Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Талғат Кеңесбаев: Иманғалидың қолтаңбасы

06.12.2016 405

Талғат Кеңесбаев: Иманғалидың қолтаңбасы


15326567_1874868022745229_7905392996990222032_n.jpg

Атырау бағытына қарай арқасына мінгізіп, барыстай шапшаң жүрген пойызға отырған біздер қалай жеткенімізді білмей қалдық. Қарсы алған жігіттер аяғымызды жерге тигізбей, «Қазақстан» қонақ үйіне қарай алып жүрді. Бір таң қаларлығы, айналайын Ақжайықтың екі жағалауына «Азия» мен «Европа» орналасқан екен... Керемет! Екі жағалау әлемнің екі атауымен аталғанымен, бұл-тәуелсіз еліміздің абыройы асқақ – Атырау қаласы. Еңселі елі. Өр елі. Жол бастап келе жатқан Дастан қаланың, облыстың жетістіктері жайлы дәл «Би-Би-Си»-дің тілшісі сияқты өте тез, әрі мазмұнды таныстырып келе жатыр. Сөзінен байқағаным, сонау Талдықорғанның жігіті. Қызмет бабымен осындағы театрға келген екен. Жолда келе жатып «Исатай мен Махамбеттің» ескерткішін көре сала, арқам шымырлап кетті. «Тоқта,тоқта!» деп айқайлап жіберіппін. Шопыр жігіт сыпайы екен, тізгінді еппен тарта қойды. Батыр аталарымызға басымызды иіп, қозғалып кеттік. Жігіттердің бар назары Анар Қабдуллина мен Қуат Ахметжановқа аса бір құрметпен сөйлеп отыр. Ішімнен қызғанбасам да «Мына жігіттер мені дәу де болса, Анар мен Қуатжанның сөмкелерін көтеріп жүрген «біреу-ау» деп ойлағандары білініп қалды. Өйткені, Анардың Рахымжан Отарбаев ағамыздың классиккалық туындыларына өте жоғары баға беріп, жан-жақты талдап, мақалалар жазғанын және оның бауыры Қуатжанның Рахаңның шығармаларын аса шеберлікпен оқып, «аудио» кітап жасағанына рахметтерін жаудырып жатыр.


Мен туралы бір ауыз сөз жоқ. Мен де пендемін, ет пен сүйектен жаратылған. Бірақ, неге екенін білмеймін, соңғы уақытта оған да етім үйрене бастаған еді. Осылай жүре берер ме едім, егер де Рахымжан Отарбаев ағам болмаса. «Әй, Талғатжан, сен ешкімнен кенде емессің. Жазғандарыңды маған жібер, оқиын, пікірімді білдірейін, «Ақжайық» журналына басайын дегесін қуанып кеткенмін. Тарпаң мінезі әділетсіздікке төзбейтін, қазақты жер-жерге бөліп алып, бір-бірімен «итше» қырқыстыратын адамдарға қарсы. Аямай жазалауға бар. Сөзі кесек-кесек, тілі ұстарадай өткір болғанымен, кейбір қаламгер ағаларымыз сияқты «алдына келгенді тістеп, артына келгенді тебетін» мінезі жоқ. Ол қасиетін Алатау асып, қырғыз барсаң, Ресей, Түркия тағы басқа шет елге барсаң да осы мінезін айтары хақ. Өйткені, Рахаң – нағыз қазақ. Бір жақсыны көрсе, бауырына тартып тұратын ағалық мінезі бар. Осындай азаматқа кішкене «дурактау» бауыр болу бақытына ие болғаныма өзім еркеше қуанамын...


Келе жатырмыз. Көрікті қалаға қарап отырмын. Көше-көшесі таныс сияқты. Бірінші рет келсем де, сырттай таныс-біліспін. Оның үстіне туған ағамдай боп кеткен Иса Момбаевтың Атырау туралы әңгімесін анық соңғы екі жылда қайта-қайта тыңдап, бұл жерді «бір көрсем» деген ойға бөленгенім анық еді...


...Сонымен «Қазақстан» қонақ үйіне келдік. Бас-басымызға кең-кең бөлме бұйырды. Жайлы бөлмеге орналасып, жайғасып алғаннан кейін Ғабит Молдамұратов деген мықты азаматтың бұл сапар жайлы нұсқауларын тыңдап алып, төменге түстік. Мәссаған, Асанәлі, Есмұқан, Иранбек, Мұрат Ахманов ағаларымыз тұр. Шіркін, ағалар аман болыңыздар!


– Баяғыда, Имаш осы облысты басқарып тұрғанда, – деп әңгімесін аяқтап келе жатқанда ұйымдастырып жүрген жігіттер ол кісіні қолтықтап, дастарханға қарай бастады. Өзіміздің «Көзқарас» бағдарламасының тамаша жүргізушісі Ирак Елекеев ағамыздың қолтығынан демеп, дастархан басына келгенімде елдің бәрі қазақтың аса дарынды, ұлы композиторы, есімі әлемге танымал өнертанушы Ілия Жақанов ағамызбен құшақтасып, амандасып жатты. Біз де амандастық. Ғабиттің нұсқауы бойынша «өз орныма» барып отырдым. Кешкісін театрға бардық. Театр фистивалі басталды. Обылс әкімі Нұрлан Асқарұлы керемет сөз сөйлегенін, Рахаңның шедевр туындысының қойылымы жайлы, Сіздердің келісімдеріңізбен келесі жазбамда кеңінен тоқталып кетуге мархабат етерсіздер, қадірлі оқырман!


...Сонымен үзіліс кезінде «Қонақ үйдің бірінші қабатындағы фойэде Ілия Жақановпен әңгімелесіп отырмын. Ой, шіркін-ай, Ілекең тірі энциклопедия ғой. Мәдениет, музыка, әдебиеттен терең толғағанда таң қаласың!? Тыңдай бергің келеді.


– Имаш осы Атырауға келе салысымен, «Пора домай» деген соң келдім. Ана Аққұштап апаңның сөзін тыңдадың ғой. Қазақтың өр, ақын қызы ғой. Аман болсын. Мына Рахымжан бауырым, айналайын аман болса, «Нобель» сыйлығына түрік елі ұсынып жатқанын естіп қуанып кеттім. Абай атамыз «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген сөзінде үлкен мән-мағына бар. Іле ағаның «Қазақ халқының жақсылықта, қуанышта жер-жерге бөлінбеңдер» деп үлкен әңгіменің ұшығын шығарып келе жатыр еді, кенет шопыр бала келіп: «Аға, жүріңіз» деді.

– Ренжіме, бауырым, үйдегілер ғой мені шаршап қалмасын деп... Сарыарқаны сағындым, шіркін, кең дала! Шіркін, Есіл... Шіркін, Ертіс... Айналайын, аман жүр. Сен Семейде емес пе едің?

– Аға, төрт жыл болды Астанадамын.

– Аа, үй алдың ба?


Жауап беруге қысылдым. Не деп жауап берерімді білмедім... Ұлы композитордың көңіл-күйін бүлдіріп аламын ба деп қорықтым.


Есік алдына шықтық. Ілекең алдына күйсандық келсе, әлде бір әуенді ойнай жөнелетіндей көрінді маған.


– Міне, Ақжайық жағасы. Айбынды Атырау. Бұл жерде Иманғалидың қолтаңбасы жетерлік.

– Біздің Семейде де бар.

– Имашым, Нұрсұлтан Әбішұлының ең сенімді адамы. Қандай қиын жерге жіберсе де иығын тосып, елдің бірлігі үшін еңбек етеді. Мені Көкшетауға шақырып жатыр, сол жаққа барып сағынышымды басып келмесем деп сөйлеген кезде дәл бір жас бала сияқты. Қандай мейірімді, қандай мәдениетті адам.


Ел ақсақалы ғой.

Шіркін, елде осындай қариялар көп болса ғой.

Ұлы композитормен жылы қоштастым...

Р.S. Қайтып келеміз. Жанымда купелес Алматының Ерасыл деген жігіті. Өзі көп жылдар инженер боп істеген. Қазір өзінің шаруа қожалығы бар. Өкімет пен партияға алақан жаймайды. Ешкім оған ұрыспайды. Салығын уақытында төлеп, өз-өзімен немерелерін қызықтап жүрген бір бейбіт адам.


Екеуміз «Тальго» ресторанында шай ішіп отырмыз. Қолында Рахымжан Отарбаевтың анау күні «есалаңдар» өртеген, бүгінде әлемнің бәленбай тіліне аударылған «Шыңғысханның көз жасы» деген кітабы. Шайдан бір ұрттап қойып, қайта-қайта астын сызған сөздерді маған тамсанып айтумен болды.


Бір кезде қолындағы дәу телефоны шырылдасын. «Немерем ғой, әй кемпір, осы баланы атқа мінгізбей қойған ғой тағы да» деп алды да, – Мағжантай, аманбысың құлыным...


– Ата, атака. Атажан, сүйінші!

– Садағаң кетейін, айта ғой.

– Маған қолтаңба қойып берген Иманғали аға Мемлекеттік сыйлық алыпты. Нұрсұлтан атамның жарлығымен.


Дауысынан естіп тұрмын өжет бала екен. Ерасыл қуанғаны сондай тебіреніп кетті.

Мен де қуандым, әрине.

Терезеден қазақтың кең даласына қарап тұрмын.

Қостанай облысының кең даласы.

Пойыз «Мәңгілік елдің» Астанасын бетке алып, зулап келеді...



Атырау-Астана


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар