Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Аягүл Мантай: Орыс қаламгерлерімен тең дәрежеде сұхбат құратын қазақ жазушысы келгенде ғой

07.02.2017 661

Аягүл Мантай: Орыс қаламгерлерімен тең дәрежеде сұхбат құратын қазақ жазушысы келгенде ғой


Aiagul-Mantai.jpg



Әдебиетке өзіндік үлесін қосып жүрген орта буын өкілдеріне бүгінгі күннің өзекті мәселелері жайында сауалнама жолдаған едік.


–Қазақ қаламгерлерін шетелге өз деңгейінде таныта алмай жатырмыз. Әлеуметтік деңгейі төмен деген елдердің әдебиетшілері бұл сатыдан өтіп, Нобель сыйлығына ұсынылуда. Аударма саласына не жетіспейді?


Былтыр Мәскеуде өткен «Орыс жазушылары мен қазақ жазушыларының диалогы» атты дөңгелек үстелге қатыстым. Сонда орыстың қаламгерлері «Бұрын қазақ-ақын жазушыларының шығармалары орыс тіліне аударылып, біздің басылымдарда жиі жарияланатын. Қазір біздің бір-бірімізбен ешқандай байланысымыз жоқ. Қазақ жазушылары не жазып жатыр, қандай жаңалығы бар? Біздің білгіміз келеді. Бір-бірімізді оқиық, араласайық» деді. Қазақстаннан келген аудармашы өзі жұмыс істейтін журналға қанша орыстың ақын-жазушысының шығармасы жарияланғанын айтып, қағазға жазып әкелгенін оқып, есеп беріп кетті. Дөңгелек үстелді жүргізіп отырған кісі әңгіме ауанын өзгерткісі келсе де, түсінбеді. «Орыс қаламгерлерімен тең дәрежеде сұхбат құратын қазақ жазушысы келгенде ғой» деп ойладым. Бәлкім, ол жақсы аудармашы шығар, бірақ орыс қаламгерлерін пікірімен ұйыта алмады, тыңдата алмады. Халықаралық деңгейдегі конференцияға салмағы бар, «міне, мына қазақтың ақыны, міне, біздің жазушымыз» деп көрсететін, салмағы бар адамды жіберу керек қой. Бәлкім, ол жазушының пікірі ұнап, дөңгелек үстелге қатысып отырған орыстың ақын-жазушылары шығармасын аударар, бәлкім, өздері басқарып отырған журналға шығармасын басар. Бір қазақтың жазушысының аты Мәскеуде шығып жатса, танылып жатса, жаман ба?


...Әдебиеттегі шенеуніктер өз танысын жарнамалап, өз танысын шығарып, өзіне қарсы келмегендерді көтермелеп жатыр. Біздің әдебиет әлемге шығу үшін ең алдымен рулық мүдденің қақтығысынан құтылу керек. Қазақ әдебиеті «рулық шеңберден» шықпай, әлемге ешқашан танылмайды. Ал «сіз аударма саласына не жетіспейді?» деп сұрайсыз.


–Әдеби сын тоқырап қалды. Оның үстіне сын қабылдаудағы мәдениетіміз де анау айтқандай жоғары емес. Қайтпек керек?


Соңғы кезде қазақ әдебиетінде өте сауатты жазылған сынды көрсете аласыз ба? Біреу өзінің баяғыда кегі кеткен біреуді тұқыртып, жер ету үшін жазса, енді біреу «ертең мынау менімен қасарысып, ұстасып жүрер... Сынап отырып, мақтайын» деп қуланып, өзінше тепе-теңдікті ұстанады. Енді біреудің шынымен сын жазуда ниеті түзу, тек білімі аздық етеді. Байқайсыз ба, біздің қоғамда рухани құлдырау бар. Ештеңеге селк етпей болдық, жанымыз қасаңданып, қоғамдағы әділетсіздікке етіміз өліп кетті, ең қорқыныштысы, оны тіпті қалыпты жағдай ретінде қабылдайтын болдық. Біз өзімізді рухани құлдыраудан құтқара алмай, әдебиеттің болашағы туралы, сын туралы әңгіме айту да қиын. Сын жанры түгілі, қоғамымыздың диагнозын білеміз, бірақ емдегіміз келмейді, емделгіміз келмейді.


–Рулық, географиялық, ұжымдық айналада әдебиет жасау белең алып кетті. Әдебиет деген жалқының олжасы ғой. Осыны қалай тежесе болады?


«Мен әдебиет жасаймын, мен әлемге танылам» деген амбициясы бар әр ақын-жазушы өз өмірі өзіне ғана қымбат екенін түсіну керек. Біздің қоғамда әдебиетке шексіз ғашық бір жан әдебиет жолында өзін-өзі құрбандыққа шалып жіберсе, қоғам оны тек аяп, мүсіркей алады. Бірақ оянбайды. Сондықтан шамаңыз келсе, оятыңыз, ұйықтап жатқан сананы сілкілеңіз. Шын мықтысыз ба, өзіңізді әлемге мойындатыңыз, сонда ғана біздің билік «міне, бізде мынандай әлемге танымал жазушы бар» деп мойын бұрады. Себебі, сіздің әлемдік деңгейдегі беделіңіз біреулерге керек.





Сұхбаттасқан Бағлан Оразалы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар