Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Оливер Генри: Кактус (Әңгіме)

15.11.2016 406

Оливер Генри: Кактус (Әңгіме)


Кактус.jpg



Уақыттың ерекшелігі – өткен мен бүгіннің, бүгін мен ертеңнің бір-бірімен тығыз байланыста екендігінде. Мысалы, ажал дариясына батып бара жатқан адамның көз алдынан бір сәтте бүкіл өмірі дөңгелеп өтетіні даусыз; сол сияқты, бір адамның қолғабын шешіп жатқан қас-қағым ғана сәтте тұтас бір махаббат хикаясын еске алатынына сену де қиын емес.


Пәтеріндегі үстелдің жанында бойдақ Трайсдейл қазір осы халді кешіп тұр еді. Үстелдің үстінде қызыл қыш құмырада көзге ерекше көрінетін әлдебір жасыл түсті өсімдік өсіп тұрған болатын. Бұл – ұзын тікен жапырақтары самал желмен ұдайы тербеліп, қараған адамды еліктіретін өзіндік тартылыс күші бар, кактус өсімдігінің бір түрі еді.







Трайсдейлдің досы, қалыңдықтың ағасы, буфеттің жанында өзіне назар аударылмай, мән берілмей қалғанына шағымданып тұрды. Екеуі де сәнді киімде болатын. Олардың шекпеніндегі ақ ленталар күңгірт пәтерде жұлдыздай жарқырайды.


Трайсдейл асықпай қолғабын шешіп жатқанда, соңғы бірнеше сағаттың жанды қинап, жүрек ауыртар сәттері есіне түсті. Оның мұрнына әлі де шіркеудің жанына қойылған гүл шоқтарының жұпар иісі келетіндей, құлағына мәдениет сақтап, әдептен озбай, сыбырлап сөйлескен мыңдаған дауыстар естілетіндей. Әсіресе, Оны (ғашығын) өзге ер адаммен некелестіріп жатқан дін қызметкерінің саңқылдаған үні жадынан өшпей, жанын ауыртады.


Соңғы кездері Одан қалай айрылып қалғанын түсінуге тырысып, өзін ауыр ойлармен іштей мүжіп, жегідей жеу Трайсдейлдің үйреншікті әдетіне айналып үлгірген-ді. Ғашығынан біржола айрылғанын түсінген үмітсіз шақта есеңгіреп тұрып, ол өзінің шынайы бет-бейнесін, нағыз болмысын көрді. Осы уақытқа дейін адамға көрік берер әшекейге балап тағынып жүрген екіжүзділік пен өзімшілдік, шын мәнінде, ешқандай да әшекей емес, бар болғаны ақымақтық екенін ұғынды. Өзінің жан дүниесі өзгелер үшін ақымақтықпен «әшекейленгенін» ойлағанда, ол ұяттан өртеніп кете жаздады. Оның жан сарайының сауыты атаққұмарлық пен тәкаппарлықтан жасалған болатын. Ал ғашығы мұндай жаман қасиеттердің бәрінен таза еді. Бірақ Одан неге айрылды?!..


Ол (ғашығы) неке қию рәсіміне жиналған қонақтардың арасымен алтарьға (шіркеудегі үлкен үстел) қарай ақырын адымдап келе жатқанда, Трайсдейлдің бойын арсыз да арзан қуаныш биледі. Өйткені, ол ғашығының жүзінен көңілсіздік пен тұрмысқа шыққалы жатқан ер адамға деген салқындықты көргендей болды. Алайда бұл ең ақырғы әлсіз үміті де ақталған жоқ. Қолынан ұстаған күйеу жігітке қалыңдықтың сезімге толы нұрлы жанармен қарағанын көргенде, Трайсдейл қыздың жүрегінде өзіне орын қалмағанын анық түсінді. Бір кездері қыз осындай бақыт пен шаттыққа мас болған көзқараспен оған да қараған еді ғой... Ол шақта Трайсдейл бойжеткеннің өзіне өлердей ғашық екеніне сенімді-тұғын. Ал қазір оның соңғы тіреуі құлаған менмен көкірегі күйреп, қирап қалды. Неге бәрі осылай аяқталды?! Олардың арасында ешқандай да ұрыс-керіс, жанжал болмап еді ғой.


Ғашығы екеуінің қарым-қатынасы күрт суыған соңғы бірнеше күнді Трайсдейл осымен мыңыншы рет ой елегінен өткізді.


Қыз Трайсдейлді ер азамат ретінде құрметтеп, үнемі жоғары бағалап, көтермелегенде, ол өзін патшадай сезінетін. Көңілі баланікіндей таза, аққудай адал бойжеткеннің арқасында Трайсдейл бақыттың тәтті буына мастанды. Қыз жігітті аспани құдірет пен дарынға, ерекше қасиетке ие деп есептейтін. Ал жігіт ғашығының мұндай кіршіксіз көңілін – не гүл, не жеміс беруге қабілетсіз шөлдің жаңбыр суын қомағайлана жұтқанындай – қабылдады.


Қабағы түнеріңкі Трайсдейл қолғабының соңғы тігісін ажыратып жатқанда, тым кеш түсінген ұшқарылығы мен өзімшілдігінің бір мысалы есіне түсті. Бұл – ол ғашығына өзінің патшайымы болуға ұсыныс жасаған түні орын алған оқиға еді. Трайсдейл жанын ауыртатындықтан, сол түні оның қандай сұлу болғанын, толқынды бұйра шашын, мөлдіреген бейкүнә жанарымен қиыла қарағанын, нәзік үнін ойламауға тырысты. Бірақ дәл сол шақта оның сөз бастап, сезімін білдіруіне түрткі болған осылар еді. Әңгіме барысында ғашығы:


– Маған капитан Каррутерс сіз испан тілінде ана тіліңіздегідей сөйлей алатыныңызды айтты. Мұндай жетістігіңізді менен неге жасырғансыз? Сіз білмейтін, сіз меңгермеген бірдеңе бар ма өзі?! – деген-ді.


Каррутерс не деген ақымақ десеңші! Трайсдейл кейде клубта ескі сөздіктерден оқып алған Кастильяндық мақалдарды айтқанына қарап, сүйсініп, оның испан тілін «меңгерген» қабілетін әсірелеп, асыра мақтап, жалпақ жұртқа жайып жүреді.


Бірақ қыздың назды сүйсінісінің тәтті буы Трайсдейлге майдай жаққаны соншалық – бұл «айыптауды» ол еш қарсылықсық қабылдады. Сөйтіп, аңғал бойжеткен испан тілін «меңгергені» үшін оның басына лавр тәжін кигізгенде де, қарсылық білдірмеді (лавр тәжі – құрметтің, атақ-абыройдың, жеңістің символы). Алайда «алтын басты» Трайсдейл осы лавр тәжінен сәл кейінірек өзіне өкініш болып қадалатын өткір тікенді байқаған жоқ.


Трайсдейл өзінің бүкіл «ұлылығын» қыздың аяғының астына тастап, сезімін білдіргенде, мәңгі бірге болуға ұсыныс жасағанда, ол жүзі бал-бұл жайнап, қалай қуанып еді десеңші! Жүрегіндегі дірілден бойжеткеннің торға түскен құстай бүкіл денесі дірілдеп еді-ау. Қыздың ғашық жанарынан келісімді қапысыз көргеніне жігіт сол кездегідей қазір де ант-су іше алады. Дегенмен, қызға тән ұяңдықпен ғашығы тура жауап бере алмай, «Мен сізге жауабымды ертең жолдаймын» деді. Ал өзін жеңімпаз, қыз жүрегінің жаулаушысы сезінген жігіт жымиып, күлімсіреуі арқылы ертеңге дейін күтетінін білдірді. Келесі күні ол өз пәтерінде қыз жауабын тағатсыздана күтті. Түс кезінде қызметші есігінің алдына қызыл қыш құмырадағы ерекше өсімдік – кактусты қойып кетті. Өсімдіктің үстінде әлдебір түсініксіз тілде жазылған аты ма, жоқ әлде ғылыми атауы ма – әйтеуір бірдеңе жазылған заттаңбадан (этикетка) басқа ештеңе болған жоқ. Хабар да жоқ, хат та жоқ. Түн ортасы ауғанша күтсе де, қыздан жауап келмеді. Ал өзі іздеп баруға жігіттің намысы жібермеді. Екі күннен кейін ғашықтар бір қонақтықта жолықты. Олар әдеттегідей сәлемдессе де, қыз жігітке әлдебір жұмбақ ынтықтықпен қарап отырды. Ал ғашығынан мән-жайды түсіндіруін күткен Трайсдейл өзін сыпайы әрі паң ұстады. Содан соң бойжеткен әйел жаратылысына тән сезімталдықпен түсін күрт суытып, безірейіп отырып алды. Міне, осылай екеуінің өмір арнасы екіге бөлінді, жолы екі айрылды. Жігіт қандай қателік жасады?! Кінә кімде?! Жуасып қалған Трайсдейл өркөкіректігінің қирандыларының арасынан осы сұрақтарға жауап іздеді. Әттең, егер де...


Кенет бөлмедегі досының саңқ еткен дауысы оның ойын бөліп жіберді:


– Трайсдейл, саған не болған өзі?! Тойға жай қонақ болып қатысқан адам сияқты емес, өзің үйленіп, бостандығыңнан өмір бақи айрылғандай көңілсізсің ғой. Маған қарашы, мен сарымсақтың жағымсыз иісі мүңкіген, банан мен тарақанға толы кемемен Оңтүстік Америкадан 2000 миль жүзіп келдім. Жалғыз ғана кішкентай қарындасым бар еді, ал енді ол жоқ. Өзімді кінәлі сезініп, еңсемнің түсіп кеткенін қарашы. Қой енді. Өзіңді ар азабынан құтқаратын бірдеңе таңда.


– Жоқ, рахмет. Мен ішпеймін,- деді Трайсдейл.

Кенет қалыңдықтың ағасы:


– О, сәлем, ескі танысым! Мына кактусты қайдан тауып алғансың, Трайсдейл? – деп таңдана айқайлап жіберді.


– Бір досым сыйлаған, – деді Трайсдейл, – бұл түрін білетін бе едің?


– Өте жақсы білемін. Бұл – тропикалық түрі. Пунтада күн сайын жүзін көретін шығармын. Мұндағы заттаңбада (этикетка) аты жазулы екен. Испанша түсінетін бе едің, Трайсдейл?


– Жоқ, – деді Трайсдейл миығына ащы мысқыл келіп, – бұл испанша жазу ма?


– Иә. Испандар мына ұзын тікен жапырақтар созылып, адамды өзіне баурайды деп сенеді. Мұны «Ventomarma» деп атауы сондықтан. Бұл атау біздің тілімізде «Кел де мені алып кет» дегенді білдіреді.




Ағылшын тілінен аударған Алпамыс ФАЙЗОЛЛА,

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ филология факультетінің магистранты  

Біздің Telegram-парақшамызға. жазылыңыздар!

Пікірлер

айка

26.09.2017 22:53
кактус туралы жоккой
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар