Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Мадина Омарова: Қызыл мия

21.11.2016 293

Мадина Омарова: Қызыл мия


  /романтикалық трагедия/

 

Қатысушылар:

 

Кемпір

Асан  /кемпірдің үлкен ұлы/

Сағира /Асанның әйелі/

Үсен /кемпірдің кіші ұлы/

Қайрат /Үсеннің «досы»/

Анаргүл /көрші келіншек/

2 бандит жігіт

 

ПРОЛОГ

 

Кафенің іші, екі жігіт шарап ішіп отыр. Екеуі шала мас.

 

Қайрат. Менің бір достарым бар. Саған тек солар көмектесе алатын сияқты ғой... Жағдайың мүлде мүшкіл екен...

Үсен. Несиеге ақша бере ме?

Қайрат. Несиеге де береді. Бірақ айтқан уақытында қайтармасаң, қиын болады.

Үсен. Мыналардан қиын болмас. /Қиналып/. Бір башпайымды кесіп алды...

Қайрат. Банктен сұрап көрдің бе?

Үсен /күліп/. Маңына жолатпайды мені.

Қайрат. Қаласаң, сол жігіттермен жолықтырайын.

Үсен. Сеніміңе  рахмет, досым. Қысылтаяң сәтте, қасыңда жан баласы қалмағанда, кімнің кім екенін түсінесің. Екеуміздің қылау түспеген таза достығымыз үшін!

Қайрат. Екеуміз екі мушкетермыз ғой! Соны әлі білмей жүрсің бе?

Үсен. Рас айтасың, бауырым...

 

 

 

1-көрініс

 

Cахнада ауылдың қоңырқай үйі. Жерде аласа үстел, бұрышта домбыра, ортада үлкен сандық. Жерге құрақ көрпелер төселген, арғы жақта фляг, ожау байқалады. Нан, май секілді ауыл дастарханына тән өнімдер аппақ орамалмен жабылған. Үстел басында отыздар шамасында келіншек тізесін құшақтап жалғыз өзі сөйлеп отыр.

 

Анаргүл. Бұл жер енді менікі деп, қоршап алған ғой. Қоршағанда кәдімгі қоршау емес, дүйім даланы айналдырып бульдезермен терең ор қазып тастаған. Енді оған өз малы түсіп қырылып жатыр дейді. Сонда да бой бермей отыр. Ана жолы ауласына Секеңдердің сиыры кіріп кетсе, құлағын кесіп алыпты. Сиырдың өзін басы қан-қан, өкіртіп, талға байлап қойыпты. Әбден есі кеткен бейшара жануарды әлгі ағашты айналып айналып, қылқынып тұрған жерінен Айымкүл шешіп алыпты. Білмеймін, қалай боларын, бірақ ауыл адамдарының жандары түршігіп, жағаларын ұстап жатыр. Ниеттен ғой барлығы, ниеттері тарылған әбден. Иесіз жатқан жерді меншіктеп, менікі деп, өздерімен өздері арпалысып әлек.

 

Үйге екі еркек келіп кіреді.

 

Үсен. Ау, қожайындар! Адам баласы бар ма мұнда?

 

Келіншек атып тұрады.

 

Анаргүл. Сәлеметсіздер ме?

Үсен. Сәлем бердік! Сіз кімсіз? Ойбай, Асан Сағираның үстінен қатын алған ба?

Анаргүл. Жо-жоқ, мен көршімін. Мына үйде тұрамын.

 

Қолын белгісіз бағытқа сілтеп көрсеткен Анаргүл үсті-басын түзеп, ыңғайсызданып қалады.

 

Үсен. Үй иелері қайда?

Анаргүл. Сағира біздің үйде сериал көріп отыр.

Үсен. Өз үйінде неге көрмейді?

Анаргүл /сандыққа қарап/. Мұнда көруге болмайды ғой. Сіз Үсенсіз бе?

Үсен. Иә, Үсенмін. Мені таниды екенсің ғой.

Анаргүл. Иә, танимын, мен Ыдырыстың қызымын. Анаргүлмін.

Үсен. Ыдырыстың-Ыдырыстың. Иә, есіме түсті. Ыдырыс бар ма өзі?

Анаргүл. Иә, бар ғой, жоғары шығыңыздар. Төрлетіңіздер.

 

Екі жігіт үстел басына отырады. Анаргүл шай қамына кірісіп кеткен.

 

Үсен. Сағираны шақыра салсаңшы. Мынау менің дос балам. Аты – Қайрат.

Анаргүл. Ол келмейді ғой. Сериал біткенше оған тиісуге болмайды.

Үсен. Немене жұлып тастай ма?

Анаргүл. Жоқ... ренжиді...

Үсен. Иә, мінезі жаман. Ыдырыстың бес қызы бар ма еді? Сен есімде жоқсың. Мен ауылдан кеткенде барлығы майда болатын.

Анаргүл. Алтаумыз.

Үсен. Дұреес.

Қайрат. Мұнда неғып отырсың?

Анаргүл /ыңғайсызданып, сандық жақты нұсқап/. Әжеге келгенмін.

Қайрат /Үсенге есі дұрыс па дегендей қарап/. Ол кісі өзі қайда?

Анаргүл. Осында.

Қайрат. Далаға шығып кетті ме?

Анаргүл. Жоқ, осында, үйде.

Үсен. Апа, апа! Қайдасыз?

 

Барлық бөлмені аралап шығады.

 

Үсен. Жоқ қой, тып-типыл.

Анаргүл. Ұйықтап жатқан шығар.

Үсен. Қай бөлмеде?

Анаргүл. Осында.

Үсен /әлденені ұққандай болып Қайратқа қарайды/. Түсінікті, түсінікті... Асан қайда?

Анаргүл. Далада жүрген шығар.

Үсен. А-а-а... жақсы, жақсы.

 

Қайрат бұрыштағы домбыраны алып тыңқылдата бастайды.

 

Қайрат /Үсенге/. Тезірек болсаңшы.

Үсен. Енді үй иесі келсін де.

Қайрат. Келісе ме?

Үсен. Қойшы, қайда барады. /Анаргүлге/. Ауылда не жаңалық?

Анаргүл. Жаңалық сол. Қаладан бір кісілер келіп, ауыл сыртындағы жерді сатып алдық, бұл жермен енді жүруге тыйым саламыз деп қоршап жатыр. Халық малын қайда жаярын білмей қысылып отыр.

Үсен. Қиын болған екен.

Анаргүл. Соны әжеме айтып жатқанмын.

 

Қайрат пен Үсен бір-біріне қарайды. Тым-тырыс.

 

Үсен. Апам қалай? Аман-есен бе?

Анаргүл. Аман-есен. Тәуба.

Қайрат. Өзіңіздің қалыңыз ше?

Анаргүл. Жақсы, рахмет.

Үсен. Енді сіз жүре бермейсіз бе?

Қайрат /Анаргүлге әндетіп/.  Қызыл өрік, қызыл өрік, сүйіп қалдым сені көріп... Үсен, тұра тұршы. Отыра тұрсын. Өзіңіз не қызмет істейсіз?

Анаргүл. Сауыншымын ғой.

Қайрат.   Күйеуіңіз бар ма?

Анаргүл. Жоқ. Қайтыс болып кеткен.

Қайрат. Неден қайтты?

Анаргүл. Суға батып өлді.

Қайрат. Неге батты?

Үсен. Қайрат, болды, қойшы.

Анаргүл. Ажал келді де.

Қайрат. Ммм...

Үсен. Анаргүл, жақсы. Рахмет. Бара беріңіз. Сағираға қайның келіп отыр деп айтыңыз.

Қайрат. Мен де бойдақпын.

Үсен. Болды, өтірік айтады.

Қайрат. Жүрегім бос. Сосын еркектерге бола береді ғой.

Үсен. Бұл өстіп ойнай береді. Көңіліңе алма.

Анаргүл. Қонақты сыйлайтын адамбыз. Қонақтың еркелігін көтереміз.

Қайрат /Үсенге/. Естідің бе? Не болды саған далада жатқан қатынды қызғанып.

Үсен. Болды, қой дедім ғой саған.

Қайрат. Кетші.

 

Домбырасын қайта тыңқылдатып әндетеді. Асан келіп кіреді. Үсен орнынан тұрып.

 

Үсен. Ассалаумағалейкүм!

Асан. Міне, қызық, масқара! Қайдан жүрсің?

Үсен. Көке, қалайсың?

Асан /қалбалақтап, өз көзіне өзі сенбей/. Жақсы, жақсы...

Үсен. Қара шаңыраққа сәлем бере келдім. Болмай ма?

Асан. Болады. Мен бір нәрсе дедім бе? Уалейкүмассалам.

 

Екеуі төс қағыстырып амандасады. Қайрат та тұрып амандасады.

 

Асан. Иесіз үйде шай ішіп отырсыңдар.

Үсен. Өздерің Анаргүлді тастап жан-жаққа тарап кетіпсіңдер ғой.

Асан. Бақшада жүрмін.

Қайрат. Анаргүлді кішілікке дайындап жатырсыз ба?

Асан. Бауырым, қалай-қалай сөйлейсің. Қарындасым ғой.

Үсен. Апам қалай?
Асан. Жүріп жатыр.

Үсен. Көрінбейді ғой.

Асан /сәл ыңғайсызданып қалады/. Осында.

Үсен. Қай жерде осында. Бәріңе не болған?

 

Асан мен Анаргүл ыңғайсызданып қалады.

 

Асан. Осы бөлменің ішінде.

Үсен. Астапыралла, ол кісі не? Әлгі? Қайтыс болып кетті ме?

Асан. Иә, қайтыс болып кетті.

 

Үсен отыра кетеді.

 

Үсен. Қалайша?

Асан. Адам болған соң өлмей ме.

Үсен. Маған неге хабар жібермедің?

Асан. Сені қайдан табамыз. Қонарыңды сай, ұшарыңды жел біледі. Тірі-өліңнен өзіміз бейхабармыз.

Үсен. Қатырасыңдар ғой...

Асан. Әй, болды, қалжыңдаймын. Тірі шешең. Тіл мен жағына сүйеніп аман-есен шауып жүр.

Үсен. Мәә, Асан, жауызсың осы сен бар ғой, иә.

Асан. Бес жылдың ішінде шеше керек болса, бір келіп халін сұрар едің ғой.

Үсен. Тірлік, күнкөріс деп... Сосын Майра мені тастап кетті ғой.

Асан. Тастап кеткені қалай? Балалар ше?

Үсен. Балалар қасында. Қазір басқа байға тиіп алған. Оқ жыландай ысқырып маңдарына жуытпайды.

Асан. Сен ше?

Үсен. Мен жүрмін. Сол баяғы қалпым.

Асан. Е де. Келгенің жақсы болды. Өзіңнің үйің, өзіңнің шаңырағың. Дұрыс істедің. Қазір жақсылап шай ішеміз. Анаргүл, ана қатынның сериалы бітті ме?

Анаргүл. Қазір жиырма минуттан соң бітеді.

Асан. Сериалы біткен соң келеді, жақсылап тамақ салдыртамыз. Анаргүл, шай қоя берші.

Үсен. Апам қайда сонымен?

Асан. Мында апаң, ойбай, мында жатыр.

 

Сандықтықты көрсетеді. Үсен айран-асыр.

 

Үсен. «Өз үйім - өлең төсегім» деп келгенде, осылай қабылдадым де, ағатай. «Ағасы бардың жағасы бар», қара орным, әкеден қалған жалғыз көз қара шаңырақ деп келгендімде, шешемді көрсетпей мазақ еттім де, ағатай.

Асан. Жоқ, түсінбедің, Апам шынымен сандықтың ішінде. Арт жағын бұрғылап, ауа кіретін тесіктер жасап қойғанмын. Ұйықтап жатқан шығар.

 

Үсен жүгіріп барып, сандықты ашады, көп ұзамай үрпиіп кемпір көрінеді. Екеуі бір-біріне таң қалады. Қайрат шошып кетеді.

 

Кемпір. Мынау қай бала?

Үсен /жыламсырап/. Апатай, мен Үсенмін ғой. Үсенмін.

Кемпір. Үсен болсаң, Үсен шығарсың. Мазамды алма, қарғам. Жап есікті!

Үсен. Апа!

Кемпір. Жап есікті!

 

Есігін сарт еткізіп жауып, қайта жоқ болады.

 

Үсен. Әй, сенің есің дұрыс па? Мынауың не? Кейуананы сандыққа салып қойғаның не?

 

Асанның жағасынан ала кетеді. Екеуі опыр-топыр, алыса жөнеледі. Кемпір кенет қайта шығып, қақпағын жауып, сандықтың үстіне шығып отырады. Үрпиген кейпі үкіге ұқсайды.

 

Кемпір. Кеудесінен оқ тисе,

Уһ демеген ер дейді.

Өткен қайтып келмейді,

Алғанын Алла бермейді...

Имандарың саламат болсын, аумин.

 

Екеуі шошынып, екі жаққа ажырайды.

 

Қайрат /күліп/. Әй, апашка қатырды.

Үсен. Не дейді? Апам не? Әлгі... былай...

Асан. Мән-жайды түсінбей есіктен кірмей жатып жағадан ала кеткенің не? Ақымақ.

Үсен. Қайдан білем...

 

Үсен апасын /сандықты/ айналып әрі-бері жүреді. Тамашалап қарайды. Ақыры шыдай алмай тағы да жақындайды.

 

Үсен. Апа...

Кемпір. Мынау қай бала?

Үсен. Мен Үсенмін ғой. Сенің ұлыңмын.

Асан. Үнді киносы болып кетті. Қойыңдаршы. Сағира! Мына қатын қайда жүр! Тамақ салды ма? Үсен келді!

Анаргүл. Ағатай, ол біздің үйде. Сериалын көріп отыр.

Асан. Ә-ә-ә, қазір ертіп келем.

 

Шығып кетеді. Кемпір міз бақпай отыр. Үсен шарасыз отырып қалған.

 

 Кемпір. Мен - мен едім, мен едім!   

Мен Нарында жүргенде

Еңіреген ер едім.

Исатайдың барында

Екі тарлан бөрі едім.

Қай қазақтан кем едім?

Бір қазақпен тең едім.

Е-е-е, Асан!!!

 

Үсен. /елең етіп/. Апа? Мен - Үсенмін.

Кемпір. Асан, мені ана қызға апар деп күнде қақсаймын. Тіл алмайсың, жүгермек.

 Үсен. Сағынып жеткенде сені мұндай күйде көрем дедім бе.

Кемпір. Жалғыз қызға апарып таста деп күнде қақсаймын.

Анаргүл. Бұл кісі осындай қазір...

Үсен. Неге шақырмайсыңдар?

Анаргүл. Тым қашықта ғой. Асан ағам оны әуре қылып қайтеміз дейді. Сіз Заидамен де хабарласпайсыз ба?

Үсен. Жоқ, хабарласпаймын.

Анаргүл. Неге?

Үсен /қысылып/. Неге дерің бар ма... Кесірім тимесін деймін.

Анаргүл. Не кесір ол?

Үсен. Енді...

 

Қайратқа қарайды.

 

Қайрат. Ер жігіттің өмірі ат үстінде. Үйкүшік болып отырғанның несі жақсы.

Анаргүл. Енді туғанның жөні бөлек қой...

 

Асан қайтып келеді.

 

Асан. Ана қатын әкесі тіріліп келсе де қозғалмайды. Сериалы бітіп қалыпты. Қазір келеді.

Үсен. Ағатай, жасың елуге келсе де, қатыныңа әлің келмейді.

Асан. Енді қайтесің...

Үсен. Апам Заидаға апар деп жатыр, неге ол қызды шақыртпайсың?

Асан. Неменеге шақырамын?

Үсен. Шешесін көзі тірісінде көрсін де.

Асан. Неменесін көреді?

Үсен. Енді арманда қалмасын.

Асан. Бұның армандайтын несі бар?

Үсен. Енді шешеміз ғой бәріміздің! Немене болып қалғансың өзің!

Асан. Түктің де керегі жоқ. Апам өлмейді.

Үсен. Енді әйтеуір бір өлетін шығар.

Асан. Үсен, сен немене, бес жыл үшті-күйлі жоқ болып кетесің, бауырымды полицияға іздеуге берейін бе, әлде асын беріп, артынан құран оқытайын ба деп менің самай шашым ағарады, ең болмаса артынан қарайып бір төмпешік жер қалмады деп зарлап жүріп мына кемпір шешең есінен алжасады. Енді аспаннан түскендей болып келесің де, Заиданы шақырайық дейсің, неге десе, мына кемпір өледі ғой, қоштасып қалсын дейсің. Өзіңде ар, ұят бар ма? Әлде...  әлде сен Үсен емессің бе?

Үсен. Үсенмін.

Асан. Онда неге бұндайсың?

Үсен. Білмеймін...

Қайрат. Үсен, болды, іске көшші.

Үсен. Қазір тұра тұр. Мейлі, шақырмасаң, шақырма, өзім хабар берем.

Асан. Білгеніңді істеші.

Үсен. Апа, Заидаға барамыз ба?

Кемпір. Иә-иә, апар мені. Апар. Сен қай баласың?

Үсен /ашуланып/. Шопыр баламын. Заидаға апарып тастайын.

 

Кемпір. Еділдің бойы ен тоғай -

Ел қондырсам деп едім.

Жағалай жатқан сол елге

Мал толтырсам деп едім.

 

Үсен. Иә, иә, апа. Иә. Жүр, олай болса.

 

Кемпірді қолынан демеп, сандықтан түсіреді. Олар бөлмені айналып жылдам жүре бастайды.

 

Үсен. Қазір қызыңа апарып тастайын сені. Жүр, жүре ғой.

 

Кемпір бүгжеңдеп, қуанып еріп береді. Айналып-айналып әкеліп, сандықтың ішіне қайта отырғызады, сандықты ойыншық машина тәрізді сүйреп келеді. Қайрат санын шапақтап қуанып, еліріп жүр.

 

Үсен. Қазір, апатай, сені қызыңа апара қояйын зырылдатып.

Асан. Мәәә, жасың қырықтан асса да әлі жындысың, кемпірде нең бар?

Қайрат. Апамызды қызына апарамыз. Алақай!

 

Ол да сандықты екінші жағынан итереді.

 

Кемпір. Жақсы әйел айтқан сөзді кектей қоймас,

Осал жігіт әйелге беттей қоймас,

Жауыз қатын қабаған ит сияқты

Ер жігіттің түбіне жетпей қоймас.

Қашан жетеміз?

 

Үсен. Апа, жетеміз, жол ұзақ, алыс.

 

Сандықты бесік тербеткендей тербете бастайды. Қайратты итеріп жібереді.

 

Үсен. Батыр қалай?

Асан. Батыр Алматыда оқып жатыр.

Үсен. Мектепті бітіріп пе еді?

Асан. Екінші курста оқиды. Итжеккенге барып келген адамнан әрі болдың ғой.

Үсен. Енді өздерің іздемейсіңдер... Иә... Мына кісі тіпті қиындап кетіпті.

Асан. Телевизор көрсетпейтіні жаман, әйтпесе болады.

Үсен. Неге?

Асан. Жарайды, оны қойшы. Өзіңнің жайыңды айтсаңшы? Майрамен айырылысыпсың,не тірлік жасап жатырсың?

Үсен. Үй алғалы жүрмін.

Асан. Осы жерден алсаңшы.

Үсен. Ауылда не істеймін.

Асан. Не істегені қалай, біз бармыз. Өмір сүресің.

Үсен. Ой, қойшы ондай тірлікті...

Асан. Шешеңді есі түзу кезінде бір келіп көріп кетпедің. Өлгенде де келмейтін шығар деп ем.

Үсен. Е, бопты. Келіп отырық қой.

Асан. Көріп тұрмын.

Үсен. Шынымды айтсам, бір шаруамен жүрмін.

Асан. Не шаруа ол?

Үсен. Біздің ауылда мия көп. Оны өзің де білесің...

Асан. Мияда нең бар сенің? Сенсіз де шауып алып жатыр.

Үсен. Мия деген қып-қызыл ақша ғой, көке. Қытай қыруар ақшаға сатып алады. Мен жігіттермен келісіп келдім. Соны бірігіп шауып, пайданы қылдай бөліп алайық.

Асан. Ұнамайды осы маған. Қара құмырсқадай қаптап келіп, жау шапқандай ойрандап кетеді.

Қайрат. Өй, аға, қызық екенсіз ғой. Ел қызығын көріп жатқанда, біз шетте қаламыз ба? Құдайдың берген миясы. Қазағым сатып нәпақа қылсын деген ғой.

Анаргүл.  Теруге сырттан адам көп келеді. Өңшең қаңғыбас ауылды құртып бітті. Солар наша әкеліп, жастар бұзылып жатыр.

 

Асанның қатыны келіп кіреді.

 

Сағира. Ойбай, Үсен, сені де көретін күн бар екен ғой.

 

Бас салып сүйіп, қал-жай сұрасып жатыр.

 

Үсен. Өзің қалайсың? Жеңге деген қайнысы келгенде үйде отырмай ма? Қыдырып кетіпсің.

Сағира. Ойбай, сериал көріп жүрмін. Шешелерің көрсетпейді. Телевизор қоссақ, көтеріліп кетеді. Арқасы жаман боп жүр. Шулап, өлең айтып, түк естіртпейді.

Үсен. Неге?

Сағира. Жыны бар. Білмеймін. Алжыған адамнан не сұрайсың. Қой, тамақ салайын.

Үсен. Сағира, тұра тұршы, мына көкеме айтшы, ауылдағы мияны тракторымен шабайық деймін. Қазір тиеп алып кетуге дайын жігіттер бар. Миллионға жуық ақша түседі. Пайданы тең бөліп алайық деймін. Сендерге бір жағынан көмегім болсын.

Сағира  Мынау көнбей тұр ма?

Үсен. Білмеймін.

Сағира. Әй, ана Алматыдағы баланың оқуын төлей алмай отырсың ғой? Неменеңе жетісіп бәлсініп қалдың?

Үсен. Соны түсіндірші.

Асан. Болды, қойыңдаршы.

Сағира /Үсенге/. Тұра тұр. Қазір көндіремін.

 

Кемпір. Исатайдың барында

Екі тарлан бөрі едім.

Ерегіскен дұшпанға

Қызыл сырлы жебе едім.

Жақсыларға еп едім,

Жамандарға көп едім.

Ерегіскен дұшпанның

Екіталай болғанда

Азыққа етін жеп едім.

Хан баласы ақсүйек -

Ежелден табан аңдысқан

Ата дұшпан сен едің,

Ата жауың мен едім.

 

Қайрат. Өй, деген!

 

Кемпір.  Сен, бала, мені сат, мияны емес мені сатсаң, қыруар ақшаға батасың.

Үсен. Апа, қойшы.

Сағира. Сені тегін сыйласа да ешкім алмас. Дәмесін көрдің бе.

Қайрат. Бірақ өлеңді қатырып айтады екен.

Асан. Басқа өлеңдері де жетеді апамның.

Қайрат. Мен де мына Анаргүлге ән айтып жатырмын. «Еееей, Ақшолпан, сұлу қыз-ей!».

 

Анаргүлді қытықтамақ болады.

 

Асан. Мына әумесерді қайдан тауып алғансың?

Кемпір. Балалар, айтқанымды тыңдасаңдар, мына мені сатыңдар, өкіметке өткізіңдер. Өкімет содан кейін өкіртіп ақша береді.

Сағира. Апа, қойыңызшы. Түк қызық емес.

Кемпір /ашуланып/. Әй, бала, Заидаға қашан жетеміз. Ұзақ жүрдік қой тегі.

Үсен. Ойбай, апа, келдік, түс машинадан.

 

Қолынан сүйеп сандықтан шығарады.

 

Үсен. Апа, міне, қызыңа да жеттің.

 

Сағираға көзін қысады.

 

Кемпір. Ойбай, жеттік пе? /орамалын түзейді/. Сандығым қайда?

Үсен. Жеттік, жеттік. Міне, сандығың да осында.

Сағира. Апа, қалайсың, мен Заидамын.

Кемпір. Садағаң кетейін, Зайдашым менің. Саған да жеттім-ау, мына мың болғыр шопыр бала әкеліп тастады. Асанға күнде қақсаймын. Заидаға апар, Заидаға апар деп.

Асан /көзін қысып/. Апа, осы сенің Үсен деген де балаң бар еді ғой. Ол қайда?

Кемпір. Е, білмеймін, шырағым, күйеу баласың ба, көзі құрғыр су соқыр, Сол Үсен көрінбей кетті, өліп қалған ғой деймін.

Үсен. Мәәәә-ссссаған! Әй, апа!!!

 

Асан күліп жатыр. Сағира ыңғайсызданып қалады.

 

Сағира. Кел, апа, жоғары шық, отыр.

Кемпір. Отырамын, айналайын, отырамын.

Сағира. Қалың қалай, апа? Келінің жақсы қарай ма? Ренжітпей ме?

Кемпір. Е, несін сұрайсың, қарағым. Келінге күнді қаратпасын. Көрген күнімді итке берсін.

 

Кәрілік бізге келді кезіменен,

Келін жаман қарайды көзіменен,

Тұрып келіп қолымен ұрмаса да

Ұрғандай-ақ болады сөзіменен.

 

Ыңғайсыздық орнайды. Сағира жылап қалады.

 

Асан. Болды, қойыңдаршы. Үлкен кісіні күлкі етіп, бала болып кеттіңдер ме.

Сағира. Бір кісідей күтіп жүрмін ғой. Телевизор көрсетпейді. Кейде түзге шықпай қалады. Мендей-ақ қарасын келін. Айтып отырғаны мынау. Масқара ғой біреу естісе.

 

Кемпір. Қасыр-құсыр шайнайтын қайран тісім,

Тіс кеткен соң кетті ғой менің күшім,

Кесек-кесек турайды, өзі жейді,

Жаны ашиды деп сенген жақын кісім.

 

Сағира. Тамақтан басқа ешнәрсені ойламайды. Қу тамақ болса болды бұған.

Үсен. Ей, жеңеше, не болды? Ертең-ақ басыңа келеді.

Сағира. Күні-түні қақсап жыр айтады, жағы да талмайды, үні де сембейді. Әйтеуір осы қақпастың дауысын естімес үшін үйден безіп, көршілерде жүремін.

Асан. Сөйтіп шыныңды айтсаңшы. Қарап жатырмын, қатырып жатырмын демей. Қаңғырып дала кезіп жүремін, шешең сандықтың ішінде күс-күс болып жатады десеңші одан да.

Сағира. Осы сөзді дәтің барып қалай айтып тұрсың? Сен де алжыңғансың білдің бе?

Үсен. Ей, болды, қойыңдар.

Сағира. Үсен, сен де сенбейсің бе? Мына ағаң екеуің бірігіп талайсыңдар ма енді мені?

Үсен. Қарап жүрсің ғой, қарамасаң өліп қалмай ма баяғыда.

Сағира. Естідің бе?

Қайрат. Жарайды, бопты, сонымен мияны не қылатын болдық? Далада кісілер трактор күтіп отыр.

Үсен. Иә, көке, ойын-ойнымен, күлкі – күлкісімен. Әр нәрсенің өз орны бар.

Асан. Сыртымнан уәде беріп келгеннен саумысың?

Үсен. Жоқ, көке. Ақылдасып, алдыңнан өтейін дегенім ғой.

Асан. Балаларды әкеліп тұрушы едің. Ренжіткен, ренжіскен кезіміз болған жоқ еді. Пәтер алдым деп келгеніңде, сүйіншіңе әкемізден қалған жалғыз көз – күміс ер-тұрманды сыйладым. Балаша қуандым. Коттедж үй салып алыпсың, оны енді сыртыңнан, Батырдан естідім.

Үсен. Көкетай, қойшы. Батырдың өзін көрмедім, үйді қайдан біледі?

Асан. Сыртыңнан көріп біліп жүр де. Сенің қаның су болып кетсе де, біздікі әлі қою, бұзылмаған, туысын іздеп, ағайынға алаңдап тұрады.

Үсен. Өздерің де қалада інім бар деп іздеп келмейсіңдер, балаңды ағаң бар деп жібермейсің. Өкпең орынсыз. Мен де өкпелімін саған.

Сағира. Біз малдан шыға алмаймыз. Ағаңның кейде жүрегі қысылады, дәрігерге қарал десем аудан орталығына баруға да уақыт таппай отырған жоқ па. Бір күні мына кемпірден бұрын осы өлсе, таң қалма.

Асан. Шаңырақ мынау деп көрсетпесең, аға деп шақырмасаң, немене деп барамын сенің үйіңе?

Үсен. Аға, қояйықшы осы ренішті. Бос сөзді қайтеміз. Жайымды айттым ғой, үй жоқ менде. Бала-шағаға тастадық қой бәрін.

Асан. Бомж болдым десеңші.

Үсен. Солай десе де болады...

Асан. Қайда тұрып жүрсің?

Үсен. Пәтерде. Келмей кеттің дейсің. Келуге бет бар ма менде... Жағдай да жоқ, шынымды айтсам.

Асан. Біз не саған адам емеспіз бе, мен аға емеспін бе... Осылай да осылай деп жайыңды айтып келсең, бір амалын таппас па едік...

 

Асан жүрегін ұстап ауырсынып отырып қалады. Сағира жаны шығып жүгіріп барып ауызына дәрісін салады, Анаргүл шыныға су құйып әкеліп береді.

 

Үсен.  Асан, уайымдама мені! Мен деген сен білмейсің, керемет өмір сүрем. Қыздар қырылып соңымда, достарым бар. Арман жоқ менде!

Асан. Бопты олай болса. Ақымақ...

Үсен. Дәрігерге өзім қаратамын. Мал, бала деп, әбден тоз-тозың шығыпты.

Сағира. Сөйтші, мың болғыр. Өзің қаратшы. Әйтпесе бала жас, мен мына шешелеріңмен-ақ миы ашып қалған адаммын. Өзің қаратшы бұл есалаңды.

Асан. Е, болды қойшы, ұят болады. /Үсенге/. Ер-тоқым аман ба?

Үсен /қипақтап/. Аман... Бірақ аман емес. Ана бір жылы ақшадан қысылғанда сатып жібердім. Көке, ана жігіттерге не дейін? Тракторыңды бересің бе?

Асан. Мияны кетпенмен шауып, күрекпен қазып жатқан адамды көп көрдім. Жарға, қияға өсетін мияны трактормен қалай термексің?

Үсен. Ойбай, соқа байламаймыз ба? Жұмысты көбейтпей, жерді жыртып өтсек, жігіттер трактордың артынан жүріп отырып теріп алмай ма?

Сағира. Жарты ақшасын беремін дейсің бе?

Үсен. Қылдай етіп бөліп аламыз. Сендерді мен алдамаймын ғой.

 

Кемпір. Дүниеге қызығамыз несін біліп,

Аз күнгі қызығына есерленіп.

Жалаңаш кеп, жалаңаш қайтамыз ғой,

Мойынға төрт қары бөз тесіп іліп.

 

Сағира. Бір қызық көрсетейін бе? Апа! НКВД!!!

 

Кемпір зу етіп сандықтың ішіне кіріп кетеді.

 

Үсен. НКВД? Есіңде ме, біздің бала кезімізде апам НКВД келіп қалмасын деп сақтанып отыратын еді ғой.

Асан. Қазір тіпті күшейіп кетті. Бұрын мына сандығын аштырмайтын, енді тіпті ішіне кіріп жататын болды. Оянса, үстіне шығып отырады.

Үсен. Қызық. Сонымен, көке, келістік пе? Тракторыңды алып ауылдың сыртына барайық, жігіттер күтіп қалды деймін.

Асан. Ау, қойсаңшы, осының бәрін шын айтып отырмысың? Мия өскен жердің бәрін соқамен жыртатын болсаң, онымен құнарлы шөп қоса кетеді. Мал қайда жайылады сонда? Соқамен бір жыртылған жер оңалмайды. Арам шөптен өзге ешнәрсе шықпайды қалады ертең.

Қайрат. Ағатай, далада мықты-мықты жігіттер тосып отыр. Олар дәл бүгін 500 мың теңгені санап, мына үстеліңнің үстіне қойып кетеді.

Сағира. Әй, Асан, далада жатқан жердің,  шығатын шөптің қамын жеп қайтесің? Жалғыз ұлды ертең оқудан шығарып тастаса, сонда болады әләулайлым. Құдай айдап келе қалған екен, кредит алмайсың, қарыз сұрамайсың, аспаннан өзі құйылып тұрған ақша. Бар, жырт деген жерін жыртып бер. О, несі-ай!

Асан. Бармаймын.

Үсен. Әй, ағатай, енді ана балаларға не айтамын.

Асан. Басқа трактор тауып ал. Онсыз да тонап жатыр. Енді менің жыртқаным қалып еді осы жерді.

Үсен. Қызықсың осы сен...

Сағира. Жыртады. Жыртпайтын болса, ал тракторды, басқа біреу рульге отырсын. Жақын маңда бізден басқа ешкімде трактор жоқ.

Үсен. Біліп тұрмын ғой.

Асан. Алмайды. Бермеймін тракторымды.

 

Кемпір сандықтың ішінен үрпиіп бас көтереді. Қолында шүберекке оралған бума бар.. Кемпір саусақтары дірілдеп шүберектің орауын жазады. Шүберектің ішінен сарғайып кеткен қағаз, хаттар шығады.

 

Кемпір. Заида, саған жеттім бе, жоқ па, білмеймін. Аманатым бар. Соғыста мен пошташы болдым ғой. Құдай басқа салмасын. Халық мені көрсе, ажал көргендей қашады. Құзғын да бір мен де бір. Өзім балиғатқа да толмаған баламын. Ауылда хат танитын жалғыз адам мен болдым да, содан пошташы етіп қойды.

Сағира. Не айтып кеттің, апа. Андағың не?

Кемпір. Қара қағаз, қара қағаз... Мынаны Бибіге бере алмадым. Екі ұлынан қара қағаз келді. Апарып бергенмін. Мынау кенжесі, Қайыржанның қағазы. Жасырып қалдым. Үмітін үзбедім. Ақыры өлгенше екі көзі төрт болып күтіп кетті.Ал мынау аналары баладан кетті сол екеуінің, үшіншісін босана алмай өліп кетті, ол кезде доғдыр бар ма қазіргідегідей, тас жетім Бақытбек пен Күлжанның әкесінікі. Сақтарын сындыра алмадым, үміттерін үзуге дәтім бармады. Тығып алып қалдым. Ал мынау... Мынау кім, құдай ау? А, Күлбаршынның баласы екен ғой. Жалғыз ұл еді. Күлбаршын ол соғысқа аттанғанда-ақ шатаса бастаған. Қазасын көтере алмас дедім. НКВД, НКВД көрсе түрмеге салады ғой мені. Қашанғы астыма тығып жатамын. Бір күні өлемін, сөйтіп ана екі ұлға кесірім тие ме деймін. Енді сен жасыр. Саған аманат. Әлгі бала қайда? Шопыр бала қайда?

Үсен. Апа, мен мұндамын.

Кемпір. Әлгі Асандікіне қайтып апарып тасташы, балам. Олай бұлай болып кетсем, қыздың босағасында өліпті демесін.

Үсен. Құп болады, командир. Отыр. Әр кәлләда бір қиял деген...

Асан. Апамның бұл сырын кім біліпті...

Сағира. Алда бейшара, сол екен ғой НКВД десе зәресі ұшатыны...

Асан. Сен оны мазақ етіп мәзсің. Сәл қолайына жақпай қалса НКВД деп бар ете қалады, апам бейшара сандықтан бір-ақ шығады.

Үсен. Сағира, енді олай етпеші.

Сағира /жылайды/. Қойдым, болды. Мен де адамның баласымын ғой, шаршаймын ғой кейде...

 

Үсен пірді сандыққа қайта отырғызып, әрі-бері жүре бастайды. Кемпірдің басы ғана қылтиып шығып тұр. Қолына қағаздарды ұстап қалған Сағира әлем тапырақ күйде.

 

Қайрат. Үсеке, болды қойшы. Тасташы андағы сандықты. Ана жігіттерден ұят болды. Қайдан таныстырып едім сендерді. Өзімнің ауылым, ағам бар, трактор бар деп ертіп келдің. Ендігің мынау. Аға, мына бауырыңды жаман жағдайға душар етіп тұрсың. Мен де сенімен қосылып қара тізімге еніп кететін болдым.

Асан. Мен сендерді шақырған жоқпын.

Қайрат. Шақырсаң да, шақырмасаң да, осы тұрған жеріңде қораға кіріп кетесің.

Асан. Сен мені қорқытпа. Есік анау, қалай кірдің солай шық.

Қайрат. Құрысын, делдал болып нем бар еді. Масқарам шықпаса болды. Үсен, ісім енді сенімен болсын. Өз қолыммен бауыздаймын. Қаныңды судай шашамын сен иттің. /Асанға/. Сені де өлтіремін.

Асан. Кет, бар! Аузы қандай жаман еді пәтшағардың.

 

Қайрат далаға шығып кетеді.

 

Сағира. Жоқ, сенің есің дұрыс емес. Күні кеше ғана тентіреп ақша іздеп кетпеп пе едің. Ағайынға өлердегі сөзіңді айтып мың долларды таба алдың ба?

Үсен. Көке, аналар мені өлтіреді.

 

Асан толқып әрі-бері жүре бастайды.

 

Асан. Үсен,сен менің бауырымсың...

Үсен. Тракторыңды бермесең, жалғыз бауырыңнан айырылайын деп тұрсың.

Асан. Кішкентай кезіңде барлығынан таяқ жейтінсің. Жаратылысың сондай еді. Көршінің сенің жарымыңдай ғана болатын тентек ұлы бажылдатып сабап кететін. Бойың мен денең тығыршықтай, тіпті қатарыңнан анағұрлым дәу болсаң да, алыстан ұшып келе жатқан тас топ баланың ішінде тек саған тиетін. Топ баланың ішінде ит сені ғана қабатын. Сол кезде сенің табаныңа кірген тікеннің менің маңдайыма қадалып жататынын сезбеуші едің. Жүгіріп шығып, саған қолы тиген баланы тепкінің астына аламын. Сені қапқан иттің басына кесек атып жазым еттім. Сені апам сабағанда, шыпылдаған шыбық сенің етіңді осып жатса, менің жүрегімді езетін. Бір берекесіз сорлы едің. Бірақ мен бауыр ет, бауыр дегенннің не екенін білемін. Ал сен білмейсің. Сен әлі білмейсің.

Үсен. Жоқ. Мен білемін. Неге білмеймін?

Асан. Содан кейін не болдың? Оқыдың. Сен оқысын деп, мен ауылда қалдым. Қатын алдың. Үй алдың. Қалада тұрдың. Бойтұмарың болсын деп ырымдап, әкемізден қалған жалғыз көз ер-тұрманды тарту еттім. Ол қайда? Саттым дейсің. Кімге саттың айтшы? Барып өзім кері сатып аламын.

Үсен. Шетелге кетті ғой. Таба алмайсың...

Асан. Неге сатасың? Қалай дәтің барады? Саған не болды, Үсен? Балаларыңды неге ойламайсың? Ең болмаса елде, қазақта да қалмапты...

Үсен. Енді қу тіршілік қамы ғой... балалар үшін...

Асан. Адамды ашындырасың. Әкеңнен қалған ер-тұрманды сатып тапқан нәпақа - балаларыңа құт бола ма? Һарам тамақ, һарам ақша емес пе... Енді келіп айтып тұрғаның мынау. Ауылдың миясын шабайық дейсің. Бес жыл жоғалып кетіп келгендегі бар шаруаң осы...

 

Кенет сырттан суыт жүріп, түрлері сұсты үш жігіт келіп кіреді. Сандықты ары-бері сүйретіп жүрген Үсенді көріп тұрып қалады.

 

Қайрат. Айттым ғой, үйге қалай кірді, солай есі ауысты. Жынданып кетті.

1-жігіт. Не істеп кеткенсіз? Трактор қайда?

Үсен. Сыртта тосыңдар дедім ғой.

1-жігіт. Бастадыңдар ма деп әкім екі рет келіп кетті.

Асан. Жол болсын?

1-жігіт. Ассалаумағалейкүм.

 

Қол беріп амандасады, екінші жігіт те амандасады.

 

1-жігіт. Мына кісі /Үсенді нұсқайды/ осы үйде трактор бар деп кеткен. Жарты күн тостық. План күйіп барады. Уақыт есептеулі. Не кеңес құрып отырсыздар?

Қайрат. Міне, сандықпен ойнап жүр.

 

Анаргүлді жамбасынан қағады.

 

Үсен. Тиме дедім ғой саған!

 

Үсен жүгіріп барып бетінен ұрады, анадай жаққа ұшып кеткен Қайрат бүгжиіп отырып қалған.

 

2-жігіт. Тракторды берсең қолыңнан аламыз, бермесең жолыңнан.

Асан. Трактор жоқ.

1-жігіт. Жоғы қалай? Есіктің алдында тұрған не нәрсе?

Үсен. Бұзылып тұр.

2-жігіт. Шығып айтпайсың ба?

Үсен. Әңгімелесіп отырып қалыппын.

1-жігіт. Енді қайттік?

2-жігіт. Тракторды өзім айналдырып көрейін.

Асан. Тиюші болмаңдар.

2-жігіт. Мынау өтірік айтып тұр.

1-жігіт. Түсінбедім. Сен не /Үсенге/ келіскен тағы біреулерің бар ма? Бізді лақтырып тұрсың ба?

Үсен. Жоқ, жігіттер. Ағам келісімін бермеді. Ренжімеңдер. Тракторға тиіспейсіңдер.

1-жігіт. Әй, болды қойшы, қатын көрсе еліріп кететіні несі осының. Сонымен, аға, ақтық сөзіңіз?

Асан. Мияға тиісуге болмайды.

2-жігіт. Неге болмайды?

Асан. Жердің киесі ұрады.

Үсен. Әй, ағатай-ай. Далада жатқан мияны қорымасаң етті. Бұлар болмаса, басқа біреу бәрібір шауып алады.

Асан. Ауылға жолатпаймын. Енді ешкімге бергізбеймін.

1-жігіт. Жалғыз сауал. Неге? Себеп?

Асан. Сендер осы қайдан шыққан бәлесіңдер, а? Сендер де анадан тудыңдар ма? Дала-даласын шығардыңдар ғой мына есіл даланың. Мұнай анау, күре тамырына түтік салып сорып жатырсыңдар, сорып жатырсыңдар. Тау-тау қалдық, күл-қоқыс. Несі қалды? Енді мына бейшара мияға көздерің түсті ме? Салдарын неге ойламайсыңдар? Ойламайсыңдар... Ертең Құдайдың құдіретімен анадан қайта туып, дәл  осы жерде дүниеге келесің ғой өзің, иттің баласы! Сонда жауап бересің!

1-жігіт /2-жігітке/. Түсінікті. Кеттік.

 

Олар шығып кетеді де, сәлден соң трактордың оталған дауысы шығады.

 

Асан. Әй, әкең...

 

Жүгіре бергенінде Үсен тоқтатады.

 

Үсен. Кете берсін. Олардың тапаншасы бар. Шықпа.

Асан. Жібер.

 

Кемпір. НКВД келгенде атамын деп жүргенмін.

 

Кемпір кенет сандығынан мылтық шығарып, далаға беттейді.

 

Сағира. Апа, тоқта өлесің!

 

Кемпір. Толарсақтан саз кешіп,

Тоқтамай тартып шығарға,

Қас үлектен туған кәтепті

Қара нар керек  біздің бұл іске.

 

Шығып кетеді. Оның артынан Үсен жүгіріп кетеді.  Екі мәрте мылтық атылады.

 

Үсен /жүгіріп кіріп/. Апам трактордың екі дөңгелегін атып түсірді. Жалмауызға да жан керек. Аналар тым-тырақай қашты.

Асан. Қайтып келмей ме?

Үсен. Білмеймін.

Асан. Не істейміз?

Үсен. Білмеймін.

Кемпір. Келін, шай жасап жібер.

Сағира. Апа, қайдағы шай?

Анаргүл. Мен қазір.

Сағира. Анаргүл, саған не болды?

Анаргүл. Білмеймін...

Сағира. Аналар келіп бәрімізді қырып кетпесін. Масқара болмайық.

Асан. Апа, мылтықта оқ қалды ма?

Кемпір. Сандықта бар. /Анаргүлге/. Келін дастархан қамына кіріс.

Анаргүл. Қазір.

 

Жүгіріп кетеді.

 

Сағира. Апа, қайдағы келін? Мен ғой келін... Асан, анау қайда кетті?

Асан. Білмеймін.

Сағира. Әлде менен жасырып жүрген бір нәрсе бар ма бұл үйде?

Асан. Түк те жоқ. Апа, келініңіз міне, Сағира. Алдыңызда тұрған жоқ па?

Кемпір. Екіншісін айтамын.

Сағира. Асан!

Үсен. Мені меңзеп тұрған шығар апам.

Сағира. Солай ма?

Кемпір. Солай!

Асан. Қашан үлгердіңдер?

Үсен. Үлгердік.

Сағира. Бауырыңды қорғап тұрсың! Қазір ол қатынның шашын жұлайын. Бәсе, өзім де сезіп едім. Осы үйден шықпайтыны жаман еді. Анаргүл!

Анаргүл. Ау!

Сағира. Бері кел!

Асан. Ұят болады деймін, түк те жоқ.

Сағира. Сен немене осы үйдің қатынына ұқсап жүрсің? Немене, жүзіқара, немене сен? Басынып, қазан-ошағымды иеленіп... Мен қара басып сериал көріп жүргенде, мына жақта тындырып жүрдім де! Асан екеуіңді қатар буындырайын.

Анаргүл. Апай, сізге не болды? Апам жай айта береді. Өзіңіз білесіз ғой.

Сағира. Қайдағы апа саған ол? Бері кел! Өлтіремін!

 

Қуады. Апыр-топыр. Асан мен Үсен екеуін ажыратып әлек. Кемпір сандыққа кіріп кетіп, есігін жауып алады. Кенет үйге Қайрат келіп кіреді.

 

Қайрат. Әй, Үсен, бері шық!

Анаргүл. Ол бармайды ешқайда!

Сағира. Сенің Үсенде енді не ақың бар!

Асан. Апа, мылтық қайда?

Үсен. Апам, қайда, апа!

Қайрат. Үсен, еркек болсаң бері шық!

Үсен. Апа!

Анаргүл. Үсен, бері кел, бармайды ол ешқайда.

Қайрат. Немене жұлысып жатыр ма едіңдер?

Асан. Онда шаруаң болмасын.

 

Қайрат шығып кетеді. Артынан еріп екі бандит келіп кіреді. Мылтықтары бар.

 

1-жігіт. Қане, қолдарыңды көтеріңдер!

 

Барлығы қолдарын көтереді.

 

1-жігіт. Әлгі есі ауысқан кемпір қайда?

2-жігіт. Көрінбейді.

Қайрат. Сандықтың ішінде.

1-жігіт. Бар, шығаршы.

 

Қайрат сандықты ашады.

 

Қайрат. Ммм, жоқ ешкім.

1-жігіт. Мылтық қайда?

Қайрат. Көрінбейді.

1-жігіт. Қысқасы былай. Мені ешнәрсе қызықтырмайды. Тракторды бүлдірдіңдер ме, бүлдірдіңдер. Ойнап жүрген адам емеспін. Орнына трактор тауып беріңдер немесе осы тұрғанда ақшамды қайтарыңдар.

Сағира. Біз сенен ақша алған жоқпыз.

1-жігіт. Бір миллион теңге шығынға батырдыңдар. Осы тұрғанда.

2-жігіт. Ақшамызды қайтарасыңдар, немесе түгел бауыздап кетеміз.

Үсен. Жігіттер, олай қатты кетпесеңдерші. Келісейік те. Мен басқа трактор тауып беремін қазір.

1-жігіт. Жоқ. Сенбеймін.

Анаргүл. Біздің үйде трактор бар. Бірақ жүрмейді.

1-жігіт. Жүрмейтін трактор керек емес.

2-жігіт. Көп сөздің керегі жоқ. Тез болыңдар.

Қайрат. Асан, сен осы ауылдың адамысың. Сен табасың тракторды.

Асан. Таппаймын.

Қайрат. Таппасаң, өлесің.

Асан. Өлтіре бер!

Сағира. Ойбай! Мен табамын, мен тауып беремін!

1-жігіт. Онда шық үйден.

Сағира. Қазір. Орамалымды дұрыстап байлап алайыншы. Апа, қайдасың!

Қайрат. Сендердің қаһарман мамаларың бір жерге барып өліп қалды шамасы.

Асан. Оттама! Сағира, ешқайда бармайсың. Есің дұрыс па?

Сағира. Өзім білем. Барам...

Асан. Тракторды қайдан табасың?

Сағира. Әкімнен сұраймын.

Қайрат. Әкіміңде трактор жоқ. Болса, сендерде неміз бар.

Сағира. Совхозда екі трактор бар еді ғой.

Асан. Оны түнегүні сатып жіберген.

Сағира. Енді қайттік?

 

1-жігіт Асанды ішінен атып жібереді.

 

1-жігіт. Онда есептестік. Жігіттер, кеттік. Үсен, сен бізбен жүресің.

 

Үсен. Жедел жәрдем шақыр. Сағира, неғып тұрсың! Асан, бауырым!

 

Кенет сахна сыртынан кемпір шығады, үстінде ақ көйлек.

 

1-жігіт. Кемпір мында жүр ғой.

Кемпір. Әй, балалар кетіңдер!

Асан. Апа, өлдім, көмектес...

 

Кемпір. Өлсең, көмілерсің. Ештеңе жоқ артыңда бала-шағаң бар. Ал жан алғыштар сендерге айтарым:

 

Басыңды ит кемірсін,
Сүйегіңе құрт-құмырсқа семірсін.
Құтырған иттей далақтап қал,
Ашыққан иттей жалақтап қал.
Көзіңе көк шыбын үймелесін.
Құдай бар болса, қолың кесіліп,
Түймеңді шешең түймелесін.

 

 

Екі дүниеде жолдарың ашылмасын, мә, саған!

 

Қайрат. Жігіттер, құрысын, кеттік.

2-жігіт. Мына кемпір жынданған екен. Кеттік.

1-жігіт. Ақша ше? Қызыл мия ше?

Қайрат. Құрысын бәрі, кеттік!

1-жігіт. /Үсенге/. Оңай құтылдың!

 

Суыт шығып кетеді.

 

Кемпір. Келін, шай қой.

Сағира. Жедел жәрдем шақыр. Асан қалайсың?

Асан. Сонда Анаргүл бізге келін бола ма?

Сағира. Ойбай, мынау сандырақтай бастады. Үсен, неғып тұрсың!

Асан. Үсен, Анаргүлді аласың ба?
Үсен. Тисе, алайын...

Сағира. Келінде, қатында нелерің бар, ойбай! Жедел жәрдем, жедел жәрдем шақыр!

Асан. Жанымда қаласың ба?

Үсен. Қалайын, ағатай.

Сағира. Анаргүл, ойбай, болшы. Мынау өледі қазір.

Анаргүл. Қазір-қазір.

 

Жүгіріп кетеді.

 

Кемпір /сандыққа барып отырып/.

 

Жасымнан сірә қайғылы,

Жаудан алар кегім бар.

Кек алатын ерім бар.

Ер қаруын сайлаған,

Жеңіске белін байлаған,

Қаһарлы қалың елім бар...

 

 

 

 

 

Соңы

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар