Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Арқаның ай-жұлдызды ерттеп мінген аруы еді…

26.09.2016 375

Арқаның ай-жұлдызды ерттеп мінген аруы еді…


марфуга бектем3рова.jpg

Ақынның жанын ақын түсінеді. Бұл тәмсіл боп кеткелі қашанннан. Қазақ арқалы ақын мен жезтаңдай әншіге, бармағынан бал сорғалаған күйшіге бай халық қой етенеден. Ал ақынның да ақыны болады, оның үстіне ол ақын қыз болса. Міне, сондай бір айы оңынан, жұлдызы солынан туған ақын қызымыз Марфуға Бектемірова еді.


Халқымыз ақын қыздарына кенде емес қой. Бір ғана сонау ХІХ ғасырдағы Ұлбикені, Сараны, берідегі Шолпан Иманбаеваны, Мәриям Хакімжанованы, Тұрсынхан Әбдірахманованы, Марфуға Айтхожинаны айтсақ та болады. Ал Фариза Оңғарсынованың орны тіпті бөлек екені қалың алашқа аян. Фариза апай тұтас бір ақындық мектепті қалыптастырды. Сол мектептің түлегі десе де болады біздің сөз етіп отырған Марфуғаны. Өзі сұлу Көкше өңірінен, мұнда да Ақан сері мен Үкілі Ыбырайды қойғанда, бертіндегі тұйғынды жырлы Төлеген Қажыбай мен ақберен ақын Баянғали Әлімжан қандай! Міне, осы өлкеде туып-өскен Марфуғаштың ақын болмауы мүмкін емес еді.

Марфуға–табиғи ақын. Нәтінде, шын ақын жыр жазбайды, оған жырлар көктен келіп құйылады. Міне, осындай шайыр екен Марфуға.


Қара түн…
Қара аттай тыпыршиды,
Тұяғы жер тарпыса…
Бұлт ыршиды.
Тұяғы тұлпарымның 
тиді ме екен,
Аспанда Ай ақырын ыңырсиды.


Қандай ғажап көрініс!


Марфуға – бір қолымен бөбегін, бір қолымен әлемді тербеткен ақын. Әлемді жүйрік сұңғыла қаламымен тербеткен. Иә, дәл солай. Ақын ойлары мазасыз.
Ол туған жердің де, тілдің де тағдырына шыр-пыр болады, осынау ұлан-ғайыр жерімізді қасықтай қаны, түймедей тері қалғанша сақтап қалған жауынгер аталарымызды, сол үшін көз жасын көл қылған алып аналарымызды жырлайды.


Ақын қыз әкесіз жетім қалып, көбіне әжесі мен атасының аялы құшағында өседі. Бір жерде ол:


…Бақ құсы айналып кеп саған
қонса,
Шіркін-ай, қайырымды 
заман болса.
Достарың сырт айналып 
кеткен кезде
Жаныңда ақыл айтар 
анаң болса.


Рас қой, шынында да.


Марфуға поэзияға жаңа серпін, жаңа тіркестер әкелген. Мәселен, «Менің Атлантидам» немесе «Тобылғы түн». Осы мұғдарда «Қазығұрт» баспасынан шығарған кітабы да «Тобылғы түн» деп аталған. Мұндай сонылық бұрын-соңды болмаған қазақ лирикасында. Және де ол төрттаған-рубаи циклінде де өзіндік қолтаңба, өзіндік ой айта алған:


Астан-кестен дүние… 
есіл арман,
Байлық, ақша адамның 
есін алған.
Ақ көйлектей арыңды, 
ей адамзат,
Қандай надан қорықпай 
шешіп алған.


Ақын өткен тарихымыздағы зобалаң жылдардан да ой түйеді:

Осы жайлы әжем айтқан
түндерде
Жылайтынмын, шамам 
жетпей үндеуге.
Аштық…
Соғыс…
Әлемдік бұл қасірет,
Сол қасірет болмасыншы 
бұл жерде!


Ақын жүрегінің кардиог­раммасы дүниенің барлық қайғы-қасыреті мен қуаныш-жұбанышын асқан сезімталдықпен суреттей біледі.
Жас қыран парлап ұшады, хас қыран барлап ұшады. Марфуға поэзияда парлап та, барлап та ұшқан ақын. Ол жастық шақты да, махаббатты да келістіре, иін қандыра жырлай білді.


Сағынышым – сары гүл…
Толар аймақ.
Жол шегеді адамдар соған 
айлап.
Менше теңіз күрсінсе,
күңіренсе,
Жастық шағым…
Жүреді жағада ойнап.


Кезінде татар ақыны Мұса Жәлелдің «Моабит дәптері» атты кітабы әдебиет бойынша Лениндік сыйлыққа ұсынылғанда комиссия мүшесі ретіндегі ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов «ақын түрменің темір торында, тар қапасында жатып махаббат туралы өлеңдер жазған, бұл сұмдық керемет емес пе» деп, комиссияның қалған мүшелерін иландырып, Мұсадай ақынға сол замандағы ең жоғарғы сыйлық – Лениндік сыйлықты әпергізген. Ал 90-шы жылдардан бастап еліміз нарық қыспағында болып, жұрт жұмыссыз, нәпақа таба алмай жүрген кезде Марфуға да махаббат жырларын төгілдірген ғой:

Төксе де аспан,
Ақ жауынын селдетіп,
Жан дүнием
Шөлге айналды сен кетіп.
Тұра берші…
Жоғалмайтын бір бейне…
Жүрегімде
Алтыбақан тербетіп.

Қандай періштедей іңкәрлік, таза сезімдер мен пәктік!


Жалпы, әйел азаматтарына өлең мен отбасыны қатар алып жүру оңай емес. Тұрмыс тауқыметі, қызметтегі келеңсіздіктер әйелдің, оның үстіне ақынның жүйкесін жұқартатыны белгілі. Бір қолымен қалам ұстап, бір қолымен баланы құшақтап Марфуға да өстіп талай жауһар дүниені келтірді-ау!

Абзал ақын, ақжарма күйді жүрегінен мөлдірете білген Марфуға шайырдың ақындық кредосы – азаматтық! Ол жоғары биік азаматтық пафоспен туған өлкені, достарын, айналасын, жалпы қоғамды жырлай, тіпті сынай да білді. Ол тіпті бұрынғы бай мен қазіргі байшыкештерді салыстырып баға береді, сипаттайды. Ол ұлы тұлғаларымыз Абай мен Ақан серіге, Шәмші мен Мәриям Хакімжановаға арнау жырлар жазып, оқырманын сусындатқан. Тіпті Шәмші ағасымен кездескенін керемет суреттеген:

Атың да, өлеңің де ғажап екен,
Мен қашан соған бір ән жазар
екем.
Сенің аппақ көңілің
дәптеріндей,
Қыл-қыбыр, кіршіктерден
таза екен,
Мен қашан соған бір ән жазар екем? (Шәмші сөзі).


Ақын қашанда табиғатпен егіз. Өзінің Көкшесін, ақ балтырлы қайыңдары сылаңдаған, аққулары айдынында қылаң­даған Бурабайын қалай бейне­лейді десеңізші:

Оралып жортуыл мен
жорықтан ай,
Тұрады аппақ нұрға тұнып
маңай.
Маңдайында оймақтай
жұлдызы бар
Төменде қалғып жатыр қарт
Бурабай.

Армандаған мәңгі мекен 
етуді,
Бурабайда тастар да бар 
не түрлі.
Түнгі шақта толқындардың
үнінен
Үйрендім мен домбыраны
шертуді…

Марфуға – поэзиялық, ақын­дық домбырасын шебер шерте білген шын шайыр, шын суреткер. Әттең, ғұмыры қысқа болды. Біз, өзіміз хас таланттарды тірі кезінде сыйлай, құрметтей білмейміз ғой, сондай жаратылысымыз, сондай халықпыз. Әйтпесе Марфуға маңдайалды ақын қыз ретінде талай марапат пен құрметке ие болуы керек еді, тек әйтеуір «ҚР Мәдениет қайраткерін» иеленіпті, соған да шүкіршілік дейміз. Оның жары Есенгелді Сүйінов те ақын, қаламгер, сол өздері бірге ашқан «Есіл» газетін шығарып келеді, өздерінің аяулы балапандарын өсіріп бағуда.

Қазақ баласы өлең-жырды сүйеді, өлең-жырды сүйсе Марфуға да көкіректерінде жүреді, ұмытылмайды, мен оған бек сенем! Марфуға, сен біздермен біргесің, аққу қанатың қайырылса да, ел-жұртың сенің жырларыңмен сусындап, мәңгілік оларды сақтай біледі!

Марфуға қазірде о дүниелік болып, жер бесікте тербетілсе де, оның жырлары күллі әлемді тербете береді!

Бақытжан ТОБАЯҚОВ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Мәдениет саласының үздігі, 
Ә. Бөкейхан атындағы сыйлықтың лауреаты


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар