Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Өлең тек қана тұрып оқылады

19.10.2016 307

Өлең тек қана тұрып оқылады

 

_MG_6661.jpg

Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратына кіреберісте Көпен Әмірбекке кезігіп қалдым. Аман-саулықтан кейін, «Серік Ақсұңқардың кешіне келдіңіз бе» дедім. Қашанда кесек сөйлетін сатирик ағамыз «Серік ұлы ақын ғой» деп әңгімені төтесінен тартты. Журналистік қулығыма басып, «солай ма еді» деп мен де таңырқап қойдым. «Серіктің өлеңдері де, өзі де алапат рухты ғой» дейді ағамыз ағынан жарылып. «Өлең жазу үшін рух болса жеткілікті ме» деп тағы да сөйлеткім келді, бірақ кіршіксіз көңіліне қаяу түсіргім келмеді.

Кенжеғали Мыржықбай жетекшілік ететін "Кәусәр" мәдени-шығармашылық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен Серік Ақсұңқардың шығармашылық кешіне оның өлеңдеріне сенген, иланған көрермендер келді. Кештің асқақ, еркін, биік дәрежеде өтуі осы сөзімізді қуаттайды.


Шығармашылық кештен рухани азық алып, көңіліміз тазарып қалды. Еуразия ұлттық университетінің студенттері ақынның «Поэзия», «Қасқырдың монологы», «Махамбеттің монологы» сияқты көптеген өлеңдерін ырқына, нақышына келтіріп оқыды. Кітаптан оқыған бір басқа, өлеңді көзбен көріп, құлақпен тыңдаған бір басқа екеніне көзіміз жетті.


Серік Ақсұңқардың сөзіне, компазитор Әмір Есжановтың әніне жазылған «Есіл мен Нұра», «Абыралы» әндерін әнші Гүлмира Сарина, «Қызыма» деген әнін жас әнші Карина Каренина орындады. Карина қыздың сұлулығына ағалар тамсанып, бір-біріне әзілдесіп, жадырасып қалды. Кештің тағы бір қызығы, Карина «Қызыма» деген әнді енді бастап келе жатқанда техникалық ақауларға байланысты музыкалық апарат өшіп қалды. Сол үзілісті пайдаланып, Кенжеғали Мыржықбай «фонограммамен ән айтқан осындай болады, мен өмірі жанды дауыста айтам» деп әншімен әзілдесті...

Ықылас.jpg


Кештің шарықтау шегі Ықылас Ожайұлы орындаған Қасым Аманжоловтың «Өзім туралы» әнімен ұласты. Қасымның төрінен келген көрерменнің делебесі қозып, орындарында отыра алмады. Ықылас ақынның талай жиында ән салғанын көрдік қой, бірақ «бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» болды. «Әнді айтса, Ықылас айтсын» деген әсерде қалдық.


Өлең оқу кезегі Серік Ақсұңқардың өзіне берілді. Жүргізуші Кенжеғали Мыржықбайдың «орныңызда отырып оқисыз ба, тұрып оқисыз ба, өз еркіңіз» деген сөзіне, ақын «Маяковский айтқан, өлең тек қана тұрып оқылады» деді. Әдебиетке деген адалдық осындай қарапайым принциптен басталады екен ғой деген ой түйдік. Ақын соңғы жазған өлеңдерін тебіреніп тұрып оқыды. Шері тарқатылып, жеңілдеп қалғанын сездік. Құттықтау сөзін сөйлеген Көпен Әмірбек өзінің қалжыңдарымен елді күлкіге қарқ қылды. Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабек ақынды арнай төсбелгімен марапаттады.


Кездесу барысында Серік Ақсұңқарұлы көрерменнің сұрақтарына жауап берді.


_MG_6681.jpg



«Филологтардан ақын шықпайды»


-Елордадан тыс жерде ақын-жазушының басын қосып, елдік мүддеге қызмет ету жайында не айтасыз?


Қай елдің астанасы қайда болса, интелегенциясы сонда болу керек. Өздеріңіз білесіздер біз қиын қоғамда өмір сүрдік, сол Совет одағын әлі күнге дейін жамандаймыз. Бірақ, Совет үкіметі ақылды мемлекет болды. Тек қана Мәскеу ғана емес, одақтас елдердің астанасы қайда болса, рухани ортасы сонда болды. Алматы бір кездері қандай еді? Бұл Астанаға тек қана қалталыларды әкеле бермей, әдебиет пен өнерге барлық потенциялын беріп жатқан 100 адамды әкелуге жағдайымыз жетеді ғой. Интелегенцияның басын қоспай, Астана тарихтағы ролін атқара алмайды.


-Қазақ ақындары ылғи Ресей қаламгерлерінен мысал алады. Бұл орыс тілін жетік меңгергеннен туған қасиет пе, жоқ әлде КСРО зардаптары ма?


Мен орыс әдебиетін әлемдегі ең озық әдебиет деп есептеймін. Дүниеде жаман халық жоқ, орыс деген ұлы халық. Оның әдебиетіндей әлемде әдебиет аз. Егер қазақ әдебиеті кемеліне келіп, басқа елдермен үзеңгі қағыстырып отырса, бұл үшін орыс әдебиетіне қарыздар. Бірақ, сөйткен орысыңыз біздің Абайды әлі өз тілінде сөйлете алмады. Біз олардың барлық классиктерін қазақ тіліне қотарып алдық. Орыс тілінің Абайды сөйлетуге потенциялы жетпейді. Бізге енді орыс тіліне телміріп отыруды қою керек. Әлемге ағылшын тілі арқылы жол табу керек.


- Бүгінгі әдеби сынға көңіліңіз тола ма?


Әдеби сын жоқ. Оның болмайтын себебі қаламгерге ешкім артық ақша төлеп жатқан жоқ. Билік өз ұлтының рухына ғашық болуы керек. Капиталистік қоғамда құлға да ақша төлейтін болған. Бірақ, билікті де жөн-жосықсыз сынай беруге болмайды. Біз бүлінген қоғамның ортасынан шығып, үлкен істерге қол жеткіздік. Енді ұлтқа қарайлайтын уақыт келді.


- Рахымжан Отарбаевтың «Әдебиет порталына» берген сұхбатына пікіріңіз қалай?


Рахымжан өте талантты жазушы. Оны мойындау керек. Оның кітабын өртеп оңбағандық жасадық. Бірақ, кейбір субъективті пікіріне қарсымын. XXI ғасырдағы қазақ әдебиетінің биік шыңы Мұхтар Мағауин. Ол жазушы өзінің тарихи бағасын әлдеқашан алып қойған...


-Ақын-жазушының басқа мамандықтың иесі болуы оның жазу қабілетіне қаншалықты әсер етеді?


Мысалы, Кәкімбек Салықов кенші, бірақ керемет ақын болды. Чеховтың мамандығы дәрігер. Болашақ ақындар атом бомбасын жасайтындардың, инженерлердің арасынан шығу керек. Тікелей әдебиетшілердің арасынан шыға беру шарт емес. Филологияда оқыған адамдар жөнді ақын бола алмайды.


Кесек сөз

       

Серік.jpg

Серік Ақсұңқарұлы: Бүгінгі таңда біз жақсылардың атын атаудың өзін ұмыттық. Адамға адам ғашық болмаған жерде адамзат азады. Қазір батыс не болып кетті? Оларда әдебиет те жоқ. Сасқаннан кейін, қайдағы жоқ музыкантқа Нобель сыйлығын беру ұят емес пе?! Түркі дүниесі өзінің уыз қалпын әлі сақтап отыр. Бізде махаббат жырлары бар, еркек пен еркек, әйел мен әйел үйленбейді. Сондықтан Нобель сыйлығына телміре бермей, Түркі дүниесінің Нобелін ойлап табу керек. Бүкіл Түркі жұрты бір миллион доллардан шығарса түгі кетпейді. Оны «халтурщикке» бермей, керемет қаламгерге беруге тиіспіз. Бірінші кезекте Темірхан Медетбекке беру керек!





Ақбота Күзекбай

Біздің Telegram-парақшамызға. жазылыңыздар!

Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар