Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Жиырма жыл бойы «асыр салғаны» жетер дейміз...

13.10.2016 95

Жиырма жыл бойы «асыр салғаны» жетер дейміз...

Қарағандылық бір топ қаламгердің қолы қойылған бұл материал Abai.kz ақпараттық порталының электронды почтасына келіп түсті. Қазақтың маңдайалды ақындарының бірі Серік Ақсұңқарұлына қатысты сын біржақты айтылып отырса да, ашық хатты жариялауды жөн санадық. Себебі, мұндай мақалаларға екінші тараптың да айтары болар деп ойлаймыз. Оларға да мінбер беруге дайын екенімізді ескертеміз.

Aбай ақпараттық порталы



Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы

Нұрлан ОРАЗАЛИН мырзаға




АШЫҚ ХАТ



Құрметті Нұрлан Мырқасымұлы!

Сайын Сарыарқаның салқар белінен орын тепкен Қарағанды облысы ежелден құт-берекенің қайнаған қазаны ғана емес, қазақ руханиятының ордалы ошақтарының бірі екені белгілі. Сол рухани ошақтың отын маздататын қуатты бір көз – қаламгерлер қауымы десек әсте қателеспеспіз. Алайда, осы облыстық филиалдың соңғы ондаған жылдар бойғы іс-қызметі адамзат тарихының ең «қызық» хикаяларының бірі болды десек, «е, не боп қалды сонша» дерсіз.


Қызығы сол – бұл ұйым оның басына Серік Ақсұңқарұлы келгеннен бастап өзі үшін бар, өзгелер үшін жоқ жұмбақ кеңсеге айналды. Филиалдың Кеңес заманы кезінен қалған мүліктік игілігін тез баураған ол, енді осы ресми орынның бармақтай мөрі мен алақандай төрін де қарақан басының кенейін түгендейтін құрал етуге кірісті. Қарауындағы қаламгерлер алдындағы бүкіл жауапкершілігін жылы жауып қойып, кейінгі кезде айтылып жүргендей, «бір филиал, бір ақын» ұранымен өмір сүру тәсілін әуел бастан-ақ таңдап алды. "Оу, мұныңыз қалай, біз де бар едік қой", - дейтіндердің және дегісі келгендердің барлығы оның бітіспес «жауына» айналды. Қаламдас қауым «жұлдыз ауруын» ертерек жұқтырып, егде жасқа жетсе де сол желігінен айыға алмай жүрген осы бір аясы тар адаммен қашанғы тәжікелессін, «сенген филиалым сен болсаң...» деп жай-жайына тарап кеткен. Тарап, тозу процесінің ұзақ жиырма жылға созылғаны өкінішті.


Сол уақыттардан бері «бір филиал, бір директор» не істемеді дейсіз. «Әй», - дер әже, «қой», - дер қожа жоқ, әй, армансыз тайраңдады. Сыйлы төрге өзі шықты, сияпатты шапанды өзі жамылды. Мақтау-марапатты өз төңірегіне үлестіріп, президент стипендиясына да жылдар бойы өзінен басқа жан таппай «қиналды». Ол үшін елбасына қандай алғыс айтқанын ел біледі. Яғни, сол стипендия болмағанда коммуналдық төлемақысын төлей алмай, далаға шығып қалғандай екен. Ал, әр сайдың бойында Кеңес кезеңінің қойшыларындай шашылып қалған өзге қаламгерлер кімге алғыс айтарын білмеді. Өйткені, оларда президент стипендиясы түгілі, облыс әкімінің де мезіретісі жоқ болатын. Оған тарынған, әрине, үлкен әкім емес, тағы да «өзіміздің» әкімшік. Дәнекер болғысы келмеді. Өз өзегім үзілмесе болды, өзгені қайтемін, - деді. Сөйтіп, «Елдің Ыбырайы Ыбырай, біздің Ыбырай сұмырай» деген кепті кештік.


Ол «бізде әдеби орта күшті» деп дабылдатып жүруді әдетке айналдырған. Онысы филиалдың осал жұмысын бүркемелегісі келгендіктен шығар. Шындығында, аузыңды ашып қалсаң, арс ете түсетін тасыр туысқанның қасында қандай орта болуға тиіс?! «Бәледен машайық қашқан». Қашты, кетті бәрі.


Еліміз тәуелсіздік алғалы бері қаншама тағдырлы оқиғаларды бастан кештік. Елбасының халқымызды қиын-қыстау күндерден алып шығуға арналған қаншама құжаты дүниеге келді. Тіпті, жиналып алып қолжазба талқыламайық, жарық көрген кітабымыздың тұсауын кеспейік, әлгіндей құжаттардың бірегей түрлерін әңгіме арқауы етуге болар еді ғой. Бірақ, «Қарға бойлы Қазтуғанның» қалтасында тұрған әдебиет филиалы осының біріне «мәу» десе, қане?! Ақсұңқарұлы осы қызметке тұрған кезде өмірге келген бала ендігі жиырма жастан асқан болар. Өзінен туған жас бала сақалы шығып жат болғанға дейін жазушылардың басын бір дұрыстап қосып көрмеген, бір хаттама толтырмаған ол не қылған филиал, не қылған директор?


Айтпақшы, әлеми деңгейдегі ұлылар есімін екі сөзінің біріне тықпалайтынына қарамастан, білімінің тайыздығы мен тәрбиесінің тәйтіктігі үнемі көрініп қала беретін осы бір ыдысы ықшам кісінің мақтанға келгенде ындыны осынша кең, тәбеті осынша тойымсыз болар ма?! Қазақтың өлі-тірісі бар қай мықтысын да бойына теңестіргісі жоқ. Тоятты алыстан іздеп, тісін құрып кеткенде Киплингпен шұқымаса іші ауырады. «Сорпа ішерге» Киплингтің тағы бір қандасын тауып алып, төбесіне көтеріп тәу еткенін көргенде сүйегіне баяғыда қына шыққан сол марқұмдарды әкелері Ақсұңқардың баласына табыстап кеткен бе деген әсерде қаласың. Абайды аяйсың, Абайын бұған табыстап кетпеген Құнекеңе ренжисің.


Бас ақынның жайы осындай болғанда, филиал құрамындағы біз секілді пақырларға «халтурщик», «дәлдүріш» деп ат қойғанына таңқалмассыз деген үміттеміз. Ол мұны ауызша да, жазбаша да айта береді. Оған біз үйренгенбіз. «Классикпен» жамандасудың жақсы болмайтынын білуге «дәлдүрішке» де сана берсе, амал не?! Бірақ «ұлылардың» жанындай тым тәтті болмағанымен, «халтурщиктердің» де жерге тастай салатын жаны жоқ көрінеді. Алдына түскенін шайнап, артына ілескенін тебе беретін айғыр-директордан әбден ығыр болған бір табын «дәлдүріш-жылқының» бұдан бірер жыл бұрын Жезқазған жаққа желдегені рас.


Біз Қарағанды филиалы ыдырап, оның жанынан Жезқазған филиалы бөлініп шыққан кезді айтып отырмыз. Сөйтіп, әпербақан мінезімен әйгілі болып, әдеби процесті тұралатқан тұтамдай жанның кесірінен сексен жылдан аса ғұмыры бар Қазақстан Жазушылар одағының тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға орын алып, бүтін бөлімше қақ жарылған.


Қызықтың көкесі сол – одақ басшылығы бұл оқиғаға бей-жай қарау арқылы прецедент (кейін осындай оқиғаларға ақтау боларлық жағдай) туғызды. Дәл осы кезеңде филиалды бөлшектеуге жол бермей, оны ауызбіршілікпен басқара алатын адамға тапсыру керек еді. Кезінде солай етілмей қалғандықтан, енді облыстық филиалдың қартайып қалған әрі іске ебі жоқ басшысын тынымға жіберіп, орнына әдеби процеске серпін беретін жаңа жетекші сайлап алу керек болып тұр.


Айта кетер бір жәйт, облыста «Қасым» атты журнал мен оның құрылтай-тірегі – «Ақсораң» атты қор бар. Екеуі де Серік Ақсұңқарұлының құзырындағы жабық мекеме. Көлденең көк аттыны журналға да, қорға да жолатпайды. Штат кестесі қанша, жалақы қалай, қаламақы қалай, тендерден не түсті, ол қалай жұмсалды, Жарғысы не дейді – бәрі де қақпағы жабулы қазан. Ұзын саны үш мыңмен шығатын журналдың қайда кетіп жатқаны да белгісіз. Өйткені, мұнда жазылым-таралым жұмыстары жолға қойылмаған.


Біздің ойымыз – жаңа басшы сайланған сәттен бастап-ақ, аталған ресурстар облыстық филиалдың қызметіне интеграциялануы керек. Сонда ғана журнал облыс һәм республика көлеміндегі әдеби-мәдени процестің айнасы бола алады. Сонда ғана филиал өркендейді.


Құрметті Нұрлан Мырқасымұлы !


Осы хатта айтылған жәйттерді негізге ала отырып, жылдар бойы филиал үшін шөп басын сындырмаған, әрі соған құлқы да жоқ Серік Ақсұңқарұлын филиал жетекшісі ретіндегі қызметінен босатып, оның орнына облыста әдеби процесті жандандырып, жолға қоя алатын жаңа басшы сайлап алуымызға жәрдем беруіңізді өтінеміз. Ол бір өлеңінде менің кітаптарымды жазған – мен емес, сайтан деген еді, енді кешегі бір өлеңінде «Өскенмін Мауглидей асыр салып» дейді. Бір Мауглиге жиырма жыл бойы «асыр салу» жетер дейміз. Филиалды адам арасында өскен біреу басқаратын уақыт жетті. Қарағанды қаламгерлері қобалжулы. Бұл кішігірім қозды дер уақытында орнында сөндірмесек, оның өзге өріске қозғалып кетуі әбден мүмкін. Ол үшін Сіздің басшы ретіндегі ерік-жігеріңіз, жедел шешіміңіз қажет.


Мәселені шешу «ұзын арқан, кең тұсауды» көтермейтінін тағы бір мәрте есіңізге салуды парыз санадық.


Хатқа қол қоюшы Қарағанды қаламгерлері:

Қанат ЖОЙҚЫНБЕКОВ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Өмір КӘРІПҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Кәмел ЖҮНІСТЕГІ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Төкен ӘЛЖАНТЕГІ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Сәбит БЕКСЕЙІТОВ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Абзал БӨКЕН,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Жанболат БАШАР,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Abai.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар