Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Сенатор Әли Бектаев:

10.11.2016 61

Сенатор Әли Бектаев:


«Ауыл» Халықтық демократиялық патриоттық партиясы мен «Қазконтент» АҚ «Әдебиет порталы» бірлесіп, «Ауылым –алтын тұғырым!» атты әдеби онлайн конкурс ұйымдастырып жатқанын әдебиет сүйер қауым жақсы біледі. Осыған орай және жалпы ауыл мәселесі бойынша аталмыш партияның төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаевпен жолығып, әңгімелескен едік. Назарларыңызға сол сұхбатты ұсынып отырмыз.


- Білуімізше, «Ауыл» партиясы әрдайым ақын-жазушыларға қолдау көрсетіп, түрлі шаралар, мүшәйралар мен конкурстар өткізуге белсенді түрде араласып жүреді. Мәселен, былтыр ақындардың жинағын шығардыңыздар...


- Иә, 1 маусым күні «Азаттығым — ғажап күнім» атты жыр антологиясының тұсаукесері және жыр мүшәйрасын өткіздік.

Шараны Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай арнайы ұйымдастырдық. Айта кететін жайт, «Ауыл» партиясы айтулы мерейтойға іс-шаралар циклін жоспарлаған, бұл шара сол циклдің басы болды.

Бұл жиынға 300-ден астам делегат қатысты. Олардың арасында алыс-жақын шетелден келген 100-ге жуық қазақ қандасымыз да бар.

Антологияға әлемнің әр түкпірінде жүрген қазақ ақын-жазушыларының Қазақстан Тәуелсіздігіне, туған елге, патриотизмге бағытталған өлең жырлары енген.

Кітапқа Монғолияда тұрып жатқан 15 қазақ ақынының, сонымен қатар, Қытайдағы қазақ диаспорасының 40 өкілінің, Ресейлік 5 қазақ ақынының ән-жырлары мен Қазақстандық 45 ақын-жазушылардың еңбектері жинақталып отыр.

Бұл жұмысты біз жалғастыра беретін боламыз.

Өйткені тәуелсіздік – еш нәрсемен салыстыруға келмейтін ұлы нығмет. Тек тәуелсіз ел ғана ойындағы асқақ армандарын жүзеге асырып, жарқын өмір сүре алады.

Баршаға аян Қазақ елі Тәуелсіздік алған сәтте, әсіресе шетелде жүрген қаракөз қандастарымыз бөркін аспанға атып қуанды. Тәуелсіздік жат жұртта жүрген замандастарымыздың келешек тағдырын айқындап берді.

Шетте жүрген қандас бауырлар сол кезеңнен бастап лек-легімен атамекеніне орала бастады.

Сондықтан да, шетелдік қандастардың қаламынан төгілген елі мен жеріне, атамекеніне деген сағынышы мен ұлтына деген ыстық сезімі қатар өрілген жыр моншақтары әрбір жанның жүрегін дір еткізіп, санасын сілкінтетін күшке ие.

Біз қай жерде жүрсек те тағдырымыз бір, ұйысқан ұлтпыз! Өткен іс-шараның негізгі лейтмотиві осы.


- Биыл «Әдебиет порталымен» бірлесіп «Ауылым – алтын тұғырым!» атты әдеби онлайн-конкурс өткізіп жатырсыздар. Осының мәнісі туралы өз аузыңыздан естісек деп едік..


- Ауыл – қазақтың түп қазығы, рухының қайнар көзі. Ауылдан қол үзу қазақ үшін түп тамырынан ажыраумен бірдей. Қазақтың телегей теңіз тарихы, дәстүрі дала өмірінде қалыптасқан. Біз мұны қашанда ескеруіміз керек. Дала бізге небір даналарды берді. Біле білсек, бәрі де даладан, ауылдан бастау алады. Қазақ баласы үшін «Ұлы дала» дегеніміз – туған жер, туған ауыл. Демек, Мемлекеттің тірегі, іргетасы да – осы ауылда, тамырымыз – ауылда. Ауыл қазақ үшін барлық құндылықтарды жинақтаған қасиетті ұғым.

Ауылды әнге қосқан, әңгімеге арқау еткен танымал жазушыларымыз көп. Біз жас буынның қаламынан ауылға арналған толғау, ауылдағы өзекті мәселелерді көтерген повесть, әңгімелердің, ауылдың бүгінгі тұрмыс тіршілігін суреттеген драма, пъесалардың туғанын, көбейгенін мақсат тұттық.

Біздің ойымызша қазақ мәдениеті - біздің ұлттық бірлігімізді сақтаудың негізгі тетігі.

Осы тұрғыда «Ауыл» партиясы ұлттық мәдениетті сақтап, дамытуды өзінің басым бағыты деп есептейді.

Сондықтан, біз қазақтың жас буын қаламгерлерінің еңбегін нақтылау, интеллектуалды еңбекке серпін беру мақсатында осы іс-шараны өткізіп отырмыз. Бұл ретте «Әдебиет порталы» біз бастаған байқауға ерекше реңк беріп, бүгінгі заманауи технологияларды қолдану арқылы, үздіктерді анықтау барысын барынша айқын, ашық етті.

Қазір конкурстың нағыз қызған шағы. Бүгінде келіп түскен еңбектердің қатары 90-нан асып түсті. Желтоқсанға дейін әлі бір айдай уақыт бар. Осы уақыт көлемінде үміткерлер қатары 2-3 есе ұлғаяды деген сенім бар. Бір күнде 4-5 шығармадан келіп түсіп жатыр. Басында «драматургия жанры бойынша шығармалар өте аз, тіпті түспей қала ма» деген қаупіміз болған. Бірақ қазірдің өзінде пъесалар қатары бесеуге жетті. «Повесть аз болып қалады-ау» деп қорқып едік, онымыз да бекер болып шықты. Поэма да, повесть те, эссе де жетерлік. Кино түсіруге дайын сценарий де бар. Байқаудың тартысты өтетінін қазірдің өзінде сезіп отырмыз. 90-нан астам шығарманың ішінде тұщымды, сапалы туындылар жетерлік. Сюжеттік желісі еліктіретін, оқырманын ойландыратын, тілі шұрайлы, ойы орамды, жазуы жатық дарын иелері жастар арасында бар екен. Оны оқып, біліп қуанып отырмыз.

Бір айта кетерлігі, бұл конкурстың және бір өте маңызды бағыты – бұл оқырмандардың белсенділігін арттыру, оларды ауыл тақырыбындағы шығармаларға қарық ету. Конкурсқа келіп түсетін шығармалар «Әдебиет порталында» тіркеледі, сол жерден онлайн түрде кез-келген адам оқып таныса алады. Кейбір үміткерлердің шығармалары айналдырған 1-2 аптаның ішінде 2500-ден астам рет қаралып, оқылған. Мұндай виртуалды оқырманы көп үміткерлер қаншама... Сондықтан қай жағынан алсақ та, ұтымды тұстары жетерлік. Жазушыға да, оқырманға да, әдебиет әлеміне де.

Әдебиет әлемі демекші, келіп түскен сапалы шығармалардың барлығын жинақтап, кітап етіп бастыру жоспары да бар. Өлеңдер жинағы бөлек, проза және драматургия бір бөлек кітап болып жарық көруі де мүмкін. Барлығы шығармалардың көлеміне байланысты. Бұл алдағы күннің еншісіндегі шаруалар. Уақыты келгенде оны да айта жатармыз.


-Конкурстың қорытындысын шығару, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды көптің арасынан іріктеп алу да оңай шаруа емес. Жаңа бір сөзіңізде байқаудың жеңімпазын анықтау әділ әрі ашық болады деп атап кеттіңіз. Осыған толығырақ тоқтала кетсеңіз.


- Конкурсты бағалау мәселесі ең маңызды да жауапты шараның бірі. Сондықтан біз әділқазылар алқасын өте ыждағаттылықпен таңдадық. Комиссия төрағасы – ҚР Парламенті Сенатының депутаты, журналист, белгілі жазушы Жабал Ерғалиев. Сонымен қатар әділқазылар алқасының құрамында Қазақстаның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, драматург - Рахымжан Отарбаев, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, жазушы драматург - Роза Мұқанова, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы - Мархабат Байғұт, жазушы-ғалым - Жолтай Әлмаш, ақын, жазушы, композитор Ерқожа Әлқожаұлы және бүгінде озық ойымен, өткір тілімен, жазу шеберлігімен оқырманынын баурап алған жас ақын-жазушылар - Бауыржан Қарағызұлы, Ербол Бейілхан, Талғат Ешенұлы сынды майталман мамандар бар. Айта кету керек, комиссия құрамында 9 адамның әрқайсысы 1 дауысқа ие. Келіп түскен шығармалар 3 номинация бойынша: үздік проза, поэзия және драматургия жанрында іріктеледі. Сонымен қатар үздік туынды арасынан сарапталып, бір шығармаға «Алтын тұғыр» әдеби жүлдесі тағайындалады.

Қазылар алқасы айына екі рет бас қосып, келіп түскен шығармаларды оқып, талқылауды әдетке айналдырған. Бүгінде комиссияның екі отырысы өтті. Әлі кемінде екі рет бас қосу жоспары бар. Үміткерлердің сағын сындырмайтындай, үмітін үкілей түсетіндей, дарындыны қанаттандыратындай оң шешім қабылдайтын қазылар алқасының біліктілігі жетеді деп үміттенеміз.


- Жалпы «Ауыл» партиясының негізгі ұстанымы ауылшаруашылығын дамыту деп білеміз. Осы бағытта қандай шаралар жүзеге асырылды.


- «Ауыл» партиясының негізгі мақсат-міндеттерінің бірі әрине ауылшаруашылық саласын агроөнеркәсіп кешенін дамыту. Бұл бағытта партия үздіксіз жұмыс жасап келеді. Алматы қаласында ауылшаруашылық кооперацияларын құру тақырыбына арналған дөңгелек үстел өтті. Шараға қатысушылар мемлекеттік органдарға арнап, мәлімдеме даярлап, жөнелтті. Бүгінде бұл шара өзге өңірлерде де жалғасын тауып жатыр. Жақында Астана қаласында Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тақырыбына арналған дөңгелек үстел өтті. Бұл партия көтеріп жүрген өте өзекті тақырыптардың бірі. Азық-түлік қауіпсіздігі - ұлттық қауіпсіздігіміздің ажырамас бөлшегі. Шараға жиналған сарапшылар, мамандар, шаруалар осы бағытта нақты ұсыныстарын айтып, бір құжатқа жинақтады. Соның ішінде:

· Жыл сайын шаруалар мен үй маңындағы шаруашылықтардың өнімін тұрақты және әділетті бағамен сатып алуға кепіл бола алатын, бюджеттен қаржыландырылатын, азық-түлік қорларын қалыптастыру;

· Ауылшаруашылық өндірісінің кооперациясы принциптерін енгізу және түсіндіру бағытында кешенді шаралар жоспарын құру. Мемлекеттік реттеу шараларының барлығы ауылшаруашылық кооперациясын ынталандыруға, тауар өндірушілердің бірігуі негізінде ауылшаруашылық өнімдерін дайындау, өңдеу, сақтау бойынша қызмет көрсету бағытын дамытуға бағыттау;

· Отарлы мал шаруашылығын дамыту бағытында нақты ұйымдастырушылық шараларын жүзеге асыру. Бұл қадам жайылымдық жерлерді суландыру, шопандар үшін қарапайым инфрақұрылымдарды реттеу бағытында кешенді шараларды орындауды көздейді.

· Агроөнеркәсіптік кешеніне салық салу мәселелерін, ауыл өндірісіне әсіресе ауылшаруашылық өнімдерін дайындау, өңдеу сақтау бағытында қызмет көрсету саласына салықтық жеңілдіктер қарастыру мәселесін талқылауды ұйымдастыру. Бүгінгі таңда ауылшаруашылық тауарларының бағасын өсіруге себепші болып отырған қосымша құн салығын алып тастау туралы ұсынысқа бастама жасау және т.б. ұсыныстарбар.

Бұл шаралар жүзеге асатын болса, Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде өзіндік үлесін қосатынына сенімім мол. Одан бөлек өздеріңізге мәлім «Ауыл» партиясының құрамына Патриоттар партиясы қосылып, бүгінде Халықтық демократиялық патриоттық партиясы атандық. Сондықтан біздің ұйым тек ауылды көркейту, аграрлық секторды дамыту бағытындағы жұмыспен шектеліп қалмайды. Партиямыз патриотизмді нығайту, ұлттық құндылықтарды дамыту бағытында да жүйелі түрде жұмысын жалғастырып келеді.


-Біле білгенге патриоттықты нығайту, қоғам ішінде патриотизмді сіңіру оңай шаруа емес. Бұл бағытта партияның алға қойған міндеттері қандай.


- Бұл бағытта жастармен жұмысты сапалы жүргізу маңызды. Себебі жалаң ұранмен, солқылдақ ұғымдармен өскелең ұрпақты селт еткізу қиын. Жат ағымдардың жетегінде кетпеуі үшін де жастар арасында патриотизммен қоса, діңгегі мықты идеологияны да насихаттап дәріптеуіміз аса қажет. Бұл «Мәңгілік ел», «Ұлы дала елі» идеясы. Ата-бабамыздың найзаның ұшымен, білектің күшімен бүгінгі ұрпағы үшін алып қалған кең байтақ, қазыналы жері әрбір қазақтың намысы дер едім. Сондықтан патриотизм әрбір қазақстан азаматының туған жеріне деген жылы сезімінен, қамқорлығынан басталғаны игі. Отбасын берекелі етіп, бала-шағасын тәрбиелеп, өз ауласын көркейтіп, ауылына мысқалдай болса да, көмегін тигізсе, оның өзі патриоттық емей немене?! Жер- жаһанға жар салып, «патриотпын» деп кеуде кергендердің отбасы бүлініп, баласы жетімсіреп жатса, оның патриоттығы кімге керек? Отан отбасынан басталады емес пе. Міне осы бағытта «Ауыл» партиясы отбасы құндылықтарын сақтап, дамыту шараларын өз бағдарламасына басым міндеттердің бірі ретінде ендірген.

Сонымен қатар партиямыз жас сананы сілкінтіп, патриоттықты ояту, оны бекіту бағытында шама-шарқынша түрлі шаралар ұйымдастырып келеді. Оның бірі жоғарыда айтып өткен халықаралық «Азаттығым – ғажап күнім» жыр антологиясының тұсау кесері, және Халықаралық жыр мүшәйрасы, сонымен қатар, «Ауылым-Алтын тұғырым» конкурсы.

Одан бөлек, партия терроризм мен экстремизмнің тамырына балта шабу жалпы қоғам үшін ортақ іс деп біледі. Бұл зұлымдықтармен күресте бірде-бір саяси ұйым, бірде-бір үкіметтік емес ұйым, бірде-бір жан сырт қалмауы тиіс. Осы бағытта партия барлық филиалдарында Алматы, Астанада дінбасыларының, күштік құрылымдардың, мемлекеттік органдардың, жастардың қатысуымен кездесулер, дөңгелек үстелдер ұйымдастырып келеді.


-Ауылда күрмеулі шешімін күткен мәселе көп. Оларды бәріміз естіп, көріп, біліп отырмыз. Қиын түйінді тарқатар шешім бар ма?


- Халықтың тари­хы мен мәдениетін есепке алмай, этнос­тық дамудың түп-тамырын, қазақы мәде­ниеттің рухани, адамгершілік басым құндылықтарын түсінбей бүгінгі Қазақ­станның өркендеуі мүмкін емес.

Егер біздің бойымызда адамгершілік пен иман­ды­лықтың бір белгісі болса, ол – қара­пайым қазақ ауылының өнегесі, берген тәрбиесі. Қысқасы, ауыл бізге қарыз емес. Ендігі жерде ауылға біз қарызбыз.

Көп­шілігіміз ата сақалымыз аузымызға түс­кенше, сол қарызды ұмытып кеткен сияқ­тымыз. Ендеше, бел шешіп, білек сыба­нып ауылға көмек қылар кез келді. Қарызымызды қайтаратын, пары­зымызды өтейтін уақыт туды деп білемін.

Әрбір ауылдан шыққан адам өзінің кіндік қаны тамған жерге бір түп тал ексе де, көмектессе деген ой бар бізде. Бұл ойымызды біз «Ауылым-алтын бесігім» деген акцияның негізі етіп алдық. Акцияның мақсаты сол – «ауылым» деп бүйрегі бұрған әрбір азаматты өз туған жеріне көмектесуге шақыру.

«Көмектесем» дегенге жұмыс көп. Жол салу, су тарту, жарық орнатудан бастап, мектепті жөндеп беру, емханаларды жаңа технологиялармен жабдықтау, мұқтаж жанның қорасын көтеріп беру тағысын-тағылар.

Бір жылдың ішінде аталған акция еліміздің барлық өңірлерінде жалғасын тауып, мүмкіндігі келген әрбір жан өзінің кіші отанына жол салып, су тартып, балалардың спорт алаңқайларын салып берді. Мұның өзі ауылды дамытуда сүбелі үлес болып отыр.

Ауыл халқы үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру өзекті. Шалғай ауыл-аймақтарда стандарттарға сай келетін медициналық мекемелердің ашылуына жағдай жасау қажет. Барлық ауылдық жерлерде мемлекеттік әлеуметтік дәріханалар ашу заман талабы.

Тағы бір өзекті мәселе, ауылдарда қолжетімді және сапалы білім беру жүйесін құру. Біздің ойымызша арнайы мемлекеттік бағдарлама әзірлей отырып, білім беру мекемелерін, бірінші кезекте ауылдағы мектептердің материалды-техникалық базасын заман талаптарына сай келтіру қажет.

Заңдық тұрғыда әлеуметтік қорғау шараларын қабылдау арқылы, ауыл мұғалімінің мәртебесін көтеру кезек күттірмейтін мәселе. Мысалы бүгінде ауылдағы ұстазға артылар жүк ауыр. Үш тілділік, білім берудің жаңа стандарттары тағысын тағылар, ауылдағы білім беру жүйесі бұл процесстен де тыс қалмауы тиіс.


- Өмірден білеміз, көптеген отандастарымыз балаларын қала мектептерінде оқытқысы келеді. Сол үшін де ауылдарын тастап, қала жағалайды. Бұл сонда ауыл мектептерінде білім беру жүйесінің осалдығын білдіре ме? Оны жақсартуға қандай шаралар қолдану керек сіздің ойыңызша?


- Қалай дегенмен ауылдық және қалалық білім беру сапасында айырмашылық бар. Мұны білім беру мекемелері де, ғалымдар да, сарапшылар да, ауыл халқы да талай көтерді, шығар жол іздеді.

Негізі елімізде жер кең, ауылдар өте алшақ әрі шашыраңқы орналасқан. 10-15 шаңырақ шоғарланған шалғай ауылдарда кішентай мектептер көбіне бастауыш білім ғана береді. Мұндай білім ошақтарында білікті мамандар да тұрақтамайтыны рас. Шағын көлеміне байланысты техникалық құралдар, замануи технологиялар атымен болмайды. Тіпті оқулықтың өзін ілдебайлайлап әрең жеткізіп отыратыны жасырын емес. Интернет желісін айтудың өзі артық. Кей алыс аймақтарға оның игілігі әлі жете қойған жоқ. Осындай ауылдық мектептерде бір жылда 400-500 бала түлеп ұшады. Әрине олар алған біліммен қала баласының алған білімін салыстыруға да келмейді. Осының салдарынан оларға қоғамнан, жүйеден ысырылып қалу қаупі туады.

Одан бөлек еліміздегі апатты мектептердің 93 пайызы ауылда орналасқан. Жоғары санатты мұғалімдер қатары да өте аз. Мұны әрине түбегейлі түрде шешу керек. Мысалы шөлді шөлейтті жерлерде тұратын халықты, не суы, не жолы, не жарығы жоқ шалғай елді мекендердегі тұрғындарды тұрмысқа қолайлы жерлерге көшіру қажеті. Халық шоғырланған сайын, мектеп те ірілене түседі. Немесе шағын ауылда тұратын балаларды ірі елді мекендерде жатын орынмен, оқытумен қамтамасыз ету. Немесе ірі мектептерде оқыту үшін балаларды тасымалдайтын көлікпен қамтамасыз ету. Тағы бір маңызды мәселе ауылдық мектептерді интернетпен қамтамасыз ету.

Атап айту керек, елімізде ішкі көші-қон бей-берекет, ретсіз жүргізілуде. Баланың білімі үшін ауылын тастап, қалаға келген отбасы өзге өткір қиындықпен бетпе-бет келері анық. Ол баспана мәселесі. Кездейсоқ жалақыға өмір сүріп, жайсыз, жалға алынған пәтерлерді паналаған олар бастапқы көздеген мақсатына жете алмауы да әбден мүмкін. Жағдайы жасалмаған бала, білімді де қатыра алмауы мүмкін ғой. Сондықтан «Ауыл» партиясы жүйесіз жөнсіз жүргізілген урбанизация әлеуметтік бейберекетсіздік пен рухани тоқырауға алып келетінін айтады. Бұл мәселені реттеуге партия белсенді түрде араласпақ.


- Бүгінде ауылды дамытуға қандай тетіктер қажет? Ауылға қатысты мемлекет саясатына берер бағаңыз қандай?


- Әлемдік дағдарыстың дауылына қарамастан, мемлекет ауылдағы ағайынның жай-күйін жақсартудың жолдарын жасап-ақ келеді. Қомақты қаражаттар бөлініп, кесек-кесек бағдарламалар да қабылданып жатыр. Агросекторды дамытуға Мемлекет басшысының әрбір кездесуде қадап айтқан тапсырмалары да сеп болып келеді.

Мемлекет басшысы жыл соңына дейін «Агробизнес-2020» бағдарламасының негізінде, агроөндірістік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын даярлауды тапсырды. Бұл құжаттың басым бағыттары ретінде ең алдымен ауылшаруашылық өндірісін әртараптандыру және көлемін арттыру болмақ. Өңделген ауылшаруашылығы өнімдерінің экспортына ерекше мән берілмек. Бұл бағытта Елбасы Қытай еліне сапары барысында келіссөздер жүргізіп, бидай, ет, құс еті және өсімдік майы секілді өнімдерді экспорттау мүмкіндігін біздің кәсіпкерлерге жасап та берді. Қытай үлкен нарық, және отандық тауар өндірушілер үшін мол пайда әкелетін жоба.

Агроөндірістік кешен үшін жеңілдікті, ұзақ мерзімді несиелеудің тетіктері де жаңа мемлекеттік бағдарламада көрініс табатын болады. Одан бөлек ауылшаруашылық кооперацияларын құру, өнімдерді өңдеу, сақтау және сату үшін қажетті инфрақұрылымдарды жасау секілді маңызды қадамдар осы құжатта бекітілетін болады.

«Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында шағын және орта бизнесті дамыту, соның ішінде 5 гектарға дейін отбасылық бау-бақша салуға кепілдіксіз несие беру сияқты жеңілдіктер де бар.

Қазіргі уақытта осы саланы қаржылай сауықтыруға, инвестициялық субсидия жасауға, несиелер мен лизингтер бойынша пайыздық мөлшерлемені азайтуға жұмыстар жасалып жатыр.

Дегенмен мұнымен ауылдың бар мәселесі шешіліп кетпейтіні анық.

Назар аударатын ең үлкен мәселе – шекара бойында орналасқан ауылдардың жағдайы. Өкініштісі, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарындағы шекарада жатқан ауылдардан халықтың көшуі, елді мекендердің қаңырап бос қалуы өте қауіпті жағдай. Мемлекет тарапынан шекара бойындағы ауылдарды дамыту жөнінде арнайы бағдарлама керек. Шеттегі ауылдарға біз халықты, керісінше, көптеп апарып қоныстандыруымыз керек. Олардың инфрақұрылымын жөндеп, жаңа жұмыс орындарын ашу қажет. Сонда ғана біздің етек жеңіміз жинаулы, шекарамыз берік, келешегіміз кемел болады.

Сонымен қатар аграрлық сектордың өнімдері негізінен жеке қожалықтарда өндіріледі. Мал шаруашылығы өнімдерінің ішінде ірі қара малдың 65%-ы, қой мен ешкінің 61%-ы, жылқының 54%-ы, мал шаруашылығының жалпы өнімінің 72%-ы, сүттің 80%-ы жеке меншікті аулада өндіріледі. Сондықтан ауыл тұрғындарының қожалықтарын қолдауға, ондағы өндірілген өнімді сатып алуға, оны сақтауға, қайта өңдеуге жағдай жасалынуы керек. Түрлі сервистік орталықтар құрылып, халыққа жұмыс жасауы тиіс.

Ауыл шаруашылығының үлкен проблемасы техникалардың жетіспеуі. Ауылшаруашылығы техникаларының көбісі ескірген, комбайндардың 54%, тракторлардың 79%,егіс техникаларының 86% ескірген. Олардың пайдалану мерзімі 15 жылдан асқан.

Ауыл тұрғындары үшін екінші деңгейдегі банктерден несие алу тіпті де мүмкін емес. Олардың үй-мүліктерін кепілдікке алмайды, несиелердің пайыздық мөлшерлемесі тым жоғары. Ал мемлекеттен бөлініп жатқан қаражат әлі де аз. Ол жалпы ішкі өнімнің 5% құрайды. Ресейде бұл көрсеткіш 7%, Белоруссияда 17%, Еуропалық одақта 43%, Жапонияда 83%.

Тағы бір тоқтала кететін жайт – жерді сапалы игеру, пайдалану мәселесі. Сарапшылардың болжамына сүйенсек, қазіргі уақытта елдегі экономикалық белсенді топтың 25 пайызы агросекторда жұмыс істейді екен. Меніңше, одан да көп болуы мүмкін. Бұл орасан қор ғой. Өкінішке қарай, біз әлі күнге дейін ұлан-ғайыр жеріміздің қадіріне жетіп, оны табысты игере алмай отырмыз. Сондықтан «Ауыл» партиясы осы мәселе бойынша қалың жұртшылықты тарта отырып, қоғамдық тыңдаулар өткізіп келеді. Тоқетерін айтқанда, Қазақстандағы аграрлық сектордың мүмкіндіктері шексіз, тек осы салада мемлекет, қоғам, адамдар тарапынан бірлескен, сауатты, сапалы іс-шаралар керек. Сонда ғана Ауылшаруашылығы ел экономикасын көтерудің негізгі драйверіне айналады. 


- Әңгімеңізге рахмет!


Adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар