Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Меценаттың қарапайым оқырмандарға жазған хаты

21.11.2016 185

Меценаттың қарапайым оқырмандарға жазған хаты

книга.jpg


«Кітап оқығанға ақша төлеймін. Нанбайсыз ба? Шын сөзім. Сөзі несі, әрбір әрпі үшін есептесемін. Бірақ менің қояр шартым бар: оқыған романыңыз һәм тарихи, деректі дүниеңіз құнды болсын. Кітап толығымен әсер етпеуі мүмкін, дегенмен бір ғана сөйлемі сүйектен өтетін дүниені оқысаңыз, бір түйенің құнын беруге даярмын. Жалақы дегенді ұмытыңыз. Өйткені сіз кітап оқып қана зор байлыққа кенелесіз. Себебі мен көз майыңызды тамызып оқыған кітабыңыздың құнын төлеп отырмын. Бір жағынан, рухани байлыққа, екінші жағынан, материалдық тұрғыдан қамтамасыз етіліп отырсыз.


Бұл әңгіме қайдан туындады? Аян Мейраш деген досым бар. Өзі – ақын. Өнерлі жігіт болғанмен, өмірге шынайы қарайды. «Кітап оқыла ма?» деген сұраққа: «Оқырманға оқығаны үшін ақша төлеймін десең ғана кітапқа үңіледі», – деп еді. Мен өзімнің бұған қауқарлы екенімді пайдаланып, осы хатты жазып отырмын, құрметті оқырман! Енді қояр шартымды толықтыра кетсем…

Басты шартымның бірі – оқыған шығармаңыз құнды болуы керек және оны терең түсінуіңіз қажет. Егер оны терең түсінсе әрі жеткізетін болса, құнын екі есе төлеймін. Бірақ менің бұл хабарламамды оқыған оқырман мемлекет жұмысын жайына қалдыра ма деп қорқамын және қуанамын. Қорқатыным – мемлекет деген атау болмай қалады, қуанатыным – оқырман көбейеді, күйінетінім – ақшаға бола оқырман бас көтереді. Жарайды, қалай болса да оқырманның қарасы қаптайды ғой. Шарт бойынша, жай ғана оқып келгенге құн төлемейміз, оны түйсініп, түсінгенге ақша береміз.


Шарттың тағы бір тармағы бар. Қандай дейсіз бе? Өнер адамына қатысты. Ақша жүрген жерде айыппұл мен салық бар. Ол былай: кітап оқымайтын ақын һәм жазушы айыппұл төлеуге міндеттеледі. Бұл заңды жүзеге асырсақ, мемлекет болмай қалады деп айттық. Демек, менің заңым жүруі керек. Мен мұны неге айтып отырмын? Ойлайтын шығарсыз, айтып отырған әңгіме ауқатты адамға тән бе деп? Бәрі мынадан басталды. Бай бірден бай болып кетті деген түсінік дұрыс емес, әрине. Біз де талай ауыртпашылықты көрдік. Және бай адам өмірдің не екенін һәм қиыншылықты білмейді деген – қисынсыз дүние. Ол көктен түскен жоқ. Пендеге тән өмірді сүрді және сүріп келеді.


Мен бай болмас бұрын кітапты көп оқыдым. Пәлсапалық дүниенің басты ұстанымыма айналғаны да – шындық. Дегенмен бұл маған азық болған емес. Азық емес екенін білгеннен бастап мен өмірге реалистік көзқараста қарай бастадым. Шыны керек, рухани дүниені ұмыттым. Аян досымның әңгімесінен кейін ақшамды қайда жұмсарымды білмей жүрген маған кітап оқыған жанға құн төлеу идеясы келді. Кітап оқымаған бай адам кез келген құнды төлей берер еді. Жоқ, әділдік орнату керек деп шештім. Оқып қана қоймай, оның мәнін түсінсе, екі есе төленетінін тағы бір қайталайын. Оқыған адам деп тура айтып отырмыз. Оны жазған автор бар емес пе? Өлген болса, ұрпағын қамтамасыз етуге серт беремін де, тірі автордың жағдайын оңалтатын боламын. Бай адам екенімді білгеннен кейін, мені топас деп ойлайтын шығарсыз. Текті байдан шыққан десем, қателеспеймін. Абайды бірден-бір түсінетін жан менмін. Бір себебін біліп отырған шығарсыз. Хабарламамды оқығаннан кейін, кітапханашы мен кітап сатушының жұмысы жеңілдемейтінін түсінемін. Осыдан кейін ақша үшін оқитыныңыз белгілі. Дегенмен басты мәселе оқығаңыз бен түйсінгенізде ғой.


Рэй Бредберидің жазғаны бар, онда: «Кітапты өртегендігі емес, оны оқымағандығы – қасірет», – дейді. Бұл хатты қайбір жетіскеннен жазып отыр дейсіз? Карл Маркстің: «Сананы тұрмыс билейді», – дегеніне бағынғандықтан айтып отырмын. Тұрмысты мойындаған екенсіздер, онда оқығандарыңыз үшін құн төлейін. Енді елестетіп көріңіз: жұмыс істемейді, бірақ кітап оқитын қоғам. Одан бұрынғы қоғам материалдық байлықты ғана қамтамасыз етіп келді, енді менің хатымнан кейін материалдықпен қатар рухани байлыққа жетеді. Керемет емес пе? Әлде бұлай болмай ма? Ерсі ме? Досымның айтқаны болмайтын дүние ме? Мүмкін…


Мәселен, Күлтегіннің мына сөзін түсінген жанға үш-төрт есе құн төлейтін ниетім бар:

«Құлымның өзі

Құл жұмсайтын болды.

Күңімнің өзі

Күң жұмсайтын болды.


Өлең саудалау емес бұл. Әйтпесе қаламақы алғанның бәріне «саудагер» деп таңба тағар едік қой.


«Ызалы жүрек, долы қол,

Улы сия, ащы тіл.

Не жазып кетсе, жайы сол,

Жеккөрсеңдер өзің біл», – деп жазған Абайдың сөзін түйсіну үлкен олжаға айналды. Сондықтан қазір сіздің жүрегіңіз бен санаңыз басты рөл атқармақ. Бұрын оларға аса мән бермей келіп едіңіз. Қанша дана болса, сонша даналық сөз бар. Демек, сіз аш қалмайсыз. Біреуге жұмыс істеу деген – саясаттың қулығы. Өзіңе жұмыс істе деп айтқандар аз. Сол бірен-саранның бірі – мен. Аталы сөзді танып қана қоймай, пайда тауып отырсыз ғой. Қазақ «заманын түлкі болса, тазы боп шал» деп текке айтпаса керек.


«Арыстан пар болмайды тышқанменен,

Жалған жар жар болмайды, құшқанменен.

Көбелек, от жанбаса, қайда барар,

Не табар қараңғыда ұшқанменен», – деп өресіз адам айта ма? Мұны айтқан – Майлықожа. Оқитын адам табылар, мұны түсінетін қазақ бар ма?


Шәкәрімнің:

«Бояуды да бағым деп күн өткізіп,

Қол жетпеске ұмтылған көп қой қазақ», – дегенін кім ұғынбақ? Оқитын адам көп шығар, мұны түсінетін адам жоққа тән. Демек, менің төлейтін құным аз. Бар байлығым таусылса, өрелі қоғам қалыптасады. Шарт бойынша солай деп келістік қой. Бірақ Тұрмағамбет Ізтілеуовтің: «Білім арзан, білу қымбат», – деген сөзін ұмытпаңыздар.


Мағжанның:

«Келешек» пенен «кеше» анық,

«Бүгін» – деген бір бу ғой.

Бұлт басқан бетін нұрланып,

«Келешек» деген күн анық», – деген өлең жолдың астын сызып келгеннің жағдайы жақсы болмақ.


Қасымның:

«Өмірге ендім еңбектеп,

Шалқалап әкем шықты үйден», – деп басталатын өлеңін түсінсе ғой. Әй, қайдам…


Ақша табам деп отырған оқырман қауым Мұхтар Мағауиннің мына сөзін біле ме екен? «Аласапыранда» Ораз-Мұхаммед болып былай сөйлейді: «Менің елім – жау қарысы жетпес қуатты жұрт. Дұшпаны мүсіркегеннен, көлденеңнен келген кеңшілікпен орда тігіп отырған жоқ. Тіпті, басынан бағы тайса да, басқадан бата сұрамас едім. Алтын тақтан қымбат ар-намыс бар… Сен азат қазақсың! Үзеңгіден аяғың шықса да, тізеңді жерге тигізбе. Түрегеп тұрып кестір басыңды». Мағауиннің нені меңзеп отырғанын айтпаймын. Себебін білесіз.


Әбіш Кекілбаевтың: «Мергендердің жақын жүргенінен алыс жүргені қауіпті, мерген еместердің алыс жүргенінен жақын жүргені қауіпті», – деген сөзін ұғынып алыңыз әуелі.


«Сіңірген еңбек табалдырықта қалады да, күдік пен күмән төрге шығады», – дейді Оралхан Бөкей. Бұл сөзді мына мен (бай адам) түсінемін, кедейдің ұқпайтыны несі екен?


Жанболат Баймұрыновтың: «Ешбіріңіз де жеке бастарыңыздың тақсіретіне бола қайғы жемей, көпшілікті бір дене деп, өздеріңізді соның мүшесі санаңыздар. Себебі – сол: Жаратқан ием біреуді алса, басқа бір ортаға дәл сондай адамды туғызып жатады. Демек, адам деген ешқашан да біржола құрып кетпейді», – дегенін ерекше ұнатып қана қоймай, оның мәнін түсініп келсе, байлығымның жартысын беруге даярмын. Аталы сөздің қандай болатынына мысал керек болса – осы. Сондықтан айтқан сөзімнің бәрі – шындық. Оқып, түйсінген шығармаңыз болса, құн төлеймін. Ол жағынан қап жемеңіз», – деп хат жазып отырған бір меценат осы тұсқа келгенде жүрегі ұстап, о дүниеге аттанып кеткен екен…



Ерболат Қуатбек

Біздің Telegram-парақшамызға. жазылыңыздар!

Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар