Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Жалел Бауыржан - ӨТЕЛГЕН ПАРЫЗ

15.11.2016 329

Жалел Бауыржан - ӨТЕЛГЕН ПАРЫЗ

Күздің қара суығы. Солтүстік Мұзды мұхитқа таяу болған соң ба, қыркүйек айы туысымен-ақ Петерборда күн райы суытып кетті. Әсіресе, ерке Неваның жағасы мен қаланың шеткі аудандарындағы желдің екпіні жөп-жөңке адамды орнынан қозғайды. Ішкі жан дүнием алай-түлей болып аласұрған мен айналамда не болып жатқанына мән беруден баяғыда-ақ қалғанмын. Әуежайға шығарып салуға келген досымның қолымды қаттырақ қысып, құшағына алып, арқамнан қағуы ғана есімді жиғызды. Бойымды тезірек жиып, Нұрланмен қысқа қоштастым да, жүгімді алып әуежайдағы тіркеу бөліміне қарай тез-тез жүріп кеттім. Артыма қарамасам да Нұрланның соңымнан біртүрлі аянышты сезіммен қарап қалғанын жүрек шіркін сезіп, егіліп келемін. Әншейінде, емен-жарқын әзілдесе амандасып, қимай қоштасатын жолдасыма аузымды күбірлетіп қайыр-қош айтқаныма бір сәт ыңғайсыздандым. Алайда, оның себебі бар екенін ол да, мен де сезіп-ақ тұрмыз. Әттең, қолдан келер не шара?! Ішіміздегі өксік тамағымызға келген сөздер түйдегін сыртқа шығармай іште тұншықтырды.

Қалың ойдың жетегінде келе жатып, Пулково әуежайының халықаралық рейстерді тіркеу бөлімінің алдына келгенде көзі көкшірейген, шашы алтын түстес орыс қызының:

– Здравствуйте, как дела у Вас? Добро пожаловать! – деген сөзінен селк етіп есімді жидым. Жауына да сәлем берген бабалар салтымен селқос қана:

– Здрәстите... – деп міңгірледім. Как деласына жауап беруге шамам жетпеді. Өзегімді өртеген өкініш пен басымды қайғы бұлты торлағанда жағдай айтуға шама бар ма?.. Оны өзі де түсінді-ау деймін, құжаттарымды тез рәсімдеп:

– Счастливого пути! Приятного полета! – деп қала берді. Мен үнсіз ары қарай жүріп кеттім.

Петербор-Мәскеу бағытында ұшатын алып ұшақтың ішіне кірсем, артынып тартынған адамдар бір-бірімен жымиып амандасып, арқа-жарқа болып жатыр. Бір сәтке олардың барлығы дерлік бақытты адамдардай көрінді маған. Мына жалғанда бақытсыз сорлы жан жалғыз мен сияқтымын...

Еңсемді езген ауыр ойлардан есімді тез жиып, өз орнымды тауып жайғастым. Асығыс алғандықтан ба, әлде бары сол болды ма кім білсін, маған ұшақтың ең ыңғайсыз орындарының бірі тиіпті. Аяқ асты жолға шығып, діттеген жеріме кешікпей бару үшін күй талғайтын шама қайда?! Қысылтаяңда билет тапқаныма шүкіршілігімді білдіріп, Раббыма алғысымды айтып қоямын. Мен отырған соң көп өтпей-ақ әуе кемесі қозғалып, ұшуға ыңғайланды. Әуелі ақырын жылжып, кейін бірте бірте жылдамдығын арттырып Пулково әуежайын артқа тастай берді. Әп-сәтте Петербордың көгіне көтеріліп, Мәскеуге бағыт алдық.

***

Кеше ғана алаңсыз сабағымды оқып, дәрістерімнен қалмай жүрген менің Петербордағы жылы орнымды суытып, елге асығыс сапар шегуімнің үлкен себебі бар еді. Ол жайында сәл кейінірек...

Күнім әдетте Нева жағалауындағы Лопухин бағының ішінде таңғы жаттығумен басталатын. Міне, бүгін де сол бақтың ішімен аяғымды бәйге аттай жеңіл тастап жүгіріп келемін. Олай болмағанда ше?! Жастайымнан жаныма спортты серік еткен мен үшін таң бозынан тұрып жүгіру үйреншікті іс. Тіпті, кейде өзіме демалыс жасап, жаттығу жасамаған күні бұлшықеттерім марғау қимылдап, еркіме бағынбай қоятын. Сондықтан таңғы жаттығуды сирек қалдыратынмын.

Бақ ішіндегі мүлгіген тыныштықты ит ерткен орыстың кемпір-шалдары мен таң бозынан жұмысқа асыққан петерборлықтардың таңғы кептелістегі машиналарының сигналдары бұзуда. Кезінде Алматыда жүргенде:

- Түһ! Осы Алматының көлік кептелісінен құтылар күні бар ма?! – деуші едік, ал енді қарап отырсам, - Көлік кептелісі атаулы әлемнің барлық қаласының шешімін таппаған мәселесі ме?! - деп ойладым. Осы сипаттағы ой жетегінде бақ ішімен бірнеше айналымды жоғары жылдамдықпен тез жүгіріп шықтым. Суық күні денемнен жіпсіп шыққан тер буға айналып жатыр. Екі иінімнен жиі дем алып, соңғы айналымдардың біріне жақындадым.

Кенет, бақ ішінде өсіп тұрған алып теректің сұлап жатқанын көріп бусанған денем мұздап қоя берді. – Бақты сан рет айналып жүгіргенде қалай байқамадым? – деп ойлап қоямын, - Иә, шынымен! Қалайша бағанадан бері байқамағанмын? – дедім күбірлей, - Кеше ғана жайқалып тұрған бұл бейбаққа не болды екен? - дедім аяныш сезіммен. - Иә, ағаш екеш, ағаштың да жаны бар. Баяғыда, бастауыш мектепте ағаштар туралы ертегі оқыған едім. Сол ертегіде емес пе еді?! Жазушы тұмса табиғатқа жаны ашып, адамзат баласына аз да болса, ой салу мақсатында ормандағы ағаштарға тіл бітіргені. Ертегінің түпкі ойы адамдарды табиғатты аялауға шақыру, ағаштарды беталды кеспеуге үндеу болатын. Сол ертегідегі жан-жағындағы жас шыбықтарға дауылдан қорған болып тұрған бір алып еменнің тамырына қаскөй адамзаттың балта шабуы жас өскіндердің ұлардай шулап, зарларын айтуларына алып келіп еді-ау...

Енді міне, құлаған алып бәйтеректің жанындағы жас шыбықтар да, сол ертегідегі ағаштардай мұңын шағып тұрғандай көрінді. Сол кезде ойыма:

Мен көрдім ұзын қайың құлағанын,

Бас ұрып қара жерге сұлағанын.

Жапырағы сарғайып, өлімсіреп,

Байғұстың кім тыңдайды жылағанын? –

деген Абай атамыздың аударма-өлеңі есіме түсіп, бойымды қорқыныш араласқан аяушылық сезімі биледі.

Иә, Жаратушы Алла Тағаланың жаратқан мақұлықтарының тағдыры бір-бірін айна қатесіз қайталамаса да, ортақ дүниелері бар екені ықылым заманнан бері адамзатқа мәлім. Мен де бақтағы байқұс ағаштардың тағдырын адамдардың өміріне ұқсаттым. Иә, шынымен де, бейне бір адам тағдырына ұқсайды екен. Мәселен, мына бақ адамдардың ортасын, яғни қоғамды еске түсіреді. Анау терегі бар, қайыңы бар, шырша-шыбықтар – жасы бар, жасамысы бар адамдар тобы сияқты. Бақты бойлай бой түзеген алып теректер бейне бір адамдар арасындағы болашақ ұрпаққа тағылымы мол қазыналы қарттар мен ақылгөй әжелерді еске түсіреді. Ал қайың мен қарағайлар бала-шаға қамы деп сүрініп-қабынған әке-шешелеріміздің бейнесіне келеді. Жас өскін, шыбықтар балалықтың бал дәмінен арыла алмай жүрген біздердің, яғни жастардың бейнесін толық ашып тұрғандай. Сол тәкаппар жел мен бұрқасын дауылда қорған болып, қамқоршы болған терек, қайыңдар жоқ болса, жас шыбықтар алғашқы соққан желден қалмай жермен-жексен болар еді-ау. Ендеше өмірдің асау толқындарында ұрпағына қамқор, ақылшы бола білген үлкендеріміз де біз үшін осы алып теректердей екен-ау...

Ал енді, елестетіп көріңізші?! Қиын кезде жанымыздан табылып қолдау көрсеткен, ақылын айтып, бағыт-бағдар берген қамқор жандардан қапияда айырылып қалсақ не болар еді?! Ар жағын ойлаудың өзі қорқынышты...

Міне, бақтағы жас шыбықтар да қорғандары болған алып теректен айырылып, желмен бірге тербеле жастарын төгіп, мұңдарын шағып тұрғандай көрінді. Бұдан ары ойлауға дәтім шыдамай, лықсып келген ой тізбегін келесі толқынмен тұншықтырып, жаттығуымды аяқтап Вяземка көшесінің қиылысындағы жатақханама бет алдым.

Ертеңгілік куә болған көріністі күні бойы қанша ұмытуға тырыссам да, сол сұлап, сұлық жатқан терек пен жас шыбықтардың шуылы құлағымнан кетер емес. Кейде адам баласына Жаратушы тарапынан табиғат арқылы белгілер беріледі. Көбіміз сол белгілерді күйбің тіршіліктің соңынан еріп байқай бермейді екенбіз. Бірақ сол жолы бақта жүгіріп жүргенде жүрек байғұс бір нәрсені сезгендей болып еді. Бекер емес екен! Осы тақылеттес ойлар санамды торлап, байқамаппын! Сапарластарымның барлығы қымтанып алып, алаңсыз ұйқыға бас қойған екен. Ал мен болсам, жол бойы ұйқы көрмей, көзiм қызарып, бет-аузым домбығып тұрса да, кiрпiк iле алар емеспiн. Қайдағы ұйқы, көңiлiм күптi, жан-дүнием сырттағы ауа райындай ұйқы-тұйқы, алай-түлей... Әлден уақытта өң мен түстiң арасында талықсып кеткен екем, санамның терең түкпiрiнен әлдеқашан көмескi тартқан бiр суреттiң қалқып шыға келгенi...

Иә, онда да күздің қара суығы едi. Таңғы алагеуiм шақ. Пештiң көмейi тықыр-тықыр етедi. Бұл ошақтың күлiн алып жатқан әжем болатын. Сәлден соң гүрiлдеп от жанып, ақ шәугiм әдеттегi жанға жайлы әуенiне басты. Мен ес білгелі бері біздің үйдің таңы осылай ататын еді. Отты гүрілдетіп жағып, таңға жақын суып кеткен үй ішін жылулыққа бөлеп, асықпай беті-қолын жуып, дастархан жасап жатыр. Жылы төсектің құшағындағы менің санам баяғыда оянғанымен көзімді ашқым келмейді. Балалық шақта таңертең жылы төсекті қиып, орнымнан тұру мен үшін қиынның қиыны еді. Әсіресе, осындай күздің қара суығы мен қақаған қыста ауыр тиетін. Сол әдетім бойынша үйдің жылынуы мен әжемнің әмірін күтіп жата бердім. Әмір деймін-ау, әншейін тапқан теңеуім ғой. Әйтпесе, мен тұрмақ үлкен қыздарына да бір ауыз дауыс көтеріп көрмеген әжем үшін менің жөнім, тіпті, бір бөлек. Бір сөзбен айтқанда, ертегідегі Ерназар байдың: «Тоғыз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе» - дегенінің бүгінгі күнгі баламасы.

- Балам! Тұра ғой... Шәйіңді іш, мектепке баратын уақытың таяп қалды, сабаққа кешігіп қаласың, – деп қарлығып шыққан дауысын естіп жатырмын. Асылында, мен үшін әлемдегі ең жағымды дауыс ол - әжемнің дауысы. Бұл жерде жағымды дегенім дауыстың тембріне, не әуезділігіне емес, қарлығып шықса да, жүрек түкпірінен аналық мейірімімен шыққандығына байланысты. Сол әжемнің дауысын тағы естігім келіп, одан сайын көрпенің астына тығыла түсемін. Ол кісі жалықпастан мені оятып әлек, мен одан сайын еркелей түсемін. Бұлай еркелеуімнің себебі жоқ та емес еді. Әжем ақыры дастарханды жасап, қолжуғышқа жылы суды толтырып, бәрін дайындап қойған соң, арнайы мені ояту үшін төсегіме жақындап келіп:

- Құлыншағым сол! Тұра ғой, – деп маңдайымнан сүйді, осы сәтті күтіп жатқан мен де жалма-жан орынымнан атып тұрып лезде киініп, жуынып, дастархан басына жайғастым. Ыстық шәйді ұрттай бергенім сол еді, жер сілкінгендей айналам дірілдеп, солқылдап кетті. Сөйтсем, жаңағы түсім екен, ал сілкініп жатқан турбулентті аймаққа түскен біздің ұшақ.

Күні бойғы жүгірістен соң, кешкі әбігер қосылып талықсып кеткен болуым керек, аздап ұйқым да қанып қалыпты. Онсыз да мазам болмай келе жатқанда, турбуленттік әбігерден соң ұйқының ауылы мүлдем алыстады. Енді ұшақтың иллюминаторынан шетсіз, шексіз қараңғылық құшағына қарап отырып, балалық шаққа қалай саяхат жасап кеткенімді байқамаппын...

...Бала кезім. Түнімен қой күзеткен адамдай, жұмсақ төсекте ары-бері аунап, ұйқының жазасын беріп жатырмын. Негізі оянғаныма біраз уақыт болған, тек жылы төсегімді суытқым келмей, еркелеп жатқаным болмаса, ұйқының арбасы кеткелі қашан?! Тұрар, тұрмасымды білмей ойыммен арпалысып жатқанымда, дала жақтан мұрыныма жағымды бір иіс келді. Балықшы балықшыны алыстан таниды дегендей, мұрыным да таныс иістің әжемнің ыстық бауырсағы екендігін ажыратып, дереу санама хабар бере бастады. Сол сәтте бір жылы жұмсақтың хабарын сезгендей қарыным да шұрқырап қоя берді. Бағанадан жылы төсектен тұрғысы келмей жатқан денем, мұрынның бастауымен, қарынның қостауымен еріксіз ноқталанған өгіздей таныс иіс шыққан жаққа дедектей жөнелді. Ойлағанымдай, әжем шекесіндегі әжімі тереңдей түсе таң бозынан тұрып бауырсақ пісіруде екен. Қазандағы алтын түстес бауырсақтар шортандай шоршып ұйқымның тез ашылып, дереу жуынып келуіме үлкен себепкер болды.

Әжем де мейірлене қарап, ыстық бауырсақ ұсынған аялы алақанымен жылуын төге басымнан сипады.

Ойлап отырсам, сол кез нағыз бақытқа толы күндерімнің бірі екен. Қадіріне енді жеттім! Шіркін, ананың ыстық алақанынан, сол қолдармен пісірілген астан артық бұл дүниеде ауқат бар ма екен?! «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» – деп атам қазақ бекер айтпаған-ау.

Міне, далада қаңғып жүрмегенде бұл жүрісіме не айтуға болады?! Еліміздегі басқа қалаға кетсем бір жөн! Мен оқып жатқан Петербор мен ауылымыздың арасына ұшқан құстың қанаты талады. Бүгінгі күні осындай әуе кемелері жол қысқартпаса, қанша асықсам да айшылық жол жүрмей елге жете алмас едім. Бұл-дағы техника мен технологияның қарыштап дамығандығының бір жемісі. Мен секілді туған жеріне жыл құсындай асыққан жандардың таптырмас көлігі-ау. Бір сөзбен айтқанда, бұл ұшақ әжемнің қиял-ғажайып ертегісіндегі ұшатын кілемінің бүгінгі ақиқаты.

***

Мен ес бiлгелi берi әжем атқан таңмен таласа тұратын. Қанша сақ жатсам да ол кiсiнiң қашан тұрып кеткенiн сезбей қалушы едiм. Ұлы сөзде ұяттық жоқ дегендей, мен сегіз жасыма дейін әжемнің жанында жаттым. Ояна келгенде төсекте жалғыз жатамын. Әжемнiң орны суып үлгерген. Басымды көтерiп, айналама көз жүгiртемiн. Апайларым шырт ұйқыда. Қазандай басым жастыққа қайтадан сылқ ете түседi. Алайда, ұйқының ауылы алыста, енді қайтып ұйықтау жоқ. Көзiм жұмулы, көкiрегiм ояу. Осылай жатып тың тыңдаймын. Әуелi құлағыма алыстан бозторғайлардың шырылы, қанаттарын сатырлата қағып-қағып жiберiп, төңiректi жаңғырта шақырған қораздың үнi естiледi. Артын ала, күрп-күрп еткен сүттің дыбысы құлағыма келеді. «Ә-ә... Жалғыз емес екенмін, – деп қуанамын iштей. — Әжем әлi кетпептi ғой».

Темір шелектiң әр кезде әр қалай шығатын дыбысынан-ақ әжемнiң сиыр саууды қашан бастағанын, қашан аяқтайтынын бiлетінмін. Егер шелектiң түбi даңғырлап, дауыс ащы шықса, сиыр саууды ендi ғана бастағаны. Ал сүттің дауысы созыла күрпiлдесе, орталап қалғаны. Ал егер шолақ себездеп, құмыға шықса, аяқтауға тақағаны. Қазiр де сол күрп-күрп етiп, құмығып, жұтылып барады, яғни, аяқтап қалғаны. Сәлден соң әжем орнынан көтерiлiп, шелегiн аулақ қойып, төрт емшекті көздеп, анталап тұрған бұзауды босатып, шелекті көтеріп үйге қарай аяңдайды. Сол кезде жалма-жанмен де атып тұрып, қасына барамын.

– Апа (әжемді осылай атайтын едім), сиырды табынға мен-ақ қосып келейiн, – деймiн аузымды кере қарыс ашып есіней, – сiз сүт тарта берiңiз.

Сондағы әжемнiң қуанғанын көрсеңіздер.

– Өй, айналайын, құлыным-ау! Қолғанатым сол! Ұйықтай бермедiң бе? — дейдi елжiреп. - Бара ғой, бар, жата бер! Өзiм-ақ қоса салам.

Бiрақ әжемнiң есiркегенiн көрiп, ит қорыған жерге өш болады дегендей, райынан қайта қояр мен бе екенмiн?! Қайта жатар болсам, шырт ұйқымды қиып несіне еңбек қылып тұрдым? Керісінше, қой деген сайын құлшына түсемiн.

– Жоқ, апа! Сіз сүт тарта берiңiз. Бүгін сиырды өзiм-ақ өріске айдап жіберемін, — деп тықақтаймын. Әжем райымнан қайтпасымды білген соң, бұзауды шарбаққа қамап, сиырларды алдыма салып қоя береді.

– Тек байқа, балам! Ит қауып алмасын. Мә, мына шыбықты ал!

Күн ұясынан енді көтеріле бере үйден шығамын. Үй-үйдің арасымен топырақты шаңдатып, сиырларды тышқырта соңынан қуалаймын. Ойымда әжем. Қызық өзi. Таңның атысы, күннің батысы бiр тыным таппай, әбден қалжырайды. Ал көмектесейiн десең, шыр-пыр болып маңына жолатпайды.

Өмірі бейнеттен көз ашпаған қайран апатайым-ай, десеңшi! Егер күш-қуаты қайтпаса, сол қайратты, қажырлы қалпынан танбасы айдан анық едi. Сол тынымсыз қайран апам...

***

Кешке таман кешкі жаттығудан оралып, магистрлік диссертациямның кіріспесін қарап отырғанмын. Петерборға келгелі бері тыныштық қалыпқа енген телефоныма жан бітті. Әуелі, есіктің қоңырауындай дыбыс естіліп, артынан телефоным дыз-дыз етіп тоқтады. Бұл «Whats App» қосымшасына смс-хат түскенінің белгісі еді. Ойымда түк жоқ, ашып қарасам анамнан келген хабарлама екен. Күнделікті күйбің тіршіліктен қолы қалт етіп, жағдай сұрасқаны болар деген оймен, келген хабарламаны тыңдадым. Тыңдап отырып, жүрегім қысылып, өзімді жайсыз сезініп, төсегіме сылқ етіп отыра кеттім...

Елден келген аудиохабардың мәтіні келесідей еді:

«Бауыржан... Әй, Бауыржан... (тамағына өксік тығылып, әрең сөйлеп тұр) Апаң қатты ауырып тұр! Жағдайы болмай тұр... Бірақ сен қатты алаңдама! Әйтеуір, біліп жүр дегенім ғой... Жырақта жүрсің ғой, сондықтан мәймөңкелемей турасын айтайын, дәрігерлер: «Жаман айтпай жақсы жоқ!» - деді» - деп аяқтапты...

- Қалайша?! Апырай, осыдан бір жарым ай бұрын елден кеткенде кезде үйге өз аяғымен кіріп, шығып жүрген асыл жан апатайыма не болып қалды? Петерборға жүрердің алдында ауылға барып, бұрынырақта қайтыс болған атама арнап ас бергенде: «Балам! Ұзын жолға шыққалы отырғаныңда атаңа ас беріп, ауыл ақсақалдарының батасын алғаның жөн болды...» - дегені бар еді. Сол кезде аздап қан қысымы көтеріліп, ентігіп жүргені болмаса, сап-сау еді ғой. Аяқ асты бұл не сұмдық? Аллам-ай... – деп өксіп жіберіппін.

Сәлден соң өксігімді басып: «Сабыр Бауыржан! Сабыр ет! Алдын ала жамандық шақырып, бордай езілгенің не? Алла қаласа, апаң әлі жазылып кетеді. Үлкен адам болған соң ауырмай, сырқамай тұрмайды. Оның не?» - деп өз-өзімді жұбатып қоямын. Десе де, көңілім орнына түсер емес. Ішімнен:

- Өткенде, атамның асын берген соң, жолға шығар кезде таң атысымен жүретін таксилерге отырмай, түске дейін апамның жанында болып, үйдегілердің: - Дайын таксиден қалдың! - деп ұрысқаны қарамай, асықпай түске таман қырық шақырым жердегі аудан орталығы Аякөзге велосипедпен қайтқан едім. Сол кезде бұл жүрек құрғыр бірдеңені сезген-ау. Тіпті, жолға шығар алдында ауылдың жоғары жағындағы қалың тоғайдан әжеме жалбыз теріп әкелген едім ғой. Жалғызымның жанына жалбыз да шипа болмағаны ма? - деп егіліп отырмын. Жалбыз демекші, осы жалбызға қатысты бірсыпыра аңыз-әңгімелерді әжем айтып беріп еді-ау...

Ертеде Лұқпан Хәкім деген елден асқан дана бір жан өмір сүріпті. Бұл дүниеде білмейтіні жоқ, ешкімнің сұрағын жауапсыз қалдырмаған зерек, сұңғыла кісі болыпты.

Бірде сол Лұқпан Хәкімнің жар дегенде жалғыз ұлы жазылмас дертке ұшырап, ешқандай ем қонбай, қайтыс болады. Ұлының қандай дерттен қайтыс болғанын білу үшін ішін жарып қараса, тобықтай тас шығады. Ұлынан айырылған ол тасты жалғызымның көзіндей көрейін деп қалтасына салып алады.

Күндердің күнінде ол өзенге суға түседі. Судан шығып киінейін десе, судың жағасында өскен жалбыздың үстіне қойған шапанының қалтасынан еріген майды көреді. Зер салып қараса, қалтасындағы тас еріп жатыр екен.

Баласы жас кезінде ешкі майын жеп, тамақтан соң мұздай су ішкен екен. Сондағы май ұлтабарына қатып, ішкен тамағынан әрі-бері қозғалып тасқа айналған екен.

Сонда Лұқпан Хәкім: «Жалғызыма жалбыз бергенде жаны қалар ма еді?!» - деп өкінген деседі.

Қанша уақыт отырғаным есімде жоқ... Бір уақытта телефоныма тағы жан бітті. Осы жолы тікелей маған қоңырау шалып жатқан әжемнің аталас бауыры екен. Қу жүрегім әлденеден секем алып, телефонды көтергім келмеді. Қайта-қайта қоңырау шалған соң тұтқаны еріксіз көтердім. Телефонның ар жағынан үлкен ағам гүр етіп, қысқа амандық-саулық сұрасып, әжемнің қазасын төтесінен қойып қалды...

Ар жағы еміс-еміс есімде... Ол кезде бөлмеде жалғыз едім. Жатақханада бірге тұратын жолдасым Нұрланның қайдан, қашан келгенін білмеймін. Әйтеуір, мені жолға дайындап, қолды аяққа тұрмай бәйек болып жүр. Арасында оқуға бірге келген қыз-жігіттердің барлығын бөлмеге шақырып үлгеріпті. Олар да қазақы әдеппен көңіл айтып, артының қайырын тілесіп, сабырға шақырды. Жайшылықта өзім де жақынынан айрылған жолдастарымды сабырға шақырып, насихат айтушы едім. Енді міне, өзім ешкімнің насихатын тыңдамай отырмын. Иә, не нәрсені басқа түсіп, толықтай өткерген соң ғана түсінетін жұмыр басты пенде емеспіз бе?!

Содан не керек?! Аз уақыт ішінде жанымдағы құрбы-құрдастарым алғашқы, әрі тез баратын рейстердің біріне билет алып, жатақхана алдына такси де шақыртып қойыпты. «Адамның күні адаммен» деген, кейбір дүниелік істерде арамызда келіспеушіліктер болып тұрса да, сол қиын қыстау кезеңде көмек қолдарын созғандары үшін әрқайсысының алдында қарыздармын. Бұл жақсылықтарын бойымнан жаным шыққанша ұмытпаспын.

Міне, Петербордағы жылы орнымды суытып, елге түнделетіп асығыс ұшып шығуымның себебі осы еді.

***

Бір кез еңсемді езген ауыр ойлардан бойымды жисам, біздің ұшақ Мәскеудің «Внуково» әуежайына қонуға дайындалуда екен. Мен де қауіпсіздік белбеуімді тағынып, қонуға дайындығымды пысықтадым. Біз мінген алып ұшақ Мәскеудің түнгі аспанын бір айналып, кілт құлдилай жөнелді. Күні бойы жөнді нәр татпаған асқазаным жеңіл жайсыздықты сезініп барып тоқтады. Бірақ бұл жан жарасының жанында айтуға тұрмайтын да еді.

Билет бойынша «Внуково» әуежайына үш сағаттан астам тұрақтап, мәлім мерзімнен соң Алматыны бетке алады екенбіз.

- Үш сағат... Мыналар үш сағат дейді?! – дедім іштей күбірлеп. Асығыс аттанып, діттеген жеріме тез жете алмай діңкем құрып келе жатқан маған бір минуттың өзі қымбат еді. Өйткені, ауырып жатқанда басын сүйеп, қолымнан сусын бере алмаған мен бейбақтың асыл әжемнің алдында өтелмеген бір парызым қалған еді. Ол – менен бұйырар бір уыс топырақ.

Ақыры мен асыққаныммен басқалардың асықпайтынына толықтай көзім жетіп, өз-өзімді қолға алып, алдағы қадамдарымды жоспарлай бастадым. Өйтпеске тағы болмайтын еді. Себебі, Петербордағыдай жанымда жолдастарым жоқ, Мәскеуде дос тұрмақ, қаймана қазақты көруің мұң.

Сәл ойланып, алдымен Алматыға қонған бетте Аякөзге баратын пойыздың билетін шешіп алу керектігін түсіндім. Алайда, телефон шалып айта қоятын Қазақстан емес, оның бер жағы Мәскеуде таң енді қылаң бере бастады. Ал елімізде түннің бір уағы, ең соңғы болып ұйқыға кететін үкі достарымның өзі баяғыда жатып қалған. Технологияның пайдасы осындайда ғой. Уатсаптан көңілімді жықпас деген бір досыма маған Алматыдан ауылға билет керек екендігін дауыстық хабарламамен жазып жібердім.

Ендігі кезектегі мәселе, ол – ұйықтап, әл жинап алу. Иә, үш арсыздың бірі ұйқының орны бөлек. Тіпті, тәніміздің ажырамас бөлігі десем де болады:

- Жақсы, тамақ ішпесем де, ауылға барғанға дейін күш сарқып, әлденіп алу үшін қалай да болсын ұйықтауым керек. Не дегенмен, үйге жетпесем де, әлі қазақтың топырағына аяғым іліккен жоқ. Қайғым қанша ауыр болса да, қайратымды жоғалтпауым керек. Бөтен ел, бөгде жандар. Сондықтан, өз-өзіме мықты, мығым болғаным жөн! – деп шештім.

Қанша ұйықтауға талпынсам да, онымнан түк шықпады. Жолаушылар отыруға арналған тар орындықта ары аунап, бері аунап, ойым онға, санам санға бөлінді. Ақыры ұйқының ауылы жуық арада емес екенін сезген соң, санамды алдауға көштім. Ойымды қанша мәрте әр түрлі шешілмей жатқан мәселелеріме, алға қойған мақсаттарыма, болашақ жоспарларыма бағыттасам да айналып келіп бір арнаға тоғыса берді. Ол арна – әжем еді. Сонда ғана қазіргі мәселем тезірек елге жету, мақсатым соңғы мәрте әжемнің мейірім шашқан жүзін көріп қалу, жоспарым ақтық сапарына лайықты түрде шығарып салу екендігін түсіндім де ойымды еркіне қоя бердім.

Көзiмдi жұмсам болғаны асыл әжемнің бейнесi өзiм көрiп жүргендей жанды күйiнде көз алдыма келе қалады. Басында бір құлағын ашық тастап, қисайта байлаған жасыл гүлдi байлауыш. Үстiнде өзi пiшiп-тiккен ұзын жеңдi, кең етектi көйлек. Оның сыртында жеңсiз күртеше. Кiшiлеу келген қой көздi, тәңкіш танау, бойы аласалау келген кiсi едi. «Балам-ау, сен осылардың сөзiне сенiп қалдың ба? Мен өлмеймiн ғой. Мен сені жалғыз тастаушы ма едім?!» – деп, жұмсақ қана жымиып тұрады. Ендi бiрде түу сонау балалық шағымдағы көмескiлене бастаған тағы бiр оқиғаны есiме салып, «Мен арыстаннан қорықпайтын Бауыржан батырдың апасы емеспін бе, есiңде ме, балам?» - дейдi. «Оны қалай ұмытайын, есiмде ғой, бәрi есiмде... — деймiн iштей, — ақымағыңызға сол оқиға арқылы батырлықтың білекте емес, жүректе екенін ұқтырған едіңіз ғой, апатай...».

...Балалық шағым. Кеңес үкіметі кезінде ата-әжемдермен ауылы аралас, қойы қоралас болып, шопандық қызметте бірге болған Жұмағазы деген кісі бар болатын.

Бірде сол кісінің үйі ата-әжемді ауызашарға шақырды. Үлкендердің барлығы бір ауыздан ораза ұстап, кезектесіп ауызашар беретін қазақы салт-дәстүрдің қаймағы бұзылмаған кез еді. Бала болғанның бір жақсысы үлкендердің сондай жиын-тойынан, тәтті-дәмдісінен қалмайсың.

«Шақырған жерден қалма, шақырмаған жерге барма» - деген қағидаға сүйенген атам ертерек барып, үлкендермен шүйіркелесіп, әңгіме дүкен құру үшін ерте кетті. Әжем екеуміз дәл уақытында баруды жөн санап, күн ұясына батар тұста Жұмағазы атаның үйін бетке алдық.

Ауызашар өз деңгейінде беріліп, кеш қызықты өтті. Қызықты өтпегенде, қойны-қоншым тәттіге толып қайтсам. Қайтар кезде атамды машина алып кетті ме, білмедім, әйтеуір, әжем екеуміз тас жолға түсіп алып үйге жаяу беттедік. Ауылды жердің үйі итсіз бола ма? Жол бойы апам екеумізге үріп, дамыл табар емес.

Балалық қызығушылығым ба? Әлде, жол қысқартқым келді ме, кім білсін? - Апа, сіз осы иттен қорқасыз ба? – дедім. - Балам-ау, иттің міндеті үру, ол да жеген жуындысын ақтауы керек қой. Одан несіне қорқайын? – деді. Мен қызығушылығым басылмай: - Қасқырдан ше? – дедім, ол кісі бір күліп алып, басымнан сипай: - Балам, қасқыр деген түздің серісі. Одан сескенбейтін жан жоқ шығар? Бірақ жеме-жемге келгенде кез-келген тіршілік иесінің жан беруі оңай емес. Қанша қорықса да бір қарманып қалады. Әсіресе, ұрпағына, іштен шыққан баласына қауіп төнсе, аналық махаббат пен мейірім қорқыныш атаулының бәрін ұмыттырып, мақсаты тек баласын аман алып қалу болады. Тіпті, кейде өз өмірінің бағасыменде... – деп, мені баласынып, түсінбей қалды-ау деген оймен, қарапайым тілде жеткізе бастады. – Балам! Біздің үйдегі тауықтар есіңде ме? – деді сұраулы жүзбен, мен іле-шала, - Иә, апа есімде ғой... Бірақ не ғой... – дей берген едім, сұрағымды түсіне қойып, - Сол тауықтар жайшылықта, ересектер тұрмақ, кішкентай сендерден бықпырт тигендей қашады. Ал бұл жағдай күрк басып, жұмыртқаны балапандары жарып шыққанда басқаша өрбиді. Бала сендер тұрмақ, ересек біздердің өзімізге айбар шегіп, тайсалмайды. Мұның сыры қарапайым тауық екеш тауықтың да аналық махаббатында болса керек-ті, – деп әңгімесін үзді. Мен жауабымды еселеп алсам да: - Онда сіз Арыстаннан қорқасыз ба? – дедім екілене. - Әй, құлыным-ай! Арыстан деген ол аң атаулының патшасы ғой. Әрине, қорқамын! – деп бірдеңе айтайын деп еді, мен: - Апа! Мен иттен де, қасқырдан да, тіпті, аң патшасы арыстаныңыздан да қорықпаймын! – дедім батырсына, - Иә, менің балапаным батыр ғой. Ештеңеден қорықпайды! – деді әжем бала көңілімді жыққысы келмей.

Дәл осы мезетте қарсы алдымыздан қарайған нәрсенің сұлбасы көрінді. Көрініп қоймай, бізге қарсы жүретіндей ме, қалай өзі?! Бағанағы ештеңеден қорықпайтын «батыр» менің үнім шықпай қалды. Тіпті, ақырын сырғып әжемнің артына тығыла бастадым. Қарсы сұлбаның жақындаған сайын естілген ырылынан ит екенін ұқтық. Бірақ бұл жай ғана үріп қойып, жеген жуындысын ақтайтын күндіз қаңғыбас, түнде үйкүшік ит емес екенін түсіндік. Қарсы алдымыздағы күні бойы байлауда іш-құса болып тұратын, түн баласы иесінің кеңшілігімен еркіндікке жіберілетін ызақор ит еді.

Шешінген судан тайынбас дегендей, бір жағы менің барымды ескерді ме, әжем саспай, дауысын қатқыл шығарып: - Кет! Кет шық! Ары кет! – деп айбар шекті. Мен болсам, сол үнім өшкен күйі әжемнің етегіне тығылдым. Абырой болғанда, ит те қадалған жерден қан алмай, ақырын жылыстай берді. Бізді тек қаһарлы көзімен, ызалы дауысымен шығарып салды. Иттен оңай құтылғанымызға мәз болып, еркінси бастадым.

Бір уақытта әжем: - Менің арыстаннан қорықпайтын балам қайда ааа? – деп басымнан сипай күлді. Мен кірерге тесік таппай, үнсіз қызарып әжеме қарай тығыла бердім...

***

Қанша уақыт өткені есімде жоқ. Әуежайдағы диспетчердің: «Уважаемые пассажиры, объявляется посадка на рейс компании Аэрофлот S111 Москва – Алматы. Посадка будет производиться в терминале D у выхода номер 10» - деген хабарландыруы ойымды бөліп жіберді. Бұл мен асыға күтіп отырған рейс еді. Орнымнан жеңіл тұрып, өз-өзімді ретке келтіріп жолға дайындалдым. Құжаттарымды жөндеп, жол сөмкемді арқалап, тіркеу бөлімінен өтіп, ұшағыма қарай беттедім.

Біз мінетін ұшақ өз жолаушыларын құшақ жая қарсы алды. Менің өз орныма жайғасуыма стюардесса көмектесіп, бәйек болып жатыр. Ақыры: - Уһһһ! – деп терең дем алып, орныма жайғастым. Енді Алла бұйыртса, елмен арамызды санаулы сағаттар ғана бөліп тұр. Бірақ соның өзі қатты асыққанда жаныңды қоярға жер таптырмайды екен. Қызмет көрсетіп жүрген стюардессадан ізетпен бір стакан су сұрап ішіп, тамағымды жібіттім. Енді елге дейін аздап мызғып алуға да болады. Сол оймен біз мінген ұшақтың әуеге көтерілуін күтіп отырып, лықсып келген кезекті бір ой ұшқындады.

Иә, Әзірейіл мен үшін орны бөлек ғазиз жан әжемнің жанын алыпты, амал не?! Ерте ме, кеш пе, әрбір тіршілік иесінің өлімнің дәмін татарын жақсы білемін. Десе де, дәл қазіргі сәтте өз жанымның қалғанынан гөрі, әжемнің бір минут болсын ұзақ өмір сүргені маңызды еді... Бәлкім, мұны сезімге ерік бере ойлап отырған шығармын. Десе де, қазақ жаны жақын болып, бір тұтас адамға айналған жандарды: «Шығарда жаны бөлек...» - деп сипаттайды. Міне, ақ пейіл әжемнің де мен дегенде шығарда жаны бөлек еді. Тіпті, бірде: - Құлыным! Сенің табаныңа кірген тікен, менің маңдайыма қадалсын! – дейтінін қайтерсіз?! Шіркін, ананың баласына деген махаббатынан асқан кіршіксіз махаббат бар ма екен бұл жалғанда?

Иә, әжемнің маған деген махаббатынан хабар беретін бір оқиға келесідей өрбіпті. Ол кезде 4-5 жасар кезім болса керек. Өйткені, бұл оқиға есімде еміс-еміс қана бар, тіпті, бір-екі сәттері ғана десем дұрыс болар?! Өзім толық білмегендіктен, оқиғаның қалай өрбігенін сол кездегі куәлар - апайларымның аузымен айтып көрейін.

Ол кезде атамдар ұзақ жылғы қажырлы еңбектен соң үкіметке малын өткізіп беріп, зейнетке шығады. Алайда, үйреншікті жұмысын қимай тағы 4 жылдай еңбек істеп, ауылымыз Ақшатаудың маңындағы «Стришкә» деген мал қырқатын елді-мекенге күзетші болып тұрақтапты. Асылында, елді мекеннің атауы орыстың «стрижка» - күзеу, қырқу деген сөзінен шыққан болуы керек. Кейіннен қазекемдер тілі келмей өз тілдерінде «Стришкә» деп атап кеткен сыңайлы. Сол Стрижкәдә отырғанда қазіргідей көмір, газ деген жоқ. Ауыл тұрғындары шәй қайнатып, қазан асу үшін өлке бойындағы қураған ағаштар мен сиырдың тезегін отын қылады екен.

Бірде әжем екеуміз тезек теріп жүріп өлкенің (біздің жақта өзенді кейде осылай атайтын) маңайына қарай қатты таяп кетіппіз. Негізі өлке үйдің жанынан қашық емес еді, ары кетсе жарты шақырымнан әрең асатын. Әжем кепкен тезек, қураған ағаш теріп әлек, мен болсам ойын баласының үйреншікті әдеті бойынша, асыр сала ойнап жүріп, көктемгі ағыны қатты өзенге күм беріп түсіп кетіппін. Сонда ғана байқаған әжем қолындағы бар тезегін тастай салып, жан дауысы шыға айғайлай сүріне-қабына жағаға жете есінен айрыла сылқ етіп отыра кетіпті. Қайтсін, абзал ана соның алдында ғана тұла бойы тұңғышын аудан орталығындағы Аякөз өзеніне жұттырыпты. Ал, енді менің кетіп бара жатқаным мынау, суға бір батып, бір шығып...

Сол маңда мал қарап жүрген бір қайырымды жан табылып, әжемнің ащы дауысынан не болғанын бірден түсініп, мені құтқарып қалған екен. Содан не керек, әжем екеуміз тезек тұрмақ сайтан да жоқ, үстіміз су-су болып үйге жетіппіз. Үйдегі апайларым мен атам:

- Әй, Рахила (әжемнің азан шақырып қойған есімі), сендерге не болды? Мына түрлерің не? – деп шошып кетіпті. Оған мен жайбарақат: - Тежек тереміз деп, суға батып өйіп қая жаздадық емес пе?! – деппін, сонда ғана бар жайды түсінген апайларым бал тіліме ішек-сілелері қатып күліпті. Ал әжем болса, әлі толық есін жия алмаған күйі үнсіз қалған екен. Бәлкім, ағын су жұтқан тұңғышының тағдырын ойлады ма, кім білсін?!...

Міне, мен үшін жүрегін суырып беруге дайын болған абзал жанның жанында болмақ түгілі кейінгі жылдары оқу мен жұмысты сылтауратып ауылға сирек баратынмын. Ауылға менің баруым ол кісі үшін кішігірім той еді. Мен келеді дегенді естіп, ала сандығын ақтарып, тәтті-дәмдісін шығарып, дорбасының түбін қағып, құртын дайындайтын. Әжемнің құрты деген біздің ауылдың танымал бренді еді, сол бренд кейін менің себепкерлігіммен Алматыға дейін дос-жаран, туған-туыс арасына жетіп: - Шіркіііін!... Апаның құрты-ай... Дәмі ерекше жарықтықтың... – деп ауыздарынан суы құрып тамсанып отырғандарын талай көрдім. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ», - дегендей, ауылда жүрген кезімде аса қатты құмартпаушы едім. Қалаға оқуға келгелі бері роллтон, макароннан көз ашпағанда әжемнің асқан етін, ыстық бауырсағын, дәмі тіл үйірер құртын сағынатын болдым. Менің ауылдан келгенімді естіген жатақхана тұрғындары меңгерушімізден бастап кезекке тұрушы еді. Бәрінің тосатыны менің аман-есен келуім болмаса да, әжемнің мен үшін сары майдай сақтаған құртын күтетіні анық еді. Енді міне, өзі аш бола тұрып, менің тоқ болуыма барын тосқан, өзінің киімі жыртық болса да, артық бір жібін менің үстіме ілген ғазиз жанның өмірінің соңғы сәттерінде жанында болып, басын сүйеп, қолымнан сусын ішкізе алмағаным ішімді удай ашытып, жанымды аяздай қариды. – Әттең! Әттең... Неге шетел асып, жырақ кеттім асыл әже жанынан? Алматыға барып еліміздегі іргелі оқу ордасын бітіргенім бір басыма жетпей, кейіннен магистратураны аңсадым. Ақыры аңсаған арманыма қиындықпен болса да қолым жетіп, магистратураға оқуға түстім. Сөйтсем, менің қанағатымның шет-шегі жоқ екен. Магистратурада оқи жүріп, университеттің екі жақты диплом бағдарламасы бойынша Ресейдің Санкт-Петербург қаласының университетінен грант ұтып алдым. Шетелді бітірмесем де, бір қызметті дөңгелетіп әкететін қарым-қабілетім жеткілікті еді ғой. Неге құмарттым бұл орыстың іліміне? – деп өз-өзімді жазғырып келемін. Сол сәт ойыма Қалқаман Сарин ағамыздың «Анашым» атты өлеңінің:

Не таптым, белден кетіп бетегелі?!

Қалаға қаңғыбас ой жетеледі.

Жақұттап жазу үшін осы өлеңді,

Он жылдық білімім де жетер еді... –

деген жыр шумақтары орала берді. Шынымен де, өзімді, әжемді, отбасымызды асырауға он жылдық білімім де жетер еді-ау. Бірақ қатарымнан қалмай оқып-тоқығанымды, көзі ашық, көкірегі ояу азамат болғанымды қалаған сол әжемнің өзі емес пе еді?!

Әжем негізі кириллицамен жаза алмаса да, төте жазуды жақсы меңгерген, ескіше хат танитын сауатты кісі еді. Кезінде Қытай жерінде соттың оқуын тәмәмдап, Бейжіңге оқуға жүргелі тұрғанда атаммен бірге отау көтеріп, бас айналдырар мансаптан бас тартып, қарапайым отбасы бақытын таңдағаны қазіргі кей қарындас-әпкелерімізге үлгі боларлық іс. Өздері оқымаса да, ұрпағының оқығанын арман еткен ата-әжем, қыздарының оқуларына бар жағдайды жасайды. Тіпті, бір қызы Алматыдағы бұрынғы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, белгісіз себептермен тастап кеткеннен кейін менің оқуымды алғашқылардың бірі болып қуаттап, қолдау көрсетіп отырды. Оның дәлелі бала кезімде өзім куә болған мына бір оқиға.

...Қателеспесем, 1997-ші жылдың қақаған қысы. Ай сайынғы әдеті бойынша отбасы шаруаларымен әжем қаладан келіп, алған заттарын реттей бастады. Иесінен сүйек күткен күшіктей мен де әжеме қарағыштап қоямын, менің не күтіп тұрғанымды сезгендей, сөмкесің бұрышынан сыртында басына кимешек киген әжесі мен немересінің суреті бар «Ана тілі» оқулығын алып шығып: - Балам, мына кітапты жыртпай күтіп ұстап, жақсы оқып, оқуда озат бол. Басқа зат, артық тамақ алмай сенің оқуың үшін аузымыздан жырып, тауып беріп отырған жайымыз бар. Сондықтан, қадіріне жет, құлыным... -деген сөзі маған білім мен ғылымның қадірін мәңгілікке ұғындырып кетті. Тоқсаныншы жылдардағы еліміздің түкпір-түкпіріндегі ауыл, елді-мекендердегі халықтың ахуалы осындай бейнеде еді.

Уақыт шіркін сынаптай сырғып, білінбей өте берді. Алтын ұя мектепті де тәмәмдап еліміздегі алдыңғы қатарлы оқу орындарының біріне оқуға қабылдандым. Менің оқуға қабылданғаныма қуанып, бір жағы перзентінің өзінің бауырынан жырақтап, алысқа кететінін ойлап, қамығып, екіұдай күй кешкен әжемнің бейнесі күні бүгінгідей көз алдымда. Алматыға аттанарымда ол кісінің: - Балам, сен бүгін ер жетіп, азамат атанып үлкен өмірге қадам басып отырсың. Енді міне, аз уақыттан соң «студент» атанып, білімнің дариясына шығасың, жаңа орта, жаңа достар табасың. Бізден жырақта өмірдің әр түрлі сынақтарына кез боласың, шыңдаласың, шынығасың, тағдырдың талқысына түсесің. Бірақ, балам, қандай жағдай болса да, басыңа қандай іс түссе де, өзіңнің мұсылман үмметі, исі қазақтың перзенті және біз секілді қара шал мен сары кемпірдің ұрпағы екеніңді ешқашан есіңнен шығарма! Алматы - үлкен қала. Қалада жүрсең де, даланың баласы екендігіңді ұмытпа, дініңе, тіліңе, ата-баба салт-дәстүрлеріңе бекем бол! Самайына ақ түскен қария көрсең алдын кесіп өтпе, шамаң келсе, керісінше, ісіне жәрдем бер. Кең бол, кең болсаң кем болмайсың! Әділ бол, әрі иманыңа кәміл бол! Туыстық байланысты үзбе! Білімге ынталы бол, әр нәрсені ден қойып, мағынасын түсініп оқы, - деп айтқан әжелік өсиетін өмірі ұмытпаспын.

***

Біз мінген ұшақ Алматы әуежайына қонып, туған жерге табаным тиді. Кедендік бақылауға барар жолда бір түрлі көңілім нілдей бұзылып, көзім жасаурап, тамағыма өксік тығылды. Бақылаушы қыздың не ойлағанын кім білсін?! Әйтеуір, жасаураған көзіме қайта-қайта қарайлай берді. Оған қарар шама қайда, тезірек кедендік бақылаудан өтіп, жүгімді алып, жылдамдатып сыртқа шықтым.

Әуежайдың алдында жатақханадан таныс өзіммен аттас Бауыржан деген жолдасым темір тұлпарымен күтіп тұр екен. Мені көргеннен қарсы жүріп, қапсыра құшақтап көңіл айтып, сабырға шақырды. Мен болсам, Петербордан шыққалы бекіткен дәтімнің тиегін ағытып, көз жасыма ерік бердім. Жатақханада бір қазаннан ас ішіп, өмірдің ащысы мен тұщысын қатар көрген жанға шер тарқатып алып, тікелей Алматы-2 теміржол вокзалына тарттық.

Біз келсек, «Алматы-Защита» бағытына қатынайтын жүрдек пойыз орнынан қозғалайын деп тұр екен, дереу Бауыржанға рахметімді жаудырып вагоныма көтерілдім. Бәукең болса, қол бұлғап, соңымнан ұзақ қарап қала берді.

Вагондағы орным купе болса да қарама-қарсы екі ғана адам екенбіз. Елге жақындаған сайын әжемнің бұл дүниеде жоқ екеніне сене бастаған соң ба, көзім жасаурап, тамағыма өксік тығыла берді. Жанымдағы жолсерігіме білдірмейін деген оймен қайта-қайта жуынып мазам кетті. Ол да сезді-ау деймін: - Че там брат? Не болып қалды? Все в порядке? – деді, қазақша-орысша аралас сұрағына қарап, - сен де Өскеменнің шала қазағының бірі шығарсың, – деп топшыладым да, - Нет, все в порядке. Просто... – деп оқталып барып, - Шала қазақ ата-әженің қадірін қайдан білсін?! – деп түйдім де үнсіз қалдым. Купе ішінде ұзақ уақыт үнсіздік орнады. Серігім шылым шегуге сыртқа кетті. Мен өз ойым өзімде болып купеде қала бердім.

***

Таңғы елең-алаңдағы күздің қара суығында Аякөзге де жеттiк. Бейуақта келгендiкi ме, әлде күздің қара суығына шыдамай вокзалға тығылған ба, айналадағы адамдардың қарасы аз. Мені тосып алуға аталас ағамыз келген екен. Әскери адам болғандықтан ба жол бойы көп тіл қатыспадық.

Міне, Айнабұлақтың желкесінен аса бергенімізде мен мұндалап туған ауылымның түтіні қол бұлғайтындай. Жалпы, шығыста әсіресе, біздің ауданда суық ерте басталып, ел жаппай үйге от жағуға кіріседі. Жаз бойы еңбек демалысында болып күлденген, сыланып, ақталған пеш жарықтық ішін тартып, баяу будақтап ауыл аспанына ақ арқан еседі. Сол туған ауыл түтініне, әжеме деген сағыныш көңілімді босатып жіберді. Көзім жасаурап, ағама қарай алмай біресе туған ауылыма, біресе шет-шегі жоқ дархан далаға қадалып отырып: - Апаны Дәуленге қоя ма? – дедім, ағам: - Иә, атаңның жанына... – деп күңк ете қалды. Тіл қатысу да осымен тәмәм болды.

Осы кезде біз мінген көлік жүйткіп ауылға кіре бере жылдамдығын азайтты. Міне, көзіме жылы ұшырай балалық шағымның куәсі болған бiздiң үйдiң қора-қопсысы, лапас-қоршауы көзіме оттай басылды. Жыл сайын екі келіп кететін, тiптi, жазғы демалысымның барлығын дерлiк осында өткiзетiн құтханам ғой бұл менiң.

Байқап қарасам, үйдің маңайы жаназаға жиналған ығы-жығы халық екен. Ауылдың адамдары бар, арысы Алматы, Астанадан және де еліміздің басқа қалаларынан жиналған туған-туыс, әжемнің көңіл жықпас дос-жарандары, тамыр-таныстары, барлығы дерлік жиналып, тек менің келуімді ғана күтіп тұрған беттері екен.

Менің Петербордан шыққаныма да екі күннен асыпты, техника қанша дамып, адамның мүмкіндіктері көбейсе де одан ерте жеткізе алмады. Бірақ осы үлгергеніме де шүкіршілігімді айтып, есіктің алдына жете кілт тоқтаған көліктен құстай ұшып: - Апа! Апатайым-ай... Ақ сүтіңді ақтай алмадым-ау... Дала безер ақымағыңды кеше гөр! – деп қалың топқа қарай жүрдім. Қаралы топ сілтідей тынып, мені есіркегендей мүләйім қалпы тұр. Бірі қыбыр етер емес. Жақындай келе таяқ ұстап, жүздерін беторамалмен басқан жеке топқа ұмтылдым. Бұл топта әжемнің бауырлары, баласы және менің туған інім тұрған еді. Барлығымен көрісіп, болған соң өзім талай еңкейіп кірген, еңселі Ақ Ордам көзіме оттай басылды. Менің келгенімді біліп, сезіп отырған апайларым ұлардай шуласып, жоқтау айтып жатыр. Бағанадан өз-өзіме бекем болып келе жатқан мен шыдай алмадым. Ауыр өксіп: - Апа! Апашым! Апатайым-ай... – деп сылқ етіп отыра кеттім. Бір сәт ауыр жол мен қайғыдан есім ауып қалған секілді. Барлығы бәйек болып, су әкеліп шапқылап жүр. Аздап ес жиып, еңсе тіктеген соң апайларыма басу айтып, сабырға шақырып, ауыл имамы мен әжемнің бауыры Аймұхаммед ағаға мойын бұрып:

- Ал, апам ... қайда?

- Өзі жататын бөлмеде...

Менің мәйіт жатқан бөлмеге беттегенімді біліп, апайларым еңiреп қоя бердi. Төбе құйқам шымыр еттi. Дереу әжем жатқан бөлмеге беттеп: – Мұнда кiруге бола ма? – дедiм иегiммен әжем жатқан бөлменi нұсқап. Ауыл имамы есiк орнына етегiн жер сыздыра қымтап қойған қалың жапқыштың бiр шетiн көтерiп, iшке кiргiзiп жiбердi. Бөлмедегi жиһаз, сандық сынды бұйымның бәрi шығарылған. Тек бөлмеде табыт тұр. Үстiнде ұзыннан түсiп әжем жатыр. Жағы түспесiн деп байлап қойғаны болмаса, ұйықтап қана жатқандай. Жоқ, жүзiнен қаны қашып, күлбеттенiп кетiптi. Сонда да пенделiк әуестiк пе, әлде балалық қимастық па, әйтеуiр сондай бiр беймағлұм естанды халде бетi-қолын ұстап көрдiм. Баяғыда мұздап, тас боп қалған. Еңкейiп, маңдайынан иiскедiм. Суық та жат иiс. Бала кезiмде үнемi иiскеп жатпасам, ұйықтай алмайтын, қалаға кеткенде жылына екі келiп, иiскеп кетпесем көңiлiм көншiмейтiн әжемнiң өзiне ғана тән иiсi... ендi жоқ екен. Мынау мүлдем бөтен иiс.

Бір кезде молда:

- Болды!... – дегендей ишара білдіріп, мені сыртқа алып кетті. Мәйітті шығаруға мені ғана тосып отырған ауыл адамдары дереу марқұм әжемді ақтық сапарына лайықты шығарып салуға кірісті. Әуелі, барлығы сап түзеп, құбылаға қарап, төрт тәкпірлі жаназа намазына ниет етті. Мен де алдыңғы сапқа тұрып, ниет еттім. Осы кезде әулетіміздің әжемнен кейін қалған үлкеніміз Керейхан ата ортаға суырылып шығып әжем жайлы аз-маз лебіз білдіріп, жиналған жамағаттан:

- Марқұмның қарызы бар ма? – деп үш қайтара сұрады, ал жамағат болса бірауыздан: - Жоооқ! Қарызы жоқ! – деп күңіренді.

Иә, саналы ғұмырында біреудің сабақтаулы ине-жібін алмаған әжем қарыз атаулыдан шошып отыратын, алған болса, қайтарғанша жанын қоярға жер таппаушы еді. Енді міне, сендер маған қарыз болмасаңдар, мен сендерге қарыз емеспін дегендей табытта қимылсыз жатыр.

Жамағаттың жауабынан соң имам дереу құлақ қағып, жаназа намазы оқылды. Әуелі, Сана дұғасынан кейін мүлгіген тыныштық орнады. Намаз үсті діни әдебиеттерден оқыған мына бір оқиға ойыма оралды.

Бір күні немересі атасынан:

– Ата, адам өмірі қаншалықты ұзақ? - деп сұрады. Атасы немересінің сауалына риза болды да:

– Оның мөлшері азан мен намаз арасындағы уақытқа сыйып кетеді, - деп жауап берді. Немересі атасын түсіне алмай:

– Ата, бұл қалай сонда?

– Міне, қара балам. Адам өмірі намаз оқылмайтын азан мен азан шақырылмайтын намаз аралығындағы уақыт үзігіне сыйып кетеді.

Немересі онан сайын шатаса түсті:

– Бұл қалай болғаны? Намазсыз азан, азансыз намаз болушы ма еді?

Атасы күлімсіреп былай деді:

– Балам, есіңде ме? Екеуміз өткен аптада көршінің үйіне барып едік қой. Менен нәрестенің құлағына азан шақыруым сұралды. Мен сенің мектептен келгеніңді күттім де, екеуміз бірге бардық. Мінеки, бұл – азаннан кейін намаз оқылмайтын жағдай. Сен өзің куәгер болдың емес пе? Азаннан кейін ешкім намаз оқымады.

– Иә, ата, рас айтасың. Бәрі де солай болды, - деген немересі терең ой құшағына енді. Атасы сәл кідірді де жалғастыра берді:

– Енді азансыз намаз туралы айтайық. Бірнеше ай бұрын сенің көкең қайтыс болды. Біз бәріміз жаназа намазын оқыдық.

– Иә, ата! Бұл да есімде. Жеңгеміз қатты жылап еді, басқалар да жылаған болатын.

– Егер сен назар аударған болсаң, жаназа намазының алдында ешкім де азан шақырған жоқ. Асылында, жақсылап ойланатын болсақ, бұл намаз үшін азан әлдеқашан шақырылып қойған. Сенің көкең дүниеге келгенде оның құлағына бір кісі азан шақырған болатын. Балам, менің не айтқым келгендігін түсіндің бе? Біздің өміріміз намазы жоқ азанмен басталып, азаны жоқ намазбен аяқталады - депті қария.

Иә, қамшының сабындай қысқа ғұмыр... Ерте ме, кеш пе осы жерде әжемнің жаназасына қатысып тұрған біздерге де біреулердің намаз оқуы уақыттың еншісінде. Адамзат баласы ықылым заманнан бері өлімнен қорқып, ажалды айналып өтетін жол іздеген. Ақыры сол қашып жүрген ажалдың тырнағына өздері барып түседі. Бұл да бір өмірдің бұлжымас заңдылығы.

Кезінде мәңгілік өміріді аңсаған бабамыз Қорқыттың өзі ақырында: - Қайда барсам да Қорқыттың көрі – деп мойынұсынған екен. Міне, әжем де мойынұсынғандықтан да табытта қимылсыз жатыр.

Намаз біткен соң ерлер жағы мәйітті көтеріп жүк машинасына тиеп, қабір басына баруға ыңғайланды. Мәйіт тиелген жүк машинасын алға жіберіп, шетелдік көліктер қаралы сапқа тұрып, қабір басына ілби бет алды. Біздің рудың аруақтары жатқан қабірстан ауылдан төрт шақырымдай жерде еді. Әжемді жер қойнына қимағандықтан ба, әйтеуір, тез жеткендей әсерде қалдым. Жерлеуге асыққандай әжемді қабір басына тез алып келгенімізге жүрегім ауырды. Бір түрлі қимаймын...

Бір топ ауылдың азаматы жабылып, мәйітті түсіріп, жүзін құбылаға қарата аса сақтықпен қойып, арнайы дайындалған бетонмен үстін бекітуде...

Міне, соңғы бетон әжем мен бас жағында таяқ ұстап тұрған менің арамызды көлегейлеп, жауып үлгерді. Бұл менің асыл әжемнің шуақ шашқан жүзі мен мейірлі бейнесін ең соңғы рет көруім. Еркімнен тыс бір тамшы жас көзімнен ыршып шығып:

- Апа... Апатай! – деп соңғы рет дауыс салдым.

***

Бұл қаза, әсiресе, үлкен апайыма ауыр тидi. Әншейiнде кісіге есесін жібермейтін, анау-мынауға былқ етпейтiн дәті берiк кiсi еңсесi түсiп, бiр уыс болып шүңкиiптi де қалыпты. Қайта-қайта көңiлi босап, кемсеңдей бердi. Ендi қайтсiн! Жарты ғасырдан астам жұп жазбай ғұмыр кешкен, өмiрдiң қызығы мен шыжығын бiрге көрген аяулы анасынан бiр-ақ сәтте айырылып қалу оңай болып па?! Көз алдым булана берген соң шыдай алмай, сыртқа шықтым. Есiк алдында аға-iнiлерiм қаз-қатар тiзiлiп, таяқ ұстап тұр екен. Сырттан келген ел-жұрт әуелi соларды бас салып, көрiсiп жатыр. Көпшiлiгi бейтаныс. Оқшауланып, жаздық үйдiң ық жағына шықтым.

Ызғырық. Бет-аузымды ғана емес, өзегiмдi, бүкiл iшкi дүниемдi сумаңдаған суық тiлiмен аяз қарып жатқандай қалтырай берген соң, жадыраған жазғы шуақты аңсадым.

Қасыма келген анам мені есіркей әжемнің өмірінің соңғы кезеңдерін сағынышпен еске алды. Негізі, мен анамды бетіне тік қарап, - Ана! Анашым! – деп атап көрмеппін. Оған ол кісі де қуанбаса, ренжімейді. Өйткені, мен тұла бойы әжемнің меншігі болып кеткенмін. Екеуміз де соны ескеріп, бір бірімізге жолай бермейміз. Құдды мен ол кісінің туған бауырындай, ол кісі менің туған апайымдай болып кеткен. Бірақ әжем көзі жұмылғанша менің ол кісіні: - Ана! – деп атауыма немесе ол кісінің мені: - Балам! –деп атауына қарсы болған емес. Барлығын екеуміздің еркімізге қалдырып, таңдауымызға қарсы келмеген. Енді міне, анам екеуміз де дүниедегі асыл жанымыздан айырылып, жаздық үйдің артында бүрісіп отырмыз.

Ұзақ уақыт үнсіздіктен соң: - «Апаң ауырып жатыр... – дегенді естіп, қаладан келсем, ол кісі дәл осы сен отырған үйдің бұрышында бүрісіп, батқан күннің шапағына бір түрлі қимастық сезіммен қарап отыр екен» - деп бастады анам әңгімесін. - Тәте (қыздарының барлығы әжемді осылай атайтын), бұл жерде неғып отырсыз? Бір жеріңіз ауырып отыр ма? –деген сауалыма, терең күрсіне, - Баламды, Бауыржанымды қатты сағынып кеттім. Мына жерім сағыныштан удай ашып отыр... – деп кемсеңдей кеудесін басты. Мен қапелімде не дерімді білмей, - Тәте... Қой... Балаң қыста келеді, аз қалды ғой... – дедім.

Бір уақытта мені шошып қалды деп ойлады ғой деймін, бірден, - Иә, құлыным бұйыртса келеді... келеді... – деп бірнеше рет қайталады» - деп әңгімесін аяқтады.

Ал, мен болсам, көзімнен аққан жас бетімді жуып, үнсіз егіліп отырмын. Дәл мен отырған жерде отырды дегенін естіп, бәлкім, аналық мейірімінен қалған жылуды сезермін деп, астымдағы бетонды қолыммен аялай сипап қоямын.

Әжемдi өз қолыммен жерлесем де оның бақилық болғанына көпке дейiн сене алмай қойдым. Ертелетiп ағам (бәлкім, біртүрлі естілер әжемнің тұңғышынан айырылған соң үлкен апайымызды біздер осылай атайтынбыз) пештiң көмейiн түрткiлеп, күл ала бастаса әжем жүргендей-ақ елеңдеп, тың тыңдаймын. Бейуақта есiк ашылса жан әжем қолына бір уыс құртын алып келе жатқандай елегізимiн. Тiптi, ту сыртымнан бiреудiң көз салғанын сезсем, әжем екен деп жанұшыра жалт қараймын. Жоқ, бәрi елес, бәрi әншейiн емексу мен елегiзу ғана.

Осы сезiмдердiң жетегiнде қазанның қара суығында Петерборға аттандым. Санамда анталаған сан сұрақ: «Қайран, апам-ай! Бұл жалғанда бiздің бақытымыз үшiн арпалысып, тырбанғаннан басқа не қызық көрдiң? Өзiң түн ұйқыңды төрт бөлiп, бағып-қаққан мына бiз саған не қызық көрсеттiк?»

P.S. Жығылсам да қайта тұруға талпындым, АПА. Сізге ұқсас адамды көргім келіп қанша жаутаңдасам да мен үшін ыстық сол бейнеңізді қалың көпшіліктің арасынан көре алмай пұшайман боламын. Әр таңда сіздің ерніңіздің табы қалған сол маңдайдан ешкім келіп сүйе қоймады. Енді асыл бейнеңізді қанша еске алсам да сағынышымның басылмайтын білемін. Ендігі жерде қолымнан келері тек Құран оқып, дұға бағыштау. Жатқан жеріңіз жайлы болсын, ЖАН АПА!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар