Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Болай Бердиева: Алғыс және кешірім

21.11.2016 377

Болай Бердиева: Алғыс және кешірім

Бес көріністі қойылым.

Мектеп бітіргендеріне жиырма жыл болғанын атап өтуге жиналған сыныптастар арасындағы болған оқиға.

Қатысушылар:

Бір сыныпта оқыған он шақты қыз – жігіт. Жас шамасы- отыз сегіздерде.

 Олардың ішіндегі белсенділері:

·    Ертай – ақылды, білімді, әділ. Астанада тұрады.

·    Сағынтай- сынып «атаманы» болған. Үлкен жетістіктерге жеткен іскер адам. Астанада тұрады.

·    Назира- Сағынтайдың әйелі. 

·    Болат – сынып старостасы болған. Сабырлы, ақылды. Туған аулында тұрады.

·    Мейрамгүл – Болаттың әйелі. Қарапайым, момын әйел.

·    Қуандық – белсенді, жылпос, қу. Туған аулында тұрады.

·    Жанна – сұлу, ақылды, бірбеткей. Алматыда тұрады.

·    Эмма- пысық, іскер, ақылды. Аудан орталығында тұрады.   

Сыныптастардан басқа қатысушылар:

·    Арман- жасы отызға таяған жігіт. Сағынтайдың досы.

·    Самат- жасы жиырмадан асқан жігіт. Әнші.

·    Үш бикеш

 

Бірінші көрініс.

Қатысушылар:

-     Сағынтай

-     Арман

-     Самат

-     Үш бикеш

Қала кеші. Алыстан машиналардың зырылдаған дыбыстары естіледі. Бильярд клубы. Бөлме ішінде Сағынтай, Арман, Самат және үш бикеш бильярд ойнап жүр. Самат шеткерідегі  ас-дәм қойылған үстелге жақындап, рюмкаларға коньяк құйды. Сосын достарына қарады.

Самат: Ханымдар мен мырзалар, бүгін туылған күнін атап өтіп отырған құрметті де қымбатты досымыз Сағынтайдың денсаулығы үшін тағы да бір рет тост көтеруге рұқсат етіңіздер. Ақылына көркі сай, көркіне беделі сай. Ол кім? Ол әрине Сағынтай!

Жиналғандар қарқылдап күлді. Бәрі үстел басына отырды. Рюмкалар әп-сәтте босап қалды. Бәрі өте көңілді. 

Арман: Самат, сен ақын болып кеттің ғой.

Самат: Сағынтайға кім керек болса, мен сол боламын. Ақын керек болса, ақын боламын. Сағынтайдың керегіне жарау мен үшін құрмет!

Арман: Пай- пай! Не деген сөздер! Дәл сендей досы бар Сағынтайда арман бар ма екен?

Самат: Жоқ-ау, сірә.

Соңғы сөздер айтылғанда осыған дейін көппен бірге күліп отырған Сағынтай тұнжырай қалды. Оның көңілі бұзылғанын достары әрқалай түсінді.

Самат: Саспа, атаман! «Жастық шағым өтіп барады» деп уайымдама. Қамал бұзар қырық жасың алда. Әлі талай қамалды бұзамыз! Әлі талай сұлуды құшамыз!

Самат жанында отырған бикештің белінен қапсыра құшақтап, мойнынан иіскеді. Ол қылымси жымиып, еркектің құшағына құлай кетті.

Арман: Самат, сен қамал бұзып, әуре болып қайтесің? Сұңқылдап бір ән салсаң, қамал ішіндегі қыз біткеннің бәрі өздері-ақ сыртқа шығады. Қиын болып бара жатса, «мен Сағынтайдың досымын» деп айтарсың. Сол бір ауыз сөзбен талай қамалды алдың ғой.

Самат бикештің құшағынан босады. Арманға ашулы көзбен қарады.

Самат: Арман, сенің іштарлығың осындайда қатты байқалады. Мен қайда, нені, қалай алғанымды сөз қылғанды жақсы көресің. Менің жетістіктерім- менің жұмысымның жемісі.

Арман: Иә, дұрыс айтасың. Жағымпаздану – барлық жұмыстардың ішіндегі ең қиыны.

Самат орнынан атып тұрды. Арманның жағасынан алды. Арман да қапы қалмай, оның қолына жармаса кетті. Екеуін Сағынтай ажыратпақ болды. Бикештер шу етіп, орындарынан атып тұрды да, жан-жаққа шашырай қашты. Арман мен Самат бір – бірін жібермей тұр.

Сағынтай: Жігіттер, ашуларыңды басыңдар!

Самат пен Арманның бір – бірінің жағаларында қарысып қалған қолдарын сілкіп босатты. Самат пен Арман әзер тынышталып, екеуі екі жаққа барып тұрды. Екі бикеш екеуінің жанына барып, құлақтарына әлденені сыбырлап айта бастады. Қыздардың бірі Саматтың бетін қол орамалымен сүртті. Олардан оқшаулау тұрғаны үстел жанына келіп, екі стаканға коньяк құйды да, Сағынтайдың жанына жақындады. Көздеріне қадала қарап тұрып, стакан ұсынды. Сағынтай ішіп салды. Бойжеткен білегін Сағынтайдың мойнына асты. Екеуі үстел басына қайта отырды. Сағынтай оны жақтырмай тұрса да, оның ығына жығыла кетті.  Қыз сиқырлана жымиып қояды. Сағынтайды қолынан ұстап, өзіне қарай тартты. Сағынтай мұңайып отыр. Оның бетіне қарап, күрсіне жымиды. Алақанымен бикештің бетін сипап қойды. Жас әйел көзін жұмды. Сағынтай ойланып отыр. Осы кезде Сағынтайдың қалта телефоны шырылдады. Келіншек бұртиып, телефонды алғанын қаламайтынын білдірді. Сағынтай телефонды қолына алды. Кімнің телефон соққанын көрді де, жауап қатпай телефонды қайта үстел үстіне қоя салды.

Самат: Назира жеңгейдің жаны шырылдап жатыр-ау. Қайта – қайта телефон соқты. Бір рет сөйлесе салсайшы.  «Саматпен бильярд ойнап жатырмыз»  дерсің. Оның несі әбестік?

Самат үстел басына қайта отырды. Сағынтай оған ашулана қарады. Самат жым болды. Бәрі қайта үстел басына жиналды. Бөлме ішінде үнсіздік орнады. Әлден соң Сағынтайдың телефоны қайта шырылдады. Сағынтай телефонды қолына жұлқына алды да, бөлменің бір бұрышына лақтырып жібермек болды. Осы сәтте телефон экранына көзі түсіп кетті де, ол райынан тез қайтты. Телефон батырмасын басып, құлағына тосты.

Сағынтай: О, Қуандық, саламатсың ба.. Иә, иә, аман-есенбіз. Рахмет... Өздерің қалайсыңдар?.. Ұмытпапсың ғой. (жымиып күлді) ... Рахмет, досым. Саған да бар жақсылық тілеймін. Мен бе? Мен қазір.. достармен.. көңіл көтеріп отыр едік.. Назира дейсің бе? Ол да осында... Мейрамханада кішігірім банкет ұйымдастырғанбыз. Иә, әрине. Назира.. Ол қазір ғана сыртқа шығып кетіп еді. Иә, міндетті түрде айтам... Тыңдап тұрмын, айта бер... Жоқ, онда тұрған ештеңе жоқ... О! Бұларың өте жақсы ой. Мектеп бітіргенімізге жиырма жыл болып қалды ма? Зымырап өтіп жатқан уақыт-ай!.. Кездесуге бәрі келетін болып жатыр ма? Бәріне хабарлаңдар. Ең жақсы мейрамханаға тапсырыс беріңдер. Қаражат жағынан қысылмаңдар. Өзім төлеп берем... Ой, досым-ай. Мына хабарың мен үшін ең жақсы сый болды ғой.  Көптен бері ауылда болмап едім. Ауылды сағындым. Сендерді сағындым. Апамның құрт-майын сағындым. Міндетті түрде барамын. Иә, бірге барамыз. Уақытын нақтылаған соң тағы бір хабар беруді ұмытпа. Рахмет, досым, рахмет. Сау бол.

Сағынтай телефонды үстел үстіне қайта қойды. Көңіл күйі жадырап сала берді.

Сағынтай: Сыныптас достарым мектеп бітірушілердің кездесуін ұйымдастырып жатыр екен. Мектеп бітіргенімізге биыл аттай жиырма жыл болыпты.

Бикеш: Ауылда емес, қалада да кездесуге болады ғой. Айдаладағы ауылда не бар? (аузын бұртитып,еркелей назданып)

Самат: Ауылға барып, шаң болып...

Ол сөзін аяқтап үлгермеді. Сағынтай орнынан ұшып тұрып, кетуге ыңғайланды.

Арман: Сәке, жолға дәл бүгін шықпайтын шығарсыз. Асықпасаңызшы. Кеш енді қызып жатыр ғой.

Сағынтай бұларға қарай жалт бұрылды. Үндемей әрқайсысына қарап, біраз тұрды. Көз жанарынан ашу- ыза, жиіркеніш, аяушылық сезімдері байқалады.

Сағынтай: Мен қаладан шаршадым. Өтірік айтудан, өтірік тыңдаудан шаршадым.

Бұрылды да, асығыс басып, бөлмеден шығып кетті.

 

Екінші көрініс.

Қатысушылар:

-     Қуандық

-     Эмма

Ауыл. Жаздың қоңыр салқын кеші.  Алыстан сиырдың мөңірегені, шегірткелердің шырылдағаны естіледі. Алма ағашының түбіне қойылған үстел басында Қуандық пен Эмма отыр. Екеуі алдында жатқан қағазға шұқшиып қарап отыр. Қолдарында есептегіш калькулятор. Бір сандарды қосып, көбейтіп, қағазға жазып әлек.

Қуандық: Қалғаны үш жүз сексен бес мың теңге. Енді тағы да алты адам ақша қосады. Сонымен банкетке жететін қаражат жиналып қалар.

Эмма: Қалайша үш жүз сексен бес мың? Кеше ғана өзің айттың ғой «төрт жүз мың қалды» деп. 

Қуандық: Қашан айттым?

Эмма: Кеше Ертаймен телефонмен сөйлескенде айттың. Өз құлағыммен есіттім.

Қуандық: Е, мен онда жай ғана айта салғам. «Ақша толық жиналып бітуге жақын. Ұйымдастыру істері қарқынды жүріп жатыр» деген мағынада. (тапырақтай сөйледі)

Эмма: Қуандық, сен ондай ертегіңді маған айтпа. Қайда кетті он бес мың теңге?

Қуандық: Эмма, сен маған сенбейсің бе?

Эмма: Қуандық, мен саған сенбеймін. Сен бұрыннан-ақ өтірікшісің.

Қуандық: Ойпырмай, сен соншалықты шыншыл адам екенсің ғой. Өткенде Болаттың үйінде кездесуде отырғанда ортадағы он мыңды жымқырып кеткен сен емес пе едің? Соны көрсем де, мен үндемедім.

Эмма: Қуандық, әңгімені басқа жаққа бұрма. Қайда кетті он бес мың?

Эмма Қуандыққа қабағын түйіп қарап отыр. Көз жанары өңменінен өтердей. Қуандықтың мысы басылып қалды. Өтірік білмегенсіп, алдында жатқан қағаздарға қайта шұқшиды.

Қуандық: Мен қайдан білейін?  Бір жерден жаңылысқан шығармын.

Эмма: Мен білетін Қуандық ақша санаудан қателеспейді. Сен ол ақшаны өз пайдаңа жұмсап жібердің. Жаныңның барында он бес мың теңгені ортаға салмасаң, мен дәл қазір Сағынтайға телефон соғам. Ертең келген соң ол сенің жаныңды суырып алады.

Қуандық: Не болды сонша? Он бес мыңға бола достықтан беземіз бе?

Эмма: Мен сенімен ешқашан дос болған емеспін.

Қуандық: Е, міне енді біраз жай аңғарылды. Түсетін пайдаға ортақтасу үшін ғана менің жанымда жүр екенсің ғой. Мен сені досым деп ойласам. Дәл қазір – ақ ат құйрығын кесісейік онда.

Қуандық жұлқынып орнынан тұрды. Эмма оның иығынан басып, қайта отырғызды.

Эмма: Қайда кетті он бес мың?

Қуандық үндемеді. Ойланып, есіне әлдеңені түсіргендей қабағын шытып отыр. Калькуляторды қолына алды. Қайта есептей бастады. Эмма сөмкесінен қалта телефонын шығарды да сан тере бастады. Қуандыққа көзінің астымен қарап қояды. Оны байқаған Қуандық есіне әлдене түскендей маңдайын алақанымен соғып қалды.

Қуандық: Есіме түсті. Мен кеше тәтті тағамдарға тапсырыс бергенде он бес мың теңгені сол жерде төледім.

Эмма: Біз ол жерге жиырма екі мың төледік. Ол ақшаны мына жерде есептедік (қағазға жазылғанды саусағымен көрсетті). Одан бөлек он бес мың жоқ.

Қуандық қайта қағазға шұқшиды. Әлден соң басын көтеріп Эммаға даусын көтере сөйледі.

Қуандық: Кетсе, кеткен шығар он бес мың бір шығынға. Арзымайтын ақшаға бола сонша ашуланып не болды? 

Эмма: Қуандық, менің ашуымды шығарып тұрғаны - қолды болған он бес мың емес, сенің арамдығың. Мені басқалар сияқты алдай салам деп ойласаң, қателесесің. Не айтылған ақшаны қайта орнына қоясың, не мен ертең барлық сыныптастардың алдында абыройыңды айрандай төгем. Сағынтаймен жеке сөйлесетініңді де ұмытпа.

Қуандық: Көрерміз, кімнің абыройы төгілерін. Әппақ, тап-таза  адамдай болып көлгірсіме. Сен емес пе едің Асылдың түбіне жеткен.

Эмманың жүзі өрт сөндіргендей қып-қызыл болып кетті. Қуандықты түтіп жіберердей болып отыр. Ашуын әзер басты. Көз алдына келген жасын Қуандыққа көрсетпеу үшін, орнынан тұрып, әрі барып, теріс қарап тұрды. Байқатпай көз жасын сүртті. Әлден соң, қайта Қуандықтың жанына келіп отырды. Үндемей Қуандықтың бетіне ойлана қарап отыр. Қуандық көзін сығырайтып, жымиып, Эммаға қарады. Көз жанарынан «Жанды жеріңді енді таптым ба?» деген арам ойы байқалады.

Эмма: Қуандық, көп әңгіме айтып кеттің ғой. Мен де біраз әңгіме айтайын саған. «Тірі тышқан өлі арыстаннан артық» деген сөз бар. Асыл- өлі арыстан, сен тірі тышқан болып тұрсың. Бірақ, сен сияқты жүз тышқанның басын Асылдың бір тырнағына айырбастамаймын! Әруақты қорлама! «Ырылдарсың, қаппассың». Сен сияқтылардың ырылдағанына пысқырмаймын да. Асыл екеуміздің арамызда не болғанын Құдай біледі, Асыл біледі, мен білем. Сен оны «біле алам, түсіне алам» деп арамтер болмай-ақ қой. Асылдан қалған екі ұлды мықты азамат қылып тәрбиелесем, сол менің Құдайдың алдындағы, Асылдың алдындағы парызымды өтегенім. Осы менің айтайын дегенім. Ал енді шығар қалтаңнан он бес мың теңгені!

Қуандық қалтасынан он бес мың шығарып, үстел үстіне лақтырып тастады. Эмма ол ақшаны сөмкесіне салды.

Эмма: Дымың ішіңде болсын! Ашуымды шығарсаң, бір тиын бермей қатырармын!

Эмма бөлмеден шығып кетті. Қуандық оның артынан аларып қарап, қала берді.

Үшінші көрініс.

Қатысушылар:

-     Барлық сыныптастар.

Мейрамхана іші. Әдемі безендірілген банкет залының ортасында үсті тағамға лық толы  үстел тұр. Эмма мен Қуандық бұрышта сөйлесіп тұр. Бөлмеге Сағынтай мен Назира кірді. Қуандық пен Эмма оларды құшақтарын жайып, даурыға қарсы алды:

Қуандық: О! Отағасы мен отанасы келді! Хош келдіңіздер!

Бір – бірін беттерінен сүйіп, құшақтасып, мәре – сәре болып жатыр. Сағынтай мен Қуандық жұдырықтарын түйгіштеп, бала кезіндегідей амандасты.

Эмма: Қалайсыңдар, Сағынтай, Назира? Шаршамай жеттіңдер ме? Қашан келдіңдер?

Сағынтай: Достарым, сендерді көргеніме қуаныштымын. Жақсы келдік. Ұшақтан бүгін таңертең түстік.

Төртеуі бөлме ортасында сөйлесіп тұр.

Қуандық: Ауылда біраз күн боласыңдар ма?

Сағынтай: Көрерміз жағдайға қарап.

Қуандық: Екі- үш апта болсаңдаршы. Аң аулауға шығамыз. Балық аулаймыз. Көрші атайдың кептерлерін атып алып, солардың етін отқа қақтап жегенді жақсы көруші едік қой. Есіңде ме?

Сағынтай рахаттана күлді.

Сағынтай: Бәрі есімде. Сол үшін талай рет таяқ жеп едім. Ет жейтін кезде сен жанымнан шықпайтынсың, таяқ жейтін кезде сені таппай қалатынмын.

Сағынтай Қуандыққа қарап, саусағын кезеді.

Қуандық: Ет дәмді, таяқ дәмсіз ғой, досым-ау.

Сағынтай: Әй, Қуандық-ай, мінезің өзгермепті. (басын шайқап жымиды)

Басқалары да езу тартты. Сағынтай айналасына қарады. Бөлменің безендірілгеніне, үстел үстіндегі тағамға көңіл бөлді.

Сағынтай: Ауылда  мынадай жап-жақсы мейрамханалар ашылып жатыр екен. Жаман емес.

Эмма: Ой, Астана, Алматының мейрамханаларына жетпейді. Алматыдан алыс болмаса да, бұл ауыл әлі де он тоғызыншы ғасырда өмір сүріп жатқандай екен. Қалаға жете алмасам да, әйтеуір аудан орталығында тұрып жатқаныма қуанам.

Сағынтай: Ауылға ешқандай қала жетпейді. Ауылда өткізген әрбір күн жұмақта өткізген күн сияқты. Таңертең әтештің шақыруы. Қым- қуыт тірлікке толы күндері. Кешке шегірткелердің шырылы. Түнде есік алдындағы сәкінің үстінде жұлдыздарға қарап жатып ұйықтау. Пах, шіркін! Оған тең келер не бар? Таң ағарып атқаннан күн қызарып батқанға дейін жұмыстан ешкімнің қолы босамайды. Шөп шабу, отын жару, ат суғару, қозы көгендеу. Ауылда жалқаулыққа, арамдыққа орын жоқ. Ең негізгі артықшылығы осында. Ауыл адамдарына тән қарапайымдылық мен мейірімділік мені ауылға тартады да тұрады.   

Қуандық: Бәрін айт та, бірін айт. Ауылдың шаңы мен тезегінің иісін айтсайшы. (ыңылдап әндете жөнелді. ән: Жусаны мен  жуасы бұрқыраған ауылым...)

Ол сөздерді Назира тыжырына тұрып тыңдады.

Эмма: Назираш, сен өте әдемі болып кетіпсің! Мына көйлегің сұлулығыңды барынша ашып тұр.

Назира жымиып күлді. Үндемеді. Жүзінде маңғаздану бар. 

Қуандық: Қырдың қызыл түлкісін біздің бүркіт қалт жібермей қағып алған ғой.

Назира кеудесін кере түсті. Сағынтай қабағын шытты. Осы кезде бөлмеге Болат пен Мейрамгүл кірді. Сағынтай оларды құшағын айқара ашып, қарсы алды.

Сағынтай: Болат, Мейрамгүл, саламатсыңдар ма. Қалайсыңдар, достарым?!

Олар шүйіркелесе амандасты. Қуандық, Эмма, Назира орындарынан жылжымады. Олардың тобына Сағынтай Болат пен Мейрамгүлді жетелей жақындатты. Назира ернінің ұшын жыбырлатты. Эмма бір езулеп жымиып тұр. Қуандық үнсіз қол алысты.

Болат: Бүгінгі кездесуді ұйымдастырған Эмма мен Қуандыққа көп рахмет. Жарайсыңдар! Мұндай кездесу көптен бері керек болып жүр еді.

Эмма: Мұғалімдерге айтып, грамота бергізсейші. Тым болмаса мектепті бітірген соң грамота алайық. Мектепте оқып жүргенде сол бір жапырақ қағаз Ертай екеуіңнен артылмаушы еді ғой.

Қуандық: Не қыласың қағазды, Эмма? Алсақ, одан зорын алайық. Еңбегіміз сіңді ғой.

Эмма қабағын түйді. Бөлмеге басқа да қыз – жігіттер кіре бастады. Кейбірі бір - бірімен құшақтасып амандасса, кейбірі бір - бірін танымай қалып жатты. Даурығып сөйлегендері естіледі.

Жиналғандар:

-     О! Досым, сен де келіпсің ғой!

-     Түу, мүлдем өзгермепсің.

-     Оу, Ертай, бұл сен бе? Қалай қатты өзгеріп кеткенсің!

-     Алуа қайда? Екеуің бір жерде жұмыс істейді деп естіп едім.

Топ көбейді. Қуандық ортада лыпылдап жүгіріп жүр.

Қуандық: Ал, қыздар, жігіттер, шақырылғандардың көбісі жиналды. Дастархан басына отырайық.

Жиналғандар үстел басына отырды. Төрдегі екі орын бос тұр. Сағынтай есік жаққа отырды. Назира оның жанына отырғысы келмей, ернін бұртитып, жанында тұрып қалды. Сағынтай оған көңіл бөлмеді. Сыныптас достарымен арқа – жарқа әңгімеге беріліп кеткен. Қуандық Сағынтайдың жанына зыр жүгіріп, келе қойды.

Қуандық: Оу, Сағынтай сенің орның төрде. Тұра ғой, балақай, тұра ғой, - деп қолқалай жөнелді.

Сағынтай: Мен осы жерде отырамын.

Қуандық оның құлағына сыбырлап әлдене айтты. Сағынтай Назираға көзімен ата қарап, орнынан тұрды да, төрдегі орынға барып отырды. Жанына Назира барып отырды. Бұл жағдайды жиналғандардың бірі байқаса, бірі байқамады. Байқағандар бір – бірімен сыбырласа бастады. Сағынтайдың ұнжырғасы түсіп кетті. Назира қуанып отыр. Оның жанына Эмма отырды.

Қуандық: Ал, жігіттер мен қыздар, кешіміздің асабасын сайлап алайық. Кімде қандай ұсыныс бар?

Әр жерден әр түрлі есімдер атала бастады.

-     Өзің болсайшы, Қуандық.

-     Болат болсын.

-     Гаухардың даусы әдемі.

-     Жоқ, жоқ. Мен болмаймын.

-     Мен асаба боламын!

Cоңғы сөзді есіктен кіріп келген Жанна айтты. Жолдан жаңа келгені байқалып тұр. Бет – әлпеті шаршаңқы болса да, көздері жайнап тұр. Оның келгеніне бәрі  таң қалды. Екі – үш қыз- жігіт орындарынан тұрып, онымен ашық- жарқын амандасты.

-     Жанна, сен «келе алмаймын» деп едің. Келіпсің ғой. Жарайсың.   

-     Құлпырып кетіпсің!

-     Бұрынғы Жаннадан түк қалмапты.

-     Мен сені көшеде көрсем, танымас едім.

Жанна бәрімен амандасып шықты.

Жанна: Мен асаба болайын. Құрметті сыныптас достарым, сендер үшін бел шешіп қызмет қылайын. Ешкім қарсы болмайтын шығар.

Жиналғандар:

-     Әрине қарсы болмаймыз.

-     Бізге қызмет қылатын адам табылса, неге қарсы боламыз?

-     Жанна - асаба.

Жанна сөмкесін бос орындықтың біріне қоя салды да, ортаға шығып сөз бастады.

Жанна: Достарым, бүгін ерекше күн. Бүгін кездесу күні. Жақсы кеш болсын. Бәріміз сол үшін ат салысайық.

Жиналғандар:

-     Әрине, тырысамыз.

-     Бар өнерімізді ортаға саламыз ғой.

-     Асабаның айтқанын екі етпейміз.

-     Біз тәртіпті баламыз.

Жанна: Біз мектепті бітіргенімізге биыл жиырма жыл болыпты. Осы жылдар ішінде бәріміз өстік, өзгердік. Ірілі – ұсақты жетістіктерге жеттік. Аман – есен жер басып жүргеніміздің өзі үлкен жетістік. Сол үшін біріншіден Құдайға, сосын бізді тәрбиелеген ата –анамызға, үшіншіден білім берген ұстаздарымызға алғыс айтайық. Ертайға да үлкен рахмет. Интернет желісі арқылы әрқайсымызды іздеп тауып, бір – бірлеп ортақ чатта басымызды қосты. Чат арқылы күні – түні әңгімеміз таусылмаушы еді. Енді көз бе көз отырып, сөйлесеміз. Бұл бір ғанибет кездесу болады!

Жиналғандар:

-     Иә, дұрыс айтасың.

-     Рахмет, Жанна.

-     Жақсы басталды.

Қуандық үстелдің бір бұрышына отыра қалды. Ол Жаннаға ойлана қарап отыр. Көзінің астымен Сағынтайға да қарап қояды. Сағынтай Қуандыққа қарап отыр. Жанна ортада сөз сөйлеп тұр.

Жанна: Ертай, ортаға шықшы. Екеуіміз бірге асаба болайық. Мен бір өзім қорқамын.

Ортаға Ертай шықты да.

Ертай: Қыз дайын болса, біз дайын.

Жанна: Ертай досым, саған сенуге болатынын біліп ем. Рахмет саған. Ал, енді сен өзің басқара тұр. Мен біраз уақыттан кейін қосылам.

Жиналғандар:

-     Жанна, жолдан келдің ғой, тамақтанып, әлденіп ал.

-     Ал, Ертай, жібер аттың басын.

-     Е, бәсе, тізгінді еркек ұстағаны дұрыс.

Жанна үстел басына Болаттың жанына отырды. Болат оның тәрелкесіне тамақ салып, қызмет көрсете бастады. Ортада Ертай сөз сөйлеп тұр.

Ертай: Достарым, мен жиналғандардың бәріне алғыс айтқым келеді. Сыныптастардың кездесуіне алтын уақытын қиып келген әрбір адам ерекше құрметке лайық. Қазір қу тірлікті күйттеп, зыр жүгіріп жүргенде достармен кездесуге уақыт табу да оңай шаруа емес. Алыс қалалардан келгендер бар. Бәріңнің алдында басымды ием. (басын иді). Ал енді, бүгінгі кездесу кешін ашық деп жариялаймын!

Жиналғандар қол соқты. Бәрі өте көңілді.

Ертай: Рахмет, достарым. Асабаға қол соғу өте қажет екен. Соған қарап, бағдары дұрыс екенін түсінеді. «Жүз жыл өмір сүрсең, жүз жыл үйрен» деген сөз дұрыс айтылған. Осылайша мен сендердің көз алдарыңда асабалықты үйрене бастадым.

  Ертай:Достарым, бүгінгі кездесу кешін ұйымдастырғандар, білек сыбанып кіріскендер, біз үшін түн ұйқысынан айрылғандар бар. Олар – Қуандық пен Эмма. Сол екеуіне де алғыс айтуды ұмытпайық.

Жиналғандар:

-     Иә, дұрыс.

-     Рахмет саған, Қуандық.

-     Рахмет, Эмма.

-     Бүгін кездесу кеші емес, алғыс айту кеші болып кетті ғой.

-     Алғыс айтудың еш артықтығы жоқ.

Эмма:Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылдық қой.

Қуандық: Жарғақ құлағымыз жастыққа тимеді.

Жиналғандар:

-     Бәсе,  салмақтарың мен құлақтарыңның формасы өзгеріп қалыпты.

-     Жастықтарың рахаттанып дем алған шығар сендердің ауыр бастарыңнан.

-     Күлмеу  бет  терісін әжімнен қорғайды.

-     Қуандық түнімен ұйықтамағанда тек ақша санаған шығар.

-     Қуандықты Күлмесхан деп, Эмманы Күлмесгүл деп атайық.

-     Жоқ. Ұйықтамасхан мен Ұйықтамасгүл болсын.

-     Ол екеуі мектепте оқығанда ұйқыларын қандырып алған.

Жеңіл әзілге бәрі риза кейіппен күлісіп алды.

Ертай: Достарым, құрдас қалжыңдарың жарасымды-ақ. Бүгін кеште бәрі болсын. Сырласу да болсын, әзіл де болсын, ән айту да болсын, тілек айту да болсын. Әрқайсымыз бір ауыз лебізімізді білдіре кетейік. «Қазақтың тойы жиналыс» дейді ғой. Сол бір әдеттен алыстағымыз келсе де, бүгінше алыстамай қоя тұрайық. Өйткені арнайы сөз бермесең, томпиып ренжіп қалатындар бар. Оларды ренжітпейік. Арнайы сөз берейік. Ойын ішінде бүгіп қалатын партизандар бар. Оларды да бір сөйлетейік.

Жиналғандар Ертайдың сөзін қоштайтынын айтысып, жан – жақтан сөйлей бастады.

Ертай: Жиналыста үлкен бастықтар бірінші сөйлейді. Орташа бастықтар екінші сөйлейді. Қарапайым адамдар соңынан сөйлейді. Біздің арамызда бәріміз бастықпыз. Сондықтан сөз беру кезегін үлкен – кішілігімізге қарамай, мектептегі ережеге қарап, берейік. Сонда ешкімде реніш тумайтын шығар. Не дейсіңдер? .

Жиналғандар:

-     Ол қандай ереже?

-     Қол көтеру ережесі шығар.

-     Бес алатындар бірінші сөйлесін.

-     Үй жұмысын орындамағандар соңынан сөйлейді.

Ертай: Мектепте журналға мұғалімдер фамилиясы «А» әрпінен басталғандарды бірінші жазатын. Алфавит бойынша сөйлейік.

Жиналғандар:

-     Келісеміз.

-     Солай болсын.

-     Ал, фамилиясы өзгергендер қалай сөйлейді?

-     Мектепте оқыған кездегі фамилиясы ғана ескерілсін.

-     Солай болғаны дұрыс. Әйтпесе, қыздарымыз фамилиясын кеш біткенше бірнеше рет өзгертіп үлгеруі мүмкін.

-     Жігіттеріміз фамилияларын өзгерте алмайтынына өкініп отыр.

-     Менің фамилиям «А» әрпінен басталады. Кім маған тұрмысқа шығам деп уәде берсе, менен кейін екінші боп сөйлеу хұқығына ие болады.

-     Сенің әйелің бар ғой.

-     Үндеме. Ол бұл жерде жоқ. Соны пайдаланып қалсын.

Ертай: Шатаспасам тізімнің басында Абдуллаев тұратын. Қуандық, ортаға шық. Тілек айт бізге, - деді.

Жиналғандар:

-     Ойбуй. Ол әлі тамақ ішіп үлгерген жоқ еді, ортаға шыға алар ма екен?

-     Шықсын, жарғақ құлағын көрейік.

-     Жастығын ала шықсын. Жастықтың үстінде отырып сөйлейді.

-     Бұл коррупция. Ертай Қуандыққа жағымпазданып жатыр.

-     Қуандық, мен айтатын сөздерді айтып қоймашы. Қара басып, сөз таба алмай қалармын.

Қуандық ортаға шықты.

Қуандық: Мен атыма затым сай адаммын. Барлық адамдарды қуантып жүремін. Қазір сендерді де қуантамын,

Жиналғандар:

-     Қалай қуантасың?

-     Қалай қуантса да, бәрібір, қуансақ болды.

-     Ақша беретін шығар.

-     Қуандық біреуге ақша бере ме? Ол қуанатындай жағдай емес, таң қалғаннан талып қалатындай жағдай.

Қуандық: Қуаныңдар, достарым. Мен аз сөйлеймін. Кездесу жақсы өтсін! Бәріміз бай – қуатты болайық!

Жиналғандар:

-     Рахмет.

-     О, жігітім, жарадың. Сөзіңде тұрдың.

-     Байысақ, бәріміз саған байлығымыздың он пайызын береміз. 

Ертай: «Аз сөйлеуден жарыс болса, қазақ қатты сасар еді» деген екен бір ағамыз. Қуандықтың сөзінен кейін түсінгенім, қазақ ешқашан саспайды! Ал, енді Қуандық, бір ауыз өлең болса.

Қуандық «Ақ маржан» әнін айтты. (...Сенен гөрі мен екем бақыттырақ...)

Жанна ортаға шықты.

Жанна: Мен бұл әнді де, әннің авторын да ұнатпаймын. «Сенен гөрі мен екем бақыттырақ» деген бір ауыз сөзі үшін ұнатпаймын. Жігіт басымен мақтанып тұр ма, жоқ әлде бақытсыз қызды табалап тұр ма?

Қуандық: Жанна, сен әлі күнге сол баяғы әдетіңді тастамағансың ба? Жоқ жерден ши шығарып...

Жанна: Мінез өзгермейді ғой, өзгерткің келсе де... Әрбір сөзімен адам өзінің ішкі дүниесінен белгі береді. Сол бір ауыз сөзден автордың табалауға жақын екендігі байқалады.

Қуандық: Жанна, қазбаламашы. Мен жай ғана ән айттым. Өлеңнің сөздері жайлы ойланған да жоқпын.

Жанна: Ойланбай өмір сүрген жақсы ғой, иә, досым?

Қуандық: Иә. Өте жақсы.

Жанна: Дұрыс. Ойланба. Өмірдің мәні жайлы ойланба. Еліңнің болашағы үшін ойланба. Ауылыңның жағдайы жайлы ойланба. Ар-намыс жайлы ойланба, Қуандық! Жүрейік арымыз тапталып, намыссыз, арсыз адам болып.. (Жаннаның даусы жарықшақтана шықты.)

Қуандық: Жанна, терең кетпейік. Біз мұнда ұрсысу үшін емес,  жақсы күндерімізді еске түсіру үшін жиналдық.

Жанна: Болып па еді жақсы күндер?

Қуандық: Болған.

Жанна: Қашан?!

Жанна Қуандыққа тесіліп қарап тұр. Қуандық көзін тайдырып әкетті. Жаннаның көз алдына жас үйіріле қалды. Бұрылып, бөлмеден шығып кетті. Оның соңынан Ертай шықты. Бөлме іші бір уақ тыныштала қалды.

Төртінші көрініс

Ауланың бір бұрышында Жанна мен Ертай тұр. Жанна жылап тұр. Ертай үндемейді. Тек күрсіне береді. Жаннаның даусы өксік аралас шықты.

Жанна: Кешірмеймін! Кешпеймін! Екеуін өмір бойы қарғап өтем!

Ертай Жаннаны бауырына алды. Жанна жылауын тоқтатпады.

Ертай: Жанна, айналайын! Егілмеші. Ол да бір өмір сыны. Сен ол сыннан сүрінбей өттің.

Жанна басын қалт көтерді. Ертайға тесіле қарады.

Жанна: Мен ол сыннан әлі де өте алмай келем. Жер сабап жеңілдім. Күйредім, Ертай! Мені табаламаған жан қалмады бұл ауылда. Масқарамды ұмыту үшін қалаға қаштым, далаға қаштым. Қайда барсам да, өсек сөз қыр соңымнан қалмады. Қайда жүрсем де, ту сыртымнан қадалған суық көздерді көрем. Ертай, мен әлі де түннен қорқам, қараңғыдан қорқам.

Ертай: Олар өз сыбағасын алады.

Жанна: Қашан?! Қашан алады олар сыбағасын? Көрмеймісің жыртыңдап кездесуге келгенін. Мені келмейді деп ойлаған ғой. Мен әдейі келдім. Сол екеуінің бетіне түкіру үшін келдім. Сағынтай сылаңдаған Назирасын ертіп келіпті. Алтынмен аптап, күміспен қаптап қойыпты. Ол әйелі оған әлі де әке болу бақытын сыйлай алмай келеді. Бақыттың орнын алтын алмастыра алады деп ойлайтын шығар. Құдайдың көзі тура. Мен сол зорлықтан кейін де бала көтере алдым, бала туа алдым. Ол баланы көрген сайын жүрегім қан жыласа да, мен оған ана бола алдым. Баламды жылап отырып емізетін едім. Әкесі кім екенін де білмейтін едім. Сағынтай ма, әлде Қуандық па. Ол бала есейген соң түріне қарап, Сағынтайдың баласы шығар деп ойлап жүрмін. Бірақ әлі де нақты білмеймін.

Ертай: Жанна, олар ол кезде қатты мас болып қалған еді ғой. Не істеп, не бүлдіргендерін өздері де түсінбеген.

Жанна: Мен олардың атын атап, айғайлап, жылап жаттым. «Мен Жаннамын ғой. Естеріңді жиыңдаршы» деп жалындым. Олар мені танып тұрды. Ақтама оларды. «Бөріктінің намысы бір» деп тұрсың ба? Түкіргенім бар бөріктінің жалған намысына. Қолымнан келсе, өз қолыммен өлтірер едім.

Ертай: Жанна, қатты кетпе. Оларды өмірдің өзі жазалады. Сағынтай бір перзентке зар болып жүр. Қуандықтың жалғыз ұлы айықпас дертке шалдыққан.

Осы кезде мейрамханадан Сағынтай шықты да, бұларға жақындады. Жандарына келіп тұрды. Үшеуі үнсіз тұр. Әлден соң Ертай мейрамханаға кіріп кетті. Жанна мен Сағынтай екеуі қалды.

Сағынтай: Жанна, мен сенен кешірім сұрамаған күнім жоқ. Алдыңа келдім. Аяма!

Жанна үндемеді.

Сағынтай: Мен сенің алдыңа бүгін емес, бұдан ертерек келуім керек еді. Батылым жетпеді. Кешір мені. Оңбағандығым үшін кешір! Ақымақтығым үшін кешір! Қорқақтығым үшін кешір!... Кез келген адамның сағын сындыратын Сағынтай едім... Қазір өзімнің сағым сынып жүр... Әке – шешемнің көптен сағынып күткен ұлы едім... Қазір өзім бір шарананы сағынып жүрмін... Менің қолымнан сағыну да келмейтін шығар... Құдай маған бала бермеді...

Жаннаға жәутеңдей қарады. Жанна үнсіз.

Сағынтай: Үш ұлың бар екен. Есіттім. Үлкен ұлың менен аумайды деседі...

Жанна басын қалт көтерді. Сағынтайға тесіле қарады.

Жанна: Менің ұлдарымда шаруаң болмасын! Олардың өз әкесі бар. Босқа үміттенбе! 

Сағынтай: Менің маңдайыма үмітсіз өмір сүру жазылса, оған да көнем... Көнбеске амалым жоқ... Тағдырымның мазағы мен азабын қатар көтеріп келем... Сенің маған деген налаңды азайту үшін не істей алам? Айтшы, Жанна.

Жанна: Менен аулақ жүр!

Жанна мейрамханаға кіріп кетті. Сағынтай далада бір өзі қалды.

Бесінші көрініс

Қатысушылар:

-     Барлық сыныптастар.

Мейрамхана іші. Эмма ортада сөйлеп тұр.

Эмма: Достарым, біз балалық шақты бірге өткізген адамдармыз. Балалықты қайтару мүмкін еместігі  рас болса, бір – бірімізден басқа сыныптас достарды табуымыз да мүмкін емес. Сондықтан барымызды бағалап, бір – бірімізді сыйлап, бірімізге біріміз кешіріммен, түсіністікпен қарап, өмір сүрейік. Өмірде ең бастысы сол. Пенде болған соң біраз қателіктер жасадық. Қателіктерімізді түзеу үшін тырысып жүрміз. Түзете аламыз ба, жоқ па? Ол жағы бір Құдайға белгілі. Бізге белгілісі - біз өткен өмірімізді өзгерте алмаймыз. Болашағымызды өзгертуге тырысайық. Өткенді қазбалай бергеннен ештеңе өнбейді. Бір- біріміздің жаза басқанымызды аңдып, соны бетімізге басып өмір сүргеннен кім не ұтады? Адам болып туылған соң адам болып өмір сүрейік!

Осы кезде Жанна бөлмеге кірді де, үстелдің бір бұрышына барып отырды. Жанна мүлдем көңілсіз. Жанында отырған  Мейрамгүл оған жылы шырай танытып, көңілін көтеруге тырысып бағуда. Ертай асабалық қызметін жалғастырды. Жиналғандар бірінен соң бірі сөйлеп, кеш өз қарқынымен өтіп жатты. Әлден соң бөлмеге Сағынтай кірді. Орнына келіп отырды. Қабағы қатулы. Алдында тұрған стаканға арақты толтыра құйды да, қағып салды. Келесі сөз Болатқа берілді.

Болат: Эмма дұрыс айтады. Бәріміз пендеміз. Жіберген қателіктеріміз үшін Алла алдында да, адам алдында да, өзіміздің ар-ұятымыздың алдында да жауап береміз. Эмма ағынан жарылып, бізге шынын айтты. Достарына бүкпесіз, шынын айту - нағыз адамдықтың белгісі. Адамдықтың тағы бір белгісі - жақсылыққа жақсылықпен жауап қату. Бізге тәлім берген ұстаздарымыз қазір алпысты алқымдаған ауыл ақсақалдары, аруаналар. Сол кісілерге ризалығымызды білдіргеніміз жөн.

Отырғандар даурығып сөйлей бастады:

-     Иә, иә, дұрыс айтады. Ризалығымыз шексіз.

-     Бәрінен бұрын сынып жетекшісі болған Раушан апайымыза алғыс айтайық.

-     Тек ол емес, жақсы ағай, апайларымыз көп болды ғой.

-     Ешкім естен шықпасын.

-     Ертең сол кісілерге барып, амандасып шықсақ қайтеді?

Болат: Ризалығымыз тек сөз күйінде болмасын. Мектебімізге, мектеп ұстаздарына ауқымды сый жасағанымыз дұрыс болады. Жиналған ақшаны дұрыс жұмсасақ, бәріне жетеді.

Қуандық: Сый жасауға мен қарсымын. Мектеп ұжымы жыл сайын сый алып жатыр. Өткен жылы жиырма жылдығын тойлаған түлектер жиырма компьютер сыйлады. Оның алдындағылар телевизор мен видео камера сыйлаған.  Қайда кетті сол сыйлықтар? Мектепте қазір солардың бірі де жоқ.

Эмма: Раушан апайды өткен аптада аудан орталығында  жолықтырдым. Ұялмай «биыл сендердің мектеп бітіргендеріңе жиырма жыл толады ғой. Маған не сыйлайсыңдар?» деп сұрады. Мұғалімдер де жаман үйренді. Бізді тегін оқытқандай сөйлейді тіпті.

Жиналғандар шуылдап сөйлей бастады:

-     Жыл сайын оларға шәкірттері алтын сырға – сақина тағуы жаман әдетке айналды.

-     Олары тіпті ерсі.

-     Ұят қайда? Ар қайда?

-     Басқа басқа, енді мұғалімдер сондай болса, не дерсің?!

Болат: Достарым, бір сәт тынышталыңдаршы. Ұстаздар мен мектебімізге сый жасағанның несі артық? Ешқайсымыз жерге қарап отырғанымыз жоқ қой. Бұдан бұрын банкетке шуламай – ақ ақша жинап бердік емес пе? Мектепке, ұстаздарға сый жасау жайлы тақырыпты бұдан бұрын қозғаған жоқ едік. Осы бір олқылықтың орнын қазір – ақ толтырып жіберейік, достар.

Бұл сөздерді есіткенде Сағынтайдың қабағы түйіліп кетті. Отты көздерін Қуандыққа қадады. Орнынан атып тұрды да, қайта отырды. Жүзінен әлі де күмәнданып тұрғаны байқалады. 

Қуандық: Мен мектепке сый жасауға қарсымын.

Эмма: Ұстаздарға да сый жасаудың қажеті жоқ. Олар талай рет шашымызды жұлған.

Болат тағы бірдеңе демек болып еді, жиналғандар оның сөзіне құлақ аспады. Жанна орнынан тұрды. Ортаға шықты. Болаттың қолынан микрофонды алды.

Жанна: Оу, достарым, тынышталыңдар! Ешкім ешкімге өзін зорлап сыйлатпайды. Ешкім қалталарыңа қол салмайды. Қорықпаңдар. Мен өз басым Раушан апайға да, басқа мұғалімдерге де ризамын. Сый жасауға толық қосыламын. Ұстазды сыйлау - жақсы дәстүр. Ол ешкімге міндет емес.

Эммаға қарап, сөзін жалғады

Жанна: Эммочка, мұғалімдер сенің шашыңды жұлса, соған лайық іс істеген шығарсың. Ол да тәрбие. Бұрын қазақтар балаларын молдаға сабақ оқытуға бергенде «еті сенікі, сүйегі менікі» дейді екен. Біраз шашың жұлынғандықтан қазір арамызда аман – есен жүрген шығарсың. Шашың жұлынбағанда баяғыда-ақ, ауылда қалмай, сонау Алматыда бизнесіңді дөңгелетіп жүрер ме едің, жоқ әлде, бір шұңқырда жатар ма едің, кім білсін?

Эмманың қабағы түйіліп кетті. Жанна оған қарап, біраз уақыт үндемей тұрды. Залда шыбын ызыңы естілердей тыныштық орнады. Жанна сөзінің соңын әзілге бұрды.

Жанна: Жұлғаннан қалған шашыңмен-ақ әп- әдемі прическа жасап келіпсің ғой.

Эмма: Менің бизнесімде де, шашымда да шаруаң болмасын! Не десең, о де. Әйтеуір кейбіреулер сияқты біреудің бесінші әйелі болып өмір сүріп жатқан жоқпын. Өз еңбегіммен, өз ақылыммен нәпақамды тауып жүрмін.

Жаннаның беті қып-қызыл болып кетті. Жиналғандар дымын ішіне тартып, әліптің артын бағып отыр. Жанна зорлана жымиды да, Эмманың жанына келіп, оның арқасына қолын салып тұрып, ерекше жұмсақ дауыспен сөйледі.

Жанна: Бесінші әйелі емеспін. Үшінші әйелімін. Құдай алдында да, адамдар алдында да жүзім жарық. Ешкімнен қашып-пысып жүрген жоқпыз. Басқа әйелдерінің келісімін алып, мешітке барып, некемізді қидырғанбыз.

Эмма: Дұрыс қой. Бас-басымызға бай қайда? (кекесінді дауыспен)

Жанна: Иә, құрбым. Дұрыс айтасың. Еркектер барлық уақытта, барлық елде аз болған. Кейбір елде күйеуге шыға алмаған әйелдерді монастырьде қамауда ұстаса, кейбір елде еркектер бірнеше әйел алумен бұл теңсіздікті жоюға тырысқан. Табиғат еркектің мүмкіндігін әйелдерден артықтау етіп жасаған. Бір еркек бірнеше әйелді бақытты етуге барлық жағынан мүмкіндігі бар. Егер ол жалқау немесе ақымақ болмаса. Бір жалқаудың жалғыз әйелі болғанша, бір мықтының оныншы әйелі болған артық. Мықтының үрім-бұтағын көбейткен дұрыс. Құдайға шүкір, жан жарым екеуміз үш жігіт тәрбиелеп отырмыз. 

Жанна Эмманың бетіне күлімсірей қарады.

Эмма:Үш ұлдың анасы кім екені белгілі. Әкесі кім екенін анықтап алсақ, болғаны.

Жанна: Әкесі анықталған! Құрбым, уайымдама! Өз ісіңді жөндеп ал!

Сосын одан бетін бұрып, көпшілікке қарап, сөз сөйледі.

Жанна: Достар, негізгі тақырыптан ауытқымайық. Ұстаздарымыздың жағдайы алақан жаюға жеткені біздің арымызға сын. Алғыс айтып, сый жасайық. Нұры тасып, мақтанып жүрсін.

Эмма: Мақтанса, бізден сұрап алған сыйлықтарды көрсетіп емес, еңбегінің жемісін айтып мақтансын. Жалпы мақтаншақ болғанның несі жақсы?  

Қуандық: Мақтаншақтық – қазақтың жаман әдеттерінің бірі. Жыртық шұлық киіп жүргендер миллиондаған кредит алып, басқаға сый жасайды, той өткізеді. Сол дұрыс па?

Жиналғандар:

-     Әрине дұрыс емес.

-     Жаман әдет індет сияқты тез жұғады.

-     Ол жайлы айтпай-ақ қояйықшы.

-     Мақтаншақтық -ең жаман әдет.

Ертай: Дауысқа салайық. Мектепке және ұстаздарға сый жасаған дұрыс дегендер қол көтерсін.

Жанна, Болат, Мейрамгүл, Сағынтай, Ертай қол көтерді.

Ертай: Ал енді, сый жасауға қарсы адамдар қол көтерсін.

Бұл жолы қол көтергендер едәуір көп болды.

Жанна: Бәрің дәл осы сұрақты талқылаған кезде мақтаншақтықтың зияны жайлы терең мағыналы сөздер айтып кеттіңдер ғой. Сондағы негізгі мақсаттарың- қазақтың жаман әдеттерін жою ма әлде басқа ма? Сый жасауға кедергі жасап тұрған мақтаншақтықпен күрескісі келгендік емес сараңдық қой. Сараңдық жақсы қасиет пе екен сонда? Ұстаздарымызға, мектебімізге, ауылымызға сый жасайық. Ұстаздарға қалаған заттарын алып берейік. Мектебімізге құрал- жабдықтар сыйлайық. Ауылымыздың тым болмаса, көшелерін жарықтандырып берейік. Іні – сіңлілеріміз мектепке қорықпай баратын болсын. 

Жиналғандар үндемеді. Ортаға Ертай шықты.

Ертай: Жанна дұрыс айтады. Бәріміз туған аулымызға жан-жақтан жиналдық. Аулымыздың түрі мынау. Көшелері ескірген. Жаңбыр жауса, аяқ алып жүргісіз. Ауылдағы жалғыз электр желісі күйіп кете береді. Қанша жылдан бері жаңаланбады. Кешке қарай адамдар майшаммен отырады. Ауылда мәдениет ошағы жоқ. Жас балалар бос уақытында бұрыш-бұрышта жиналып, арақ ішіп, темекі шегеді. Еріккеннен бір – бірімен төбелеседі де жатады. Қаншасы төбелестен зақым алды. Ел ескі құдықтың сасық суын ішіп отыр.  Ауылдастарымыз қысы-жазы аурудан көз ашпайды. Дәрігерлер аудан орталығынан келіп- кетіп жұмыс істейді. Сонша жылдан бері бір де бір дәрігер аулымызда тұрақтамады. Әйел босанса да, бала ауырса да, әлі күнге Әмина апаның үшкіруіне жүгінеді. Мектеп ғимараты қирайын деп тұр. Балалар тас еденнің үстінде жүр. Қыс бойы ескі пешке көмір жағады. Мектепте тазалық дегенді ұмытқалы қашан. Ұстаздар мен шәкірттер қыстың күні көмірдің күліне көміліп, көздері жылтырап жүреді. Мектеп мұғалімдері бір айлық  жалақысына бір қап ұн ғана сатып ала алады. Олар да ел қатарлы еңсесін көтеріп, етегін жапқысы келеді. Бірақ тоны келте. Бұрынғы шәкірттерінің ішінде қалталы азамат көре қалса, алақан жаюға дайын. Жетіскеннен сөйтіп жүр деп ойлайсыңдар ма? Жетіспегеннен. Ауыл адамдарына бәрі жетпейді. Жылу жетпейді. Ақша жетпейді. Мәдениет жетпейді. Жарық жетпейді. Таза су жетпейді. Ел ырзығы ауыздары кере қарыс алпауыттардан артылмай жатыр. Осының бәрін біле отырып, біз қалайша тып – тыныш өмір сүреміз? Айдаладан ауылымызға көмек келеді деп күтпейік. Қажетті көмекті өзіміз жасайық. Бір жерге жиналайық, ойласайық. Кімнің қолында не бар? Ортаға салайық. Жоғын сатып алайық. Сауабы мол істен аянып қалмайық, достарым!  

Отырғандар ойланып қалды. Ертайдың жанына Қуандық келді.

Қуандық: Сөздерің жап-жақсы, Ереке. Бірақ, сол айтқаныңның бәріне қанша ақша керек екенін ойланып көрдің бе?

Ертай: Мен бәрін қолға алайық деген жоқпын. Бізден басқа да ауыл азаматтары бар емес пе? Оларға біздің істеген ісіміз үлгі болар. Біз өз тарапымыздан қайсысын жасай алсақ, соны жасайық. Содан кейін басқалар да қарап қалмас.

Қуандық: Қайтадан ақша жинаймыз ба?

Ертай: Керек болса, жинаймыз.

Сағынтай орнынан ұшып тұрды. Түрі ашулы.

Сағынтай: Сендер бағанадан бері қандай ақша жинау жайлы айтып жатырсыңдар? Ақша жинағансыңдар ма? Не үшін жинадыңдар? Қуандық, мен саған бірінші күні – ақ айттым емес пе «Банкетке жұмсалатын қаражатты толық өз мойныма аламын. Ешкімнен ақша жинамай-ақ қойыңдар» деп.

Эмма орнынан жұлқына тұрды. Қуандықтың жүзі сұрланып сала берді.

Эмма: Мінекей, енді белгілі болды. Мен «Сағынтаймен сөйлесейін» дегенде шырылдап, телефон соқтырмай қойып едің, Қуандық. Арам пиғылыңды жасыру үшін солай жасаған екенсің ғой. Банкетке керек деп ақшаны Сағынтайдан бір аласың, сосын бізден бір жинап аласың. Неткен оңбаған едің! 

Сағынтай үндемей Қуандыққа ашулана қарап тұр.

Қуандық: Мен не істесем де, сендердің жағдайларыңды ойлағаннан істедім. Сағынтайдың қаражат бере алатынына көзім анық жетпеді. Сондықтан сендерден ақша жинадым. Ақша артылса, өздеріңе қайтарам ғой.

Отырғандар шулап кетті:

-     Қуандық, сенің өтірігіңнен әбден шаршадық.

-     Сенен мұны күтпеп едік.

-     Ақшаға соншалық құнығып, ардан безіпсің ғой.

-     Масқара. Бұл жайлы ешкім есітпесін.

Сағынтай бір қолын Қуандықтың арқасына салды да, екінші қолын жоғары көтерді. Жиналғандардың тынышталуын сұранды.

Сағынтай: Достарым, босқа даурықпайық. Мен Қуандыққа қаражат жайлы нақты айтпадым. «Қолымнан келсе, банкетке кеткен қаражатты төлеп беремін» деп айттым. Қуандықты сөге жамандамаңдар. Ол бәрін дұрыс істеді. Біз үшін тырысты.

Қуандықтың қуарған өңіне қайта қан жүгірді.

Қуандық: Айттым ғой мен сендерге, айттым ғой.

Отырғандар қайта шулай бастады:

-     Түу, не дерімді білмей қалдым.

-     Бәсе, біздің сыныптастардан ондай иттік шықпайды.

-     Әй, Қуандық-ай, тұзың жеңіл ғой сенің.

-     Әмина апайға барып, үшкіртіп жіберсейші өзіңді.

Бәрі қайтадан жадырап шыға келді. Тек Сағынтай, Эмма, Жаннаның түстері суық күйінде қала берді. Сағынтай Қуандықты арқасынан қағып, ортадан тысқары алып кетті де құлағына сыбырлады.

Сағынтай: Сазайыңды берем!

Кеш ары қарай жалғасты. Жиналғандар бірінен соң бірі сөйлеп, бір – біріне тілек айтып жатты. Бәрі көңілді. Тек Қуандық бір бұрышта үндемей тұнжырап отыр. Анда – санда Сағынтайға бір, Жаннаға бір, Эммаға бір қарап қояды. Оған ешкім көңіл бөлмеді. Біраздан соң сытылып, сыртқа шығып кетті. Оның сыртқа шыққанын ешкім байқамады. Шуылдасып отырған көпшілік көңілді кешін жалғастыра берді. Әлден соң сырттан қатты дыбыс естілді. Соғылған, қираған, шынының сынған дыбысы. Отырғандар өре түрегелді.

-     Не болып қалды?

-     Жер сілкінгендей болды ғой.

-     Жоқ, жер сілкінбеді.

-     Бірдеңе қирады.

Сағынтай мен Ертай жүгіріп далаға шығып кетті. Басқалар да сыртқа беттеп бара жатты. Оларды Эмма тоқтатты.

Эмма: Тоқтаңдар! Біздің онда баруымыздың қажеті жоқ. Шықты ғой жігіттер. Соларды күтейік.

Әлден соң Ертай мен Сағынтай  Қуандықты ішке көтеріп кіргізді. Қуандықтың бет – жүзі қаннан көрінбейд. Ес- түссіз. Бір- екі қыз шыңғырып жіберді. Қуандықты бір шетте тұрған диванға жатқызды. Эмма Қуандықтың жанына отырып, жейдесінің түймесін шешті. Кеудесіне басын қойды.

Эмма: Жүрегі әлсіз соғып тұр.

Жиналғандар шулай бастады:

-     Қуандыққа не болды?

-     Не істейміз?

-     Қарап отыра береміз бе?

-     Дәрігер шақыртайық та.

-     Оны қайдан табасың?

-     Аудан орталығына апарайық.

-     Жоқ, онда көмектесе алмайды. Қалаға жеткізу керек.

-     Қалаға жеткізе аламыз ба?

-     Сағынтай, Ертай, айтсаңдаршы не болғанын!

Ертай: Көлігімен ескі ғимаратқа соғылыпты. 

Эмма орнынан тұрды. Сүлгіні суға малып, Қуандықтың бетін сүртті. Маңдайындағы қан аққан жерін сүлгінің бір – екеуін жыртып, сонымен таңды. Қуандық ыңырсып, дыбыс шығарды. Кейбір қыздар жылап жүр. Бәрі не істерін білмей әбігерге түсті. Сағынтай қалта телефонын алып, әлдекімге қоңырау соқты.

Сағынтай: Марат, маған сенің көмегің керек болып тұр. Тез арада ауылға кел. Бір жолдасым хал үстінде жатыр. Жарақат алды.

Біраз үндемей тыңдап тұрды да, қайта сөйледі. Бұл жолы даусы ашулы шықты.

Сағынтай: Өзің келе алмасаң, басқа бір дәрігеріңді жібер! Түсінсейші, ол бейшара ажал алдында жатыр. Қанша сұраса да, берем. Тез жетсін!... Марат, мен сені мұндай екен деп ойламап едім... Қарның тойған екен!..

Біраз адам қалта телефонын шұқылап, жан – жаққа телефон соғып жатыр. Әзірше ешқайсысының мәселені шеше алар түрі жоқ. Жанна қолына телефонын алып, сан терді.

Жанна: Азамат, көмектесші. Бір сыныптасым жарақат алды. Жаны қиналып жатыр. Ауылда дәрігер де, аурухана да жоқ. Қалаға жеткізу керек дейді. Қалаға жете алады ма, ол да белгісіз. Орнынан жылжытпаған дұрыс шығар. Не істерімізді білмей тұрмыз. Көмектесші!.. Жоқ. Мен дін аманмын. Менде бәрі жақсы. Уайымдама. Дәрігерлер мен барлық керек-жарақты алып, ауылға келші. Күтеміз.Тездетші.

Бәрі бір сәт тыныштала қалды. Аңтарылып, Жаннаны тыңдап тұр. Сағынтай Жаннаға жақындады.

Сағынтай: Не істейміз? 

Жанна: Күтеміз. Азамат келеді. 

 

  Болай Бердиева


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар