Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Жұмат Әнесұлы: Дархан мінезді дарын

03.10.2016 479

Жұмат Әнесұлы: Дархан мінезді дарын


сырбай.jpg

1963-ші жылы Алматыға бардым. Жолға шығар алдында Сырағаңнан тұратын мекен-жайын жазып алғанмын. Поездан түсе сала, такси ұстап, қалтамдағы бір жапырақ қағазға жазылған Масанчи көшесіндегі №58 үйді іздеп барсам, біреу: «Бұл – әртістің үйі» дегесін, «әртістің үйінде жазушы неғып тұрсын» деген бір ой жылт ете қалды да, Сырағаңның үйін күні бойы басқа жақтан іздей беріппін. Ертеңіне кездейсоқ көшеде журналист Сабыржан Шүкіров кездесе қалмағанда, ағамыздың үйін іздеп тағы біраз іздеп сабылар ма едім, кім білсін. Сәкең іздеген үйімді лезде тауып берді. Үңіліңкіреп қарасам, кеше өзім келіп кеткен «әртістер үйі». Үйдің олай аталатын себебі, мұнда Мүлік Сүртібаев, Сауат Әбусейітов сияқты айтулы әртістер, белгілі кинорежиссерлер тұрады екен. Атақты суретші М.Кенбаев, ұлы жазушы Бейімбет Майлиннің зайыбы Күнжамал шешей де балаларымен осы үйде тұрды. Ол кісілермен амандасып, тілдесіп жүрген кездерім де болды.


Іздеген 58-ші пәтерім осы үйдің екінші қабатында болып шықты. Онда Сырағаңның анасы Алмагүл әжей, ақынның үлкен ұлы Дүйсен жары Жаннамен, екінші ұлы Жеңіс тұрады екен. “Торғайдағы Әнестің баласымын” дегесін, бәрі жатырқамай қарсы алды. Сырағаңның бұл үйден Интернациональный көшесіндегі 129-шы үйге көшкеніне бір жылдай уақыт болып қалған екен. Бұл көше қазір Сырбай Мәуленов көшесі деп аталады. Қабырғасында ескерткіш тақта орнатылған.


Сырағаңның үйінде содан біраз уақыт болып, ауылға қайтып оралдым. Ол кезде мен небары он бес жаста едім.


1965 жылы мектеп бітіргесін, Алматыға қайта бардым. Содан 1970 жылға дейін Алмагүл әжеміз бен Дүйсен ағаның қарауында болдым. Соңғы жылдары Алмагүл әжеміз екеуміз әскери училищенің жанындағы екі қатарлы Сырағаңның саяжайында тұрдық. Алмагүл әжеміз ол кезде алпыстың сыртына шыққан еді. Аққұба өңді, қызыл шырайлы, әдемі кісі болатын. Ол кісідей дархан мінезді кішіпейіл адам өте сирек кездесер еді.


“– Тек қана ақын адамды дүниеге әкелу үшін жаратылған пенде дерсіз... Бүкіл Торғай елін табындырған Тоқал ене де осындай-ақ болған шығар деп ойладым мен іштей” деп, жазады белгілі ақын Хамит Ерғалиев. Сырағаңның анасы Алмагүл әжеміз туралы. “Алып анадан туады” деген, Сырағаң да мінезге бай адам еді.


Сырағаңның саяжайында тұрған жылдары шынымды айтсам, жастықтың кесірі ме, бірнеше рет өрескел іс-әрекет жасап қойған кездерімде болды. Оны талай естіп жүрседе, Сырағаңның маған бірде-бір зілді сөз айтып, ұрысқанын естімедім.


Қайта бірнеше рет тойға ерте барғаны, бірде Мұзафар Әлімбаев, Шота Уәлиханов, Қоғабай Сәрсекеев, ғалымдар Сайлау Байзақов, Сәбит Байзақов тәрізді қазақтың белгілі зиялылармен бірге отырғызып, олардың алдында мені құрметтеп сөз бергені мәңгі естен кетер ме?


Біз Сырағаң бейнесін әрқашан осындай биік тұлғасымен елестетеміз. Заманымыздың ұлы ақындарының бірі Сырбай Мәуленовтың жанында жүргеніміз қаншалықты мақтаныш болса, оның қайталанбас шығармашылығын, аңыз болған өмірін кейінгі ұрпаққа үлгі ету бізге соншалықты парыз.


Қолтаңба


Сырағаңның алдында болған, қасында жүрген отыз шақты жылдың ішінде аяулы ағамызға небәрі үш-төрт кітапқа ғана қолтаңба жазғызып алыппын. Оларды қайталап оқыған сайын көңілім босайды.


“Ардақты інім Жұматқа! Өнерің өрге жүзсін, ұзақ болсын, келін-балалар бақытты болсын. Сырбай. 24.Х.83 жыл” деп жазыпты сол жылы “Жазушы баспасынан шыққан үш томдық шығармалар жинағының біріне. Бұл қолтаңбаны Сырағаң Торғайдың топжарған ақыны Нұрхан Ахметбековтың 80 жылдық мерей тойына келген жолы жазып беріп еді. Осы қолтаңба жазушы Сейіт Кенжеахметовпен бірге Сырағаңа ілесіп, ақын Н.Ахметбековтың қатысқанымызды, от ауызды, орақ тілді әңгімеші, ақын Ахметхан Әбіқаевпен бірге болған сәттерімізді еске түсіреді.


Екінші бір қолтаңбасын жазушы ғалым Әди Шәріповтың “Сырбай Мәуленов творчествосы” деген кітабына былай жазып берген: “Ақкөңілді, пәкжанды, аяулы бауырым Жұматқа! Сырбайдан. 11.Х.87 жыл”


Сырағаңның қаламынан бостекі сөз туындамайтынын біле тұра, осы өзіме берілген қолтаңбаға кезінде онша мән бере қоймаған едім. Жылдар өткен сайын осы бірер сөздің мен үшін сан сыры, зор мағынасы бар тәрізді. Бүгінде Сырағамның қолтаңбасын тұмардай көріп жүрмін. Ол мені жамандықтан арашалап, жақсылыққа жетелеп жүргендей.


Бір өкінішім бар. Сырағаңның қасында жүрген кездердегі айтқан сөздерінің бәрін не қағазға түсірмеппін, не жадымда ұстамаппын. Дүлдүл ақынның айтқан сөздерінің асыл екенін кезінде аңғара алмаппын.


Сырағаң мен білетін ширек ғасырдан астам уақыт ішінде үш рет қана маған хат жазыпты. Бірінде үлкен конвертпен фотосуреттерін, қолжазбаларын, кейбір газеттерде жарияланған өлеңдерін, құрмет қағаздарын жіберіп, оларды облыстық өлкетану мұражайына апарып тапсыруымды сұраған екен.


Мен оларды жедел мұражай меңгерушісіне апарып бердім. Ол оны мұрағатқа апарып еңгізе салды. Оның әдебиетке, өнерге, тарихқа деген салқынқандылығы сол жерде жүрегімді мұздатқандай болды. Арқалық өлкетану мұражайына ілінген бір суреті мен қысқа деректен басқа әлі күнге дейін, оған арналған стенд, экспозиция жоқтығы өкініш тудырады.


Тарихымызды, әдебиетімізді, өнерімізді құрметтейік деп жар салғанда кейде алдымызға жан салмаймыз. Осының бәрі біздің істен гөрі ұраншылдыққа бейім екенімізді еске салады.


Сырағаң көз жұмғаннан бері оның есімін мәңгі есте қалдыру үшін елінде біраз игі жұмыстар атқарылды.


Алматыда,Аманкелді, Жанкелдин аудандарында, Қостанай мен Арқалықта мектептер мен кешелерге оның есімі берілді. Тек сол көңілге медет.


Алтын сағат


Жерлесіміз, әрі замандасым ақын Серікбай Оспанов “Сырағаң алыс сапардан оралған сайын базарлық әкеліп беруші еді,- деді бірде ақын ағасының жақсылықтарын ерекше ілтипатпен еске ала отырып. -Үйде ол кісінің берген галстуктері, автоқаламдарының жиынтығы жетіп жығылады- деп және мақтанған. «Сырағаң басқаны қайдам осы тәбәріктерді сонау Мәскеуге, Ригаға, Вильнюске, Киевке, Бакуге барғанда алып келген” деп бір қойған.


Сырағаңның осындай базарлық бергіштігі аса бір жылылықпен еске түседі. Үлкен-кіші демей елеп, аз-мұз болса да бір нәрсе бергенді жақсы көруші еді. Жақсының жақсылығы артынан да осылайша қалмаса керек. Өз басым Сырағаңның осындай нарттығын жиі көргендіктен, мына бір жай еске түсіп, оқушыма жеткізгім келеді.


1988 жылы бір топ заңғайыр ақын-жазушылар - Әбіш Кекілбаев, Зейнолла Қабдолов, Сырағаң, тағы басқалар бар осы Арқалық арқылы халқымыздың рухани көсемі Ахмет Байтұрсыновтың туған жері Ақкөлге барып оралды. Арқалықта ол кезде “Қонаев резиденциясы” деп аталатын тек қана құрметті қонақтарды қабылдайтын қонақ үй болатын. Сырағаң сонда деп естіп, әдейі бардым. Бұл кезде ағамыздың сырқаттанып жүрген кезі еді. Жол ауырлығын көтере алмай жатыр екен.


– Ағаң бұрынғыдай емес, жол жүргенді ауырлайтын болып жүр, – деді Күлжамал жеңгеміз. Дәмнің дайын екенін айтып үйге шақырдым.


Сөйтіп, Сырағаңмен сәлемдесуге келген жергілікті ақын Байдақ Молдашев бар, үйге алып келдім.


Сырағаң осы жолы “Ақкөлден тәбәрік” деп маған алтын сағат сыйлады. Ұлы Ахаңның елінен маған бұйырып, сыйға тартылып ол сағат өмірі бұралмайтын, қолға тағып, қозғалса болды, өздігінен жүре беретін қасиетін кейде Сырағаңның өлеңдеріне ұқсатамын да тұрамын.


Шіркін, Сырағаңның өлеңдері қайта оқыған сайын түрленіп, жаңғыра, мағынасы тереңдей түседі емес пе!


Аңыздар көп

Аспан жайлы,

Тастар жайлы,

Жазықсыз аққан жастар жайлы.

Аңыздар көп,

Аспанның қызы жайлы,

Аңыздар көп,

Асқардың күзі жайлы.

Жер үсті.

Жерасты,

Толған аңыз,

Сол аңыздың айтылар шақтары бар.

Сол аңыздарда

Ата сақалының ақтары бар.

Мерт болған даланың аттары бар.

Жер ананың әжім-әжім қатпары бар.


Иә, қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан Сырбай Мәуленов тәрізді ұлы тұлғаның өмірі де өлеңдеріндегі тәрізді аңыз болып қалғандай.


Жұмат ӘНЕСҰЛЫ, журналист, жазушы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар