Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Марфуға Бектемірова: Ақын қыз деп төрінен орын берген...

26.09.2017 712

Марфуға Бектемірова: Ақын қыз деп төрінен орын берген...

БІР ҚОЛЫМДА ӨЛЕҢІМ, БІР ҚОЛЫМДА БӨБЕГІМ

Тәтті ұйқысын тербетіп ұйқыдағы төренің,

Туласам да толқын боп тағдырыма көнемін.

Ақын болған әйелмін, сәби сүйген анамын,

Бір қолымда өлеңім, бір қолымда бөбегім.

Бөбегімді әлдилеп бесігіне бөледім,

Ақ қағазға төгілер түнде жазған өлеңім.

«Өмір» атты өзенмен жүзіп келе жатырмын,

Бір қолымда бөбегім, бір қолымда өлеңім.

Тағдырыммен таласқан түнді жақсы көремін,

Сәуле шашқан бойыма күнді жақсы көремін.

Қос бақытты құшақтап тәтті ұйқыға кетемін,

Бір қолымда өлеңім, бір қолымда бөбегім.

Азабына шыдамай кейде мынау өнердің,

Рахаттана бір кезде көз жасымды төгермін.

Жеңе алмайды жауларым қорғанышым қуатты,

Бір қолымда бөбегім, бір қолымда өлеңім.

Кісен салып қолына «уақыт» атты шебердің,

Жылдарымды келмейді кейін қарай шегергім.

Менің күймем жылжиды мәңгіліктің жолымен,

Бір қолымда өлеңім, бір қолымда бөбегім.

ТАБИҒАТТАН АЛҒАНМЫН ТӘРБИЕНІ

Мұнан өткен жаныңа азап бар ма?

Мақтауға да үйрендік, азаптауға.

Танымайтын әлемде мені мүлдем,

Алла, мені айырма мейірімнен.

Бар сырымды жасырмай жайып тұрмын,

Таңның қалай ұмытам жарық нұрын?

Бұл сезімнің сеземін тапшылығын,

Күннің қалай ұмытам жақсылығын?

Күңіреніп шыққанда менің үнім,

Төккен сонау аспаннан мейірімін.

Дір еткізген жүрегін тамшы мұңым,

Айдың немен өтеймін жақсылығын?

Жүдеп жүрген шағымда, тоңып жүрген,

Ақын қыз деп төрінен орын берген.

Ел-жұртымның құшағын айқаратын,

Жақсылығын мен қалай қайтарамын?

Мен ешкіммен жау болып жағаласпан,

Солай бол деп үйреткен маған аспан.

Шаршауды да білмейді жомарт жаным,

Бұл өмірден тапқанша жоғалтқанын.

Бұл анамның айтатын әлдиі еді,

Табиғаттан алғанмын тәрбиені.

Тар үйіме бір дүйім ел қонады,

Кең далада туғандар кең болады.

ҰРПАҚҚА

Ойламаңыз ақын ғой деп бізді өзге,

Жапырақ боп жылайтынбыз күз келсе.

Құдай қанат бергеннен соң қырандай,

Ұшып жүрдік қарамастан тіл-көзге.

Біреу сенер, біреу сенбес бұл сөзге,

Шүпілдеп кеп тұнып тұрған нұр көзге.

Аққулардың ақ қанатын жамылып,

Біз де сендей өлең жаздық бір кезде.

Жүруші едік ақ гүлдердей үлбіреп,

Тау суындай таза едік, мөлдір ек.

Өлең деген қасиетті аппақ құс,

Айдындарда жүзуші еді мөлдіреп.

Қанатымыз ақ бұлттармен ұштасып,

Бойымызда қайнап тұрған күш тасып.

Сол ақынды бір көрсек деп армандап,

Сыртымыздан болып жүрді жұрт ғашық.

Аласұрдық қалса егер жыр келмей,

Сонша асықтық қалатындай үлгермей.

Бәрін жырлап өтеміз деп ойладық,

Жердің үсті еншімізге тигендей.

Біз де сендей болатынбыз ойласам,

Жүрек шаншар тереңдерге бойласам.

Ескертеді қансыраған жүрегім:

«Өлесің» деп жыр жазуды қоймасаң.

О, мен қанша қиянатты кешірдім,

Лаулап жанған өсек отын өшірдім.

Таза болдым толқынындай Тобылдың,

Жұмсақ болдым жағасындай Есілдің.

О, мен қанша еліктерді құтқардым,

Ауызына сұм ажалдың тік бардым.

Құдайымды іздеп таптым ақыры,

Біреуінен пана таппай «пұттардың».

Ұрпағыма қалдырам деп ұнамды ән,

Көзімді алмай жүрмін енді Құраннан.

Адам түгіл аңның өзі адасқан,

Жердің үсті көрінбейді тұманнан.

Жанды бүріп ішімде бір жылайды ән,

Аспан жақтан Айды көрдім мұңайған.

Өзім үшін, ұрпақ үшін, ел үшін,

Кешірімді сұрап жүрмін Құдайдан.

ЖЫРЫМ ОНЫ АЙТПАСА, КІМ АЙТАДЫ?

Ақын деген лайық боп шын атыма,

Мен өзімнің сүйендім қуатыма.

Қолын бермек түгілі құз шетінде,

Біреулер дайын тұрды құлатуға.

Жалғыз болдым шатқалда, құздарда да,

Құлап жатты тайғанап құздан бала.

Асуларға осылай өрмеледім,

Құздарға да қарамай, мұздарға да.

Жалғыз болдым теңізде, жағада да,

Жәрдем берді, күш берді маған Алла.

Үнім ащы сондықтан, көл бетінде,

Жалғыз ұшқан ұқсадым шағалаға.

Жағалап жүре алмадым Жайықты да,

Сол үшін менің жаным айыпты ма?

Бой бермейтін ешкімге асау толқын,

Кемені де төңкерді, қайықты да.

Жырларымда жатады қайғы-зарым,

Мен айтпасам айтады ол мұның бәрін.

Қанша қайсар болса да қыран құстың,

Қауырсыны бір-бірлеп жұлынғанын.

Әлі күнге сыздайды жараларым,

Жаралы аңдай жер бетін араладым.

Жырым оны айтпаса кім айтады,

Аққу құсты құзғындар талағанын.

Мендей болар бірақ та бақытты адам,

Өлең, жырды сыйлады уақыт маған.

Ғасырдың тереңіне қазынаммен,

Сүңгуір қайықтай боп батып барам.

ӨЛЕҢІМ, АСЫЛ ТЕКТІ ФАРАОНДАЙ

Біреудің тіреп тұрған ағасы бар,

Теңізге шықса бірге ала шығар.

Біреулер өсек айтып күнін көрер,

Оны айтпаса аузына жара шығар.

Бір қадам алға бассам, ысқырынып,

Жылан жатар алдымда ала шұбар.

Дұшпаным көп неліктен, наданға да,

Табылып жатқан кезде жанашырлар?

Біреуді біреу бүгін жетектейді,

Жүзге бөліп, жүз рет бөлшектейді.

Өздерінің есегін тұлпар санап,

Өзгенікін есек деп есептейді.

Байлығы бар, даңқы бар осыларға,

Бұл өмірде білмеймін не жетпейді?

Көтерсек бізден асып кетеді деп,

Күннің көзін қалқалап көрсетпейді.

Құлағымда күншілдер ызың қағып,

Қызғанады кетердей Қызыр дарып.

Жалғыз мендей осынау теңіздегі,

Қолға түспей жүретін қызыл балық.

Қай ауылда жүрсем де халық бірақ,

Алыстан-ақ жатады қызын танып.

Маска киіп бетіне жүргендерден,

Алла алдында әйтеуір жүзім жарық.

Бірі күліп жатқанда, бірі жылап,

Қызғанышсыз кеудемнің түні – жұмақ.

Күншілдер де жүреді тамақ тауып,

Сыртымыздан ауызы жыбырлап.

Елдің жүгін көтерген ақындардың,

Ауыр болар иықта жүгі бірақ.

Ақынмын деп айтуға хақым да бар,

Жаратқанға тұрса егер жырым ұнап.

Көргенмін, көрем талай тақ таласын,

Мейлің мені надандар мақтамасын.

Сыртымнан жала жауып жүрген жандар,

Алдымен өз күнәсін ақтап алсын.

Біреулер жағама кеп жармасады,

Өзінен мұндай байлық таппағансын.

Өлеңім, асыл текті фараондай,

Мәңгілік саркофакта сақталасың.

КӨҢІЛІН КІР ШАЛМАҒАН

(Уәлихан Қалижанға)

Дала да кең қарасаң,

Өмір де кең,

Бір қымбат дүние бар,

Көрінбеген.

Мансапта емес,

Атақта, байлықта емес,

Бақыт деген,

Кішкентай көңілде екен.

Қиын екен,

Көңілді қайтарғанда,

Өмір суық...

Қыс айы қаңтардан да.

Періштем,

Жылап тұрған менің талай,

Күші жетпей,

Құтырған сайтандарға.

Шайқай ма екен,

Өмірдің сан ырғағы,

Біреу айтқан сөзінен жаңылады.

«Қолымнан келмейді»...

Деген сөздің бәрі өтірік,

Көңіл болса,

Бәрі де табылады.

Не істейді,

Қолынан келмесе егер,

Күншілдер,

Күбірлеген сөзге сенер.

Көрмегенсіп жүргендер жүре берсін,

Сіз көрдіңіз,

«Соқырлар» көрмесе егер.

Оң көзімен,

Қарады-ау, сірә, маған,

Көңілін,

Кір шалмаған бір-ақ адам.

Қол ұшын,

Кім береді ақындарға?

Жыламаған,

Ештеңе сұрамаған.

Бәрі де,

Бір Алланың ісі емес пе?

Көргенім,

Бұл дүниеден түс емес пе?

Сізді көрсем маңдайы жарқыраған,

Қазақтың,

Кең жайлауы түседі еске.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар

Ең көп талқыланғандар