Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Бауыржан Мырзақұл: Шығыс шайырлары – өнердегі темірқазығым

25.05.2017 1257

Бауыржан Мырзақұл: Шығыс шайырлары – өнердегі темірқазығым

Әдебиет әлеміне өз үнін, өз қолтаңбасын қалдырғысы келетін тағы бір жас ақынымыз Бауыржан Мырзақұлдың «Ышық» атты жыр жинағы жарық көріп жатыр. Кітаптың алғысөзін жазған Құл-Керім Елемес ағамыз:

«Бисмилләһир Рахманир Рахим

Өнер – өз алдына жаратылыс. Өнерші қолымен немесе тілімен сомдалатын жаратылыс. Немесе жаратылыстан (ақыннан) шығарылған жаратылыс. Немесе құдіретті Құдай Тағаланың Өзі өнерші етіп жаратқан құлына сыйлаған Илаһи бір қасиет.

Сол өнердің ішіндегі өлеңді алар болсақ, ол – адам (ақын) рухы таныған Илаһи анықты анық әрі қанық бейнеде көңілден ақындық өнермен жасау жолы арқылы туу (барлықтау). Ондағы оның сыртқа көрініс беретін қалып қаруы – тіл. Бірақ та оның мені әсте тіл емес, тіл жеткізген мазмұн. Мазмұндағы Мен. Өлең, демек, мазмұн. Оны жоғарыдағы жалпы өнерлік тұрғыдан қарағанда тілде көрініс тауып, мазмұнмен менделген жаратылыс.

Бауыржан міне осы өлеңнің мазмұнды жаратылыс екенін қатарынан қайда бұрын білген ақын. Одан да маңыздысы ол өзін өнерші етіп жаратқан Хақ Иесін, Оның Өзі рухына иман бағыш етуімен таныған хақшыл құл. Оның осы Иесіне сырт ыңғайсыз сенімі өлеңінде оны ақиқаттан ауа жайылдырмай, тураны ғана тұтқа етуіне алып келді. Міне мұнысы ол жазған жырлардың жарқырап тұруына тамызғы болды.

«...Өзіңді тану үшін Хақты ұғын» – дей алды ол сондықтан да салған жерден. Әзір көптер міне осы мәселені білмей, тіпті бағамдай да алмай, Хақ Тағала берген өнерді (өлеңді) Сол Хақтың Өзіне қарсы қару етіп қара басып жүр. Хақ не, нахақ не, адамдық не, махаббат не, ғашықтық не, сүю не, ізгілік не, хақсыздық не, осының бәрі келіп тоғысатын меннің Мені деген не, адам мұнда неге, қандай мақсат үшін келді, өнер нені діттеп, нені жазғы шарт етуі тиіс, қайткенде, нені кеузегенде өнер өмірлі, жарықты, хақты болады, Хақ қайда, жалпы өнер кімдікі, сенім неге керек?.. Міне осының бәрі киелі өнердің Иелі өнерге айналуына шарт пен кепіл екенін көп білмеуде. Ал, Бауыржан білген. Оның өмірдегі де, қаламдағы да бақыты міне осы анықты анық біле бастауында. Сондықтан ол «мен өзім кереметпіннен» аулақ. Мүлде аулақ. Оның дәлелі:

«Құдайға деген «әл» берді Сенім (иман)» – деуі.

Қолдарыңыздағы жыр жиғысы шағын болғанымен, салмағы шағынан шарықты, діті хақты дүние-дүр. Бұл құл-ақынның дүние жәлеміне жәніп болудан жанын ада тұтып, адамдығын, арын хақпен қасиеттеуінен еді. Жалпы жыр иесінің бақыты – тән-жанымен Тәңір Иесіне құлдығы болса, сөзінің озығы – Менінің сезгісін мейлінше хақ қайыруы. Былайша бұл ояу жүрек иесінен ойлы-еліне берілген ояу сөз хағы. Иә, солай!

МашаАллаһ! Субханаллаһ!

Ал, онда: Жалғыз Хақ Жәләл Аллаһ Тағаламызға саны жоқ мадақ, әз, мұрсал пайғамбарымыз Мұхаммед саллаллаһу ғаләйһи уә сәлламға саны бек салауат болсын!

Жан-Бауырға бақ бер, Хақ!

Әмин!»-деп өз бағасын батасымен қоса беріпті.

Ақынның жыр жинағының тұсаукесері 26-мамыр күні Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Әл-Фараби» кітапханасында өтеді. Тұсаукесердің алдында жас ақынды аз-кем әңгімеге тартып, жаңа жинағынан жаңа жыр сұраған едік...

-Бауыржан, жаңа шығып жатқан кітабыңыз құтты болсын! Әңгімеміздің басын кітабыңыздың атын неге «Ышық» деп атағаныңыз туралы тарқатып айтып берсеңіз?

-Рахмет, Алла разы болсын! Құдай құтты қылсын, әмин!

Қазақта "Балаңның атын ұлық қой, көтере алса ұлық болсын" деген сөз бар, мен де сол баба үрдістен жаңылмаған халде, өзімнің рухани перзентім – «Ышығыма» «ышық» атын тектен-тек бермегенім рас. «Ышық» сөзі – «ғашық», «асық» сөздерімен түбірлес. Мәселен, Ясауи хикметтеріндегі «Не қылсаңда ғашық қылшы Пәруардігар» деп келетін жолдарда дәл осы «ышық» жайы кең толғанады. Осы ретте Светқали ағамыз да осы «ышық» сөзіне нақ анықтамасын беріп кеткендігін айтқым келеді: «Рухқа – қорек, періштеге қуат беретін сезімді «ышық» деп атайды. Ышыққа ие болғандар бейдауа ғашықтық дертіне ұшырайды. Ал, ғашық жандар ылғи да сағыныштан өртеніп жүреді...» Иә, қысқасы, кітабымның атын «ЫШЫҚ» деп қоюымның басты себебі осы, яғни Аллаға деген сағынышқа толы ғашықтың сезім мен осы жолда бейдауалыққа салынып «мәжнүни хәл» кешумен ессіз ғашық боп өткен жандардың құрметі үшін еді...

-Кітаптың әдебиетке қандай олжа салғаны туралы әдебиетшілер, оқырмандар айта жатар. Сіз осы кітап арқылы әдебиетке не бере алдым деп ойлайсыз?

-Әдебиетке не беріп жүргенімді, не бере алатынымды нақты білмеймін, оны уақыттың өзі екшей жатар. Бірақ менің бір білерім әрі әдебиетке берілу керек болған нәрсе, ол – ЫШЫҚ! Иә, мен де осы нәрсені бергім келеді...

-Кітаптың тұсаукесері өтеді дегеннен бастап қолына қалам ұстап жүрген замандастарыңыз әлеуметтік желілерде шығармашылығыңыз туралы, өзіңіз туралы пікірлерін жазып жатыр. Әрине, бәрі ақ ниеттен екеніне күмәніміз жоқ. Бірақ, қазір жастар бірін-бірі «Классик, гений» деп қолпаштап, уақыттан бұрын бағасын беріп тастап жатады. Бұл үрдіс қаншалықты дұрыс?

-Бұл үрдіс қай заманда да болған, болып жатыр һәм бола да бермек. Мәселен, бізде, белгілі бір тұлғаны, бір тобымыз – мақтаймыз, бір тобымыз – даттаймыз, бір тобымыз – бейтарап түрде әліптің артын бағып үнсіз қаламыз. Сіз қай топтан болам десеңіз де өз еркіңіз. Әрі осы нәрсе қазіргі таңда кең етек алған деп ойлаймын. Әсіресе әлеуметтік желілерде. Соның ішінде «әдебиет аулының тұрғындарында» десем қателеспеспін. Бұл ауылда әртүрлі әңгімелер, естеліктер айтылады, бір-бірлерін құттықтап, тіпті асыра мақтап та жібереді. Кейде бұл нәрселер сырт көзге оғаштау көрініп, жиреніш тудырып жатады. Сондықтан да, мен, өз басым бұл мәселеде тазылықты ұнатамын.

-Сіз қазіргі поэзияда жүрген жастардың үш кемшілігін айтып бере аласыз ба?

-Ақындар ренжімесе, Құдай көріп тұрған кемшіліктерімізді айтайын:

1. Жас ақындардың ең әуелгі кемшілігі – толмай жатып толдым, болмай жатып болдым деуі, яғни бес-алты өлең жазып өздерін шынайы ақын санаулары. Мәселен, Абай өзін шынайы ақын екеніне, еліне өлеңнің керек екеніне қырықтың қырқасына шығып барып қана көзі жетті емес пе? Сондықтан «ақынның құлағы өзінен қырық жыл бұрын туады» дегенге сай, ақын жан-жақты сауатты, білімді болуы керек. Қысқасы, ақын жер бесікке дейін ізденуге бет алса, әрі Сократ хәкім айтқандай «әрбір жас ақын өзімнің нақты білетін нәрсем – өзімнің түк білмейтіндігім» десе жөн, әйтпесе жоқ!

2. Жас ақындардың екінші кемшілігі – батысқа көзсіз еліктеп, өзінің ата тек, бабалар руханиятынан қол үзіп алуы. Ал Абай секілді бір бойына Шығыс пен Батысты жинау, білу ол бөлек әңгіме.

3. Жас ақындардың үшінші кемшілігін баса айтсам деп отырмын, ол кемшілік – олардың ішкілік секілді иманың мен жиғаныңның күлін көкке ұшыратын жаман әдеттерге салынулары. Бұдан шығатын қорытынды:бұндай дерттен аулақ болайық.

-Сіздің бұрынғы өлеңдеріңізбен қазіргі өлеңдеріңіз арасында өзгеріс бар сияқты. Жалпы, иллаһи өлеңдерге бет бұруыңыз ішкі кемелділіктің белгісі ме, әлде діннің әсері басымырақ па?

-Анағұрлым өзгеріс жоқ. Бірақ ізденіс адамды дамытып, адамның көзқарасын қалыптастырып, тіпті өзгертіп отыратынын мойындаймын. Ал ішкі кемелдік пен дін мәселесіне келер болсам, мәселен, Абайды Абай қылып тұрған ішкі кемелдік пе, әлде ұстанған діні ме?. Абайда осы екі нәрсе тұтасқан. Яғни ішкі кемелдікке жеткен адам – дін ұстайды немесе дін ұстанған адам ішкі кемелдікке жетеді.

-Жалпы, иллаһи өлеңдер деп әдеби ортада ішінара жиі айтылып жүр. Теориялық тұрғыда бұл өлеңдерді қай бағытқа жатқызуға болады. Жеке дара зерттеу нысаны бола ала ма?

-Иә, айтылып жүргені рас. Айтыла да бермек. Негізінен әдебиеттегі бұлай жырлау кеше ғана шыға салған жаңалық емес, бұл үрдіс – кешегі өткен бабалардың үзіліп қалған жолы, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Жүгенеки, Абай мен Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіптердің жырлаған жыры, мұңдаған мұңы болатын.

Ал мұны сіз айтқандай теориялық тұрғыдан айтар болсам, бұл өлеңдерді мен қазіргі таңдағы «қалыпты» әдебиеттің атасы немес «нағыз әдеби» шығармалар дер едім.

Әрине, бола алады. Оған негіз көп. Кезінде Есенғали ағамыз «ендігі дәуірде сопылық поэзияның заманы туады» деген сөзді айтты дегендер бар. Сондықтан алдағы уақытта адам жүрегінің терең түкпірлеріне бойлайтын, жан дүниенің жұмбақ сырларын жыр тілімен өретін өлеңдердің мерейі үстем болмақ.

-«Өткізу үшін шындықты,

Өтірік қостым аздаған» – деген екен бір кезде Қадыр ағамыз. Дін жолындағы адамға сондай «әдеби өтіріктерге» тап келу, көріп жүру ауыр емес пе?

-Өмір шындығы мен көркемдік шындық өзара жарасып, жымдасып ақиқатты айқындап тұрса, онда тұрған дәнеме жоқ, тек Абай айтқандай «өтірік пен өсекті жүндей сабап» кетпесек болғаны...

-Өлеңдеріңізде шығыс шайырларының ықпалы молырақ сияқты. Қазіргі жастар батыстың модерндік ағымын дәстүрлі поэзиямен синтез жасауға тырысып жатқанда, сізді шығыс шайырлары неге қызықтырды?

-Иә, мен де Абай атам секілді шығыс жұлдыздарын өнердегі темірқазығым, жолбасшым еткенімді жасырмаймын. Шығыс шайырларын пір тұтам. Олардың мұңға толы ғазалдарын жиі оқып тұрам. Сондықтан да болар, шығыс шайырларындай сілтеп-сілтеп қоятыным бар. Ал сіз айтып отырған батысыңыздың мүйізі қарағайдай Гете сынды ақындары шығыс шайырларының қолына су құйсақ деп армандап кеткенін білесіз бе? Ал біз қазір батыстан бір нәрселерді үйреніп жүрген шығармыз, бірақ батыс кезінде бізге шәкірт болғанын ұмытпауымыз керек. Абайдың «Шығысым Батыс, Батысым Шығыс болып кетті» дегені де осы шығар. Шығыс шайырларының мені қызықтырған нәрсесі – олардың дін мен ғылымды қатар ұстаған данышпандығы мен Құдайға деген әулиеліктері, ышық отына күйген паруаналықтары...

-Шығыс шайырлары өз алдына, сіз Светқали Нұржан, Құл-Керім Елемес сынды ақындардың шығармашылығына да көбірек көңіл бөледі екенсіз?

-Иә, ағаларымыздың шығармаларын қатты қадір тұтамын. Маған о кісінің өмірдегі һәм өнердегі білімдарлығы ұнайды әрі соны өзіме үлгі етемін.

-Бір өлеңіңізде:

«Сопылықтың салтында сыры ұшпаған,

Жырын – шындық, жанарын – нұр ұштаған,

Ұрғылайтын кеудесін бір өктем үн,

Шайырмын ғой, бақсы емен жыны ұстаған.»- дейсіз бір өлеңіңізде. Жалпы,

қарапайым адамдардан гөрі ақындар өздерін өлеңде «ақынмын ғой...» деп жиі ақтап алатын сияқты?

-Ондайымыздың бары рас. Мұны жай ақындық көңіл-күй деп түсінген дұрыс сияқты.

-Жалпы, өзіңіз ортайғанда ішіңізді толтыратын , уақыт өте қайта айналып соғатын авторларыңыз бар ма?

-Абай мен Хафиз...

-Білуімізше, сіз қазір «Нұр-Мүбәрәк» Египет ислам мәдениеті университетінде магистрантсыз. Демек, араб тілінен де хабарыңыз бар деген сөз. Жалпы, арабтардың мәдениеті туралы көп естиміз, оқимыз. Сіз ақын ретінде әдебиетін зерттеп, бақылап көрдіңіз бе? Біздің әдебиеттен қандай артықшылығы мен кемшілігі бар?

-Мен әлі араб тілін жоғары деңгейде меңгере қойғаным жоқ, бірақ олардың әдебиеті біздің әдебиетке көркемдік жағынан пара-пар десем қателеспеймін. Өйткені ол тілде Құран түскен ғой. Жалпы алдағы уақытта араб елдерінің әдебиеті мен мен мәдениетін терең қаузасам деген ойым жоқ емес...

-Әңгімеңізге рахмет! Әдебиет порталанының оқырмандарына жаңа жинағыңыздан бір топтама өлеңдеріңізді ұсынсақ...

АНАМА ХАТ

Қамығып, тіршілікте ойға қалсаң,

От алып жылытайын жүрегімнен.

Бала-жырдың үзігі

Сүйікті анам, о, менің, сүйікті анам,

Сағыныштың өртіне күйіп барам.

Мен мұңайып отырмын, бергендей-ақ,

Мағжандардың тағдырын қыйып маған.

Сүйікті анам, о, менің, сүйенішім,

Туған жердің төсіндей киелісің.

Шығар мүмкін әкемнен қалған әдет –

Бұл қалада болмай жүр жүйелі ісім.

Сүйікті ана, сұрама хәлімді сен,

Тәнімді емес, соғуда жанымды сең.

Әкеме айтшы, мен оның баласы емен...

Халқым үшін етпекпін бағымды кем.

Қыран – ана, мен сенің тастүлегің,

Оқ жонуды үйреткен қасқыр – ерің.

Шындық шыңын қорғаймын торғайлардан,

Құрбандыққа мал түгіл бас тігемін.

Жаным, ана, жабықсам сені іздедім,

Зере әжеймен зейінің егіз бе еді?!.

Ұлы Абайдай немере сүйгің келіп,

Құлыныңды дәретсіз емізбедің.

Жан-жағымнан жатқаны торып қайғы –

Ұлжан болар келінің жолықпай жүр.

(Қайта айналып «Хәкімдік» келсін десең,

Әй, арулар, шешеме солықтай біл.)

Аяулы ана, арманың көп білемін,

Келмесе де бойыңмен көк тірегің.

Адам болсын деп едің ақын болдым,

Кіл жүректі жырларым өпті менің.

Табанына жасырған жәннат бағын,

Аназатын Адамзат ардақтағын.

Менің анам асыл ғой, асыл тегі,

Ұқсасы жоқ бейне бір бармақ табы.

Ауылға алып баратын жол қадірлі!..

Мені күтіп, маматай, болма мұңды!..

Тоғыз шумақ өлеңмен өтей алман,

Тоғыз айлық толғатқан толғағыңды.

АНАШЫМ!!!

Жұбату

(Ақын қарындасыма)

Жыладың неге жан-қарындасым,

Жүрегімді әлсіз жаралап тегі.

Үмітіңді үзбей, арманыңды асыл,

Тексіздер әділ бағалап па еді?!

Жасың тый, қалқам, жабырқай берме,

Болмасын десең ағаң да сендей.

Тең құрбың түгіл таңырқайды ел де,

Ойқастаса отың жанарда сөнбей.

Жыламашы енді, жыламашы енді,

Көзіңді мойыл мысықша тырнап.

Жыламай үнсіз тұра ма шерлі?!

Сырыңды жақсы кісі ұқса тыңдап.

Қарындасым-ау, қарлығашым-ау,

Сіңлісі – сенсің – Әлиялардың.

Басыңа тағдыр салды ма сынау,

Жүрегіңді онда зар ұялар мың.

Қарындасым-ау, жанымыз ұқсас,

Жұлдыздардайын жамырар түнгі.

Күл болып көкке тәніміз ұшпас,

Ерттесек біздер жалы бар Күнді.

Қарындасым-ау, көңіл – желкенін

көтеріп,

еңбек – ескегін ескін...

Қарындасым-ау,

Өмір – көркем үн...

Өмір – қас-қағым, өтпелі бес күн!

Көз жасын көптен жасырып өткен,

Болсаң, дер едім, қарындасым-ау:

«Аллаға керек асылық етпеу,

Ағаңа керек жаның жасымау.

...Әй, менің, қайсар қарындасым-ау!».

Домбырам, менің, домбырам!

Қақ бөліп кеткен күрзімді кімдер, күрзімді?!

Қалғаным ба енді, алшысы арман асықтай.

Балақтық биттей көрсетіп «өнер» кіл жынды,

Парықсыздықпен «пай-пай!»-латпақшы пасық қай.

Жоқ, мынау күрзі...

Күрзі емес төрдегі ілінген,

Домбыра деймін, домбыра мынау, домбыра!

Домбыра сенсіз – қазақпын қалай бүгін мен,

Домбыра сенсіз – басыма бақыт қонды ма?!

Домбыра сенсіз – құлазып қалды кең далам,

Домбыра сенсіз – жауларым жықты жабыла.

Домбыра сенсіз – дәлдүріштенді ер балам,

Домбыра сенсіз – даналық қайдан табылар?!

Домбыра сенсіз – дүбәраланды дәстүрім,

Домбыра сенсіз – дастаным салды қысқарып.

Домбыра сенсіз – тарқамай ұйқы, мастығым,

Домбыра сенсіз – бір халқым болды-ау, «үш халық»!

Домбыра сенсіз – долданған дауыл емеспін,

Домбыра сенсіз – емеспін және ешкім де.

Домбыра сенсіз – келеді кіммен кеңескім,

Домбыра сенсіз – бес күнім мынау, бес күн бе?!

Домбырам менің, махрұм етпе мұраңнан,

Теңіздей терең, мұхиттай шексіз мазмұның.

Домбырам менің, күйіңнен шертші «ұлы арман»,

Құмырсқадай бейнетпен өтсін жаз күнім.

Домбырам менің, қос ішегіңді улы қос тіл ғып,

Абжыландай боп арсыздарды кеп шағып ал.

Домбырам менің, жасатпа бізге бос тірлік,

Бір көзді дәудей істерімді отыр бағып әр.

...Қасірет күйін көңілді күйің жаншысын,

Пернеде саусақ ойнасын мұңнан айыққан.

Домбырам-ау, сен – бейне бір мөлдір тамшысың,

Үзіліп қалып, созылып түскен ғайыптан.

ЖЕРГЕ ОДА

Мен саған қарап тұрмын мың ойменен

Көзім күліп, тіл байланып.

Төлеген Айберген

Жер!..

Сенің алақаның – дархан далам,

Тауларым – жұдырығың тас түйілген.

Білегін иығыңа арта алмаған,

Базарын тарқатар бұлт басқа ырыммен.

Жер!..

Сенің мөлдіреген көл – жанарың,

Тулаған бойыңдағы қан – өзендер.

Көбейіп әжіміңдей жол барады,

Өзгеріс бәрімізге тән ежелден.

Жер!..

Сенің күрсінісің – жаз аптабы,

Қысқы аяз – ашуыңның асқынғаны,

Маусымдар – мінезіңнің ғажаптары...

Деміңді-ай!

...Көзімдегі жас құрғады.

Жер!..

Сенің нұр емдірген Күн – биең-ді,

Жаулауың – көк аспаным көмкерілген.

Үр жүзің ұсайтындай гүл-гүл өңді,

Арқама айырылған жон терімнен.

Жер!..

Сенің құпияңды жар салды ақын:

«...Өзіңді тану үшін Хақты ұғын», – дер.

Бейнеттің таттыр маған бал шәрбатын,

Денеңнің дәнді өсірген дәстүрін бер.

Жер!..

Сенің үстіңдегі ер ісінің,

Асылдан ішіңдегі зор бағасы.

Жер!..

Сенің бұтағыңның жемісімін,

Жатсынбас тістеріңді алма – басы...

Жер!..

Сенің жан-діліңді жоқ десе де ел,

...Өтермін осы өмірдің отын ұстап.

Маңдайым ерініңді өппесе егер,

Жағдайым Махшардағы өкінішті-ақ!

Жер!..

Сенің таусылған күн бар несібең,

Кетпегін ат қағынан жеріген боп.

Ұстап ап Айдың қолы – сәулесінен,

Жүре бер жұлдыздардай серуендеп!

АЛИШЕРШЕ ШЕРЛЕНУ

немесе

НАУАИҒА НАЗ

...Сөз қандай-ды жатқа айтатын бүткіл ел,

...Армен ғана ұпайыңыз түп-түгел.

Бала Алишер бәйітіне таң қалған,

Ләйлі көрген Мәжнүн мысал Лүтфи дер:

«Бала Алишер, бәйітіңе мына бір,

Жанмын түпсіз құзға дағы құлағыр!

Мендей қарттың ғұмыр бойғы жазғанын

Ал да маған бұл сөзіңді мұра ғыл!».

P.S.

Енді мен де жылдар өтіп сөз алам,

Кешір мені, тақуашыл, Өз-ағам!

Науаидың нәйін тұрмын шалғым кеп,

Гүл бағымнан естілсін деп гөзәл ән.

О-о, Науаи, сенсің терең теңізім,

Ақиқаттан бастау алған негізі.

Парсылардың алты ақыны бір төбе,

Мен – өзіңмен бір тумаған егізің.

О-о, Науаи, нәтімді ұғар кім менің!

Сен де, мен де – орылмаған сынды егін.

Хаямдардың қайғысына ортақ қып,

Дәруіштікке салған бізді мұң ба еді?!

О-о, Науаи, о, Науаи, Науаи,

Сен секілді бола алмадым бала би.

Көңілімнің күмбезінен шарқ ұрып,

Ғазалыңдай сыңсып ұшты нала-күй.

Махбүбыңның қаққанына бір күлім,

Шып-шырайлы еттің тілін Түркінің.

Хафизбенен сенің пірің кім өзі ол,

Жұрттан ерек білген сөздің қыр-сырын.

О-о, Науаи, мұқалмасын қаламым,

Суалмасын жүректегі «шарабым».

Сұлу сөзбен тұрғызайын сен құсап,

Ғашықтықтың мұнаралы қамалын.

...Сөздерімді-ай, ішімде өлген кіл қыршын!

Алишердей болсам ғана жыр жырсың.

Қайран, дана Алишерді көргенде-ай,

Лүтфи шалға не боларын кім білсін?!

ЕСКІ СУРЕТ

(Жұмабайдың Мағжанына)

Сурет бар менде ескірген,

Жүрексіз уақыт кімді аяр?!

Бояулар оңып кескіннен,

Ұқтырды сырлы бір баян:

Өй, мынау сері, сал ақын!..

(Өзіңе мәлім ар жағы.)

Еңбектің таптым дәл атын:

«Жұмабай шалдың Мағжаны».

Түсірер еске Түркіні –

Өмірі – бұйра шашындай.

Ниеті – көздің кірпігі,

Көптігі – соқа басындай.

Толған Ай бейне түр-түсі,

Көңлінің ағы – жағасы...

Аруларға арман – күлкісі,

Керімсал, кербез – қарасы.

Ұяты бетін маздатқыр,

Жалыны сумен өшпегір.

Төгіліп кете жаздап тұр,

Жүзінің мөлдір қос көлі.

Қайшылап қасы маңдайын,

Жазмышқа қатпақ өктем үн.

Азапты татып балдайын,

Еріні еске алды өпкенін.

Керілген иық, иекпен,

Қыранның сенсің қағаны.

Мағжанға тағдыр сый еткен,

Абайдың жанын жаралы.

Сағынған сорлы анасын,

«Мұңлық пен Зарлық» күйісің.

Сен, әттең, сурет ғанасың,

Сезе алмас жусан иісін!!!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: поэзия, кітап, жаңа, жас, ақын
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар