Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Жазушы Мәди Хасеновке 80 жыл

02.12.2016 479

Жазушы Мәди Хасеновке 80 жыл




МАДИП.jpg
Талантты жазушы, қаламы қарымды журналист Мәди Хасеновтың туғанына 80 жыл толып отыр. «Алабас» атты қыранымен ел жадында жаңғырған әйгілі құсбегі Дүйсен Есенберліұлының елі, қазіргі Ақмола облысының Зеренді ауданындағы Қошқарбай тауы баурайында 1936 жылы 1 желтоқсанда өмірге келген Мәди Хасенов орта мектепті аяқтаған соң Көкшетау педагогикалық училищесін бітіріп, одан соң С.М.Киров атындағы ҚазМУ-ді журналистика мамандығымен тәмамдайды.


 Бір кездері Целиноград (қазіргі Астана) қаласынан шығып тұрған, негізін 1917 жылы шілде айында «Тіршілік» деген атпен алғаш жарық көрген, бүгіндері Ақмола облысының бас қаласы Көкшетаудан шығатын бас газет «Арқа ажарында» табан аудармай 31 жыл еңбек еткен Мәди Маратұлы журналистік мамандықтың қат-қабат шаруасын абыроймен атқара жүріп жазушылықпен де шұғылданады.


 Ең алғашқы жеке жинағы «Алғашқы ән» 1969 жылы, «Тұлпардың дүбірі» атты екінші кітабы 1971 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көреді. Қазақтың ежелгі ата кәсібі жылқы өсіру, оның социалистік дәуірдегі жай-күйі, дамыту мәселелері жайлы мәселелер қамтылған бұл еңбек жылы қабылданады. 


 1975 жылы жазушының көлемді еңбегі – «Нартәуекел» романы жарық көреді. Осы дәуірге тән, яғни кеңестік кезеңнің, социалистік құрылыстың қызу қарқынын бейнелейтін толып жатқан кірпіш дүниелердің арасында бұл роман тың серпіліске ие еді. Жазушы өзінің қайсарлығы мен батылдығын таныта отырып, кеңестік шаруашылық басқару жүйесіндегі бюрократизмді сын садағына алады. Ізденімпаз совхоз басшы Мағжан (ол заманда бас кейіпкер Мағжан аталуының өзі де күмән тудыруы мүмкін еді ғой) – сәтті шыққан образ болды.


 Жазушының бұдан кейін жарық көрген, «Берлинді алған батырлар», «Тың тарландары», «Тартылыс күші» атты очерктер жинақтарына майданда және бейбіт күнде қажыр-қайрат көрсеткен қазақстандықтардың ерлігі мен еңбектері арқау болған. Небары 56 жас жасаған, бергенінен берері мол қаламгердің соңғы туындысы – «Қиянат» атты роман. Бұл романда қазақ даласының солтүстік өңірінде отаршылдық науқаны қалай жүрілгені баяндалады. 


 Қошқарбай-Кеңөткелден қанат қағып, Ақмола-Қарөткелде қаламгерлік ғұмырын өткізіп, тұтас бір дәуір шежіресін жасап кеткен жазушы, журналист Мәди Хасеновтың есімі мәңгі ұмытылмайды. Ұмытылмас үшін де бүгінгі буын ұрпақ игі қадамдар жасауы керек қой. Айтулы азамат, қабырғалы қаламгер ретінде қалыптасып, бар саналы ғұмырын өткізген, жай өткізіп қана қоймай, отыз жылдан астам уақыт өзі барша тыныс-тіршілігінің жаршысы болып қызмет жасаған кешегі Целиноград-Ақмола, қазіргі Елорда Астана қаласының бір көшесіне Мәди Хасенов есімі берілсе – нағыз игілікті қадам болар еді.  


Асылбек Байтанұлы

Біздің Telegram-парақшамызға. жазылыңыздар!

Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар

Ең көп талқыланғандар