Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Аманжол Жаңай: Оу, өзгенің қатыны, қалың қалай?

08.11.2016 526

Аманжол Жаңай: Оу, өзгенің қатыны, қалың қалай?


Аманжол Жанай.jpg








СƏЛЕМ ХАТ




Оу, өзгенің қатыны, қалың қалай?

Бұл хатты да қаларсың қабылдамай!..

Менен қалған жүректің наласын да,

Жарасын да жатыр-ау жарың жалай!



Қалай өзі, үй болған оңай ма екен,

Тыныштықты бұрынғы тонай ма екен?

Бірге түскен суреттің бәрін жыртып,

Өмір сүріп жатырмын, солай, көкем!



"Ер-Қосай" деп қойыпсың атын ұлдың,

Қалы қалай кішкентай батырыңның?

Есік жаққа жете ме жұмақ исі -

Бесік жақтан аңқыған әтірінің?!



Бостандықтың шығармай биіне де,

Жарың қалай, қызғанып күйіне ме?

Мұрынын да бет қылып кетер едім,

Бұл қаладан алыстау үйі неге?!



Өлең-өмір осы еді бастан кешкен,

Саған деген көңілім - астаң-кестең!

Азы қалды сен жайлы естеліктің,

Əлдеқашан біз жайлы қашқан-ды естен.



Төтеп беріп сан түрлі күш-ағынға,

Мен өзіңсіз, білмеймін, ұшамын ба?

...Сезіп жүрмін сен əлі сағынасың -

Күйеуіңнің жатып ап құшағында...





ТҮНГІ ҚАЛА





Ауыр-ауыр ойларым денемді езіп,

Жауыр-жауыр көшеңді келем кезіп.

Күндізгідей алдымнан құс ұшпайды,

Құстар, сірә, кеткен бе сенен безіп?!



Айтқым келді бәрін де тәубаға сап,

Мен сөйлесем, қырт көкіп дауға басад.

"Қыздар... қыздар..." деп әне бір апам тұр,

"Қыздарының" тағдырын саудаға сап.



Ақыл айтқым келген-ді шынында бір,

"Ақшаң жоқта, - деді апам, - ұрынба құр".

Қала ішінде бүгінде Аманжол жүр,

Аманжолдың ішінде - бұрынғы ауыл!



Кімге барам, білмеймін, қайда барам?

Ойлап мені отыр-ау, қайран анам!

Бір сыған қыз бұрышта карта ашады,

Оның жанын түсіну қайда маған?!



Қош айтысып содан соң бәріменен,

Пəтеріме тұнжырап тағы келем.

Бірге тұрған достарым мысқылдайды:

"Осы бірдің сынады-ей сағы неден?!.."






СУРЕТШІ ШАЛ






Астанада суретші шал тұратын,

Мен секілді кім бар оны ұғатын?

"Бояуларым қанық болу үшін" деп,

Қызыл, жасыл, ақ гүлдерден жұлатын.



Осы шал ед мұңдасым да сырласым,

Мұндай дарын көрмеп еді бұл басым.

"Менің бөлмем - бір Астана" деп еді,

Түзеп жатып шеті сынық мұржасын.



Сол лашықта ұлы өнер бар өлмеген,

Білесің бе құр қалып жүр ел неден?

Шындығында сурет толы бөлмесі

Кем түспейтін әлемдік бір көрмеден!



Бастау алып Ханшатыр мен Есілден,

Бәйтеректің ба-а-ар жарығын көшірген.

Өкпе айтпайды ол ескі үйде тұрса да,

Ұлы өнерді, міне, осылай өсірген!



Жан сырымды айтқым келді бірде мен,

Суретші шал түсінерін білген ем.

Берген шәйін ішіп алып... селк еттім -

Беті жабық сурет байқап іргеден.



"Ақынның да аумасқа ауар кейде есі",

Ашып көрдім... ал, қызыл тіл, сөйлеші!

Зәулім-зәулім ғимараттың ішінде -

Менің досым - суретші шал бейнесі.



Астанада құрметтер ме ед дүр әкім,

Мен секілді кім бар оны ұғатын?

Ерке Есілді суреттеуге кетті, әне,

Насыбайын салып алып бір атым...




Мәңгі Мұң




Қараңғы үй, Жалғыз бөлме, тыныштық,

Кеудені бір, күй билейді тым ыстық!

Күлсалғышқа темекінің тұқылы,

Сағынышты өлтіруге кірістік!



Сағынышым сыймай жатыр бір демге.

Шыны...жынды шығармын-ау,күлгенге!

Мен туралы кесіп айтып жүр досым,

Мен туралы өсек тасып жүр жеңге!


Ия... белгілі ед өзгелердің кеңесі.

Бар айтары, адам бол дер сен осы!

Жүрегімде сол адамның суреті,

Сол адамның көз алдымда елесі!



Мейлі, жары түсінбесін сонша еркін.

Мына сезім шығар бәлкім, жан-сертім!

Содан болар кешегі бір айқай-шу,

Содан болар көшедегі "концертім"!



Елесінде елестетіп таңдар да!

Құдай білер есім ауып қалған ба?

Кафелерге,тіпті әр бір бұрышқа,

"Динара" деп жазып кетсем таң қалма!




Теңіз.Сәт.




Зуылдай бергеніңше тыңда сағат,

Сен соққан сайын неге мұң қашалад?

Жұрттың бәрі теңізге шомылғанда,

Топырақтан отырмын гүл жасап ап!



Дейді әне...- бұл ісің бір жындылығың.

Кім түсінер жүректің құндылығын?!

Өмірге ұқсас толқын кеп соғып кетті,

Топырақтан жасалған гүл ғұмырын!



Жасаған гүлім қалды саған бармай!

Ауада мені аңдыған жаман бардай.

Бұл теңіздің аузы да көпіріп тұр,

Мені бір сөйлетпеген адамдардай!



Сен тезірек келші енді тірі гүлім,

"Ауыр болып барады жыры бұның"

Өлеңімді сақташы...өлеңімде

Динара деп аталсын ұлы күнім!




..Қарындасыма..




Ерік бере алмадым жасқа ғана.

Өзің үшін әлемін тастады аға!

Жүрегімде күз көзі тұрғаны рас,

Сен оқуға келгелі Астанаға!



Әп-әдемі өрілді бұрымды күн,

Көз алдым да әлі де құлын күнің.

Анашымнан аумаған аппағым-ай,

Тек көтере білші енді білім жүгін!



Білесің..жалғанда да жалған барын.

Маған таста оқудан қалғандарын!

Ауылға қайтайықшы орындап бір,

Анамның армандарын!



Гүлдерді мұз етсе де өсірмей күн!

Қыста келіп, қатса да Есіл мейлің,

Өмірдің ызғары сəл тиіп кетсе,

Өзімді кешірмеймін!



Ерік бере алмадым жасқа ғана.

Өзің үшін әлемін тастады аға!

Жүрегімде күз көзі тұрғаны рас,

Сен оқуға келгелі Астанаға!



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар