Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Әділбек Ыбырайымұлы: Күрең күз лирасы

06.10.2016 598

Әділбек Ыбырайымұлы: Күрең күз лирасы



Маужырай бұйығады түн алып дем


Мақпал түн естен тана маужыраған,
Еседі самал ептеп тау, жырадан.
Үнімен тарғыл-тарғыл ит үреді,
Қайтейін,
Ей, барақы, сау жүр, аман...


Былғадың тұнығымды құнықтырған,
Бүлдірдің күллі әлемді тұнып тұрған.
Жұлдыздар баданадай жымыңдайды,
Арудай қас-қабақпен сыр ұқтырған.


Елітті шырылы да шілделіктің,
Мақпал түн – қыздың сырын білген, ұқтым...
Ақ көйлек қылаң етті топ ағаштан,
Бүгін түн беймәлімдеу кім, не күттің?


Ақыл-ой қараңғыда шала біздің,
Көңілім әлденеге алағыздың.
Басынан бәйтеректің бір құс ұшты,
Тағдыры...
Сезімге ерген бала қыздың.


Маужырай бұйығады Түн алып дем,
Сауапқа айналғандай күнә біткен.
...Ұяға шалқасынан Ай кеп қонды,
Сұлудай еркелеген бұлалықпен...


1.jpg


Дүние қарап тұрсаң...


Сар дала,
Шилі жазық,
Қыр күйегі,
Дүние көкке қарап сыр түйеді.
Тамылжып мизамшуақ
құйылады,
Кеудемнен ақтарылып жыр тиегі.


Түсіндей жапан тұтас құлагердің,
Құба жон құндылықтың тұрағы едің.
Дананың даналары данышпан ой,
Қалдырған
Бабалардан мұрам едің.


Көгілжім сағым ағып, бұлдырайды,
Байқайсың әуедегі мұңды райды.
Жазы өткен тірлігіңе көз тастайсың,
Жар көріп, Жаратушы бір құдайды.


Солыңқы күннің көзі сұрланады,
Бұйығы бозаңытқан қыр қабағы.
Қызыл лоқ* бара жатыр Айды артып ап,
Сүттей боп көрінеді нұрлы алабы.


...Көкейде ашылмаған сыр қалады,
Дүние қарап тұрсаң зыр қағады...
Өкініш қолқа қауып, іш тырнайды,
...Алыстан жалған сағым сырғанады...


*Түйе тұқымының бір түрі - аруана. Оның еркегін "лоқ", ұрғашысын "мая" дейді.


2.jpg



Лықсиды сезім шіркін...


Мизамның керім кезі нәлденетін,
Ақ терек ақ сәулеге сәнденетін.
Тоғайдың ішінде бір мұң тұрады,
Көкейге талмаусырап ән келетін.


Лықсиды сезім шіркін шүпілдеген,
Жүрегім баяғыша лүпілдеген.
Жанымды жабыңқылау сүмбілелі,
Қайыңның сыбдыр-сыры бүтіндеген.


Кетеді қиял құсым қанат қағып,
Қаншама болмас жайтқа далақтадық.
Түйсіксіз көбелектей
Сызат көрсек,
Арынан адамдықтың сан аттадық.


...Қыркүйек елітеді желемікпен,
Өсіппін шаттық, мұңды тел еміп мен.
Кенеттен көз алдымда жарқ еткені,
Бір сурет есімді алып көнеліктен.


Жігіт тұр қызды құшып тал түбінде,
Жатпайды шын ғашықтық жалпы, мінге.
Діңі екен...
Сөйтсем олар бір ағаштың,
Тамыры тұтас біткен ал, тінінде.


Қараймын кереметке таң қалыспен,
Бақтары ғашықтардың жанған, үстем.
...Қаншама тағдырлар бар қосылмаған?
Қаншам қиянат бар болған істен?


Мизамның керім кезі тамылжыған,
Ақ терек, алағызған халіңді ұғам...


3.jpg


Бейкүнә қыз


Ну тоғай.
Құстар үні елітеді,
Көңілдің күңгірт тұсын кемітеді.
Жапырақ сыбдырлаған сыр ашады,
Тартады баурап сиқыр мені тегі.


Жетелеп ілгеріге жылға мына,
Сергідім саф ауаның ылғалына.
Келемін шаттық кешіп,
Ауаныммен,
Батамын жерұйықтың жұмбағына.


Татамын шырынын да ләзаттың,
Не берер пендесіне бұл аз-ақ күн?
Ақ сәуле,
жасыл әлем,
мың сан жұпар,
Түседі буынына бұ қазақтың.


Жанымды сауал шарпып,
Леп еседі,
«Жоғалттым сол тоғайдан неге сені?»
Кенеттен селт еткізді оқшау ағаш,
Бір қыз тұр,
Бейтаныс та емес еді...


Қараймын сымбатына таңданыспен,
Жаратқан Жаппар ием талғамы үстем.
Тәу етіп бір талдырмаш тәж салады,
Біздерді арашалап жалған істен...


Қараймын еш мін көрмей тұлғасынан,
... Таба алмай ит тірлікте мұңға шыдам.
Кеткенсің ағаш болып
Айнымайтын,
Ешқашан адамдықтың сұлбасынан.


...Ну тоғай.
Сенің бейнең бейкүнә қыз,
Бұ күнде көркің аңыз, кейпің аңыз.
Талайлар ғашық болған
Өліп-талып,
Талайлар әңгіме айтқан бейпілауыз...


Өзіңсің сұлулықтың кейпі нағыз...
Бекүнә қыз...


4.jpg


Көзіңді баққа сүздің...


Көңіліңді лекерлеп,
Қызғалдақ ғұмырыңа шыр байладың.
Өміріңді бекер көп,
Жасантып, желік қуып сырнайладың...


Жай қарап мен именем,
Қылықты қыз-ақ едің жұтындырған.
Жігіттермен сүймеген,
Жарасып бара жаттың... шытың бұлғаң...


Көздеріңді жайнаған,
Жалт ойнап, баққа сүздің, шеті – танап.
«Қой» демей ме айналаң?
Боп қапсың
Тағыда сен
Екі қабат...


5.jpg


Ақ теректер


Ақ қайың, қызыл қайың...
Қайың, қайың,
Қасыңа мен барғанда балың дайын.
Бал татып тұрған кезде мына жалған,
Қалайша көп түйткілді уайымдайын?..


Тағдырда қитұрқылы
Бұлаңдаған,
Көргенмін талай қайың сылаңдаған.
Көк терек болатынын білуші едім,
Жалғанда
Ақ теректі кім аңдаған?...


Сыңсыған ақ теректер... тербелесің,
Жоғалтар ақ діңіңді көрген есін.
Күн сүйіп жалтырайды жапырағың,
Көзге ілмей паңданасың жеркенесін.


Әппақ боп жұмыр бәден сұқты алады,
Жан шіркін
Ақ теректен құт табады.
Есіңе
оралады сүйрік-сұлу,
... Жанардың қиығында шық қалады.


Сол әлгі талдырмаш қыз бейне
бейнең,
...Етеді көз алдымда кейде көлбең.
Талшындай самсап өскен ақ теректер,
Сәмбідей бұраласың дөйде желмен.


Жанымды жадыратып, шалықтаттың,
Есімнен қарап тұрсам танып қапын.
Ақ терек,
керім ағаш,
кермиығым,
Бақыттың шуағында қалықтаттың...


Ал, Бақтың, жүзін көрген анықтап кім?..


6.jpg


Аққайың қара тартып тағы келдім...


Майса леп,
Майда самал,
Төгілген Күн,
Қыркүйек мамыражай көңілдендің.
Тамылжи нұр шашқанмен түске қарай,
Салқыны байқалады жеңіл демнің.


Сыр бүктің қабағыңа жадыраған,
Мәлім ғой ішкі ойыңның бәрі маған.
Сен шіркін
Жасырғанмен жұмбағыңды –
Жапырақ жайып салып жамыраған.


Сарысы, қызыл күрең, жасылы бар,
Ойыңды айтқызбай-ақ асыл ұғар.
Аққайың қара тартып тағы келдім,
Өзіңе қу көңілдің нәші құмар.


Сылқым-сал сымбатыңа байланамын,
Жаныңда саябырлар қайнаған мұң.
Көктемнен таба алмаған күн шуақты,
Көрем де
Сыңарыңа айналамын.


... Майса леп жапырақты дірілдетер,
Күн шуақ шырайыңды шырынды етер.
Сары әлем сағыныштан тұтап қалған,
Тоғайға келген екем бүгін бекер...


2016 жылғы 19 қыркүйек, сағат 22.10


7.jpg


Ақ жанымның сұлады ақ қайыңы...


Көздің жауын алатын көркіменен,
Бой ұрғанмын, ақ қайың, еркіңе мен.
Қыз жетелеп саяңа келген едім,
Қызбен қоса қасыма ертіп өлең.


Талай көрдің тірлікте мәз... лаңды,
Құлағыңда сұлудың назы қалды.
Жапырағың жүректен аумайтұғын,
Еркелікті, шаттықты жазып алды.


Ай құйылып, бұтағың дірілдеген,
Таңға отырды ғашықтар, іңір кеген.
Талайлардың куәсің,
Сертіне – сен,
Ақ шапақта
Айтылған
Сібірлеген.


Ақ ниетпен әппақ боп аттандырдың,
Жүрегіме от
Дәл сенде жаққан құрбым.
Бір бойжеткен бүлдіршін,
Өзіңдей Ақ,
Сезім сыйлап, тымықта шаттандырдың.


Көңілімді үйірдің ақпалаған,
Саған келсем, ақ қайың, шаттана алам.
Бүгін, міне, жатырсың
Жайрай сұлап,
Опасыздау тірлікте қаптаған аң.


Тісі тиген тініңе ара сұмның,
Жігі үзілді, қайтейін, жарасымның.
Ғашықтар жүр адасып,
Өзің жоқтан,
...Дәл осылай тағдыры бар асылдың...


Білмеген соң тағылар жатқа айыбы,
Күтпеген жан, сол – адам,
Бақта Айымы.
Мейірімнен, сезімнен жұрдай байқұс,
...Ақ жанымның сұлады ақ қайыңы.


2016 жылғы 24 қыркүйек, сағат 21.44


8.jpg


Арылу үшін...


Саркебір тартқан сананы,
Сарғайтып қойған, жазған-ай...
Өмірде білсең, жаманы –
Шуақты сәттер аз ғана-ай...


Жанасың от боп лапылдап,
Жылытып жанды шалғайдан.
Құясың судай лақылдап,
Дәмі де кетпес таңдайдан.


Қалады бір кез сүлдерің,
Шығады қайтсе кінәрат.
Таппайсың мұңның бір де емін,
Қасірет болар, сірә, дақ.


Жерге де кіргің келеді,
Уайым, ойдан дал-далсың.
Кінәлі – өзің,
Себебі,
Думанды қалап алғансың.


Сыймайсың ішке, сыртқа да
Ұйлыққан уға былығып.
Дей алмай ләм-мим жұртқа да,
Өтерсің тілсіз құмығып...


Тағдырың қайда Бақ кірген?
Асырды біреу айласын.
...Арылу үшін дақ, кірден,
Сатымен барам Айға шын.


2016 жылғы 1 қазан, сағат 21.46


9.jpg


Күрең күздің лирасы


Бұйрат дала бұйығы сарыкебір,
Оқиғалар күтіп тұр тағы небір.
Күрең қасқа ойнақтап құба түзде,
Салды сауық сүйсінтіп бәріңе бір.


Қоғалы көл сыбдырлап, сусылдады,
Құм-уақыт төгілді усымдағы.
Сары ала қаз ұшады жұбыменен,
Көңілімді жұбатып у-шудағы.


Түйеқарын жөңкілді құбыладан,
Көкте Күн тұр айрылған шұғыладан.
Қызыл-күрең – жапырақ,
сары – қурай,
Біле қоймас жұмбағын ұғып адам.


Шым-шымдаған қазанның ақша нұры,
Төгіледі көңілдің жақса қыры.
Жетелейді күреңді бір бойжеткен,
Торуылдап жүреді бақшаны ұры.


Алма ағаштың қызарған жемісі бар,
Үзбесе егер жемістің көңі шығар...
... Күрең күздің лирасы баурап алды,
Тіл айтпайтын,
Жалпы жұрт
Тегіс ұғар...


2016 жылғы 1 қазан сағат 23.44


10-11.jpg


Қайраны жоқ көрініс...


Төккенменен алтын-арай шұғасын,
Салқындықтың барын, рас, ұғасың.
Терезеден жарық күннің тұлғасын,
Көресің де жеңіл-желпі шығасың.


Сыртта байқап дым жүгірген ылғалды,
Көңіл-қошым әлденемен былғанды.
Көше бойын жағалаған жидегүл,
Арасы жоқ, панасы жоқ тұл – қалды.


Тақта жолмен ілбіп басып келемін,
Кенет бір қыз желп еткізді желегін.
Жайтаң қағып, жұтынады құйымыр.
Қайраны жоқ сұлулыққа не дедім...


Солқ еткені жүрегім де бұлқынып,
Ұшқын атты жанарымда жылт-үміт.
Лағындай асыр салған еліктің,
Бара жатыр жастық-дәурен жұлқынып.


Таяу тұрған бағдаршамнан бұрылдым,
Көзден таса болыпты әлгі бұрымдым.
Жерде жатыр саржапырақ шашылып,
Қысатындай бірін – күлкі, бірін – мұң...


Оқшау үйге ұшырастым қапталдан,
Отыр ару
Баспалдақта
Баптанған.
Тізе – жыртық,
Ал күшігі шыттай боп,
Ағашта жүр арын күтіп ақ таңнан.


2016 жылғы 3 қазан, сағат 22.44


12-13.jpg


Бойжеткен жүр наз айтып...


Құстар ұшты қанатын сусылдатып,
Думан көшті, соңынан ұмсын, бақыт.
Беймәлім бір бойжеткен көкке аңырды,
Кеткен құсқа зеңгірге шым-шым батып.


Шырқы қашқан Күн сұлу –
жыртияды,
Бұйығы бел томсарып, бұртияды.
Ызғары бар ебі жел екпіндеді,
Ызыңдады сарқурай – қыр қияғы.


Тербеледі қамыстың майда басы,
Тұнып тұрған қалың шөп айналасы.
Белдеуінен құлдады Ай-қыз төмен,
Ынтық етіп қазақтың сай, даласы.


Бойжеткен жүр наз айтып күнге өтпейтін,
Жалғыздығын қарғайды тілдеп, кей күн.
Күнін санап, бейшара қорқа ма екен?
Бетін сипап, қария дірдектейтін.


Баурайды уақыт әркімді тылсымымен,
Кеш қалыппын...
Бұрындар қымсынып ем.
Қапері жоқ, қайтейін, қызыл мая,
Айды түртіп ойнайды тұмсығымен.


Қарияның кезінде күні өтпеген,
Жүретұғын жақсылық тілекпенен.
Армандары
Барады
Қанат қағып,
Құсжолында жосылған лекпенен...


2016 жылғы 4 қазан, сағат 23.02


14-15.jpg


Құсжолы


Бұл қазанда көктемнің елесі бар,

Ну тоғайға күзгі нұр, бересің әр.

Сәуірлерде құс ұшса жұп-жұбымен,

Мына кептер, қарашы, неге сыңар?


Уылжыған ақ шуақ жалтарады,

Күңгірттенер көңілдің әр тарабы.

Қайтқан құстың ілесіп қанатымен,

Бір мұңлылау, байқасаң, ән тарады.


Ымырт түсіп, төңірек тұмшаланар,

Аспан беті көрінер бір шама бар.

Ұбақ-шұбақ құсжолы – жұлдызды көш,

Жымыңдайды шіркіндер, мың сан олар.


Қиялыңды қозғайды, самғатады,

Сол жақта бір сыр барын аңдатады.

Арманыңды аялап аялдайсың,

Тәтті сезім үйіріп жанға тағы...


Боз өкпе ойға берілдім, амал қанша?..

Мына тағдыр, қолдамас жаманды онша,

Әлгі кептер тәрізді қалып қойма,

Құс жолы тұр,

Ұшатын шамаң болса!!!


2016 жылғы 5 қазан, сағат 23.44


16-17.jpg


(Өлеңдер топтамасы автордың ФБ парақшасынан алынды)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар