Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Ермұрат Зейіпхан: "Мен оны өлтірдім..."

18.11.2016 245

Ермұрат Зейіпхан: "Мен оны өлтірдім..."


22_0.jpg

Базар – сол баяғы базар. Алушыдан сатушы көп.


Күн шайдай ашық. Күздің соңғы күндері. Жалаңаш жеріңді инемен шабақтағандай дызылдатқан құрғақ суық тіміскілейді. Шынтағына қашқан жеңін әлсін-әлсін тартқылап, қолын аузына апарып үрлегенде, демі буланып, мұрты мен кірпігіне шық қонып қата қалады. Сырық бойлы Мейірбектің ертеден бергі күйбеңі осы. Ал Алау көлбақаның терісіндей алабажақ жасыл әскери шапанның рақатын бір кісідей көріп-ақ тұр. Тек тоңа бастаған құлағын жағасына тыққыштап, сигаретін үсті-үстіне бұрқылдатады.


Бір кезде Мейірбек тіл қатты:

– Аноу, тері куртка сатып тұрған семіз әйелді көрдің бе? – Алау басын изектетті. – Мен соны айналдырайын. Сен тұсымыздағы нөркі малақайларды торуылда... Орайы келіп қолыңа іліксе, әлгі жерде тос. Алау басын изектетті.


Мейірбек жайлап жалпақ сары қатынның жаймасына бұрылды. Алау қасында тұрған малақайларға таяды. Маңын барлады. Малақайлардың бірінен соң бірін көрген болып тұрды да қара нөпірдің арасынан сытылып шығар саңылау іздеді. Қалыпты әдетімен демін ішіне тартты. «Бір, екі...» тарс еткен ащы дауыс соңғы санды айтқызбады. Жалт қарады. Жүрегі ойнақ салды. «Мейірбек!» Оң қолында қымтап ұстанған тері куртка. Адамдарды кие-жара тура өзіне қарай атылып келеді. Қасынан жанап өте бере жалт қарады. «Тарс!» Аузы-мұрнынан қан бұрқ етті. Алауға қадалған қос жанары шатынаған күйі құлап бара жатып та бұдан көзін айырған жоқ. «Құтқаршы, қол ұшын берші?» дегендей аянышты жанар. Иегі кемсеңдеп, бірдеңе деді. Онысы лақылдап аққан қанның ар жағында қалып қойды. Алау теріс айналды. Ығы-жығы адамдар арасынан сытылып шығып басы ауған жаққа кете берді. Етбетінен құлаған Мейірбектің аузынан, желкесінен саулаған қан сусып барып арықтағы лай суға қосылғанын, түтігінен түтіні үзілмеген тапаншасын кезеніп жеткен өндірдей сақшының абдыраған жүзін, қарысып қалған Мейірбектің қолынан быттиған сары қатынның тері курткасын айырып ала алмай әлекке түскенін көрген жоқ.


Қайда барып, қайда тұрғанын бағамдау Алау үшін қажетсіз еді. «Қайран, Мейірбек» деді қайта-қайта. Қашаннан бері жылап жүргенін өзі де білмейді. Көкірегінен қайнап шыққан ащы өксікпен ауыр күрсінді. Езуіне құйылған көз жасының кермек дәмін алып тамсанды. Оң қолының мұздай бастағанын сезді. Қарады да, селт ете түсті. Қарғыс атқыр әлгі нөркі малақайды ала кетіпті. Бар пәрменімен қарымын жазып сілтеп еді, қарысып қалған саусақтар малақайдан ажырасашы... Сол ажырамаған күйі сенделіп кете барды...


Күздің күні де ерте батады. Батты дегенше қас қараяды. Қараңғы түн Алматы аспанын қымтап үлгереді. Мейірбек екеуі тұрып жүрген маңды аттап басуға жүрегі дауаламады. Сүлдерін сүйреткен Алау әлденеге сүрініп кетіп, есін жиды. Сұңғақ бойлы, жұпыны киімді әйел қарсы алдына тұра қалды. Кешкі алакеуімде қанша үңілсе де, аппақ тістерінен басқа түсін көрмеді. Күліп тұрған сыңайлы. Жерге қарады. Жарты қаптай бірдеңе қарауытады. Неге бұлай істегенін өзі де білмейді, еңкейіп көтеріп алды. Әйел бұрылып жүре берді. Алау соңынан ерді. Әйел жатақхананың үшінші қабатына көтеріліп, бір есіктің құлпын ашты.


Шам жағылды. Қоңылтақтау бөлменің бір қабырғасын тұтас алған сөреде кітап сықасып тұр. Есікке тақау стол қойылған. Еденге көнетоз палас төселген. Төсектің аяқ жағында көне үлгідегі добалдай телевизор. Бойын жия бастаған Алау әйелге көз тоқтатты. Бұйралау шашы сабалақтанған. Көзінің алды ісіңкі. Нұрсыз жанарын домбыққан қабағы көлегейлеп тұр. Қырлы мұрны, түріңкі еріндері бір кезде аққұбаның әдемісі екенін айғақтағандай. Тістерін ақсита күліп тұрған әйел ақылының ақаулы екенін бағамдаған Алау зорлана езу тартты. Әйел ыржиған күйі бұдан көзін тайдырып әкетті де, қалтаны бұрышқа сүйреп апарып қотара салды. Ірілі-ұсақ кәртөшкелер төрге қарай шашырады.


Күні бойы нәр татпаған Алау қызыл бұрыш аралас қуырылған картоп қуырдаққа қасығын апара бергенде, көз алдына қан елестеді. Кеседегі шәй де қызыл күрең қан. Зорланып нәр татқаны болмаса, жүрегі лобылып, қатты қобалжулы күй кешті.


Бөтен бөлме, ақылы дімкәс әйелдің жанында түнеп шығу жан әлемі тапырақ Алауға жайлы емес еді. Көлбақа терісіндей алабажақ жасыл шапанын жамылып, іргеге жата кеткен. Көкірегі шерленіп, көзіне жас тығылды. «Өлтірдіңдер ғой, қанішерлер... Қайран, қызым сол. Алмам менің... Қандарын ішем әлі, олардың...» Әйел сөйлеп жүр екен. Сөзінің соңы күбірге айналып барып тынды. Күйбеңдеп жүріп төсекке жайғасты. Жарық сөнді.


Алау Алматыдағы балалар үйінің бірінен қашып шығып, кезбелік жолға түскен. Он неше жылдан бері кімдермен дәмдес, жолдас болмады... Біразын бұл алдады, біразы бұны алдады. Соның бәрінен соңғы екі жылда істес, дәмдес, үзеңгілес болған Мейірбектің орны бөлек еді-ау! Ол да балалар үйінде өскен. Зерек, ақылды бала еді. Орта мектепті алтын медальмен тәмамдап, Алматыдағы жоғары оқу орнына қабылданған. Оның өміріндегі ең бақытты кезі жанартаудай алауланған алғашқы махаббаты еді. Аршыған жұмыртқадай меңсіз, аппақ дидарлы, қап-қара шашын желкесінен шорт кертіп, ұялы қара көзін көмкерген қайқы кірпіктерін назбен қайшылап, нәзік денесін құйқылжыта басып жүретін балғын қыздың аты затына сай – Нәзік еді.


Бақыттарының тым келтелігіне көрінді ме, бірден ашық-машық күй кешті. Екеуі де соңғы курста оқитын. Махаббатқа мастанғандарға таптырмайтын жаннат жай – Алматы! Екеуін еркелетті-ай дейсің...


Зымыран ұшқыр күндердің бірінде Мейірбек жатағында ойға шомып отырған. Нәзік үш күн бойы таптырмады. Отырса опақ, тұрса сопақ жайсыз күймен жүр еді, жылауық есік әдеттегісінен бөлек «баж» етіп, шалқасынан құлады. Еңгезердей екі жігіт көрінді. Шымқай қара киініп, қара көз әйнек тағынған. Ай-шайға қаратқан жоқ, алдарына салды. Сыртта тұрған мерседеске отырғызып, қаланың сыртын бетке алған машина Алатаудың қойнауындағы салтанатты саяжайдың бітеу қақпасынан зып берді.


Көзі бұлаудай боп ісінген Нәзікті көргенде, жүрегі зырқ ете түсті Мейірбектің. Мұны көріп өксіп-өксіп жіберді. Тұра ұмтылайын дегенше шомбыл жігіт иығынан басып отырғызды.


– Иә, бәтірекесі, Мейірбексің, ә? Дұры-ы-ыс. Бұл шаруаны басқа да жолмен шешуге болатын еді, дегенмен. Нәзік – жалғыз қызым. Соның көңілі деп, өзіңді алдыма әкеліп отырмын. Мейірбектің жүрегі тағы зырқ ете түсті. Нәзіктің әкесін ірі саудагер деп еститін. Аққұба өңі Нәзікке келетін, шөтке бас, қалқан құлақ, орақ мұрын, көзінен ызбарлы леп ескен, сом денелі кісі. – Иә, бала сонымен... біраз қыдырыпсыңдар. Оны қозғамай-ақ қояйын. Ақылды көрінесің өзі. Бұдан былай абайларсың. Өзің тектес детдомда өскен қыздар көп мына Алматыда. Солар да тақияңа тар келмес. Жарайды, бұл алғашқы және соңғы кездесуіміз болсын, жақсылықпен қоштасайық!


Қалай жеткізілсе, солай жөнелтілді Мейірбек.


Өзі өртеніп және өзінен-өзі сөніп жататын шердің қысымына төзіп, көндіккен бас мынандай қысымға, алпауыт басымдылыққа қарсы келудің жолын таппады. Нәзік оқу орнының табалдырығын қайта аттамады. Із-түзсіз ғайып болды. Ендігі өмірі өмір ме Мейірбекке? Күні сөнді, Айы шағылды. Жұлдызы ағып түсті. Бал дәуренін, білім ордасын тәрк етіп, елес қуған мәжнүн күйде кезіп кетті.


Жұбату үшін арақ-шарапқа үйір еткен достары қойдыруға келгенде қолдарын жайып, иықтарын қиқаңдатты да, бет-бетіне тайып тұрды.


Сыраханада даяшы болып істеген Алау алғаш Мейірбекті сонда көрді. Тақтайға сүйеніп тұрып, бір-екі саптаяқ сыраны тартып алып, бір суретті ішкі қалтасынан шығарып, «Нәзігім...» деп, көз алмай қадалды.


Екеуі ұғысты. Жақсы достарға айналды.


Жоқты сылтауратып сырахана қожайыны Алауды жұмыстан шығарды. Екі жылдан бері тағдырлас екі бейбақтың жұптары жазылған жоқ. Қалада тұрақты тіркеуі жоқ болғасын оң-теріс жолдармен тапқан табыстарын тірліктеріне арқау етіп жүре берді. Екеуі «Бізді тағдыр да, адам да айыра алмас» дейтін. Ал, бүгін ше? Құдай айырды ма? Қай-ран Мейірбек! Алау көмейіне тығылған өксікті тежей алмады. Түні бойы қиялмен жатып аңғармады ма, әйел жақтан күбір естілді. Құлақ түрді. «Жендеттер! Қызымды жеп қойдыңдар ғой! Қолыма түстің бе, ақыры?! Қаныңды ішемін. Алматайым-ай! Мен оларды түгел өлтірем... Сөзінің соңы күбірге айналып барып тынды.


Терезенің көнетоз жұқа пердесінен таңның бозамық сәулесі біліне бастағанда, Алау ұйқылы-ояу еді. Есіктен жайлап басып Мейірбек кірді. Үстінде кеше өзі ала қашқан курткадан да әдемі әппақ тері куртка. Таяп келіп езуінен аққан қанды қолының сыртымен сүрткілеп тұрып тіл қатты:


– Алау, мен жұмаққа кірдім, – деді. – Сен де, Нәзік те жұмаққа кіресіңдер. Нәзікке айттым, кешікпей ол да барады. Мен саған келдім. Жүр, алып кетейін.

Бұл тіл қатты:

– Мен тірімін ғой. Мейір... Оның үстіне өзің білесің, менде жұмаққа тұрақтайтын пропискі деген атымен жоқ, қалай барам?

– Ол оңай Алау, – Мейірбек қазан жақтан пышақ алып бұларға қарап төсегінде ыржиып отырған әйелге ұстатты да жетелеп қасына ертіп келді. – Ол оңай, Алау, мына қаламмен сол прописканы жүрегіңе жазамыз. Қане, жүрегің қайда?

Алау жейдесін көтеріп, сол жақ кеудесіне көз салды. Жүрегі көрінді. Жайлап соғып тұр. Емшегінің астын сұқ саусағыман нұсқап:

– Тура мына жерге жаз. Алматыда берілмеген пропискіге жұмақтың өзінде қолым жететін болды-ау! – деп көңілдене күлді. Әйел мен Мейірбек бір адамға айналғандай болды. Пышақ жалт-жұлт еткен алтын қаламға айналып, жүрегіне жазылғалы келе жатты... Міне, жазылып та үлгерді. «Ал, кеттік!» деді Мейірбек. Екеуі құшақтасқан күйі есікке беттеді.

– Қызым, сені жегендерді өлтірдім. Көрдің бе, міне? Мамаңа разы шығарсың.


Ыржия күлген әйел Алаудың көкірегіне қадалған пышақты жұлқа тартқанда, терең бойлап кеткен темірден ажырамай, былқ-сылқ еткен дене түрегелді. Әйел сол қолымен кеудеден итеріп тұрып, әзер суырып алды. Алау сұлқ түсті. Бұл кезде бөлме ішіне жарық түсе бастаған. «Мен оны өлтірдім!» Әйел пышақты тазалап сүртті. Сөзін тағы қайталады: «Мен оны өлтірдім!» Әйел сол жатақхананың тыныштығына жауапты сақшы жігіттің есігін қағып тұрып, тағы да қайталады: «Мен оны өлтірдім!».


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар