Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Мәлікті батыр Бауыржан ағасы "Қара тентегім!" деп атапты

15.11.2016 240

Мәлікті батыр Бауыржан ағасы "Қара тентегім!" деп атапты

ШЫНАЙЫ ДОСТЫҚТЫҢ ШЫРАЙЛЫ БЕЙНЕСІ
 (Қазақ халқының қос батыры Бауыржан Момышұлы мен
 Мәлік Ғабдуллиннің достық қарым-қатынасы жайында) 

Еуразияның алып атырабын ат тұяғының дүбірімен сілкіндіріп, Сары теңізден Қара теңізге дейінгі ұланғайыр өлкеде емін-еркін билік құрған кешегі ержүрек көшпенділердің ұрпағы қазақ халқының тағдырына замандар өте отқаруы сайлы, отырықшы жұрттардың отарына айналып, бодандық қамытын кию жазылған екен. Қазақ халқына бодандық қамытын кигізген Патшалық Ресей алаш баласының рухын жаншып, езгіде ұстауды, заманауи қаруларды меңгертпеуді, тұрақты, кәсіби әскер қатарына жаппай шақырмауды жөн санады. Әлсіз қаруланған халық көтерілістерін басып-жаншумен қатар, «бұратаналар сенімсіз, соғысқа қабілетсіз, қорқақ» деген жалған желеу таратып, оларды тек қара жұмысқа ғана тарту ақ патша билігі тұсында орын алса, Кеңес үкіметі тұсында ІІ дүниежүзілік соғысқа дейін Орта Азиялықтарды, оның ішінде қазақ-қырғыз жастарын жаппай әскерге шақыруға онша құлықты бола қоймағаны белгілі. Жеті жылға созылған Екінші дүниежүзілік соғыс, әсіресе оның соңғы төрт жылы, яғни Кеңес Одағы тарихында «Ұлы Отан соғысы» атанған заңды жалғасы алып империяның құрамдас бөлігі – қазақ халқы үшін де сыналар шақ, сындарлы кезең болды. Ортақ Отанды қорғау үшін қолына қару алып майданға аттанған қазақ жауынгерлерінің алдында қанды қасап ұрыста қаскөй жаудан қаймықпай арпалыса жүріп, ержүрек халықтың қаһарман ұл-қыздары екендіктерін дос пен дұшпанға мойындату миссиясы да тұрды және оның қалай орындалғанына аталған соғыстың тарихи барысы куә. Ұлы Отан соғысында көрсеткен көзсіз ерлігі үшін 100-ден астам қазақ Кеңес Одағының батыры атағына ие болыпты. Белгіленген жауынгерлік норманы әлденеше есе асыра орындаса да әр түрлі себептермен ерлігі лайықты бағаланбағандар қаншама?!

 Сол бір сұрапыл соғысқа қатысқандардың барша қаһармандарын бөле-жармағанымызбен, солардың арасында аты ерекше аңызға айналған, батырлық, қолбасшылық, қайраткерлік, ғалымдық, жазушылық, ұстаздық сияқты сан салалы қасиетімен, қабілет-қарымымен ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан дара тұлғалар бар. Қазақ халқының мақтанышына айналып, әлемге мәшһүр болған ұлт зиялылары – Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллиндерді біз осы қатарда ерекше атай аламыз. Бірі қасиетті қазақ даласының Алатауы мен Қаратауы ұштасқан оңтүстігінде, бірі жалпақ жатқан Сарыарқаның жасыл аралы, шоқтығы атанған Көкшетауда дүниеге келіп, майдан даласында аға мен іні болып табысқан Бауыржан Момышұлы мен Мәлік Ғабдуллин арасындағы достық қарым-қатынасқа тоқталмақпыз. Өйткені осы екі тау тұлғаның арасындағы риясыз қарым-қатынас – «біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп дана Абай айтқанындай, қазақ азаматтарының бірін бірі шынайы дос-бауыр тұтып, қандай алмағайып қиыншылық сәттерде болмасын, бірін-бірі қолдап-қорғаудың, қошеметтеп демеудің, табысына қуанып, кемшілігі болса күлбілтелемей тура айтып, оған бола кектенбеудің, ең бастысы – Отанын, туған елін, жерін, оның салт-дәстүрін сүюдің, сүйіп қана қоймай оны қорғау жолындағы соғыс һәм бейбіт заманда да көзсіз ерліктерге барудың шынайы үлгісі десек артық айтпағандығымыз деп білеміз. 

 Ысылған тәжірибелі командир Бауыржан Момышұлы мен аяқталған кандидаттық жұмысын қорғап үлгерместен соғысқа аттанған Мәлік Ғабдуллиннің жорық жолы кейіннен Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизия атанған әйгілі 316-атқыштар дивизиясында қатар өрілді. Қазақстан мен Қырғызстан тұрғындарынан жасақталған осы бір әскери құрам жоғарыда айтқанымыздай, көшпенді халық ұландарының қайтпас қайсарлығын айқын дәлелдеді. 

СС 4-танк группасы қолбасшысы генерал-полковник Эрих Гёпнер, 8-гвардиялық атқыштар дивизиясы туралы СС Орталық группасы қолбасшысы Федор фон Бокке былай деп мәлімдеген екен: «Соғыс жүргізудің барлық жарғысы мен ережелерін бұза отырып ұрыс жүргізетін тағы дивизияның солдаттары берілуді білмейді, мейілінше өлермен және олар өлімнен де қорықпайды». Жауларының өзі осындай баға берген даңқты дивизия құрамында бірге шайқасқан қос батырдың ерекше үндестікпен шынайы сыйластықпен араласуына олардың ұлттың әдебиеті, мәдениеті, тарихы тұрғысындағы ортақ көзқарастары да себеп болғаны анық. Мұны екі батырдың өзара жазысқан көптеген хаттарынан байқаймыз. 

Батыр Баукең Мәлік інісіне жазған хаттарын көбінесе: «Қалқам, Мәлігім, қара тентегім, - деп бастап, жылтыр қара торы бетіңнен сүйдім! - деп аяқтайды. Ал Мәлік інісі: «хат жазушы, өзіңіздің жалбағай жаман ініңіз Мәлік деп білерсіз» деп інілік еркелік танытады. Оқ пен оттың ортасында жүрсе де, шайқастан қолдары қалт еткенде аталған мәселелер жайында пікір алмасып, тыл төріндегі астана Алматыдағы әдеби үдеріске үн қосып, жеке, бірлесе ой-пікірлерін жазып, әдебиет алыптары арасындағы кейбір көзқарастық тартыстарға басалқы, басу айтуды – елім деп соққан үлкен жүректі екі тұлға әр кез азаматтық парызымыз деп санаған. «Өсер елдің баласы бірін бірі батыр дер» дегенді ұстандым деп жазады бір хатында Мәлік Ғабдуллин. «Ештен кеш жақсы» дегендей, көзі тірісінде әлденеше рет ұсынылса да түрлі мінәйі себептермен Бауыржан Момышұлына батыр атағы берілмей келіп, ақыры 1991 жылы ғана әділдік салтанат құрды. Ал Мәлік Ғабдоллаұлы 1943 жылы қазақ зиялылары арасында осы жоғары атаққа тұңғыш ие болған еді. 

Батырдың ерлігін жоғарғы орындарға лайықты бағалатып, тиісті атағын алуына командир Бауыржан Момышұлының күш жігері, еңбегі зор болды. 1943 жылы 15 ақпандағы бір хатында Мәлік Ғабдоллаұлы былай деп жазады: «Бұл атаққа ие болуда менің кызметім аз, қызмет жақсылық, істеген еңбек Сіздікі. Сіз болмасаңыз ескерусіз қалған әңгіме еді ғой. Сізге көп рахмет, тірі болсам жақсылыққа жақсылықпен жауап қайырылатыны сөзсіз. Тек тірі болайық». 

Бір құрамадағы қос батырдың майдан жолы осы жылдан бастап екі басқа арнаға түскенімен, үнемі хабарласып, жиі жолығып тұрғандығын өзара жазысқан хаттарынан, өздерінің және өзге де авторлардың шығармаларынан аңғарамыз. Тағы бір айта кетерлігі – екі батыр да проза жанрында елеулі қалам тарқанымен, поэзияға соншалықты бейіміміз бар деп есептемеген. Алайда, бір-біріне деген шынайы көңілден шыққан ниетті білдіруде «екі ауыз өлең шығармайтын қазақ болмайдыны» дәлелдегендей:

 ...Әлем бұрын білді ме? 
Қазақ деген ел барын. 
Жауға қарсы баратын, 
Оған ойран салатын, 
Жауынан кек алатын, 
Бауыржандай ер барын?
 ...Ел аузында аңыз боп, 
Атың қалды тарихта. 
Келешектік жас ұрпақ, 
Көзін салса тарихқа, 
Танысып сенің ісіңмен, 
Талпынар сендей болам деп... 

Бауыржан Момышұлына арнаған ұзақ өлеңінде Мәлік Ғабдуллин осылай толғаса, Мәлік Ғабдуллинге батыр атағы берілгенде Бауыржан Момышұлы мынадай жыр жолдарын арнайды: 

Ел күйзелген кезінде, 
Ерлік еткен бауырым. 
Жау жағадан алғанда, 
Батырлық еткен бауырым. 
Құтты болсын айтамын, 
Шын жүректен Мәлігім. 

Ел аузына жақсы атағымен ілінген екі үлкен тұлғаның өмір жолы үнемі тақтайдай түзу болған жоқ. Әсіресе, соғыстың бастапқы жылдары Сталин бастаған кеңес билігі жауынгерлердің рухын көтеру мақсатында ұлттық сана-сезімге, құндылықтарға еріксіз жүгінуге мәжбүр болған тұста олардың айтқан ой-пікірлері, оқыған баяндамалары кейіннен кері айналдырылып, жазықсыз жалаға ұрындыруға да соқтырған тұстары болды. 

Мәлік Ғабдоллаұлы бір хатында Бауыржан Момышұлы Қазақстанға нарком (Қорғаныс министрі) болып тағайындалса жақсы болар еді деген ойды жаза отырып, республикадағы терминжасам мәселесі жөніндегі ойын былай деп қорытады: «...Орысша қазақша тіл бірдей жүрсін, кеңселерде де қазақ тілі қолданылсын дегім келеді. Сонда ғана, біз термин мәселесін дұрыс шеше алатын боламыз. Сонда ғана қазақ тілі өркендейді, көркейіп өседі. Осыған байланысты, кейбір жақсы әдет-ғұрпымызды қайтадан қабылдап қалпына келтіруіміз керек». Бір-бірінің отбасына хабарласып, хал сұрасып, жәрдем-көмегін тигізіп тұрғандарына да көптеген хаттар мен деректі шығармалар куә болады. 

Дегенмен, өмір шындығының әдеби шығармаға, кинотуындыға айналып, оқырманға, көрерменге жол тарту барысындағы кейбір жаңсақтықтар әлдеқалай орын алып жатса, екі батырдың «Сократ менің досым, алайда шындық одан да қымбат» ұстанымына басқанымен, мұның арты бас араздығына ұласып жатпайтындығын көреміз. Осы тұрғыда Мәлік Ғабдоллаұлы былай деп жазады: Амал не, өздерін «жазушымыз» дейтін кейбір адамдар панфиловшылардың ерлігін әділ бағаламай жүр. Оладың жазғандарынан біреулерді асыра мақтау, сөйтіп панфиловшылардың ерлігін ертегіге айналдыру, ең сорақысы панфиловшыларды бір-біріне қарсы қою әрекеті барлығы байқалады.... А.Бектің жазғандарынан, әсіресе оның «Генерал Панфиловтың резервы» дейтінінен тарихи шындық көрінбеді, ерлік оқиға өтірігі аралас ертегіге айналады. Осы фактыларды көре-біле тұрып, Сіздің үндемей келуіңіз түсініксіз. Бәлкім, А.Бек жазған шығармалардың бас кейіпкері өзіңіз болғандықтан жазушының адресіне сын айтуды ыңғайсыз көретін шығарсыз. Егер оны «ыңғайсыз» деп ойлайтын болсаңыз, өз қара басым Сізді осындай ойда деп айта алмаймын, одан тарихи шындық үшін бас тартыңыз, турашыл пікіріңізді айтыңыз. …Мен Сіздің майдандағы ерлік қызметіңізді жоққа шығарғалы отырған жоқпын. Олай етуге әрекеттенсем, оным барып тұрып оңбағандық болар еді. Тіпті менің ашынғаннан айтқан бұл сөзімді кейбіреулер теріс мағынада пайдаланып, екеуіміздің арамызға от салу әрекетін жасауы да мүмкін. Біз ондайға еліктеп, ере қоймаспыз». 

Мәлік Ғабдуллин Мәскеудегі Саяси Бас басқармада қызмет атқарып жүрген кезде оған бірнеше рет әскериоқуға бару туралы ұсыныс түскендігін, осы жөнінде Бауыржан Момышұлынан ақыл-кеңес айтуын өтінуінен аңғарамыз. Майдан аяқталған соң Бауыржан Момышұлы әскери оқу, осы саладағы оқытушылық жолды таңдаса, Мәлік Ғабдоллаұлы соғысқа дейінгі атқарған ісін жалғастыру үшін әдебиеттану ғылымына қайта оралғаны белгілі. Міне, осы кезең, яғни өткен ғасырдың 40-жылдарының екінші жартысымен 50-жылдарының бірінші жартысы қазақ халқының айтулы екі тұлғасы үшін рухани тұрғыда үлкен қиындықтарға тап келген, сындарлы заман болды деп айта аламыз. 

 Сталиндік казармалық социализм шегіне жеткен кезеңде қазақ халқының ұлттық құндылықтарына, әсіресе, әдебиетіне, оынң фольклор саласына орны толмас ауыр зардаптар әкеліп, көптеген ғалымдардың еңбектері мансұқталып, ой-пікірлерінен бас тартуға мәжбүрленгеніне бүгінгі күн тұрғысында түсіністікпен қарауға тиіспіз. Өмірлерінің соңына дейін сыйласып өткен қос батырдың өнегелі ғұмыры қазіргі қай толқын ұрпаққа болсын шынайы үлгі. Екі батырға да лайық мінездемені Мәлік Ғабдуллиннің мына сөзімен бере отырып, мақаламызды түйіндемекпіз: «Сізге мақтағаным емес, айтатын шыным – Баукең шын мәнінде барлық адамгершілік қасиеті бойына жиналған адам, ержүрек батыр, ақыл-оймен ойлайтын кемеңгер жігіт. Мұндай адам тарихта өте сирек кездеседі. Тек аман-сау болуын тілеймін. «Өсер елдің баласы бірін бірі батыр дер» деген мақалды мен жақсы түсінем, білем. Баукең осы шеңбердің қайсына болса да сыятын батыр адам». 
 Асылбек Байтанұлы

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар