Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
"Қыз Жібек" фильмінің тұсаукесері өткен күн

20.12.2016 941

"Қыз Жібек" фильмінің тұсаукесері өткен күн


кыз жиб.jpg


Бүгін қазақ киносының алтын қорына енген әйгілі туынды «Қыз Жібек» фильмінің туған күні. Яғни осыдан 46 жыл бұрын Алматы қаласындағы «Целинный» кинотеатрында фильмнің тұсаукесері өткен екен. Түсірілім жұмыстары 1968-1970 жылдары жүргізілген фильмге қазақ әдебиеті мен өнерінің кілең корифейлері қатысқан. Фильмнің сценарийін қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов, музыкасын әйгілі композитор Нұрғиса Тілендиев, суретшісі Гүлфайруз Исмаилова, қоюшы режиссері Сұлтан Қожықовтар еді. Фильмнің тамаша өнер туындысы болып шығуына Камал Смайылов, Олжас Сүлейменов, Асқар Сүлейменов, Ілияс Омаров қатарлы белгілі азаматтардың да өлшеусіз үлесі барлығына тарих куә. Фильмде орындалатын ән мәтіндерін ақын Қадыр Мырза Әлі жазған екен.


Қазақ ауыз әдебиетінің айтулы мұрасы, «Қыз Жібек» төл лиро-эпостық жырының желісімен түсірілген фильмдегі басты рөл – Қыз Жібекті жас актриса Меруерт Өтекешова ойнайды. Меруерт Өтекешованың кастингке қатысқан жүздеген қыздың арасынан бірден-бір лайықты деп танылғаны – бір үлкен хикая.


бекежан.jpg

Фильмде Төлегенді Құман Тастанбеков, Бекежанды Асанәлі Әшімов, Шегені Әнуар Молдабеков, Базарбайды Кәукен Кенжетаев, Сырлыбайды Кененбай Қожабеков, Қаршығаны Ыдырыс Ноғайбаев, Қамқаны Сәбира Майқанова, Айкөзді Гүлфайруз Исмаилова, Кербезді Фарида Шәріповалар ойнайды.


Фильмнің түсірілімі Көкшетау, Семей, Алматы, Маңғыстау өңірлерінде жүріледі. Жалпы алты серияға жетерлік көріністер түсірілгенімен, сол кезеңнің талап-таразысына сәйкес, қырқыла-қырқыла келе екі сериясы ғана қалған екен.


1971 жылы Мәскеу қаласында Бүкілодақтық тұсаукесері өткен фильм осылайша күллі Кеңес Одағына, одан соң әлемдік прокатқа жол тартады. Кинодағы басты мақсат – екі жастың махаббаты ғана емес, қазақ халқының салт-дәстүрі, өмірлік танымын таныту болғандығын актер Құман Тастанбековтың бұқаралық ақпарат құралдарына берген мына сұхбатынан көреміз: ««Қыз Жібек» – тек қана мәңгілік махабатты емес, патриоттық сезімді ұлықтап, қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын кеңінен қамтыған кино. Содан болар, ол басқа картиналармен салыстырғанда өміршең болды. Оған деген халықтың сүйіспеншілігі жылдар өте келе артпаса, кеміген жоқ. Өйткені бұл кино тек қана бір тақырыптың аясымен шектелмеген.


КЫЗ Ж3БЕК.jpg

«Қыз Жібек» лиро-эпостық жыры ойдан шығарылған оқиға емес, шынайы өмірде болғандығымен де қызықты шығар. Бұл махаббат хикаясының осыдан шамамен 500 жыл бұрын Ақтөбе облысының аумағында болғаны туралы нақты тарихи деректер бар. Демек халық аңыз-әфсанадан гөрі тарихи оқиғаны жоғары бағалайды.


Оның үстіне, сценарийін Ғабит Мүсірепов жазып, Сұлтан Қожықов режиссерлік еткен, Нұрғиса Тілендиев пен Қадыр Мырза Әли, Гулфайруз Исмайылова сияқты өзі ісінің мамандары атсалысқан картинаның осал болуы мүмкін емес еді. Актерлер де кіл мықтылар. Қай образға қарасаң да хас шеберді көресің. Сырлыбай, Бекежан, Шеге, Қаршыға, Базарбай, Қамқа, Айкөз, Кербез бейнелеріндегі әртістерді режиссердің дәл тапқанына қайранмын».


1972 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болған фильм 1972 жылы Тбилисиде өткен Бүкілодақтық кинофестивальде «Үздік көркемдік шешім» аталымы бойынша жеңімпаз болады.


Қыз Жібек» фильмі – жарты ғасырға жуық уақыт бойы «қазақтың бай әдебиеті мен мәдениетінің жарқын мысалы, айқын көрінісі ретінде өзінің көрсетілімдік миссиясын лайықты атқарып келе жатқан өлмес туынды.

adebiportal.kz



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар