Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Салауат Кәрім: "Қарт шенеунік" (әңгіме)

20.12.2016 691

Салауат Кәрім: "Қарт шенеунік" (әңгіме)


Қарт өмір бойы билікке қызмет еткен шенеунік. Күтімін білген адам, соңғы мезгілде ұйқысы жоқ, дерті шыдатар емес, жан дүниесі асқынып, тоқтамайтын уайымға ұласып, жаны күйзеледі. Қарт шенеунік бұндайда өткен өміріне көз жүгіртеді, одан мән іздейді, қалған күндеріне жауап іздейді, сауалына жауап таба алмай дал болады. Ұйқысы қашқалы түнде көзі ілінбей, қараңғы төбеге қарап жатады, содан түнде тұрып жазады, заманға лайық бірдеңелер іздейді.

Қарт шенеунік.jpg


Бүгінде таң атқанша ойын асыға енгізіп, өндіріп жазды, әдетіндей орысша жазады, ұнамаған жерлерін сызып, штрихтер енгізіп, ішінен екі рет қайта оқып, мұқият беттеп шықты. Жазып болған соң төменгі қабаттағы ас бөлмеге барып шәйін ішті. Екі қабатты кең үйдегі кемпірі намаз оқитын бөлменің ашық тұрған есігін тарс жапты. Таң намазын оқып жатқан кемпірі басын көтеріп, жақтырмай оған қабақ шытты. Қарт шенеунік құдайға сенбейді.


Қарт шенеунік өмір бойы билікке қызмет етті. Одақтық дәрежедегі зейнетке шыққаннан кейінде бос қалмады, ғылымға арнады. Кемпірінен басқа ешкімі жоқ, туысқан жұрттан алыстағаны жарты ғасыр, бала сүюге ынтасы болмады, асырап алған қызы бөлек тұрады. Алматыда оқуын бітірген бойда республика Министрлер Советі төрағасының орынбасары - нағашысы қарт шенеунікті бірден аудандық комсомол комитетінің хатшысы қызметіне жіберді, одан кейін ол көп жылдар партия және совет органдарында лауазымды қызметтерді атқарды, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, облыстық атқару комитетінің төрағасы, Орталық комитеттің жауапты қызметкері, кейін ғылым докторы, профессор, қазір – мемлекет және қоғам қайраткері. Атақтан, сыйлықтан, марапаттан, ақша - байлықтан кенде болмады, өзінің «қадырын білген» адам.


Қарт шенеунік билік мүддесі үшін жанын аямады, адамдарға өзінікін істеген және істеткен қайраткер - басшы, мансабына жеткен шенеунік, ол әрқашанда заманына лайық өмір сүрді. Қарт шенеунік жығылған да, құлаған да емес, ең бастысы басынан сөз асырмаған шенеунік. Сталин дәуірінен келе жатыр, Хрущев, Брежнев, Горбачев замандарын өткерді....


Қазіргі заман тілімен айтқанда қарт шенеуніктің резюмесі осындай, әңгіме резюмеде болса, оның астында адам өмірінің қуаныштары мен күйініштері, жақсылығы мен жамандығы жазылмайды, сондықтанда біреудің түйіндемесі арқылы адамды тану қиын. «Жасарын жасап, асарын асап қалған» шенеунік шалға қадалып, тиісіп қалған менікі де дұрыс емес, дегенмен кәрілік – әркім өмірінің адамшылық шыңы, әдемі кәрілік терең түйгендердің қолынан келетін шаруа, кім кәрілігіне адал жеткісі келмейді, кім өзінің жанын кәрілігінде қинағысы келеді?


Қарт шенеунікті түсіну қиын, бірде дұрыс, бірде бұрыс. Қарт шенеунік қараптан қарап отырып, бұзылатын әдеті бар, өзгеден өзінің артық екенін көрсетіп шыға келеді, онысы, көп жылдар бойғы биліктен қалған әдеті, бұндайда үлкен кісіге тән сабырлық көрсетсе, ақылға салып, үлкендігін көрсетсе игі еді деп қаласың.


Шал тәкаппар, іші тар, тұла бойы қызғаныш, өзіне ғана бола берсін дейтін, тәубашылығы жоқ адам. Ақыл демекші, қарт шенеунік ақылдан алжасты деуге тағы болмайды. Неге дейсіз ғой, осы күнге дейін көпті көрген адам ретінде не өмір түсінігін, не көзғарасын білдірмейді. Кейде осы қарт шенеунікте адамшылық, ақыл деген болды ма екен өзі?! – дегенде ой келеді, ондайда бала кезде, әжем ашуланғанда: «Құлыным, қырыққа келгенше қырқынан шықпаған, алпысқа келгенше ақылы кірмегендерде болады» дегені есіме түседі.


Әркім көрген білгенімен, түйгенімен өмір сүреді, ал қарт шенеунік жеткенімен мақтанып, өмір сүреді, мақтағанды ұнатады, ал біреуді құрметтеуді тіпті білмейді. Оған қалса билікте одан күшті басшы болмаған. «Мен бүйтіп едім, мен сөйтіп едім, Орталық Комитеттің бірінші хатшысына тікілей шықтым, пленумда мәселені ашық көтердім, қаланың өсуіне ғұмырымды арнадым, екі үлкен заводтың құрылысын лично, менің инициативаммен салынды», - деп мақтана жөнеледі. Мүмкін раста шығар, бірақ адамдар айтса, халық мақтаса бір жөн. Ондайда үндемей тыңдайсың, өзіңде ұялып басыңды шұлғисың. Сосын «қазіргі әкімдер ұрлауды үйренген, асап жұтқанды біледі» дейді, онысы елді жәйлаған жемқорлықты сынап жатыр ма десең, жоқ, қарт шенеунік: «біздің жегендер шыбын түкіргендей екен» деп, қайта билікте жүргенде олда айлакер болғанымен мақтанып, аздап өтірік ашылғаны. Оны біреу түсінеді, ал біреу түсінбей әлек.


Қарт шенеуніктің адамшылығы да, қазақшылығы да шамалы, ондай қасиеттері жоқ десе де болады, қазақ деп көп айтқанды жақтыра қоймайды, ал пайдасына керек болған кезде ұлт мәселесі оның уысында құрал қаруға айналып, байсалды қызыл түлкі болып шабады, ондай кезде сені жерден алып жерге салуға, аспанда күн етіп көруге бар. Қарт шенеунік бұрынғысындай сақ жүреді. Тың игеру жылдары аяғында аудандағы қазақ мектептерін жапқызғанын, облысқа келгеннен кейін сәулетшілер тобын бас сәулетшісімен бірге қуғынға алғанын, бесжылдық жоспарының артық қаржы былықтары үшін қызметінен босап, Орталық комитететке «ауыстырылғаны» және басқа да толып жатқан айтуға ұят, арсыз нәрселерді ешкім білмейді деп ойлайды. Қарт шенеуніктің қулығы да, сұмдығы да бір басына жетіп бағады, онысын биліктен қол үзбеген «адал қызметімен» ақталады, адамға жақсылық істеген емес, өмір бойы өз тірлігінің, қара басының қамын ойлаған адам.


Қарт шенеунік жасында пысық болса керек, артынан байқамай өткен пасық ғұмырына қазір ақтау іздейді. Артында бір сұрау барын сезді ме, әлде ары оянды ма, әлде өміріндегі жақсы уақыт, жақсы кезең, оның бақытты шақтарымен бірге желдей зулап, өмірінің әр күні, әр жылы босқа кеткенін түсінді ме, әйтеуір не керек, қарт шенеуніктің жаны қатты күйзеледі, жаны күйзелмейтін адам болмайды, содан шығар бірдеңе іздейді, түнде жазады. Ондай кезде қарт өткеніне үңіледі, жауап таба алмай дал болады, бұрынғы өмірін аңсайды, өткеннің қайтып келмейтінін білген сайын алған бетінен қайтпайды, өзі кінәлі және құдай білетіндерді мойындамайды, келіскісі келмейді....


Қарт шенеунік жазып болған соң ауладағы скверге шықты, сіріңкесін тұтатып, түнде жазғандарын отқа салды. Қоғам қайраткері қарт шенеуніктің не ойлағанын, не жазғанын ешкім білген жоқ. Жазғандарын артынан жыртып, не өртеп жібереді. Бүгінде солай жасады.


Үлкен жазу столының үстіне қайта оралды, ұмытқандай біраз тұрды.


Кемпірін оятып, шоферін сағат он бірге шақыртты. Жуынып, киініп, шығуға дайындалды. Шкаф үстінде жатқан «Билік феномені» атты он беттік мақаланы алып, артынан келген қара мерседесіне отырып, «Казахстанская правда» газетінің редакциясына бет алды.


2012 жыл


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар