Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Уәлихан Қалижанов: Жас қаламгерлерге ортақ нәрсе – ол білім мен ойдың, эстетиканың жетіспеуі

22.11.2016 279

Уәлихан Қалижанов: Жас қаламгерлерге ортақ нәрсе – ол білім мен ойдың, эстетиканың жетіспеуі

Ualihan.jpg

Уәлихан Қалижанов,

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және

өнер институтының директоры,

ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті,

филология ғылымының докторы,

Қазақстанның Еңбек сіңірген

қайраткері


– Өзіңіз басқарып отырған Әдебиет және өнер институтының әдебиет үшін қандай маңызы бар?


Маңызы өте зор. Өйткені қазақтың санғасырлық әдебиеті, фольклоры мен өнерін, оны басқа елдер мұрасымен салыстыра, салғастыра зерттейтін Республика бойынша жалғыз ғылыми мекеме М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты. Институтта қазақ әдебиетін дәуірлерге бөліп зерттейтін Фольклортану, Ежелгі және орта ғасыр әдебиеті, Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті, Тәуелсіздік дәуірдегі әдебиет пен көркем публицистика, Сыртқы байланыстар және сараптама, Қолжазба және текстология, Музыкатану, Театртану, Бейнелеу өнері сынды бірнеше бөлім жұмыс істеп жатыр. Жүзден астам қызметкер еңбек етуде, оның жетпістен астамы – ғылыми қызметкер, екеуі ҚР ҰҒА-ның академигі, екеуі ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті, он екі ғылым докторы, жиырма то­ғыз ғылым кандидаты бар, соны­мен қатар, бірнеше PhD доктор мен магистранттар білім алуда. Бір қуантарлығы, соңғы жылда­ры ғылым саласына жастар көп­теп келуде. Институтта Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің іргелі зерттеулер бағдарламасы бойынша жоспарлы ғылыми жұмыс­тар жүзеге асырылып жатады. Ғылыми жобалардың нәтижесі ұжымдық монография түрінде жарық көруде. Республика жұртшылығының алдында ғылыми іргелі еңбектердің тұсаукесер рәсімі де өтіп тұрады. Ғылыми маңызы жоғары Халықаралық, Республикалық журналдарда зерттеу жұмыстардың нәтижесі мақала күйінде жариялануда. Жылда республикалық, халықаралық деңгейдегі ғылыми-практикалық-теориялық конференциялар, ғылыми семинарлар, шығар­машылық кездесулер мен тұсаукесерлер өткізіліп ке­леді. 2016 жылы жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына арналған Халықаралық деңгейдегі симпозиумды Алматы қаласында өткіздік. Аталған ғылыми шараға ҚР Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіхалықова қатысты, шетелдік ғалымдар баяндама жасады. Биыл мемлекеттік маңызы жоғары даталардың бірі – ҚР Егемендігінің 25 жылдығына орай «Тәуелсіздік дәуіріндегі әдебиет және ұлттық құндылықтар» атты ғылыми конференция өтеді.


– Көп жылдар лауазымды қызмет атқардыңыз. Шығармашылық жолыңызға кедергі келтірген шығар?


Кедергі келтірген жоқ деп бірден жауап беруіме болады. Университетте оқып жүргенімде-ақ негізгі ғылыми бағытым айқындалған-ды. Қазақ ғылымының корифейі Бейсенбай Кенжебаевтың жетекшілігімен әдебиет тарихында «ескішіл, діншіл» деп айдар тағылған Шәді Жәңгіров, Нұржан Наушабаев, Ақмолла ақындардың әдеби мұрасын зерттеу барысында тың ізденістер дүниеге келді. Бұл зерттеу ұлттық әдебиеттанудағы діни ағартушылық деп аталатын бағыттың қалыптасуы, дамуы мен басты өкілдерін көрсеткен іргелі еңбектер қатарын толықтырды. Ұзақ жыл журналистикада қызмет атқара жүріп, М.Әуезов, М.Ғабдуллин, С.Мұқанов шығармашылығына қатысты тың деректер мен еш жерде кездесе қоймаған фактілерді жинақтаппын. Өткенді еске алсақ, қазақ әдебиеті мен мәдениеті үлкен тар жол, тайғақ кешуден өтті. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл және Әдебиет институты қызметіндегі өрескел саяси қателіктер туралы 1947 жылғы қаулысы мен «Правда» газетінің «Қазақстан тарихын жазудың маркстік-лениндік жолынан ауытқуы» туралы 1951 жылғы мақаласы аспаннан жай түскендей болды. 1951 жылғы үш күнге созылған пікірталаста қазақ әдебиетшілері мен тарихшыларының тағдыры таразы басына түсті. Сол кездері қазақ зиялылары репрессияға ұшыраса, оған қоса қазақ эпостары да репрессияланды. Коммунистік қоғамның осындай «жаңалықтарын» жас ұрпақ біле жүрсін деген ниетпен осы пікірталастың стенограммасын тауып алып, «Қазақ әдебиеті» газетіне «Ердің сыры мен сыны немесе репрессияланған эпостар» деген мақала жарияладым. Бұдан бөлек М.Әуезовтің Петербургте оқыған жылдарынан тың деректер беретін, соғыстың бел ортасында етігімен от кешіп жүрген М.Ғабдуллиннің М.Әуезовпен әдебиеттің дамуы, ғылыми жұмыстарының болашағы жайында жазысқан хаттарын тауып алып, мақалалар жарияладым. Бұның барлығын жазуда маған журналистикада жүріп бойыма сіңген жеделдік, факті мен детальдарды ойнатып беру әдіс-тәсілдері көмекке келді. Бұдан бөлек өзім жетекшілік ететін ғылыми жобалар бар, жылда өз авторлығыммен тараулар жазылуда. Институт кітапханасынан алып, танысып, оқып шығуға болады.


– Әдебиет және өнер институтының болашаққа қандай жоспарлары бар? Сапалы аударма ісімен айналысуға мүмкіндік бар ма?


Академиялық саладағы зерттеулеріміз арықарай жалғаса береді. Оның ішінде «Мәңгілік Ел» гуманитарлық платформасы бойынша зерттеу жұмыстары қолға алынуы мүмкін. Платформа аясында Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында мемлекеттік барабарлығымызды нығайту мәселесі көтеріліп отыр. Сонымен қатар, 100 томдық «Бабалар сөзіне» қазақ халқының ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа ауызша тарап келген рухани жәдігерлері жинақталған болатын. Аталған сериялы жинақ бүгінде ғылыми зерттеулердің объектісіне айналып үлгерді, кандидаттық диссертациялар қорғалып, мақалалар жарық көруде. Біздің институттың қорында 100 том болатын авторлық әдебиет жатыр. Бұны да шығару жоспарымызда бар. Бұл авторлық әдебиет топтамасына өзінің есімімен, сөзімен тарихта қалған жыршы-жырауларымыздың, шешендеріміздің, сал-серілердің мұралары енетін болады. Егер біз осылардың барлығын жарыққа шығарсақ, санамыз өзгереді. Қандай халық екенімізді, фольклорымыздың қаншалықты жоғары деңгейде болғандығын түсіне бастаймыз. Ал әдебиеттерді аударып, жариялау біздің нысанымызға кірмейді, әзірге мұндай жоспар болмай тұр.


– 100 томдық «Бабалар сөзі» сериясы басылып шықты. Осы жинаққа шығармалар қалай іріктелді?


«Бабалар сөзі» 100 томдық сериясы – әлем фольклоры тарихында теңдессіз құбылыс, халық аталған ғылыми басылымды бүгінгі тәуелсіз Қазақстан мәдениеті мен руханиятының басты бренді ретінде қабылдады. Мұнда қазақ фольклорының барлық жанрлары түгелге жуық қамтылған деуге болады. Көптомдықтың 63 томына қазақ эпостары мен олардың көптеген нұсқаларының мәтіндері енсе, алғашқы 32 томның мазмұнын хикаялық, діни және ғашықтық дастандар мен Қытайдағы қазақ фольклоры үлгілері құраса, қалған 31 томға көне эпос, батырлық, қаһармандық және тарихи жырлар кірген. 64-100 томдарда қазақ фольклорының жұмбақ, мақал-мәтелдер, мифтер, ертегілер, аңыздар, шежірелер, ғұрып-салт, отбасылық және балалар фольклоры, қараөлеңдер мен ән өлеңдер т.б. жанрлары қамтылған. Әрбір жеке фольклор жанрының бірінші томына арнайы ғылыми алғысөз берілген.


«Мәдени мұра» бағдарламасының аясында 100 томдықты дайындау бойынша тапсырма берілген кезде Институт қызметкерлері алдымен басылымға кіретін шығармаларды іріктеу, жүйелеу жұмыстарын жүргізді. Бұл тұрғыда фольклорлық мұралардың бұған дейін академиялық басылымдарда жарық көрген, текстология саласының талап-үдесінен шыға алған мәтіндеріне баса назар аударды. Әсіресе, әр кезеңде баспа бетін көрген маңызды үлгілерін таңдап алдық. Жанрлық шығармалар кіретін томдарды жоспарлап алып, соған орай мәтіндерді реттедік. Араб қарпінен латын графикасына көшірудегі дыбыстық, пунктуациялық құбылыстарды ажыратудағы қиындықтар дегендей, айта берсек, шаруасы көп болды. Мәтіндерге түсініктеме жазып, ғылыми қосымша ретінде томдарға кіргіздік. Томға енген мәтіндердің варианттары жөнінде мәліметтер де енді.


– Әдебиет және өнер институты шетелдермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді екен. Соның нәтижесінде қандай жетістіктерге қол жеткізді?


Институт алыс-жақын шетелдегі жоғары оқу орын­дары және ғылыми-зерттеу институттарымен бір­лес­тікте ғылыми жобаларды орындаймыз. Ресей, Украина, Румыния, Беларусь, Германия, Әзербайжан, Түркия, Иран, Корей Республикасы, Қыр­ғызстан, Өзбекстан, ҚХР ел­дерінің басылымдарында институт қызметкерлерінің мақалалары жарияланып тұ­рады. Сонымен қатар, бірлескен конференциялар өткізіліп, ұжымдық монографияларымыз да жарық көруде.


Институттың Сыртқы байланыстар бөлімі жүзеге асырып жатқан «Жаңа дәуірдегі қазақ-американ әдебиетінің байланысы» жобасы аясында Институтқа келген іссапарында АҚШ-тың Аризона университетінің ғалымы Наоми Каффи біздің жаңа ғылыми жобаларымызбен танысып кетті. Болашақта атқарар жұмыстарымыз жөнінде біраз ақылдастық. Ол бұған дейін «Международные связи казахской литературы» – «Мир Олжаса Сулейменова» жинағы авторларының бірі болды. Бұдан бөлек былтыр «Summer Evening, Prairie Night, Land of Golden Wheat. The Outside World in Kazakh Literature» ағылшын тіліндегі қазақ әдебиеті антологиясының тұсаукесерін АҚШ-та өткіздік. Аталған жобаны АҚШ-тағы ҚР Елшілігі, ҚР Білім және Ғылым министрлігі, Колумбия Университеті және М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер Институты бірігіп орындады. «The Stories of the Great Steppe» аталатын алғашқы антологияны да құрастыруға Колумбия университетінің ғалымдары қатыстырылып, 2013 жылы жарық көрген еді. Басқа да жасап жатқан жобаларымызды оқырман Институттың litart.kz сайтынан оқып, біле алады.


Бұдан бөлек институтта 2005 жылдан бастап, «Керуен» атты ғылыми-көпшілік және әдеби-көркем журнал жарыққа шығып келеді. Журнал беттерінде шетел әдебиетшілері мен өнертанушыларының ғылыми мақалалары жарияланып тұрады.


– Қазіргі қазақ әдебиетінің аяқалысына көңіліңіз тола ма? Қай жанр кенжелеп тұр?


Әдебиеттанушы ғалым ретінде қандай шығарма жазылса да, көркемдігі жоғары, иә төмен болсын осы кезеңнің әдеби процесіне араласып отыру – міндетіміз. Кейбірін оқып, көңілің өседі, енді бірі әдебиетке дайындықсыз келгендігін байқатып тұрады дегендей. Көп жас қаламгерлерге ортақ нәрсе – ол білім мен ойдың, эстетиканың жетіспеуі. Әлемдік, отандық классикалық әдебиеттерді оқып, көңілге тоқымағандық пен ізденушіліктің аздығы. Кейбірінде көркем әдебиеттің стилі мүлде көрінбей, публицистика жеңіп кетіп жатады. Бұл, әсіресе, журналистикадан ақындыққа, иә жазушылыққа бетбұрушыларда кездесетін жағдай.


Сериялы жинақтардың, әдеби басылымдар мен интернет порталдардың көмегімен жарияланып жатқан шығармаларға шолу жасап отырамын. Әдебиетке жастар көптеп келуде. Тәуелсіз елдің әдебиет тарихын жалғастыратын осы жастарға көп үміт артылады біздің тарапымыздан.


Соңғы жылдары поэзия мен әңгіме жанры алға шықты деуге болады. Алайда осы жарық көріп жатқан әңгімелерге сын, рецензияның жазылмауы. Жазылса да журналистің қолқалауымен бірді-екі пікірлер айтылып жатады. Жылдық мерейтой құттықтауларды азайтып, жастарға қанат бітіретін, кем-кетігін түзетуге мүмкіндік беретін, асыра мақтамай, төмендетпей толымды әдеби сын, рецензиялар көбірек жазылса деген тілек бар.


– Аға буын әдебиетшілер өзінен кейінгі ізбасарларын оқымайды. Бұл жалқаулық па, әлде менсінбеушілік пе?


«Оқымайды» деп кесіп айту жөн болмас... Бірақ бұрын классик жазушыларымыз жас қаламгерлердің әңгіме, повестерін оқып, кітаптарына пікір білдіретін. Осы дәстүр бүгінде ұмытылып кеткендей көрінеді...




Сұхбаттасқан Бағлан Оразалы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар