Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

25.11.2016 469

Қызғаныш


(бір актілі, сегіз көріністі пьеса-инсценировка)


ҚАТЫСУШЫЛАР:


Сезім ̶ аурухана палатасында терезе алдындағы кереуетте жатқан жас қыз

Перизат ̶ аурухана палатасында есік алдындағы кереуетте жатқан орта жастағы келіншек

Хакім ̶ Сезімнің әкесі, Перизаттың жас кезіндегі сүйген жігіті

Омар Бекович ̶ бас дәрігер

Клара Жүсіповна ̶ бас дәрігердің орынбасары

Екі медбике

Екі санитарка

Ажал ̶ (елес түрінде)

Көгершін ̶ Сезімнің анасының рухы (елес түрінде)

Қосымша дәрігерлер, медбикелер.


Бірінші көрініс.


Палата. Бөлмеге бірінші болып Ажал келіп, ерсілі-қарсылы кезіп жүреді. (Ажалдың қолында құрығы бар). Сәлден соң Көгершін ұшып келеді. Кенет Ажал мен Көгершін арасында айқас басталады. Бұл өмір мен өлім арасындағы қақтығыс. Көгершін бірде Ажалды қанатымен қағып ұрып, соққы берсе, енді бірде кері шегініп қорғанады. Күшке мінген Ажал қарсыласына дес бермей оны аяусыз жаралайды. Қатты жараланған Көгершін ұшып кетеді. Ажал бөлмеде қалады.

Сахнада жарық сөнеді.

Қолында шелегі мен сыпыртқысы бар санитарка. Ол палатаға дейін ыңылдап ән салып, тазалық жұмысын жасайды. Палатаға кірген кезде сөз бастайды.

Санитарка:

̶ Заманның әлегі ме әлде адамның әрекеті ме білмеймін, түймедейді түйедей қып, бірімізді-біріміз қызғанамыз кейде. Қызғаныштың қызыл итіне жем болмау үшін, жер басып жүргенге шүкіршілік етуіміз керек қой! Егер денсаулығың болмаса деймін-ау, бұл ғұмырдың мәні жоқ! Міне, мына палатада өмірінің санаулы сәттері қалған сырқаттар жатыр. Олар жүре алмайды, жүрмек түгілі орындарынан да қозғалуы қиын. Жарық сәулені терезеден көргісі келеді-ау бақырлардың, бірақ, оларға әйнек сыртындағы тіршілікті тамашалаудың өзі мұң...

Бөлмеге екінші санитарка кіреді. Екі санитарка есік-терезенің шаңын сүртіп, тазалайды. Бірінші санитарка терезені қайта-қайта сүртеді.

Бірінші санитарка:

̶ Қарашы, терезенің әйнегі айғыз емес пе?

Екінші санитарка:

̶ Жоқ, айғыз емес! Терезені неменеге сүрте бересіз?

Бірінші санитарка:

̶ Науқастар осы терезеден қарайды ғой. Таза тұрсын.

Екінші санитарка:

̶ Терезеден қарайды деймісіз?! Терезе деген аты болмаса мынадан түк көрінбейді ғой.

Бірінші санитарка:

̶ Әйнектен тым болмаса күн көзі көрінеді ғой. Мұның өзі науқастар үшін бақыт емес пе?!

Екінші санитарка:

̶ (күрсінеді) Иә, мұныңыз да дұрыс. Бұ жалғанның біз түсінбейтін өзіндік заңдылығы көп. «Адамның тағдыры маңдайына жазылады», ̶ дегенді естуші ем, жазмыштан кім құтыла алған?!..

Бірінші санитарка:

̶ Ажал ̶ жас-кәріні талғамайды. Құрығына ілсе болды ̶ бала бол, баба бол, мейлі, дана бол «оңдырмайды»! Қара жердің қойны кең ғой, ажалдың көзі қайдан тойсын!

Екінші санитарка:

̶ Тіршілік барда ажал ешқашан тоймайды!

Санитаркалар палатаны тазалап болып шығып кетеді. Бөлмеге екі медбике, бас дәрігердің орынбасары Клара Жүсіповна келеді.

Клара Жүсіповна:

̶ Мына палата қыста жылы болатын шығар, а?!

Бірінші медбике:

̶ Терезенің саңылаулары мақтамен тығындалып, желімделді. Жылы болуы керек.

Клара Жүсіповна:

̶ Бұл палатаға жататын науқастың бірі ̶ жас қыз. Әкесі мықты адам, сондықтан қыздың кереуетін төрге, терезе алдына, мына жерге қойыңдар. (қолымен көрсетеді) Мұнан былай сол қызға дұрыстап, оң қабақпен қараңдар! Әкесінің айтқанын екі етпеуіміз керек!

Екінші медбике:

̶ Жарайды, Клара Жүсіповна, төргі орынды сол жас қызға дайындаймыз.

Бас дәрігердің орынбасары палатадан шығып кетеді.

Екінші медбике:

̶ Естідің бе, «жас қыздың әкесі мықты адам», ̶ дейді. Атағынан ат үркитін әкең болса, ауруханада да төрге жатасың!

Бірінші медбике:

̶ «Байлық ̶ қолдың кірі» деген...Қалтаңда қаражатың болғанымен, басшы болып атағың жер жарғанымен не керек, бауыр етің балаң сырқат болса.

Екінші медбике:

̶ (күрсінеді). Иә, әкесі де қайтсін енді, баласы үшін қолынан келгеннің бәрін жасайды ғой. Оның үстіне жалғыз қызы көрінеді.

Бірінші медбике:

̶ Уыздай жас қыздың дертке шалдыққаны қиын ғой. Әттең, сауығып кетсе игі... Жүр, палатаға науқастарды әкелейік.

Жарық сөнеді.


Екінші көрініс.


Медбикенің бірі алдымен палатаға Перизатты кіргізеді. Оның кереуетін есік алдына қоя салады. (Медбике тарс-тұрс етіп жүреді).

Перизат:

̶ Кешіріңіз, менің кереуетімді терезе жаққа қоясыз ба?!

Бірінші медбике:

̶ Жоқ, сізді терезе алдына жатқыза алмаймыз!

Перизат:

̶ Неге?

Бірінші медбике:

̶ Ол орынды басқа науқасқа алып қойғанбыз...

Перизат:

̶ Палатаға бірінші мені әкелдіңіздер емес пе?

Бірінші медбике:

̶ Төрге жас қыздың кереуетін қоямыз. Ал сіз... Сіз есік алдындағы кереуетке жатасыз...

Перизат:

̶ Жас қыз деймісіз?! Япырмай, сіздер үлкенді елемей, кішіні төрге жіберетін болғансыздар ма?

Бірінші медбике:

̶ Бұл басшылардың тапсырмасы. Біздің қолымыздан не келеді тәйірі?.. Терезеде тұрған не бар дейсіз?! Бастысы, сауығып кетуді тілеңіз.

Екінші медбике палатаға жас қыз Сезім жатқан кереуетті кіргізеді.

Бірінші медбике: (екінші медбикеге)

̶ Абайла, кереуетті дұрыстап ұста!

Екінші медбике:

̶ Иә, жаймен алып келе жатырмын.

Сезімнің кереуетін терезе алдына әкеліп қояды.

Бірінші медбике:

̶ Сезім, бас дәрігердің орынбасары Клара Жүсіповна «Сені төргі орынға жатқызыңдар», ̶ деді. Мінекей, енді сен мына терезеден даланы көре алатын болдың.

Сезім:

̶ Алақай-й, рахмет сіздерге! Көптен даланы көргім келіп жүр еді...

Сезім терезеге қарап біраз отырады. Медбикенің бірі палатадан шығып кетеді. Бөлмеге Клара Жүсіповна келеді.

Клара Жүсіповна:

̶ Ал, қыздар, жағдайларыңыз қалай?

Екі науқас бірге:

̶ Жақсы.

Клара Жүсіповна Сезімнің қасына келеді. Оның жастығын реттеп, үстіне жамылғысын жабады.

Клара Жүсіповна:

̶ Сезімжан, дәрілеріңді ішіп, еміңді алған соң, тынығып ал жарай ма?!

Сезім:

̶ Жарайды, Клара Жүсіповна.

Клара Жүсіповна:

̶ Жаңа әкең хабарласып, сенің жағдайыңды сұрады. Ол кісі саған «ертең келемін», ̶ деді.

Бірінші медбике Сезімнің қасына келіп оған екпе салды. Қыз инені ауырсынып, қиналады. Клара Жүсіповна мен медбике оның аяқ-қолын уқалап, әлекке түседі.

Клара:

̶ Сәл шыда, Сезімжан, қазір ауырғаны басылады.

Клара Жүсіповна мен медбике енді Перизаттың қасына келеді. Медбике екпені дайындап жатқанда Перизат қорқа бастайды. Инемен шанышқан кезде ол да ауырсынып, қатты қиналады.

Клара Жүсіповна (сілкініп):

̶ Инені көргенде үрейленетініңіз не осы?! Үйренетін уақытыңыз болған жоқ па?

Перизат:

̶ ??? (жауап қатпайды).

Клара Жүсіповна:

̶ Сіз, дәрігерлер берген күнделікті дәрі-дәрмекті ұмытпай қабылдап отырыңыз! Әйтпесе, жағдайыңыз күндегіден де нашарлап кетуі мүмкін!

Мұнан соң Клара Жүсіповна Сезімнің қасына тағы келеді.

Клара Жүсіповна:

̶ Айтпақшы, Сезімжан, егер бір нәрсе қажет болса, мына медбике апайларыңа айта ғой, жарай ма?!

Сезім:

̶ Рахмет, Клара Жүсіповна.

Клара бөлмеден шығып кетеді. Екі науқас үнсіз жатады.

Перизат:

̶ Мына дәрігер қалай өзі?! Шіркіннің қабағы ашылмайды екен. Түнеріп тұрған бұлт сияқты.

Сезім:

̶ Клара Жүсіповна маған ұнады. Палатаға кіргеннен-ақ жағдайымызды сұрап, денсаулығымызды тексерді ғой.

Перизат:

̶ Ай, Сезім-ай, баламысың деген. Біздің денсаулығымызды тексеру, емдеу оның жұмысы ғой.

Сезім:

̶ Перизат апай, дәрігерлер бізді бір мезгіл далаға шығарса ғой, таза ауа жұтатын едік.

Перизат:

̶ Дұрыс айтасың... Дала сұлу қыз сияқты ғой, Сезім. Көктем мен жазда құлпырып, гүлді көйлектерін кисе, күзгі салқында оны қоңыр күртешемен ауыстырады. Қылышын сүйретіп, қаһарға мініп қыс жеткенде тонға оранады... Бізді тым болмаса, әр мезгіл сайын бір рет далаға шығаратын болса ғой.

Сезім терезеге қарап отырып күрсінеді.

Сезім:

̶ Бүгін далада жаңбыр жауыпты. Көшеде жүрген адамдар жауыннан тығылып, қолдарына қолшатыр ұстап жүр. Жауын қала көшесін шаң-тозаңнан тазартыпты. Құдды, қала моншаға түсіп алғандай...

Перизат:

̶ Рас айтамысың? Жаңбыр жауған ба? Сен оны қайдан біліп жатырсың?

Сезім:

̶ Бұлттардың өзара қақтығысып, аспанды жылатып қойғанын мына терезеден көріп жатырмын. (қолымен терезені нұсқайды) Кереуетімнің терезе алдына орналастырылғаны мұндай жақсы болар ма?!

Перизат:

̶ Терезе деймісің... Қап, мына бөлмеде терезе екеу болғанда ғой...

Сезім:

̶ Бөлме кішкентай ғой, екі терезе салуға келмейді... Перизат апа, мына терезе сондай шап-шағын а!.. (күледі)

Перизат жауап қайтармайды. Палатада үнсіздік орнайды. Сезім терезе қарап жатады, ал Перизат іштей ойға беріледі.

Перизат:

̶ Туһ, қайда барсам да, алдымнан кедергілер шығады әйтеуір. Өмірімнің соңғы күнінде терезеге қарауымның өзі бақыт болып қалатынын, осындай мүсәпір күйге түсетінімді біліппін бе мен бейбақ?.. Қап, мына қыздың әкесі мықты болмағанда, терезе алдына мен жататын едім! Дәрігерлер де қызық, ең болмаса, үлкен адамның көңілі көтерілсін деп, терезе алдына мені жатқызса қайтеді екен?!..

Осы кезде палатаны Ажал аралап жүреді. Ол біресе Сезімнің, біресе Перизаттың қасына барады. Науқастар оны сезбейді.

Жарық сөнеді.


Үшінші көрініс.


Палатаға бас дәрігер Омар Бекович кіреді.

Омар Бекович:

̶ Саламатсыздар ма қыздар?! Хал-жағдайларың қалай? Денсаулықтарың жақсы ма?

Омар алдымен Перизаттың қасына келіп, қан қысымын өлшейді, дене қызуын тексереді.

Перизат:

̶ Кешіріңіз, Омар Бекович, менің сізге айтар өтінішім бар еді.

Омар Бекович:

̶ Айта беріңіз, тыңдап отырмын.

Перизат:

̶ Менің кереуетімді терезе алдына қойып бересіздер ме?!

Омар Бекович:

̶ Мына орныңыз жайсыз болып жүр ме? Әлде палата салқын ба?

Перизат:

̶ Жо-о-оқ, бәрі де жақсы, жайлы. Менің терезе алдына жатып, таза ауа жұтқым келеді. Қаланың тіршілігі-і-ін...

(Омар Бекович Перизаттың сөзін одан әрі тыңдамай, бөліп тастайды)

Омар Бекович:

̶ Жоқ, сіздерді орындарыңыздан қозғауға болмайды!

Перизат үнсіз қалады. Омар Бекович Сезімнің қасына келеді.

Омар Бекович:

̶ Жағдайың жақсы ма, қалқам. Түнде қалай ұйықтап шықтың?

Сезім:

̶ Ұйықтай алмай жүрмін, Омар аға. Көзім ілінсе болды, біреулер әлдеқайда алысқа алып кететін сияқты көрінеді. Қорқамын...

Омар Бекович:

̶ Қалқам, ештеңеге алаңдама. Дәрілеріңді дер кезінде ішіп, жақсылап тынық! Қазір денсаулығыңды тағы да тексереміз.

Перизат:

̶ Айтпақшы, Омар Бекович, менің де ұйқым бұзылып жүр. Әсіресе, түнде ұйықтай алмай мазасызданатын болыппын...

Омар Бекович:

̶ А-а-а, енді сізде ондай мазасызданулар болады ғой. Сабырлы болыңыз.

Перизат:

̶ Мені тексермейсіздер ме сонда?

Омар Бекович:

̶ Соңғы тексерудің нәтижелері жақсы. Алаңдамаңыз!

Бас дәрігер Омар Бекович шығып кетеді. Түн батады. Сахнада қараңғылық орнайды. Сезім кереуетінде жатып қиналады.

Сезім:

̶ Уһ, жаным-ай... Ауырып барамын. Жаным-ай... Жаратқан ием-ай, көмектесе көрші...

Бөлмеге Ажал кіреді. Сезім қиналған сайын, Ажал оның қасына жақындай түседі. Оның қолынан ұстап, бетінен сипайды. Осы кезде бөлмеге Сезімнің анасының рухы Көгершін келеді. Ажал мен Көгершін айқасады. Көгершін Ажалды бөлмеден шығарып жібереді.

Сахна жарық болады. Анасының рухы Көгершінді Сезім түсім деп ойлайды.

Сезім:

̶ «Құстың сезімталы көгершін», ̶ деуші еді анам. Әкем де «көгершінді құстың төресі», ̶ деп, жем шашатын. Бала кезімнен осы құсты жақсы көргендіктен шығар үнемі түсімде көремін. Таңертең тұрсам, терезе алдына көгершіндер қоныпты.

Перизат:

̶ Әкем көгершінге жем шашады деймісің?!

Сезім:

̶ Иә, менің әкем көгершінді ерекше жақсы көреді.

Перизат:

̶ Ер адамдар құсты, гүлді, табиғатты қыздар секілді түсіне алмайды деп ойлаймыз. Біле білсек, еркектердің де жаны нәзік келеді. Сенің әкеңнің көгершінді ұнатқанына таң қалмаймын. Кезінде мен сүйген жігіт те көгершінмен тілдескенді ұнататын. Екеуміз көгершіндерге жем шашып, олармен сөйлесетінбіз.

Сезім:

̶ Көгершінді жақсы көретін ағай қазір қайда?

Перизат: (күрсініп)

̶ Ай-й, Сезімжан-й, бұл өмірдің күлдіріп тұрып, жылата салуы, көтеріп тұрып, құлата салуы қиын емес. Иә, мен ол жігітті бар жан-тәніммен сүйдім. Ол да мені ұнатам дейтін. Бірақ, неге екенін білмеймін, басқа біреуге кетіп қалды.

Сезім:

̶ Япыр-ай, неге олай жасады?

Перизат:

̶ Е-е-е, сіңлім-ай, еркектер жан сұлулығынан гөрі, тән сұлулығына көп көңіл бөлетін сияқты. Ол қаладағы бір жас қызға ғашық болып қалып, менің жанымнан мәңгілікке кетіп қалды.

Сезім:

̶ Мұнан кейін ол ағайды көрдіңіз бе?

Перизат:

̶ Сол үшін қалаға бірнеше мәрте келдім. Үнемі оны әйелімен қол ұстасып, бөпесін ойнатып жүрген кезінде ғана көремін. Кейін қаладан мүлде кезіктіре алмай қалдым...

Сезім:

̶ Өкінішті... Неге басқа қызға үйленді екен?

Перизат:

̶ Қалқам, махаббат мен үшін тартысқа ұласып кетті. Адам өмір жолында да, махаббат жолында да күресе білу керек екен.

Сезім:

̶ Ендеше, Сіз неге махаббатыңыз үшін күреспедіңіз?

Перизат:

̶ Күресе алмадым... Күрескенде не істеймін? Білмеймін, ақылыма сыймайды...

Сезім:

̶ Сіз ол кісіні әлі ұнатасыз ба?

Перизат:

̶ Ол менің алғашқы да, соңғы да махаббатым. Жаныңмен жақсы көрген адамың жар жолда қалдырса, жүрегің жараланады екен. Күндіз-түні жылаумен болдым, тіпті, өмір сүргім келмеді. Бірақ ешқашан олардың алдында басымды имеуге тырысамын.

Үнсіздік.

Перизат:

̶ Айтпақшы, сен өзіңнің отбасың туралы айтпадың маған. «Әкем көгершінді жақсы көреді», ̶ дедің ғой?

Сезім:

̶ Иә, менің әкем де, анам да көгершінді жақсы көретін. Өкінішке орай, анам ерте қайтыс болды. Ал, әкем көгершіндермен әңгімелесуден әлі күнге жалықпайды...

Перизат:

̶ Анам қайтыс болды деймісің?.. Қап, жатқан жері жайлы болсын...

Палатаның есігі ашылып, бөлмеге Клара Жүсіповна мен медсестра келеді.

Клара Жүсіповна:

̶ Ал, қыздар жағдайларың қалай?

Науқастар бірге:

̶ Жақсы.

Медсестра есік алдында жатқан Перизаттың қасына келіп, ине салады. Клара Жүсіповна оның дене қызуын өлшейді, қан қысымын тексереді.

Перизат:

̶ Клара Жүсіповна, бізді тым болмаса бір мезгіл далаға шығарыңыздаршы, а?! Күн көзін көріп, жерді аяғымызбен бассақ, көңіліміз бір көтеріліп қалар еді?!

Клара: (даусын қатты шығарып)

̶ Сіздерге қозғалуға болмайды!

Перизат:

̶ Кешіріңіз, ұят та болса айтайын, жата-жата менің жамбасым ауырды. Сіздерді тыңдасақ «үйтуге болмайды», «бүйтуге болмайды» дегеннен басқа ештеңе айтпайсыздар. Тым болмаса бізге бір рет қозғалуға болатын шығар енді...

Клара:

̶ Енді бұл сіздердің сырқаттарыңызға байланысты қойылған диагноз ғой! Сізден әлдеқайда кішкентай қыз жатыр ғой, әні, осы палатада. Сәл шыдасаңыз нетті!

Клара Жүсіповна Сезімнің қасына келеді.

Клара Жүсіповна:

̶ Иә, Сезімжан, тыныш ұйықтап жүрсің бе? Өткенде бас дәрігер Омар Бековичке ұйқым бұзылды депсің ғой!

Сезім:

̶ Иә, өткенде аздап мазасызданған едім. Қазір шүкір, жақсымын. Айтпақшы, сізге түсімді айтайыншы. Түнде түсімде көгершін көріп едім, таңертең оянғанымда терезе алдына көгершіндер қонды. Содан...

Клара Жүсіповна Сезімнің сөзін ары қарай тыңдамай бөліп тастайды.

Клара Жүсіповна:

̶ Қызым, түс жорып тұратын менің уақытым жоқ! Негізі түсіңде құс көрген жақсы дейді ғой білгіштер... Жә, енді бүгін ертерек жатып демал. Ертең әкең келгенде «ұйқым бұзылды» десең, ол кісі бізге ұрсып жүрер...

Дәрігер Клара Жүсіповна мен медсестра бөлмеден шығып кетеді.

Сезім: (Перизатқа қарап)

̶ Естідіңіз бе, ертең әкем келеді екен. Сіз танысатын болдыңыз.

Перизат

̶ ??? (жауап қатпайды).

Сезім:

̶ Ұйықтап қалдыңыз ба?

Перизат:

̶ ??? (тағы үнсіз)

Сезім:

̶ Қайырлы түн! Менің әлі ұйқым келер емес. Терезеден қала тіршілігін тамашалайыншы бір. Ооо, көшеде адамдар қол ұстасып қыдырып жүр екен. Балалар да жүр... Қап, ана жерде жүгіріп бара жатқан бүлдіршін құлап қалды-ау... Анасы қайда екен а?.. Е-е-е, мына жақта жүр екен ғой. Анасы мен баласы бір-бірін құшақтап жатыр. (Сезім осы көріністің барлығын сондай жадыраған дауыспен ерекше қылып айтады)

Перизат бұл сәтте ояу еді. Бірақ ол жанындағы Сезімге өзінің ояу екендігін сездірмеді. Іштей ашуланып жатады:

Перизат: (іштей)

̶ Әлгі дәрігер Клара Жүсіповнаның айтқан сөзі сүйегімнен өтіп кетті. «Қасыңдағы кішкентай қыз шыдап жатыр», ̶ дейді ғой. Қайдан білсін, бұл қыздың терезеден бар қызықты тамашалап жатқанын... Ашуымды басып, тынығайын деп едім, мына бір қыз да «терезе, терезе» деп тынышымды кетірді... Иә-ә, мойындау керек, бұл қыз өте әдемі. Сосын да шығар, дәрігерлер оның қасына жиі барады. «Өлмесең тұрма» дегендей менің жанымнан өтіп кетеді қай-қайсысы да. Оның үстіне әкесі де бір мықты көрінеді. Ал менің ауруханаға іздеп келетін жақыным да жоқ! (ашулана сөйлейді)

Сахнада қараңғылық орнайды.


Төртінші көрініс.


Таң атады. Сахнада палатадағы науқастар.

Перизат:

̶ Бөлме іші салқындап кетті. Сірә, күз келді-ау деймін е?! Даладағы ызғырық желдің ашулы даусын естіп жатырмын.

Сезім:

̶ Иә, күз келді...

Сезім үнсіз ыңылдап жатады да Абайдың «Күз» өлеңінен үзінді оқиды.

Сезім:

̶ Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан,
Күз болып, дымқыл тұман жерді басқан.
Білмеймін тойғаны ма, тоңғаны ма,
Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан.

Абайдың бұл өлеңі есіңізде ме?

Перизат:

̶ Әрине, есімде... (Ол да осы өлеңнің келесі шумағын жалғастырады)

Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрынғыдай, 
Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай.
Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп,
Жапырағынан айрылған ағаш, қурай.

Күздің әр күні мен үшін сағынышқа толы. Сүйген жігітім мені күзде сүйіп, күзде жылатты... Мен оны осы мезгілде ерекше сағынамын. Тіпті, көрсем деп армандаймын...

Сезім: (терең күрсінеді де терезеге қарап):

̶ Күздің келгенін мына терезе де «хабарлап» жатыр. Сіз айтқандай, дала жасыл көйлегін шешіп, қоңыр күртешесін киіпті. Тоңған-ау деймін, сірә...

Перизат (ашулы дауыспен):

̶ «Терезе, терезе», ̶ деп қақылдап, қызықтырып қоймадың ғой. Ал айтшы, дәл қазір не көріп жатырсың сол терезеден?!

Сезім: (Біраз үнсіздіктен соң)

̶ Хахаха, ананы қара?!

Перизат:

̶ Жынданғаннан саумысың өзің?! О, тоба, ананы қара дейді ғой. Нені қараймын мен?! Қарсы алдымда қабырғадан өзге түк жоқ.

Сезім: (күлкісін тия алмайды көпке дейін)

̶ Ашулана көрмеңіз, күлкі қысып кетті. Қазір айтамын... (біраз күліп алады) Көшеде бір қыз жолдан өте беріп еді, бір көлік үстіне лай суды шашып кетті. Жаңа ғана сынып кетердей боп майысып әзер келе жатқан әлгі қыз енді бұлқан-талқан болып ашуланып... (сөзін аяқтай алмайды тағы күледі).

Перизат:

̶ Немене осынша қатты күліп! Бұл күлетіндей нәрсе емес қой! Адамның үстіндегі киімі бүлінсе, енді ашуланбай не істеу керек?! «Терезе, терезе», ̶ деп қақылдағанда бір мағыналы әңгіме айта ма десем... Сенің бос сөзіңді тыңдағанша, ұйықтасамшы...

Сезім:

̶ Сізге осы менің әңгімем, күлкім ұнамай-ақ қойды-ау! Сіз жақтырмайды екен деп сонда менің үнсіз отыруым керек пе еді?!

Перизат:

̶ Саған орынсыз әңгіме айтпа деймін! Жап-жас болып, сөзден ілік іздейді екенсің! Немене үлкен сыйлап көрмедің бе?!

Сезім:

̶ Кешіріңіз, марқұм анам маған үлкеннің алдынан кесе-көлденең өтпеуді, үлкенге қарсы сөйлемеуді үйреткен-ді. Бірақ мен сіздей адамды алғаш көруім. Біле білсеңіз, бұл бөлме екеумізге де ортақ!

Перизат:

̶ Пішту, бөлме ортақ дейді ғой...

Осы кезде палатаның есігі қағылып, бөлмеге Сезімнің әкесі Хакім кіреді. Екі науқас үнсіз қалады.

Хакім:

— Сезім, қызым, даусың қатты шығып жатыр ғой... (!)

Сезім:

— О-о-о, әке, әкетайым менің! (Құшағын ашады). Келдіңіз бе? Сағындым ғой сізді. Біз, мына апай екеуміз әңгімелесіп жатыр едік...

Хакім (қызының бетінен сүйіп, құшақтап):

— Құлыным менің, жалғызым, жарығым! Жағдайың қалай?

Сезім:

— Жақсымын, әкешім қазір! Тәуба, жазылып келемін. Өткенде бас дәрігер Омар Бекович «жазыласың» деді.

Хакім:

— Солай ма, қарғам, жазыласың деді ме? Е-е-е-е, Алла Тағала, жарығымды, сырқатынан айықтыра көр!.. Жаңа мен де дәрігерлеріңмен сөйлестім, олар сені «ақылды, елгезек» деп жатыр. «Берген дәрілерді уақтылы ішеді, емін алады» дейді. Айналайын, алтыным сол, дәрігерлердің айтқанын екі етпе жарай ма?

Хакім сөмкесін ашып қызына әкелген тәттілерін үстел үстіне қоя бастайды.

Сезім:

— Әрине. Айтпақшы әке, өткенде түсімде көгершін көріп едім, таңертең оянғанымда терезе алдында көгершіндер қоныпты.

Хакім:

— Бәрекелде, көгершін жақсы ғой, қызым! Демек, осы ауруханадан жазылып шығып, құс сияқты биікте самғап ұшып жүресің. Марқұм анаң көгершінді жақсы көруші еді ғой, есіңде ме?! Бәлкім, анаң көгершін болып ұшып келіп, сені қорғап жүрген болар.

Сезім: (Перизатты нұсқап)

— Әке, қасымдағы апайға анам екеуіңіздің көгершінді жақсы көретіндеріңізді айттым. Мына апай да көгершінді ұнатады екен. Өткенде екеуміз көгершін туралы көп әңгіме айттық.

Хакім:

— Солай ма?

Сезім:

— Иә, әке, көгершіндермен сөйлесе алатыныңызды айтып едім, содан сізбен танысамын деді апайым.

Перизат Сезіммен сөйлесіп отырған Хакімді көргенде қатты қиналады. Себебі Сезімнің әкесі оның бұрынғы жігіті еді.

Перизат (іштей):

— Ойпырмай, мына, мына... дауыс менің Хакімімнің даусына қатты ұқсайды ғой. Бет-жүзін анық көре алмай жатқаным. Егер осы адам Хакім болса қайтем?! Жо-оқ, олай болуы мүмкін емес....

Осы кезде Хакім Перизаттың кереуетінің жанына келеді. Екеуі бір-біріне қарап қалады.

Хакім:

— Алла шипасын берсін.

Хакім жанына келген кезде Перизат қатты сасады.

Перизат (абдырап):

— Әәәәууминнн!

Хакім:

— Қызымның қасында естияр адам бар деп естіп едім. Сіз екенсіз ғой. Мен... Мен сізді бір жерден көрген сияқтымын. Біз таныс емеспіз бе?

Перизат:

— ЖЖЖ-Жоқ, біз таныс емеспіз. Танымаймын сізді.

Хакім:

— А-а, кешіріңіз, көзіңіз таныс, біреуге ұқсайсыз... Адамға адам ұқсай береді ғой бірақ. Сізден өтінерім, ұйықтаған кезде қызыма қарап қойыңызшы. Ол әлі кішкентай ғой...

Перизат:

— ЖЖЖарайды, қарап қояйын!...

Палатада Хакім мен Сезім сөйлесіп отырады. Мұңлы музыка ойнайды. Перизат төсегінде жатып қатты өксіп жылайды.

Перизат (іштей):

— Бұл қалай болғаны?! Мынау Хакім ғой. Сонда мына қыздың әкесі менің Хакімім екен ғой... Қайран, Хакім!.. Қайран деймін-ау, мына жүрегі құрғыр оны әлі де сүйеді екен ғой а?! Ол... ол мені танымады, жай біреуге ұқсатты. Көзімді... көзімді ұмытпапты бірақ. Оның танымауына қарағанда сонда мен қартайып, ажарсызданып кеткенмін бе?!... Ойпырмай, мен қанша уақыт жанымда жатқан қыздың әлгі сұр жыланнан туған бала екенін білмегенім бе? Ай-й, бірақ осы қызды ұнатпаушы едім, сезген екенмін ғой.

Музыка басылады. Хакім мен Сезімнің әңгімесі аяқталады. Хакім қызымен, Перизатпен қоштасады.

Хакім:

— Жақсы, қызым, мен үйге қайтайын. Сен дәрілеріңді уақтылы іш жарай ма?

Сезім:

— Жарайды әке! Алаңдамаңыз, сау болыңыз.

Хакім:

─ Аман бол, қалқам!

Хакім (Перизатқа қарап):

— Сау болыңыз! Алла шипасын берсін!

Перизат үнсіз бас изеп қоштасады. Палатада үнсіздік орнайды. Перизат пысылдап жылап жатады.

Сезім:

Перизат апай, сіз жылап жатырмысыз?

Перизат:

— ??? (үнсіз)

Сезім:

— Сіз манағы менің айтқан сөзіме ренжіп жатырсыз ба? Ренжімеңізші... Айтпақшы, әкем сізді бір жерден көрген сияқтымын дейді. Мен сізді ренжітіп алғанымды айтып едім, әкем көгершінді жақсы көрген адам мейірімді болуы тиіс дейді. Әйтпесе, көгершіндер бізге жақындамайтын көрінеді. Сіз мені кешіріңізші.

Перизат:

— Менің мазам болмай тұр, Сезім!

Сезім:

— Жарайды...

Жарық сөнеді.

Бесінші көрініс.

Сахнада дәрігерлер бөлмесі. Үстелде төрт-бес дәрігер кеңесіп отыр. Араларында бас дәрігер Омар Бекович пен орынбасары Клара Жүсіповна бар.

Омар Бекович:

— Жетінші қабаттағы палатада төсек тартып жатқан екі науқастың да халі ауыр. Әсіресе, терезе алдындағы кереуетте жатқан Сезімнің жағдайы өте нашар. Олар Жаңа жылдың таңың көрмей, үзіліп кетуі де мүмкін.

Клара Жүсіповна:

─ Иә, күн өткен сайын, байғұс бала солып барады. Омар Бекович, бар жағдайды қыздың әкесіне айтқанымыз жөн болар. «Ауруын жасырған өледі» дейді ғой. Ертеңгі күні басымыз пәлеге қалып жүрмесін. «Қызым жазылады» деп үміттеніп жүрген әкесіне ертеңгі күні оның қазасы оңайға соқпас! Оның үстіне байғұс қыз өмірінің соңғы күнін отбасында өткізсін.

Омар Бекович:

— Олай жасауға болмайды, Клара Жүсіповна. Байғұс кісі онсызда да жыларман халде жүр. Қызды осы ауруханада, өз бақылауымызда ұстаймыз.

Клара:

— Не де болса әкесіне айтайық, Омар Бекович. Әйтпесе ертеңгі күні қиын боп жүрер...

Омар Бекович (ойланып қалады):

─ Иә... Клара Жүсіповна бір жағынан сіздікі де дұрыс... Айтқанымыз да жөн болар...

Сахнада палата көрсетіледі. Таң атып келеді. Екі науқас ұйықтап жатыр. Бөлмеге қайтадан Ажал кіреді. Ол екі науқастың кереуетіне кезек-кезек барады. Сезімнің қасына барып қолынан ұстап, көп айналшықтап жүреді.

Шымылдық.


ЕКІНШІ БӨЛІМ


Алтыншы көрініс.


Палатаға кішкентай шырша қондырылған. Шам жанып-сөніп тұр. Мұны екі науқас қызықтап жатыр.

Перизат:

— Қарашы, Сезім, мына шыршаның шамдары әдемі е? Жалт-жұлт етіп, көздің жауын алады. Шыршаның жанына барып қолыммен ұстағым келіп тұрғаны.

Сезім:

— Бала кезімде үйге қондырылған шыршаның жанынан шықпаушы едім. Ойыншықтарын жақсы көретінмін. Есейе келе сол шыршаны өзім безендіретін болдым. Енді қараңызшы, алдымда тұрған шыршаға жете алмай отырғанымды...

Бөлмеге бас дәрігер Омар Бекович, Клара Жүсіповна, тағы да бір-екі дәрігер, Хакім мен Аяз ата, Ақшақар кіреді.

Омар Бекович :

— Ал, қыздар, Жаңа жыл құтты болсын! Біз сіздердің тез арада сауығып, үйлеріңізге қайтуларыңызға тілектеспіз. Аяз ата мен Ақшақар да сіздерді арнайы құттықтауға келіпті.

Аяз ата мен Ақшақар (науқастарға)

─ Жаңа жылдарыңыз құтты болсын. Біз сіздерге сыйлық әкелдік.

Аяз ата мен Ақшақар науқастарға сыйлықтар береді. Дәрігерлер бөлмеден шығып кетеді. Қыздар сыйлықтарын алып мәз болып жатады. Бөлмеде Хакім қалады. Ол екі науқасқа Жаңа жылдық сыйлық тарту етеді. Бөлмеге торт әкеліп кеседі.

Хакім (Перизатқа қарап):

— Қалайсыз? Жағдайыңыз жақсы ма?

Перизат:

— Шүкір, жақсымын.

Хакім:

— Лайым, бәрі жақсы болғай. Жаңа бас дәрігер Омар Бековичпен сөйлесіп едім, сіздердің жағдайларыңыз жақсы деді. Құдай қаласа, менің қызымды осы бір-екі күндікте ауруханадан шығарады екен...

Сезім (Сыйлығын тамашалап отырып):

— Алақай! Әке, рас айтамысыз. Мені ауруханадан босата ма?

Хакім: (күрсініп)

— Иә, қалқам, бас дәрігер жаңа солай деді. (қызын құшақтап бетінен сүйеді).

Перизат:

— Шығарады деймісіз?!

Хакім:

— Иә, шығарады...

Перизат:

— Жақсы хабар екен...

Қыз бен әкесі өзара сөйлесіп жатыр.... Баяу музыка ойнайды.

Перизат (іштей кіжініп)

— Солай де, Хакім! Қызыңды сен күтіп аласың, ал мені кім күтіп алады.... Терезеден бар қызықты тамашалаған жалмауыз қызың, енді менен бұрын таза ауа жұтып, даланың топырағын баспақшы ма! Жооооқ! Олай болуы мүмкін емес... (Өз басынан ұрады).

Сәлден соң Хакім қызымен, Перизатпен қоштасып, шығып кетеді. Сахнада сәл-пәл қараңғылық орнайды.

Сезім:

— Алақай, естідіңіз бе, мені ауруханадан шығарады. Қатты қуанып тұрмын. Мұнан соң ауырмау үшін қалың киініп, дұрыс тамақтанып жүруім керек. Үйге барған соң, әкеме дәмді қылып тамақ пісіріп беремін. Әкем екеуміз енді көгершіндерге жем шашатын болдық! Көгершіндерді де сағынып қалдым...

Перизат:

— Қуанышыңа ортақпын ғой, Сезім. Бірақ бізді бұл ауруханадан қалай шығарып жібереді менің таңым бар?

Сезім:

— Әлгінде әкеме бас дәрігер Омар Бекович мені жазылды депті ғой. Естідіңіз емес пе? Ол кісі мықты дәрігер... Егер сізді ауруханадан шығарса ауылыңызға барасыз ба әлде қалада боласыз ба?

Перизат (көпке дейін үндемей қалады да):

— Мені қалада да, далада да күтіп отырған ешкім жоқ, Сезім. Мен жалғызбын. Өткенде айттым ғой, менің бір кездері бақытты күндерім көп болған. Бірақ әлдебір сайқал сол бақытымды ұрлап кетті. Үйленгелі тұрған жігітім, басқа қызға ғашық боп мені тастап кетті. (ашуланып айқайлайды) Енді сол жігіт күнде қасыма келіп «қызым, қызым» деп қызын маған тапсырады.

Сезім (аң-таң қалады):

— Не дейсіз? Кімді айтып отырсыз? Қызы кім? Жігіті кім?

Перизат (дереу есін жиып алады)

— Жә-ә, көңіліңе алмай-ақ қой. Мен саған басқа нәрсе айтып кетіппін ғой... Айтпағым, Сезім менің барар жерім жоқ. Дәрігерлер ауруханадан шығарған күні, бұйырғанын көрермін.

Сезім:

— Иә, менің есімнен шығып кетіпті. Сіз жалғызбын деген екенсіз ғой.. (ойланып қалады) Таптым, егер қарсы болмасаңыз, біздің үйде, бізбен бірге тұрыңыз. Әкем екеумізге серік боласыз... Үйде басқа адам жоқ.

Перизат:

— Жоооооқ, олай болмайды, Сезім. Бұлай дей көрме!

Сезім:

— Менің сізге көмектескім келген еді... Жарайды, өзіңіз біліңіз.

Екі науқас мұнан ары сөйлеспейді. Біраз үнсіз жатқан соң екеуі ұйқыға кетеді. Таң атып келеді. Бөлмеге Ажал кіреді. Сәлден соң Сезімнің тынысы тарылып, жағдайы нашарлай бастайды. Ажал оның қасына жақындаған кезде анасының рухы Көгершін келеді. Ажал мен Көгершін екеуінің арасында тағы қақтығыс басталады.

Ажал Көгершінді ұрып тастайды. Көгершін ұшып кетеді. Сезімнің тыныс алуы нашарлайды.

Сезім: (Жан-жағын қолымен сермеп)

Кет, кетіңдер! Шығыңдар ана терезеден!

Сезім Перизатқа айқайлап, көмек сұрайды.

Сезім:

─ Дәрігерлерді шақырыңызшы, менің халім нашарлап бара жатыр!

Перизат:

— ??? (үнсіз)

Сезім: (айқайлап)

─ Естисіз бе, көмектесіңізші деймін...

Перизат:

─ ??? (тағы үнсіз қалды)

Сезім:

─ Қолым кереуетімдегі түймеге жетпей жатыр. Әлсіреп барамын. Сіз кереуетіңіздегі түймені басыңызшы, дәрігерлер келсін. Естисіз бе, маған көмек керек.

Перизат кереуетіндегі түймені басқысы келеді. Қолын түймеге апарады да баспай қалады.

Перизат (іштей):

─ Мен қызықпын осы, мына қызға неге көмектесуім керек, а! Бұл қыз қиналса кезінде мені жылатқан әкесі де қиналады емес пе?! Кегімді осылай аламын. Баспаймын, түймені...

Сезім:

— Ту, Алла-ай, үйге қайтамын дегенде, ауырып қалғанымды қарашы. Перизат апа, әлсіреп барамын...

Перизат түймеге қолын апарып, тағы ойланады.

Перизат: (іштей)

— Жоооқ, Перизат, мұның болмайды! Бұл бейкүнә қыздың не кінәсі бар. Мені жылатқан бұл қыз емес, әкесі мен шешесі емес пе? Бас, кереуеттегі түймені...

Перизат түймені басады. Бірақ бұл уақытта ажалмен арпалысқан Сезім көз жұмған еді.

Перизат:

— Сезім! Сезім, Маған бірнәрсе дедің бе жаңа?

Сезім:

— ??? (үнсіз)

Перизат:

— Сезім деймін...

Сезім:

— ??? (үнсіз)

Перизат (күрсініп):

─ Сенің қиналғаныңды көргенде қатты аядым. Кереуетімнің жанындағы түймені басып, дәрігерлерді шақырғым-ақ келді. Бірақ сенің әке-шешеңнен әу баста кек алуды көздеген едім. Хәкімді тура өзім сияқты еңіретуді армандағанмын. Бірақ дер кезінде қолыма түспеді. Өкінішті, кегімді олардан емес, бір жапырақтай болған сенен алдым. Біле білсең, мен сенен бәрін де қызғандым. Өзің ғой, алғашында терезеден қаланы тамашалап, қызықтырғансың. Енді даланы менен бұрын көрмекші болдың. Бәрін менен бұрын көргің келді. Тура анаң сияқты бірінші болуға тырысасың. Бірақ, мен сенің шешеңе жол берсем де, саған жол бергім келмеді. Эх-х, Хакім дүние кезек деген осы! Мен есемді қызыңнан қайтардым!

Палатадан дабыл белгісі жеткен соң дәрігерлер келеді. Дәрігерлер Сезімнің денесіне жапқышын жауып, палатадан алып кетеді.

Перизат жалғыз жатыр. Бөлме іші тас қараңғы. Ол өз-өзімен күбірлеп сөйлейді.

Перизат:

─ Тезірек, таң атса, дәрігерлерге кереуетімді терезе алдына қойып беріңдер деймін. (!)

Жарық сөнеді.


Жетінші көрініс.


Палатаның есігі ашылып, бөлмеге Хакім кіреді. Перизат шошып кетеді. Хакім қатты жылағандықтан, бет-аузы ісіп кеткен.

Хәкім:

— Есенсіз бе?

Перизат:

— Есенбіз. Сезімнің қазасы қайырлы болсын. «Жан бар жерде қаза бар» деген.

Хәкім:

— Қызымның қайғысы қабырғамды қайыстырып кетті. Қайтейін, өмірімнің соңғы сәті жалғыз өтуге жазылған шығар. Сезім анасы сияқты мені жылатып кетті...

Перизат:

— Жалғыз екеніңізді білемін, Сезім айтқан еді.

Хәкім:

— Сезім айтты деймісіз? Дерті жанына батып жүрсе де қызым мені ойлап кеткен екен ғой. Ақтық сапарында сізге бірдеңе айта алды ма?

Перизат:

— Сезім қиналып жатқанда «Ауруханадан жазылып шықсаңыз, әкеме қарап қойыңыз» деді. Мендегі ашу оның аманаты тұрмақ, өліміне де... (Хакім сөзін бөліп тастайды)...

Хакім (бетін басып жылайды)

— Қарашығым, ақырғы аманатында да мені сізге тапсырған екен ғой...

Перизат:

— «Өлген артынан өлмек жоқ». Көп жылай бермеңіз, Сезімге ауыр тиеді! Өмірде жалғыз қалу жаман дерт екенін мен жақсы білемін!

Хакім:

— (көз жасын сүртіп) Енді біз екеуміз бір-бірімізге сүйеніш болайық. Мен сізге қамқор боламын. Қызымның әпкесі ретінде, туысым ретінде сізге көмектесемін.

Перизат:

— Жоқ! Мен сіздің көмегіңізге зәру емеспін!

Хакім:

— Олай демеңіз! Қазір дәрігерлерге айтып, кереуетіңізді жоғары жаққа қойғызамын! Қажетті дәрі-дәрмегіңізді алдыртайын. Тек, жазылып кетсеңіз болғаны...

Перизат:

— Кезінде қайырылмай жылатып кеткен едіңіз. Енді мүсіркеп, жұбатуыңыздың қажеті жоқ!

Хакім:

— Кезінде... Кезінде деймісіз? Түсінбедім, біз өзі таныспа едік?

Перизат:

— Таңдаған жолыңыз бөлек болғанымен, тағдыр бізді аурухананың тар бөлмесінде табыстырды, Хәкім. Мен Перизатпын ғой...

Хакім:

— Пе-пе-Перизат! Япырмай, сені де көрер күн бар екен ғой. Бәсе-ау, сені алғаш көргенде көзіңнен танығам... Бұл ауруханаға қалай түстің?

Перизат:

— Сенен ажыраған соң, жазылмас дертке шалдықтым. Сыртым бүтін болғанымен, жүрегім мұң-шерге, ыза-кекке толды. Сен менің жастығымның күл-талқанын шығардың! Басыңа іс түскенде жалғызбын деп жылайсың, ал мен өмірбойы жалғыз болғанмын...

Хәкім:

— Мен сені ауылға іздеп барғанмын, таппадым. Кешірші мені, Перизат!

Перизат:

— (кекетіп күледі) Кешірші дейді... Неше жылғы өкінішті, ашу-ызаны әсте бір сәтте бір-ақ ауыз сөзбен кешіре салу оңай деймісің?..

Хәкім:

— Біздің ауруханада кездесуіміз тағдыр ғой.

Перизат:

— Басымызға қайғының бұлты үйірілгенде, өзегімізді өкініш кернегенде тағдырға сілтей саламыз. Сенің мені жылатып, басқаны таңдағаныңа тағдырдың не кінәсі бар, айтшы? Менің бар ғұмырым әйелің екеуіңе кектенумен өтті. Обалын-ай сол кегім сендерден емес, жапырақтай қызыңнан, о, тоба!..

Хәкім:

— Енді маған не қыл дейсің, айтшы?! Онсызда жаным ауырып жүр...

Перизат:

— Бәлкім, кезінде мені жылатпай кеткеніңде біз бақытты отбасы болар ма едік?! Менде саған Сезімдей қыз тауып берер едім ғой... Адамға қиянат жасауға болмайды, Хәкім-м-м...

Палатаға Ажал қайта кіреді. Перизат талып қалады. (мұңлы музыка) Хакім палата ішінде зыр жүгіріп, дәрігерлерді шақырады. Дәрігерлер мен медбикелер Перизаттың денсаулығын тексереді...

Жарық сөнеді.


Сегізінші көрініс.


Бас дәрігер Омар Бековичтің бөлмесі көрсетіледі. Омар Бекович пен Хәкім Перизаттың денсаулығы туралы аз-кем сөйлеседі. Бұлардың әңгімелері қимыл-қозғалыс, іс-әрекет арқылы көрсетіледі. Сахнада Хәкім жалғыз қалады. Ол басын қос қолымен қысып, қатты өкінеді.

Хәкім:

— «Сезімім ауруға шалдыққанда еш адамға титтей де жазығым жоқ, бірақ Алла менің көз жасымды тыймады-ау» деп жылаушы едім. Сөйтсем, кезінде сенің көз жасыңа қалған екенмін ғой, Перизат. Сенің налаң қызымның өмірін қысқа етті. Әттең, неге ғана сені жылаттым екен. Неге?.. Адамға адам қиянат жасауға болмайды!. Жер жүзі дөңгелек деген осы, міне, опық жеп тұрмын... Әттең, дүние... Қу жалған-ай!...

Перизаттың палатасы. Науқас әлі есік алдындағы кереуетте жатыр. Бөлмеге медбике мен дәрігердің орынбасары Клара Жүсіповна кіреді.

Перизат:

— Кешіріңіз, Клара Жүсіповна есік алдында жатудан әбден жалықтым. Кереуетімді терезе алдына орналастырып бересіздер ме? Бәлкім, даладағы көріністер көңілімді көтерер.

Клара Жүсіповна: (кекетіп):

— «Терезе, терезе» дей бересіз. Құдды, осы терезенің артында басқа бір өмір бардай.

Медбике науқас жатқан кереуетті терезе алдына орналастырады. Перизат терезе алдына жатқан соң көзін екі қолымен басады.

Перизат (көзінен қолын алып жатып):

— Е, Жаратқан Алла, менің де жарық дүниені тым болмаса терезеден көретін күнім бар екен ғой!

Қолын көзінен алғанда шошып кетеді.

Перизат :

─ Япырау, бұл қалай болғаны өзі?! Мына терезенің ар жағында қарсы үйдің қабырғасынан өзге түк жоқ қой... Сезім қаланың әдемі көшесі, ерсілі-қарсылы өтіп жатқан шетелдік көліктер, адамдар деп қызықтыратын еді ғой. Неге мен олардың бірде-бірін көре алмай жатырмын.

Ол өкіріп жылайды.

Перизат:

— «Мен не деген жауызбын!» Кешірші, мені Сезім, кешірші... Жастығымда жіберген қателігім үшін сенен неге өш алдым екен, жарығым! Неге ғана сұм ажалдың жетегіне еруіңе жол бердім! Осы бір қу ағаш терезені сенен қызғанып едім, мұнан ештеңе көрінбейді екен. Дала тұрмақ, күн сәулесін көрудің өзі мұң екен ғой мұнда. Көңілімді табу үшін, түрлі әрекет жасаған екенсің ғой, құлыным...Менің ойымды сергіту үшін көше қызықтарын көзіңмен көріп тұрғандай әңгімелейді екенсің ғой. Ал, мен... Ал, мен... Қызғаныш ит-ай, қызыл иттің жеміне айналдырдың... Кешірші мені, Хәкім, кешірші!

Жарық сөнеді. Сахнада аз-кем тыныштық орнайды. Кенет тарс етіп есік ашылады да, палатаға Ажал кіреді. Сахнада жалғыз шам жанады. Ажал Перизатты қинайды. Перизат пен Ажал қатты қақтығысады. Әлсіз Перизат көз жұмады. Сәлден соң палатаға дәрігерлер келіп, оның мүрдесін алып кетеді.


Шымылдық

СОҢЫ. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар