасырлық тарихынан сыр шерткен І.Есенберлин мен М.Мағауин да өз халқына поляктардың осы жазушыларындай-ақ қызмет етпеді ме?

1980 жылы Нобель əдебиет сыйлығы поляк ақыны Чецлав Милошқа берілді. Ақының шығармашылығы екінші дүниежүзілік соғыстың алды, соңы болып екіге жіктелген. Ақының соғыс аяқталғанға дейінгі өлеңдері өз халқының Германия фашизміне қарсы ұлт-азаттық күресінің жалынды жыры болған «Азаттық» (1945) жыр жинағы оның осы кездегі үздік шығармасы.

Соғыстан кейін ақын өз елінің ұлттық тəуелсіздігін жоғалтып, Кеңестік Ресейге қайтадан бодан болып қалғанына наразы болған, 1952 жылы өз еркімен Батыс елдеріне қоныс аударған. 1953 жылы жарияланған «Күндізгі жарық» жинағынан бастап, ақын өмірдегі екіжүзділікті, жағымпаздықты, рухани азғындықты ажуалы тілмен шенеп, адам табиғатындағы намысқойлық пен бостандық сүйгіш рухты кеңінен жырлаған. 1978 жылы жарық көрген «Қыстағы қоңырау үні» жинағында ақын өз ұлтының ұлттық тəуелсіздік мəселесін көтерген. Қайғы-қасіретке толы елінің тағдыры туралы терең толғанған, нəзік мұңға толы жырлар кірген бұл кітап ақынды 20 ғасырдағы ең танымал ақындардың санатына қосқан екен. Содан да Швеция əдебиет академиясы: «Оның күштілерге бас шұлғымайтын, өткір байқағыштығы адамзаттың қақтығысқа толы осынау дүниедегі бет-бейнесін жеріне жете бейнеледі, сондай-ақ оның жалынды да бай мазмұнды, комедиялық сипаты басым шығармалары үшін Нобель сыйлығы берілді», - деген.

1996 жылы Нобель əдебиет сыйлығы поляктың əйел ақыны Вислава Шимборскаға берілді, бұл поляк ұлтының асқақ та өміршең, қиындықтарға иілмейтін, рухы өр халық екенін əлем алдында көрнектілендіру еді. Ол осы замандық еуропалық ұлт санатынан чехтардың қысылып-қымтырылмай-ақ орын алатынын да əйгілеу болатын. Швеция əдебиет академиясы: «Оның дөп басқан, өткір əжуаға, мысқылға толы жырлары бүгінгі адамзат қоғамының қатпар қалтарысында жатқан тарихи жасырын көрністерді, болмыс-заңдылықты қазбалаған», -дейді. Ақын «Алдыңғылар мен соңғылар» өлеңінде былай депті:

Әр кезде әр біреулер

Шөптесін арасынан, білесің бе?

Қазып алып ескірген тастарды

Тастайды Әр күресінге.

Білетіндер бұл істердің мән-жәйін

Аз ғана білгендерге,

Білері тым кемдерге,

Ақыры, білмейтін мүлдемдерге

Жол береді әрдайым.

(Аударған Ибраһим Пайзоллаұлы)

Чехия – Орталық Еуропаға орналасқан шағын ел. Алайда əлем əдебиетінің тарихында оның орны тіпті де шағын емес. Өткен бір ғасырда осы елдің тарихымен біте қайнасқан біраз жазушылардың еңбегі бүгінде əлем əдебиетінде өзіндік дара жол салған өнер туындысы ретінде қабылданған. Ғасыр басында Ф.Кафка, Р.В.Муцел, Х.Вроч, Я.Гашек болса, ғасыр соңында жоғарыдағы жазушылардың өнердегі жолын жалғастырған екі жазушы – Милан Кундера мен Вацлав Гавел ерекше көзге түседі.

1975 жылдан бері Францияда өмір сүріп келе жатқан М.Кундера – онға тарта романның, бірнеше зерттеу еңбектерінің авторы. Жазушының «Қалжың» деп аталған тұңғыш романы 1967 жылы кеңес танктері Чехия астанасы Прагаға баса көктей кіруден аз бұрын жарық көрген екен. 1982 жылы осы романның ағылшын тіліндегі аудармасына жазған алғы сөзінде жазушы: «Роман жарық көрісімен тез арада үш рет қайталап басылды. Таралымының өзіне таң қаласың. Жұрт бостандықтың көп ұзамай тұншықтырылатынын білгендей-ақ кітапты сөрелерден бірін қалдырмай талап əкетті»,- дейді.

М.Кундераның «Айрылысу үшін əзірленген қонағасы», «Басқа да өмір сүру», «Ұмытшақтық, күлкі туралы естеліктер», «Ұйқы сұраушы» романдарының бəрі де «Прага көктемімен» – «коммунистік кеңістікті қорғап қалу» - деген жалған желеумен басып кірген орыс армиясына қарсы, бейбіт ереуілге шыққан Чехтардың əйгілі көтерілісімен ұштасып жатады. Жазушының 1984 жылы жарық көрген «Тіршілгіңдегі тырып еткізбейтін жеңілдіктер» романы авторын əлемге əйгілі еткен шығарма. Романның бойындағы ерекшелік «Прага көктемі» қозғалысын жазғандығынан емес. Жазушының өз сөзімен айтқанда, оның жазғаны: «Ең әуелі тарих емес, қайта, белгілі бір өзгерісті бастан кешіріп жатқан тарихи ортадағы адам болмысының мүмкіндігі». Содан да болар М.Кундера өз романдарын Батыс əдебиетіндегі негізгі арна болған психологиялық романдардың – сонау XVI ғасырдағы С.Ричардстен Стендальге жалғасқан, одан М.Пруст, Ж.Жойстар жаңа биікке көтерген романдардың қатарына қоспайды. Жазушы өз романдарының тегін Ф.Рабле, Сервантестерден бастап, Ф.Кафка, Р.В.Муцелдер жалғастырған роман стильінен іздейді екен. «Адам жақсылық пен жамандық айқын айрылған дүниеде жасағысы бар. Өйткені, оның табиғатының өзіне тежелмейтін сондай аңсаушылық жасырынған. Сол аңсаушылықтың салдарынан адам түсініп алмай жатып кесім жасайды. Дін мен идеология соған сүйенеді. Адам өз іс-əрекетінің мəнін білуге шарасыз, неге отыз жылдың алдында немістер, бүгін орыстар дүниені жаулағысы келеді. Олар өздерінің не істеп жатқанын шынымен түсіне ме? Адам, əне, содан да үнемі «қақпанға» түсе береді, проза жанры адамның бойындағы осындай «түсініксіздікке» үңілуі керек», - дейді М.Кундера. Жазушының «Айырылысу үшін əзірленген қонағасы» романында мынадай бір шағын қыстырма бар: 1968 жылы кеңес танктері Чехияға басып кірген соң, орыстар өз үстемдігін жүргізе бастайды. Онысын ең əуелі Чех үкіметіне елдегі қаңғыбас иттерді қыруға бұйрық беруден бастайды. Романдағы осы сүркейлі көріністі тарихшылар да, саясаткерлер де мүлде ұмытқан. Алайда, оны жазушы қағыс қалдырмайды, осы көрініс сол тарихи дəуірдегі адамгершілік болмыстың жыртылған жалауындай болып романда желбіреп тұр.

Чехияның тағы бір жазушысы Вацлав Гавел қай тұрғыдан қарасаң да М.Кундераға ұқсамайды. Өткен ғасырдың 60- жылдарында модернист драматург болып əдебиетке араласқан В.Гавелдің «Бау-бақша мерекесі», «Қайыршының пьесасы», «Көрменің ашылу салты», «Қарсылық», «Аздыру» сияқты шығармалары өнер эстетикасы жағында М.Кундераның шығармаларынан өзгешерек. Бұлар өз дəуріндегі чех қоғамына күшті сын айтқан шығармалар. «Прага көктемінен» кейін, В.Гавел өзін шоқтықты драматург қана емес, ұлтын құлдық қамытта ұстауға көнбейтін біртуар тұлға ретінде де көрсеткен. Оның публицистикалық «Түрме естеліктері», «Биліксіздердің билігі», «Саяси жəне ар-намыс», «Үнсіздікті боршалау», «Зиялы қауымның міндеттері» сияқты шығармалары чех ұлтының сол тарихи дəуірдегі, сын сағаттардағы болмысын айқындаған туындылар. 70- жылдардан бастап В.Гавел көп уақытын диссидент болып түрмеде өткізген. Ол түрмеде отырып «7 шілде – Ата заңды» жазған əйгілі қайраткерлердің бірі. Жазушылықтан саясатқа өтуінің өзі оның əдебиет туралы ұстанымынан келіп шыққан. В.Гавел — бүгінгі дүниеде Орталық Еуропаның бір басына саяси мен əдебиетті бөлмей-жармай бір тізгінде ұстаған қаламгері ретінде кең көлемде зерттеліп отырған жазушы.

М.Кундера мен В.Гавелдің саяси көзқарасы да, өнерде ұстанған жолдары да, өмір талғамы да ұқсамайды. Алайда екі жазушы да чехтың ұлттық тəуелсіздігін, өз ұлтының өзгелерге рухани жақтан бодан болмауын қадағалайды, соған қызмет етеді. Чехтың осы екі қаламгері бірден ойыңа бүгінгі қазақтың маңдайына біткен екі ұлын, екі Мұхтарын – М.Мағауині мен М.Шахановын салады. Бүгінде қазақтың осы екі ұлы да ұлттың рухын, тілі мен ділін қорғап қалуда чехтың жоғарыдағы ұлдарынан кем күресіп жатқан жоқ.

Соңғы жылдары Ресейде демократия кедергіге ұшырап, баяғы империялық ауру қайта қозғала бастап еді, бірнеше ғасырдан бері орыс отаршылдығымен күресіп келе жатқан Орталық Еуропадағы елдер елең ете қалды. Францияның «Ле Монд» басылымына берген сұхбатында тағы сол В.Гавел мұны былай жеткізіпті: «Менің ойымша, тоталитарлық режимдегі өмірден тəжірибесіз адам былай қарағанда еш оғаштығы жоқ əрекеттің астарында не жатқанын сезе алмайды.» («Жас қазақ» 11.3.2005)

Орталық Еуропа елдеріндегі қаламгерлердің мұндай мінезі бізді де ойландыруға тиіс. Бізбен татқаны да, тағдыры да ұқсап кететін Польша, Чехия елдерінің əдебиетін тереңдеп білу қазақ əдебиетіне сол үшін қажет.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар