Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Екібастұз деген – қандай тұз?

11.11.2016 455

Екібастұз деген – қандай тұз?


(этнотопонимикалық ойлар)


екибастуз.jpg

Әр ұлттың өзіне тән, ежелден келе жатқан ойындары болады ғой. Мұндай ойындарға қазақ та кенде емес. Солардың бірі – «қағар» немесе «кагар» ойыны. Бала кезімізде бұл ойынды көп ойнайтынбыз. Көбінесе ер балаларға тән бұл ойынға қыздар араласып кететін кездер де аз болмайтын. Жалпы, «қағар» деген атаудың өзі «қағу» деген сөзден шыққан болса керек. Қағарды қала бері қазақтың, асса түркі бабаларымыздың ежелден бері ойнап келе жатқан төл ойыны деуімізге толық қақымыз бар.


Қағар – балаларды жылдамдыққа, ептілікке, қарсыластың күші мен ойын жоспарын аңғара білуге, кішкентай жастағыларды санауға үйрететін қозғалысты ойын. Қағарға ұқсас ойындар көптеген халықтарда бар. Мысалы, орыстың «чижигі», ингуштің «чиж» немесе «кулі» және т.б. Америкалықтардың танымал ойыны бейсболдың да көптеген элементтері қағарға ұқсас. Қазақтың «Шүлдік» атты ойынын да қағардың бір түрі деуге болады.


Енді «Қағарды» ойнау тәртібі туралы егжей-тегжейлі баяндайық.


Қағарды ойнау үшін көбінесе тақыр алаңқай жер пайдаланылады. Алаңқайға диаметрі шамамен 5-8 метрлік шеңбер сызылады. Ашық алаңқай болмаса, ғимараттардың терезесіз қабырғалары мен биік дуалдарды да пайдалануға болады. Мұндай жағдайда қабырғаның түбіне жарты шеңбер сызылады. Ойын ойнау үшін бір кез бен бір аршын аралығындағы ұзындықтағы салмақтылау келген ағаш таяқ пен сынық сүйем (12-15 см) өлшемдегі, жуандығы бір еліден артық, екі еліден кем мөлшердегі келтек таяқша керек. Таяқшаның екі ұшы аздап сүйірленіп жонылады.


Ойынға екі немесе одан да көп адам қатысады. Ойынды бастайтын ойыншы немесе команда анықталады. Ағаш таяқтың бір ұшынан келесі ұшына дейін екі ойыншы алма-кезек тұтамдап саумалайды. Таяқтың ұшын ең соңғы болып тұтқан ойыншы ойынды бастайды. Өзге командаластары кезекпен ойынға қатысады.


Ойынды бастаушы анықталған соң, ойын бағыты белгіленеді. Мұнда таяқшаны лақтырған кезде ойыншының көзі күнге шағылыспауы, желге қарсы болмауы ескеріледі. Ойынды бастаушы алаңның ішінде бір қолына ұзын таяқты, екінші қолына таяқшаны ұстап тұрады да, басының деңгейінде көтеріп лақтыра беріп, ұзын таяқпен әуелете ұрады. Осы кезде ол «қағар!» деп айқайлауы керек.


Шеңбердің сыртында тұрған ойыншылардың мақсаты – әуеде ұшып келе жатқан таяқшаны жерге түсірмей қағып алу. Мұндай жағдайда шеңберден ұру кезегі ұстап алған жаққа беріледі. Әрі алдын ала белгіленген ұпайға да ие болады. Ал ұстай алмаса таяқшаны келіп түскен жерінен көтереді де, шеңбердің ішін көздеп лақтырады. Мұндағы ескеретін қауіпсіздік жағдайы: шеңбер ішіндегі ойыншының бойынан төмен, тікелей бетке лақтыруға болмайды. Көлбеу траекториямен лақтыру керек. Ал шеңбердегі ойыншы ұшып келе жатқан таяқшаны шеңбер сызығының ішіне түсірмей, қолындағы таяқпен алысқа қағып жіберуі керек. Таяқша шеңберге түссе, ойын кезегі лақтырған адамға ауысады. Ал қағып жіберсе, таяқшаның барып түскен жерінен бастап үш рет шекіп ұруға құқылы. Сүйір ұшынан шекіп қалып, көтеріле берген таяқшаны барынша алысқа ұру керек. Ұшып барып түскен жерден бастап, осылайша үшінші ұрғанда түскенге дейінгі қашықтықты таяқпен немесе адымдап өлшейді. Қарсыласы бұл санауды қадағалайды. Егерде лақтырған таяқша шеңбер сызығына жартылай түссе, мұны «тақыш» деп атайды. Тақышты бір тізерлеп отырып, таяқты ұстаған қолды тақымнан өткізе ұрады.


Белгіленген ұпайлық межеге қай ойыншы немесе топ бұрын жетсе, сол жеңген болып саналады. Қағар ойыны осы күні ойнала ма екен, баяғыдай?


«Қазан ұрмай, қар жаумай»


Қазақтың дәл өзіндей қарапайым «әриайдай, бойдай талай» қара өлеңі қай заманда пайда болғанын ешкім де тап басып айта алмас. Кезінде этнограф ғалым Ақселеу Сейдімбектің қара өлең жайлы біршама зерттеу жасап, жинақтау жүргізгені белгілі.


Қазақтың қара өлеңі – құдіретім,

Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген, -


деп қара өлеңнің құдіретін бас иеген, тылсымына бойлай отырып, қайталанбас туындыларының көбісін қара өлең формасында жазып-ақ туған ұлтының ең танымал ақындарының біріне айналған ақиық Мұқағали:


Қара өлеңі қазақтың қаза болса,
Қара көзден неге қан ағызбайын...,-

деп бекер толғанған жоқ шығар-ау, сірә!


Алтайдың біз туып-өскен күн шығыс беті – қазақы қара өлеңнің нағыз қалың қаймағы еді. Бұл елдің кәрі-жасы үшін «қара өлең» мен «қара (кәрі) әуез» ұғымдары бір тұтас болатын. Қазір де солай. «Қара» деген сөзің өзі «қары» ескі, көне, байырғы деген ұғымдарды ды білдіретінін ескерсек, неліктен «кәрі өлең», «кәрі әуез» дейтіні өз-өзінен түсінікті бола кетеді.


Көңілім шалқып жатқан Дала көлдей,

Кәрі әуез не бар дейсің, сала бермей, -


деп кез келген кәрі-жас кезегі келгенде өзіне лайықты әуезбен қара өлеңнің бірнеше шумағын еркін қайырып жіберіп:


Өлеңді біз бастадық, сіз қостаңыз,

Ендеше, құрбыларға бердік кезек, -


деп топ ортаға әуез кезегін тастай салар еді. Кезек тигендер де көп күттірмейді. Бұл жаңағыдан басқаша, өзінің даусына, жасына, осы қоғамдағы орнына сай мәтіні бар, өзге бір әуезбен шырқай жөнеледі. Қара өлең көбінесе мынау өмірдің қамшы сабындай бес күндік жалған екенін, сондықтан да оралыңның барында өміріңді мәнді де сәнді өткіз деген сияқты, адам пендені парықсыздықтан сақтандырып, ойлантуға құрылады емес пе:


Дүние, ойлап тұрсам – шолақ екен,

Жас күнде күш пен қайрат мол-ақ екен.

Құлпырған жауқазындай қайран жастық,

Қар жаумай, қазан ұрмай солады-екен.


Мұндағы кейбір түйдек фразаларда халқымыздың ғаламзаттық болмыс пен құбылыстар туралы пайым-түсінігі жатыр. Мінеки, мынау «қар жаумай, қазан ұрмай солады екеннің» мән-мағынасына ой жүгіртейікші. Құлпырған гүлдей жастық – бір қарасаң, қазан ұрмай, қар жаумай-ақ солып қалады екен. Ендеше, «қазан ұру, қар жауу» деген не? Қыркүйек аяқталып, қазанның қара қатқағы басталып, жердің беті ерімтік қармен бүркелетін, қазіргіше қазан айының орта тұсын «қазан ұрған, қар жауған» шақ деп атаса керек.


«Қара өлең» дегенді «ұйқас түрі» немесе "сол ұйқаспен жазылған өлең» деп түсінетін мынау заманда ұлттық сөз бен сазымыздың синкретті қоспасы ҚАРА ӨЛЕҢ ӘУЕЗІН» өлтірмей, келесі ұрпаққа аманаттаудың шарасын қолдану қажет-ақ. Даңғазалы дарақы ән, бақылдаған бұралқы ән, түбі ұятқа қалдырар ұрлықы әннен құлақ сарсылған қазіргі тұста кейде жолдас-жорамен бас қосқанда кәрі әуездің сан түріне салып бір шер тарқатып алатынымыз болмаса, Атажұрттағы байырғы тұрғындар түгілі, Алтай асып келгендердің отыздан төменгілерінің өзі бір қайырымға жараудан қалып барады. Қазақтың жаны сөзі мен әнінде десек, бұл да болса, қазақы бояудың оңғаны болса керек. Қара өлеңге уызынан жарып, кәрі әуез сәби шағында құлағынан кіріп, жүрегіне қонған ұлдар мен қыздар ғана шын қазақылықтың иісі бұрқыраған кесек жырлар жаза алатындығына күмән бар ма!


Кежегем кейін тартып...


Сөздің этимологиясы деген ғажап қой. Әдебиетті, тарихты саясаттың қолшоқпарына айналдырып, сахнасында билетуге болар-ақ. Оған мысалды да алыстан іздеудің қажеті болмас. Алайда тілді бұған көндіру – қиынның қиыны. Тіл – өтірік айта алмайды. Кейбір «ежелгі» делінген кітаптар мен дастандардың түрі болмаса да, «бәленінші ғасырдың туындысымын ғой» деп тілі айқайлап тұрады емес пе! Осыған орай әр сөздің түбі – ғасырлардың қойнауына сүңгитін терең тарих. Тіпті күнделікті айтылып жүрген кейбір сөздеріміз бағыздан жеткен тілдік артефакт екенін аңғармаймыз ғой, кейде. Мысалы, біздің ауылдың келіндері, әсіресе үлкен әжелеріміз жылқыны «туар» деп тергейтін еді. «Мұны қайдан алды екен?» деп ойлайтынмын. Сөйтсем, ежелгі түркі бабаларымыз жылқыны «туар» деп атағанын, Ұлы Жібек жолы бойында жылқы сауда айырбасының бірлігі болғанын, орыстың товар (тауар) сөзінің арғы түбінде осы «туар» жатқанын кейіннен Олжас Сүлейменов еңбегінен оқығанда барып, туардың мәнін түсіндім. Мұндай архаизмнің көкесі біздің әжелердің тілінде көп-ақ. «Кежегем кейін тартып тұрғаны-ай» деп жатамыз кейде, әлденеге ерінгенде. Алайда осы «кейін тартқан кежегенің» не екеніне мән бере қоймаймыз. «Кежеге» – көне түркі тілінде ер адамның арқасына түсіре өсіріп өрген айдары. Бұл сөз тыва тілінде бәз баяғы мағынасында күні бүгін қолданылады. Монғол тілінде гежеге (қазіргіше – гэзэг) деп әйел адамның ұзын өрген бұрымын айтады. Демек, әлденені істеуден ерінуді арғы бабаларымыз осылай тұспалдаған екен.


Екібастұз деген – қандай тұз?


Қазақ даласындағы әрбір географиялық нысан атауының өз қалыптасу тарихы, жолы бар. Түркілік, қазақтық төл атаулармен қатар, Ұлы Даланың төсін шаңға, қанға бөктіріп, бауырындағы байырғы халқын торғайдай тоздырып, ғасырлар бойы иелік еткен басқыншы жұрттан қалған белгі-жұрнақтар та аз емес. Қазақ топонимикасындағы араб-парсы, қытай, орыс, монғол элементтерін осымен түсіндіруге болады. Соның бірі монғолша атаулар. ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырларда қазақ даласына монғол тілді тайпалар басып кіріп, екі ғасыр бойына едәуір жерін ен жайлағаны белгілі. Баянаула, Баянжүрек, Байынқол, Сайхан, Алтынемел т.б. толып атауларды Алтайдан Жайыққа дейін жүздеп табуға болады. Солардың бір екеуіне қатысты ойымызды білдірсек. Алматы олысында Қастек атты атау бар. Қастек – бұрындары жоңғар қолбасшысының аты екен десе, кейбір деректерде шапырашты руының батыры, 1723 жылы жоңғарлармен соғыста қаза болған Қастек Жарылғапұлының атымен аталған делінеді. Қалай десек те Қастек – қазақ яки, түркі сөзі емес. Бұл жерде ежелгі Урунг-Ардж қаласы болған деген деректі табасыз. Қастек батыр бұл жерде өмір сүрді, немесе қаза тапты дегенге таласымыз жоқ, алайда біз Қастек – монғолша (қалмақша) Қостек – Қос шоқы деген сөзінен шыққан атау деп жорамалдаймыз. Қастек өңірінде әлі болғамыз жоқ. Бірақ сол жерде өмір сүретін, білетін адамдар Қастек елді мекеніне жақын маңда егіз екі шоқы көрсе, сөзіміздің анық болғаны. Монғол тілді рулар мекндеген өлкелерде Бөртек, Қостек, Шартек аталатын оронимдер жиі ұшырасады.


Тағы бір сөзге өз болжамымызды айтпақпыз. Бұл – Екібастұз атауына қатысты. «Екі» – «бас» – «тұз» деген үш сөздің бірігуінен жасалған, қазіргі күні әлемге әйгілі көмірлі алаптың, сондағы ірі қаланың атауы туралы мынадай аңыз бар: «Ұзақ жолдан шаршаған сауда керуені сары далада аялдап, ас ішіп, ауқаттанбақ болады. Жолазықтарын пісірмек болып, жағатын тезек отын іздейді. Тышқанның інінен шығып жатқан түйір-түйір қара домалақ тастарды көрген керуеншілердің бірі оларды теріп әкеліп, тезекпен бірге отқа тастайды. Отқа түскен түйір қара тастар қызуы күшейіп, жанады. Мұны көрген керуеншілер: «Жанатын тас шығатын жер екен. Бір белгі қойып кетейік. Елге барған соң, басқаларды ертіп келіп, өнім аламыз», - дейді. Саудалауға әкетіп бара жатқан үлкен екі кесек тұзды бірінің үстіне бірін қойып қалдырып кетеді. Кейін көпшілік жиналып, белгілеп кеткен жерін, орынды екі тұз қалған жер деп іздейді. Содан Екібастұз аталып кеткен». Бұл енді фольклорлық аңыз. Шын мәнісі бұдан басқа болуы тиіс. Екібастұз – ежелден сортаң, тұзды өлке. Жоғары келтірілген аңызда да тұз тілге тиек етілуі мүмкін емес. Ежелден осы өңірден, Көкшетау маңынан Бұқара, Ташкентке тұз артқан керуен жүргені тарихтан мәлім. Мәшһүр Жүсіптің бір жазбасында Арқадағы Абылай ханға Бұқар әмірінің "май қатығын" сұратқаны айтылады. Мұның не екенін он төрт жасар Жанайдар бала біліп "бұл тұз" дейді. Ақыры көп түйеге тұз артқан керуен Бұқараға жетіп, ханның қабылдауында болған кезде Жанайдар әмірді екі рет сөзден сүріндіреді. Соның бірі "Менің жерім асыл ма, Абылайдың жері асыл ма?", - деген сұраққа: "Сіздің жеріңіз асыл болса, суды Самарқаннан алдырып ішпес едіңіз, тұзды Сарыарқадан сұратпас едіңіз. Абылайдың тұрған жері - Сарыарқа. Екі басса бір бұлақ, екі басса бір тұз. Екі үйі бір бірінен тұз сұрамайды" деп жауап беретіні бар. Және де Кереку өңірі бір замандарда батысқа қарай ентелеген дөрбеттердің, кейіннен Шідертіге дейінгі алабы Жоңғар хандығының иелігінде болғаны мәлім. Абылай ханның екі жүздей адаммен қолға түсетін жері де осы – Шідерті. Ұзақ жылдар жат халық жайлаған жердің байырғысы көмескі тартатынын қазіргі орысша атаулардан көріп отырған жоқпыз ба!


Екібастұзға қайта оралсақ – бұл монғол (қалмақ) тілінің «Екі» – «дабысты» және «ұс» – Екідабыстұс – «Үлкен тұзды су» деген мағыналы сөзінен шыққан деп бағамдаймыз. Тіпті, соңғы сөзі «тұз» болуы да мүмкін. Оның дәлелі Бетпақдалада Дабсунтуз атты көл бар. Мұндағы «дабыс» – тұз. Демек, бір сөздің монғолшасы мен қазақшасы бірігуі арқылы жасалып тұр. Екібастұзға қатысты болжамымыз осылай және өзге де нұсқалар болуын жоққа шығара алмаймыз.


Қазақ әлеміне қатысты ойларымыздың бір парасы осы еді.


Асылбек Байтанұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар