Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Балғожа бидің Ыбырайға жазған тағы бір хаты табылды

21.10.2016 297

Балғожа бидің Ыбырайға жазған тағы бір хаты табылды


1.jpg





Жерден жеті қоян тапқандай ала шапқын айқайлаудан аулақпыз. «Еш жерде жарияланбаған» деп арзан сенсация жасауды суқаным сүймейді. Бірақ бұл өлең ел егемендік алғаннан бері қағаз бетінде қылаң бермегендігі де рас. Балғожа бидің «Үміт еткен көзімнің нұры, балам» деген өлеңі, біздіңше, Ыбырайды жоғарғы оқуға бергендегі хаты болса керек. Ал бұл мағұлым болған хат өзі айтып отырғандай "үшкөлге" бергендегі сөзі. Яғни, бұл бірінші хаты. Біз бұл өлеңді абыз ақсақал Мұстафа Асылбековтен алдық. Қарияның қолында Сәдуақас Ғылманидың көптеген қолжазбалары сақталған. Ғұлама Ғылмани өз қолжазбасында: «Айқап» жорналының жиырма төртінші нөмірінен көшірдім», - деп қалдырған екен...



Бақытбек Қадырұлы




Балқожа би немересі Ыбырайды үшкөлге (школ-Б.Қ)  бергендегі сәлем хаты


Қарағым, көзім нұры, көңіл гүлім,

Сөзімді ілтипатпен тыңдап ұғын.

Айырылма мұсылмандық тұтқасынан,

Өлім хақ, өмір өтер тұрмас бір күн.

Барасың қамап тұрған қалың жауға,

Бола гөр өзіңе-өзің тым-ақ мығым.

Дау, жанжал, карта, арақ, нәпсіге еру,

Папирос, дедім жау деп бәрін мұның.

Ойын күлкі мәжіліске жолама деп,

Насихат көп айтқанмын бұдан бұрын.

Ата хақын кешер деп үміт етпе,

Әгәрда хилап етсең бірде бірін.

Әуес қып балалықпен әр нәрсені,

Ысырапқа ақ пұлынды қылма шығын.

Қажыма, өзіңді өзің сақ, бағып қара,

Жүрмеймін мен жаныңда жарықтығым.

Ылжасыз оқытамын, қауып қатты.

Бұл сөзім Аллаға аян барлық мінім.

Ақ жолда әділдікпен жүргендер бар,

Адамға бұл сықылды болма қырын.

Шамаң келсе нашардың жағында бол,

Еш жанның ренжітіп тартпа түгін.

Нәсіп болып жете алсаң мақсұтыңа,

Ұлтыңа қызмет істе бұл бір сырым.

Кейін айтар сөзімді бүгін айттым,

Өмірдің мағұлымсыз біліп түрін.

Үмітпен мақсат қып хатқа жаздым.

Шағбаздың шөбересі едің жұғын.

Балалықпен қатарынан кем қалмас деп,

Тауқыметпен іздеп жалғыз ғалым.

Талабыңды талмай бол кәміл ойлап,

Мәңгі емес көріп тұрсың мынау түрім,

Сөзімді осыменен тоқтатайын,

Бір хатқа сыйып бітпес барлық мұңым.

Бар болып әнбие, асқап әулиелер,

Басшы боп Қызыр Ілияс тұтсын қолың.

Көзімде жасымды іркіп сұрап тұрмын,

Әлемге тегіс жеткен Хақтың нұрын!

Әуестеп бір теңгені пайда қылма,

Көп ілім мың теңгені айла қылма,

.......................................................

.......................................................

Қағаздан оқып ұқсын деген осым

Болды өтірік қас, шындық досың.

Қараңғы жер шайтансыз болмас деген,

Әр қашан жасырындау істен шошын.


Материалды редакция рұқсатынсыз көшіріп басуға болмайды!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар