Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
БАЛТАБЕК НҰРҒАЛИЕВ : АУЫЛ ДЕГЕН - ИМАННЫҢ ИМПЕРИЯСЫ

21.11.2016 291

БАЛТАБЕК НҰРҒАЛИЕВ : АУЫЛ ДЕГЕН - ИМАННЫҢ ИМПЕРИЯСЫ

ТОПТАМА ӨЛЕҢДЕР

АУЫЛДЫ АҢСАУ


Анам отыр кестелі көктемінде,

Қошақаны келмеді-ау, күткенінде.

Балалық шақ елесі қалған сіңіп,

Көкіректің түу сонау түп төрінде.


Көгершін боп кеудемнен ән ұшқаны-ай,

Ізін шайды жолдардың ағыс талай.

Балалық шақ шалғай тым көрінсе де,

Әлі есімнен келеді алыстамай.


Құйын-уақыт екпінін уағыздар мың,

Қабағына қараман қар-ызғардың.

Осы күнім үшін мен, бүгін үшін,

Балалыққа, алдымен, қарыздармын!


Жанға батар Анамның жылағаны,

Құрақ көрпе есімде құрағаны.

Кеттім солай ақын боп амалсыздан,

Ауылдағы жұтқанда нұр-ауаны.


Қу тірліктің қайтемін, бос атағын,

Көгін жырлап өтемін, қоса тауын.

Туған жерді әніне бөлесін деп,

Бұлбұлымды ойымнан босатамын!


Қайран ауыл... артымда жырақ қалды,

Қарсы алдымнан жаудырып сұрақтарды.

Алаңдаулы анам жүр... тілеу үзбей,

Ұзақ жолға... себебі... ұлы аттанды.


Өтті уақыт... қатпайды оған басым,

Бір сәт кейін білемін оралмасын.

Іздейді екен бал күнін адам жаны,

Бал күндері ғайыптан жоғалғасын.


Жоғалтқам жоқ түк те мен, қалғымаймын,

Жыр-кемеммен кешермін, алдым – айдын.

Ауылыма жете алмай, сан мұңайдым,

Бақ-ырысым – туған жер, мәңгі баймын!


Құшақ жайып, сағынып... келсем, күттің,

Тағдырдың біз тезінде теңселдік тым.

Мойындаймын... ғашықпын ғұмырымда,

О, ауылым, рас айтам, мен сендікпін!


Ханның дағы бергісіз сарайына,

Мейір нұрын төгетін маңайына.

Ауылдағы ұқсайды ақ сораң жер,

Ақ шашына Анамның самайына.


Барша жұртқа баянды бақ таптырған,

Сүттей таза көңілі аппақ тұнған.

Ауыл деген – иманның империясы,

Қазақтығын ҚАЗАҚТЫҢ сақтап тұрған.


Жолығатын мезеттің тоса таңын,

Жырымды адал жаныма дос атадым.

Аңсап жүрмін аулымды... аунап қайтсам...

Жүрген болар күтіп ол қошақанын!


АҚИҚАТТЫҢ АУЫЛЫ


Бал балалық. Біздің ауыл. Кешқұрым.

Кеш болса да көңілде жоқ еш тыным.

Сабақ қарап жанталасар уақыт бұл,

Алу үшін мұғалімнің «бестігін».


Білім қуған бала едік жатпайтын,

Білмей-көрмей жаны тыным таппайтын.

Аяқтамай тапсырмасын ұстаздың,

Таңым менің қуанышпен атпайтын.


Ауылда өскен әрбір бала біледі,

Жалғыз жау ол – түннің қара түнегі.

Сабақ қарап бастағанда үйлердің

Жарығы өшіп қалатұғын үнемі.


Менмұндалап қай әріптер, қай сандар,

Қиялыма қанат байлап ой самғар.

Мұныменен тоқтамаушы ед оқуым,

Себебі сол – анам жағар май шам бар.


Балғын күнім. Өзім мәз боп отырам,

Жылу алып, жарық алып отынан.

Анам жаққан алақандай май шаммен,

Мен Абайды, Махамбетті оқығам.


Ауылда өскен керек бұны ұғуы,

Май шам деген – сұлулардың сұлуы.

Анам жаққан сонау сұлу май шамның,

Жүрегіме сіңіп кеткен жылуы.


Кездерімде түнек қысып, тарыққан,

Сонау май шам мейірімін танытқан.

Көзіме нұр сіңіп кеткен мәңгілік,

Анам жаққан май шам бөлген жарықтан.


Сонау май шам ақыл берді, ой салды,

Ұстаз болып байыпты да байсалды.

Ғұмырымның сәулесіне айналған,

Анам жаққан ұмытпаспын май шамды.


Түнді серпіп, талабыммен таң құштым,

Заңғар көкте ұшу – арман. Зау құспын.

Жол сілтеген адастырар сәттерде,

Анам жаққан май шамға сол алғыс мың.


Жетпей жатса, жанарыма, Ай, сәулең,

Кеудемде бар қайтпайтұғын қайсар дем.

Іздеп табам ақиқаттың ауылын,

Қара да тұр, анам жаққан май шаммен!


ҰҚСАЙМЫН ҰЛЫ ДАЛАМА


Төріңде, Ұлы Дала, аунағанмын,

Қырандай аспаныңда заулағанмын.

Жүрегін жырмен жуған ұлың едім,

Қалайша, мен өзіңнен аумағанмын.


Шыңына орнағансың нық санамның,

Алладан дарыған ғой құт саған мың.

Досы көп, дұшпаны жоқ дархан-байтақ,

Мен саған, Ұлы Дала, ұқсағанмын.


Көгіңде қалай төзем қанат қақпай,

Гүлдеттің жан-жырымды абат бақтай.

Ап-ауыр арманым бар сен жүктеген,

Арқалап келем, міне, тағат таппай.


Өзіңде өтті шіркін, балалық шақ,

Аппақ нұр айналаға таралып шат.

Туған Жер, саған ұқсап, ақын болдым,

Сайрадым сұлу оймен саған ұқсап.


Мен сенің тылсымыңнан жаралыппын,

Мен сенің үн-сырыңнан нәр алыппын.

Көгіне сен ұшырдың келешектің,

Қанатын сен қатайттың жаңа үміттің.


Тауыңды, бауларыңды ардақтаймын,

Ұран ғып, ізгілікпен алға аттаймын.

Сені шын сүйгендіктен, Ұлы Дала,

Жыр жазам құрметіңе арнап дәйім.


Балам деп, бауырға бас лайық ұлды,

Әкем деп сені айтамын, бай ұғымды.

Сүйші сен, Ұлы Дала, маңдайымнан,

Мен бір жан дәл өзіңдей қайырымды!


Өзіңде өтті, шіркін, балалық шақ,

Аппақ нұр айналаға таралып шат.

Туған Жер, саған ұқсап, ақын болдым,

Сайрадым сұлу оймен саған ұқсап!

Уа, Ұлы Дала!


АУЛЫМ АРАЛҒА


Аулым Арал! Алыбымсың әу бастан,

Талай тағдыр айдыныңда алмасқан,

Шаң басқан деп айта алмаймын өзіңді,

Пенделердің пейілдерін шаң басқан.


Ертеңгі күн есімізге кірмейді,

Ерке суың неге жалт-жұлт күлмейді?

Балығыңды қырдым-жойдым дейді жұрт,

Өз баласы тұншыққанын білмейді.


Жүректерді көп өкініш кернеді,

Сыздауыққа айналдың, сен, Жердегі.

Суың ащы дейді жұртым, шындығы,

Бұл да өмірдің, біле-білсек, кермегі!


Аулым Арал! Қайда кеткен ақ кемең?

Толқыныңның әні болды – «әттеген».

Саған төнген қауіпті мен өзімнің

Жүрегіме түскен қара дақ көрем!


Қиянат бұл қай еңсені езбейді?

Тамшы түгіл теңіз бұған төзбейді.

Жұрт ойлайды азайды деп мөлдірің,

Мөлдір сезім сарқылғанын сезбейді.


Біз өзіңнің бағаңды кеш білдік тым,

«Қан мен тері» тамған талай тірліктің.

Су түбіне емес, тіпті, одан зор

Күнәміздің тереңіне сүңгіттің.


Рухы биік адам ғана өлмейді,

Жүрек рухы жанып тұрса, сөнбейді.

Құмды шөлге көшті дейді сені жұрт,

Жігерінің құм болғанын көрмейді.


Аулым Арал! Жан толқытқан есімің,

Айдыныңда бос тербелді бесігім.

Күллі мынау адамзаттың атынан

Мен өзіңнен сұрап өтем кешірім.


Қайнап балқып соры менен сорасы,

Күлге айналған қамысы мен қоғасы.

Шөлейт емес шаңы шыққан жай ғана,

Барсакелмес – үміттердің моласы.


Аулым Арал! Айналайын даңқыңнан,

Қалай ғана шөкті екен нар тұлғаң?

Тартылды деп айта алмаймын өзіңді,

Пенделердің пейілі ғой тартылған.


Тәубе еткенді Тәңірім де құптайды,

Қадіріңе бойламадық, құт тайды.

Арал апат болды дейді жар салып,

Арман опат болғандығын ұқпайды.


Аулым – Арал! Жан толқытқан есімің,

Айдыныңда бос тербелді бесігім.

Күллі мынау адамзаттың атынан

Мен өзіңнен сұрап өтем кешірім.


ЖЕЛМАЯНЫҢ ЖАУАБЫ


Ағайын, аңсамақсың қашанғы Айды?

Ол Айың Туған Жерден аса алмайды.

Жарықтық, Жерұйықты көп іздеген,

Серік қып желмаясын Асанқайғы!


Би Асан! Ол неліктен Асан – қайғы?

Ойласам, қайғыдан жан қаша алмайды.

Ойлы сөз – қайғы деген – киелі сөз,

Қайғысыз Жерұйық та жасалмайды!


Қайғылы Ер өз елінің ұлтаны шын,

Жайлы жер таппақ болды ұрпағы үшін.

Бабаның бізге мұра батылдығын,

Даланың дәстүрімен ұл танысын.


Сынбаған, таласса да өмір екпін,

Жырлаған жанын ұғып төңіректің.

Төскейі хансарайдың жансарайдай,

Бас биі бола білген – Жәнібектің!


Би Бабам ханға батыл кеңес берген,

Сыйлаған орын тиіп белес төрден.

Көзіне қарай алмай ешкім тура,

Сөзіне жұрты иіп, ел ескерген!


Асан би даңқын дала ардақтайды,

Асау күй көкке кімді самғатпайды?

Анты ма, ойладың ба, Бабаң сонау

Даңқына алған неге жалғап «қайғы»?


Бабаға берген Елі «қайғы» қосып,

Далаға Ел қанатын жайды көшіп.

Әділін ашық айтқан Асанқайғы,

Қадірін хан да сезген айбыны өсіп.


Абызым дауда толғап дара дастан,

Арызын шешіп елдің араласқан.

Бағына алаңдаған бейбіт елдің,

Қамына қара бастың қарамастан.


Ер Бабам көсілгенде қиялымен,

Кең далам – төселгендей ұя-кілем.

Қозғанда махаббат-жыр Жерге деген,

Жазған ба желмаяның тұяғымен!


Мастанбай, шықса нәпсі, байлық алдан,

жасқанбай Ақ жүрегін айрып алған.

Борышын бағаламас жанды көрсе,

сол үшін Асан Бабам қайғыланған!


Өлеңі, өнегесі бізге жетті,

Өрелі Бабам жүрген із бөлек-ті.

Көз ұшын елге салған есіл дана,

өзі үшін Жерұйықты іздемепті.


жайдан-жай Баба-Жүрек күрсінбеген,

аймаңдай ел-жұртым деп дүрсілдеген.

Жерұйық жас ұрпаққа мұра болып,

Ел ұйып бейбіт ғұмыр сүрсін деген!


Жүрегім-Асанқайғы егіледі,

Білемін, Жайық-жасым төгіледі.

Әріптер Ел сөзінде еңіреген,

Ғаріптер – Отансыздар не біледі?!


Тыңдасам өзеуреген кей тілдерді,

«Ұрласам! Ұялмасам!» дейтіндерді.

Қамықтым, көрген кезде, арам жолмен,

Халықтың адал нанын жейтіндерді...


Деймін кеп: «Асан Ерден кет садаға,

Бимін деп айтпа өзіңді, бек санама.

Даңқына «Нағыз Батыр» лайық ұлан,

Халқына шұғыласын төксе ғана!»


Желмая жүріп өткен дала қалар,

Ұлғая ұлттық Рухым бағаланар.

Көріп пе Асан көрген кие жерді,

Көлікте көлгірсіген көп «ағалар»?!


Бұл Бабам батыр Бабам, белес Тұлғам,

Нұр Ғалам жүрегінде кеңес қылған.

Жүк артып жүргендер көп көшіп-қонып,

Нең артық Елсіз болсаң, елес құлдан?


Күй-мәнді Жерде кіндік кескен білер,

Иманды игі ортада өскен білер.

Даламыз ашқан ылғи дос құшағын,

Бабамыз – бейбіт жатқан көшпенділер.


Бар шығар бұл күнәні кешетіндер,

Қамшылар өзін-өзі өсетіндер.

Бүгінгі көшпенділер – елін тонап,

Түгіңді қалдырмастан көшетіндер!


Әлдисіз, өнегесіз, батасыздар,

Ән-күйсіз, балалықсыз, сақасыздар.

Бұрынғы көшпенділер – Отансүйгіш,

Бүгінгі көшпенділер – опасыздар!


Көркеуде жаратқанға жағымсыздар,

Көргенде келбеттерін... жаның сыздар.

Сақалын сыйлаушы ма аталардың,

Отанын ойлаушы ма ед ауылсыздар?!


Аруақты аттап өтіп есіргендер,

Шаңдақты шауып өтіп көсілгендер.

Азаптың дәмін татар ақыретте,

Қазақтың бағын бастан көшіргендер!


Адалын айтып өткен шын айғағын,

Даланың аңсап Бабам нығайғанын.

Қайраған ар-намысын Асандайын,

Ойлаған Ерің қайсы Ел аймағын?!


Жүгініп, жыламсырап сұрақ-көздер,

Сүрініп, жанталасып жұмақты іздер.

Тұрағын Мейірімнің көре тұра,

Бір адым жасамаймыз бірақ біздер!


Тағдырың, мейлі, сені ақын етсін,

Тағдырың, мейлі, сені әкім етсін.

Туған Жер табаныңнан таяр болса,

Ұлан-Ер, тірідейін жетімексің!


Сауапты болсын лайым сапарымыз,

Жауапты Ұлы Ұрпақтың қатарымыз.

Етегі нұрға толған Жерұйық бұл –

Мекені Мейірімнің – Отанымыз!


Кемеңгер Бабам айтқан базынасын,

Ерен ер тапты жерден қазынасын.

Ауасын Туған Жердің жұтсаң болды,

Дауа шын, дертіңнен сен жазыласың!


Түсірмес Ел қадірін ізгі өлеңдер,

түсінбес көл қадірін жүзбегендер.

Аспасын біле тұра Туған Жерден,

Басқасын босқа әуре боп іздемеңдер!


Шөлімді қандырғанмын жыр ұрттап ап,

Елімді еңіретпе, ымырт қабақ.

Ой ішкі – Отаным деп оянамын...

қой үсті – бозторғай-күн жұмыртқалап!


Мол бағын бейбіт елдің пұлдағанның,

Қолдарын кесер Құдай ұрлағанның.

Тақыты төңкерілмей тыныштықтың,

Бақыты ояу болсын бұл Даламның!


Санамда сайрап кетсе Асанқайғы,

Жанарда мөлдіреп пәк жас аунайды.

Ақ көкем, Алтын тұғыр – ауылың ғой,

Жат мекен Туған Жерден аса алмайды!


Қас жауың – опасыздық – бұрыс қадет,

Жас жалын, бұр, қанеки, дұрысқа бет.

Түбірден Рухың биік сезілмесе,

Жүгірген, құр сенделген, жүріс – нәлет!


Күлерсің көрсетіп бос жасандылық,

Жүрерсің адасумен қашан бұғып?

Асан-көз Жер танитын керек бізге,

Асан-cөз, Асан-мінез, Асан-қылық!


Үмітпен ер қайғыны бастан кешкен...

Еріккен ез болмайық қашқан-көшкен.

Қашан Сөз түзеледі, іс түзелер,

Асансыз дүниеде астан-кестен?!


Мал-қайғы аспандағы Айды сұрар,

Жан-қайғы жұртындағы жайды сұрар.

Хас Алла-ай, көп болсыншы азаматтар,

Асандай аппақ нұрлы қайғысы бар!


Абыз Ер бар ма Асандай, елді аяған,

Парызгер бар ма Асандай жерді аяған.

«Тұрағың – Жерұйығың – АУЫЛ» деді,

Сұрадым Асан мінген Желмаядан!



ЕСКЕРТУ

«Түсіме Хан Абылай Бабам енді...

Ескерту жасағандай болды...»


                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                /Автор/


Уа, Хан-Баба, аман ел...

Бостандық таңын сан күткен.

Домбыра шертіп дала, бел,

Халқыңа бүгін жал біткен.


Қуанам қайсар Қазағым,

Қыран боп көкте самғаса.

Елде жоқ ешбір аза-мұң,

«Құнсыздану» болмаса...


Көрдім мен сырлы түс түнде...

Ендің бе маған беріп дем?!

Мұңайып тақтың үстінде,

Отырдың, Баба, неліктен?!


Кім бізге айтшы дос, дұшпан,

Жөн бе осы, бізге мұңаю?

Ентелеп отыр қос тұстан,

Бір айдаһар... бір аю...


Түс көрдім... ұзақ жол шектім...

Күтуде хабар паң дала.

Көк туды көзбен көрсеттің,

Не дегің келді, Хан Баба?!


Таңымды тағы атырдым...

Мәңгі бол, таңым! Күш бер, Ту!

Оянып, ойда отырмын,

Ойымда – сендік ЕСКЕРТУ!


Қазақтың Көк Ту – Елдігі,

Желбіреп тұрған жоғары!

Әлмисақтан белгілі,

Ол  Бағы Елдің, Ол  Ары!


Байрақты нұсқап, дедің бе:

«Ұрпағым, мынау заманда

Желбірер жүрек көгінде –

Бірлігің болсын әмәнда!»


Жөн айттың, Баба, жөн белгің,

ЕЛДІКТЕН артық неміз бар?

«Бірлікке, бәрің, көн!» дермін,

Бірлікті жеңбес жел-ызғар!


Қарайды Ауыл, Далам да,

Ботадай көзі мөлдіреп.

Сала алмас ешкім табанға,

Бірлігім тұрса желбіреп!


Ескерту сөзі Бабаның –

«Бірлікте – Елдің жан-нұры!».

Алаңым жоқ еш... алаңым –

Егемен Елдің тағдыры!


Теңге үшін менде жоқ егес,

Цифрлы жай бұл қу беті.

Алаңым өзге, ол емес –

Көк Туымның суреті!


Cөз етпен теңге тарлығын,

Саны бар сыйсыз бұл беті.

Бар мұңым, менің бар мұңым –

Елтаңбамның суреті!


Қадірлі Ұлы Қазақтың!

Түсімде сыр бар, тегінде:

«Ақша емес, мынау Азат күн

Құнсызданбасын!» - дедің бе?!


Түс көрдім... ұзақ жол шектім...

Күтуде хабар паң дала.

Көк туды көзбен көрсеттің,

Не дегің келді, Хан Баба?!

Не дегің келді, Жан Баба?!


КЕҢ ДАЛАМНЫҢ КЕЛБЕТІ


«Отыз бірінші жылы... біз үлкен иттік жасадық. Біздің уколдан кейін қазақ ауылында түрлі аурулар пайда болды. Талай қазақтың мұрны шүңірейіп ойылып түсті, талай қазақ сары аурумен ауырды, талай қазақ... Көкірек ауруын да тараттық біз. Ең қиынын адамның ерік-жігерін құм қылатын дәрі салдық қой біз оларға. Қайда жұмсасаң бара беретін, не айтсаң көне                                                                                  беретін халыққа айналды. Біз ауылдарды аралап жүрдік... Бұл - ұлағатты                                                                                                         ұстазымӘкім Таразидің  «Андрей» атты әңгімесінен үзінді.                                                                              Қазақ ауылдарына, қазақ ұлтына жасалған қиянат жайлы шығарманы оқып, жыр қайнарым төгілді.
/Автор/

Кең Даламның келбетіне қараймын,

Қаракөзді қазағымды санаймын...

Таза қазақ, нағыз қазақ аз екен,

Қабырғамды қайыстырмас қалай мұң?


Қастық алды, жан жасыды жәбірге...

Аштық алды... «Кеңес» дейтін дәуірде...

Бұлт-бодандық арасынан адаспай,

Жетер ме екен арыз айтсам Тәңірге?!


Көз тұндырар бұрқырайды алда шаң,

Жанайқайым жетер ме екен, зарласам?

Қара тасқа кетер ме екен гүл өсіп,

Тектілерге текті жырды арнасам?!


Құм далада қарлығады дауысым,

Дауысымнан далам мені танысын!

Жалт қарашы, айналайын Алатау,

Найзағайдай жарқ еткенде намысым!


Жарам ауыр, сыздатып бір түн жалар,

Есебі жоқ өшті шырақ, кім жағар?

Сансыз миллион қайтарыңдар Қазақты,

Голощекин, Сталин, Колбин «мырзалар!»


Жағам емес... жаным, әттең, жыртылды,

Ұры иттер талап жеді ұлтымды!

Зәнталақтар, шапсын Құдай «мұртыңды»,

Қан сасыған көрсетпеші ұртыңды!


Жалаңаяқ зыр жүгірген, ай, бала,

Қазақпысың, қара жөндеп айнаға!

«Кеңес» дейтін көр кеуделі кезеңде –

Құрбан болған Қазақ екен қаймана!


Күн кектеніп, Ай адасқан ақылдан,

Ардың құны арзан пұлға сатылған.

Қазағымды қазақ сатқан сұм заман

Қазақ екен сол заманда атылған...


Жанарымнан жас емес-ау... қан ағар,

Жүрегімде шұрық-тесік жара бар!

Қазағымның боздағанын қарауға

Қалай ғана жүрегіңіз дауалар?!


Ботадайын Қазақ Үні боздаған,

Боздаған Ел жүрегімді қозғаған.

Оу, Ағайын, қабылдауың керек қой,

Әр Қазақты «Жалғызым!» деп, «өз балам»!


Егемен Ел – Ер Қазағым еңселі,

Құдай куә, құлай сүйем мен сені.

Қазақ деген – ҰЛЫ БАЙТАҚ дала ғой,

Көрінбейтін, көрінбейтін жер шегі!


Батыр халық, ақын халық, тарлан ғой,

Алла қолдап Тәуелсіздік алған ғой!

Ұлы Қытай қорғанын да қытайлар,

Қазақтардан қорғанам деп салған ғой!


Қазақтарым – көшпенділер кешегі,

Көрген қырғын... жоқ қой оның есебі.

Талай сында аман қалған Елсің ғой,

Нар жолында жүк қалмайды деседі!


Абыройы Алатаумен теңескен,

Сен Бөгенбай, сен Қабанбай емес пе ең?

Өз ұлтыңды өзің сатсаң, оңбайсың,

Еш айырмаң болмай қалар елестен!


Зор күнәні жумас жаңбыр, жауған қар,

Ақтай алмас, ақтай алмас алдаулар.

Қақ төбеңнен күт жауарын қара тас,

Қазағымның қарғысына қалғандар!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар

САЙЫН

18.06.2018
178

Ең көп талқыланғандар