Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Астанада Алматы ақындарының кеші өтті

07.11.2016 325

Астанада Алматы ақындарының кеші өтті


Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай бар сән-салтанатымен Астана қаласына мәдени күндерін өткізу кезегі қарашаның алғашқы аптасында ару қала Алматыға тиген екен. Алматы қаласының мәдени күндері аясындағы көптеген мазмұнды іс-шаралардың бірі – ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында өткен алматылық ақындардың оқырмандармен жүздесуі болды. Жүздесудің «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» тақырыбында болуының өзі тегін емес қой.

IMG_0086.JPG

Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасарлары Маралтай Райымбекұлы, Жанарбек Әшімжан, аға буын қаламгерлер Әділғазы Қайрыбек, Қасымхан Бегманов, Есей Жеңісұлы, талантты жас Айбол Исламғали қатарлы алматылық ақындар оқырман қауымды отты жырларымен сусындатып бір серпілтіп тастады. Ақын бауырларымен бірге Алматыдан ат терлетіп келген қазақ тілінің шынайы жанашыры Асылы Османова апамыз «сөзді қадірлеген бір халық болса, қазақтай болсын» деген ақжарма тілегін арнады. Кеш тізгінін ұстаған Маралтай Райымбекұлы Алматы – қай заманда да қазақ руханиятының, әдебиетінің, мәдениетінің көшбасшысы болып келгенін, бола да беретінін, соның куәсіндей, Алматыдағы үлкен әдеби шоғырдың бірнеше буын өкілдерінен жасақталған ақындар тобы келіп отырғанын жеткізді.

IMG_0090.JPG

Жыр кезегін алған белгілі ақын Әділғазы Қайырбек Алматы қаласының қазақ тарихындағы маңызын көркем жырмен кестелеп берді. Ұлт намысы жолында басын бәйгеге де тігуден тайсалмайтын, алаштың арда ақыны Қасымхан Бегмановтың «Ташкенмен қоштасу» өлеңі мен «Шерлі Түркістан» поэмасынан үзінді оқыды.

IMG_0092.JPG

Қас қақпай, қайтпай тірескен,

Империялармен сірескен.

Мұстафа Шоқай ер жатыр,

Бұл жерде бүкіл Түркінің,

Азаттығы үшін күрескен.


Жалпы түркілік мұратты, алаштың кешегі кемел де шерлі тарихын тербеген тебіреністі толғамдары кітапханаға лық толы жиналған халыққа ерекше әсер еткенін атап өткен жөн.

IMG_0103.JPG

Маралтай ақынның Ақжайық туралы отты жыры да тыңдаған құлақтың жүрегін шымырлатып, тамырын лыпылдатар қуатты айқын сезіндірді. Жанарбек Әшімжанның кіндік кескен Жалаңашы туралы жырын әр қазақтың өз туған өлкесі жайлы айтар сөзіне, ұрпақтық тағзымына баладық. Спорт журналистикасы саласына үлкен олжа салған дарынды журналист, ақын Есей Жеңісұлының өз атасы, қазақтың қарапайым қара шалы туралы толғанысын да көрермен жылы қабылдады.

IMG_0099.JPG

Өзіндік ізденісі арқылы оқырман қауымға біршама танылып қалған ақын Айбол Исламғалидың махаббат туралы жаңа үрдісте жазылған өлеңдері жас тыңдармандардың жүрегіне жол тартқаны анық.

IMG_0106.JPG

«Әттең, тонның келтесі-ай!» демекші, іс-шараға бөлінген екі-ақ сағат уақыт ақындардың адымын аштырып, тыңдарманның айызын қандырмағаны анық болды. Дегенмен, Алматының апорт дәмді шуақты жырларын ала келген ақындар кеші әсерлі өткені анық.


adebiportal.kz

Біздің Telegram-парақшамызға. жазылыңыздар!

Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар