Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Жанболат Башар: Есей, көгершін және басқалар

17.11.2016 372

Жанболат Башар: Есей, көгершін және басқалар


(Әңгіме)


жан.JPG

Есей әкеден ерте қалды. Ерте қал­ғанда әкесі өлген жоқ. Бірақ, тірінің де санатында жоқ еді. Жарықтық жарық жалғанның қызығын ащы судан іздеп, соның соңында кетті. «Ішпеген кездерінде жігіттің төресі еді, көз тиді ме, сұқ өтті ме, біреу дуалады ма, қайдам. Әйтеуір, арақ деген тажалдың алдында тұра алмады-ау, тұра алмады» деп өкініш білдіретін Битан марқұм ақсақалын еске алғанда.


Айтары жоқ, Битан мен Әуел де жас болды. Олар да бір бірін өздерінше ұнатып қосылды. Отау құрды. Нәрестелі болды. Соның бәрі өмірдің қуанышы еді. Мейлі аста-төк тірлік болмасын, әйтеуір, бір біріне деген жарасты көңіл мен қуаныш сыйлаған шынайы сезім бар еді. Бақыттың төресі де сол-тын. «Ауру мысқалдап кіреді» демекші, шайтан судың шаттығы да солай шым-шымдап бойын улады, санасын жаулады. Бірте-бірте ерік-жігеріне тұсау салды.


... Баяғы Кеңес үкіметінің кезі. Отағасы ол кезде шахтада еңбек ететін. Обалы қане, ол жұмысқа жансебіл болатын. Нағыз еңбектің торысы дерсің! Ол заманда жұмыстан қалу, жұмыссыз жүру деген ұғымға сыймаушы еді ғой. Содан да болар, Әуел аптаның бес күніне әзер шыдайтын. Жұмада жұмыстан шыға сала, тура бір шөлден кенезесі кепкен хайуан секілді, шайтан суға бас қоятын. Содан сенбіде аузы кеппей, жексенбіде есін шала-шарпы жинап, шаруасына кетер еді.


- Алланың шебері-ай, десеші! Көп ішкен адамның бауыры езіліп, ұлтабары тесіліп кетеді деуші еді. Мұның қылшығы қисаймайтыны қалай? - деп Битан ана қайран қалатын. Сөйтсе де, «Осы үйдің еркегі ғой, тоқтар. Сабасына келер» деген үмітпен бірде-бір рет «Әй, Әуел!» деп лағынет сөз айтпады. Әлдебіреулер секілді қарғап-сілеп те көрмеді.


«Шөлмек мың күн сынбайды, бір күн сынады» деген. Мұның да мықтылығы бір-ақ күнде күл-парша болды. Кейін үлкен өндірістердің есігі жабыла бастаған шақта Әуел сияқтылардың көбі жел айдаған қаңбақ секілді жағаға шығып қалды. Ендігі жерде жұмыссыз жүру анау айтқандай күнәға жатпайтын үй­реншікті жағдайға айналды.


Осыдан кейін Әуел жарықтық тажал суда өші кеткендей оған құныға кірісті. Құдды кәсібі сол дерсің! Битан ананың да өзегі өртеніп, қайғыдан қан жұтты. Бұрынғысы жақсы екен. Ішсе де, жұмыстан қалмайтын. Ал енді не болды? Жоғалып кететінді шығарды. Қанша рет даладан тауып әкеліп, әйтеуір баланың әкесі ғой деп, жуындырып, ішін­діріп, адам қалпына келтірді. Бірақ, бәрі бекер.


Ақыры хабарсыз кетті. Әуелгіде Битан ойлаған, өзінің дағдысына басып айлап жоғалып кетіп, бір күні ойда жоқта қаңғалақтап, өліп-өшіп келер деп. Бұл жолы да сөйтер деген. Бірақ уақыт өте келе олай болмай шықты. Мүлде құлатүз-құрдымға кеткен секілді. Сонда ғана әйелі тиісті орындарға хабарлап, іздеу салды. Мән-жаймен мұқият танысқан органның адамдары мұндайларға ат қойып, айдар тақса керек, бойсалып іздеуге құлшыныс танытпады.


- Келер, - деді. Бір жерде ішіп жүрген шығар, байқап көріңіз, - деп мұның өзіне тапсырма берді. Болды, іздеу сонымен шектелді. «Дөңгелеп айлар, жылжып жылдар» дегендей уақыт шіркін тоқтаусыз өте берді. Әкесі жоғалып кеткен кезде мектеп табалдырығын жаңа аттаған Есей де зіңгіттей азамат болып, еңбекке араласты. Битанның содан артық бақыты жоқ еді. Ендігі үміті, мақтанышы, тіпті тіреніші сол-тын. Есей де көркем жігіт болып өсті. Мектепті де жақсы оқып, бітірді.


- Маған алаңдама, оқу оқы,- деген ана тілегін тыңдамай, бірден құбыр жөндеу басқармасына жұмысқа тұрды. Елгезек, еңбекқор жігіт жұмысқа тез төселді. Кім қайда жұмсаса, сонда баратын тақыстығы жоқ, жан дүниесі таза жігітті еңбектес ұжымы да іш тартып тұратын.


Жаз айы. Аспанда шөкімдей бұлт жоқ. Есейдің бала күннен бергі бір ермегі-көгершін. Көгершіндерін аспанға шарықтата ұшырып, билегенін көрудің өзі Есей үшін таусылмас қызық. Әдеттегідей жексенбі күні ол ақ көгершіндерінің аспандағы қызық ойындарын тамашалап тұрған. «Көгершіндердің бойында бір керемет қасиет бар» дейтін ол. Олардың жұптарының бір-біріне деген ықыласы еріксіз қызықтырып әкететін. Көгершіндер оған құдды періштелер секілді. Олар адамдар секілді емес, олар бір-біріне адал. Олардың да сезімі бар. Тарыдай көздері мөлдіреп, жүректері лүпілдеп тұрады. Бір ғажабы, көгершіндер де иелерінің өздеріне деген ыстық ықыласын шексіз сезінетін секілді. Мұның алақанына қо­нып алып, қысқа тұмсықтарымен саусақтарын түрткілеп, еліктіріп тұратынын қайтерсің?! Осылайша, көгершіндерін ұстап, көңілі көл дария болып тұрған. Сол мезет қалта телефоны ойнай жөнелді.


- Иә, тыңдап тұрмын, Санжар аға,- деді ол.

Әр жақтан учаске бастығы әлдебір шұғыл жұмыстың барын айтып, бұған «бәлен жерге кел» деп тапсырма берді.


- Жақсы, Санжар аға, қазір келемін,- деді ол. Сонсоң асықпай жүріп кептерлерін ұясына қондырып, керекті құрал-жабдықтарын алған соң, айтылған жерге келді. Сөйтсе, бір үлкен коттедж үйдің су құбыры тесіліп, соны шұғыл жөндеу керек екен. «Көп шаруа емес, бірер сағатта бітіруге болады» деп ойлаған ол дереу жұмысқа кірісіп кетті. Осы кезде даладан сөйлей кірген учаске бастығы Санжар:


- Есей, сен өзің бітіретін шығарсың. Аса көп жұмыс емес екен.

- Жұмыс осы ғана болса, мұны тез-ақ бітіремін, - деді ол өзінің елгезек дағдысымен.


- Мен саған түсіндірейін, шарбақтың арғы сыртында жер құдық бар. Қақпағын ашып, жаңа ғана суық суды тоқтаттық. Андағы жерді жөндеген соң құдықтың ішіне түсіп, суық судың кранын аша сал. Сонсоң құдықтың шойын қақпағын жауып кетуді ұмытпа. Түсіндің бе? - деді ол әр сөзін тәтпіштеп айтып.


- Түсіндім. Түсіндім, Санжар аға. Алаңдамаңыз, - деді Есей де айтылған жұмысты тиянақтайтындығына сендіріп.


Бұл салада жылға жуық жұмыс істеген Есей аз уақытта көп нәрсені үйренді. Бастықтары да жас жігіттің тындырымды, елгезек мінезіне ырза. Қазір де ол құбыр жүйесіндегі ақауды жөндеп бітірісімен, сырттағы жерқұдықтағы кранды ашуға беттеген. Сол күні ауада жел жоқ. Күн сәулесі елжірей төгіліп тұрды. Алыс аспанның шыр­қау көгіне ақжолақ із тастап ұшқан әуе кемесінің таныс дыбысы естіледі. Төңірек тып-тыныш. Тек жақын маңда топырақ күреп, жер тегістеп жүрген шынжыр табанды трактордың гүрілі ғана тыныштықтың мазасын алғандай. Есей сырттағы қақпағы ашық жер­құдықтардың ішіне түсті. Құдық әжептеуір терең екен. Ернеуіне бекіткен сатысы әлдеқашан шіріп салмақ көтеруден қалғанға ұқсайды. Дегенмен, соны ілдәлап құдықтың ішіне түскен Есей кранды ашып суды жібере бастады. Осы кезде сыртта жер тегістеп жүрген бульдезер ашық жатқан құдыққа қарай үлкен үйінді қоқысты күреп келе жатты. Маңайда ешкім жоқ. Құдықтың ішіндегі жігіт сырттағы жағдайдан қаперсіз. Жылан табаны ирелеңдеген ауыр трактор ышқынған сайын дауысы жаңғыра естіліп, ауаға қою түтінін бүркіп-бүркіп, қоқысты қопара итеріп, күреп тастады. Осы сәтте құдықтың жиегінде жатқан шо­йын қақпақ үйінділермен қоса сырғып барып жабылып қалды. Қасақана жасасаң дәл бұлайша жабыла қоймас. Құдықтың ішіндегі жұмыс істеп жатқан адам «гүрс» ете қалған шо­йын қақпақтың дыбысынан селк етіп, айғай салды. Әуелгіде ол «біреу әдейі істеп тұр ма, бұл не қылжақ?» деп шошына дауыстады. Келесі сәтте мұның мүлде ойынға ұқсамайтынын білген ол жан дауысы шыға айғайлады. Алайда, оның дауысын естіп жатқан ешкім болмады. Шыңғырған дауыс қараңғы құдықтың ішінде тұншығып, естілер емес. Қатты жабылған қақпақтың үстін әлде бір ауыр заттар дүңкілдеп басып қалды. Көрдей түнектің ішінде қалған кісі жанталаса айғайлап, менмұндалап, «ашыңдар» деп көмек күткен-ді. Бірақ құдықтың ішін құлаққа ұрған танадай ауыр үнсіздік басты. Дереу қалта телефонын алды. Ендігі үміт сол ғана. Асығып-аптығып, манағы Санжарға телефон соқпақ. Қараңғыда ұялы телефонын ішкі қалтасынан әзер суырып алды. Қырсыққанда қымыран іридінің кері. Телефон ұстамайды, мүлде дыбыс жоқ. Тағы да айғайлап, жартылай үзіліп тұрған сатыға өрмелеп шойын қақпақты ұрғылады. Ештеңе өнетін емес. Сәлден кейін құдықтың ішінде ауа жетпей, кісі тұншыға бастады. Ол төбесімен темір қақпақты итермек болып, жоғарыға қарай жұлқына өр­мелеуде. Осылайша, қамауда қалған Есей қанша арпалысқанын өзі де біл­мейді, үсті-басын тер жуып, бір мезет бойынан әл кете бастағанын сезген ол бар күшін жинап, құдықтың ішіндегі крандарды түгел тасқылып жауып тастады. Ондағысы біреу болмаса біреу су іздер, су іздесе судың құлағы осында екенін білер дегені. Құдықтың ішіндегі ауа сәт сайын тарылып, жөндеуші жі­гіттің тынысы бітіп, әлі кеми берді. Енді айғайлауға да, бұлқынуға да шамасы келер емес. Көзінің алды бірте-бірте буалдыр сағымға тұнып, төңірегі түпсіз тұңғиыққа айналып жүре берді. Ал сыртта топырақты тегістеп, жердің қоқысын қыртысымен қоса күреп жүрген бульдозерші жігіт трактордың ауыр болат күрегін оңды-солды сілтеп, шаруасын тындырып, әлдеқашан жөніне кеткен. Күн де еңкейіп, өрмектің жүзі ауып барады.


Сол күні үй иесі Қабыжан ақсақал да үйге кештеу оралды. Келген бетте ертеңгілік сантехник жігіттерге тапсырған шаруасын байқады. Құбырды жөндеп кеткенге ұқсайды, бірақ үйде әлі су жоғы қалай? - деді ол. Дереу манағы учаске бастығы Санжарға телефон соқты.


- Алло, мен Қабыжан ғой. Не болды, жұмыстарың бітпеді ме? Үйге әлі су бермегенсіңдер ме? - деді ол мән-жайды түсінбекке.

- Қалайша, осы уақытқа дейін?.. Мүмкін емес... - деді ар жақтан.

- Ендеше, өзің келіп көр. Су да жоқ, сенің адамың да жоқ. Су берсе, саған телефон соқпас ем, - деді нығырлай сөйлеген жуан дауыс.

Санжар бір сәт ойланып қалды:

- Әлде, қалада су жоқ па? Шолпан, кранды байқашы су бар ма, үйде? - деді ас үйде жүрген әйеліне дауыстай сөйлеген ол: «бар, жоқ» деген жауапты күтпес­тен асығыс киініп жатты.


Санжар далаға шыққанда күн кешкі­ріп бара жатқан. Ол бірден әлгі үйдің көше жақ бетіндегі су құбырының құдығына жүгірді. Жүрегі бірдеңеден сескеніп, жанұшырып жетті. Келген бетте бағанағы ашық жатқан құдықты іздеді. Құ­дық жоқ. Құдық тұрған жерді төбедей болып топырақ үйінді басып қалған. Жөпелдемде ештеңе парықтамаған Санжар жанұшыра жүгірді:


- О, Құдірет! Осы жерде еді ғой!.. Есей, Есей! - деп алақ-жұлақ айғайлады. Күн болса кешкіріп барады. Айғай­лаған дауысты естіп, үй иесі Қабыжан ақсақал далаға шықты:

- Кімді іздеп жүрсің?

- Әлгі, Есей... Бағанағы слесарь бала... Жұмыс біткен соң суық судың кранын ашуға кеткен болатын. Құдық осы арада еді, - деп абыржып жан-жағына ал­қан-жұлқын қарайды.

- Бағана осы маңда бір бульдозер жүрген-ді, жер тегістеп... Құдай сақтасын, айтуға қорқамын,-деп ол безектеп үй орнындай жерді әрі-бері айналақтап, дегбір таппады.

- Санжар, сен сабыр ет. Құдықты жауып тастаған екен. Мен төтенше жағдай қызметіне телефон соғайын, - деп үйіне қарай жүгіре басты ол.

Санжарда зәре жоқ. Қас пен көздің арасында ойына не келіп, не кетпеді дейсің. Байыз табар емес. Қайтадан Есейдің үйіне телефон соқты. Жауап жоқ. Жалғыз шешесі бар еді, оның өзінің құлағы бірде естіп, бірде естімейтін.

- О, құдай иіп алды телефонды, - деді ол.

- Алло,алло! Есей келді ме?

- Бұл қай баласың, қарағым? - деген қартаң адамның даусы солғындау ес­тілді ар жақтан.

- Апа, бұл жұмыстан еді. Есей бар ма?


- Жоқ, қарағым. Түскі тамаққа да келмеді, қайда жүргенін?! - деп кейуана тағы бірдеңелерді күбірлеп айтып жатты. Сол сәтте Санжардың ойына әлдене түскендей болды. Құдық үйден 6-7 қадамдай жерде болуы керек. Арасынан машина өтетіндей болатын. «Демек, құдығы түскір осы үйіндінің астында қалған» деп жандәрмен әлгі үйіндіні арши бастаған. Бұл кезде жеті қат жердің астына түскен Есей ес-түсіз екі дүниенің арасында белгісіз, түпсіз тұңғиыққа батып бара жатты. Батып бара ма, әлде ұшып бара ма, ол жағы да мүлде бұлдыр. Әлдеқайда алыстан, таныс дауыстар естілді. Өзінің көгершіндері секілді. Ақ ұлпасы бұрқыраған көгершіндері Есейді көйлегінің жағасынан тұмсығымен тістеп, мұны әрі қарай жібермей жатыр.


Сыртта тағаты таусылған Санжар:


- Жолың болмағырларды қарашы, қайдағы қоқыс қалдықтарын құдықтың үстіне күреп тастаған, - деп ширығуда. Ымырт үйіріліп, қараңғылық түскен кезде суыт хабарды естіген құтқарушылар шұғыл жетті. Олардың ізін ала, жедел жәрдем де келіп тоқтады. Құтқарушылар келе сала қолдарындағы картаны жайып жіберіп, осы тө­ңіректің су құбырлары жүйесінің сызбасына үңілген. «Мынау 15-үй, анау 13-үй. 15-ші үйден 6 метр қашықтықта. Демек, құдық мына арада болуға тиіс» деп адымдап келіп, тура әлгі үйіндінің үстінен шықты. Сөйткенше болған жоқ, шынжыр табаны иреңдеп бульдозер де келіп қалды.


- Бульдозерді қойыңдар, қолмен тез аршыңдар, - деді құтқарушылардың ішіндегі шені үлкендеуі, бұйрық бере сөйлеп. Кілең қарулы жігіттер екен. Әні-міне дегенше, үйіндіні аршып, темір қақпаққа келіп тірелді.

- Бұның астында адам жоқ. Қақпағы сол қалпы жабық тұр. Тіпті, ашылмаған, - деді құтқарушылардың бірі.

- Жоқ, ашып көріңіздерші. Ол кранды ашамын деп кеткен болатын, - деді Санжар шыдамсыздана сөзге араласып. Артынша, шойын қақпақ құдық бетінен былай алынып тасталды. Құдықтың ішіне үңілген құтқарушы азамат:

- Ей! - деді даусын соза, ар жақтан жауап күтіп. Шыдамы кеткен Санжар:

- Мен ішіне түсіп көрейін. Ішінде жоқ болса екен, - деп дегбірсізденуде.


- Түсіңдер құдыққа біреуің, - деді құтқарушылардың бастығы. Сол-ақ екен, қол шамдарын жағып қараңғы құдыққа үңілген құтқарушылардың бірі ішіне түсе бастады. Манағы құдықтың жиегіне бекіткен саты мүлде үзіліп қалған екен. Есей темір қақпақты итеремін деп жоғарыға ұмтылып, арпалысып жүргенде үзіліп кеткен секілді. Бірақ оған қарап жатқан құтқарушылар жоқ, аяқтарын салбыратып шыңыраудың ішіне түсе қалысқан. Ауа жетпей, есі танып қалған Есей ауруханаға жеткізілді. Өлім мен өмірдің арасындағы арпалыс екі тәулікке созылды. «Ажалсызға дәрігер-себеп» деген ғой, солардың күшімен беті бері қарады. Көрер жарығы таусылмаған екен.


- Бір ажалдан қалдың, жүз жасайсың,-деп туған-туыстары мен жолдастары қуанып жатты. Қуаныш пен қайғының арасы қанша дейсің?! Қас-қағым сәт шығар. Құлындай секіріп жүрген арманы көп арынды жас еді, қуанышы ұзаққа бармады. Жас жігіттің тілі байланып қалған секілді. Сөз жоқ. Бастапқыда дәрігерлер: «Миға ауа жетпегеннен, жүйкесіне зақым келген. Жүре түзеліп кетеді» деген секілді болжамдар айтып бақты. Иә, әйтеуір, тірі қалғаны - қуаныш. Бірақ мүгедек болып қалды. Аяқ-қолы, он екі мүшесі сау. Жүйке жүйесі ме, ақыл есі ме, бір түсініксіз дерт жабысқан. Сөйлесе сөзі, жүрсе қимылы бәрі тежеліп, бөгеліп, кібіртіктейді. Бармаған дәрігері қалмады. Бәрі бекер. Ал, ең сорақысы, мұны жұмысқа жіберген кәсіпорын «Біздің тапсырмамыз емес, өз бетімен барған. Өз бетімен ақша таппақ болған» десті. Ал әлгі бульдозермен күреп кеткен тракторшы ол күні ол жерге бармаған болып шықты. Айналып келгенде, құдыққа бұл өзі түсіп, өзін-өзі көмген. «Бәрібір, бұл жігіт тілінен айырылып қалған. Енді ешкімге ештеңе айта алмайды» дейтін секілді. Сөйтсе де, жанашыр достары мәселені сотқа тіреп, содан әділдік күтті. «Билікті солар айтсын, халықтың соты ғой» десті. Ол шіркіндер де ұзақ толғанды. Көзге көрініп тұрған нәрсені созып, шиырлап, безеріп, безбенге салумен болды. Сонда, «былай тартса, арба сынады, былай жүрсе өгіз өледі». Өгізді де, арбаны да аман алып шығу үшін үшінші бір сұраусыз нәрсені теріске жіберу керек секілді. Әйтеуір, ұзақ-сонар тексеріс пен зерттеу­ден соң бір тоқтамға табан тіреді.


Сөйтіп, Есейдің мәселесі қаралды. Сондағы бұған қойылған сұрақ, баяғы қырсық атқан құдыққа Есей неге түс­кен? «Кім сізді сол құдыққа түс деді? Және не үшін?» Есей бейшара орнынан тұрып қолын жан-жаққа созып, бірдеңе айтайын десе, тілі күрмеліп, байлана берді. Бәрін түсініп тұр. Айтайын десе, көкірегін қысқан әлде бір гәп алқымын буып қалады. Дірілдеген қолын сермеді. Ақыры “а...а...а...” деп еңкілдеп жылады.


- Ей, бейшара-ай, қайтсін?! - деді біреулер мүсіркеп. Енді біреулер безеріп отыр­ды. Олардың қатарында «Есейді көрмедім, білмедім» деп азар-безер бол­ған учаске бастығы Санжар да бар еді.


Өрімдей жас еді. Көретін қызығы да, беретін игілігі де алда еді. Көктей солып қалды. “Өгіз өлмеді, арба сынбады”. Тек Есей ғана сорлап қалды. Тағдырдың жазуы солай. Жарықтық Бишан ананың да өмірден көрген мехнаты аздай, оның жалғыз қуанышы, жалғыз үміті, жалғыз жампозы ұлын да тағдыр көпсінгендей болды. Баласы ауруханадан үйге келген күні жалғыз ұлдың мүгедек болып қал­ған мүсәпір күйін көргенде, байғұс анасы ақыл-есінен адасып қалды. Жарықтық содан оңалмай, аз күн жатып дүн­иеден озды.


* * *


Аспанда ақ көгершіндер самғай ұшып жүр. Олар құдды періштелер секілді. Пыр-пыр етіп ұшады, пыр-пыр етіп қонады. Қулықтан, сұмдықтан ада. Ақ қауырсындары күн нұрымен шағылысып, кеудеңе таң нұрындай тазалық құяды. Олар адамдар секілді емес. «Адамдарға көгершіндей болу қайда?! Адамдардың қанаты жоқ. Қанаты жоқ болғаннан соң да, олар бейшара. Адамдар-пенде. Ал, көгершіндер - періште құс. Олар бір-бірімен адамдар секілді таласпайды. Адамдар ғой, астамдыққа баратын». Көгершін атаның көкірегі осылай сөйлеп тұрады. Жүрегінің шерін де ол осылай ақтарады.


Көгершін ата... Ел оны солай атап кеткен. Тіпті, шын есімін де біреу білсе, біреу білмейді. Ата дегенге бағып, оны алпысқа, жетпіске келген деуің мүмкін. Жоқ, алпысың не?.. Ол әлі қырыққа да іліккен жоқ. Бірақ, Көгершін ата танымастай қартайып, қатты шөгіп кетті. Анасы дүниеден озғаннан соң айналасы тып-типыл болды. Басқа түскен ауыр қасіреттен зеңіп, мүжіліп қалды. Біздің бала кезімізде ол қыс болса, үстіне көнетоз күртесін іліп, басына сырты тықыр, күн қағып ақ жем бола бастаған құлақшынын киіп, үйреншікті кәсібіне кетіп бара жататын. Кетіп барады дегеніміз жай сөз. Шындығында, ол аяқтары бір-біріне шалынып, тұсаулы аттай тыпыр-тыпыр кібіртіктеп жүреді. Бұл оның баяғы көрқұдықтан тапқан кеселі. Қарияның үйі қаланың теріскей бетіндегі биік үйлердің бірінің астыңғы қабатында болатын. Әлі де сол үйде тұрады.


Көгершін ата күніге бір уақыт құстарына жем береді. Темірден жасалған үйшіктің аузын асықпай жүріп ашып, көгершіндерін біртіндеп шығарады. Бір ғажабы, ол құстарымен кәдімгідей сөйлеседі. Әншейінде тұтығып қалатын тілі көгершіндермен тілдескенде, кедір-бұдырынан айығып, көп-көрім сөйлей жөнеледі. Қырсық қылғанда, қасына бір адам келсе, әлгі шешіліп тұрған тілі бірден байланады. Неге олай екенін өзі де түісінген емес. Көгершін атаның күндегі ермегі осы. Мүсәпір жанның осы бір беймарал өмірі кімге кедергі болғанын қайдам, бір күні күн көтеріле көгершіндерін шығарғалы келгені сол-ды, қаланың үлкенді-кішілі бастықтары мұның көгершін күркесіне сау ете қалды. Құдды қонаққа шақырғандай. Бәрі жапырыла келіп қарияға сәлем берді. Көгершін ата әуелгіде мән-жайды түсіне алмай, өзі абдырады. Өмірі мұндай бастық адамдардың қасында тұрып көрмегеннен болар, бүгежектеп, қипақтап қалды. Соны сезді ме, қайдам, іштеріндегі маңдайы жарқыраған бәденді кісі, шамасы үлкен бастық:


- Ата, қалыңыз қалай? Денсаулығыңыз жақсы ма, күйлі-қуаттысыз ба, көгершіндеріңіз қалай?.. - деп іші-бауырына кіріп, мұның жағдайын біліп жатыр. Оған Көгершін атаның жүрегі біртүрлі жылып, «түсі игіден түңілме» деген деп бастық балаға ырза болды. Сөйтсе, оларды мазалаған қарияның жай-күйі емес екен. Гәпті қараңыз! Мұның көгершіндері тұратын оймақтай темір күркесі өз орнында емес, болашақта салынатын әлдебір құрылысқа кедергі екен. Сондықтан, көгершін күркесін басқа жерге қоныс аударуы қажет болыпты. Дегенмен, қария оған ренжіген жоқ. Қайта өзіне айтып, бұдан рұқсат сұрағандарына да рахмет! Болмаса, трактормен күреп тастаса қайтесің?! Күреп тастаса, жарымжан адамның зарын кім ұққандай?! Десе де, мұның бәрі соншалықты шұғыл болады деп ойламаған. Орын ауыстырсақ, әуелі күркенің орнын дайындап алайын, сонсоң көгершін­дерді ұядан шығарып бөлек апарармын деген. Сөйтсе, олай емес. Краны да, көлігі де дайын екен. Қыстың көзі қырауда көгершін күркесін көгершінімен қоса көлікке ағаш тиегендей тиеп ала жөнелгенде, қарияның жүрегі тоқтап қала жаздады. Сол мезет ол көгершіндерінен қалғысы келмей, жандәрмен жүк тиеген машинаға мінбек болып, кирелеңдей басып кузовқа жармасты. Айғайлап айтарға шама жоқ.


- Ақсақал, әуре болмаңыз. Жігіт­тер өздері апарып орналастырады, Солтүстік көшесінде бос орын бар, құс­тарыңызды сол жерден табасыз,- деп мұ­ны олар көлікке отырғызбады.


Қария содан бастап көгершіндерін шарқ ұра іздеп, үш күн дегенде зорға тапты. Үш күннен бері жабық күркеде қамауда қалған жануарлар жүдеп қал­ған екен. Жүдегенін қойшы, күркенің ішіндегі бос заттар құлап бірнеше кө­гершінді басып қалған. Бір-екеуінің қанаты сынған, жарақат алған. Мұны көрген қария еңкілдеп жылап жібер­ді. Көзінің жасын тоқтата алмады. Баяғыда анасы қайтыс болғанда, осылай солқылдап ұзақ жылаған-ды. Сонан кейінгі көз жасына ет­егі толғаны осы еді. Осы сәтте ақкөгершіннің бірі қолына қонды. Құдды қажыған қарияның көңіл күйін сезіп тұрған секілді. Тарыдай көзі тұнжырай қарайтындай. Егіліп тұрғанын сезді. Баяғыда өзі құдықта қамауда қалып, тірідей көрге түсіп, ана дүниенің табалдырығын аттап бара жатқанда, оны осы көгершіндер жібермей қалған. Қазір де періште құстар мұның шерлі жүрегінің қасіретін сезіп, қанатымен су бүркіп тұрғандай.


Байғұс қария сол темір күркенің қасынан қайта тұрмады. Бойының әлі, жүрегінің қуаты кеміп, баяғы көрқұдыққа түскендегідей тынысы бітіп, соңғы демін алып жатты. Сонда: «Анашым, кешір» - деді еріндері күбірлеп, даусы болар болмас естіліп. Жарық жалғаннан өзінің де жақсылық көргені шамалы еді. Өлер алдында байғұс анасының үмітін ақтай алмағанына өзін кінәлі сезінді ме, әлде өмір бойы сондай ауыр қайғыны арқалады ма, кім білсін, әйтеуір жанары сөніп бара жатып, марқұм анасын аузына алды. Мұңын шағатын, зарын ұғатын да ешкімі жоқ еді. Сол күні Есей қарт көгершін күркесінің қасында жатып дүниеден озды. Сорлының денесін көрші- қолаңдары тауып әкелді. «Ешкімге залалы жоқ мүсәпір жан еді» деп біраз адамдар жиналып, алыс ағайындары бар екен, солар келіп Көгершін атаны соңғы сапар­ға аттандырды. Жарықтық бұ жалғаннан не көрді дейсің?! Өзі де атадан жалғыз екен. Тұлдыр тұяқтың соңғы сорабы үзіліп тынды. Ел іші болған соң көршілері мен алыс ағайындары марқұмның же­тісін, қырқын беріп, Құран бағыштап елдігін көрсетті. Сол жолы қырқына жиналған ауыл үйдің аз ғана адамдары есік алдында отырған. Есейдің үйінің терезесі ашық еді. Осы сәтте бір ақ көгершін ұшып келіп терезе алдына қонды. Есік алдында тұрған адамдардың бәрі бір сәт демдерін ішіне тартып үнсіз тына қалды. Ақ көгершін үркетін емес. Қонған орнынан қозғалмай, самарқау күйде біраз отырды да, үйдің ішіне ұшып кірді.


Есік алдындағы адамдардың бірі:

- Терезені жауып қойсақ қайтеді?- деді.

-Қойыңдар, - деді іштеріндегі Нығыман ақсақал. Өзі қазір қайтадан ұшып шығады. Есей қарағымның рухы ғой, шаңырағымен қоштасқалы келген.


Айтқандай, сәлден кейін Ақ көгершін үйден ұшып шығып, шырқау көкке сам­ғай көтеріліп, көзден ғайып болды. Отырғандар оның соңынан көздері талғанша қарады. Содан бері көгершіндерді көрсем, Көгершін атаны көргендей боламын. Ол да періште құсқа айналып, Ақ қауырсындары күн нұрымен шағылысып, көк жүзінде самғап ұшып жүр ме екен?!..


... «Адамдарға көгершіндей болу қайда?! Адамдардың қанаты жоқ. Қанаты жоқ болғаннан соң да, олар нағыз бейшара. Адамдар-пенде, ал көгершіндер - періште» деп адам біткенді мүсіркеп жүр ме екен, Көгершін ата?!


***


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар