Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Дәурен Қуат. Қарға баққан

23.11.2016 401

Дәурен Қуат. Қарға баққан


(Хикаяттан үзінді)


    Түн. Бейғам ауыл жұрты ұйқының ұлпа құшағына бөленіп, ессіз жатыр. Алғабайдың резиденциясы. Резиденцияның терезе перделерін қымтай жауып төрт адам сұхбат құруда. Ортада көзесі қалың білте шам. Түбіне түннің сия көк бояуы ұйыған шамның жарығы төртеудің жүзінде ғана шашылып қалған.


    Алғабай: Сендерді көргеніме қуаныштымын, достарым. Өтінішіме құлақ асып, келе қалғандарың бұндай жақсы болар ма!


    Ашер: О, не дегенің, Алға, о не дегенің! (Қозғалақтап, орындығын сықырлатып, шамның жарығына ұмсына түсті).


    Ким: Алғаеке, бізді ұмытпай жүргеніңді, шаруамның бір жағына шығыс деп шақырғаныңды естігенде есіміз қалмады. Құстай ұшып жеттік ауылыңа.


    Ноха: Жаның сау болсын, Алға. Алла ісіңе береке берсін!


    Алғабай: Есейіп кетіппіз-ау,ә?.. (Достарының жүзіне барлай қарады).


    Ким: Есейгенің не, Алға-ау, кәртейдік. Қақсал болдық.


    Ашер: Алға, біз қазір қазақшаға қамшы салдырмаймыз. Сөйлегенде сөздің түбін түсіреміз. Біз есейіп, ес жиғалы қа-шан?..


    Алғабай: Е-е, иә-иә... Алпысты алқымдап қалдық, бірақ, әлі тұғырдан тайған жоқпыз деші.


    Ноха: Алпыс – бізде жігіттің жасы.


    Алғабай: Ал, жігіттер, иә, мырзалар, сендерді шақырғандағы шаруамның жайына көшейін. Мен мына ауылдың жалғыз иесімін. Ауданнан бөліп алғанмын. Өзім би, өзім қожа. (Басын кенет шалқақ ұстап, мырза мақаммен сөйлейді). Не істесем де қолымнан қағар пенде жоқ. Бірақ, білесіңдер, біз – ел ісіне асқан жауапкершілікпен қарап өскен ұрпақпыз. Бізді заманымыз солай тәрбиеледі, ортамыз сондай өнеге берді. Мен – осы күні, мырзалар, алдыма асқақ мақсаттар қойып жүрген адаммын.


    Ашер, Ким, Ноха: Бәрекелді, бәрекелді!


    Алғабай: Мына мен ауылымның халқын жарқын болашаққа бастасам деймін. Бұларды бұрын-соңды өздері қиялдап та көрмеген жаңа тұрмысқа жеткізу ойымда бар.


    Ким: Бұл ауыл, Алғабай мырза, сіздің басшы болып келуіңізбен осы күннің өзінде не бір ғажапқа кенеліп отыр-ау деймін.


    Ашер: Басшы бола салысыңызбен көшелерді қурайлардан арылтып, ауылдың айналасын шырмаған шырмауықтардың көзін құртыпсыз. Алғабай мырза, сіз ауылыңызды жаңа әлеммен байланыстыруға бет алыпсыз. Құттықтаймын!


    Алғабай (Ашердің сөзін құптап бас изеді де, ізінше шарасыз кісінің кейіпіне енді): Бірақ, достарым, осы ауылдағы адамдардың тілін таба алмаймын ба деп қорқамын.


    Ким (қуақылана күлді): Тілдерін таба алмағаны несі? Тілдері ауыздарында шығар?


    Алғабай (шытынап): Тілдері ауыздарында болмай кетсін! Сол тілдері ғой тірлігіне кедергі келтіріп тұрған. Мен жуырда ауылға жаңа ат берейік деп жиын шақырдым. Ал не болды дейсіңдер ғой? Осында келді де, шалдар түкірігіне шашалып жат та кеп айтысты. Қай заманда, қай ғасырда өмір сүріп жатқандарын ұмытып қалды білемін. Ох, не деген память, Құдай-ау?.. Баталы би, Еміл батыр дей ме... осы екеуін айтып шарпысқан шалдар, менің Агашкин досым айтпақшы, феодалдық дәуірдің пұшпағынан бір-ақ табылды. Қысқасы, бұл ауыл жұрты екі атаға бөлінеді екен. Мына бетімен бұлар ауылдың бар байлығын бөліп алып, албаты кетуі мүмкін. Тоқтату қиын. Қайтпек керек, достар?


    Ноха: Оларды қорқытып ұстау керек, бауырым, қорқытып ұстау керек. Қазақ атаң: «Қорықпағанын – сыйламас» деді емес пе?


    Ким: Бөліп алып кетердей не байлық бар ауылыңда?


    Алғабай: Ким, сен сұрама. Қора-қора қой, үйір-үйір жылқы, келе-келе түйе, табын-табын сиыр. Мыңғырып жатыр. Соқа-сайман, темір-терсегі де жетіп артылады.


    Ашер: Олай болса, Алғабай мырза, Жаратушы иеміз сенің жағыңда екен. Бөліне берсін. Сен оларды бөлшектей түс. Бүліндір. Екі ата аз, сен ауылдан төрт, бес ата, бірнеше ру тап. Табылмаса, қолдан жаса.


    Алғабай (білтелі шамды қолына алып, Ашердің жүзіне аңтарыла қарады. Жарық күңгірт тартып, үшеудің сұлбасы қаракөлеңкеленіп кетті): Бұл не дегенің, досым-ау?.. Ауыл жұрты бөрі тигендей бөлініп, әр ата, әр ру өзіне басшы, көсем сайлап алып, көстеңдеп жүріп берсе, мен байқұс далақтап далада қаламын ғой?


    Ким: «Бөрі тигендей» деп дұрыс айттың, Алғабай. Сен бөрі бол. «Бөлінгенді бөрі жейді» дегенді атаң қазақ саған ескертіп отыр. Саған ымдап отыр.


    Ашер: Биліктің зоры мен қоры, ағасы мен інісі, үлкені мен кішісі деген болмайды. Биліктің бір ғана аты бар – билік. Биліктің бір ғана жолы бар: ол – көпті келеге келтірмеу. Бірлікті сұрап отырған болып – бүлдіру, ынтымаққа ындының кепкендей болып отырып – ыдырату. Сенің билігіңді көптің бірлігі емес, кері кеткен тірлігі, өзара қырын қабақ қырбайлығы, бәсеке-бақастығы қамтамасыз етеді.


    Алғабай: Әрі тартып, бері жық дейсіңдер ме?


    Ноха: Солай істе. Бірін бауырыңа тартқанда, екіншісін қырыңа ал. Оны да алыстатып жібермей, үшіншісін төртіншісіне айдап сал. Айналаңа сойыл соғар сотқар сотанақтарды да жия жүр.


    Ашер: Әлдебір жамандық жақындап қалғандай, әлдебір көлденең кесапат келе жатқандай үрей шақырып, қорқынышты сөздер айтудан жағың жабылмасын.


    Ноха: Пайғамбарлар да өз қауымына Жаратқан иенің жұмақты уәде еткеніндей тозақтың барын ескертуден танбаған.


    Ким: Биліктің берік қамалы – байлық. «Түстік өмірің болса, кештік мал жина» дегенді де айтқан сенің аталарың. Алдымен өзің байы. Өзің шылқа байып алған соң май жұққан жеңіңнің ұшын жұпыны жұртқа бір жалатсаң жетеді, содан кейін жетегіңе маңырап, ереді де отырады.


    Алғабай: Мырзалар, мен айтқан қисапсыз байлықтың бәрі – халықтікі. Мен былай... нетіп... неғылып, сыртынан иемденіп жүргенім болмаса, тыр жалаңашпын ғой.


    Ашер: Байлық – көптің ортақ сыбағасы емес, білікті бірдің ғана игілігі. Сен – менеджерсің. Дүниеде не бар, соның бәрі – әккі менеджердің меншігі.


    Алғабай (шамды ортаға қойып, білтесін көтерді. Кең бөлменің бұрыш-бұрышында ыққан қараңғылық шамның түбіне келіп тығылған): Қалай, не істе дейсіңдер сонда?


    Ноха: Малдың тігерге тұяғын қалдырмай айдап апарамыз да, хан базардың қызыл өңешіне тоғытамыз.


    Ким: Қолдағысын бермей қояды деп алаңдама, еліңе айт, мал – бір жұттық. «Осы қыстан қалай аман шығамыз?» деп қалтырап, қаңылтыр бет, қара қабырға болып қазақ қашанғы жүреді? Малды тегіс хан базардың қызыл өңешіне тоғытып сатамыз да, банктен есеп-шот ашып, бар ақшаны сонда саламыз. Банкте қазір ақша балалайды. Өсіп, өнеді. Соның өсімімен-ақ жырғап өмір сүруге болады.


    Ашер: Қаңыраған ауылда түкірігің түтеп қарап отыра бермейтін шығарсың... Түбі қалаға жылжисың. Басыңа қаладан қарқарадай баспана керек. Оны бізге тапсыр.


    Ноха: Анау темір-терсектің де бірін қалдырмай сат.


    Алғабай: Ол кімге керек? Оны кім алады? Күн астында күңсіп жатыр әншейін. Құр қаңқа.


    Ноха: Бұндай істің тізгінін біздің Кимге ұстат. Кимеке, десеңші?


    Ким: А, ол істің жарасы жеңіл. Ноу проблем. Іргеңде аш бақадай аузын ашып қытай тұрғанда, темір-терсекті күнге қақтап қойып қарап отырудың өзі күнә. Нихау-нихау, міне, бітті шаруа!


    Ашер: Сауданың пайдасы киелі кітаптарда да жазылған. Ықылым заманалардан бері адамзат баласы бір-біріне сауда жолымен жалғасып келеді. Саудадан қашпа. Қазақ сауданы сарт-сауанның кәсібі деп біледі. Олай емес. Сен саудаға білек сыбанып кіріскен нөмірі бірінші қазақ бол да, тарихта қал. Қолыңа ұстағанның бәрін сат та ұқсатып бақ. Жомарт Құдай бірін түгессең, екіншісін алдыңнан тосады.


    Ким: Бала кезімізде тіліміз келіңкіремей сенің атыңды «Алкха, Алкха» деуші едік. Тегі сонда көп қателеспеген сияқтымыз. Әлде Жарылқаушымыздың өзі аузымызға салды ма екен, «Алкха» дегеніміз – алқа екен ғой. Ал, Алғабай мырза, бізді алқа, қамқорымыз бол, өзің жеткер.


    Таң шолпаны туысымен тусырап жатқан жұлдыздардың жарығы семіп, шілде аспаны түңлігін түре берген. Ортадағы білте шамнан керосиннің тұтқыр иісі тарап, бөлме ішін қауып қалыпты. Алғабайдың жүрегі лобығандай болды.


    VII


    Алғабайдың ауылынан ерте аттанып, жолға шыққан достары жайлы да жүрдек көліктің ішінде ырғалып ойға батып барады.


    Ноха: Сонша жерден шақырғанда үлкен бір шаруа шығып тұр ма десем, ауыл арасының әншейінгі әңгімесі екен ғой? Хоп мейлі, екі ата, мақұл, төрт ата болсын... Соны біздей қазақ ортасынан жырақ жұрттың талқысына салып «қайтпек керек?» деп сұрағанына қайранмын? Ел болған соң ел ішінде бірер тентек теріс сөйлеп, терісіне сыймай жүре береді де, Тәңір жарылқағыр. Онда тұрған не бар? Үркер көтеріле үркіп қашқандай үдере көшкен беті сар даланың сай саласына сіңіп кетіп, шілде-тамызда ғана басы қосылған баяғы қазақтың бірлігіне таңмын. Біздің Қапқаз жұрты құрыш білек құшағы айқасқан таулардың шұңқырында отырып бір-бірін көзге шұқығандықтан жерін казак-орысқа алдырып тынды емес пе? Қапқаздың қасында қазақ деген малының сілекейіне дейін араласып, бірге туып, біте қайнаған ел екен ғой. Аспан астында манаурап, маңқиып жатқан мынау даланы қазақтың бірлігі сұрап тұрмағанда ендігі не болар еді?.. Сол кереметті біздің аңғал досымыз, сірә, сәтке түйсініп, сезінбеген сияқты ғой. Е-е, мейлі. Маған десең, ауылыңдағы екі шалдың шатақ сөзін айдай әлемге жай, Біріккен Ұлттар Ұйымының келесіне сал. «Қазақ өзімен өзі ел болып отыра алмайды» де де, мәжуси, шорт, ебенек, оларды тақияңа тар көрсең, зәңгілерді шақырып, төріңде тайраңдат. Менің алдыма мыңғырған малыңды салып берсең болды, айдап апарып хан базардың аузына тоғытамын.


    Ким: Ұсақ тайпалықтардың ұсақ-түйек ұрысын қойшы, бәрі бір коре патшалығының туын ұстаған соң тұтасып өмір сүріпті. Содан... содан кейінгісін өзім де жақсы білмеймін-ау. Әжемнің айтқаны: жалғыз көзді жалмауыздан туған жапондар кәріс халқының терісін тірідей сыпырып дауылпаздың бетіне қаптапты. Даңғырлатып дауылпаз ұрып ойнапты. Содан кейінгісі, тіпті, сұмдық: қара басы қамыс қалпақтың астынан табылған бір ұлт қақ айрылып, ортасына тікенек сым тартып, ала бағанның ар жағы мен бер жағында қалған. Еркі және өзінде емес, екі алпауыттың еркінде. Сол екеуі биліп төстейді. Ал біз мындамыз. Соноу Қиыр Шығыстан битіміздің қанын жалап жүріп осында жеттік. Әйтеуір, өлмей тірі қалдық. Енді тірі қалу үшін не істеуіміз керек? Алғабайлардың шаруасына араласуымыз керек. Алғабай бұ қазақта аз емес қой. Алғабайлармен бірге көктеп, алғабайлармен бірге өнеміз енді.


    Ашер: Жер, жер, жер... Көшіп бір жаққа, ауып бір жаққа, кіндігінен кері айналып, мекен-тұрағынан айнып бір жаққа кетпесе де, осы жер бетіндегі адамзаттың әбігері әсте тынар түрі жоқ. Қара жер қашаннан орнында, ау сонда дөңгеленген дүние неге тұрақсыз? Табаныммен басып тұрып тапжылтпаймын деген небір қиямпұрыс әңгүдік әумесерлерді арқасына таңып алып, зарқом соғыстардың талайын көрген жер енді қанша қан жұтар екен? Әй, тегі.., жерге құныққан адамзаттың құлқынын жердің өзі топырағымен толтырмаса, жер жер болып жаратылғалы басқа айла-шарғыны пенде баласы сірә, таба алған емес...


    Біздің әулет Құдай ұлының жұртына көшіп барғанда алдарынан жер дауы шығыпты. Ат тоқымындай жерге тістей қатқан еврей әлгі жерді менікі дейді, араб менікі дейді. «Менікі» деп қана отыра ма? Екі аршын жер үшін араб-еврей қақтығысып та қалады. Қақтығысты дүниенің газеті жазып шулайды. Мәселеге халықаралық ұйымдар араласып, ақырында шешімін таба алмай, даулы жерді екі жаққа бейтарап етіп қалдырады. Әлі күнге оқ тілеп ойқастаған оқиғалар сол екі аршын жерден атойлап тұр. Соны көзімен көрген біздің әулеттің ақсақалы былай деп әңгіме шертіпті:


    - Біз қазақ деген халықтың ортасында өмір сүрдік. Сол қазақта ғибратты сөздер өте көп. Соның бірін мысал етейін. Бірде екі адам жерге таласып қалыпты. Таласа таласа екеуі жаға жыртысып, төбелесіп, әбден ит сілікпеге түсіпті. Сөйтіп шаршап, шалдығып отырса, жандарынан бір адам көлденеңдеп өте беріпті. Екеуі дауын бейсауат жүргіншіге айтып, жүгінгенді жөн көреді. Сонда әлгі адам: «Тұра тұрыңдар, мен бұның жайын жердің өзінен сұрайын», - деп атынан домаланып түсе қалып, жерге құлағын тосып, екпеттеп жатыпты да, еңсесін тіктеп, малдасын құрып отырып былай депті: «Сен «жер менікі» дейсің, сен «менікі» дейсің, ал жер: «Мына дауласып, өлермен болған екеуі де менікі» дейді, бұған не дейсіңдер?


    Әулетіміздің ақсақалы айтқан тәмсілге еврейлер таң қалысқан көрінеді. Бұ қазақтың таңдайыңды қақтырар сөзі мен ісінде қисап жоқ қой, қисап жоқ. Бірақ, соны ұғып алуға алғабайлардың қиынсынатыны қызық. Мен әлгінде оған биліктің екі тізгін, бір шылбырын қалай ұстау керектігін әлімше жеткізген болдым. Ал сол биліктің биігінде өткен хан бабаларының ізіне үңілер біреу табылар ма екен осы жұрттың ішінен? Әй, қайдам... Алғабай досым, саған, әрине, жаным ашиды. Сондықтан қара басыңды қамдап қал деген ақыл айттым. Басқаға сенің шамаң келмейді. Пешенеңе жазылмаған ел билеу. Ауылыңның жұртына обал десем де, басқа амалым кем, бала кезден бірге өстік, бауыр басып қалдық. Сол себептен сені жетелеуге тиіспін мен...


    VIII


    Достарының ақыл-кеңесін құлағына құйып, миланып алған соң Алғабай түлеп сала берді. Түлемегенде қайтеді, ойы түнектен оянды, өзінің осы кезге дейін түк бітірмей түртінумен күн өткеріп жүргенін бек түсінді. Бүгінгі Алғабай бұрынғы Алғабайға күлетін болды. Қазір оның қауым ортасындағы сөзі:


    - Балтай-шалтайды қойыңдар, мен білемін, мені тыңдаңдар! – деп келеді. Біреулер алдағы қыстың қамын айта бастаса, Алғабай оларға:


    - Малға қарап маңырағанды, қазақ, қашан қоясың?! – дейді ақырып. Басқа кәсіптің ығын білмейтін ауыл жұрты бұндайда кәдімгідей ыға сөйлеп:


    - Алғабай-ау, сонда не ойлағаның бар? – десе, бұл сөзбұйдаға салмай төтесінен тартады:


    - Сату керек! Мал бағу – азап. Азаптан арылу керек.


    - Малдан басқа тірлігі жоқ елміз ғой біз, - дейді Баталы мен Емілдің ұрпағы еңкіш тартқан бойын жаза алмай. Жұрттың осылай осал шыққанын білгенде Алғабай ойындағысын ірікпей айтып та салады:


    - Қазақ, қашанғы қаңылтыр бет, қара қабырға болып қанжырдай қатып жүресің? Сен де мына заманның игілігін бір көрсеңші, байқұс-ау. Малды қаладағы хан базардың аузына айдап апарып тоғытамыз да, тігерге тұяғын қалдырмай сатып, табысымызды банкке басып тастаймыз. Ақша қазір банкте балалайды. Мен ақшадан ақша тудырамын.


    Осыны айтып, ауылдың құты құла айғырдың үйірін қара базардың қан қасабына беріп, бір қап ақша арқалап қайтқан күні ел Алғабайдың аузына тұтас қарады. Дегеніне көніп, дертесіне жегілді.


    Бұл күндері Алғабай ауылының айналасы темір-терсектен де арылып болған. Қисық шеге, сынық сым көрсе бітті ілгеріде соның бірін көзіне ілмейтін жұрт тірнектеп жия жүретін әдет тапты. Тапқанын әкеліп Алғабайға береді, Алғабай Кимге береді. Ким кімге береді?.. Көже тоғы түгесіліп, жұтап үлгерген жұрттың онда шаруасы жоқ. Ақша, ақша, ақша... іздеген сайын ол пәле іннен інге тығылып, соңына түсіп қуған сайын желқуықтанып жеткізбей, алыстан арбап, сиқырлана күліп, Алғабай ауылындағы адамдардың аранын әбден ашты. Ілгеріде бақастық пен күндестік күреске түспеген бе, әлде соны ел іші елең қылмаған ба, қазір біреудің қатыны қазанының түбіне жұқалап май жұтқызса, көре қалғанның қызғаныштан көзі қызарып, қылғынып өлуге бар. Сосын ернін сылп еткізіп: «Шікін-ай, жетісіп қалыпты ғой», - дейді.


    Бар дәулетін сыпырып Алғабайдың алдына салып бергенімен ауыл жұрты бір-бірінің тесік қалтасын көре тұра бұл кезде өзінше бай-кедейге жіктелетінді шығарды. Бір-бірінің жағдайына жаны аши отырып қулық-сұмдық жарыстыратын болды. Бір-бірімен бөле қарын екендігін білсе де, бөлінді. Тегінде, адам баласына адамдықтан алыстау, кісіліктен кету қиын емес екен. Азғындау аяқ астында екен. Алайда, пенде шіркін ол күйіне еш өкінбейтін болса керек. Қайта «қалпым осы», «жаратылыстағы жайым осы» деп, жүре беретін көрінеді. Осының бәрі Алғабайдың беделін үстеп, билігін бекіте түскен. «Биліктің бір ғана жолы бар: ол – көпті келеге келтірмеу» деген еді-ау Ашер досы. Алғабай ауыл жұртына досының айтқанын айна қатесіз істеді. Індете сұрап жүріп ауылдан жиен, жиеннен туған жинешарларды тауып, бір көше етті. Баталы-Еміл арасында екі үш түтін қожа-сунақ бар екен, араб атандырып оларға ұлттық мәртебе сыйлады. Төрт- бес үй төре-төлеңгіттің түбін моңғолға теліп, олардан бір ұлыс жасады. Алла-ай, бұл ауыл бұрын жаға жыртысып, жанжалдасып, жыртылып-айрылып кетпей қалайша бүтін өмір сүрген? Белгісіз... Қазір Алғабайдың «бірлік», «ынтымақ» деп күнде зар қақсауының арқасында ғана көбесі сөгілмей ілда-алдамен терісіне ілініп әрең жүр. Бұндайда миығынан күліп қойып Алғабай Ашер досының сөзін емірене есіне алатын: «Биліктің бір ғана аты бар – билік. Биліктің бір ғана жолы бар: ол – көпті келеге келтірмеу. Бірлікті сұрап отырған болып – бүлдіру, ынтымаққа ындының кепкендей болып отырып – ыдырату. Сенің билігіңді көптің бірлігі емес, кері кеткен тірлігі, өзара қырын қабақ қырбайлығы, бәсеке-бақастығы қамтамасыз етеді».


    «Биліктің берік қамалы – байлық» дегенді Ким досы кеңес етіп еді, кемел дос бұған ең керектіні айтыпты. Алғабайдың банкке апарып құйғаны қазір балалап, өсіп, балапаннан шөже шығып, шөжеден күрке тауыққа ұлғайып, күрке тауығы күрік басып, жұмыртқалап жатыр. Өз бетінше өніп бастаған ақшаны саусағына сараң қыстырып кей-кейде ауыл жұртына үлестіріп қояды. Мына жұрт соған мәз. Алғабай, әрине, ол да мәз. «Алдымен өзің байы. Май жұққан жеңіңнің ұшын жұпына жұртқа бір жалатсаң жетеді, содан кейін жетегіңе маңырап, ереді де отырады» деді ғой Кимекең. «Әй, Кимеке-ай, кер саңлағым, кемеңгерім-ай!».


    «Көрден кебінін сүйретіп түрегелген тірі аруақ секілді осы жаман-жұмандарға жұғын да татырмасам қайтеді?» деген ойға кетеді Алғабай кей сәттерде. «Өйткені, - деп әлгі ойына беки түседі ол, - бұтына толып жүргені болмаса, бұлардың қолынан қойдың қордасын сыпыру да келмейді. Оу, қисынын тапқанға малдың қиы да қып-қызыл ақша емес пе? Мыналар соны білген емес. Ертелі-кеш мал соңынан өріп, малдың сүмесіне қараған өңкей сүмелек ел болып жарыта ма? Жасаған жақсылығыңды біліп, түйсіне ме?»


    Алғабай асып-тасыған сайын ауыл жұрты жасып, өзін өзі кембағал, қор санап, қорғалақтап біткен. Әне бір қария тұнжыр қабағының астынан жан-жағына жаутаңдай қарап, көз жанарын жас жуып, Алғабайдың резиденциясына қарай бүгжеңдей басып барады. Алғабай мырзадан ас-ауқат сатып аларлық бақыр тиын сұрамақ. Алғабайды алқап, аяғын құшардай болып сұрайды. Сонда Алғабай: «Жә, Жәке, бұныңыз не, міне алыңыз» деп уысына бірер сөлкебай тастаса, сорлы қарт соған риза. Былай шыға, жолыққан адамға: «Шіркін, бардың аты бар-ау. Байлық барға бітеді ғой. Қалай-қалай болар екен, босағасынан аттатама ма, жоқ па деп барғанымда «Жәкелеп» төрге оздырып, қыжалат қылмай қайтарды» дер еді. Алғабай ел сөзіне құлақ асып, құрақ ұшып жүрген алғашқы жылдары ауылға Баталы бабасының атын бермек болып ышқынған шақар шалды әлгі кісі деп бүгінде кім ойлайды. Ал Алғабай қарттың сыртынан қарап тыжырынады: «Сұраншақ. Тұқым-тұяғымен тіленші. Бүйткенше мүрдем қатпай ма?». Ызғарын алыстан сездіріп отырғанымен Алғаекең, бірақ, ауылдастарының бетіне тура келе бермейді. Қуланып алған. О, тоба, қазір ол қулығына құрық бойламайтындығын ойлап қуанады. Қорғансыз, аңғал жұртты әрі итеріп, бері жығудың шебері. Ноханың сөзі де есте: «Пайғамбарлар да өз қауымына Жаратқан иенің жұмақты уәде еткеніндей тозақтың барын ескертуден танбаған». Баяғы өрен, жалынды комсомол, әрі Агашкиндердің насихатынан көгеріп-көктеген Алғабай пайғамбарлар мен пайғамбарлар қауымы дегенге бас қатырған емес, әйтсе де, ауыл жұртына қия басса қияметтің бола кетуі ғажап еместігін айта жүруді әдет қылған.


    Ұмытып барамыз, қиямет күнінің қияпатын айтып зарлайтын бұл ауылда осы күні Алғабай жалғыз емес-ті. Бірде Алғабай ауылына жалаңаш етіне жалаң шүберек байлап, шашын тұқылына дейін тықырлап қырған, борлап-сырлаған жүзін сілтімен сүрткендей сұп-сұр шұбырынды топ кернейлетіп-сырнайлатып келіп тұрды. «Харе Кришна» деді олар. «Сенің халқың адасқан. Олардың былғанған жаны тазармай ақиреттің шегінен орын таппайды» деп хабар берді. Келесі күні айрық таңба көтерген қауымның уағызы тыңдалды. «Заманақыр таяп қалды, - деді олар. – Біз үшін қанын төгіп, бөренеге таңылған Құдай ұлын еске алып, мінәжат етіңдер». Бұл қауымның соңынан кимелеп жеткен жамағат Алғабай ауылының жұрты адасушылардан екенін қатаң ескертті де, ауыл сыртындағы қалың қорымды қиратып, әруақтар әлемін аластап: «Қиямет күні сұраққа алынасыңдар, күнәһар пенделер» деді.


    Алғабай ауылындағы рухы былғанғандар жалаң шүберекке оранған қауымның етегін құшып, Құдай ұлының жапа шекендігін сезінген байқұстар айрық таңба арқалағандардың аяғына жығылды. Ал шетінен «күнәһар пенделер» болса, жамағаттың иегінің астында жалбыраған сақалды пана тұтып жатқан. Сондай абыр-сабыр, қалаймақан күндердің бірінде-ау деймін, Алғабай үйінің қасындағы кәрі қара ағаштың басына топтанып кеп үйірлі қарға ұя сала бастады.


    XIX


    Әр саны ақжағалы ұлықтардың ызасын тудырып, ту-талақайын шығаратын «Тасжарған» апталығы кезекті сенсациясымен кербаққан қоғамның қоясын ақтарып салған. Қаршадайынан қағынып, қаламын қайдағы қиын тақырыпқа жұмсап дәніккен тілші баяғы «қурай-джунглидің» ішінде өмір сүрген ауыл тағдырына оралыпты.


    «Алғабай Қамысбайұлын көптен білуші едім, -депті тілші мақаланың алғашқы жолында-ақ. – Мен аудандық газете қызмет атқарып жүрген жылдары ол алыс бір қияндағы ауылдыменшіктеп, мүкәмал-мүлкімен қанжығасына бөктерген-ді. Ә дегендегі ісі «әп-бәрекелдімен» басталған Алғабай ауыл жұртының азды-кем ілік-шатысына шатылып, шаруашылықты басқару ісіне кетіктен кетпеннің басын суыратын суаяқтарды кеңесші етіп шақырған. Бейғам ауылдың бар байлығын бір түннің ішінде үптеп кеткен әлгі қулар Алғабайдың резиденциясында не кеңес құрғанын ішіміз сезгенімен, қандай құжаттан қызыл қуырдақ жасағанын біле алмадық. Әйтеуір айналдырған алты-жеті жылдың ауқымында Алғабай ауылының айналасын тып-типыл етті. Жанармайға айырбастың есебімен қора-қора қой, үйір-үйір жылқы алып шаһардың ханбазарына айдалды. Іске жарамсыз, ілікке татымсыздың бәсімен техника атаулы тегіс сатылды. Алғабайдың достары жердің қыртысынан қазына тінтіп табатын құралдарды сүйреп апарып, тау мен тасты да шұрық-тесік қылып тынды. Әрине, табысқа кенелді. Байлыққа батты. Еліміздегі ең ірі банк «іскер» жігіттердің тұтамына келмей тапқан-таянғандарын шетел асырды. Алғабайдың аяулы досы Ашер сол ақшаларды құнды қағаздарға айналдырып мұхит асып кеткен. Ноха – ұйымдасқан қылмыс әлемінің серкесі. Алғабайды алар жаудың алқымы Ноханың қолында. Ким кеңесшілік қызмет атқарады. Кеңесшінің кесірлі ойы мен ойынына бұл күнде еш кедергі жоқ. Ол Алғабай ауылынан күллі әлемнің күлсалғышын жасап отыр. Куәгерлер мен жихадшылар, сайтан мен ібілістің жолына азғырушылар Кимнің нұсқауымен андағайлап Алғабай ауылын басып қалған.


    «Қан ұйыған өлкеге қарғалар үйір келеді» деуші еді. Жанама және тура мағынасында Алғабай ауылы қазір сол қан ұйыған, қараңғы қапасқа қамалған үрейлі мекен. Мен тілдескен қария, ол өзін Еміл батырдың ұрпағымен деп таныстырды, «киесіз жерді құзғын, иесіз елді ызғын жайлайды» деді. Сол кісінің сөзі – сөз. Енді қайтпек керек? Ауыл жұртын осындай аянышты тағдырдың шегінде қалдырып қоямыз ба?»


    Айқай-аттаншыл апталық ұлықтар ортасын ұлардай шулатып жатқан тұста мақалаға көз жүгіртіп өткен Ким Алғабай досына қоңырау шалды.

    - Алғеке, әманда сау-саламаттығыңызды тілеп отыратын пақырыңызбен тілдесуге мұрсат таба алар ма екенсіз?

    - О, не дегенің Кимеке-ау, өзіңдей абзал доспен сағаттап сөйлесуге бармын ғой.

    - Пейіл-ниетіңізге құмбылмын, Алғеке. Рахмет сізге, бәріміз сіздің жалпақ жауырыныңызға жабысып жан бағудамыз. Бізбен тілдесуге мұрсат тапсаңыз, бір жайды нақтылап сұрауға рұқсат етесіз бе?

    - Сұра, сұрай бер. Суырмамдағының бәрін сен білесің ғой. Сонда да сұра.

    - Алғаеке, осы сіздің ауылыңызда қарға қаптап кеткені рас па?

    - Ойбай, рас. Топтанып ұшқанда Күннің көзін көлегейлейді.

    - Кәдімгі қара қарғалар ғой?

    - Ай, соның тегін тектеп, түсін түстеп жүрген кім бар дейсің? Меніңше, кәдімгі қара қарғалар. Наглый, нақұрыс қарғалар. «Ғарқ» деп ұшып бара жатып төбеңе саңғыра салады, ұятсыздар!

    - Ендеше Құдай берді, Алғаеке! Сіз сол қарғаларды тегіс қарауыңызға алыңыз.

    - Не, не дейсің?

    - Қарауыңызға алыңыз деймін. Сынық қанат қарға қалмасын қарауыңыздан.

    - О неге, не үшін?

    - Пәлі, Алғаекесі, қарға дегеніңіз – бизнес. Тұмсығы – 100 доллар, тырнағы – 100 доллар. Бір қарғада бір тұмсық, екі балақ. Екі балақтың басында екі тырнақ. Барлығы – 300 доллар. Енді есептей беріңіз, сіздің төбеңізде қанша доллар шырқ айналып ұшып жүргенін?

    - Ау, оны қайдан білдің?

    - Қытайға кейінгі сапарымнан білдім.

    - Қытай оны не ғылады екен?

    - Не ғылатынын не ғыламыз? Сіз бен біз сатуды білсек болды емес пе?

    - Сонда бұл қарғаларды жамсатып, шетінен атамыз ба, қайтеміз?

    - Атамыз ба, асамыз ба, әлде қытайға айдап өтеміз бе, көреміз. Сізге тапсырма: қарғаларды қарауыңыздан шашау шығармаңыз.

    - Кимеке, тс-с, ақырын. Біреу-міреу естіп қоймасын.

    - Иә, тс-с...Бұл – құпия. Мемлекеттік қана емес, халықаралық құсбегілердің құпиясы. Құпиямыз аузымызда құлыптаулы болсын.

    - Құп, Кимеке, құп!


    Киммен сөз біткен бойда телефон тұтқасын тастай салып, тасыраңдап далаға атып шыққан Алғабай танауының тесігін аспанға төсеп қатты да қалды. Қарғалардың үйірі көк жүзінде көшкен қара құйын сияқты: жан-жаққа жамырап, жайылып бара жатады да, жалт бұрыла топтанып шырқ үйріледі. Шырқ үйрілген үйірдің ортасы қанатының қарымы жеткен биікке көтерілгенде, етегі делбегейлене түрілген қарға-құйғын Кимнің басындағы қамыс қалпаққа да ұқсап кетеді. Қарғалардың қарқылынан құлағы қажалған Алғабай қазір оларға сүйсіне көз салып тұр. «Е-е, қарғалар, қарғалар, сен біздің басымызға үйіріліп, қонғалы жүрген байлық құсы, бақ құсы екенсің ғой, жаным-ау».


    ...Қарғалардың бір үйірі үйінің тап іргесіндегі алып қара ағаштың басына ұя салып жүргенін байқаған Алғабай жексұрын құстың төңіректі ала құсық жасайтынын ойлап кейіген. «Мына маңқа ауылды малдың қиы мен көңінен әрең аршып алып отырғанымда қарғасы құрғыр қарқылдап қайдан тап бола кетті?» деп Алғабай ашу шақырып, қара ағаштардың бұтағына даңғара байлатып, айналасын азан-қазан қылған-ды. Алайда оған айылын жиған қарға баласы болмады. Бастапқыда даңғара үнінен далбақтай ұшып қашқанымен бара-бара бойы үйренген қарғалар Алғабай ауылында ансамбль құрып алған. Лып етіп жел соғып, бұтақ тербелсе, қаңғыр ете қалатын даңғара дауысы «ал, баста» дегендей қарғалар хорының қарқылын үдете түседі. Содан түн ортасына дейін ғарқ-ғарқ. Ғарыққа қарық боп оянаса, тағы да ғарқ. Алып дарақтың сіңірлі жуан бұтағына жайылып жатып алатын сұмырай ата қарға бұдан таң азаңында маңғазданып хал сұрайтынын қайтерсің? «Ғарағым, Алғабай, ғал ғалай?» Биікте отырып Алғабайдай арда туған азаматқа сәлем бергенім ыңғайсыз дей ме екен, кейде жерге түсіп, балуан жүріске салып, ырғала басып келеді де: «Ғал ғалай, ғал ғалай, Алғабай?» деп кетеді. «Өй, жексұрын неме!»


    Алғабайдың амалы таусылған. Ал қарғалар үйірі шетсіз-шексіз көкжиектің әр тұсынан қара күйедей тұтасып шығады да, тура бұның ауылын бетке алады. Ат шаптырып алдырған мырза қонақтар секілді. Асықпай ұшып кеп қара ағаштардың басына баптанып қона береді. Соның бәрі Алғабайдың төбесінен тесіле қарайтын секілді: «Мырза, бөлісетін не бар сізде?» Алғабай несімен бөліссін? Бөлісетінін достарымен бөлісіп қойған. Бірақ, қарғаның аты қарға емес пе, жер түбінен оларды бұл өлкеге жел айдап келді ғой дейсіз бе? Әне, анау адырлар хан базарға айдалған малдың тері-терсегіне толып, аузы мұрнынан ақтарыла жидіп жатыр. Анау таулардың сай-саласы – Алғабайдың аңшы достары қынадай қырған аң мен құстың өлексесі. Айдау далаға айналған анау егістік алқабындағы еркек шөптің басы – тұнған дән. Соны, сол жемтігін, жеңсік асын сезген қарғалар қайдан болса да келеді ғой. Иә, ауылдағы айтқыштардың сөзінде еш қате жоқ: адамда Алғабайдың, құста қарғабайдың құлқыны құрдымдағаны сезеді.


    Енді, міне, Алғаекең аспанға аңтарыла қарап тұр, ішінен күбірлеп санап тұр. «Әй бір миллион бар шығар-ау...» «Аллам-ау, сонда Алғабай уыстап доллар ұстайтын миллионер болмақ қой?!» – «Е, болады, неге болмасқа?». «Ай, Алғабай, қайда тұрасың?» – «Америкада. Жо-жоқ, Еуропада». «Еуропаңыз не, Айдың бетінде». Ашер айтқан: «Досым Алғабай, Жер планетасының мүмкіндігі шектелуде, асқан байлар енді жаңа мекен, жалғасты өмір іздеп Айдың арғы бетіне көшуде» деп. «Несі қиын, достары аман болса, Алғаекең де Айды өзіне қоныс етер». «Шіркін, сол үшін мәңгілікпен бірге мәңгі өмір сүрсе ғой армансыз».


    Қиялына қарғаның қанатын байлап алып-ұшқан Алғабай бір күні мәңгілік өмір сүрудің сырын қараекеңнің өзінен сұрап білсе қайтеді деген ойға бекіді. Ертеде, тым ерте кезде естіген сөзі бар-ды. Қарғалар мәңгілік өмір нәрі – Әбілхаят суын біледі екен. Әбілхаят суын ұзақ жасаған әміршіге әкеле жатып қарға байқамай төгіп алады. Әбілхаят суы тиген арша мен шырша содан мәңгі жасыл болып қалыпты.


    Әбілхаят суы... ол қайда? Қанша жабысып сұрағаныңмен сұмырай қарға бұл сұрақтың жауабын ашып бере ме? Жоқ, әрине. Ендеше не істемек керек? Ауыл қожасы «не істемек керектің?» соңына салпақтап түсіп алған.


    - Не істемек керек? – деп ол бірде дауыстап та жіберді.

    - Қара ағаштарды өртейік, түбіне от қоялық, - деді әлдекім.

    - Ауыл-аймағың қара ағашпен бірге күйеді ғой, сорлы-ау? – деп әлгі әлдекімді тағы бір әлдекім сақтыққа шақырды.


    Әуеде айналып ұшып жүрген мың-миллион долларын біреулер ауылдан аластамақ болып жатқанда Алғабайда жан қала ма? Ғарқ етті. Құдая тоба, қарғалардың қарқылы құлағына ұя салып тастаған ба, жоқ әлде бір сарынды салауат үнін ести берген соң еліктеп дыбыс шығаратын болған ба, Алғабай өз дауысының қарға мақам тапқанын біліп жүретін.


    - Тимеңдер ғарғаларға, - деді Алғабай, - даланың момын ғұсы ғой ғарғалар.


    Ауылдастарымен осы бір екі ауыз сұхбаттан кейін-ақ Алғабайдан маза қашты. Бұл бір жаққа жолаушылап шыға қалса, қызылкөз пәлелер ағаштарды өртеп, қарғаларының сирағын үйтіп алардай үрейленеді. Кейде Ким екеуінің құпиясын сезіп қойып бұның ауылындағы қарғаларға әлдебір сұмпайылар ау құрып жүргендей алаңдайды. Жұрттың аузынан қарға аты естілсе, қарадай қызғанатын қызба мінез де тапты. «Қарға, қарға» деп қақылдай бермеңдер!» дейді ақкөзденіп. Қарғаға қатысты әңгімеге текке қарап жүре алмайтындықтан қара өлеңнің сөзіне де жармасты: «Қарғам-ау, сен қандайсың мен дегенде» емес, «Айнам-ау, сен қандайсың мен дегенде!» Өлеңнің сөзін бұрмаламай дұрыстап айтыңдар!»


    Қазақта не көп, қарғаны көрінген нәрсеге көлденең қосып айтатын өлең көп екен. «Қарғам-ау, қарғам-ау...» Алғабай кәрі жынын, шатпақтап өлең жазатын ілкідегі әдетін қайта тауып, бірқанша уақыт сөз түзеуге отырды. Орталықтағы әдеби-музыкалық газет-журналдарға бұрқытып мақала-хат жолдады. «Әгагай, ала қарға-ай, бақ берсін балаларға» дейді халық ауызы. Халық ауызы қателеседі. Ала қарға балаларға бақ бере ала ма? Бермейді. Абзалы: «Әгагай, Алла, Алла-ай, бақ берсін балаларға» болса керек. Бақты Алла береді. Міне, сөздің дұрысы».


    Алғаның қарғаға деген ерекше достығы әйгіленгенде бұның бәрі әншейінгі әңгіме болып қалды.

    - Алғабай үйінде қарғаның баласын асырайды екен, - деді көшеде ұшырасқан бір кісі бір кісіге.

    - Қой, ей, қара ағаштың басындағы қарға балапанын баға алмай Алғаның бауырына салып беріп пе?

    - Онысын білмедім, бірақ, Алғабайдың қорасында көзі мойылдай қара, қауырсыны да құндыз қара, қара тұмсық бір қарғабай қарақанаттанып өсіп келе жатыр.

    - Мәссаған, оны қайтпек?

    - «Бұны қайтпексіз?» деп сұрағандарға Алғаекең: «Осы қарға дейтін құс қанша жасайды екен, соны көрмекпін» деген жауап қайырыпты.

    - Оу, ағасы, қарға-құзғын 2-3 ғасырдың өлкесін кезіп, өлексесін тауысып өлмесе, өлмейді деуші еді ғой. Алғабай да сөйтпек пе?

    - Сөйтетін шығар, мен қайдан білейін?..

    Алғабайдың ұшуға әлі қанаты жетілмеген балапан қарғаны бағып отырғаны рас еді. Бұлай істеуіне әлгі Әбілхаят суы туралы әлқисса әсер етсе керек. «Әй, тегі тегін емес-ау» деп әлқиссаның сырына өзінше үңілген Алғаекең қарғаны әбден қолына үйретіп, оны үй құсы етпек. Қолда түлеген қарғасы қайдан су ішіп, тұмсығын қайда жуатынын содан білмек. Қарғаның тұмсығы тигін судан уысын толтырып жалғыз ұрттаса жетеді: Алғабай мәңгі өмір сүрмек. Алғаекеңнің... Аллаекеңнің мәңгілік өміріне жететін мәңгілік байлығы, таусылып бітпейтін ризығы – қарғалары. Мына қарға бар қарғаның басы болмақ. Ендігі қарғалар қарқылдап Алғабайдың аспанында ғана айналып ұшып жүреді. Алғабай армандамасын, Алғабай бір істі қолға алмасын. Алғабай бір істі шындап қолға алса көрдіңіз ғой, құлқынына қарғаны да құлатып, құлдануға бар.


    X


    Арада неше жыл өткенін ұмыттық: Алғабай қызылшұнақ шал болып әлі шауып жүр. Тың. Жүргенде аяғы-аяғына жұқпай тыпыңдап, жорға жүріске салады. Қарғасы да жұнттай: семіз, дәу, алып қарға. Өбектеп Алғабайдай атасы тұрған соң ба өріс тілеп, өлексе іздеп алысқа ұзап шықпайды. Ауыр денесін әрең алып, баяғы кәрі қараағаштың басына барып қонады да, екі көзі қызарып, Алғабайға күн ұзақ қарайды да отырады. Ал, біз білетін Алғабай қазір қарғаның тұмсық-тырнағын сатып пайда табу дегенді мүлде ұмытқан. Есіл-дерті – Әбілхаят суы. Қарғасы сол суды алып келсе... сол судан бір жұтса... мәңгілік өмір сүрсе... қартаймаса... кәрілік дегенді білмесе... өйтсе, бүйтсе... Ауыл жұрты сонда Алғабайға күлер еді: «Қарға бағамын деп алжыды ғой байқұс. Барынан айрылды. Бір замандарда атаққа шыққан бай еді, бағылан еді, дүр еді. Қазір бұ шалдың шау қарғасынан басқа түгі де жоқ».


    ...Қара күздің бір күнінде терістіктен ызғып жел тұрған. Алғабай ауылын қаптап басып алған қарғалар үйірі осы сәтте желге бауырын төсеп, көк жүзіне желіге көтерілді. Алғабайдың қарғасы да қарғалығын істеп өзінше болып жүр. Қауырсынын жел түтіп, әнекей, ол үйіріне бет түзеп барады. Ызғып соққан желдің арты ырық бермес боранға ұласып, боранның соңынан дүлей дауылдың дүбірі естілді. Қарғалардың басқа мекенге біржола ауғаны анық аңғарылған. «Әй, - деді сонда Алғабай қалбалақтап - әй, мені тастап қайда кетпексіңдер, түге?»


    Алғабайдың қолда өскен балапан қарғасы қалбаңдап, ары-бері айнала ұшып жүрде де, саңғырығын иесінің жалтыр басына салмақтап тастап кеп жіберіп қоштасты: «Ғош-ғош, Алғабай, ғош».


    Алматы

    03.07.2016


    Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


    Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

    Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


    (0)
    Пікір қалдыру:
    Captcha

    Ең көп оқылғандар