Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Жолтай Жұмат Әлмашұлы: «...ӘДЕБИЕТКЕ АДАЛ БОЛМАСАҚ...»

08.12.2016 321

Жолтай Жұмат Әлмашұлы: «...ӘДЕБИЕТКЕ АДАЛ БОЛМАСАҚ...»





қаламдас-әріптестерге ойсалар сөз



3058.jpg
Сөз мырза сілкіне сөйлеп, санап-санап, бүгінгі күннің бар кемшілік-кінәсін, жөнсізі мен жосығын жіпке тізгендей етіп алдыма тағы да тарта берген. Несіне сағызша соза береді осы әңгімені, онсыз да аз айтылып жатыр ма екен деп, мен де шала құлақтанып, қиыс қарап, атүсті тыңдап тұрғам. Бір сәтте ұлы мәртебелі әдебиет аулына ауысқан. Ал кеп көсілсін! Ал кеп төмпештің астына алсын! Мені ме? Жо-жоқ, менің барша әріптестерімді! Ол былай деген: « Ақылың болса санаңа құйып ал, Әлеумет пен Әдебиетті бөліп қарауға болмайды, бірінсіз-бірі жетім қозыдай болып, қиналып тіршілік кешпекші! Өзің-ақ ойлашы, көркем әдебиеттің діттеген міндеті қайсы – әрине, халықтың жан сарайын тазарту, ойына ізгілік ұялату, мейірімге шақыру, тазалыққа үндеу... Соны біле тұрып, осы күнгі зиялың да, зиялы емесің де ой «қазанын» таптап өте шыққысы келеді де тұрады! Соны қайсың дұрыс дейсің? Дұрыс па осы әрекет?..» 

Е-е, Сөз мырза десе, сенің айтып отырғаныңда бір мін бар ма? Дөп түсіп жатсың! Дөп сөйлеп тұрсың осы жолы! Рас, кейінгі жылдарда әдебиетке адалдық деген ұғым жетімсіреп, бұлдыр тартып, әркім өзінікін жөн санап, бәрі де «бас-басына би болып» бара жатқанын несіне жасырайын! Қайсыбір күні қазақтың білікті сыншысы Бақыт Сарбалаев «Қазақ үні» басылымы арқылы зиялы қауымға тамаша ой тастапты! Кермек әңгіме болса да, астарында ащы шындық шыңғырып жатыр! Біз, рас, осы күні өткенді мүлде ұмыт қалдырдық, кешегі ұлт әдебиетінің алыптарына құрмет көрсетіп, ардақтау тұрмақ, атын атауға да еріне бастадық, бәрі де уақыт ығында көмескіленіп, бірсін-бірсін өшіп бара жатқандай. Алда-жалда айта қалсақ, тек кемшілігін қазбалауға әуеспіз, қайтсек мін табар екенбіз деп емексиміз! Жақсылыққа бастар жол ма осы? Міне, биыл еліміздің тәуелсіздік алғанына 25 жыл толды деп дабырайта айтып, қуанысудамыз, расымен ұлт үшін үлкен мейрам! Қалай тойласақ та, жарасады! Ал, тәуелсіздік жылдарындағы ұлт әдебиеті ше? Оның жоғын кім жоқтап, мәртебесін кім көтереді? Осы ширек ғасыр аралығында көркем әдебиеттің үш бұтағы – проза, поэзия және драматургия саласында ауыз толтырып айтар кесек-кесек толымды дүниелер жарық көргеніне ешкім де дау айта алмас! Алайда, «күріш арқасында күрмек те су ішеді» дегендей, ара-тұра көркемдік сапасы төмен, айтары бұлдыр, тілі нашар, үйретері аз дүниелер де таралып кетіп жатыр, оған не істерсің? Аз болса жақсы-ау, жылдан-жылға қаулап өсіп, барынша көбейе түсуде «талантсыз» туындылар! «Анау мынадай, мынау былай» деп ақты ақ, қараны қара дейтін әділ сын да ақсаған, жалпақшешейлік басым! 
Адамына қарап, сөз сөйлеу де белең алып кетіпті! Жақсылыққа бастар жол ма осы? Осындайда ойлайсың- кешегі аға буын ақын-жазушылар қалай десек те өз заманында өз бағасын алды, марапатқа да ие болды, оқулықтарға да еніп кетті, оны қайта қазбалап қайтерміз? (Өткенге күл шашқандардың өз ары білсін!) Осындайда ойлайсың – бүгінгі 25 жыл бедерінде жарық көрген прозалық, поэзиялық және драмалық туындыларды қайталап сүзгіден өткізіп алса ғой, шіркін! Бір емес, бірнеше сатылы сүзгі болса ғой ол! Әртүрлі пікірлер жиынтығы нағыз әділ бағаны анықтап бере алар еді! Міне, содан соң барып, ең елеулі де татымды көркем шығармаларды тиісті марапатқа (тіпті мемсыйлыққа да) ұсынып жатса, қалың оқырман қауым да, әдебиеттің өз өкілдері де «әрі тарт, бері тартқа» бармай, барлығы бірдей Адалдық алдында иіліп бас шұлғымас па? Аз айтып, көп айтқанда – Әдебиетімізге мейлінше шыншыл да адал бола алмасақ, өзгенің бәрі де бекершілік! Менің ойыма осындай кермек қиял қонақтаттың, Сөз мырза! Соны кестелеген түрім бұл!...


«Семсер сөзбен сырласу»

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар