Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
"Ауылым - алтын тұғырым" Драма жанрында кімнің аты озар екен?

02.12.2016 439

"Ауылым - алтын тұғырым" Драма жанрында кімнің аты озар екен?



3f5ac6435589b8ca06887a4cbdc236b6.jpg
ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «АУЫЛ» партиясы мен «Әдебиет порталының» ұйымдастыруымен өтіп жатқан жас ақын-жазушылар арасындағы «Ауылым – алтын тұғырым» атты әдеби онлайн-конкурсы өз мәресіне жақындап қалды. Бәйгеге еліміздің түкпір-түкпірінен сан алуан қаламгерлер қатысып, шығармалары көпшіліктің назарына ұсынылды.


 Поэзия, проза, драматургия аталымдары бойынша келіп түскен шығармалардың саны 200-ден асып жығылды. Дегенмен, алдыңғы екеуіне қарағанда драматургия бойынша түскен шығармалар едәуір аз болды. Оның басты себебін драматургияның күрделі, көп ізденісті талап ететін, шығармашылық шеберлікпен жазылатын жанр екендігімен түсіндіруге болатын шығар.


 Драматургия аталымы бойынша бағын сынағысы келген қаламгерлердің арасында елге танымал, қаламы ұшталған драматургтермен қатар, жас қаламгерлер де бар. Кейбір шығармалар тікелей тақырыпқа қатысты болмаса да, ізгілікті, жақсылықты, адамдықты, адамдардың күнделікті өмірін дәріптейтін пьесалардың ешқайсысын бөліп-жармай, оқырмандардың назарына ұсынып отырдық. Атап айтар болсақ, конкурс жарияланғалы бері порталымызға 10-нан астам пьеса жарияланды. 



Жас қаламгер Айсұлу Жолтайқызы «Мақтаншақ бақа» мен «Қақпанның ақылы» деген екі пьесасын жолдапты. «Ауыл ертегілері» деген ортақ тақырыппен берілген екі «ертегі-драма» балалар аудиториясына арналса да, онда ересектерді де ойландыратын, мәңгі өлмейтін тақырыптар қозғалған. Мақтаншақ бақаның үлкендердің тілін алмай, өзімбілемдікке салынған тәкаппарлығы әшкереленіп, аға буын мен бүгінгі ұрпақ арасындағы тартыс жан-жануарлардың бейнесімен әдемі ұштастырылған. 


Ал «Қақпанның ақылында» бір қорадағы әтеш бастаған тауықтар мен момын қошқар бастаған қойларды жыртқыштардан қорғауға тиісті қақпанның «тағдыры» суреттеліп, қазірде адамзатқа жат болып бара жатқан адалдық, тазалық, мейірбандық дәріптеледі. Қос пьесада да жас драмашының ұшқыр ойы, кейіпкерлерінің мінез-құлқын дамытуы, оқиғаны шиеленістіруі, сюжетті орайластыруы риза қылады. 


 Келесі қатысушы белгілі ақын Бақыт Беделхан. Оның «Ұлым, саған айтам» атты интеллектуалдық драмасы көпшілік көрерменге таныс деп ойлаймыз. Өткен жылы белгілі актер Бекжан Тұрыс пен ұлы Мағжан Тұрыс екеуі сахналаған туындының толық мәтіні бұрын-соңды баспа бетін көрмегендіктен конкурсқа қатыстырылып отыр. Драмада әке мен баланың қарым-қатынасы, ұлттың бүгінгі болмысы тереңінен толғанған. 


 Ет жүрегім езіліп. 
Қарай берем айнаға, 
Келбетімді көре алмай. 
Мынау - қазақ! - дегенге, 
Секем алып, сене алмай. 
Ия, сен, қазақпысың? 
Сен қазақпысың? 
Сен ше, қазақпысың? 
Жоқ, Түрің - қазақ. 
Дінің - дүмбілез, 
Һәм дүбәрә... дей отырып, бүгінгі қазақтың болмысын іздейді. 


Әскерхан Ақтайдың ақын Ербол Бейілханның «Әке» поэмасының желісі бойынша жазылған «Отың өшпейді, әке» атты драмасы да ұрпақ сабақтастығы тақырыбына арналған. Пьесада қаймағы бұзылмаған қазақ ауылының көші, ауыл адамдарының күнделікті өмірі, сол тырбаң тіршіліктегі өмірлік мұраттары жақсы ұштастырылған. Әке мен бала арасындағы махаббат, әке аманаты осы шығарманың өн бойына өрілген. Және сол алтын жүлге ауылдағы түрлі оқиғалармен, трагедиялық жағдайлармен ұштастырылып, ұрпақтың әке алдындағы парызын орындап шығуымен шарықтау шегіне жетіп, оқырманын айтып жеткізгісіз әсерге бөлейді. 


Манарбек Қыдырбайдың «Кек» атты кинодраматургиясында да қазіргі ауыл адамдарының мінез-құлқы, тұрмыс-тіршілігі жан-жақты, жақсы ашылған. Тағдырдың тәлкегімен темір торға тоғытылған ғашығына соңына дейін адалдық танытқан қыз, қызының қылмыскерге тұрмысқа шығуына үзілді-кесілді қарсы шыққан ата-ана, ата-ананың айтқанынан аттап өте алмаған бала, қыздың қарсылығына қарамастан, күштеп алып қашу, табалдырық аттап қойған «ақ гүлін» амалсыз «жатқа» қиған туған-туыс. Бәрі-бәрі тұнып тұрған ауыл өмірі. Одан ары жас отбасының шым-шытырыққа толы өмірі, алқаш қайын ата мен өгей ененің қолындағы келіннің өмірі оқырманды шым-шым ойға батырып, өзіне қарай тарта береді. Бұл да бір ауылдың қыры деп түсіндік.


 Әбіл Мирас Әбілұлының «Тілсіз жау» атты драмасы да ауыл өмірін айна-қатесіз бере алуымен құнды деп ойладық. Ондағы Мұхтар, Сәбен, Ғалия, Полигон сынды кейіпкерлер өзіміздің ауылдастарымыз сияқты әсер етеді. Пьесаның басында-ақ жас драматург өз кейіпкерінің аузымен үлкен шындықтың шетін шығарады. «Олар... Олар саған әдебиет жайлы түсіндіріп зіркілдейді, Туған жер туралы роман жазады, біз оларға ат мінгізіп шапан жабатынбыз... Олардың қолынан келмейтіні жоқ.... Тек өздерінің «Кіндіккескенін» көркейтуге құлықтары жоқ. Туған жер де туған балаңмен бірдей...» дейді бас кейіпкер. Иә, шынымен, көп адамдар белгілі бір биікке көтеріліп, алар асуларын алған соң туып-өскен топырағына, жұпыны ғана ауылына айналып соқпай кетеді. Тіпті сол ауылдан шыққанын елге айтудан намыстанып, жасырып-жабады. «Азамат ауылда туып, астанада өледі» демекші, сол күйі ат ізін салмай кететіндері қаншама. Егер әр азамат туған ауылына қарлығаштың қанатымен су сепкентей септігін тигізсе, ауылдың ахуалы бүгінгідей болмас еді деген ойға еріксіз жетелейді. 

 Арман Әлменбеттің «Ояту» атты пьесасы да ауыл тақырыбына арнайы жазылған шығарма екені көрініп тұр. Жалпы ауыл адамдарының ізгілігі мен адамгершілігін, ертеңге деген үкілі үмітті дәріптейтін шағын ғана шығарма оқырманға әдемі әсер етпей қоймайды. Шетелден оқып келген Айбектей жігіттер көбірек болса екен деген тәтті қиялға да батырып кетеді. Бұл пьеса да ауылға ат басын бұрмай кеткен адамдарға ой салып, аядай ғана болып бір түкпірде қалған ауылыңды одан сайын аяулы ете түсетіндей. 


 Гүлжан Райымқұлованың «Ауылым – алтын тұғырым!» атты драмасы ауыл адамдары мен қала адамдарының дүниетанымын, көзқарасын жақсы бере білгендігімен ұнады. Қаладағы шолжаң келіннің ауылға келіп ауыл адамдарының адамгершілігіне тәнті болғаны сонша, адам танымастай өзгереді.


 Бұдан өзге, белгілі ақын, аудармашы Маржан Ершудың «Дала-дауыс» тарихи-драмасы, Салтанат Минайханның «Оралу», Гүлсара Шалқардың «Алтын бесік», Алмаз Мырзахметтің «Қуыршақ», Байбол Әлібек Уәлиханұлының «Айқай» және «Аспани адам», Айгүл Жұбаныштың «Қызғаныш», Мырзабек Нәсіпханның «Ер намысы», Айгүл Қасаболаттың «Қасиет тұнған құт мекен», Мәдина Омарованың «Қызыл мия» және Болай Бердиеваның «Алғыс және кешірім» пьесалары ауыл тақырыбына тікелей немесе жанама қатысты болса да, шебер әрі үлкен ізденіспен жазылғандықтан конкурста бақ сынап, қазылар алқасының талқылауына түсуге лайық деп шешкен жөніміз бар.

 Adebiportal.kz

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар